Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АҚАЙ НҮСІПБЕКОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ТАРИХЫ


2016 жылы 13 желтоқсанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында IV-Нүсіпбеков оқулары аясында «Ақай Нүсіпбеков және қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ғылыми-тәжірибелік конференция модераторы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, т.ғ.д., Х.М. Әбжанов кіріспе сөзбен ашып, онда Ақай Нүсіпбековтің отандық тарих ғылымының дамуы жолында қарымталы еңбек етіп, Қазақстандағы XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына, ХХ ғасырдағы ұлттық мемлекеттік құрылыс мәселелеріне, Қазақстанда жұмысшы табының қалыптасып – даму ерекшеліктеріне, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне арналған зерттеулерімен ерекшеленетіндігін баяндады. Өз сөзінде А.Н. Нүсіпбеков ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері ретінде де ұлтына адал қызмет еткен тұлға деп атап өтті.
Конференция барысында Әбжанов Х.М. «Қазақ жерінің бірігуі», Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің БҒҚ, т.ғ.к. Алдажұманов Қ.С. «Академик Ақай Нүсіпбеков қазақ мемлекеттілігінің тарихы», Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Құдайбергенова А.И. «А. Нүсіпбеков еңбектеріндегі өзекті мәселелер», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д. Төлебаев Т.Ә. «Ғылымның методологиясы және қазақ тарихы мәселелері», Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Жүгенбаева Г.С. «Ортағасырлық қазақ тарихының «ақтаңдақтары» және «Қырым» мәселесі», «New Vision» Еуразия зерттеу орталығының профессоры Жанәбіл Ж. «Қазақстан тарихын зерттеудегі жаңа бағыт: Батыстың «шекара тұжырымдамасы» бізге не береді?», Этнология және антропология бөлімінің аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Орынбаева Г.У. «Труд Абулгази Бахадур-хана «Шаджара-йи турк ва могул» как источник по истории Казахстан», Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Оразов Р.Е. «Сыздық сұлтанның Қоқан хандығының сапындағы отарлауға қарсы күресі», ғылыми қызметкерлер Жайлыбаев Д.Ж. «Ауыл мәдениеті және этникалық бірегейлік деңгейі», Бурханов Б.Б. «История города Актау в воспоминаниях очевидцев», кіші ғылыми қызметкер Байжұманова З.Б. «Уәлихановтар әулетінің қорымы (ауызша тарих естеліктері негізінде)», институттың 2 курс магистранты Әбенов А. «Алаш зиялылары еңбектеріндегі ұлт тарихы» және 1 курс магистранты Серіков А. «Әдеби туындылардағы – «Зар-заман» кезеңі (тарихи-деректемелік талдау)» тақырыптарындағы баяндамаларын жиналған қауым назарына ұсынды.
Конференцияға Ақай Нүсіпбековтың туыстары мен академиктің туған ауылынан мектеп директоры мен оқушылары қатысып, өз естеліктерімен бөлісті.

Қазақ ғылымындағы ғалым мұрасының айрықша рөлі мен маңыздылығын атап өтіп, конференцияға қатысушылар төмендегідей қарар қабылдады:
1. Академик А. Нүсіпбековтің тарих ғылымына қосқан ғылыми мұрасын зерделей отырып, қазіргі тарих ғылымының өзекті мәселелері мен тұжырымдарын зерттеуде пайдалануды ұсыну;
2. Әрбір жыл сайын дәстүрлі түрде тарихшылар арасында пікір алмасуға, аға буын ұстаздар мен ғылымға жаңа аяқ басқан жас зерттеушілердің арасында іс-шаралар ұйымдастыруды жүзеге асыру;
3. А. Нүсіпбековтің еңбектерін басшылыққа ала отырып қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері мен тылдағы жан қиярлық еңбектерін әлі де жан-жақты зерттеу және Қазақстанның соғыстағы рөлінің орынсыз бұрмалануына жол бермеу.