Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

КҮЛТЕГІН


Күлтегін (684-731) – Екінші түрік қағанатына Қапаған қаған және Білге қағандар  билік еткен дәуірде жасаған батыр қолбасшы, көрнекті мемлекет қайраткері. Құтлық (Елтерiс) қағанның екiншi ұлы, Білге қағанның туған iнiсi. Шешесi Елбiлге қатұн. Арғы тегі көк түріктің Ашина әулеті.

Өмірбаяны

Күлтегін Екінші түрік қағанатының іргесін қалаушы әйгілі Құтылық қағанның (Елтерiс қаған) екiншi ұлы, Білге қағанның туған iнiсi. Екінші түрік қағанатының негізін қалаушы Елтеріс Құтылық қаған 691 жылы шамасында дүние салды. Ол кезде оның балалары Моцзилянь (默棘连 // Mò jí lián, яғни Білге қаған) мен Күлтегін әлі кішікене болатын. Түркі ескерткіштерінде Құтылық қаған дүниеден өткен кезде Моцзилянь сегіз жаста, Күлтегін жеті жаста болғаны айтылады. Сол себепті, көнеден жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша Құтылық қағанның інісі Бөгу чор (Мочо) таққа отырды. Ол «Тәңіріде болмыш тәңірінің оғұр Түрік білге құтылық қаған» деп ұлықталды. Түркі ескерткіштері оны «Қапаған қаған» деп жазып қалдырды. Қытай деректері Мочо (// Mò chuò) деп жазды

  Жеті жасында әкесінен жетім қалған Күлтегін Қапаған қағанның тәрбиесінде болады. Табиғатынан  талантты Күлтегін ерте ержетті. Бұл туралы Білге қаған: Әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жасында Ұмай текті анам қатынның құтына (бағына) інім Күлтегін ер атанды. Он алты жасында ағам қағанның елін, төрін осылайша меңгерді» -деп сағына еске алады[1, 63 б.].

Күлтегіннің он жасы 694 жылдың алды-артына тура келеді. Қапаған қаған таққа отырғаннан кейін, 691 жылы тоғыз оғыздарды түбегейлі бағындыруды күн тәртібіне қойды. Осы жорықта тоғыз оғыздың Баз қағанын өлтірді. Оның балбалын сомдап марқұм Құтылық қағанның басына орнатты. Баз қағанның ұлы мен оның бір бөлім жақтастары қытайға ауып, 693 жылдың күз айларында Хэси дәлізіндегі жайылымдық аймақтарға барып қоныстана бастады. Бірақ Қапаған қаған оларды онда да тыныш қойған жоқ. 694 жылы Қапаған қаған қытай шекарасына жорық жасап, Таң патшалығына бағынған тайпаларды күшпен кері көшіре бастады. Қапаған қағанның тоғыз оғыздардың бұл тобын бағындыру жорығы соншалықты тегеуірінді болған. Артынша «У Цзэтянь әскер аттандырып оларды [түркілерді] кері шегіндірген» [2, 183 ц. ]. Түркі ескерткіштерінде «Он жасында інім Күлтегін ер атанды» деп жазған. Күлтегіннің «ер атануы» осы шайқастарда көрсеткен ерлігіне байланысты болған деген пікірлер бар.

697 жылы Қапаған қаған кидан, татабы қатарлы шығыстағы тайпаларды өзіне бағындырды, сонымен бірге Тан патшалығына түрлі қысымдар жасай отырып, оларды кидандар қоныстанған Сунмо аймағынан қуып шығарды және осыған дейін бөліне көшіп, оңтүстіктегі Тан патшалығы ықпалындағы аймақтарға қоныстанған түркі тайпаларын түгел көшіріп алып қайтты.

Қапаған қаған Таң патшалығына қарсы жорықты 698 жылы онан әрі жалғастырды. Айтулы жорықта Моцзилянь мен Тоныкөк те болған. Қапаған қаған бұл жорықта «Шандун жазығына дейін жаулап, теңізге сәл жетпей» үлкен жеңіспен оралады.

