Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қ. Ерімбетова. Тарихтың негізі ақиқатта


Қандай елдің тарихы болмасын ол болашаққа мұра болып қалатын дүние. Қазақ тарихы қағидалық және тақырып жағынан алғанда да жылдар бойы КСРО тарихының құрылымдық тақырыбы аясына басыбайлы болған кезеңнен өтті, әлемдік-тарихи эволюциялық дамудың бір бөлшегі екендігі де еске алынбады, кеңестік дәуірмен байланыстырыла қарастырылды. Сондықтан да тоталитарлық идеологияның қойнауында қазақтардың қоғамдық, тарихи ой-санасындағы сабақтастықтың толыққанды дамуына кедергі болды.
Қазақ тарихының сақталуына бірден-бір әсер еткен шежіре жазу және оны сақтау дәстүрі, Мұхаммед Хайдар Дулаттың, Қадырғали би Қосымұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мәшhүр-Жүсіп Көпеевтің және т.б. тарих жазу, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу дәстүрі. Қазақ тарихына қатысты шетелдік деректердің (қытай, моңғол, батыс еуропалық т.б) жарыққа шығуы, біздің тарихымыз бен тарихи зерттеулер дәстүрінің тереңде жатқанын көрсетеді. Елімізде шежірелік деректерден бастап тарих саласындағы академиялық жүйенің құрылып қана қоймай, отандық тарих бойынша зерттеу жұмыстарындағы концептуалды өзгерістерге дейінгі кезеңнен өтті. Отан тарихын зерттеумен арнайы айналысатын академиялық ғылыми мекеменің ұйымдастырылуы кеңестік кезеңде жүзеге асырылды.
XX ғ. басында М. Тынышбаев, Т. Рысқұлов, С. Асфендияровтың қазақ тарихына деген сүйіспеншіліктері арқылы олардың ой-тұжырымдары мен ізденістері академиялық отан тарихының негізін қалаған еді. Еліміздің тәуелсіздігі қоғамдағы рухани ахуалдың өзгеруіне алып келді және оған сәйкес жаңа методологиялық негізге сүйенген, өмірлік сұраныстарға лайық тың тақырыптарға бет бұрған тарихи зерттеулерге сұраныс үлкен қоғамдық мәселеге айналды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстанның тарих ғылымының көшбасшысы саналады. Тарих ғылымын дамыту және ғылыми мамандарды даярлауда А.Н. Нүсіпбеков, П.Г. Галузо, Б.С. Сүлейменов, Г.Ф. Дахшлейгер, Р.Б. Сүлейменов, М.Қ. Қозыбаев, Ю.Н. Романов, С.Б. Нұрмұхаммедов, К.Н. Нұрпейіс т.б. ғалымдар, қазіргі кезеңде еңбек ардагерлері мен ғылыми қызметтен қол үзбеген ғалымдар Б.А. Төлепбаев, М.-А.Х. Асылбеков, Т. Балақаев, О. Смағұлов, З. Қинаятұлы, Б.Н. Әбішева, К.А. Пищулина, Б.Е. Көмеков, К.М. Байпақов, Н.Е. Едігенов, Ж.Б. Әбілхожин, В.З. Галиев, С.Е. Әжіғали, М.Қ. Қойгелдиев, С.Ф. Мажитов, А.Т. Капаева, Қ.С. Алдажұманов, Б.М. Сужиков, Е.Ж. Уәлиханов, С.А. Жәкішева т.б. ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмысындағы кәсіби шеберліктері негізінде отандық тарих ғылымы дамуда және жас кәсіби тарихшылар толқыны өсіп келе жатыр.
