Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

М.Х. Асылбек. Қазақстан тарихының 10 томдығын дайындау жөніндегі пікірлер


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі,
т.ғ.д., профессор М.Х. Асылбек

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2012 ж. 19 сәуірінде
өткен «Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және көптомдық «Отан тарихы» жобасының тұсаукесері»
атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасаған баяндама

Біз осы ғылыми-тәжірибелік конференцияға келген барлық қонақтарымызға, әсіресе ТМД елдерінен, оның ішінде Башқұртстан, Мәскеу және Ресейдің басқа да ғылыми орталықтары мен Қырғызстаннан және Қазақстанның қалаларынан келген қонақтарға «Қош келіпсіздер!» дейміз.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекшілігімен дайындалып жатқан жаңа «Қазақстан тарихы: Көне заманнан бүгінге дейін» он томдық (20 кітаптан тұрады) басылымы айрықша және фундаменталды еңбек болатынына сеніммен қараймыз.
Бірден айта кетер болсақ, біз Институт ұжымы еліміздің басқа да ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарындағы әріптестерімізбен бірге, маңызды және жауапты жобаны қолға алып отырмыз. Замануи әлемдік тарих ғылымы жетістігі деңгейінде көптомды еңбекті дайындап шығаруға, алға қойған міндеттерді сәтті жүзеге асыруға ғылыми тәжірибеміз бен кадрлық потенциялымыз жетерлік екеніне күмәніміз жоқ.
Біз ең біріншіден, көптеген мазмұны мен түйіндері Қазақстан Республикасының егемендігі тұсында да өзектілігін жоя қоймаған 1943 ж. академик А.М. Панкратова мен М. Әбдіхалықовтың редакциясымен жарық көрген «Қазақ КСР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін» еңбегіне жүгінуіміз қажет. Сонымен бірге, 1949 және 1957 жж. екі томдық «Қазақ КСР тарихы», бес томдық «Қазақ КСР тарихы», 1993 ж. «Қазақстан тарихы. Очерк», 2010 ж. жазылып біткен бес томдық «Қазақстан тарихының» дәуірлер мен кезеңдерге бөлу үрдісін, мазмұнын, түйіндері мен қорытындыларын да ескергеніміз жөн.
«Қазақстан тарихы» жаңа он томдық басылымында біз қазақ халқының көне заманнан бүгінге дейінгі күрделі, қарама-қайшылыққа толы, бірақ ұлттық рухқа бай тарихи жолын, көп ғасырлық мемлекеттілігі, басқыншылар мен отаршыларға қарсы тәуелсіздік, ұлттық қайта өрлеу, әлеуметтік-экономикалық және саяси прогресс жолындағы күресін ашып көрсете алатынымызға сенімдіміз. Әлемдік өркениеттегі қазақтардың, басқа да өркениетті этностар сияқты өзінің мемлекеттілігі, территориясы, мәдениеті және т.б. бар тарихи халық болып табылатынын, ұлтымыздың көп ғасырлық мәдениетінің орны мен рөлін көрсетуге тырысуымыз қажет.
Он томдықтың құрылымы туралы (Институт басшылығының ұсынған жобасы қоса беріліп отыр (Қосымша № 2))
І. Көп томдықтың ұсынылып отырған аты («Отан тарихы») жаңаша естілгенімен, өзінің мазмұны мен мақсатына сай емес. Бұрыннан белгілі «новое – это давно забытое старое» деген орыс халқының сөзі бар. М. Тынышпаев пен С. Асфендияровтан бастап, барлық зерттеушілер өз еңбектерін «Қазақстан тарихы» деп атаған. 1943 ж. және 1949 ж. жарыққа шыққан фундаменталды еңбектер де «Қазақ КСР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталады. Кейінірек 1957 ж. шыққан екі томдыққа да осындай атау берілген, ал сол кеңестік кезеңдегі бес томдық «Қазақ КСР тарихы», соңғы бес томдық «Қазақстан тарихы», 1993 ж. очерк «Қазақстан тарихы» атауларын алған. Бұл жерде жаңадан «велосипед» ойлап тауып, немесе Америка ашудың қажеттілігі жоқ сияқты. Біздің алдыңғы буын тарихшыларымыз баға жетпес мұра қалдырды, ендігі кезекте біз оларды дұрыс пайдаланып қана қоймай, оның мазмұны мен дерек көздерін кеңейтіп, тереңдетуіміз қажет. Сондықтан он томдықты «Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін» деп атауымыз керек деп есептейміз.
