Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Х. Әбжанов. Ұлт тарихының тарланы


Мақала Қызылжар қаласында өткізілген
«Тәуелсіз қазақстан және академик Манаш Қозыбаевтың ғылыми мұралары»
халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
(4-5 қараша 2011 жыл) материалында жарияланған 

Қазақ қазақ болғалы арғы-бергі өткенді таразылаған ұлт тарихшыларының әлденеше буыны өсіп шықты. Есте жоқ ескі замандарда қалыптасқан бірегей салт-дәстүр мен ұстанымдарымыз – шежіре тарқату, жеті атаны білу, ауызша әдебиет пен тарихты ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру Ұлы даланың өмір салтындағы, интеллектуалдық әлеуетіндегі өзіндік ерекшелік қана емес, қоғамдағы тарихи сананы және танымды анықтаушы субстанциялар. Міне, тап осы және басқа да қасиет-құндылықтарымызды тереңінен ұғынған тарихшылар ғылыми ізденістерімен іргелі нәтижелерге қол жеткізе алды. Төл тарихымызды ұлттық мүдде биігінен толғап, әлемдік тарихи ақыл-ой маржанымен қатар қонған парасатпен көмкерген тұлғалар шоғырында Манаш Қабашұлы Қозыбаев бар.
Ол екі дәуірдің перзенті еді. Дәуірлер тынысы шығармашылық мұрасы мен өмір жолында тайға таңба басқандай көрініп тұр. Шыр етіп дүниеге келген сәттен 60 жыл бір ай ғұмырын кеңестік уақыт пен кеңістік аясында өткізсе, 10 жыл екі ай өмірі тәуелсіздік тұсына дөп келді. 2002 жылғы 31 қаңтарда 71 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Өркениеттік тұрғыдан қарасақ, бір-біріне жалғасып жатқан екі дәуір мақсат-мұраты, мазмұны, болмыс-бітімі бойынша мүлде үйлеспейтінін, бірін бірі бекерлейтінін оңай байқаймыз. Адамдарды жарқын болашаққа жеткізуге уәде берген кеңестік билік түптеп келгенде жақсылығынан гөрі жаманшылығы зорайып, тарих сахнасынан абыройсыз сыпырылып қалды. Тоталитарлық темір құрсаудан босаған Қазақстан әлем назарындағы мемлекетке айналып, биыл тәуелсіздіктің бейбітшілік пен жасампаздыққа толы 20 жылын тойлауда.
Адам құқығы тапталған, ұлттық зиялылары қынадай қырылған, шығармашылық еркіндік тырп етпестей ауыздықталған тоталитарлық отар республикада есейген, білім алған, ғылым қуған Манаш Қабашұлы әлеуметтік әділетсіздікті, әсіресе ұлт теңсіздігін ерте сезінді. Тіпті балалық шағында көрген қызығы да шамалы. Кейініректе сол күндерді былайша есіне алған екен: «Бізге үйдің бір бұрышы тиетін, іргесі сыз, тіпті жаз айларында дымқыл тартып тұратын. Сығырайған терезелерді сыртынан шөппен, қармен жауып, жылуды сақтауға тырысатынбыз. Мен сондай өмірден қалай тірі қалғаныма әлі күнге таңғаламын».
Қиыншылық оны жасытпады, қайта ширата түсті. Педучилищеден кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 1953 жылы бітірген соң Қостанай педагогикалық институтында табан аудармай бес жыл еңбек еткенде жас қазақтың сапалы білімі де, ұйымдастырушылық қабілеті де, әділдік үшін күресе білетін қасиеті де көрінді. Өлкетанулық зерттеулерін жариялады, Қостанайдың ономастикасын ұлтсызданған мазмұннан арылтуға үлес қосты, Ы. Алтынсариннің есімі мен ісін ұлықтады. Қара бастың қамы емес, ел мүддесін көбірек ойлады. «Қостанай кезеңі мені өсірді, шынықтырды, шыңдады, – деп еске алыпты жастық жалынға толы жылдарды. – Мен азамат болып, есейдім. Өзімнің бақытым Сара Пішенбайқызымен отау құрдым, тұңғышым Ілияс дүниеге келді. Ең ғажабы, Қостанайға интернационалист болып келген мен Алматыға ұлтшыл болып оралдым. Тың игеруге келгендердің зорлық-зомбылығы көп болды. Ашықтан-ашық біздерді баса көктеп, жанышқысы келді… Л. Середкин, Давыдов сияқты жандайшап шовинистерді барынша әшкерелеп бақтым, олардың тепкісінен бірен-саран отандастарымды қорғадым. Алайда менің мүмкіндігім аз еді».