Ғалымдар алдында халықаралық байланыстардың тарихи сабақтастығын негіздеу және Қазақстанның әлем тарихындағы орнын айқындау міндеттері алдыңғы орынға қойылды, тарихи сананы қалыптастырудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу, тарихи зерттеулердің негізгі бағыттарын, олардың тақырыптарын айқындау қажет болды. Алғашқы тәуелсіздіктің он жылдығы тарих ғылымы мен тарихнамасының даму үрдісі халықтың ардақты ұлы, академик М.Қ. Қозыбаев есімімен тығыз байланысты, ол ұлтқа, өркениетке т.б. көзқарасы мен ой-пікірін білдіре отырып, этникалық «халық», «ұлт» ұғымдарының ішкі өзара байланысы және тарихи шарттылығы мәселелерін зерделеу арқылы бүгінгі ұрпаққа өзінің бай рухани мұрасын қалдырып кетті.
Биылғы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институттары ғалымдарының күшімен кезінде ҚР ҰҒА академигі М.Қ. Қозыбаевтың бастап кеткен Қазақстан тарихының (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі) бес томдық басылымының жарық көруі, тың көзқарастармен кең ауқымды деректік негізде, отандық және шетелдік мұрағаттардың, құжаттық жинақтар мен статистикалық есептердің, баспасөз материалдарын және бұрын жабық болған мұрағат қорларының материалдары пайдаланылуы өткен тарих беттерінің ақиқатын ашуға алғышарт болды десек те болады, оның авторлар құрамы өздерінің еңбектерімен тек біздің республикада ғана емес, сонымен бірге шет елдерде де танымал болған белгілі ғалымдар.
Қазақстанның бүгінгі тарихы мемлекеттіліктің жоғары сапалы жаңа деңгейімен, егемендік ақиқатымен және бүкіл қоғамдық- саяси жүйенің өзгеріске түсуімен орайлас келді. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы маңызды оқиғалар мен мәселелерге арналған 5-том бойынша, XX ғасырдың аяғы – XXI ғасырдың басындағы елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуының тарихын жазу тәжірибесі қоғамтану саласындағы мамандардың зерттеу жұмыстарында өзара байланыс болу қажеттілігі заман талабы екендігін нақтылай түсті.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты іргелі ғылыми-зерттеу бойынша соңғы үш жылда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы, ұлттық зиялы қауымның қарым-қатынасы, ҚР-ғы төзімділіктің қалыптасу ерекшеліктері, ҚР әлемдік қауымдастыққа ену үрдісі, Қазақстан тұрғындарының демографиялық дамуы, Қытай қазақтары, ежелгі тұрғындардың антропологиясын, шетелдік тарихнама, далалық өркениет, теориясы мен әдістемесін кешенді зерттеумен айналысты. Сондықтан да қазіргі тарихшылар отаншылдық рухта, ел тағдырына қатысты мәселелерді қолда бар мүмкіншілікті пайдаланып нақты деректік негізде «тарих ақтаңдақтарын» іздестіруде және зерттеуде.
Тарихтағы оқиғалар мен іс-шаралар нәтижелері – тарихи ақиқат болып табылатын болса, әрбір оқиғаның өзіндік алғышарттары мен себеп, салдары, мақсат-міндеттері бар. Сондықтан да тарихи ақиқат – тарихи сананы қалыптастыру мен дамытуда белгілі рөл атқарады. Қазіргі кезеңдегі тарих қойнауындағы түрлі үрдістерге қызығушылардың көбеюі, кәсіби емес мамандардың жеке тұлғалар өмірі мен қызметіне байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізу дәстүрі де өріс алуда. Біз неғұрлым адами құндылықтарды бағалаған сайын, қоғамның құндылығы артпақ.
Тарих ғылымы да нақты ғылымдар сияқты мәселенің дәлелді дереккөздері шынайы айқындалғанда ғана ақиқатқа айналады, болжам жасау арқылы тарихты құрастыруға құқымыз жоқ. Осы тұста абзал ағамыз, академик М.Қ. Қозыбаевтың: «… тәуелсіз ел болдық, еңсеміз көтерілді. Ту тіктік, оны шайқалтпай ұстау елге сын. Қазақ жері көп халыққа мекен жай. Діні басқа болса да тілегі бір халықпен тату тәтті еңбек етіп, ел шырқын бұзбау, бірлігі бар елдің тірлігі барын ұмытпайық. Кең болсаң, кем болмайсың ағайын» тұжырымы еріксіз ойға оралады.
