Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Әбжанов Х. Тәуелсіздік. Президент. Ғылым


Өткен ғасырдың ортасында басталған ғылыми-техникалық үдеріс биік технологияларды дүниеге әкелумен жалғасын тауып, бүгінде адамзат қоғамын ілгерілетудің басты факторына айналып отыр. Ғылымның жасампаз қуатын тереңінен ұғынған Президентіміз оған замана талабына сай қолдау көрсетуде. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиыншылықтарға қарамастан жаңа жоғары оқу орындары мен ғылым ошақтарын ұйымдастыруға мүмкіндік тапты, жас ұжымға биік мәртебелі қонақтарды – Елбасыларын, үкімет төрағаларын ертіп апарумен ғалымдарды, профессор-оқытушылар құрамын, студенттер қауымын ғылыми ізденістерге жігерлендірді. Соның арқасында Түркістанда шаңырақ көтерген Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ұлттық ядролық орталық, тағы басқа білім-ғылым орындары қысқа мерзім ішінде тамаша табыстарға қол жеткізді.
Бүгінгі таңда Астана қаласында құрылымы, ұйымдастыру ұстанымдары, оқыту әдістемесі және ғылыми зерттеулердің деңгейі жетекші шетел университеттер үлгісіне мейлінше жақындатылған Назарбаев университеті бой көтерді. Бұл оқу орнынан болашақ сәтбаевтар мен шокиндар, айтхожиндар мен сұлтанғазиндар, есеновтар мен бөкетовтар шығады деп күтілуде.
Елбасы биылғы Жолдауында: «Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз», деді. Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс екенін айтты. Үкіметке білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құралдарын енгізуді тапсырды. Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін ЖОО-лардың үлесін 5 пайызға дейін арттыруды міндеттеді. Кемінде 2 жоғары оқу орны үздік әлемдік университеттер рейтингінде аталатынына сенім білдірді. Осының арқасында 9 технопарк, 5 ұлттық және 15 аймақтық лаборатория, 9 венчурлық қор, 3 конструкторлық бюро ашылды.
2011 жылғы 1 желтоқсанда өткен Қазақстан ғалымдарының форумы тәуелсіздік тұсындағы ғылыми ізденістер мен іркілістің тағылымды қорытындысын шығарды. «Тәуелсіздік жылдарындағы біздің басты жетістіктеріміздің бірі – ғылыми әлеуетімізді сақтап қалуымыз болды», – деді форумда сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев. Ең бастысы – дербес мемлекет ретінде даму тәжірибеміз ел болашағының ғылымнан, ғылымның ел болашағынан тыс тұра алмайтынын күмән-күдіксіз дәйектеді. Ғылымның әлеуеті қоғамдағы экономикалық, мәдени, әлеуметтік, т.б.с.с. сұраныспен тікелей байланысты екеніне тағы көз жеткізді. Қазіргі Қазақстан әлемдік додаға араласып, бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуші алғашқы қадамдарын жасап жатқанда экономика мен әлеуметтік инфрақұрылым тарапынан ұлттық ғылымға тапсырыс беруді мемлекеттік реттеудің маңызы айрықша зор. Мұнсыз өтпелі кезең қиыншылықтарын еңсеру ауырға түседі әрі дамыған елдердің технологиялық жетістіктеріне арқа сүйеумен шектеліп, минералды ресурстар есебінен күн көруші елге айналуымыз әбден мүмкін.
Бірақ ғылым мен өндіріс, ғылым мен практика арасындағы жалғастырушы функцияны мемлекеттік билік мәңгі атқара бермейді. Барлық саланы жойдасыз орталықтандырудың, қажетті-қажетсіз міндеттерді атқарушы билік құзіретіне кіргізе берудің арты ғалымдарды да, тікелей өндірушілерді де бойкүйездікке түсіретінін кеңестік жылдарғы тарихи тәжірибе қапысыз дәлелдеді. Дұрысы – ғылым мен практиканың ел ішінде бірін бірі іздегені, екеуара қажетін диалектикалық қисында, эволюциялық жолмен, пәрменді ықпалдастықпен өтегені. Демек, Қазақстан ғалымдарының форумында Үкіметке Елбасы берген тапсырыс – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе «Бизнес және ғылым – 2020» Жол картасын түзу әлемдік тәжірибені пайымдаумен туындаған қорытынды. Бұлардың одағынсыз мемлекетіміздің өркендемейтінін, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жалаң ғана сөз екенін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұғынған қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Ал мемлекеттік уәкілетті орган осы үдеріске заңнамалық–құқықтық жағдай туғызса, монополиялық өктемдіктен қорғаса, пайда табуды ғана көздеген ішкі-сыртқы пысықайлардың жолын кессе, ұлттық ғылым дамудың шын мағынасындағы қайнар көзіне айналар еді.
