Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚАПАҒАН ҚАҒАН


Қапаған қаған (Бөгішор,Мочур, Мочжо) (туған жылы белгісіз-716) – Екінші Шығыс түрік қағанатының қағаны.

Өмірбаяны

Бүгінгі түркітілдес мемлекеттер мен оларды мекендейтін халықтардың қалыптасу үдерістерінің терең тамыры ежелгі түркілер заманындағы қағанаттардан бастау алатыны белгілі. Солардың бірі және бірегейі Екінші түрік қағанаты деп аталатын 683-745 жылдар аралығында – өмір сүрген көшпелілердің аса қуатты империясы. Кезінде бұл мемлекет іргеміздегі іргелі Қытайға табандап қарсы тұрып, елдің елдігін қасарыса қорғап қалуды ұтымды ұйымдастыра білген ірі тарихи тұлғаларды өз ортасынан көптеп шығарған еді.  Алайда тарихтың қалың қойнауында қатталып, бүгінде көзден мүлде таса болған, есімдері ескерусіз қалған оларды кейінгі жұрт біле де бермейді. Рас, есімдері мен ерліктері жақпар тастарға қашалған Білге Тонықұқ, Білге қаған(Мойын-чұр), Күлтегін жиі ауызға алынады. Бірақ аталмыш Екінші қағанаттың нығаюы жолында қанын да жанын да аямаған Бөгі шор(Қапаған қаған) тәрізді кесілген басы жат жұртта қалған ерекше айбарлы тұлғалардың ұзақ жылдар бойы бүгінгі жұрт назарынан тыс қалғандары да құпия емес. Кеңестік тоталитарлық тарихнаманы ежелгі славян дүниесімен еш қатысы жоқ, көне түріктердің мәртебесін асқақтатқан мұндай ерен тұлғаның қызметі қызықтыра қойған жоқ. Сондықтан да кезінде Мәскеуде жарық көрген 16 томдық “Советская историческая энциклопедия” атты іргелі ғылыми еңбекте оның өмірі мен тағдыры  көрініс таппады. Осы ғылыми энциклопедияның  14 томындағы “Тюркский каганат” деп аталатын шағын мақалада Капағанға мынадай екі сөйлем ғана арналған: “…При Капаган-кагане[691-716]Вост.т.к. на короткий срок расширил свои границы от Манчжурьии до Сырдарьи, а тюркские отряды дошли до Самарканда, где потерпели поражения в сражениях с арабами(712-713).Восстание покоренных племен в борьбе с которыми погиб Капаган, опять сделало алтай зап. границей Вост. Т. к…”[1]. Десекте жекелеген зерттеушілер ол туралы өздерінің еңбектерінде қысқаша болса да жазды[2]. Қазақ тіліндегі басылымдарда  Қапаған қағанның өмірі алғаш рет көптомдық “Қазақ Совет Энциклопедиясында” көрініс тапты. Қысқа болса да қағанның Шығыс Түрік қағанатын нығайтуға байланысты соғыс жорықтарын нақтылап берген бұл мағлұматта мынадай жолдар бар:”Қапаған(т.ж.белгісіз. – 716 ж.) – Құтлығ қағаннан кейінгі түркі қағаны(691-716). Қ. Шығ. түркі қағандығының беделін көтеріп, оның әскери-саяси қуатын арттыруға көп еңбек сіңірді. Қ-ның даңқы 8-ғ-дың басында кеңінен мағлұм болды. үркі қағандығының территориясын Темір Қақпадан Қадырхан тауына, Тоқарыстаннан Ұлы Хинган тауларына дейін ұлғайтуды мақсат етті. Қ. алдымен көршілес отырған Қытан және  Татабы тайпаларының шапқыншылықтарына батыл соққы берді. 706-707 ж. тоғыз оғыздардың әскерін жеңді. 709 ж. Енисей аздары мен чіктерін өзіне қаратты. 711-712 ж. Алтайдан асып, Жетісу бойындағы он оқтарды бағындырды. 712-713 ж.Сырдариядан өтіп, Темір Қақпаға жалғас жатқан Тоқарыстанға жетіп, соғдыларды қирата жеңді. 714 жылдан қайта бас көтере бастаған табғаштарға алты рет соққы берді. Табғаштар Қытан және Татабы тайпаларымен одақтаса бастаған-ды. Осы кезден Қ. әскерлері бірте-бірте әлсірей берді. 716 ж. ежелден жауласып жүрген Байырғы тайпасының әскерлері күтпеген жерден шабуыл жасап, Қ-ның басын шауып, Қытай мемлекетінің орталығына апарды”[3]. Бұл шын мәнінде атақты қағанның мемлекетті нығайту жолындағы аласапыран қызметіне шағын болса да, біршама әділетті берілген тұңғыш сипаттама болды.

