Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Алаш қозғалысының тарихи бастаулары


Өмірзақ Озғанбаев,

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер,
тарих ғылымдарының докторы

Қазақ азаттық қозғалысының ең салмақты және күрделі кезеңі өткен ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келді. Бұл – қазақтың тарихи зердесіндегі «Алаш» атауын иеленіп, отарлық езгіге түскен халықтың бостандығы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге тырысқан зиялылардың саяси-қоғамдық іс-әрекеттері болатын.
Әділ төреші – уақыт өткен сайын Алаш қайраткерлері ұлт тарихында ұлтжандылықтың ерен үлгісіне айналғанын сезіне түсеміз. Бүгінгі 90-жылдық айтулы мерзім тұсында қозғалыс тарихын жадымызда тағы бір жаңғыртуды қасиетті парызымыз санадық.
Қазақ халқын толықтай отарына айналған Ресей үшін де ХХ ғасыр бетбұрысты, күрделі оқиғалар мен елеулі өзгерістердің орын алуымен сипатталады. Соның ішінде назар аударарлығы қоғамда буржуазиялық- демократиялық даму жолына көшіруге бағытталған өзгерістер болатын. Осы орайда Мемлекеттік Думаның шақырылуы сол дәуірдегі ірі саяси әлеуметтік оқиғаға айналған еді. Осынау жоғары заң шығаратын органның 12 жыл (1906-1917 жж.) арасындағы қызметі Ресей тарихында, оның құрамына енген халықтардың өмірінде айтарлықтай із қалдырған демократиялық идеалдың зор көрінісіне айналды. Мемлекеттік Дума ғасырдың бас кезінде Ресейде құрылған партия фракцияларының және аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің бас қосқан, Ресей империясындағы маңызы зор мәселелерді талқылайтын бірден-бір өкілетті форум болатын. Ол – Ресей Империясының алғашқы Парламенті рөлін атқара бастады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің әзірлігіне мұрындық болуымен бірге оның идеялық бастамасының негізінде қалады.
Ресейде Мемлекеттік Дума дүниеге келген кезде шаруалар елдегі халықтың басым көпшілігін құрады.
Метрополиядағы өзгерістерге демократиялық сипат беріп, дамыған елдердегідей патша билігін жоймай-ақ, Мемлекеттік Дума Ресейдегі сан жағынан ең көп шаруалардың мұң-мұқтажын алғашқы кезекке қоймақшы болды. Шаруа үшін жердің ең маңызды мәселе екені әуел бастан белгілі. Сол себепті де Дума өзі өмірге келген сәттен бастап-ақ бұл мәселені өз назарынан тыс қалдыра алмады. Осылайша жаңа демократиялық басқару жүйесімен ескі қоғамдық құрылыс арасындағы тартыстың өзегі болып жер мәселесі тұрды.
Ресей Мемлекеттік Думасы қазақ қоғамының отарлық жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заң қабылдамады. Қазақ даласының болашағын ойлайтын ұлт зиялыларының саяси күрестері осымен шектеліп қалған жоқ. Әрі қазақ зиялылары үшін Дума жұмысына және оған қатысты саяси шараларға қатынасу ізсіз өтпеді. Ең бірінші, империя жағдайында Дума сияқты «өкілетті» органның ең алдымен, орыс алпауыттарының мүддесіне, империялық мүдделерге қызмет жасайтындығына көздері жетті. Екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың белсенді, мақсатты қимылы және саяси тұтастығы керектігін түсінді.