Артта қалған 20 жыл ішінде қазақстандық билік пен ғылымның өзара қарым-қатынасын өркениеттік арнаға салу, ғылым нәтижесі мен пәрменділігін көтеру оңайға соққан жоқ әрі ұзаққа созылды. Мақсатқа жету жолындағы ізденістер барысында Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық бірлестік мәртебесіне ие болды, бүгінгі білім және ғылым министрлігі сан мәрте қайта құрылды, диссертациялар қорғау Ережесі үздіксіз өзгерістерге ұшырады. Соған қарамастан білім және ғылым арасындағы үйлесім әзірге діттеген мақсатына жеткен жоқ, ғылым докторлары мен кандидаттарының саны еселеп артқанмен, қоғамдық санадағы ғалымның беделі бір мысқал көтерілмеді. Саладағы ахуал бөрікті аспанға атқызғандай емес, тіпті сын көтермейтінін Елбасымыз білім съездерінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыған дәрістерінде, индустриялық-инновациялық даму стратегиясын дәйектегенде ескертудей ескертті. Соңғы форумда да аз сын айтылған жоқ. Ғалымдардың орташа жас мөлшері ұлғайып кетті. Шенеуніктер, депутаттар мен бизнесмендер ғалым болмаса да ғылыми атақ алуды сәнге айналдырды. Жаһандық ғылымда қазақстандық үлес мейлінше төмен.
Ғылым жайлы президенттік идеялардың өзекжарды түйіні интеллектуалдық ұлт қалыптастыру міндетін күн тәртібіне қоюда десек, әсте қателеспейміз. Өйткені пайда әкелетін «малтабар» ғылымды қолдаумен ғана шектелген қоғам ашкөздік дертіне шалдығатынын, арты түпсіз қиыншылықтарға ұласатынын соңғы әлемдік қаржы дағдарысы алдан шығарды. Ғылым ғылым үшін септесуі заңды, бірақ қалтасы қалың меншік иелерін бұрынғыдан да байыта түсу үшін емес, адам баласының танымын кеңейтіп, әл-ауқатын арттыруы үшін қажет. Ұлы Абайдың сөзімен жеткізсек, «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық».
Интеллектуалдық ұлт адам капиталын жетілдірумен ғана қалыптасады. Иә, біздің халықтың жасампаздық қасиеті мен әлеуеті мол. 1917-1991 жылдары қанша жерден мектептер, ЖОО-лар, ғылыми институттар ашқанмен, жаппай міндетті орта білімге көшкенмен тоталитарлық өктемдік пен шекарадағы темір құрсау қырсығынан сол бұла күштің көзі толық ашылмағанын мойындауымыз керек. Демек, интеллектуалдық ұлт биігіне көтерілу, бейнелеп айтсақ, өткен жылдар қарызын қайтару, түп нәтижесі жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның болашағын анықтау деген сөз.
