Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Ұзақбай Құлымбетов. Материалдар мен құжаттар жинағы» оқырманға жол тартты


Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдарының қатысуымен Қазақстанның қоғамдық-саяси және экономикалық тұрғыдан дамуына қомақты үлес қосқан қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың туындылары мен оның тағдырына арналған «Ұзақбай Құлымбетов. Материалдар мен құжаттар жинағы». (Құрастырушылар: С.О. Смағұлова (жауапты), М.Р. Сатенова, Р.Е. Оразов. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017. – 416 бет.) атты құжаттық материалдар топтастырылған жаңа жинақ жарық көрді.

ХХ ғасыр басындағы дүрбелең мен арпалысқа толы қоғамдық-саяси оқиғалар дәстүрлі қазақи далалық өмір сүру салтына өзгерістер әкелген аумалы-төкпелі замана ағымымен бірге қалыптасып, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен, халқының болашағына және сол дәуір идеясына барынша сенген тұлғалардың бірі – Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов. Ұзақ уақыт бойы тұлға және оның қоғам алдындағы атқарған қызметі, артында қалған мұрасы назардан тыс қалып келді. Сондықтанда жинақтың басым бөлігінде қайраткердің төл туындылары мен мақалалары, әртүрлі мінберлерде сөйлеген сөздері, баяндамалары және қайраткердің мемлекеттік қызметінен хабар беретін үкімет қаулылары мен шешімдерін қамтыған мұрағат құжаттарының көшірмелері берілген.

Жинақ тұлғатану тарихын зерттеуші мамандар мен тарихшыларға, ЖОО оқытушыларына, студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына, көпшілік оқырманға арналған.

 

Сыртқы байланыс, ақпарат және

ғылыми кластер бөлімінің қызметкері             Зікірбаева Венера