Күлтегін «бала батыр» болып, он алты жасында «ер» атануы міне осындай тарихи уақиғалармен тіке қатысты болған. «Білге қаған» ескерткішіндегі: «Ағам қағанмен бірге ілгері Жасыл өзенге, Шандун жазығына дейін жорық жасадық. Кері – Темір қақпаға дейін жорық жасадық. Барлығы жиырма бес мәрте жорыққа шығып, он үш мәрте соғыстық. Елдігін елсіреттік, қағандығын қағансыраттық. Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік» деген  жолдар Күлтегін мен Білге қағанның жас та болса Қапаған қаған дәуіріндегі түрлі жорықтардың барлығына қатысқанын көрсетіп береді.

«Күлтегін» ескерткішінде Күлтегін «он алты жысында ер атанғанын» баяндаған соң,  келесі уақиғаны «Алты баулы соғдаққа қарсы жорық жасадық, бұздық. Табғач он тұтұқ бес түмен қолмен келді. Соғыстық, Күлгегін жаяуларды опыра шапты. Он-тұтұқ басшылары қарулы қолымен қоса бағынды, қарулыларды қағанға сыйға тарттық. Ол қолды онда біз жоқ қылдық» деп баяндайды[1, 63 б.].

Ал енді «Білге қаған» ескерткіші болса аталмыш уақиғаны бұдан бір жыл бұрын болған уақиғадан бастаған. Онда: «Он жеті жасымда таңғыттарға жорыққа аттандым. Таңғыт халқын талқандадым. Әулетін, ханымын, жылқысын, дүние-мүлкін олжалап алдым [1, 103 б.] деп жазған.

Бұл жылы Білге қаған он жеті жаста болса, онда Қүлтегін он алты жаста болды деген сөз. Бірақ ескерткіште Күлтегін бұл шайқаста не ерлік көрсеткені жазылмаған. Соған қарамастан жоғарыда көрсетілген Күлтегіннің «он алты жасында ер атанғаны» осы уақиғамен тіке қатысты болуға тиіс. Себебі, Қапаған қаған айтулы жорықта бас қолбасшылық міндетті  Моцзилянь мен Күлтегінге сеніп тапсырған. 

Айтулы уақиға туралы Қытай деректемерінде нақты мәлімет сақталмаған. Бірақ, «Син Таншу» кітабының «Лу Юйциннің өмір баяны» тармағында: 701 жылы Тибет (Фань //) билеушісі өзіне қарасты халықты бастап Тан патшалығына бағынды» делінген [3, 116 ц.]. Бұл Білге қағанның «Он жеті жасымда таңғыттарға жорыққа аттандым. Таңғыт халқын талқандадым» деген уақиғамен тіке қатысты болатын. Таңғыттар бұл кезде қазірігі Ганьсу провинциясы мен Шаньси провинциясының бір бөлігін мекендеп отырған. 

Күлтегіннің алғашқы ерлігін «Он сегіз жасымда алты баулы соғдаққа аттандым. Халқын онда бұздым. Табғач Он-тұтық бес түмен (елу мың) қолмен келді. Ыдұқ-басында соғыстым. Ол қолды онда жойдым!» [1, 103 б.] деп көрсеткен 

Қытай деректеріне белгілі болғанындай бұл жорық 701 жылы жаздың соңы мен күздің басында басталған. Соғыстың соңғы нәтижесі Моцзилянь мен Күлтегін жеңісімен аяқталған. Түркі ескерткіші көрсеткен «Оң-тұтықтың» қытайша аты Ван Шэн (王 // Wáng Shēn) деп аталған. Ол бұған дейін Шынчжоу аймағында дуду (тұтық) міндетін атқарған. Ван Шэн 702 жылдың басында шайқаста қаза болған [4, 356 6б.]. Бұл көрсеткіш Білге қаған ескерткішіндегі «Он сегіз жасымда алты баулы соғдаққа аттандым» деген мәліметпен дәлме-дәл келеді.

Көп замандар бойы түрколог ғалымдар аталған «Алты суб соғдақты» Орта азиялық соғдалармен байланысты деп қараған. Кейін келе өз шешімін тапты [5, 28 б].  Шын мәнінде олар қытайша «Хэцюй» деп аталатын аймақты қоныстанған соғдалар болатын. 679 жылы басталған түркі тайпаларының көтерілісі кезінде түркі тайпаларымен аралас отырған бұл соғдылар түркі тайпаларынан бөлініп, Тан патшалығына бағыныштылығын сақтап қалған еді. Таң патшалығы оларды Хэцюй өңіріне көшіріп апарып, Линчжоу аймағының (Қазіргі Нинсядағы Лин-у қаласы) оңтүстік жағынан «Лу, Ли, Хань, Сай, И, Ци» деген алты чжоу (әкімшілік аймақ) құрып сонда қоныстандырған. Сол кезде оны «Люхучжоу ( Алты ху чжоуы)» деп атаған. Түркілер бұл аймақты «Алты шұб соғдақ (Алты баулы соғды)» деп атаған. Қапаған қаған таққа отырғаннан кейін, бұрын түркі боданы болған осы ерекше қауымды Таң патшалығынан тартып алу мақсатында Моцзилянь мен Күлтегінді аттандырып, ол жерді тартып алды.

