Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қ. Ерімбетова. Академик Манаш Қабашұлының рухани әлемі хаһында


Мақала Қызылжар қаласында өткізілген
«Тәуелсіз қазақстан және академик Манаш Қозыбаевтың ғылыми мұралары»
халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
(4-5 қараша 2011 жыл) материалында жарияланған 

Биыл академик Манаш Қабашұлының 80 жылдық мерей тойы. Оның тарихтағы және қоғамдағы орны, ғылыми-зерттеу жұмыстары, тарихи-мәдени мұраларына қатысты естеліктер мен ғылыми мақалалар, баяндамалар жазылып, диссертация қорғалуда. Академик Манаш Қабашұлын елімізде академиктен бастап ізденушілерге дейін гуманитарлық ғылымның интеллектуалы, қоғам қайраткері, стратег, патриот т.б. ретінде айқындады.
Алайда бұл кісінің тұлғалық қасиеті немесе еңбегі туралы пікір білдіру оңай соқпасы анық. Қозыбаев әлемі адалдық пен сүйіспеншілік, білімділік пен біліктілік, жігерлілікті қажет етеді. Оның әлемі жан-жақты, кең ауқымды және қасиетті. Сондықтан да шағын мақалада Манаш ағаның рухани әлеміндегі қарапайым адамгершілік қасиетінен бір үзік сыр ретінде ой қозғағым келеді. Манаш Қабашұлы адами қасиеттердің арқауы – Ар, Ұят, Намысты ту етіп өткен тұлға. Оның жазған еңбектерінен сан мыңдаған сұрауларға жауап алуға, ақылдасуға, пікірлесуге, керек десеңіз шүкіршілікке келуге болады, яғни оның қалдырған дүниесі адам танымына қызмет ете алады. Осы тұста академик Салық Зиманов: «… тарих ғылымының міндеті – халықтың өзін-өзі түсіну қабілетін жеңілдету, олардың ата-баба, Отан алдындағы жауапкершілігін ұғындыру. Осыдан тарих пен тарих ғылымының аса үлкен рухани-тәрбиелік мәні туындайтындығын» айта келе, академик М.Қ. Қозыбаевтың халыққа түсінікті тілмен әрбір оқиғаны баяндауда тапқырлық көрсетуі ғана емес, сол оқиғаның өн бойында өзінің де қатысып отырғандай әсер қалдырып, гуманитарлық танымның білгірі ретінде қазақтың және түркітілді халықтардың тілі мен әдебиеті, өнері мен мәдениеті мәселелерінің ішкі сырын ақтара қарастыратын ерекше қасиетіне, еңбекқорлығына тәнті болады. Бұл академиктің академикке берген бағасы ғана емес, қазақ топырағындағы жаңа ғасырдың алып тұлғаларының келер ұрпақ ой-санасына бағышталған сабырлылық саясына шақырар қоңырауы іспеттес.
Ең біріншіден, Манаш аға адами қасиетке ие болам деген әрбір қоғам мүшесінің ұстазы, алаштың ақсақалы.
«…Кемеңгердей сыйлаушы ем сөзін балап,
Отырғанын қимаушы ем көзін қадап.
Бір мінезі сол еді-ау мен сүйетін,
Ешқашан да етпеді өзін мадақ.
Өкініш көп, ой да көп қабаттаған,
Шын абзал жан көрінді Манаш маған.
Арамыздан шіркін-ай, ерте кетті,
Ел төрінде шалқыған қанатты адам!» болғандығын, адал дос, ғибраты мол тілекшіл, ақынжанды сырласы туралы қазақтың көрнекті қаламгері Кәкімбек Салықов та жүрек сағынышын білдіре: «…Манаш-шындық, Манаш-тура әділдік, Ар иесі – Біздің Манаш осындай!»,-дей келе оның жанының ананың ақ сүтіндей таза» болғандығын жырлайды да толғанады.
Бүгінгі күні академик М.Қ. Қозыбаевтың 80 жылдығының тойланатын себебі – бұл тойдың ішкі мазмұны бар. Біріншіден, халыққа тарихи-мәдени, рухани мұра ретінде ғылыми еңбектерін қалдырса, екіншіден, ғылым тағдыры мен ел тағдырын қатар қоя білген, артынан өзінің ғылыми жолын жалғастыратын, сағынып еске алатын дос-жарандары, шәкірттері мен әріптестерін қалдырды, үшіншіден, елінің тарихы мен мәдениетіне, Отанына қатысты мәселелерді зор ынтамен, жан-тәнімен жазып кетті. Ендеше бұл той заңды да және өресі биік тұлғаның өзі аңсаған «халықты біріктіретін, ел еңсесін, тәуелсіз елдің мәртебесін жоғары көтеретін» той.