ІІ. «Қазақстан тарихы» көптомдығын дәуірлер мен кезеңдерге бөлу мәселесі жөнінде. Бізге отан тарихын дәуірлер мен кезеңдерге бөлу қандай негізде жүргізіледі, хронологиялық па, әлде проблемалық принциппен бе, соны шешуіміз қажет?! Төрт кітаптан тұратын алғашқы екі том ежелгі және ортағасырлық дәуірлерге арналған, ал қалған барлық томдар (оныншы томнан басқасы) проблемалық принципті ұстанады. Бір ғана жолды ұстанған жөн, егер хронологиялық болса, онда қалған томдарды да жаңа, жаңаша және қазіргі заман тарихы деп дәуірлерге бөлу керек. Егер, тіптен алғашқы томдардың құрылымын солай қалдырсақ, онда V, VI, VII томдарды да (9-14 кітаптар) нақты дәуірлерге бөлу керек.
ІІІ. 1) Бірден айта кететін мәселе, жеке томдардың өз атауы жоқ, тек олардың кітаптарына ғана ат берілген. Барлық он томның да өз атауы болу қажет.
Ендігі кезекте жаңа заман тарихына келсек: бесінші томның да атауы жоқ, оның 9 кітабы «Қазақстан отарлау процестер толқынында» деп аталады. Мұндай атаудың берілуі дұрыс емес, өйткені Ресей империясының отарлау процесі ХV ғ. аяғында-ақ, Жайық өзеніне бекініп алып, 1613 ж. Жайық қалашығын (Қазіргі Орал қаласы) салғаннан бастау алған болатын. Бұл Ресей империясының Қазақстанды отарлау процесі 1917 ж. Қазан революциясының жеңісіне дейін жалғасты және қазақтардың отаршылыққа қарсы күресі ұзақ уақытқа созылды. 10 кітап «қарсы тұру қозғалысы мен тәуелсіздік жолындағы күреске» арналған. Оның хронологиялық шеңбері ХІХ ғ. аяғына дейінгі уақытты қамтиды. Бұл дұрыс емес. Себебі: біріншіден, «қарсы тұру…» ХІХ ғ. аяғымен ғана бітпейді, Қазан революциясы мен Азамат соғысына дейін жалғасқан; екіншіден XVIII-XIX ғғ. барлық ұлт-азаттық қозғалыстар, яғни қазақтардың Ресей империясы мен жергілікті билеушілерге қарсы жүргізілген күресі тарихи ортадан, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдан бөлініп алынған.
2) VI томға келетін болсақ, оның да атауы көрсетілмеген, ондағы екі кітаптың атауы бірін-бірін қайталайды: 11-кітап «ХХ ғасыр басындағы Қазақстан», сондай-ақ 12-кітап «Қарсы тұру қозғалысы және 1917 ж. Ақпан революциясы»; революциялық қозғалыстардың мәселесі бұл екі кітапта да қарастырылады, олар әртүрлі тараулар мен бөлімдерде жүйелі емес, шашыраңқы. ХХ ғ. басындағы Қазақстан тарихына екі кітап көп, бір кітаптың өзі де жеткілікті. Ол (екінші) кітапты қазақтың дәстүрлі мәдениетінің жаңа заманда дамуын (этнологияға) берген жөн.
3) Енді VІІ томға – екі кітаптан тұратын Кеңестік дәуірге көшейік. Томның атауы жоқ, бірақ «Қазақстан Кеңестік дәуірде» деп атаған жөн, 13 кітаптың атауы «Қазақстан Кеңестер Одағы құрамында (1917-1953 жж.)» дұрыс емес, Қазақстан Кеңестер Одағы құрамында 1991 жылға дейін болды, 1953 жылы И.В. Сталин өлгеннен кейін де, Кеңес Одағы 38 жыл өмір сүрді, 14 кітап «Кеңестік Қазақстан: дәуірдің аяқталуы», бұдан кейін де «аяқталуы» 38 жыл жалғасты. Соңы 1-2 жылды қамтиды, әрі кеткенде – 5 жыл, бұл дұрыс емес, тарихи тұрғыдан да келіспейді.
Жаңа заман дәуіріне арналған 2 том – 4-кітаптың құрылымдарын төмендегіше берген жөн:
V том. Қазақстан жаңа дәуірде (немесе Қазақстан Ресей империясының құрамында)
9 кітап. Қазақстан Ресейге қосылу қарсаңы мен қосылған кезеңінде (ХVIII ғ. – 1866 жж.).
10 кітап. Қазақстан ХІХ ғасырдың екінші жартысында.
VІ том. Қазақстан жаңа заманда
11 кітап. Қазақтардың дәстүрлік мәдениетінің дамуы.