Қазіргі тарихнама Қапағанның саяси-ұйымдастырушылық қызметі туралы не дейді? Тарихқа таптық көзқарас белең алып тұрған кеңестік заманда Қапаған қағанның тарихын жан-жақты зерттеу тарих ғылымында қызықты да өзекті бола қойған жоқ. Кеңестер Одағының тарихнамасында  ежелгі түркілерге  немкетті немесе ұнамсыз көзқарасты өзгертуге күш салған, еуроазиялық концепцияны ұстанған Л.Н.Гумилевты ғана бұл мәселе біршама қызықтырды. Өйткені ол, Қапағанның әскери-мемлекеттік қызметін нақты зерттемейінше Екінші Шығыс Түрік қағанаты тарихын толық ашып көрсету мүмкін емес екендігін алғаш түсінген ресейлік ғалым болды. Алайда ол,  Қапағанның түркілер тарихындағы өзіндік ерекше қайраткерлік орнын бағалаудан гөрі,  оның мемлекетшілдігіне сын көзбен қарап, оны қытайшыл етіп көрсетуге мән берді[4]. Ол Қапағанды өмірінің соңғы жылдарында билікке құнығып, ежелгі түркілердің қаған тағын  атадан балаға беретін дәстүрін аяқ асты етуші тұлға ретінде сипаттайды. Әңгіме, бұл жерде оның, кезінде балалары Мойыншор мен Күлтегіннің жас болуларына байланысты Екінші Шығыс Түрік қағанатын негіздеген ағасы Елтеріс қағаннан  қабылдап алған тақты кейіннен оның балаларына қайтармай, өзінің ұлы Інелді (Инелді)  мұрагері етіп қалдыруы  туралы болып отыр. Л. Гумилевтің мұндай ұстанымын қостаушылар арасында қазақстандықтар да бар [5, 376-377 бб.]. Бұған не деуге болады? Біздің ойымызша, Қапағанның билікке байланысты ұстанымын сынардан бұрын зерттеушілер алғаш қазіргі заманғы көзқарастардан бас тартып, өздері сол, Қапаған заманына барулары керек. Қапаған  қағанатты алып державаға айналдырған кезде оның ағасы Елтерістің емес, оның өзінің аты алға шығып, ол”қырық рулы” мемлекетті біріктіруші елтұтқаға айналды. Бұл мемлекетте ол тұста өмір сүрген халық  Елтерістің балалары Мойыншор мен Күлтегінді де қаған мұрагерлері ретінде емес, Қапаған қағанға адал қызмет етуші, дарынды, әрі жаужүрек қолбасы батырлар ретінде қабылдаса, ал Қапағанның ұлы Інелді әкесімен қатар қаған ретінде мойындады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Тұнық-ұқ(Тоныкөк)бітіктасы мәтінінен үзінді келтірелік: “…сүңгілі әскер басы: Інел қаған: Тардұш шад:барсын:деді:Білге Тұнық-ұққа:маған:айтты:Бұ сүңгілі-әскерді ерт деді:”[6]. Кезінде үш бірдей қағанға кеңесші және ақылшы болған Тұнық-ұқ осы мәтіннің тағы бір жерінде Інелді қаған ретінде мойындап6 айта кетеді[7].   Ал  Қапаған өзі билікте болғанда қағанатқа көптеген жаңа тайпаларды күшпен біріктірді. Олар қаған әулетін ғана мойындайтын, және кез-келген уақытта  қағанаттан бөлініп кетуге бейім тайпалық одақтарға бірікті. Өйткені бұлардың біразы түріктерге бұрыннан жау халықтар болса, басқалары, Оғыз, Қырғыз, Он оқ, Түргеш, Байырғы атанған түркітілдестер де қағанаттан бөлек, өздерінің жеке мемлекеттерін құруға ұмтылған елдер еді. Қапаған билікті өз шаңырағында сақтап қалуды көздегенде мұны әрине ескерді. Сондай-ақ Қапағанды қытайшыл етіп көрсету де орынсыз. Тарих тәжірбиесі көрсеткендей, ол заманда, адам саны көшпелі түркілерден бірнеше есе көп, қалалары биік қамалдармен және берік бекіністермен қорғалған мызғымас отырықшы  Қытай тәрізді ұлы көршімен тіл табысу, жақындасу және оларға тақта отырған түркі қағанын мойындату арқылы ғана түркілердің мемлекеттілігін сақтап қалу мүмкін болды. Қытайдан әйел алған жалғыз Қапаған емес. Ежелгі түріктің белгілі қағандары ғана емес, түргештің де атақты қағандары өздерін әлдеқайда қуатты мемлекет – қытайға мойындату үшін осындай құда-жекжаттық қатынастарды жолға қоюға амалсыздан ұмтылды. Тарихи зерттеулерде Қапағанға байланысты біржақты көзқарастардың орын алу себебі тәуелсіз елімізде ортағасырлар заманын зерттейтін маман-тарихшылардың жетіспеушілігінен деп ойлаймыз. Сондықтан да осы мәселеде де қытай жылнамаларында айтылған деректер әлі де толық айналымға қосылып, тәртіптеле қойған жоқ. Бұл, аталмыш тұлғаны зерттеушілердің әртүрлі атауларынан да байқалады. Мочжо, Бөгішор, Богчор, Қапаған – міне осындай бірнеше есімдер зерттеулерде қайраткерге қосақталып жүр. Қапағанның есімінің тарихта бұрмаланып кетуіне өкінішке орай, жоғарыда аталған Л. Гумилев үлкен үлес қосты. Оның еңбектерінде  қаған Бөгішор емес, Богчор, және негізінен Мочжо деген түркі тілінен алыс, еш мағынаны білдірмейтін есімдермен бұрмаланып жазылып кетті. Н.Я.Бичуринді оқысақ,  Қапаған қағанды өлтірген Байырқу тайпасы Байегу деп, Бөгі чор Мочжо деп, ал Күлтегін Гюй Дэлэ деген атаумен мүлде бұрмаланып берілгн[8].

Енді бүгінгі қазақ тарихшылары  Л.Гумилевтың және т.б. ресейлік қытайтанушылардың осындай тұлға есімдерін түрік тіліне емес, орыс тіліне бейімдеген осындай өрескел атауларынан арылулары керек. Ол үшін ең алдымен қазір дерек көздері ретінде ескірген, орыс тіліндегі Н.Я.Бичурин(Иакинаф)[9] және Н.В.Кюнер[10] еңбектерін емес, Қытайдың Үрімжі Қоғамдық ғылым академиясы 1987-2002 жылдары қазақ тіліне аударған қытай жылнамаларын басшылыққа алған жөн. Осы еңбекте Қапаған(Қабаған) қағанның алғашқы Бөгі шор деген түркілік есімі бұрмаланбай дұрыс берілген.

