Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ғабжалилов Х.М. Ноғай этносаяси қауымдастығы және қазақ ру-тайпаларының қалыптасу тарихы туралы


Қазақ халқының қалыптасу процесінде Алтын Орда мемлкетінің ыдырауы нәтижесінде пайда ортағасырлық мемлкеттердің негізгі халқын құраған этносаяси қауымдастықтардың алатын орны ерекше. Солардың бірі «ноғай» этносаяси қауымдастығы. Әсересе, қазіргі қазақ халқының құрамындағы кіші жүз ру-тайпаларының қалыптасуындағы Ноғай Ордасының орны ерекше болғаны белгілі.
Ал, этносаяси қауымдастық дегеніміз – белгілі бір тарихи-этнографиялық аймақ шебінде құрылған мемлекет тұрғындарының жалпы атауы екені белгілі. ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстан аумағында құрылған осындай этносаяси қауымдастықтар қатарында (халық емес – авт.) „өзбек-қазақ“, „өзбек“, „моғол“, „ноғай“, „маңғыттарды“ атай аламыз. Біз қарастырып отырған кезеңде қазақ көптеген кіші жүз ру-тайпалары осы аталған этносаяси қауымдастықтарға бірікті. Бұның бірінші себебі олар Ноғай Ордасының негізін қалаған Едігені қолдған ру-тайпалар қатарында XIV ғасырдың аяғында батысқа қарай жылжи түскендіктен кейінірек ноғайлар деген атаумен белгілі этносаяси қауымдастықтың негізін құраған ру-тайпалардың біріне айналса, екіншіден Алтын орданың ыдырауынан кейін орын алған саяси тұрақсыздық заманында негізінен олар шоғырланаған аумақ Едіге және оның ұрпақтарының билігіне қараған. Міне, сондықтан негізінен Шығыс Дешті Қыпшақтық ру-тайпалардың бірі болып саналатын алшындар ноғайлар құрамында кездеседі.
Ноғай Ордасының негізінен Еділ мен Жайық арасындағы кең-байтақ аумақты алып жатты. Олар шығысында Жайықтың сол жағалауы бойында көшіп жүрді. Ноғайлардың көші-қон аумағы солтүстік-шығысында Батыс Сібір ойпатына дейін, солтүстік-батысында Қазанға, оңтүстік батысында Арал өңірі мен Каспий аймағының солтүстігіне дейін жететін, ал кейде олар Маңғыстау мен Хорезмге дейін қоныстанғандары туралы пікірлер біздің тұжырымдарымызды бекіте түседі.
Ал, ХІҮ ғасырдың соңына таман Едіге бастаған маңғыттар Батыс Қазақстан далаларында, Жайық пен Ембі өзендері бассейндері аумағында орналасады. Бұл кезде аталған аймақ Алтын Орда құрамында еді. Алтын Орда мемлекетінің әлсіреу кезеңімен тұспа-тұс келген уақытта (ХІҮ ғ. аяғы – авт.) Едіге Алтын Ордадан тәуелсіз саясат жүргізе бастайды. Біз осы кезеңде алшындардың көпшілігі маңғыттар және т.б. ру-тайпалармен бірге Едіге билігіне қараған болуы керек деп топшылай аламыз.
Осылайша алшындар Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы нәтижесінде пайда болған, негізгі халқын ноғай этносаяси қауымдастығы құраған Ноғай Ордасының құрамына кірді. Ноғай Ордасының негізгі халқын құраған түркі тектес ру-тайпалар жалпы негізінен Алтын Орда мемлекетінің халқы еді. Алтын Орда хандарының билігін мойындаған, моңғол және Орта Азия далаларынан Русьтің оңтүстік-шығыс далалары мен Қара теңіздің солтүстік-шығыс аумағына дейінгі аралықтағы түркі тектес тайпалар бірлестігін қыпшақтар, қаңлылар, қоңыраттар, наймандар, керейлер, үйсіндер, кенегестер, арғындар, алшындар және т.б. ірі ру-тайпалық бірлестіктер құрағаны белгілі. ХІІІ ғасырда Алтын Орда мемлекетінің құрылуымен түркі тайпаларының бір-бірімен тығыз араласу процесі орын алды. Нәтижесінде XV Дешті Қыпшақ тайпаларының жаңа этникалық негізі қалыптасып бітті . Осылайша Алтын Орда кезеңіндегі «қыпшақтар» деген жинақталған атаумен аталған этносаяси қауымдастықтың ру-тайпалық құрамы ХІІІ ғасырға дейінгі кезеңмен салыстырғанда елеулі өзгеріске ұшырады. Әрине бұл аталған кезеңге дейінгі жергілікті ру-тайпалардың моңғол шапқыншылығы дәуіріне байланысты орын алған этносаяси өзгерістердің нәтижесінде құрамы өзгеріп, этникалық дамудың жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Бұған алшын тайпалық бірлестігінің қалыптасу тарихы да айқын дәлел бола алады. Бұл кезде Алшын одағы қаракесектер мен байұлы ру-тайпаларының одағына айналуға бет алса, ал, Қазақ хандығы дәуірінде жалпы Кіші жүздің ортақ атауы ретінде, құрамында енді жетіру тайпалық одағының ру-тайпалары біріктірілген кезде қолданылатын кең мағынасындағы үшінші мәніне ие бола бастайды.