«Күлтегін» ескерткіші бұл туралы: «Алты баулы соғдаққа қарсы жорық жасадық, бұздық.Табғач Оң-тұтұқ бес түмен қолмен келді. Соғыстық. Күлтегін жаяуларды опыра шапты. Оң-тұтұқ басшыларын қарулы қолымен қоса бағындырды, қарулыларды қағанға сыйға тартты. Ол қолды онда біз жоқ қылдық[1, 63 б]. деп жазған еді.

Күлтегін мен Моцзилянь басқарған бұл қосын Табғаш Оң-тұтұқтың (Ваң Шэнь) 50 мың әскерін талқандап, оны өлтіргеннен кейін, жорықты онан әрі жалғастырып, Янь, Ся қатарлы аудандарды тонап, келесі бір қытай қолбасшы Хан Сычжун қосынын талқандай отырып, Шилин қамалын тартып алған әрі Биңжоу (қазіргі Тайюань қаласы) қаласын қоршауға алған, сонымен бірге сол маңдағы аудандарға әскер аттандырып, шабуылдар жасаған.  Арада жарым ай уақыт өткеннен кейін ғана кері шегінген.

Түркі ескерткіштерінде келесі уақиға ретінде «Жиырма жасымда Басмыл Ыдықұт басыбайлы иелік халқым еді. Керуен жібермеді деп жауладым. …бағындырдым» деген мәліметтер тіркеледі. Аталған уақиға 704 жылы болуға тиіс. Бұдан бұрынғы жорық сияқты Күлтегін бұл жолы да соғыстың негізгі қолбасшысы ретінде танылған.

706 жылы қыста Қапаған қаған Күлтегін мен Моцзилянь екеуін табғач жеріне кезекті жорыққа аттандырды. Бұл жолы да әдеттегідей Моцзилянь бас қолбасшы, Күлтегін алдыңғы шептегі шабуылшы болған. 

Қытай деректері берген мәлімет бойынша  Күлтегін басқаруындағы шабуылшы қосындар ең бірінші Минша (鸣沙 // Míng shā) деген аудан қалашығына шабуыл жасаған. Тан патшалығы оларға қарсы Шачжа Чжун-и (沙吒忠义 // Shā zhā Zhōngyì) атты қолбасшыны аттандырған. Түркі жазбалары «Чача сеңүн» деп жазған бұл адамның шыққан тегі Кореадағы Пуиулерден тараған баегже жұртының адамы болған. Ол бұл кезде Таң патшалығының ең бетке басар қолбасыларының бірі саналатын.

Айтулы жорықтың болған жылы туралы «Білге қаған» ескерткішінде: «Жиырма екі жасымда Табғачқа қарсы аттандым. Чача-Сеңүннің сегіз түмен (сексен мың) қолымен соғыстым. Қолын онда жойдым» деп қысқа ғана жазған» [1, 103 б].

Осынау аса маңызды тарихи уақиға туралы қытай деректемелері жөнді мәлімет бермеген әрі дерек мазмұнында бірізділік сақталмаған.

«Син Таншу» кітабының «Чжун Цзун патшаның өмірбаяны» тарауында: 12-ші айда Лин-у қосынының бас қолбасшысы Шачжа Чжунн-и түркілермен Миншада соғысып, жеңіліп қалды» деп қысқа қайырған.