Ғылым саласына қатысты Президент бастамаларын жүзеге асыруға тәуелсіздіктің алғашқы күнінен тұлғалы азаматтар қайрат қылды. Дегенмен соңғы 1-1,5 жылдың бәсі жоғары. 2010 жылдың күзінен білім және ғылым министрлігі басшылығына Бақытжан Жұмағұлов келгеннен жұмыс қарқыны үдеп, қисынды жүйеге түскенін көзіміз көріп отыр. Біріншіден, білімді мамандар даярлаудың бакалавр, магистр, философия докторы үшсатылы жүйесіне көшумен Қазақстан әлемдік тәжірибедегі өздік орнын тапты. Форумда биылдан бастап магистерлік гранттар 2 есе, PhD (Пи Эйч Ди) даярлау 2,5 есе өскені Президент аузымен айтылып, жас ғалымдарға жол ашылатыны жария етілді. Екіншіден, «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданып, әлемдік және халықаралық талаптарға сай өзгерістер, бетбұрыстар жүзеге асуда. «Ғылым туралы» жаңа заң қабылдадық. Ол біздің отандық ғылымды дамытуға тың серпін беруі тиіс», – деді Елбасы форумда. Үшіншіден, ғылымға қаражат бөлуде бұрынғыдан көп ілгерілеу бар. 1997 жылдан беріде ғалымдардың еңбекақысы 10 есе артқан екен. 2004 жылы «Отан» партиясының кезектен тыс съезінде келешекте ғылымға бөлінетін қаржы 25 есе көбейетіндігі айтылған еді. Алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 118 млрд. теңгеге жетпек. Елбасы айтқандай, Қазақстан ғылымға мұншама қаражатты ешқашан бөлген емес.
2020 жылы 1000 философия докторы университет қабырғаларынан шығатын болды. Міндет – ғылым кадрларын даярлаудың ескі жүйесіне тән кемшіліктері мен қателіктерін қайталауға жол бермеу. Болашақ ғалымдар «Ғылым туралы» заң талаптарына толық жауап беретін кәсіби деңгеймен еңбек жолын бастағаны абзал.
Бұл заң ғылыми қызмет субьектілері қатарын зерттеу университетімен толықтырды, алғаш рет ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін жүйеледі, ғылыми қызметті басқаруды ұлттық ғылыми кеңестермен, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың Ұлттық орталығымен, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамамен түрлендірді, ғылымды қаржыландыру көздерін үшеуге жеткізді, ғылым нәтижелерін коммерцияландыруды заңдастырды.
Уәкілетті органның, яғни білім және ғылым министрлігінің құзіреті мейлінше кеңігенін байқаймыз. Бірақ бұл ғылымға тән автономиялық-академиялық демократияны жоққа шығармайды, қайта бекемдей түскен. Мәселен, ұлттық ғылыми кеңестер мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыруға, ғылымды қаржыландырудың нысандары мен көлемдерін айқындауға, жаңа ғылыми бағыттардағы қажеттіліктерді бағалауға, зерттеу жобалары мен бағдарламаларын конкурстық іріктеуді жүзеге асыруға жауапты. Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы қазақстандық және шетелдік білікті ғалымдардан, мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатарынан қалыптасатын болғандықтан зерттеу жобалары мен бағдарламалары ғылымды практикамен ұштастырып, түптеп келгенде, материалдық өнімдегі қазақстандық мазмұнды ұлғайтатынына сенім мол.
2011 жылғы 27 мамырда 60 жылдан астам тарихы бар, алғаш Президенті ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бастаған сан-салалы ғылымның бастауында тұрған академиктер мен ғылым қайраткерлері қызмет істеген Ғылым академиясының бас ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, «Ғылым ордасы» атауымен ашылған еді. Осыған орай өткізілген форумда уәкілетті орган басшысы Б.Жұмағұлов «Ғылымның дамуы – елiмiздiң болашағы» негiзгi баяндамасында өзектi мәселелердi талқылап, нақты ойлар айтқаны есімізде.
Сол басқосуда ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, академик ғалымдар сөз сөйлеп, интеллектуалдық ұлт қалыптастырудың негізгі қозғаушы күші ғылым екенін қаперге салды.