Кезінде Едіге мен оның ұрпақтары билеген Ноғай Ордасы өз кезегіндегі күшті саяси бірлестік болды. Зерттеушілердің пікірінше ХҮІ ғасыр басында Едіге ұрпағы Мұса би тұсында шын мәнінде тәуелсіз мемлекетке айналды . Ноғайлар ХҮ-ХҮІ ғасырларда башқұрт жерінде де үстемдігін орнатып, ондағы негізгі саяси фактор болып қала берді. Ноғайлар Орал үстіртінен Белый өзенінің төменгі ағысы, Жайықтың жоғарғы ағысы бойындағы башқұрт жерлеріне үстемдік жүргізді . Осы кезеңдегі Ноғай Ордасының негізгі тұрғындарын маңғыттармен қатар қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, қарлұқ, ашаси, тама, табын және т.б. тайпалар құрады. Ал, саяси билік маңғыт тайпасынан шыққан Едіге ұрпақтары Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы және т.б. қолында болды. Дегенмен бұл билеушілер өздерінің қол астына қараған жоғарыдағы ру-тайпа көсемдерімен де санасып отырған.
Біз қарастырып отырған кезеңде Ноғай ордасындағы алшындардың орны мен рөлінің өте жоғары болғаны деректерден де көрініс тапқан. Мәселен, ХV ғасырдың ортасында Үлкен Ноғай Ордасынан бөлінген Астрахань хандығында негізгі, жетекші тайпа қоңырат, маңғыт және алшындар болып саналған. Бұл тайпа өкілдері аталған мемлекеттің саяси өмірінде аса белсенді роль атқарған. Мәселен, астрахань князі Тыныштың тегі алшын болған .
Ноғай Ордасы құрамындағы алшындар негізінен ол ыдырай бастаған тұста «алтыұл» ұлысы деп аталаған бөлігінде топтасқан болар деген болжам жасауға болады. Себебі «Алтыұл» ұлысының негізін қалаушы, Ноғай мырзасы Мұсының немересі Ших-Мамай ұлысы бұл атауға оның алты ұлының билігі тұсында ие болған. Алтыұл ұлысы «Көк теңіз немесе Арал маңындағы жерлерді иеленді әрі Бұхара, Хиуамен тығыз қарым-қатынаста болған» .
Алтыұл ұлысынан бұрын Жем өзені бойында тағы бір дербес иелік бөлініп шыққан еді. Бұл иелік «Жембойлық» деген атаумен белгілі. Бұл иеліктің негізгі халқын байұлы ру-тайпаларынан тұруы мүмкін. Жалпы, Үлкен Ноғай Ордасының одан әрі ыдырай түсуінің әрине, саяси, әлеуметтік-экономикалық себептері ғылыми әдебиеттерде біршама қарастырылған мәселелердің қатарына жатады. Дегенмен Ноғай Ордасының одан әрі ыдырауының негізгі себептерінің бірі осы кезеңде орын алған этникалық процестердің заңды нәтижелеріне де байланысты болғаны күмәнсіз. Себебі бұдан былайғы оқиғалар көрсетіп отырғандай, жалпы Ноғай атауымен белгілі болған ру-тайпалар әртүрлі ірілі-ұсақты ұлыстарға бөлініп, ең соңында олардың көпшілігі Қазақ хандығының құрамына қосылып кетеді.