Бөгі шор қалай қаған болды?  Кейін Қапаған қаған атанған Бөгі шордың өмір дерегі, күллі іс-әрекеті  Екінші Түрік қағанатының негізін қалаған, туған ағасы Елтеріс(Құтлық) қағанның тағдырымен сабақтас. Түркілердегі қалыптасқан билік дәстүрі бойынша 691 жылы Екінші Түрік қағанатының негізін салған қаһарман Елтеріс Құтлық қаған өлген соң, оның орнына үлкен баласы Білге таққа отыруы керек еді. Алайда ол сарыауыз балапандай әлі де жетіле қоймаған, небәрі 8 жаста ғана еді. Сондықтан да қаған тағына Елтеріс Құтлықтың інісі 27 жастағы Бөгі шор(Бөгчор) отырды. Орхон-Енисей жазуларын зерттеуші ғалымдар оны Бөгу деп те оқып жүр[11] .

Бұл заманда Түрік қағанатында билік лауазымы төмендегіше бөлінген: “Қаған ежелгі тәңірқұтпен тең. Оның әйелі қатұн деп аталды… (Қағанның) ұлдары мен інілері тегін, өзге ұлыстардың әскер басылары шад деп аталды. Олардың ең ірі ұлығы – құтлы чор, одан кейінгісі – аба, одан кейінгісі – елтебер, одан кейінгісі – тұдын, одан кейінгісі – іркін. Олар бұл шенге мұрагерлікпен ие болды, алайда ұлық санына шек қойылмады. Әкесі, ағасы өлсе ұлдары не інісі орнына отырды. Бұл айтылғандардан байқайтынымыз, Бөгі чор яғни Қапаған қаған ағасы Елтеріс қағанның тірі кезінде Шығыс Түрік қағанатындағы “ең ірі ұлықтардың”, яғни “құтлы чорлардың” бірі болған. Ежелгі түркілер арасында ол, ағасының тірі кезінде-ақ, өзінің айбарлы қаһарымен көзге түсіп, Қапаған, яғни  “қабаған” қаған деген атпен  әйгілі болды. Ағасы Елтеріс қағанның тұсында екінші қатардағы ұлыс билеуші дәрежесінде тұрған ол, шын мәнінде мықты қолбасы ретінде түркілер арасында кеңінен танымал тұлға болатын. Сондықтан да тақты иемденген алғашқы күннен бастап-ақ ол, өзінің аса қатал тәртібін және әскери ұйымдастырушылық қабілетін көшпелілер империясын нығайтуға арнады. Жаңа қаған алғаш қағанатқа көрші аймақтардағы түркі тайпаларын  бағындыруға тырысты. Сол тұстағы тарихымызды анықтаудың негізгі деректері болып табылатын қытайдың «Жаңа Таң жылнамаларын» жан-жақты зерттеген, көне қытай жазуларын оқудың білгірі, тарихшы Тұрсынхан Зәкен Бөгі шордың о бастан-ақ шашыранды түркі тайпаларының бастарын қосуға баса назар аударғанын атап көрсетеді. Жалпы қосынының саны 400 мың жасаққа жеткен ол, батыста Орта Азияға дейін жойқын жорықтар жасап, бытырап кеткен түркілердің басын қосуға барынша күш салды. Ол туралы Қытай жылнамаларында «…жерінің аумағы онмыңдаған шақырымға созылды. Бодан елдердің бәрі дерлік оның әмірін қабылдады.»,- деп жазылған екен[12].

Түрік қағанатын Қытайдың мойындауына қол жеткізу үшін күрес.Түркілерді түгелдей бір мемлекетке біріктіру идеясы  Қапаған қағанды сол тұста әйел патшайым билеген Таң патшалығымен, яғни Қытаймен қақтығысқа алып келді. Ол алғаш Қытай жеріндегі алты бірдей дуанды жайлаған түркілерді кейін қарай көшіріп алуды мақсат етіп, Таң патшалығына өтініш жасады. Алайда Қытай жағы мұндай өтінішке құлақ аса қойған жоқ.  Осыдан соң Қапаған қаған мәселені күш қолдану арқылы шешуге кірісіп, 694 жылы Таң патшалығына басып кірді. Линчжоуда болған шайқаста түркілер қытай әскерінен басым түсті. Алайда ұзақ соғысқа әлі де жеткілікті даярлығы жоқ Қапаған қаған Қытай патшайымымен келісімге келуге асықты. Оның қулық саясатынан хабары жоқ патшайым тыныштықты ойлап, түріктермен бірденнен келісімге келіп, Таң патшалығы қоластындағы түркілер мекендейтін алты дуанды Қапаған қағанның билеуіне берді және оны қошеметтеп, «Елге оралған бек» деп атады[13]. Қытай деректерінен осыған байланысты мынадай жолдарды оқимыз: «Кезінде шянхың жылдарында (670~673) Түріктің бағынған ұлыстарының көбі Фыңжоу, Шыңжоу, Лиңжоу, Шяңжоу, Шожоу, Дәйжоу сияқты алты дуанға қоныстандырылып, бағынған түтіндер деп аталған еді. Бөгі чор осы бағынған түтіндер мен Тәңірқұт басқақтығының жерін сұрады, әрі егіс сайманы мен тұқым беруді талап етті»[14]. Қытай деректеріндегі осындай мәліметтерден Бөгі шордың кезінде қытайға қарап кеткен түркітілдестерді Түрік қағанатына қайтаруға баса мән бергенін аңғарамыз. Мұның өзі шекаралық аймақтардағы қытай ықпалын мойындауға бейім тұрған түркі тайпаларының қағанат жағына шығуларын тездетті. Сонымен қатар бұл мәліметтерден Қытай императорының түркілер мекендейтін аймақтарды өздерінде қалдырып, онда өмір сүріп жатқан халықты Түрік қағанатына қарай күштеп көшіріп, қуалағанын, яғни қытайлықтардың мақсаты түркілерді қытайландыру емес, олар мекендейтін аймақтарды қытайдың қоластына қарату болғанын да байқаймыз.