Патша өкіметі қазақ даласын отарлау саясатын жүргізгенде әр түрлі кезеңге орай, түрліше әдіс, айлалар қолданып отырған. Түпкі мақсаты шикізаттың мол қоры саналатын ұлан-байтақ даланың байлық көздерін басыбайлы, түбегейлі иемдену еді. Ол үшін тұрғын халқын сахараның байырғы тіршілікке оңтайлы сулы-нулы шұрайлы елді-мекендерінен құмды, шөлейт жерлерге ығыстырып, оның орнына Ресейдің халқы көп шоғырланған аймақтарынан мұжықтарды күштеп әкеп жерсіндіруге тырысты. Осыған орай отаршыл әкімшілік қол астындағы халықты жан-жақты кіріптар ету үшін, мақсатты ойын жүзеге асыру жолында әр түрлі заңдар мен низамдар шығарып, елдің ішкі ерекшеліктерін жойып, дәстүрлі ел билеу жүйесін өз пайдасының ыңғайына көшіруге күш салды. Ресейден ағылған мұжықтарға беріп тауысқан соң, енді егінге жарамсыз жайылымдық жерлерге жабысты. Қалайда бұратана санаған халықты жайлы орнынан қуып, тақыр мен шөлге бостыруды көздеді. Олардың босаған жеріне орыс мұжығын орналастыру қарқыны өрши түсті. Қазақ халқының этникалық-рухани белгісін мүлдем жойып, шоқындыру арқылы ассимиляцияға түсіру жолына да бағытталған шаралар ыждағаттылықпен жүріп жатты. 1912 жылдың 5, 26-сәуірінде болған Қасиетті Синод кеңсесінде мынадай қаулы қабылданды: «Қазақтарға отырықшылық нормамен жер бергенде бөлек ауыл болып отыруға тыйым салынсын, міндетті түрде орыспен көрші болсын. Сол кезде ысходта қандай мәселе қаралса да, орыс дауысы басым болады. Сонда православие иісі сіңіп, қазақ тез шоқынады».
Келімсектердің қазақ даласына өздерімен бірге алып келген «мәдениеттердің» бірі – араққұмарлық еді. Оны қоныс аударушылардың елді мекендеріндегі маскүнемдікке салыну фактілерінің кең етек алуынан байқауға болады. Мысалы, 1910 жылы Михайловка станциясындағы 200 семья тұрғындары 5000 шелек арақ ішкен және жергілікті тұрғындарды да бұл әдетке баули бастаған.
Қазақ зиялылары отаршыл үкіметтің қазақтардың тілін, салт-дәстүрін, діни сенімін, жалпы ерекше болмыс-бітімін құғындау, тағылық және айуандықпен жазалау арқылы ұлт ретінде жойып, бүтін өлкені орыстандырып жіберуді тоқтату керектігіне назар аударды. Әртүрлі әкімшілік шаралар, нұсқаулар мен ережелер арқылы қазақтарды заңнан тыс тобырға айналдырып, оларды өздерінің ата-қонысынан айыру саясатын көздегенін ашына айтып, ендігі уақытта халыққа автономиялық дәрежеде болса да еркіндік беруін талап етті.
Сол дәуірде күн тәртібіне қазақ қоғамы дамуының және қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы өткір қойылды, ол үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ, ендігі уақытта жеке батырлар қол бастап, қылыш- найзамен көтеріліске шығу нәтиже бермейтін еді. Қалыптасқан саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла жаңа нысандары қажет болды, ең негізгісі, халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат- мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, тәуелсіздік үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын, саяси-әлеуметтік күшке сұраныс күшейді. Ол күш халқы үшін өмірдің барлық игіліктерінен бас тартып саяси күрес майданына шыға бастаған ұлттық интеллигенция-ұлт зиялылары болатын.
Осы ғасырдың басындағы халқымыз өміріндегі көкейтесті мәселелерді парламенттік бейбіт жолмен шешуге әрекеттенген, сөйтіп большевиктердің қантөгіс арқылы билікке келуіне балама көзқарас идеясын ұстанған ұлттық саясаткерлеріміздің тарихы жете жазылатын мезгіл жеткенін ескеруіміз керек.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қауымының рухани және саяси сұраныстарына толық жауап беру жолындағы қозғалысқа атсалысқан ұлттық интеллигенциямыз 1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалыс барысында барлық деңгейдегі орыс әкімшілігімен бетпе-бет келіп отырды. Сондай-ақ, олардың қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасып, бірыңғай саясатпен араласуына осы 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы қоғамдық- саяси қызмет майданын таңдап алуларына шешуші ықпал жасады.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы Ресей федерациясы халқы үшін қоғамдық сананың ояну кезеңі болғаны тарихтан мәлім. Ресей империясы құрамында болған қазақ халқына мұның өзі тікелей қатысты тарихи құбылыс болуымен қазіргі және келешек ұрпаққа құнды құбылыс болып табылады. Қазақ қоғамының сол тұстағы саяси дүниетанымының оянуына, оның өмірдің өзі алға қойған проблемаларына сай дамуына «Алашорда» халықтық демократиялық ағымы бірте- бірте бүкілхалықтық сипатқа ұласуымен зор екпін, тың серпін қоса білді.