Сонымен, 1958 жылы М. Қозыбаев өмірінің Алматы кезеңі басталды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтының директоры Серікбай Бейсембайұлының шақыруымен келген жас жігіт бірыңғай ғылыми жұмысқа жегілді. Қысқа мерзімде кандидаттық диссертациясын қорғады. 1963 жылы жарық көрген «Қазақстан Компартиясы тарихының очерктері» ұжымдық еңбекті жазуға ат салысты, келер жылы «Компартия Казахстана в период Великой Отечественной войны» монографиясы оқырмандар қолына тиді. Отандық тарих ғылымының аспанында Қозыбаев есімді жарық жұлдыз пайда болғанын қазақстандық ғалымдар қауымдастығы мойындады, одақтық әріптестері таныды. 1969 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғаумен қоғамдық пікірдегі биік мәртебесін заңды түрде бекемдеді.
Ғылыми ізденіс үдей түсті. 1970 жылы тарихшылардың Халықаралық конгресінде баяндама жасады, 1971 жылы «Қазақстан – арсенал фронта» монографиясы үшін Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығымен марапатталды.
Бірақ «жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» деген халық даналығы бекер емес екен. Пысықайлардың ұйымдастыруымен 1973 жылы М. Қозыбаев пен З.А. Голикова бірлесіп жазған «Золотой фонд партии (из опыта кадровой политики КПСС)» монографиясын «тезге» салу басталды. Еңбекте басшы партия кадрларын қалыптастыру кемшіліксіз еместігі, қажетсіз қайта құрулар мен кадрлық ауысулар ұйымдастырушылық қарым-қабілетті ашуға бөгесін екендігі айтылған еді. Осыны тілге тиек еткендер жеңіл-желпі сынаушыларды жоғары жаққа құбыжық қылып көрсетуге тырысты. Ақыры, Қазақстан Компартиясының ХIV съезінде кітап Д. Қонаевтың аузымен сыналып, автор басына туған ауыр күндер 1979 жылға дейін созылды.
Партия тарихы институтынан кеткен Манаш Қабашұлы алғашқыда Алматы малдәрігерлік институтында, кейін Қазақ университеті жанындағы Қоғамдық пәндер оқытушыларының мамандығын жетілдіру институтында кафедра меңгерді. Қабырғалы ғалымның жазықсыз жапа шеккенін біздер – сол жылдарғы жас буын тарихшылар жақсы білдік. Әділетсіздікке ол да сыр бермеді, дұшпандарын төбесіне шығармады. Қайта одақтық, республикалық конференциялардағы өзекті баяндамаларымен, институт қабырғасында оқыған тамаша дәрістерімен күстанаушылардан оқ бойы алға шығып, бұрынғыдан да зорая түсті. Нағыз аңыз адамға айналды.
1979 жылы биліктің қырын қараған қабағы жібіп, жұлдызды сәт туды: Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайлануымен ғылыми элита тобына кірді. Келер жылы Қазақ совет энциклопедиясына бас редакторлыққа тағайындалды. Уақыт көрсеткендей, мансабы өскен қайсар қазақ Қостанай кезеңіндегі «ұлтшылдығынан» әлі ажырамаған екен. Оған шәкірті, бүгінде мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мына жолдары бұлтартпас айғақ: «1983 жылдың 9 тамызында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында Қазақ Кеңес Энциклопедиясының жұмысы да қаралды. Бұл еліміздің тоқырау тұманынан әлі арыла қоймаған кезі еді. Бюрода бас редактор М.Қозыбаев «Қазақ КСР» Қысқаша энциклопедиясына А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Мұстафа Шоқай, т.б. қазақтың ардагер азаматтарының өмірбаянын енгізу туралы мәселе қойды. Ол кездері жазуды қойып, есімдерін айтуға тыйым салынған қазақтың біртуар перзенттерінің өмірін энциклопедияға кіргізу туралы мәселе көтеру ерлікпен пара-пар еді.