Бір ғана 1916 жылғы көтерілісте 60 мыңнан астам адамнан айырылсақ, 1921-1922жж. аштық 2 млн. 250 мың 200 адамның тағдырын қиды. Тізбектей берсек халықтың тәуелсіздік жолындағы үздіксіз күрес жолдарын көреміз, тәуелсіздікке жеткізген де сол киелі жолдың мұраты. Ендеше еліміздегі саяси тәуелсіздікті экономикалық тәуелсіздікпен нығайту, индустриалды-инновациялық жобалардың, Елбасы Жолдауындағы әлеуметтік саясаттың жүзеге асуы ел тағдырының ертеңі.
Әрине, жалпылама айтатын болсақ есеміз ескі кеңестік тарихи құрылым қойнауында кетті. Басқасын қойғанда елді дамытуға жылдар мен ғасырлар мерзімі бізге аса қажет еді. Дегенмен жарық жұлдыздай жарқыраған ұлт зиялыларының ой-тұжырымдары кезеңінде жүзеге аспағанмен кейінгі ұрпақ тарихи, мәдени мұра ретінде жоғалтқан жоқ. Өкініш, бірақ ақыры бар қуаныш. Тарих бай қазына тәрізді, оның түпкі сырына үңілген сайын ақиқатқа даңғыл жол ашыла түседі. Қазақ халқына қатысты тарихи шындықты айқындау жалғасын таба береді. Әрбір кезеңнің ашылмаған шындығы болуы мүмкін, «ақтың атын ақымақ өшіре алмайды» деген сөз бар ғой. Оған біздің Тәуелсіздігіміз куә. Сондықтан да тұжырымды дәлелдер мен нақты деректер арқылы тарихтың жаңа бетінің үнемі ашыла беретініне мен сенімдімін.
Мұндай сауал қойылмау қажет деп ойлаймын. Адам берілген мүмкіндікті пайдалана алуы шарт. Ата-бабамыздың рухын жоғалтпауымыз керек. Әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде өзін ел-жұрт ретінде көрсете алған қазақ елі ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, ұлтаралық ынтымақтастыққа жауапкершілігін де сезінеді. Мен өзім тоталитарлық кезеңнің қайнаған ортасында дүниеге келіп, өсіп-жетілген ұрпақтан болсам да менің тілімді, ұлттық рухымды, жеріме деген сүйіспеншілігімді ешкім жоя алған жоқ.
Сондықтан байыппен қарап, ең алдымен өзіміздің кемшіл тұстарымызға мән бере отырып, басқа жұртқа өнеге көрсете алғанда ғана ел мәртебесінің асқақтайтынын 2010 жылғы ЕҚЫҰ Саммиті дәлелдеген жоқ па.
Елбасымыздың өзі: «20 жылда жаңа мемлекет, жаңа қоғам құрылғанын, қазақстандықтардың жаhанданушы әлемде өмір сүре және жұмыс жасай алатын жаңа ұрпағы тәрбиеленгенін» атап өтті.
Ғалымдар ұлттық тарихты байсалды ғылыми ой елегінен өткізу деңгейіне көтерілді. Мемлекетіміздің орнықтылығы ұлт зиялыларының бірлігі, халықтың ынтымақтастығында жатса керек. Алдағы игі мақсатымыз ана тілімізді, төл тарихымызды, мәдени мұраларымызды бірізділікке салу, қалпына келтіру. Ол адамдардан рухани бірлікті, шынайы түсінушілікті қажет етеді. Адами құндылықтар болашақ қоғамның ең басты байлығы болмақ.

Фотоархив

Увеличить картинку