В.В. Трепавловтың зерттеулері бойынша ХҮІ ғасырға дейін өздерін «жүз қырық рулы» ел деп атаған ноғайлардың құрамындағы 70 ру-тайпаның тармақтарымен қоса есептегенде, жүз отыз тоғыз ру-тайпа атауы белгілі болған . Бұдан әрі зерттеуші бұл сан ХҮІ ғасырдағы ноғайлар құрамындағы ру-тайпалардың жалпы санын білдірсе керек, себебі ХҮІІ ғасырдың басына таман Үлкен Ноғай Ордасы биінің қарамағындағы ел (ру-тайпа) он төрт-ақ ру-тайпадан тұрғаны туралы тұжырым жасайды . Бұл жағдай бізге өз кезегімізде Алшын тайпалық бірлестігінің негізін қалаған ру-тайпалардың «Жембойлық», «Алтыұл» ұлыстарының өзегін құрағаны туралы тұжырымымызды бекіте түсуге мүмкіндік береді. Себебі, Қазақ хандығының қосылған ру-тайпалар негізінен Алтыұл, Жембойлық ұлысының халқы болған. Сондықтан жоғарыда аталған екі ұлыстың негізгі халқы алшын тайпалық бірлестігін құраған Қаракесек, Байұлы және кейінгі Жетіру одағына кірген ру-тайпалардан тұрған деп айтуға толық негіз бар.
Себебі, біріншіден, олар орналасуы жағынан қазіргі байұлы, қаракесек, жетіру одағы ру-тайпаларының негізгі аумағын алып жатса, екіншіден жалпы алшын одағын құраған ру-тайпаларының негізгі қалыптасу ядросы болған Ноғай этносаяси қауымдастығының бұл бөлігі қазіргі қазақтың Кіші жүзін құрап отыр. Сондықтан болар қазақ халқының негізін қалаған Орта жүздің кейбір тайпаларын есептемегенде, Ұлы жүз ру-тайпаларының ешқайсысында сонау замандардан «қазақ-ноғай» бірлігі туралы, ноғайлы-қазақ батырлары жайлы ауызша деректер сақталмаған.
Ал, түркі эпосының белгілі зерттеушісі В.М. Жирмунский «өзара туыс қазақ тайпаларымен ХV-ХVІ ғғ. өн бойында тығыз байланыста болған ноғайлардың» едәуір бөлігі құрамына кірген Кіші жүз қазақтарының арасында Едіге және оның ұрпақтары жайлы поэмалар циклының өте жақсы сақталып қалғанын жазады . Одан әрі зерттеуші ноғайлы-қазақ дәуіріне жататын қазақ эпостарының негізгі бастау көзі өз негізін ХVІІ ғасырда қазақтың Кіші жүзі құрамына сіңіп кеткен жайық Ордасында сақталған аңыздардан алатынын, соның ішінде негізгі рөлді «алтыұл» атанған Ших-Мамай ордасы алатынын, қазақтар арасына таралған поэмалардың көбінде Мұсаның ұлдарының ішіндегі басты рөлді «хан Мамайға» беретінін байқауға болатыны туралы тұжырым жасайды .
Сондықтан біз өз кезегімізде алшын тайпалық бірлестігі, негізінен Ших-Мамайдың «алтыұл» ұлысы негізінде қалыптасқанына көз жеткіземіз. Себебі ортағасырлық дерек мәліметтеріне қарағанда, Едіге ұрпақтарның әрқайсысы тек маңғыттарға ғана емес, негізінен ноғай этносаяси қауымдастығына кірген ру-тайпалардың белгілі бір бөлігіне арқа сүйеген. Мәселен, деректерде де 1550-1560-шы жылдары Исмаилдың балалары Дінбай мен Құлбайдың өздеріне қарасты найман елінен тұратын «ұлыс адамдарымен» Дәулеткерейге кеткені жайлы мәліметтер сақталған. Деректер Ноғай мырзаларының бұл әрекеттерін олардың «ұлыс адамдарының», яғни наймандардың тайпа көсемдерінің азғыруымен болған әрекет деп түсіндіреді . Басқаша айтқанда, негізінен әр ұлысты Едіге ұрпақтары билегенмен, негізінен бұл ұлыстардың өзегін әртүрлі ұранды ру-тайпалық кландар құраған. Ноғай мырзаларының саясаты көбінесе осы ру-тайпа көсемдерінің ұстанымдарына байланысты болғаны түсінікті. Сондықтан біз, болашақ алшын тайпалық бірлестігін құрайтын байұлы, жетіру ру-тайпалары негізінен ноғайлардың «жембойлық» деген атаумен белгілі ұлысы мен қаракесек ру-тайпалары негізінен «алтыұл» ұлысы аумағынды болашақ алшын тайпалық бірлестігіне бірігу процесін өткеріп жатқанын байқаймыз.
Осы заманның жәдігері іспеттес, қазақ ноғайлы дәуірінен жеткен «Қырымның қырық батыры» атты батырлар жырының бірі – Алшын Алау батырға арналған.
