Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ерімбетова Қ. Отандық тарихшылар әлеуеті әлемдік деңгейде танылуы тиіс


30-Қыркүйек, 2011 жыл «Президент және халық» газетінде жарияланған

Жақында Астана қаласында Тарихшылардың I Конгресі өткен болатын. Онда тарих ғылымына қатысты көптеген проблемалар ортаға салынды. Төменде осы форумға қатысып қайтқан ғалым пікірі оқырман назарына ұсынылып отыр.
Іргелі ел болуға жеткізген еліміздің тәуелсіздігі тарих ғылымының дамуына үлкен серпі­ліс жасаса, 2011 жылдың 16-қыркүйегінде өткен Тарихшылардың тұңғыш Конгресі та­­рихтың тәуелсіздік жылдары ғылым ретінде қайта өрлегенін дәйектеп, оған қоғам ал­­­дындағы жауапкершілігіне және тәрбие мен білім берудің, ұлттарды ұйыстырудың негізгі кілті тұрғысында баға берді. Сондықтан да Конгресс жұмысы отандық тарих ғылымы да­муының алдағы белесінің бастамасы ретінде тарих бетінде қалатыны анық. Тарихсыз ұлттық болмыстың, рухтың, сананың қалыптасуы мүмкін емес.
Конгресте жасаған баяндамасында ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов: еге­мендігіміздің еңсесінің биік болуы, мемлекеттілігіміздің нығаю жолындағы әлеуметтік-эко­номикалық, саяси реформалар нәтижесінде тұңғыш рет ғылым дамуының «Елдің интел­лектуалды әлеуеті» мемлекеттік басымдылығы бекітілгені туралы айта келіп, «ғалым-тарихшылар — ұлт интеллектісінің нағыз Алтын қорына» айналатынын жеткізді. Бұл тарих ғылымы шарықтау шегіне жетті деген сөз емес. Жеткен жетістіктеріміз шешімі та­былмаған міндеттердің бастамасы ғана. Ол ғылымның осал тұсы ғылыми-зерттеу жұмы­сындағы жүйелілікке қол жеткізу (Қазақстан тарихының жалпы тұжырымдамасын, зерттеудің қазіргі кезең методологиясын жаңа деңгейде жасау), жалпы тарихпен тығыз байланыстыра дамыту, Отан тарихының жаһандық тарихи үрдістердегі, өзара байланыс жүйесіндегі алатын орнымызды және ғылыми кезеңдеуді нақты беруге қол жеткізу, яғни дүниежүзілік ғылыми-тарихи кеңістікке толыққанды ықпалдасу, беделге ие болу.
Бұл идеялар өткен онжылдықтарда тек сөз жүзінде орын алып келсе, Конгресс ба­рысында нақты іс-қимыл механизмінің болатындығы айқындалып, тарихшылар қауымына қанат бітірді. Оның дәлелі — ҚР Үкіметі жанындағы Ғылыми-техникалық комиссия жаңа мақсатты «Ғылыми қазына» ғылыми бағдарламасының бекітілуі. Тарихшы-ғалымдар ал­дындағы мақсат – бұл бағдарламаны кешенді, біртұтас және әлемдік ауқымда нәтиже көрсететіндей үйлесімді жан-жақты жоспарлау және жүзеге асыру. Қазіргі заман тарих ғылымын жаһандық тарихи зерттеулермен байланыстыру, шетел мамандарымен біте­қайнаса жұмыс жүргізу, жалпы айтқанда әлемдік кеңістікте қазақстандық тарих ғылы­мының үні естілуі қажет. Мұндай күрделі де, мемлекеттік маңызы бар жұмысты іс жүзіне асыру оңайға соқпасы мәлім. Сондықтан да министрдің ғалым-тарихшылар Бірлестігі ту­ралы ой-тұжырымын тезірек қолға алып, оның жұмыс жасау механизмін іске қосу арқылы нәтижелерге жетуіміз мүмкін. Ол шындығында беделді халықаралық Бірлестікке айналуы қажет. Бұл — заман талабы. Сонда ғана Қазақстанның әлемдік тарихтағы орны, теориялық-методологиялық жаңаруы айшықталуы ақиқатқа айналады.
Тарихшылардың бүгінгі интеллектуалдық әлеуетін жоғалтпай, ұрпақтар сабақтастығы ар­қылы жас мамандарды ғылыми жобаларға қатыстыру мақсатқа жетудің тура жолы бол­мақ. Осындай мақсатпен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты баста­масымен 2012-2016 жылдар ішінде 20 кітаптан тұратын «Отан тарихы» академиялық ба­сылымын жарыққа шығаруды күн тәртібіне қойды және жоба жұмысына бірнеше ҒЗИ мен ЖОО-ның тарихшы-ғалымдары үлесін қосуға даярлығы туралы келешектің келелі мәселелерін институт директоры, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов мәлімдей отырып, теориялық-методологиялық ұстанымдары берік зерттеу, біріншіден, бәсекеге қабілеттілік кепілі, екіншіден, ақиқатты паш ететіндігін атап өтті. Тарихи сананың өсуімен ұлт тарихының ұлықталатыны белгілі. Ұлттың интеллектуалдық қабілеті – гуманитарлық ғылымдардағы ғылыми-зерттеу ізденістері мен нәтижелері. Сондықтан көптомдық отан тарихына байланысты тұжырымдарды ғалымдардың арнайы жеке басқосуы арқылы талқыға салу да кезек күттірмейтін мәселе.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тарих ғылымының маңызды баспалдағы болса, келесі қадам ұлттық тарихымыздың рухани еркін білдіретін кезеңге өтпекші. Дәл осы тұста сенім мен үміт емес, нағыз іс-қимылдың қоңырауы соғылуда, оған жоғарғы рух пен жа­уапкершілік арқылы ілесіп, замана тарихының ақиқатын ашуда жасампаздықтың ұйытқысы болу әрбір тарихшының міндеті болмақ. Самғау мен өрлеу күш-жігерді ғана емес, ептілікті де қажет ететіндігі тәрізді, заман талабына бейімделу де ұлттық мүдделілік пен бірлікке сусындалған тарих бетін толыққанды парақтайтын шыңның сама­лы соғатын күн де алыс емес.Тарихымыздың беделі – ұлтымыздың мәртебесі. Ертеңгі күннің тарихшы-ғалымы – білім­ді, білікті, ізденімпаз ғана емес, ой-тұжырымы тәжірибемен сарапталып ұштасқан ойшыл, тың көзқарас қалыптастыра алатын тұлға.
Ендеше «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлық тарихшылар қауымы бірлесе отырып ортақ мүдде үшін болашақтың үніне үлес қосу парызымыз. Отандық гуманитар­лық ғылымның дамуына мемлекеттік қолдау — жаһандық мәселелерге байланысты еліміздің экономикалық, саяси қарқынына сай әлемдік тарихтың маңызды бөлігі ретінде өз орнымызды нақтылайтын дүниежүзілік ғылыми ортадағы белсенділікке ашылар даңғыл жол.