Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция


2016 жыл 25 қазанда Алматыда Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстанның беделді ғалымы, тарихшы, қоғам қайраткері, акаде¬мик Манаш Қозыбаевтың 85 жасқа толуына орай «Академик М.Қ. Қозыбаев және Отан тарихын зерттеудің инновациялық тұжырымдары» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция «Ғылым ордасы» кітапханасының конференц залында болды.
Аталған конференция жұмысына М.Қозыбаевтың аяулы жары Сара Пішенбайқызы мен ғалымның жақындары, отандық ғалымдар, ғылыми қызметкерлер және жас зерттеушілер қатысты.
Ғылыми-тәжірибелік конференция модераторлығын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, т.ғ.д., «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы Х.М. атқарды. Конференция жұмысы ҚР ҰҒА академигі К. Сағадиев, ҚР ҰҒА Президенті М.Ж. Жұрынов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ғ.М. Мұтановтың құттақтау сөзімен ашылды. Құттықтау сөз барысында академиктің қазақтың тарих ғылымының қалыптасуына зор үлесі, ерен еңбегі атап өтілді. Академик К. Сағадиев өз құттықтауында көрнекті мемлекет қайраткері Манаш Қозыбаевтың тарих ғылымына деген жанашырлығын, ұлтын сүйгендігін, қазағын қадірлеген жан болғандығын тебірене айтты.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ. Алдажұманов «Академик М.Қ. Қозыбаевтың еңбектеріндегі 1941-1945 жылдардағы соғыс тарихы» тақырыбындағы баяндамасында М. Қозыбаевтың соғыс тарихын зерттеудегі үлесіне тоқтаса, ал Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Б.Б. Кәрібаев жасаған баяндамасында М.Қозыбаевтың жақындары ғана білген беймәлім тұстарын айтып, тарихшы Д.И. Дулатованың 70 жылдық мерейтойында түсірілген бейнежазбаны жұртшылық назарына ұсынып, тарихшының ақындық қырынан сыр шертті.
Конференция жұмысы барысында тарих ғылымдарының докторлары, Т.С.Садықов, М.Ғ. Ескендіров, Н. Мұхаметханұлы, ҚР ҰҒА академигі С.С. Сатыбалдин және т.б. ғалымдар академиктің тарих ғылымын дамытудағы жетістіктерін тебірене жеткізсе, ал академиктің әріптестері, үзеңгілестері, ҚР ҰҒА академиктері С.Кенжебаев, С.Қирабаев, А.Қошанов, Т.Шарманов, К.Ормантаевтар ғалымның қарапайым өмір жолдарынан естеліктерімен бөлісті.
Сөз соңында академик М.Қозыбаевтың жары Сара Пішенбайқызы да өмірлік жолдасымен өткізген күндерінен ғалым болып қалыптасу жолында тап болған қиыншылықтарды еске алып, біраз тебіренді.
Конференция барысында «Өнегелі өмір» сериясынан шыққан М.Қозыбаев туралы кітаптың, академиктің екі томдығының және М.Х.Асылбеков пен З.М.Төленованың бірлескен авторлықтағы «Ғұлама ғалым және ірі қоғам қайраткері» кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
Конференция соңында қазақ ғылымындағы ғалым мұрасының айрықша рөлі мен маңыздылығы атап өтіліп, бірауыздан төмендегі қаулы қабылданды:
1. Академик М. Қозыбаевтың ғылыми мұрасын одан ары тереңдетіп зерттеу қажет деп тану, яғни негізгі жетістіктер мен тұжырымдарды Отан тарихын түзуде толығынан пайдалану;
2. Ғылыми-зерттеу институттарына, жоғары оқу орындарының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедраларының оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларына ғалымның өмірін, ғылыми-педагогикалық қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеуді қосуды ұсыну.