Қытаймен осындай саясат жүргізе отырып, Бөгі шор түркі мемлекетінің шекарасын басқа аймақтар есебінен кеңейтуді де белсенді жүргізді. Ол 695 жылы солтүстіктегі Кем өзені маңында көшіп-қонып жүрген аздар мен қырғыздарға жорық жасап, оларды бағындырды. Осы және т.б. көптеген түркі тайпаларының бастарын біріктіруге бағытталған кейінгі жылдардағы қауырт жорықтарға Қапаған қағанның баласы Інел қаған, данагөй мемлекеттік кеңесші Тұнұқ-ұқ(Тоныкөк), және осы қағанатты негіздеп, қайтыс болып кеткен әйгілі Елтеріс Құтлық қағанның соңында қалған балалары Білге мен Күлтегін қолбасылар ретінде белсенді қатысқандарын айта кеткен жөн. Білге қағанның кешеніндегі ескерткіште Қапаған қағанның  ұйымдастыруымен болған осы жорықтарға олардың қатысулары жалпылама түрде төмендегіше сипатталған: «15. он төрт жасымда тардуш халқының үстіне шад болып отырдым. Ағам-қағанмен бірге ілгері Жасыл өзенге, Шаңдуң жазығына дейін жорық жасадық. Кері – Темірқақпаға дейін жорық жасадық. Көгмен жотасын асып қырғыз жеріне дейін жорық жасадық. Барлығы жиырма бес рет жорыққа шығып, он үш рет соғыстық. Елдігін елсіреттік, қағандығын қағансыраттық. Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік»[15].

Әрине, бұл жорықтардың әрқайсысы өз алдына жеке әңгіме боларлықтай мәселе. Мысалы, батыстағы кейіннен Түргеш қағанаты аталған Он оқ елін бағындыруға Қапаған 704 жылы аттанды. Қытай жылнамасында бұл жорықтың нәтижесі былай баяндалған: «Он оқ ұлысы Түрік Бөгішордың шабуылына ұшырап, өлгені өліп, тозғаны тозып жоғалды»[16]. 709 жылы Қапаған қаған түргештерге тағы да жорық жасады. Ол 20 мың қолмен түргеш қағаны Сағаға шабуыл жасап, оны тұтқындап, өлтірді[17].  Дегенмен де, Қапаған қағанның бытыраңқы түркі тайпаларына қолданылған біржақты күштеу саясаты Қытайды шошындырды, және бұл елмен қарым-қатынасты жақсартуға шешуші ықпал жасай қойған жоқ. Қытай бұрынғыша Бөгішор басқарған Түрік мемлекетін өзінен төмен санап, халықаралық қатынаста оны басып ұстауға тырысты. Мұны құда-жекжаттық қарым-қатынастардан да айқын аңғаруға болатын еді. Осының көрінісі төмендегі Қытай деректеріндегі мынадай жолдар:  «Сол жылы Зытян(қытай патшасы-Т.О.) Уй ханы У Чыңсының ұлы Хуайяң ханы (У) Яншюға оның (Бөгі чордың) қызын ханымдыққа алуды бұйырды, оң қол бабыр тоқсауыл тай санғұн Ян Жы-уйды уақытша Жөрелгі бөлім санаты, оң қол қаһарлы тоқсауыл кіші нөкер сардар Яң Чижуаңды уақытша даягерлік уәзірі етіп тағайындап қыруар алтын, торғын-торқамен Лулардың(түркілердің-Т.О.) ордасына аттандырды. Олар Қарақұмдағы күнгей ордаға келді. Бөгі чор (Ян) Жы-уйлерге: “Мен қызымды Ли шаңырағының патшазадасына ұзатам дегенмін. Сен бүгін У шаңырағының ұлын ертіп келіпсің. Ол патшазада есептеле ме? Біз Түріктер ата-бабамыздан Ли шаңырағына бодан болып келеміз. Қазір естуімше Ли шаңырағынан шыққан Көктің ұлының тұқымы үзілмепті, әлі екі ұл бар дейді. Мен әскер бастап барып олардың тағына отыруына көмектесемін”,- деді. Сөйтті де (У) Яншюларды ұстап, басқа бір жерге қаматтырды, (Ян) Жы-уйге қаған деген атақ беріп, онымен бірге жүз неше мың әскерді бастап біздің Жиңнән және Пиңди, Чиң-и сияқты алайларымызға шабуылдады. Жиңнәнның алайбасы сол қол ұлан санғұны Мурұң Шюанзы бес мың әскерімен оларға тізе бүкті. Олар іле-шала Гүйжоу, Таңжоу дуандарына басып кірді… Бөгі чор тағы да Хыңюе бағытынан аттанып, Уйжоуға шабуыл жасап, Фиху ауданын басып алды. Көп ұзамай Диңжоуды шауып, дуанбасы Сүн Яңгауды өлтірді, бұқараның үйлерін өртеді, ер-әйелдерді айдап әкетіп, кәрі-жас демей қырып салды. Қатты ашуланған Зытян Бөгі чордың басын әкелген кісіге хан лауазымын беремін деді, Бөгі чорды мүрдем кеткір – Чор деп атады”[18].Осылайша, келтірілген деректен байқағанымыздай, Бөгі шор құдандалық қарым-қатынастарды қытай императорының өзімен орнатып, қызын Қытай тағының мұрагеріне – патшазаданың біріне ұзатпақ еді. Алайда қытай билеушісі онымен құда болғысы келмей, қол астындағы аймақ билеушілердің бірін Бөгішорға күйеу болуға көндіріп, оның қызын айттыруға аттандырды. Мұндай, қытай билігі тарапынан тәмәм жұрттың алдында өзін қасақана кемсітуге ұшыраған Бөгі шор ашуға мініп, буырқанып-бұрсанып Қытайдың солтүстік шекарасын қалың қолды бастап барып ойрандады. Әрине, мұндай саясатты Бөгішордың көрегендігінің әлсіздігі ретінде қабылдауға болмас. Қаншама жорықтар ұйымдастырса да, саны әлдеқайда басым құмырсқадай қаптаған Қытайды жеңе алмасын әрине, Бөгі шор жақсы түсінді. Сондықтан да ол, Қытаймен құдандалы-жекжат болуды көздеген еді. Осындай әдіспен ғана Түркі қағанаты Ұлы Қытай елімен терезені теңестіріп, қатар тұра алатынын ол жақсы, және дұрыс түсінді. Солай бола тұрса да ол, қытайға үздіксіз әскери қысым жасай отырып, бұл елге бағынышты түркілерді кейін қайтарып алу үшін қытайдың жауларына қарсы әскери одақтас болудан да бас тартпады.