«Син Таншу» кітабының келесі бір жерінде «Мочо Минша жеріне шабуыл жасады. Сол кезде Лин-у қосынының бас қолбасшысы Шачжа Чжун-и онымен шайқасқа шықты, бірақ жеңіліске ұшырап, біздің жақтан неше ондаған мың адам өлді» [6,   184 б.]…

«Тан хуэй яо» кітабы Шэньлун жылнамасының екінші жылы 12-ші айда Мочо (Қапаған қаған) Миншаға шабуыл жасады дегенді ғана жазған[7,  94 ц.]…

«Цзю таншу» кітабында: Мочо (Қапаған қаған) Линчжоу аймағының Минша ауданына тағы шабуыл жасады. Лин-у қосынының бас қолбасшысы Шачжа Чжун-и ұзақ уақыт шайқасып, патша армиясы жеңіліс тапты. 6000 нан астам өлді[2,  194 ц.] делінген.

Дәл осы кітаптың келесі тарауында: 12 айда Мочо (Қапаған қаған) Линчжоу аймағының Минша ауданына тағы шабуыл жасады. Лин-у қосынының бас қолбасшысы Шачжа Чжун-и оған соққы берді. Патша армиясы жеңіліп, отыз мың адам өлді[2,  7 ц.] делінеді.

Бұл туралы «Цзы чжи тун цзянь» кітабы:  Шэньлун жылнамасының екінші жылы 12 айда түркі Мочо Миншаға шабуыл жасады. Лин-у қосынының бас қолбасшысы Шачжа Чжунн-и онымен соғысып, жеңілді. 6000 нан астам адам өлді[8,  208 ц.] деп хабарлаған. «Тундянь» [9,  198 ц.] және «Тай пин хуань юй цзи» [10,  196 ц.] қатарлы еңбектер де 6000 нан астам адам өлді дегенді хабарлаған.

Қытай деректері берген мәліметтер осындай әр түрлі болып келеді. Бұл жерде табғач тарапының өлген жауынгерлерінің саны ең кемінде отыз мың немесе одан да көбірек  болуға тиіс. Сол себепті Шача Чжун-и осы соғыстан кейін аса ауыр жазаға тартылған. Таң патшалығы оның бүкіл мансабын, атақ-шенін түгелдей алып тастаған.

Аталған шайқас туралы «Күлтегін» ескерткішінде ең толық баяндалған. Онда көрсетілгеніндей шайқас аса ауыр болған. «Күлтегін» ескерткіші бұл шайқас туралы былай деп баяндаған:

[Күлтегін] жиырма бір жасында Чача-Сеңүнмен соғысты. Ең ілкі мәрте Тадықын-чордың боз атын мініп айқасты. Ол ат онда өлді. Екінші мәрте Ышбара Жамтардың боз атын мініп айқасты. Ол ат онда өлді. Үшінші мәрте Жіген-сіліг(жиен-сіліг)-бектің кежімді торы атын мініп айқасты. Ол ат онда өлді. Сауытына, қалқанына жүзден артық оқ тиді. Жүзіне, басына бірін де тигізбеді. Шабуылы тегеуірінді, түрік бектері ұғып білесіздер! Ол қолды сонда жоқ қылдық[1, 63 б.].

Көріп отырғанымыздай Күлтегін бұл жолы шайқаста ерекше ерлік көрсеткен. Ол жау шебіне арт-артынан үш мәрте аттанған. Осының өзі атағы жер жарған Чача-Сеңүннің жеңілісімен аяқталған бұл шайқастың қытай деректері көрсеткендей жеңіл-желпі болмағанын, олардың «сексен мың» табғач әскерін түбегейлі жойғанын көрсетіп береді. 

Аталған шайқасты қытай деректері «Шэньлун жылнамасының екінші жылы 12 айда» деп көрсеткен.  Бұл жыл көрсеткіш бойынша 706 жылдың қысына тура келеді. 

Түркі жазбалары бізге қосымша тағы бір мәліметті ұсынған. Шын мәнінде айтулы жорық басталмас бұрын, Тан патшалығы Байырқулармен тіл біріктіре отырып, Түркі қағанатына оңтүстік және солтүстік екі бағыттан бірлікте шабуыл жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізген. Бұл қастандықтан хабар алған Қапаған қаған ең бірінші Күлтегін мен Моцзиляньді Оңтүстікке аттандырып, онда жеңіске жеткеннен кейін, екі бағытқа бөлініп жорықты жалғастырған. Білге қаған оңтүстікке қарай қытай жерінде жалғасты жорықтар жасаған. Қүлтегін сол жерден солтүстікке беттеп табғачтардың солтүстіктегі одақтасы байырқулардың сазайын берген. «Күлтегін» ескерткіші бұл уақиғаны: «Одан соң Жер-байырқу [тайпасының] Ұлұғ-еркін жау болды. Оның тоз-тозын шығарып, Түргі-жарғун көлінде талқандадық. Ұлұғ-еркін аздаған сарбаздарымен қашып кетті» [1, 63 б]. деп көрсетті.