Осынау ұлттық рухымызды оятып, тас-түйін бірлікке жету тек қана ұйымдасқан іс-әрекет керектігін бұқараның көзін жеткізу үшін ХХ ғасыр басындағы білім-тәрбиелі жаңа заман талабын дұрыс түсінген қазақ жастары мынадай түбегейлі міндеттерді шешуді өз алдарына және қазақ қоғамы алдына қойды: петицияларды осы мақсаттарда пайдалануға қатысу, жергілікті жерлерде қазақтарға арнап газет-журналдар шығару, кітап бастыру, орыс тілін меңгеріп, білім алу, сол білімін заң саласында мамандануға ұмтылу, Ресейдегі депутаттық орындарға қазақ ұлты өкілдерінің көбірек сайлануларына атсалысу.
Кейін «Алашордашылар» атанған ХХ ғасыр басындағы зиялы қазақ жастары бұл тарихи міндеттері биігінен абыройлы көрінді. Рас, бұл жеңіс оларға оңайға түскен жоқ. Олардың бәрінің түбіне Ресей үкіметі, қалды-кешегі Кеңестік үкімет басшылары жетті. Бірақ олардың бастаған қасиетті істері бұл күндері салиқалы салтанат құрып, ардақты азаматтарымыздың рухын асқақтата түсіп келеді.
Жоғарыда аталған дәуір шеңберінде қазақтың алдыңғы қатарлы жастары оқу-білімге көптеп, шын ынтамен ағылып келе бастады. Олар сол кезеңдегі Ресейдегі өнеркәсіп, ғылым мен мәдениеттің көрнекті орталықтары Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Казанда, т.б. қалаларда орта және жоғары оқу орындарында оқып білім шыңдады
Сонымен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейдің бір ғана Петербург университетінде 20-ға жуық қазақ студенттері оқыған. Б. Қаратай, Б. Құлман, Б. Сыртанұлы, А. Тұрлыбайұлы, М. Шоқай, Ж. Ақбайұлы және басқалар. Сондай-ақ, Мәскеу мен Санкт-Петербургтың басқа жоғары оқу орындарын Ә. Бөкейхан, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышпайұлы сияқты қазақ жастары бітірген. Яғни, қазақ зиялыларының басым көпшілігі
Ресейдің бас қалаларында және сол сияқты Қазақстанмен көршілес Омбы, Том, Орынбор, Ташкент, Саратов, т.б. қалаларында оқып, алғашқы саяси әрекеттерге сол жерлерде араласып, қоғамдық-саяси көзқарастарын қалыптастыра бастады.
Олардың бәрі дерлік тікелей саясатқа бет бұрды дей алмаймыз. Әйтсе де қоғамда өмір сүріп отырған әрбір азамат сол қоғам тұсындағы саясаттан мүлдем тыс қала алмайтыны, әрқашан заман ағымын зерделеп отыратыны хақ. Оқып- тоқып, қоғамдық сана-сезімі байи түскен ХХ ғасыр басындағы қазақ жастары қай жерде жүрсе де, қай салада еңбек етсе де туған халқының тағдыры туралы ойлануды бір сәт те ұмытқан жоқ. Қазақ халқының Ресей патшасы үкіметінің тұсындағы әлеуметтік- саяси саладағы теңсіздік жағдайын танып- білген сайын іштей де, сырттай да шешуші қадамдар жасауға бекініс жасайтын. Ол үшін қазақ халқының Ресей қоғамында өзге халықтармен қай салада да тең орын алуына жетісуі өте-мөте қажет деп бекінетін ілгергі лектегі қазақ жастары. Ал бұл мақсатқа жету үшін байтақ қазақ жерін мекен еткен қандастарымыздың қоғамдық сана-сезімін оятып, оларды әлеуметтік міндеттерді (жер-су дауы, т.б.) шешуден гөрі біртіндеп болса да саяси күрестерге шыңдау қажет деген қорытындыға тоқтады
Дала өлкесінде 1905 жылғы жаз айларындағы түрлі жәрмеңкелер мен жайлаулардағы мыңдаған адамдардың қатысуымен өткен басқосулар, оларда қабылданып, тиісті үкімет орындарына жіберілген саяси-әлеуметтік рухани-демократиялық талаптар қойған арыз-тілектерді (петициялар) оқып, білу арқылы кеңірек ұғына аламыз. Жан аямас отарлық езгідегі қазақ елінің мұқтажын білдірген арыз-тілектер батыста – Оралда, орталықта – Қарқаралыда, оңтүстік-шығыста – Жетісуда, яғни қазақтың кең даласының барлық аймақтарында жазылды.