Манаш Қабашұлының мерей тойы еліміздің Тәуелсіздік және Желтоқсанның азаттық лебінің ширек ғасырлық мерейімен тұстпа-тұс келуі кездейсоқтық па, әлде Жаратушы иеміздің сыйы ма? Оны бір құдірет білер, бірақ бізге белгілісі оның бабаларды асқақтата білген, жан тәнімен халықты сүйіп өткен дара тұлға екендігі. Ол ата тарих туралы да сыр шертіп қазақтың өткен жолдарын сол кезеңнің төрінде тұрғандай баяндап қана қоймай, ел болашағына қызмет жасайтын «еңсесі биік ақ орданың тігелеріне» күмән келтірмеген, дала өркениетінің құрамдас бөлігі ретінде Отан тарихымызды – «өркениет перзентіне» теңей, ұлттық санамыздың нәріндей қабылдау керектігін, жаңғырған Қазақстанның өкілі ретінде шүкіршілік ете отырып, «ұмытқанды жадымызға түсіріп, аяқ асты болған асыл мұраларымызды түгендеп, әлемдік өркениет көгіне жыл құсы қылып ұшырып, аталар аманатын орындау», ұлыларымызды даралап, ана тілімізді бағалап, туған жердің қасиетін көтеру қажеттігі туралы да ой-тұжырымдарын өсиеттей жазып кетті. Қазақтың бас пен тілі кесілген, салт-дәстүрдің жібі үзіле сақтаған кеңестік дәуірдің келеңсіздіктерін айқындауда, Манаш ағаның жан айқайы қалам ұшы сезімінің дүрсілімен ұштала түсіп, ұлт мүддесінің сақталу жолы – тұтастықтың шыңдалып бірлікке ұласуымен болатын қасиетті әділдік жолы екендігін ұғындырады. Ғылым – ең бірінші ұлттық құндылық ретінде, ғылымның кейбір салаларының, мәселен, адамгершілік аясындағы ұғымдар сату, сатып алу, пайда табу заңына бағынатынына күмән келтіре, адал әрекет бар жерде қоғамның іргетасы берік болатындығын алдағы кезеңді болжай отырып ескертеді. Сондықтан да адал әрекетті тудырушы – ғылым, білім, мәденит, зиялы қауымның ұлттық дәрежедегі саналы бірлігі арқасында қорғалады. Бұл бүгінгі таңда өзекті мәселе болып отыр. Осы тұста айтпай кету мүмкін емес, ұлттық элитаға байланысты Манаш Қабашұлы ұлттық зиялы қауымды бірінші лек, көшбастар, топбастар элитасы, екінші лек, ұлт намысын қорғайтындар – ана тілі, ұлттық діл, ата трихы, жерінің тұтастығы үшін жанын пида етуге даяр қазақ зиялылары, үшінші лек, дүбәралар тобы- бір аяғы елде, екінші аяғы шетжердегілер, төртінші – дүбәра топқа қызмет ететіндер легіне бөле отырып, ел тәуелсіздігі ұлт зиялы қауымының топтасуы, бірігуі, кірігуі және оның тегеурінді, екпінді күшке айналдыру арқылы ғана баянды болатынын, сонымен қатар тарихтың тәлкекке көнбейтінін, тіл, тарих, әдебиет тұтас бір рухани материк болып ұлттық болмысты тудыратынын тұжырымдайды.