Осы жәйді ескерсек бұл тұтас бір жорықтың екіші бір бөлігі болып табылады. Себебі, Күлтегін солтүстікке аттанып байырқуларды талқандаған кезде, Білге қаған бастаған қосын Қытай жеріне жалғасты жорық жасап, Минша қаласын тонап одан әрі «Юань және Хуэй аймақтарына шабуыл жасаған» [7, 94 ц.]; «Лун ю аймағына шабуыл жасап, ол жерден он мыңнан астам жылқы олжалаған», [2,  7 ц.]. Сондай-ақ, «Минша қаласы қиратып күйрендіге айналып қалған» [8.  4 ц.]. Бұл жорықтар Күлтегін солтүстікке байырқуларға аттанып кеткеннен кейін, Моцзиляньнің басшылығында болған. 

Осы соғыстан кейін Таң патшалығымен арадағы қалыптасқан жағдайда өзгерістер орын ала бастаған болатын. Ең бірінші кемпір патша У Цзытянь өліп, Таң патшалығына Ли әулеті қайта билікке келді әрі патшалық билікте тұрақтылық орнады. Соған байланысты Таң патшалығының Түркі қағанатына қаратқан саясаты да өзгере бастады. Бұл өзгерістердің орын алуы Қапаған қаған билігіне тиімсіз бағытқа қарай бет бұрды. Таң патшалығы ордасында бұрынғыдай түркілерден қорғану емес, оларды бағындыру, жорықтар жасау туралы пікірлер қозғала бастады.

Бұл саясат ең бірінші шекаралық аймақтарда қорғанысқа қажетті қала-бекіністер тұрғызу, қамал қорғандар соғу; екінші, түркілерге қарсы барлық саяси күштермен бірлесу; үшінші, солтүстікке жорық жасау сияқты үш бағытта атқарылды.

Осыған байланысты қолға алған маңызды шараның бірі түркештермен, қырғыздармен, Бохай, Шивэйлермен (татар, татабы) саяси, әскери одақтар орнату болды.

Сөйтіп, Таң патшалығы Он оқ еліне байланысты қалыптасқан Батыс түрік қағанаты хан әулетінен шыққан ақсүйектерге көмек көрсету саясатынан бас тартып, бұған дейін өздерімен жауласып келген түркеш билеушісі Сақалға (娑葛 // Suō gé) қолдау көрсете бастады. 709 жылы Сақалдың Түркештерге болған билігін заңды деп мойындап, оны «Он төрт оқ қағаны» деп таныды. Нәтижеде Таң патшалығы бұған дейін Шығыс түрік қағанаты ықпалында болып келген Сақалды өз жағына тартып,  Қапаған қағанды оқшау күйге түсіру мақсатына қол жеткізді.

Дәл осы 709 жылы қыста Енисей қырғыздары Тан патшалығына елші жіберіп екеуара саяси одақ орнатып қайтты. Тан патшалығына елші жібергендердің қатарында Түркі қағанатының Маньчжурия жақтағы бодандары қытайлар «шивэй», түркі деректері татабы т.б. деп жазған елдер де болды. Мұндай «елші жіберудің» мақсаты жай ғана елші аттандырып, сый-сияпат жасасу шеңберінен шығып, үлкен саяси одақ құруға бағытталды.

710 жылы Тан патшалығы Шығыс түрік қағанатына қарсы жорыққа аттанудың уақыты жетті деп шешті. Осы жылы 5 айда Тан патшалығының кезекті императоры Тан Чжунцзун өзінің патша жарлығы – «Солтүстікке жорық жарлығын» жариялады. Бұл жарлықтың негізгі мазмұны Шығыс түркі қағанатын түбегейлі жаулап алу болды.  Бірақ, арада бір ай өткен кезде Тан патшалығы ордасында кезекті билік таласы орын алып, аталған «жарлық» өз күшін жойды.