Бюро болардың алдында Мәкең біздерге өзге республикалардың ұлттық энциклопедияларында, Үлкен Кеңес Энциклопедиясының басылымдарында басылған контрреволюциялық қозғалыс басшылары, сол кездері жаппай «ұлтшыл» деген желеумен айыпталған ақын-жазушылар, ақ казактар қозғалысының жетекшілері туралы материалдар жинауды тапсырды. Солардың негізінде қанша кеңес үкіметіне қарсы болса да ел тарихында елеулі із қалдырған қазақ қайраткерлерінің қызметіне сын көзбен әділ бағасын беріп, энциклопедияға енгізу қажеттігі туралы ұсыныс әзірледі. Онда қазақ оқырмандары аталған азаматтар өмірін шет елдерде басылған, кей жағдайда бұрмаланып көрсетілген басылымдардан емес, республиканың өз энциклопедиясынан оқығаны жөн екендігі дәлелденді». Әрине, ұсыныс қабылданбады.
Тоқырауға бой бермей атқарылған ірі жобалардың бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарғы Қазақстан жайлы 40 сериялы құжатты фильмнің шығарылуы. Бас кеңесші-сарапшы ретінде әр серияның сценарийін мұқият оқып, әр фильмді байыптап көріп, тележурналистермен, режиссерлермен тығыз жұмыс жүргізеді. Сол 40 фильм қазақ теледидарының алтын қорына кірді.
Кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында, нақтылап айтсақ, 1989 жылы Манаш Қозыбаев ғылыми атақ-дәреженің асқар шыңына көтерілді: Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі – академигі болып сайланды. Сонымен, отызында орда бұзып, ғылым докторы, профессор атанған талантты қазақ қырықында корреспондент мүше мәртебесімен қамал алса, ердің жасы елуінде ғұламалар қатарына қосылды. Бағындырмаған асуы қалмағандай көрінді. Сөйтсек, тағдырдың басты сыйы алда тосып тұр екен.
Бәрі горбачевтік қайта құрудың кеңестік жүйені, социалистік лагерді қақыратуымен басталды. Әу баста социализмнің болашағына қалтқысыз сенген көңіл бірте-бірте күдікке толғаны рас. Көзқарас эволюциясы 1985-1988 жылдарғы шығармаларында анық көрініп тұр. Ал Кеңестер Одағының, демек Қазақстанның да тағдыры қыл көпір үстінде қылпылдаған тұста, республика басшылығына Н.Назарбаев келгеннен кейін тарихи майданның алғы шебіне тәуекел деп тас жұтқан нағыз ұлт перзенттері шықты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры М. Қозыбаев Алаш зиялыларын ақтайтын комиссия құрамында белсенді еңбек етті, қандықол Ермактың бетпердесін сыпырды, Қазақстанның мемлекеттік шекарасына қатысты дерек пен дәйекті методологиялық биік өремен сөйлетті, байларды кәмпескелеудің (1928 ж.), кулактар мен байларға қарсы күрестің (1930ж.) заңсыздығын әшкерелеген комиссия жұмысына жетекшілік жасады. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларацияда, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңда қайраткер тұлғаның үлесі бар.
Азаттық алпыстағы ел ағасының қуатын тасытты, бұрыннан шапшаң қимылын тіпті үдетті, қаламына қанат бітірді, аузына дуалы сөз салды. Өмірінің соңғы 10-15 жылында қаламынан қисапсыз мол қазына туындады. Көзінің тірісінде 600-ге жуық еңбегі, оның ішінде 16 монография, 21 ұжымдық еңбек, 48 кітапша, жүздеген мақала жариялаған екен. 1992-2001 жылдары шыққан «Ақтаңдақтар ақиқаты», «История и современность», екі томдық «Тарих зердесі», «Жауды шаптым ту байлап», екі томдық «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски» кітаптары, бүкілқазақтық тұңғыш құрылтайда оқылған «Ата тарихы туралы үзік сыр (қазақ халқының тағдыры туралы)» баяндама оның есімін әлемге мәшһүр етті. Үзеңгілес інісі Кенжеғали Сағадиевтің 2001 жылы, яғни осыдан аттай он жыл бұрын айтқан: «Манаш ағаның қайта құру және тәуелсіздік кезінде жазған еңбектері одан бұрынғы 33 жыл бұрын жазған еңбектерімен саны жағынан тең. Ал сапасы жөнінен бұл тұстағы еңбектер автордың ашылып та, көсіліп те жазғандығын байқатады. Бұл еңбектер тың идеяларға толы, концептуалды толыққанды туындылар», деген пайымы әлі де маңыздылығын, шынайылығын бір мысқал жойған жоқ.