12 кітап. Қазақстан ХХ ғасыр басында.
9 кітаптан этнология материалдары алынып, арнайы этнологияға арналған кітапқа қосу керек.
Кеңес дәуіріне арналған бөлімге жаңа құрылым қажет.
VII том. Кеңестік дәуірдегі Қазақстан
13 кітап. Қазан революциясы, азаматтық соғыс және ЖЭС кезеңіндегі Қазақстан (1917-1926 гг).
14 кітап. Кеңестік қайта құру тұсындағы Қазақстан (1927-1939 жж.).
VІІІ том. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан
15 кітап. Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыс және одан кейінгі жылдары.
16 кітап. Қазақстан «жылымық», көтерілу, тоқырау және қайта құру жылдарында.
ІV. Менің ойымша, тарихнама мен деректемелерді жеке Х томға емес, әрбір кітаптың басында беру керек. 10 томдықтың 1-4 томдары (1-8 кітапта) құрылымында ғана тарихнама мен деректемелер беріледі. Мұндай ғылыми дәстүр А.М. Панкратова мен М. Әбдіхалықовтың редакциялығымен 1943 жылы шыққан 1-томдық «Қазақ КСР тарихы: көне заманнан бүгінгі дейін» кітапта да және Тәуелсіздік кезеңінде шыққан 5 томдық «Қазақстан тарихында» да жалғасып келеді. Бірізділіктің жоқтығы онтомдық еңбектің ғылыми деңгейіне нұқсан келтіреді. Мұндайды жіберуге болмайды. Менің ойымша, көп «жаңалық» ойлап табудың қажеті жоқ, ғылыми дәстүрлер дәлелдеген, ақыл-ойға сай, бірізділік пен тәжірибеде анықталған жолдарды пайдалану керек. «Қазақстан тарихының» онтомдығы бойынша балама жобамызды қоса беріп отырмыз (Қосымша № 2).
Онтомдықдың құрылымын жақсарту мен нақтылай түсу мақсатында:
1. Бұл еңбек «Қазақстан тарихы: Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталу керек.
2. Хронологиялық мерзім шеңберлерін: ежелгі дәуір, ортағасыр дәуірі, жаңа заман дәуірі, кеңестік дәуір және қазіргі заман дәуірі деп бөлу керек.
3. Әр томға (немесе екі томға) дәуірлеріне байланысты атауларын беру керек.
4. Томдарды осы дәуірлерге байланысты бөлу керек, ал кітаптарды осы дәуірлердің ішіндегі ірі кезеңдерге сәйкесінше бөлу керек.
5. Антрополия мен этнологияны томдардағы дәуірлер мен кезеңдерге сәйкестендіріп беру керек.
6. Методология, тарихнама және деректемелер әрбір томдарға сәйкестендіріп беру керек (дәуірлер мен кезеңдерге).
7. Тағы бір рет томдар мен кітаптардың құрылымын пысықтап, әрбір томға өздерінің құрылым нұсқаларын беретін, жетекші ғалым мамандардан құралған редакция алқасы мүшелерін құру керек.
8. Одан кейін онтомдық кітаптың құрылымын Институттың ғылыми Кеңесінде талқылау керек.
9. Еңбектің тарауларын жазу үшін кәсіби, біздің қызметкерлермен жұмыс істесе алатын мамандарды ғана шақыру керек.
V. Нақты оқиғалар мен тұлғаларға байланысты бірнеше ұсыныстар:
V.1. Көптомдық кітаптың 2 томы Қазақстанның археологиясына, бір-бір томнан қазақ антропологиясы және этнологиясына арналған. Бұл басынан көп азап кешірген біздің қазақ халқының санғасырлық тарихы мен дәстүрлі мәдениетін қарастырудағы жаңа қағидаларға жол ашу болып табылады. Осы томдарда палеолит ескерткіштерінен Алтын адамға дейінгі ғажайып археологиялық ашулар мен өзге де Қазақ даласында өмір сүргендердің бай мәдениетіне куәгер және халықаралық деңгейдегі мәнге ие артефактілер шынайы көрініс табады деген сенімдеміз. Осыған байланысты біздің археологтарға бір ұсыныс-тілек білдіргім келеді. Қазбалар кезінде табылған көптеген заттарға сипаттама берілген кезде, олардың кімдерге, қандай тайпаға, халыққа, этносқа және т.б. жататындығы жөнінде толық берілмей жатады.