Барлық қоғам мүшелері сияқты ХХ ғасырдың 90-жылдары еліміздегі қоғамдық қатынастар мен өмір-салттық өзгерістер Манаш Қабашұлының да жан-дүниесіне әсер беріп, «… Біз коммунистік қоғамның шинелінің ішінен шықтық, соның төл перзентіміз. Біз періште емеспіз. Кейбір зиялылар кеше ғана коммунистік дастарханның төрінен тәтті тамақ жеп, бүгін оны ит алғысыз етіп жүргендер өздерін керемет таза жандар санайды. Өмірде бұлай болуы мүмкін емес. Адам баласының ұлылығы – оның өзін-өзі тәрбиелей алуында, жан дүниесін билеуінде…..Бұл күні жаңа заманға бейімделіп, еңбек етушілер – батыр» екендігін түйіндей келе, жас ұрпақты екі оттың ортасында қалдырмай жол ашып, ұлттық сана-сезімді шыңға шығару, тек оларды ұлттық рухпен, салт-дәстүрмен нәрлендіру арқылы ғана жүзеге асыратын рухани басшылық қажеттілігін де батыл күн тәртібіне қойды. Ол ез адам мен ер адамның аражігін ажырата келе, «ер ел қамын жеді, ұлт мұңын айтпай біліп толғайтын шешен, халық жүгін өз еркімен арқалаған алып бейнетқор жан – ұлт перзенті»- деп түйіндейді. Ұлт перзенті болу үшін:
1. Пенденің жеке басының мүддесі ұлт мүддесімен қабысуы керек;
2. Жеке басының пендешілігінен ел қамын жеген Едігешілігі басым болып, халықпен табысуы керек;
3. Жүрексіну, қобалжу, қорқыныш сияқты пенделерге тән өзін-өзі сақтау сезімдерін ақылға жеңгізіп, тәуекелдің қайығына мініп, Отан үшін, ел үшін жан аямай шабысуы керек.
Ғалым қандай тарихи тақырыпта сөз қозғамасын тәуелсіз ой мен ұлттық рухтың самалы соғып тұрады. Сөзінің әрбір екпінінде бостандық пен еркін тыныс алу сезімі, ұлттық мүдде, жоғарғы рух. Ол Қазақстан тарихшыларының тәуелсіздік тұсында ұлт санасын оятып қана қоймай, Ұлы көштің басында екендігіне мақтан тұтады. Иә, Ұлы көш – Нұрлы көш өз жалғасын табуда.
Соның дәлелі ретінде 2011 жылдың 16 қыркүйегінде өткен Тарихшылардың тұңғыш Конгресі – тарихтың тәуелсіздік жылдары ғылым ретінде қайта өрлегенін дәйектеп, оған қоғам алдындағы жауапкершілігіне және тәрбие мен білім берудің, ұлттарды ұйыстырудың негізгі кілті тұрғысында баға берді.
Конгресте жасаған баяндамасында ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов: егемендігіміздің еңсесінің биік болуы, мемлекеттілігіміздің нығаю жолындағы әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар нәтижесінде тұңғыш рет ғылым дамуының «Елдің интеллектуалды әлеуеті» мемлекеттік басымдылығы бекітілгені туралы айта келіп, «ғалым-тарихшылар – ұлт интеллектісінің нағыз Алтын қорына» айналатынын жеткізді.
Тарихшылардың бүгінгі интеллектуалдық әлеуетін жоғалтпай, ұрпақтар сабақтастығы арқылы жас мамандарды ғылыми жобаларға қатыстыру мақсатқа жетудің тура жолы болмақ. Осындай мақсатпен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бастамасымен 2012-2016 жылдар ішінде 20 кітаптан тұратын «Отан тарихы» академиялық басылымын жарыққа шығаруды күн тәртібіне қойды және жоба жұмысына бірнеше ҒЗИ мен ЖОО-ның тарихшы-ғалымдары үлесін қосуға даярлығы туралы келешектің келелі мәселелерін институт директоры, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов мәлімдей отырып, теориялық-методологиялық ұстанымдары берік зерттеу, біріншіден, бәсекеге қабілеттілік кепілі, екіншіден, ақиқатты паш ететіндігін атап өтті.
Тарихи сананың өсуімен ұлт тарихының ұлықталатыны белгілі. Ұлттың интеллектуалдық қабілеті – гуманитарлық ғылымдардағы ғылыми-зерттеу ізденістері мен нәтижелері.
Ендеше тұла бойында тазалық пен табандылық қалыптасқан, «Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш жаршысы», тарихтың Тарланбозы атанған тарихи тұлға, академик Манаш Қабашұлы бүгінгі күні ортамызда болмаса да Отандық ғылым қорына қалдырған тарихи-мәдени мұрасының шуағымен оның рухы мәңгі нұрға бөлене беретініне сенімдіміз. Сол жарқын нұрдың аясында, тарих ғылымында болашақ қазақ елінің өркендеуі мен өрлеуі арқылы ақиқаттың асқақтайтыны анық. Болашақ «Манаштану» ілімінің кілті – көңілі дариядай, Намыс тұлпары – шабыты, ойы – ұлт болашағы болатын, ғылыми білімдермен сусындалған білікті, көкірегі нұрлы зерттеушілердің еншісінде болары хаһ.

Фотоархив

Увеличить картинку