Азаттық таңы атысымен Кеңес дәуірінің тарихы ауқымынан шығып, әлемдік тарихи үдерістер мен өркениеттегі қазақ халқының орнын анықтауға күш салды. Ата тарихты дәуірлеу, қазақ хандығы мен мемлекеттілігінің тағдыры, Ресейге бодандықты қабылдаудың «ақтаңдақтары», ұлт-азаттық қозғалысының қазақстандық ерекшеліктері, кеңестік саяси қуғын-сүргін қасіреті, Ұлы Отан соғысының беймәлім беттері, КОКП Орталық Комитеті Бас хатшыларының Қазақстанға ұстанған саясатының қисыны мен эволюциясы, әр ғасырдағы ұлттық тарихи тұлғалар бейнесі, Отан тарихының тарихнамасы мен деректануы – міне, осының бәрі жаңаша ойлау биігінен талданды. Репрессия құрбандарын еске алу, ұлттық тарих жылдары, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев мерейтойларының ЮНЕСКО күнтізбесіне енуі, шетелге іссапарлар төл тарихымыздың тарланын интеллектуалдық шырқау биіктерге алып кетті. Әсіресе тәуелсіздік тарихын мейірлене зерделеді. Толық емес есептеуіміз бойынша, тәуелсіздік мәселесіне арнаған 50-ге жуық мақаласы бар екен. Олардың тақырыптары да оқырманын ойлантпай тұрмайды: «Тәуелсіздік жолы – үміт жолы», «Тәуелсіздік даңғылы», «Тәуелсіздік рухы», «Тәуелсіздік самалы», «Егемендік декларациясы – тәуелсіздіктің алдыңғы баспалдағы», «Тәуелсіздік толғаныстары», «Халқым, қайда барасың?», «Қандай елміз? Қандай болуға тиіспіз?», «Аман болсын халқымыз» … Кеше ғана мәңгілік сапарға аттанған ақын Т.Молдағалиев ғалымның 70 жылдығына арнаған өлеңінде осының бәрін жыр жолдарына сыйдырыпты:
Қазақ үшін не сыйы бар тағдырдың,
Алдымызға жүрсің тартып әрбір күн.
Талай-талай өлгенімді тірілттің,
Өшіп қалған мың ошақты жандырдың.
Өткені өшкен елде елдік бола ма,
Әрбір айтқан болжамдарың – жол, аға.
Тарихымның түріп қойып есігін,
Тіл бітірдің ел деп туған данаға.
Тәуелсіздік мұратын нығайту мен тарихи-методологиялық негіздерін бекемдеу жолындағы адал да жанкешті мехнаты лайықты бағаланды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, ҚР Президентінің бейбітшілік және ұлтаралық келісім сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері атанды.
Ғасырлар тоғысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын басқара жүріп ұлттық тарихнамаға салған екі олжасын айрықша атап өткеніміз ләзім. Бірі – «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» (1995ж.), екіншісі – бес томнан тұратын «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның алғашқы үш томын жарыққа шығаруы.
Тұжырымдамада тарих білімінің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының өтпелі кезеңдегі басты мәселелері мен оларды шешудің мүмкін бағыттары, тарих білімі мен оқу-ағартуды реформалау жолдары дәйектелді. Артта қалған 16 жыл ішінде қозыбаевтік тұжырымдама талаптары негізінен атқарылды. Таяуда ғана Астанада өткен Қазақстан тарихшыларының І Конгресі ұлттық тарих ғылымындағы жаңа дәуірді ашты. Демек, жаңа дәуірге сай екінші тұжырымдаманы қабылдайтын уақыт туды.
М.Қозыбаев бастап берген 5 томдық «Қазақстан тарихының» 4-ші, 5-ші томдары ұзаққа созылған үзілістен кейін 2010 жылы ғана жарияланды. Өкінішке орай, бұлар діттеген мақсатына жетпеді. Түрлі сала мамандары жазғандықтан тәуелсіз Қазақстан тарихы үзік-үзік баяндалған. Жаңа бас редактор өзін өзі дәріптеуді қаперден шығармапты. Әйтпесе 4-ші томның 27-бетінде:«Кеңестік қуғын-сүргін мен қатаң идеологиялық қысым кезеңі тұлғаларының тарихи келбетіне баға беру тарихнамадағы жаңалық саналады. Мұның алғашқы сүрлеуі әйгілі тарихшы Е.Б.Бекмахановтың қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы мәселесіне қатысты ғылыми тұғырнамасын саралаған С.Ф.Мәжитовтың зерттеуі арқылы салынды» деген жолдар тасқа басылмас еді.