Осыған байланысты, сіздердің назарларыңызға Қытай Халық Республикасы Шыңжаң ұйғыр автономиялы республикасында тұратын қазақ ғалымының ойда қалатын ісін айта кетейін. Осы жылдың 7 сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетінде ҚХР ШҰАР тұратын белгілі ғалым-қазақ Жақып Мырзаханмен (Қытай қазақтарының тарихын, этнологиясын және әдебиетін зерттеуші, Қытайдағы Қоғамдық ғылым академиясы Шыңжаңдағы бөлімінің бұрынғы вице-президенті) сұхбаты жарияланды. Ол Қытай археологтарымен жүргізген қазба жұмыстары кезінде, алтын сақина табылғандығы, оның б.з.д. ІІ-І ғасырдағы Үйсін мемлекетіне, яғни үйсіндерге жататынын айтқан. Нақтырақ дәлелдеу үшін алтын сақинаны Пекиндегі мамандарға жібереді. Біраз уақыттан кейін «Алтын сақина Үйсіндерге» тән деген жауап алады. Жақып Мырзаханмен болған сұхбаттың бөлігін сіздерге келтірейін, бұл Қытай ғалымдарымен біздердің әріптестік жүргізу керек екендігін көрсетеді, мұндай әріптестік академик М.Қ. Қозыбаев пен профессор М.Қ. Қойгелдиев директор болған кезеңдерде даму тапқан болатын, ал қазіргі кезеңде мұндай әріптестік үзіліп қалды. Мұндай байланыстарды Отандық тарих ғылымының дамуы үшін қайта жаңғырту керек.
[Жақып Мырзахан: «Қытай археологтарымен бірге қызмет істеуге тура келді. Екінші жағынан, қазақ жеріне келген оларға аудармашылық жұмысты да атқардым. Білікті Қытай археологтары Іле өңіріне қарасты Монғолкүре, Шатыда ежелгі Үйсін елінің қабірлеріне қазба жұмыстарын жүргізді.
– Не таптыңыздар?
– Ең құнды дүние деп алтын жүзікті айтуға болады. Қытай жолдастар әлгі жүзікті біздің дәуірден бұрынғы ІІ-І ғасырларда дәуірлеп тұрған Үйсін мемлекетінің еншісі болу керек деді. Осы болжамды тиянақтау үшін олар жүзікті Бейжіңге жіберді. Абырой болғанда ол жақтан: «Бұл Үйсін елінікі», деген қорытынды келді. «Қараңғы» қазақтың арғы ата-бабасы алтын ұстағанын осылай дәйектедік. Бұл Қытайдағы бауырларды бір серпілтіп, көтеріп-ақ тастады. Мен осы қуаныш кеудені кернегенде «Текес даласында» деген очерк жазып, «Шұғыла» журналына бастырдым. Сөйтіп, Іле өңіріне екі жылдан аса археологиялық зерттеу жасаған Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжы «Үйсін туралы зерттеу» деген кітап жазып шығарды. Ол еңбекті 1989 жылы сол кездегі жалындап тұрған жас зерттеуші, қазір Қазақ елінде қызмет етіп жатқан ғылым докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы қазақ тілінде жариялады»].
V.2. Біз Кенесары Қасымұлы басқарған көтеріліс, Алаш қозғалысы мен Алаш-Орда үкіметі, «Үш жүз» партиясынан басқа ұлт-азаттық қозғалыстарға байланысты жаңа деректер мен белгісіз болып келген құжаттарды айналымға тартудан басқа, көп жаңалық енгізген жоқпыз. Бұл мәселелерге байланысты отандық тарихшылардың жетістіктерін ескере отырып, келесі мәселелерге неғұрлым жан-жақты, шынайылықпен қарастырылғаны жөн деп санаймыз.
V.2.1. Кенесары бастаған қазақтар көтерілісі барысында қырғыздарға қарсы әрекеттеріне жаңаша тарихи көзқарасты нақтылай түсу керек. Ол тек қана бауырлас қырғыз халқы бейбіт жандарының қырылуына әкеліп соққан жоқ, сонымен қатар Кенесарының өліміне әкелді. Бұл туралы кезінде ұлы жазушы М.О. Әуезов дұрыс жазған болатын. Көтерілістің бұл жағы нақты анықтамасын алу керек.