Қарқаралы қаласының тұрғындары атынан келіп түскен хатта: біріншіден, жақын арада Мемлекеттік Думаны шақыру, онда жалпы ашық әрі жабық дауыс беру; екіншіден, іс жүзінде жеке адамның шын мәнісіндегі дербес құқын, ар-ұждан, сөз, баспасөз, жиналыс өткізу және ождан бостандықтарын мойындау; үшіншіден, үкімет тарапынан болатын әскери жағдай мен күшейтілген қарауылды жою. Әрі қарай олар жалпы халыққа бірдей білім беруді енгізу, жергілікті басқаруды реформалау, жұмысшы және шаруалардың әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуін талап етті.
Саяси күрестегі елеулі жетістігі – 1913 жылғы ақпанда Дала өлкесінде «Қазақ» газетін шығара бастауы болды. «Қазақ» газеті – сахара халқының тарихындағы ұлттық-демократиялық төл мерзімді баспасөзі еді. Ол қолдан қолға өтіп, ауылдан ауылға тез тарап кетті. «Қазақ» газетін шығарушылар халқымыздың ұлттық тұтастығын сақтап, Ресей империясының отаршылдық саясатының салдарынан жойылып кеткен дәстүрлі мемлекетігімізді қайта қалыптастыруға ат салысты.
Халықты саяси жағдайлармен таныстыруда баспасөз қыруар жұмыстар жасады. Газет беттерінде түрлі бағыттағы мәселелермен қатар Мемлекеттік Думаға сайлау ережелері һәм оның шет аймақтардағы ерекшеліктері, сондай-ақ, Қазақстан жайында жарияланымдар жарық көрді. Баспасөз беттерінде сайлау заңдарының халыққа қарсы сипатын ашып, науқан барысындағы жергілікті әкімшіліктің ара-тұра хабарын беріп отырды.
Газет бетінде халықты патша әкімшілігінің отарлау саясатының қыр-сырына түсіндіріп, езгіден құтылудың әдіс-тәсілдеріне кеңес берді. Қазақ халқының 1916 жылғы қарулы көтерілісіне Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларының газет арқылы үзілді-кесілді қарсы шығуы да жаппай қырғыннан аман алып қалудың саяси бейбіт жолын ұсынуынан еді.
Қазақ халқының орта ғасырлық мешеуліктен жаңа заманның көшіне еріп, өркениетті елдермен терезесі теңесуі үшін оқу-өнердің ауадай қажеттігін санасына сіңіру – кезек күттірмес міндет ретінде күн тәртібіне қойылды. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін саяси мінбеге айналдырып, ұлт зиялылары халқына дәріс берді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дұлатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбайұлы сынды саяси-рухани көсем тұлғалардың отты мақалаларынан күш алып, жігерін жаныды.
Патша жандармериясы қаншалықты бақылауға алса да, олардың алған бетінен қайтпай халқының азаттығы жолында күресе түскенін аңғару қиын емес. Ұлт зиялылары патша өкіметі тұсында да, кеңес дәуірінде де талай мәрте жер аударылып, абақтыға жабылды, құғын-сүргінге ұшырап, ең соңында «халық жауы» ретінде атылып тынды. Мұнан біз халқының бақыты үшін тарихи қажеттіліктен дүниеге келген қайсар да өр ұрпақтың өкілдері – жаңа сапалы өркениеттің талабына сәйкес от-жалында әбден шыңдалған ұлттың шын мәніндегі саяси-рухани көсемдерінің қатал заманның сынына шыдап, елеулі оқиғалардың бәрінен өздері бастаған ел-жұртты шетінетпей абыроймен алып шыққанын көреміз.