Қазіргі кездегі кіші жүз шежіресін тарататын шежіре нұсқалардың кейбірінде Алау батыр Алшыннан таратылады. Дегенмен Алау батыр Алшынның әкесі ретінде де көрсетілген нұсқалар да жетерлік . Шежіре дәстүріндегі бұл сәйкессіздік біздің пікірімізше, Алшын тайпалық бірлестігінің қалыптасу тарихынан хабар беріп тұрғандай. Себебі, шежіре нұсқалары көбінесе Алшын ұғымына Қаракесек (Әлім) және Байұлы бірлестіктерін кіргізіп, шежіре айту дәстүрінің атқаратын функциясына сәйкес оларды бір атадан туғызып отыр.
Ал, Алау батырдың жеке басына келсек, әрине оның ноғайлы қазақ дәуірінде өмір сүрген тарихи тұлға екендігі күмәнсіз. Алау батыр мен оның інісі Әшет батыр жайлы қисса-дастандарда Әшеттің Жаңбыршыдан көмек сұрап барғаны жайлы айтылатын тұстары бар. Ал, Жаңбыршының атақты Едігенің шөбересі екенін әрі осы кезде Алаудың қартайған шағы еді деп көрсетілетін тұстарын ескерсек, онда Алау Едігенің немересі Оқаспен замандас болып шығады. Ал, Оқас би тарихи деректерде 1429 жылы билікке келген 17 жасар Әбілхайыр ханның бас биі ретінде аталады . Сондықтан Алау батырдың шамамен ХҮ ғасырларда өмір сүргені айқындала түседі.
Алшындардың ноғай этносаяси қауымдастығымен тығыз байланыстылығы қазақтың шежіре дәстүрінде де айқын көрініс береді. Мәселен, Шектіден шыққан, шамамен 1630-1684 жылдары өмір сүрген деп есептелінетін Тілеу батыр Айтұлы, оның ұлы атақты Мөңке бидің тегі Ноғай Ордасының негізін қалаған Едігеге барып тіреледі. Егер, қазақ шежіресі қазақ ру-тайпаларының басынан өткерген тарихи тағдырының жаңғырығын ғана сақтап қалатынын ескерсек, осы орайда Мәку – Бөлек тағдырын Ноғай Ордасы ыдырай бастаған замандардағы Кіші жүз ру-тайпаларының жаппай Қазақ хандығына қосылу процесінің жаңғырығының куәсіндей қабылдауымыз қажет.
Жалпы Ноғай Ордасының негізін маңғыт тайпалары қалағанымен, Ноғай этносаяси қауымдастығына қыпшақтар, қаңлылар, үйсіндер, кенегестер, наймандар, арғындар және т.б. тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің өкілдері кіргенін атап өттік. Әрине, бүгінгі таңдағы ноғай халқының қалыптасу процесін тек Ноғай Ордасы дәуірімен шектеп қоюға болмайды. Ноғайлар да қазақ, өзбек, қырғыз және т.б. түркі халықтары сияқты этногенетикалық тамырлары сонау ерте кезеңдерден бастау алады. Бірақ ноғай халқының қалыптасу процесіне тоқталу негізгі мақсатымыз болмағандықтан, алшындардың аталған кезеңдегі ноғай этносаяси қауымдастығындағы орнына тоқталайық. Негізінен ноғай этногенезінің соңғы кезеңіндегі негізгі этникалық базасын Өзбек ұлысының немесе тарихта көбінесе «көшпелі өзбектер» деген атаумен белгілі тайпалар бірлестігі құрағаны белгілі . Ал «көшпелі өзбектер» ұлысының негізгі халқын құраған «92 баулы өзбек» тайпаларының ру-тайпалық құрамы туралы ортағасырлық дерек мәліметтерін талдау алшындардың аталған ұлыстағы саны жағынан басым, беделді тайпалардың бірі болғандығын көрсетіп отыр .
