Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Халықаралық ғылыми конференция


2016 ж. 23-24 мамыр аралығында Мәскеу қаласында (Ресей Федерациясы) өткен «Туркестанское восстание 1916 г. Факты и интерпретации» атты халықаралық ғылыми конференцияға Қазақстаннан Ш.Ш .Уәлиханов атындағы Тарих  және  этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғыл.докторы  Г.С.Жүгенбаева  қатысып, «М.Тынышпаев и восстание 1916 г. В Семиречье: идеологемы событий в потоке исторического времени» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада 1916 жылғы көтеріліс тарихының бірнеше  мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, осы көтеріліске қатысты қазақ зиялыларының ұстанымы, олардың әр алуан қоғамдық-саяси қызметтері, сол кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы, бірінші дүние жүзілік соғыстың Қазақстанға зардабы, т.б. өзекті сұрақтар мұрағат құжаттары, қайраткерлердің артында қалдырған эпистолярлық мұралары, мерзімді баспасөз материалдары бойынша  талдауға алынды.  Бұл мәселелерді баяндамашы 1916 жылғы көтерілістің тікелей куәгері, халық басына түскен сол бір күрделі, бетбұрысты кезеңде қоғамдық-саяси белсенділігімен қоса, азаматтық танытқан ірі қайраткер Мұхамеджан Тынышбаевтың (1879-1938) тұлғасы негізінде көрсетуге ұмтылды. Кеңестік жүйе тұсында барынша айыпталып, ресми тарихнамада біржақты бағаланған тұлға туралы баяндама  конференцияға қатысушылардың үлкен қызығушылығын туғызды.Баяндама конференция жинағына енгізілетін болды.