Тан Чжунцзун патшаның аталмыш жоспарының құрдымға кетуі Тан патшалығындағы соғысты дәріптеуші топтың күшін әлсіретті, ең ауыр зардапты патшалықтың одақтастары тартты. 

Бұл кезде Шығыс түрік қағанаты өзінің кезекті қорғаныс шараларын нақтылай бастады әрі сол негізде аса қомақты жеңістерге қол жеткізді.

710 жылы Қапаған қаған өзінің шығыстағы вассалдары татабы қатарлы тайпаларды Тан патшалығына жорыққа аттандырды.

711 жылы Янэчжи тегінді Тан патшалығына елшіге аттандырып, түрлі келіссөздер жүргізді. Сол арқылы бір жағынан Тан патшалығы мен қырғыздардың, түргештер мен Тан патшалығы арасына іріткі салды әрі уақытты соза білді. Осы уақытты пайдаланып қырғыздар мен түркештерге жорық жасап, ол екеуін де талқандап тастады.

Қапаған қаған бұл жорықты ең бірінші қырғыздарға шабуыл жасаудан бастады. Қапаған қаған жорықты өзі басқарды. Жорыққа қатысқандар арасында Қапаған қағанның ұлы – Бөгу (түркі ескерткіштерінде – «Inal qaghan // Инал қаған»), Моцзилянь мен Күлтегін, қағанаттың ақылгөйлері Апа тарқан, Бойле Баға тарқан Тоныкөк қатарлылар болды. Түркі ескерткіштері аталған соғыстың тұтас барысын толықтай баяндап өткен.

Күлтегіннің осы жылдары жасаған ерлігін  түркі ескерткіші берген мәліметі Күлтегіннің 26 жасында болған уақиға ретінде былай деп баяндап жазады:

«Күлтегіннің жиырма алты жасында біз қырғызға қарсы аттандық. Сүңгі бойлар қарды сөгіп, Көгмен жынысын айналып өтіп, қырғыз халқын өкшелей қудық. Қағаны мен Соңа-жыныста найзаластық. Күлтегін Байырқудың ақ айғырын мініп опыра шапты. Бір ерін оққа ұшырды. Екі ерін найзамен шаншыды. Ол айқаста Байырқудың ақ айғырының белі мертікті. Қырғыз қағанын өлтірдік. Елін алдық. Ол жылы Түркешке қарсы Алтын-жынысын айналып өтіп, Ертіс өзенін кеше жорыттық. Түргеш халқын біз өкшелей қуаладық. Түргеш қағанның қолы Болчуда отша, боранша жүйткіп келді. Соғыстық. Күлтегін боз қасқа ат мініп шапты. Боз қасқа […..] түсірді, екеуін өзі сұлатты. Сосын тағы шабуылдап, Түргеш қағанның қолбасшысы Аз-тұтұқтың елін жаулап алдық. Қағанын анда өлтірдік. Елін алдық. Қара-үргеш халқы бағынып, қол астыма кірді. Ол халықты біз Табарға қондырдық. Соғдақ халқын жаулап алмақ болып Інчу өзенін кешіп, Темір-қақпаға дейін жорық жасадық. Онда Қара-түргеш халқы жау болды. Кеңреске қарай бардық. Біздің қолымыз аты арық, азығы жоқ еді. Жаман кісі, ер [………] … Алып ер бізге тиіскен еді. Сол кезде шарасыздан Күлтегінді аз ермен аттандырып жібердік. Ұлы соғыс жасады. Алып шалысты ақ мініп айқасты. Қара-түргеш халқын сонда жеңдік, алдық. Және жортып» [1, 63-64 бб.].

Солай дегенмен осы реткі жорық аяқталғаннан кейін Қапаған қаған Күлтегін, Моцзилянь, Тоныкөк қатарлыларды әскери биліктен шеттете бастағаны байқалады. Тоныкөк өзінің қызын Қапаған қағанға ұзатып, бұл тығырықтан шыққан тәрізді. Бірақ, Күлтегін мен ағасы Моцзилянь жорықтарда бұрынғыдай өз еркімен қол басқару мүмкіндігінен айрылған еді. «Күлтегін» ескерткішінде оның бұл тұстағы ерлігі толық жазылған.

Осыдан кейін Шығыс түрік қағанатының қоғамдық өмірінде түрлі қайшылықтар асқынып, саяси алауыздықтар күшейе түскен болатын. Тоғыз оғыздар мен көк түріктер арасында берекесіздік жаппай орын алды.