Бірақ мұндай ұсынысқа қытай билеушілері тағы да немқұрайлы қарады, және түрік билеушісін менсінбейтіндерін айқын байқатты. Түріктердің іргедегі үлкен мемлекет қытаймен өмір бойы жауласып өмір сүре алмайтынын жақсы түсінсе де Бөгішор қытайға өзін мойындатудың басқа жолын таппай, тағы да күш қолдану арқылы  мақсатқа жетпек болды. Осы айтылғандардың нақты куәсы қытай жылнамаларындағы мәліметтер. Оларда бұл мәселе төмендегіше баяндалған: “Бөгі чор Жаужоу, Диңжоу дуандарында талан-тараж жүргізіп сексен-тоқсан мың адамды айдап Ухүй бұлығы арқылы сытылып шығып кетті. Олар жол бойы қисапсыз көп адамды өлтірді”. Бөгі шор Түрік қағанатының аймағы кеңейген сайын өзінің әскерін басқаруды өзіне туыста жақын сенімді адамдарға тапсырып, қытайға да бұрынғысынша оқтын-оқтын жортуылдар жасаумен болды. Бөгі шордың шекаралық аймақтардағы жортуылдарынан әбден ығыр болған Қытай императоры ақырында оның құда болып жақындасу туралы шартына да көнді. Алайда мұндай шын көңілден емес, амалсыздан  жасалған құдандалық келісім Бөгішорды қанағаттандыра қойған жоқ. Қытай билігінің мұндай келіссөзге түріктермен туыстық  қатынастарды жандандыру үшін емес, керісінше басы Бөгішор болып, түріктерді өздеріне тәуелді елге айналдыру үшін барып отырғанын ол жақсы түсінді. Бұл құда-жекжаттық байланыстарды туыстық жақындасу деп түсінетін түріктердің дүниетанымына мүлде қайшы еді. Сондықтанда Бөгішор бұрынғыша қытайға күш қолдану саясатын жалғастыра берген жөн деген шешімге келді.  Осылайша, қытай билігін мүлде ықтырып алу үшін ол, өзінің жорықтарын бәрібір тоқтатпады: Деректерден көріп отырмыз, Қытай билеушілері Бөгі шор бастаған түркі әскерлерін “қарақшылар” деп жазғырып, оларды өздерінің ұнатпай, жеккөретіндерін ашық айтады. Қытай тарапынан түркілерге, олардың билеушісі Бөгі шорға қарсы Қытайдың солтүстік аймақтарында әртүрлі қорғаныс шаралары күшейтілді. Түріктерге төтеп бері үшін Сарыөзеннің солтүстігінде жаңадан үш қамал салынды. Алайда Бөгі шор өзінің Қытайға саясатын өзгерте қойған жоқ. Ол бұрынғысынша әрі Қытайдың шекаралық аудандарына шабуылдап, сонымен бірге осындай қысым жасау арқылы Қытай патшаларымен құдандалы, жекжаттық байланыстарды орнықтыруға қол жеткізіп, осылайша Түрік қағанатының қытаймен терезесі тең ел екендігін қол астындағы түркі тайпаларын билеушілерге де, қытай билігіне де дәлелдеуге тырысты. Түркі қағанатының басқа түркітілдестерді әскери жорықтарды жүзеге асыру арқылы күшейгенін аңғарған, және мұндай соғысқұмар, құдай қосқан көршімен бейбіт қатар өмір сүру үшін ең алдымен оның қағанының ұсыныстарын ескеру қажеттігін түсінген қытай патшасы тағы да амалсыздан айтқанға көнді[19].