Ұлы азаттықтың мерейтойы қарсаңында «Ғылым ордасына» Елбасымыз келіп, ой бөліскені, «қайта түлеген қасиетті қара шаңырақ тәуелсіз еліміздің ғылымын дамытуға мол үлес қоса беретініне» сенім білдіргені ұлт білімпаздарының көңілін бір серпілтіп тастады. Ойлағандай болатынына айғақ-дәлел – ғылымды қаржыландыруда байқалып отырған қарышты қадам. Егер 2007-2010 жылдары ғылымға бөлінген қаражат мөлшері орта есеппен жылына 1 млрд теңгеге өссе, тек биылғы жылдың өзінде ғана бұл көрсеткіш бұрынғымен салыстырғанда он есеге жуық ұлғайып, 29,3 млрд теңгені құрай алды. Осының арқасында тұңғыш рет базалық қаржыландыру есебінен ғылыми-зерттеу институттарының материалдық-техникалық әлеуеті тәп-тәуір нығайып қалды.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты Білім комитетінің басшылығымен осыдан 6-7 ай бұрын қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар мүмкіншілігін сараптау негізінде салалық «Ғылыми қазына» бағдарламасын түзу қажеттігі айқындалған еді. Кейінірек бағдарлама үкімет тарапынан қолдау тауып, тарихшылар мен әдебиетшілердің, философтар мен экономистердің, тілшілер мен археологтардың міндетін нақтылап, жауапкершілігін бұрын-соңды көтерілмеген биікке асқақтатты. Әр институт өз құзіреті мен мүмкіншілігін ой елегінен өткізіп, стратегиялық жобаларын тиянақтады. Айталық, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында Қазақстан тарихы академиялық басылымын 20 кітап көлемінде даярлауды ұсынып отыр. Бұған дейін «Қазақстан тарихы» 5 том көлемінде екі рет жазылғанын оқырман қауым жақсы біледі. Біз ұсынып отырған жаңа жобаның ерекшелігі сандық айырмашылықта ғана емес. Мұнда Отан тарихын дәуірлеу, қазақ мемлекеттілігінің пайда болуы, өрлеуі мен құлдырауы, ұлт тарихының әлемдік тарихи үдерістермен ықпалдастығы, тарихтағы тұлғалардың ролі, тәуелсіздіктің бастау-бұлақтары мен жемістері ғылыми ойдың соңғы жетістіктеріне сүйенумен, жаңа методологиялық ұстаныммен жазылады. «Мәдени мұра» бағдарламасының бергені мен нәтижелері кеңінен кәдеге жарайтын болады.
Көптомдық Отан тарихын жазуға бетбұрыс ТМД-ға мүше мемлекеттердің бәрінде дерлік орын алуда. 2011 жылғы 21-23 қазан күндері Киев қаласында өткен ТМД-ның шығармашылық және ғылыми интеллигенциясы бас қосқан VІ форумда армян тарихшылары 8 томдық «Армения тарихы» дестесінің алғашқы 4 томы жарияланғанын айтса, Украина, Белорусь, Ресей ғалымдары даярлық жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді. Демек, біз жалғыз емеспіз, алған бағытымыз да оң. Ал оң бағытты лайықты нәтижемен бекемдеу үшін қазақстандық ғалым тарихшылардың басын қосатын бірлестік құру қажеттігі үстіміздегі жылы 16 қыркүйекте Астана қаласында өткен тарихшылардың І конгресінде жан-жақты қарастырылды.
Қазақстан ғалымдарының форумында қоғамдық ғылымдар алдында тұрған міндет арнайы сөз болды. Н.Ә. Назарбаев ұлтаралық қатынастарды, дін тарихын, елішілік қайшылықтарды зерттеу қажеттігін баса көрсетті, ғылыми интеллигенцияны іргелі ізденіске шақырды. Президент тапсырмасын орындауда 2011 жылғы 1 желтоқсанда ресми жұмысын бастаған Қазақстан тарихшыларының ұлттық Конгресі оралымдылық танытатынына сенеміз.
Әрине, 20 жылдың ішінде тәуелсіз Қазақстан ғылымға, ғылыми ой-санаға көлденең бөгесіндердің бәрін ысырып тастады деген ойдан аулақпыз. Түптеп келгенде, экономикалық, әлеуметтік, біліми модернизациялаудың қаншалықты бастапқы сатысында тұрсақ, ғылымды модернизациялаудың да алғашқы дәуірін бастан кешудеміз. Оның көрінісі сан-алуан. Мәселен, қоғамдық-гуманитарлық ғылым иелерінің алаңдайтыны іргелі және қолданбалы зерттеулері нәтижесін жариялауға мемлекеттік қаржының дер кезінде бөлінбейтіні. Кітап шығару ісі басқа министрліктің құзіретіне қарағандықтан теориялық-методологиялық өресі биік қолжазбалардың жылдап сөрелерде жатып қалатыны рас.
