Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚАСІРЕТІ


2017 жылғы 17 мамырда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Жас қазақ» республикалық апталық газетімен бірлескен «Қуғын-сүргін қасіреті» тақырыбында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған дөңгелек үстел өтті.
Оның жұмысына институт ғалымдары мен қызметкерлері, танымал тарихшы-жазушы Бейбіт Қойшыбай және «Жас қазақ» газеті редакторының орынбасары Елдос Өмірзақ пен жауапты хатшысы Жарас Кемелжан, сондай-ақ «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшелері мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арда азаматтардың ұрпақтары қатысты.

Жиын барысында ұлт тарихындағы ең ауыр кезең зұлмат жылдардың халық жадында қалдырған ауыр қайғысы мен оның сабақтары туралы айтылды. Ғалымдар мен тілшілер арасында өрбіген екі жақты диалогта саяси құғын-сүргіннің негізгі кезеңдері, себептері, барысы, Қазақстанның «лагерлік өлкеге» айналуы, қуғын-сүргіннің құрбаны болған қоғам қайраткерлері мен өзге де азаматтар, дін қызметкерлері, олардың отабастарының тағдыры, сталиндік саясаттың жалпы сипаты және кейінгі зерттеулердің қорытындылары мен тұжырымдары кеңінен талқыланып, тұщымды ойлар айтылды.

Модератор Х.М. Әбжанов жалпы саяси қуғын-сүргін тарихы мен оны кезеңдеу мәселесі туралы ой қозғай келе: Қазақ тарихында ұлт қайраткерлері мен танымал тұлғаларды қудалау мен тұншықтыру патшалық отарлау саясаты басталған кезден ашық орын алып келді. Кешегі азаттық жолында күрескен, тәуелсіздік идеясын көтерген Махамбеттің де, Кенесарының да басын алған, Амангелді өліміне әкелген де отарлық жүйе саясаты екені анық.

Ал отарлау саясатының астарын өзгерткен кеңестік тоталитарлық билік ұлт зиялыларын қуғындады. Сипаты өзгеше, мазмұны коммунистік идея деген айдармен жүргізіліп, отарлаудың жалғасы 70 жыл бойына жалғасқандығын тарихи тұрғыдан талдап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, әлі күнге есімі елге белгісіз жазықсыз атылғандарды анықтау жұмыстары жалғасын тауып келе жатқандығына тоқталды. Осы бағытта Институт тарапынан жүргізіліп жатқан зерттеулер мен жобалардың Елбасының сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да ұсынылған бағыттарды іске асыру мақсатында жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Осындай игі шаралардың жалғасы ретінде ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ел билігіне етене араласқан, сол бір зұлматты 1937 жылы қуғындалып, атылып кеткен Ұзақбай Құлымбетовтің есімін ұлықтау шарасының нәтижесінде институт ғалымдары дайындаған Қазақстанның қоғамдық-саяси және экономикалық тұрғыдан дамуына қомақты үлес қосқан қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың туындылары мен оның тағдырына арналған «Ұзақбай Құлымбетов. Материалдар мен құжаттар жинағы». (Құрастырушылар: С.О. Смағұлова (жауапты), М.Р. Сатенова, Р.Е. Оразов. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017. – 416 бет.) атты құжаттық материалдар топтастырылған жаңа жинақпен таныстырды.

«Жас қазақ» газеті редакторының орынбасары Елдос Өмірзақ осындай өзекті мәселеге арналған екіжақты бірлескен іс-шараны өткізу туралы ұсыныстарын қабылдап, қолдау көрсеткені үшін Институт басшылығына алғысын білдіре келе, бүгінгі әңгіменің ашық диалог түрінде өрбуі газет оқырмандарының рухани санасын оятып қана қоймай, өткеннің тезінен сабақ алуға қажет екендігін атап өтті.

Қуғындалған ұлт зиялыларының тағдыры жөнінде бірнеше жылдардан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан және «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай аталмыш қоғам құрылған күннен бастап қыруар жұмыстар атқарғандығын нақты мысалдармен жеткізді. Жазықсыз кеткен асылдардың есімін халықпен қайта қауыштыруда да, ұрпақ тәрбиелеу ісінде де өткенге тағзым ету секілді парасатты істің бастауында тарихшы қауымы тұрғандығын атап өтті. Алматы облысының Жаңалық ауылында тұрғызылған ескерткіш пен қала ортасында жақында ғана ашылған ескерткіш тастың солардың аурағы мен рухына деген тағзым ғана емес, ұлт тарихының қасіретін ашып көрсету үшін қажет екендігін баса айтты.