V.2.2. Дулаттың Ботпай руынан шыққан батыры Сыпатай Әлібекұлын (1781-1868) Кенесарының қырғыздармен шайқасында кетіп қалғаны үшін, кейбір тарихшылар, әдебиетшілер және өзгелері оны «сатқын» деп қаралағысы келетіндігі байқалады. Біріншіден – бұл Кенесарының қырғыздарға қарсы соғысының қателіктерін түсінбеушіліктен туындайды, екіншіден; Ұлы жүз қазақтарының қырғыздармен дәстүрлі көршілік және туыстық байланыстары, ал Сыпатай батырдың қырғыздардың Солту руының жиені болып келетіні, яғни оның анасы қырғыз болғаны ескерілмейді. Сонымен қатар, Сыпатай батырдың Қоқанға қарсы белсенді күресін есте ұстау қажет. Осыған байланысты, тағы бір сұрақ туындайды: Есеней батырдың қолбасшылығымен Кенесарыны әскерімен өзінің аймағына кіргізбеген керейлер де «сатқын» болып есептеле ме!? Бізге, бүгінгі күнгі отандық тарихшыларға жеке тұлғаларды бағалау мәселесіне келгенде жан-жақтылық пен шынайылық қажет.
V.2.3. Қазіргі кезде Алаш-Орда туралы көптеп жазылуда, мен де Әлихан Бөкейханов туралы бірнеше еңбектерді жарияладым. Бұл, әрине, бізді қуантады, бірақ кейде бұл тұлғалардың жетістіктерімен қоса, олардың кемшіліктері мен әлсіздіктерін қарастыруда біздер барлық мүмкіндіктерді толық қарастыра алдық па деген ой күмән тудырады. Менің ойымша, бұл қозғалыс туралы әлі де кейбір мәселелерді айқындай түсу қажет, әсіресе, олардың әлеуметтік-саяси негізінің әлсіздігі, олардың бірде Колчак, Комуч, Директория, Сібір автономшылдары арасында сенделіп жүруі, сөйтіп ақырында нағыз одақтастарын таппауының себептері; әртүрлі әлеуметтік ортадан шығып, түрлі партияларға мүше болып келген қазақ зиялыларының арасындағы өзара келіспеушілік себептері, сонымен қатар бір тобы Алаш-Орданы жақтап, бір тобы Кеңес үкіметін қолдап, бөлініп кетуі және т.б. болды. Сондай-ақ біздер ең алдымен Әлихан Бөкейхановтың Алаш-Орда құрамына Оңтүстік аймақ (Түркістан) қазақтарының қосылуына қарсы болуын да айқындап алуымыз қажет. Бәрімізге белгілі, оның Оңтүстік қазақтарын артта қалған, діншіл, кадрлардың жоқтығы және т.б. сипаттама беріп, олармен қосылу дегенің, бір арбаға қасиетті нар мен тексіз есекті қатар жегумен тең деген қорытынды берген.
V.2.4. Менің пікірімше, осы және өзге де мәселелерді қарастыруда, тарихи қоқысқа итермелеуге асыққан, таптық тұрғыдан қарастыру сияқты ғылыми методологиялық принцип жетіспей жатады. Кейінгі кездері Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаты, «Ақжол» туралы, С. Ходжанов және Қазақстанның өзге де қайраткерлері жөніндегі рулар мен тайпалар деңгейінде тарихшылардан тыс ортадағы көтеріліп жатқан әңгімелер де өз өзінен түсінікті болады. Біздерге әлі де болса, менің ойлауымша, жалпы ұлттық мүддені ғылыми-методологиялық таптық принциппен талдағанда, Алаш қайраткерлері мен қазақ большевиктерінің қазақ халқының жалпы мүддесіне, оның автономиясына, кейіннен одақтық республикасына, бүкіл қазақ жерін біртұтастандырған ізгі әрекеттеріне жан-жақты, объективті тұрғыдан қарау қажет. Олардың өзара күресі Орталықтың «бөліп ал да, билей бер» деген іс-әрекеті нәтижесінде ымырасыз жүріп, бірін бірі жоюға әкелгенін, қайғы-қасыретке ұшырап, тарих сахнасынан кеткенін, қазақ халқы өз элитасының көпшілігінен айрылып қалғанын нақтылай түскен жөн. Таптық мүдделер мен таптық күрес үнемі жүретіндігіне Жаңаөзендегі оқиғалар ғана емес, шет елдік капитал иелігіндегі ірі кәсіпорындардағы бас көтерулер де, «Нұр Отан» партиясының Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдарының өкілеттілігін кеңейту жөніндегі соңғы шешімдері де дәлелдеп отыр.
Бүгінгі Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар талқылауға ұсынылып отырған көптомдық «Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейінгі» жөніндегі өз ойларын, ұсыныстарын және тілектерін айтады деген, және де олардың ортаға салған ойлары осы бір ерекше еңбектің мақсаттары мен міндеттерін дұрыс анықтауға, сол арқылы қазақ халқы мен Қазақстан Республикасы алдындағы игілікті миссиямызды орындауға көмектеседі, сонымен қатар отандық тарих ғылымын әлемдік деңгейге көтереді деген сенімдемін.