Ия, осылайша қытай басшылығында болған мемлекеттік төңкеріс, Қапағанның бұл елмен құда-жекжат болып, яғни  дипломатиялық әдістермен Түрік қағанатының беделін арттыра түсуді көздеген әрекетін тағы да іске асыруға мүмкіндік бермеді. Осындайда мынаны да ескерген жөн: Бөгі шордың қытаймен одақтас елге айналуды көздеген саясаты ең алдымен Түрік қағанатының күшпен қүрылған әскери-монархиялық табиғатынан туындады. Бұл ұлы мемлекетте билік тек қағандар мен оған тікелей бағынышты шорлардың-әскербасылардың қолында болғандықтан жергілікті тайпа және ру басылар билігі шектеулі болды. Соңғылар шын мәнінде биліктегі қаған мен оның аймақтарды басқаратын шорларын байыту және әскери тұрғыдан күшейту үшін жұмыс жасады. Бұл әсіресе, көшпелі рулар мен тайпаларды басқаруда  ғасырлар бойы қалыптасқан далалық демократия дағдыларына қайшы келді. Мұндай мемлекеттік жүйе ел басқарудың күштеу, зорлық-зомбылық механизмдерін алға шығарғандықтан Түрік қағанаты саяси-әлеуметтік тұрғыдан іштен іріп, дағдарысқа ұшырады. Енді елді апатты күйреу  ақуалынан дара билеуші деспотқа айналған Қапаған қағанның қаһарлы беделі де, ең жақын көрші, мемлекеттік төңкерістер де іргесін шайқалта алмайтын мызғымас империя – қытайдың қолдауы да  сақтап қала алмайтын жағдай қалыптасты. Мемлекеттік билікті және саяси құрылымды жергілікті, қырық құрау тайпалар мүдделеріне сәйкестендіріп, рухани және саяси тұрғыдан реформалау қажеттігін Бөгі шор да одан кейінгі қағандар да түсіне алмады. Сондықтан да қағанат құрамындағы әртүрлі халықтарды бір мемлекет аясында ұстап, оларды біртұтас түрік этносына айналдыру жүзеге аспай қалды.

Өкінішке орай, қағанатты дағдарыстан шығару жолын үш қағанға кеңесші болған, дала данышпаны Тұнық-ұқта көрсете алған жоқ. «Бөгі чор қартайған соң ұлыстары бірте-бірте іргелерін аулаққа сала бастады»[20]. Қаған тағында көп отырған сайын Бөгі шор қатыгездене түсті. Бөгі шордың Қытайды ғана емес, туысқан түркі ұлыстарын да шауып, оларды зорлап өз дегеніне көндірмек болған әрекеті басқа түрік ұлыстарын Қытайды паналауға итермеледі. Бөгі шор әскери жорықтардағы сәтсіздіктерді де кешірмейтін еді. Тіптен оның шексіз қаталдығынан қаймыққан қарындасының күйеуі де Қытай сарайына барып тығылды[21].

Осылайша, Бөгі шордың бір жақты, күш қолдану жолымен ғана Түркі қағанатын нығайтамын деген саясаты сәтсіздікке ұшырады. Одан безінген, мүлде түңілген, және оның қанды жорықтарынан қорыққан түркітілдес тайпалардың өздері  де өздеріне еш жақындығы жоқ, бірақ бейбіт өмірге бейім қытай мемлекетін паналады. Осылайша, бұрын Тоғыз арыс ықпалында болған басмылдар да осы тұста Қытай билеушілерін мойындады. Мұның өзі Бөгі шордың қартайған шағында аталған елдерге ашық жаулық көзқарасын өршіте түсті. Қол астындағы халықтың өзіне бағынғылары келмей, қытайды паналаулары, және қытай билігінің оларды өздерінің қамқорлығына ала бастауы оны қатты толғандырып, мұндай тұйықтан шығу жолын іздестіруге мәжбүрледі. Ол бұл қиыншылықтан қытай патшасымен тағы да құдандалы- жекжаттық қатынастарды жолға қою арқылы шыққан жөн деген шешімге келді.

Мұнда бір ескеретін мәселе – Бөгі шор әрқашан да “Көктің ұлы” деп аталатын қытай патшасының өзімен ғана құда болып, осылайша, елге өзінің қытай билеушісімен тең дәрежеде тұрған қаған екенін дәлелдемек болды. Мұның өзі Түрік қағанатындағы Бөгі шорға наразы тайпа билеушілерін де тыныштандыратын еді. Алайда қытай жағы жоғарыда келтірілген деректерден көргеніміздей, алғаш онымен құда болудан мүлде бас тартса, кейіннен, түркілердің қытайға жасалған үздіксіз жорықтарын тоқтата алмаған соң, Бөгі шормен құда болуға келісті. Алайда қытай патшасы Бөгішорға күйеулікке өзінің балаларын емес, басқа, қытай тағына мұрагер бола алмайтын төменгі әулеттен шыққан, “ұсақ аталардың” ұлдарын ұсынумен болды.  Бұл әрине, Бөгішордың ызасын келтіріп, оны қытайға қарсы өшіктіріп, кезекті жорыққа итермеледі.