Институт директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы С.О. Смағұлова сөз кезегінде ұлт зиялыларының, әсіресе Алаш қозғалысы қайраткерлерінің қуғындалуы 1919 жылғы Алашордашыларға жасалынған кешірімнен кейін басталып, кеңестік орталық билік тарапынан ұлт зиялыларын жікке бөлуде «шылдық» пен «шілдік» орын алып, бір-біріне айдап салу, қарсы қою арқылы өзара араздастыру секілді екіжүзді саясат қолданғандығын мысалға келтірді.

«Неге тарихи шындық толық ашылмай келеді» деген тілші сауалына, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты тергеу істері мен барлық құжаттар ұзақ уақыт бойы, тіпті кейбірі осы күнге дейін «құпия» белгіде болғандықтан зерттеушілер қолына берілмейтіндігін, олар ҰҚК-нің мұрағатында сақтаулы болғандықтан оған арнайы рұқсат қажет екендігіне тікелей байланысты деп түсіндірді. Ашық архив қорларындағы құжаттарда әлі күнге дейін есімі беймәлім құрбандардың істері сақталып, көпшілікке танылмай отырғандығын айта келе, сондай істің бірінде Алматы малдәрігерлік институтының директоры, ВКП(б) мүшесі, жартылай феодал баласы М. Юсуповтың үстінен жазылған шағымда Ә. Ермеков, М. Әуезов, М. Жолдыбаев, А. Бірімжанов сынды алашордалықтарды жұмысқа алғандығы айтылғандығын айта келіп, асыра сілтеу мен жазықсыз жапа шегудің астарын аша түсті.

Осынау қасіретті 1917-1938 жылдар аралығындағы саяси науқандар мен қуғын-сүргіннің демографияға тигізген үлкен зардабын Жалпыхалықтық санақ және статистикалық мәліметтермен сөйлеткен тарих ғылымдарының докторы А.И. Құдайбергенова нәубет жылдарының қасіретін тарихи-демографиялық тұрғыдан талдады.

Институттың ғылыми қызметкері және докторанты А. Жүнісбаев өзінің «Санжар Асфендиаров – қуғын-сүргін құрбаны» атты ғылыми баяндамасында тың архив құжаттары және Асфендиаров ұрпақтарының жеке архивінен алынған материалдардың негізінде қайраткердің сталиндік қызыл қырғынға ұшырауын хронологиялық тұрғыдан көрсетіп, оны ақтау, есімін мәңгілік етуге қатысты жасалған шаралар туралы баяндап берді.

Ұлт тарихында орын алған саяси қуғын-сүргін тарихының шындығын ашып көрсетумен қатар, осы бір қасіретті жылдарды кезеңдеу үлкен мәселе екендігі туралы сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты З.М. Төленова КСРО-ны құлату үшін жасырын әртүрлі контрреволюциялық ұйымдар құрды, шетелдің «шпионы», «жансызы» деген заңсыз жала жабылып, «халық жауы» деп атылған ұлт қайраткерлерімен қатар, діни молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптау орын алғандын айта келе, әріптесі Б. Қойшыбаев көтерген Алматы қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашу ұсынысын қолдайтынын білдірді.

Елімізде 1993 жылы «Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң» қабылданып, 1997 жылдың 31мамырынан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіліп келеді.

«Лагерлік өлкеге» айналған аймақтарда сол зұлмат жылдардың құрбандарына арналған мемориалдар мен ескерткіштер, музейлер ашылып, жұмыс істеуде, атап айтсақ, «АЛЖИР» және «КарЛАГ» мұражай-мемориал кешендері секілді Алматы қаласында да ашылса деген ұсыныс жасады.

Р. Оразов, Институттың докторанты және ғылыми қызметкері саяси қуғын-сүргін науқаны кейінгі жылдары да қызу жүргендігіне мысал ретінде, Партия тарихы институтының аспиранты Жәлеләдин Әбіласанов 1951 жылы әкесі Икрам Әбіласановтың 1937 жылы ишан болғаны үшін тұтқындалып,  шыққан тегін жасырған деген айыппен қуғындалғандығы туралы сақталған құжаттарды зұлматты жылдардың айғағы деп таныстырды.

ХХ ғ. 30-шы жылдары дін иелері, қарапайым ауыл азаматтарының да қуғындалғандығы жөнінде сөз алған институт докторанты А. Беркімбай 1930 ж. Кеңес өкіметінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы Қазалы уезінде болған Ақмырза Ишан бастаған көтерілістің барысы мен одан кейінгі жазалау шараларының зардаптарына тоқталды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – ұлт зиялылары мен қайраткерлерінің, одан тыс мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың қасіретті кезеңі екенін айта келіп, зұлматты жылдардың тарихы мен сабағын өскелең ұрпаққа жеткізіп, оның жазықсыз құрбандарының есімдерін ұлықтау, өмір жолы мен мұраларын насихаттау арқылы ұлттық мүдде жолында опат болған жасампаз тұлғалардың алдындағы борышымызды орындау деген шешімге келді.

З.М. Төленова,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкері,  т.ғ.к., доцент