«Білім туралы» заң мен «Ғылым туралы» заңның арасында өзара тығыз байланыс болуы қажет. Шетелде тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруда және үміткерлерді іріктеуде, жат жұрттық ғалымдарды шақыруда және еңбекақысын төлеуде айтарлықтай мәселелер бар.
Отандық ғалымның еңбегін бағалауда да түйіткілді түйіндер баршылық. Баспалар зерттеу монографиясының баспа табағына 10 мың теңгеден артық қаламақы қойғысы келмейді. Сонда 30 баспа табақ (480 бет) монографияға беретіні 2 мың АҚШ доллары шамасында. Өте аз қаражат. Гранттық қаржыландыруда қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар ерекшелігі ескерілуі қажет. Бөлінген қаражаттың 60 пайызын айлық түрінде жұмсауға мүмкіндік туса, біраз ғалымның қолы ұзарар еді. Осыны заң күшімен реттейтін уақыт келді.
Ғылыми атақ-дәрежеге негізгі жұмыс орнында ғана қосымша айлық төлеу тәртібін ерекше жағдайларға қарай қайта қараған жөн деп білемін. Мәселен, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтында елімізге танымал ғалым, академик К. Байпақов еңбек етуде. Егер сол азаматты біздің институттағы ғылыми жобаға жарты жүктемемен орындаушы ретінде тартсақ, ғылыми атақ-дәрежесіне, яғни ғылым докторына тиесілі ең төменгі жалақы мөлшерінде ай сайын қосымша ақы төлеуге құқымыз жоқ. Осынау шектеуден екі қисынсыздықты байқау қиын емес. Бірі – ең жоғары ғылыми дәреже үшін неліктен ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша ақы қарастырылуы керек. Осының өзі ғылымға теріс көзқарас қалыптастырып тұрған жоқ па? Екіншісі – Байпақовтай білімпазды жарты жүктемемен қызметке алғанда маман таппағандықтан емес, біліміне тәнті болғандықтан шақыра отырып, еңбегін лайықты жалақымен бағалай алмайтынымыз.
Алдағы уақытта «Ғылыми қазына» бағдарламасына енген немесе бағдарламалық–нысаналы қаржыландыру конкурсынан өткен жобаларды орындауға сырттан, басқа ғылыми ұйымнан шақырылған мамандарға ақы төлеу әлемдік тәжірибе бойынша жүргені жөн болар. Тап осы ахуалға орай «Ғылым туралы» Заңның 12- бабындағы екінші тармақша тиісті толықтыруларға зәру.
Қоғамдық-гуманитарлық ғылыми институттардағы штаттық кесте қиыншылығы мол 90-шы жылдарда 2-2,5 есеге қысқарып кетті. Ел экономикасы бойын тіктеген қазіргі заманда жоғалтқанымызды қалпына келтіруді қолға алу керек. Бұл мәселені Н.Ә. Назарбаев ғалымдар форумында кездейсоқ көтерген жоқ. 1 млн адамға шаққанда қазақстандық ғалымдар саны Украинадағыдан – 2 еседей, Ресейден – 3,3 есе, Жапониядан – 5,3 есе аз екенін алға тартты. Мұнын сыртында, қоғамдық-гуманитарлық институттар – ұлттың ғұмырын ұзартатын ғылым саласы. Демек, қызметкерлерінің санын көбейтіп, 2-3 институтқа ұлттық мәртебе берсе, артықтық етпейді.
Қазақстан ғылымы тарихтың сан алуан белестерін артта қалдырды. Шоқан, Әлихан, Қаныш, Марғұлан, Мұхтар сынды тұлғаларының таланты мен дарыны оны әлемдік шырқау биіктерге алып шыққанына қоса, халқымыздың абыройын арттырды, санасын тәрбиеледі. Халқына риясыз қызмет еткен тұлғаның ғұмыры шексіз екенін, «ғалымның хаты өлмейтінін» бүгінгі жас ұрпақ күмәнсіз ұғынуы керек. Тек осындай ұрпақ қана тәуелсіздік тұғырын биіктетуге қабілетті. Ал азат еліміздің ғалымдары дәстүрге адалдықты сақтап, танымның жаңа көкжиектерін ашуға жегілсе, өркениет көшінің соңында қалмайтынымыз ақиқат.

Фотоархив

Увеличить картинку