1905 жылы 6-13- қарашада Мәскеуде Ресей мемлекетінің жергілікті өлкелерден келген өкілдерімен қалалық қоғам қайраткерлері бірігіп съезд өткізді. Съезд Ресейдегі әрбір азаматтың ұлтына, тегіне, діни сеніміне қарамастан сайлауға және сайлануға құқықты екендігін мойындауды талап етті. Осы съезге Әлихан Бөкейхан қатысып, қазақ елінің атынан сөз сөйледі. Орал мен Алтай аралығын мекендейтін қазақ деген халықтың барлығын, өзінің сол халықтың перзенті екендігін айтты. «Осында сөйлеген поляк, латыш, малорос өкілдерінің сөзін тыңдай отырып, мен ескі кітапты оқығандай боламын. Бізде де қырғыз (қазақ) тіліндегі мектептер құғын-сүргінге ұшырауда. Бізді де цензура аямай жаншуда. Мысалы, қазақ тіліне аударылған М. Крыловтың 46 мысалын бастыру үшін цензурадан рұқсат ала алмай сандалғаныма 13 ай өтті».
Сол тұстағы қазақ зиялыларының көпшілігі жоғары оқу орындарының заң факультетін бітіріп, құқ туралы терең білім алу арқылы жерін, елін заңсыздықтан қорғамақшы болды. Ал бұл тұста қазақ даласында зорлық-зомбылық күшті белең алып тұрды. Қазақтың жер қайыстырған малы мен тасыған дәулеті оның көбеюіне себепші болған құнарлы жері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қараңғы халық заңсыздықтан азап шекті. Осындай жағдайда заңды білуге ұмтылу жұрттың алдына қойған үлкен арман- мақсат болды.
Қоғам дамуының әртүрлі сатысында жалпы жұртшылықты елең еткізген қайсы бір саяси оқиға, қоғамдық құбылыс әртүрлі бағаға ие болуы мүмкін. Осының бір мысалы, әңгімемізге арқау болып отырған Алаш қозғалысы. 1917-1918 жылдары халықтың ықыласына ие болған Алаш қозғалысы қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, ел азаматтарының Алаш партиясы, Алашорда үкіметіне ризашылығын білдіріп, құптап қол соққан кезі болса, 1930 жылдардан бастап, билік «Алашордашылар» деген атауды жексұрын етіп көрсетуге тырысты. Оған қатысы бар дегендерді атты, асты. Бұл үрдіс 80 жылдардың соңына дейін келді. Тәуелсіздік алған қазақ елі бұл атауға кеңес Үкіметі саясатына қарама қарсы бағыт жүргізіп, Алаш ардақтыларының есімдері жарияланып, олардың қиын да қауіпті жұмыстарына жаңаша баға беріле бастады.
Ғылыми еңбектер жазыла бастады. Олардың алғашқылары болып Мамбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы», Кеңес Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда», Дина Аманжолованың «Казахский автономизм и Россия» еңбектері еді.
Ғалым Сайлаубай Ерлан Ерназарұлы Алаштың шығыс бөлімі туралы ғылыми еңбек жазса, екінші бір ғалым Сүлейменова Дәметкен Досмұханбетқызы Алаштың батыс бөлімінің қызметін ғылыми тұрғыдан жинақтады.
Ұлттық интеллигенциямыз болса, туған халқымызбен бірге жасасып, бұрынғы Кеңестер Одағы дәуірінде саяси кемелденіп, жетілудің сындарлы сатыларынан сүрінбей өтті. Нәтижесінде атам қазақтың ғасырлар бойы армандаған, Алаш орда ұйымы да алдына қойған киелі арманын нақты шындыққа айналдыру жөніндегі ұлттық ұлы миссияның көшбасшылары бола білді. Елбасының дана басшылығымен Егеменді еліміздің Көк байрағы әлемде тұңғыш рет желбіреді. Желбіреп тұр.
Осындай ғаламдық жеңісте тарихымыз төрінен орын алған Алаш орда ұйымы қалдырған із сайрап жатыр. Ол мәңгі, ол ескірмек емес, қазақ елімен бірге жасай бермек.

Фотоархив

Увеличить картинку