Жинақталған тәжірибе мен тағылымды қорытындылай келе, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарды «Отан тарихы» атауымен 20 кітапты топтастыратын 10 томдық академиялық басылымды даярлау міндетін күн тәртібіне қойып отыр. Бастамаға Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Қазақстан тарихшыларының І Конгресі, Алматы мен Астана тарихшылары қолдау білдірді. Жауапкершілігі жоғары идеяны жүзеге асырушылар тобында М. Қозыбаев шәкірттері жүретіні күмәнсіз. Ал олардың қатарындағы тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттары 100-ден асып жығылады.
Тарихтың дөңгелегін айналдыратындар – адамдар, Тұлғалар. Манаш Қабашұлы зерттеулерінде тарих үдерісіндегі халық пен тұлғаға зор көңіл бөлінген. Қайтыс боларынан бірер ай бұрын «Қазақ әдебиетінде» жариялаған «Бізде ұлттық элита бар…» атты мақаласында осынау қауымға төмендегідей анықтама беріпті: «Ұлт элитасы деп ұлтына сенетін, оның басына түскен қиындыққа көнетін, өз мүддесін ұлт мүддесіне жегетін, тығырықтан жол тауып беретін, әлемдегі 2000-нан астам ұлт пен ұлыстардың ішінен «қазақ» деген ұлттың өркениеттік орнын тауып қана қоймай, оны өркениеттік дамудың даңғыл жолына салып беруге өнерін, білімін, күш-қайратын, ар-намысын төгетін, керек кезде ең қымбаты – өмірін беретін ұлт асылдарын айтса керек… Ұлт элитасы – қайраткер, жасампаз, дауылпаз жан». Осы орайда «азамат», «интеллигенция» ұғым-түсініктеріне берген анықтамалары да танымдық байтақ пайым екенін айта кетсек, артық емес.
Ол мұның бәрін жалаң оқумен-тоқумен ғана дәйектеген жоқ. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы халқымыздың элита, азамат, интеллигенция қауымымен етене араласқандықтан, өзі де дүлдүл өкілі болғандықтан көргенін, көңілге түйгенін ой қазанында қорытып, сары алтындай жарқыраған нұсқада халқына ұсынды. Сонысымен тарихи санамызды жаңғыртты, өміршеңдігі дәлелденді.
Туған елі де еш тарылмастан құрметін көрсетуде. Есімі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, Қостанай қаласындағы орта мектепке, Алматыдағы көшеге берілді. Шығармалары қолдан-қолға өтуде, сілтемелер индексінде мәртебесі биік. Нағыз ғылым да, ғалымның нағыз бақыты да осы.
Академик М.Қозыбаевтің партиялық, таптық көзқарастан ада зерттеулері, депутаттық және институт директоры қызметіндегі елішілік, жаһандасулық қайраткерлігі азаттық мұратымен үндесіп, ұзақ жылдар бойы КОКП-ның «қолбаласы» болып келген ұлттық тарих ғылымын ресми идеология шырмауынан құтқаруға, бүгінгі саяси идеологияның, инновациялық дамудың пәрменді құралына айналуына септесті. Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты шаңырақ көтерді. КОКП заманында социалистік идея мен құрылыстың жаманын жасырып, жақсысын асырудан әріге бармаған қазақстандық тарихшы ғалымдар енді шығармашылық еркіндіктің артықшылықтарын кәдеге жаратуда. Тарихи санасы кемел қоғам ғана ұлттық қауіпсіздікті барынша нығайтып, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатынын қапысыз ұқтық. Осының бастау-бұлағын ашқандардың алдыңғы легінде халқымыздың біртуар ұлы Манаш Қозыбаев бар. Жақсымызды жақсы дей алатын күнге азаттық арқасында жеттік.
1994 жылғы 6 қазан күні өзінің бүгіні мен ертеңін таразылаған мына жолдар жазылған екен:
Жауға шаптым ту байлап,
Жорықта жазып жарамды.
Келемін сермеп семсердей,
Ұшқыр өткір қаламды.
Жауға келем дес бермей,
Қызғыштай қорғап анамды.
Күндері бір күндерде,
Айналайын Отаным,
Есіңе ал Манаш балаңды!
Отаны дана баласын ұмытқан жоқ. Есімін мәңгі есте қалдырып, аялы алақанында тербеп келеді.

Фотоархив

Увеличить картинку