Т.И. Сұлтанов «92 баулы өзбек» тайпаларының ру-тайпалық құрамы туралы құнды мәліметтер беретін ортағасырлық автор Сайф ад-Дин Ахсикентидің «Маджму ат-таварих» атты шығармасының 3 нұсқасын өзара салыстыра отырып, Өзбек ұлысының ру-тайпалық құрылымын қарастырғанын айтып өткен едік. Міне, осы тізімде аталған ру-тайпаларды Ноғай ру-тайпалық бірлестігі туралы В.В.Трепавлов жасаған кестемен салыстырдық. Жоғарыда аталған Т.И.Сұлтановтың еңбегінде берілген тізім бойынша берілген 92 тайпаның ішіндегі 33-і В.В.Трепавлов келтірген 70 ру-тайпамен сәйкес келеді. Олар: алшын, бадай, баяут, бүркіт, бутас (баташ), жалайыр, джыйыт (джуют), дурман, қаңлы, керейіт, қыпшақ, қырғыз, қырқ, қытай (хытай), қият, қоңырат, маңғыт, меркіт, минг, найман, онгут, сарай (сарайшық), тама, түркмен, уймауыт, тургак, казак, үйсін, калджут, кулачи, телеу, уйгур, чимбай. Ал, алшындар В.В. Трепавловтың тізімінде ноғайлардың негізгін қалаған елдің (тайпаларды) бірі ретінде көрсетілсе, ал «Маджму ат-тауарих» бойынша 7-ші болып тұр. Бұл деректер бізге негізінен Шығыс Дешті Қыпшақтың жергілікті тұрғындары болып табылатын алшындардың ноғай этносаяси қауымдастығына сол хамандарда орын алаған саяси поцестердің нәтижесінде ғана қосылғанын көрсетеді. себебі в.В. Трепавлов тізімі бойынша ноғайлар құрамындағы алшындар туралы мәліметтерді XVI-XVII ғасырлардағы орыс деректерінде кездессе, ал бұдан кейінгі кезеңдердегі деректерде ноғайлар құрамында алшындар аталмайды .
Себебі XV ғасырдың екінші жартысынан бастап Ноғай Ордасының одан әрі ыдырау кезеңі тұсында көптеген ноғай этносаяси қауымдастығын құраған ру-тайпалар өз атауларын сақтай отырып қазақ, қарақалпақ, башқұрт, ноғай және т.б. халықтардың құрамына енді. бірақ, басқа қазақ ру-тайпаларымен салыстырғанда алшындар ноғай мен қазақтан басқа түркі халықтарының құрамында кездесе қоймайды. Мұны қазақстандық зерттеуші А. Исиннің кестесіне де байқаймыз. Зерттеушінің ноғай, қазақ, қарақалпақ, өзбек-қыпшақ, башқұрт және қырғыздардың құрымындағы ру-тайпалардың деректер бойынша «көшпелі өзбектер» мен Ноғай Ордасының ру-тайпалары ретінде аталатын ру-тайпалық құрылымының сәйкестігін анықтауға арналаған кестесінде Шығыс Дешті Қыпшақтық «көшпелі өзбектер» құрамында кездесетін алышндардың тек ноғайлар мен қазақтар құрамында ғана кездесетінін көруге болды . Осы орайда зерттеушінің өзі де ноғайлардың құрамында болған Алшындардың ірі тайпалық бірлестігі ХІV ғасырдың екінші жартысында-ақ қазақтарға қосылған болуы керек. Себебі көп санды алшындар ноғайлар құрамында ХІV ғасырдан ХVІІ ғасырдың 30-шы жылдары аралығында деректерде өте аз кездеседі деп атап өтеді .
Бұдан біз жоғарыда біз талдаған себептерге байланысты ноғайлар құрамында болған алшындардың бір бөлігінің Ноғай ордасының ыдырауы тұсында толығымен қазақ хандығының құрамына өткенін, ал алшындардың негізгі бөлігі ежелден Шығыс Дешті Қыпшақтың беделді, белді жергілікті тайпалары ретінде әуеден алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібектерді қолдаған ру-тайпалардың бірі болған.

——————————————————–

  1. Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. – 101 б.
  2. Федоров-Давыдов Г.А. Кочевники восточной Европы под властью золотоордынских ханов. – М., 1966. -248 б.
  3. Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. – 44-49 бб.
  4. Усманов А.Н. Присоединение Башкирии к русскому государству. – 21 б.
  5. Исхаков Д.М. Этнополитические и демографические процессы в ХV-ХХ вв. // Татары. – М., 2001. -115-117 бб.
  6. Карамзин Н.М. История государства Российского. – СПб., 1824. – Т.9. -85 б.
  7. Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. -490 б.
  8. Сонда, -490 б.
  9. Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос. -377, 392 бб.
  10. Сонда, -511-512 бб.
  11. Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. -290 б.
  12. Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. -67 б.
  13. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. -120 б.
  14. Кочекаев Б.А. Ногайско-русские отношения в XV-XVIII вв. –Алма-Ата, 1988. -20 б.
  15. Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVII вв. – М., 1982. -11 б.
  16. Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVII вв. -29-33 бб.
  17. Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. – 499-504 бб.
  18. Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. – 499 б.
  19. Исин А. Казахское ханство и Ногайская Орда во второй половине XV-XVI вв. – Алматы, 2004. -20
  20. Исин А. Казахское ханство и Ногайская Орда во второй половине ХV-ХVІІ вв. – Алматы, 2004. -26 б.