Жалпы, ол басқарып отырған мемлекеттің ішкі тұтастығын орнықтыра алмағандықтан, әрқашан да өзіне өзі сенімсіз болып, түркі дүниесінің басын қосуға қытайдан қолдау іздеумен болды. Осы мақсатпен өмірінің қартайған, соңғы жылдарында да “(Таң Рүйзұң заманы) жиңюнның 2 жылы (711) басқы айда Бөгі чор(қытайға-Т.О.) елші жіберіп құда-анда болуды өтінді. Хы Фыңяу Түрікке елші болып барды. Фыңяу Бөгі чорға: “Чұмұл, Генгүндер, қаған, сіздің Таң әулетімен құда-анда болғаныңызды естісе, сізге түгел бағынады. Сіз неліктен Таң елінің тәжісін киіп, белбеуін буынбайсыз? деді. Бұған Бөгі чор келісімін берді. Ертесі лауазым бөрік пен күлгін шекпен киіп екі мәрте тағзым жасап, бодандығын білдірді”[22]. Бірақ бұл жолы да құдандалық қатынас қытай патшасының өзімен емес, оның туыстарымен орнатылатын болған тәрізді. Бұл мәселе, қытай деректерінде анық айтылмайды. Дегенмен де арада төрт жыл күткен Бөгі шордың қытайға жорығы осыны байқатады. Сонымен қатар Бөгішор бұрынғыша өзіне қарсы көтерілген қоластындағы тайпаларға күш қолдану саясатын алғашқы орынға қойды. Ол жағдайды бейбіт келіссөздер арқылы реттеуге әрекеттене қоймады.

Алайда мұндай біржақты ұстаным ақырында оның өзі үшін қасіретпен аяқталды. “4 жылы (716) Бөгі чор теріскейдегі Тоғыз арыстың бірі санатындағы Байырқыларға жазалау жорығын жасады. Соғыс Тоғла өзені бойында өтті. Байырқылар ойсырай жеңілді. Жеңісіне масаттанған Бөгі чор аз әскерімен қаннен қаперсіз қайтып келе жатқанда тал арасына жасырынған Байырқының қалған күші Қышлақтың тобына ұшырасты. Олар тұтқиыл шабуыл жасап Бөгі чордың басын алды да, сарайдың бажақ елдерге жіберген елшісі Хау Лиңчюаннан астанаға жіберіп берді. Құтлықтың ұлы Күлтегін ескі ұлыстарының басын құрап Бөгі чордың ұлы кіші қаған мен інілерін және жақтастарын түгел қырып салып өз ағасы сол білге хан Бегленді Білге қаған деген лауазыммен таққа отырғызды”[23]. Бұл деректердің тарихымыз үшін құндылығы еш күдік туғызбайды. Мұнда  шығыс түркілерінің атақты қағанының қалай қазақ тапқаны, оның басын Қышлақ деген кісі басқарған байырқу тайпасының сарбаздарының алғаны, және оның басының қытай елшісі арқылы қытайға жеткізілгені анық жазылған. Сонымен бірге осы деректе қазақ тапқан әкесінің орнына таққа мұрагері болған “кіші қаған” Інелді туыстарымен Күлтегіннің қырып салғаны, және таққа оның ағасының Білге қаған деген атпен отырғаны да атап көрсетілген. Бұл енді таққа таласқан екі туыстас жанұяның әрекеттерінің қайғылы салдары. Бұл жерде “кімдікі дұрыс?”-деген сауалға жауап беру оңай емес.

Алайда Бөгі шордың өзін  өлтіруге түркілерді арандатқан қытайлықтар деп айтсақ, тарихи шындыққа жақындай түсетін тәріздіміз. Өйткені жоғарыдағы деректерде айтылғандай, Қытай билеушілері әрқашанда өздерінің ата жауы Бөгі шордың басын алып келгендерге хандық лауазым дәреже, және сый-ақы беретіндерін мәлімдеумен болды. Нәтижесінде Қытай сарайының түркілер арасындағы елшісі (тыңшысы деп оқысақ дұрыс болар) Бөгі шордың басын алып, оны өлтірген түріктің Байырқы тайпасының көсемі Қышлақпен бірге қытайлықтардың астанасына алып келді. Бұған қытай билігі жүрегі жарыла қуанып, “сарайдағылар Бөг чордың басын көшеге іліп қойып, елге көрсетті”[24].

Ал енді Қапаған қағанға, яғни Бөгі шорға қатысты қысқаша зерттеуімізді қорытқанда мыналарды айтқан жөн: 1. Қапаған қаған бабалары Бұмын, Естеми қаған салған жолмен жүріп, Ұлы Түрік қағанатын қалпына келтірмек болды. Әсіресе ол, ағасы Құтлық негіздеген Екінші Шығыс Түрік қағанатын сақтап нығайтуды өзінің басты міндетіне айналдырды. 2. Осындай ой мен ол, ол замандағы түріктерге көрші құдыретті ел Қытайдың патшасымен құдандалық жолмен тіл табысып, қағанатты осы елдің деңгейіндегі іргелі мемлекетке айналдыруға әрекеттенді. 3. Алайда көптеген әртүрлі бытыраңқы тайпалық одақтарға біріккен жергілікті түркі тайпаларының басшылары Қапағанның бұл саясатын түсіне алмады. Біртұтас түркі халқының қалыптаспауы, тайпалық-рулық деңгейдегі ұстаным түркілердің ұлы мемлекетін қалыптастыруға мүмкіндік бермеді. 4.Осыларды ескере отырып, кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, Қапаған қағанды қытайшыл болды деп бағалау дұрыс емес деп ойлаймыз. Осы сөзімізге дәлел қытай патшасының Қапағаннан кейін Түрік қағанатына қаған болған Білге қағанға жазған хатындағы мынадай жолдар болса керек:”…Соңғы бірнеше он жылда екі мемлекеттің ара қатынасы бұрынғыдай болмай қалды, мұның бәрін Бөг чордың тұрлаусыздығынан көреміз. Ол ауызда татулықты айтқанымен, іштей бүлік салудың жолын қарастырушы еді. Сондықтан ол, талай мәрте шапқыншылық жасап, шекара өңірдегі халықтың мал-мүлкін шауып алды. Ақыры адамның наласы мен Тәңірдің жазасына ұшырап, өзгенің қолымн оның басы кесілді. Ізгілік пен жауыздықтың, жақсылық пен жамандықтың қайтымы болатынын, қаған өз көзіңізбен көріп отырсыз…”[25]. 5.Қапағанның өзінің де мемлекет басшысы ретінде жүргізген күштеу және әлсіздерді тонау саясаты мемлекетті біріктіруге емес, ыдыратуға жұмыс жасады. Мемлекетте түркі халқын және оның бір орталыққа бағынатын мемлекеттігін қалыптастыруды көздеген рухани саясат, идеология ұстаным насихатталмады. Ал мұнсыз іргелі мемлекет құру да мүмкін емес еді. бұл айтылғандар әрине, жеке тұлға қызметінен туындап отырған тарих сабағы.

Десекте, Бөгі шор,яғни Қапаған қаған күллі түркі дүниесіне ортақ, түркілердің бір орталыққа бағынатын қағанатына басын қосу және тәуелсіз мемлекетін нығайту ісіне көп еңбек сіңірген тарихи ірі тұлға, мемлекет қайраткері және аса дарынды қолбасы екендігін бүгінгі ұрпақ ұмытпаулары керек.

Еңбегі

Қапаған қаған бір кездері өзінің бабалары Бұмын, Истеми және т.б.негіздеген Ұлы Түрік қағанатын қалпына келтіруге ұмтылды. Оның басты міндеті – өзінің ағасы Құтлық құрған Екінші Шығыс Түрік қағанатын сақтау және нығайту еді. Оның Түрік қағанатын онан ары нығайту мақсатымен көрші халықтарға, және Таң империясына жасаған табысты жорықтары Онгин ескерткішінде және ежелгі қытай жылнамаларында нақты айтылған. Көптеген шайқастарды шебер ұйымдастыра білген ол, Түрік қағанатының бұрынғы күш-қуатын тағыда қалпына келтірді. Өкінішке орай, бытыраңқы тайпалық одақтарға біріккен жергілікті түркі тайпаларының көптеген жетекшілері Қапағанның күшті орталықтандырылған мемлекет құруды көздеген бұл саясатын түсінбеді, және қағанат ішінде ыдыратушылық қызметтерін жандандырды. Ал мұның өзі ақырында қағанның  түріктердің өз қолдарынан өлуіне, және мемлекеттің әлсіреуіне алып келді.

Ұлықталуы

Қапаған қаған Шығыс Түрік қағанатының көрнекті қайраткерлерінің бірі болып табылатынына қарамастан, және оның тәуелсіздігіне, түріктер қуатының қайта өрлеуіне қол жеткізсе де, барлық түркітілдес мемлекеттерде күні бүгінге дейін оның есімімен байланысты тарихи ескерткіштер және көшелер жоқ.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Советская историческая энциклопедия”. 14 том, М.,1973. – 631 б.
  2. Малов С.Е. Дренетюркская писменность. М., 1951, 451б.; Кляшторный С.Г., древнетюркская письменность как источник для истории народов Сибири и Средней Азии. -Л.,1961; Айдаров Г. Язык орхонских памятников древнетюркской письменности ҮІІІ веке н.э., А-А., 1971.
  3. Қапаған//”Қазақ Совет нциклопедиясы”, 6-том,Алматы, 1975.-459 б.
  4. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы, 1994. -286 б.
  5. Журтбай  Турсун. Акинак. Литературно-историческое исследование. – Астана, 2014.- 568б.
  6. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. ІІ том. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері(Орхон, Енисей, Талас).-Алматы,2005.-115 б.
  7. Сонда, 117 б.
  8. Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Т. 1. –А., 1998. -278 б. 
  9. Бичурин Н.Я.(Иакинф). Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Т.1,2. М.-Л., 1950.
  10. Кюнер Н.В.Китайские известия о народах Южной Сибирии, Центральной Азии и Дального Востока. М., 1961.
  11. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. ІІ т. -82 б.
  12. Қайыркен Т.З. Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары( ҮІІ ХІҮ ғғ.) -Өскемен,2008, -86 б.
  13. Сонда.
  14. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап. -133 б.
  15. Жолдасбеков М., Сартқожаұлы Қ. Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. -257 б.; Ескерту: Н.Базылхан бұл текстегі “Ағам” қаған деген сөзді “Атам” қаған деп оқиды -Т.О.(Қараңыз: Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. ІІ том. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері(Орхон, Енисей, Талас).-Алматы,2005.-58-118 бб.). Бұл жерде Күлтегін мен Білгенің өздерінің әкелерін “әкем” қаған деп, ал оның інісі Бөгі шорды “атам” қаған деп айтуы логикалық қисынға келмейді. Сондықтан да Орхон жазбаларында Бөгі шор “ағам” қаған деп жазылған деген пікірді қолдаймыз.
  16. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап. -144 б.
  17. Ұлы Түрік қағанаты. Қытай деректері мен түсініктер. ҚХР Шынжаң жастар-өрендер баспасы. -Үрімжі, 2006.-549-550 бб.
  18. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап. -133 б.
  19. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап. -135 б.
  20. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап. -135 б.
  21. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап. -135 б.
  22. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап. -242 б.
  23. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап. -136, 182 бб.
  24. Ұлы Түрік қағанаты. Қытай деректері мен түсініктер. ҚХР Шынжаң жастар-өрендер баспасы. -Үрімжі, 2006.-544 б.
  25. Ұлы Түрік қағанаты. Қытай деректері мен түсініктер. ҚХР Шынжаң жастар-өрендер баспасы. -Үрімжі, 2006.-546 б.