Тоғыз оғыздардың түркі билігіне қарсылығы ең бірінші қарлұқтардан басталғаны байқалады. «Күлтегін жиырма жеті жасында қарлұқ халқы әрі-сәрі толқып жүріп, ақыры жау болды. Тамағ-Ыдұқ басында соғыстық» [1, 64 б.] деген мәлімет сол берекесіздіктің басы болды. Қарлұқтармен арадағы бұл соғыс осымен аяқталмаған, 714 жылы қайта жалғасын тапқан. «Күлтегін ол соғыста отыз жаста еді. Алып шалысты ағын мініп опыра шапты. Екі елін ұтылап шаншыды. Қарлұқтарды қырдық, алдық» [1, 64 б.] деп көрсетіледі.

«Күлтегін» ескерткіші бойынша 715 жылы Күлтегіннің отыз бір жасында Аздармен соғысқан. Ескерткіш «Аз халқы сонда қырылды» деп жаза отырып, артынан «Ағам-қағанның елі толқуда болғанда, халық пен ел екіге бөлінгенде, Ізгіл халқымен соғстық. … Ізгіл халқы қырылды, Тоғыз-оғыз халқы өз халқым еді. Тәңірінің, Жердің киесіне ұшырап жау болды. Бір жылда бес мәрте біз соғыстық …. [1, 64 б.] деп жазады. Осылардың барлығы Түркі қағанаты құрамындағы тоғыз оғыздардың қағанат билігіне қарсы бүлігі жаппай орын алғанын көрсетіп береді. Есерткіш бұл уақиғаны: «Ағам-қағанның елі толқуда болғанда, халық пен ел екіге бөлінгенде», «Тоғыз-оғыз халқы өз халқым еді. Тәңірінің, Жердің киесіне ұшырап жау болды» деп тәптештеп отырып көрсеткен.

Тоғыз оғыздардың өз қағанымен жауласып, қағанатта саяси тұрақсыздықтың орын алуы Тан патшалығына аса тамаша мүмкіндіктер берді.

Сөйтіп, 716 жылы көктемде Тан патшалығының Түркі қағанатына үш бағытта жорыққа шықты. Бас қолбасшы Сюе Не (薛讷 // Xuē Nè) бастаған орталық бағыттағы қосын түркілердің тегеуірінді қарсылығына тап болып, артынан «бейбітшілік туыстық» орнатып,  мәмлеге келді. Ал, Ян Цзиншу бастаған батыс бағыт туралы тарихи деректерде еш мәлімет сақталмаған, соған қарағанда ол да жеңілген болуы мүмкін. Тек үшінші бағыттағы – шығыс бағыттағы Чжан Чжи-юнь (张知运 // Zhāng Zhīyùn), бастаған қосын ғана табысты жорық жасаған. Себебі Чжан Чжи-юнь қосынында Тан патшалығына бағынған Тибет жауынгерлері болған.  Бас қолбасшы Чжан Чжи-юнь жорық кезінде тибеттік Гунжэнь (弓仁 // Gōng Rén) жасағын алдыңғы шепке аттандырған. Олар тибеттіктерден жасақтаған атты жасақтың көмегінде Түркі жеріне жетіп, тоғыз оғыз қосындарымен сәйкесе отырып, Түркі қағанатын іштен іріте алған еді.  

716 жылы Қапаған қаған жорықта қаза болады. Қапаған қаған қайтыс болған соң, оның орнына ұлы Бөгу қаған (Инал қаған) таққа отырып, Бөгу қаған атанады. Бөгу қаған тағына отырғаннан кейін, өзінің туған інісі Мо тегінді Төліш шад деп ұлықтап, Ашина Білге тегін дегенді Тардұш шад деп ұлықтағаны туралы мәлімет бар [ 12, 986 ц.]. Осы дерекке негізделгенде, ол Құтылық қағанның екі ұлы Күлтегін мен Моцзиляньді биліктен шеттете бастаған деуге тура келеді.

Қапаған қаған қайтыс болған тұста, Күлтегін қырғыздарға қарсы жорықта жүрген. Бірақ, Қырғыз елінен жеңіспен оралған Күлтегін өз жақтастарын жинап, қағанды, оның інілері мен туысқандарын түгел өлтіріп, Қапаған қаған дәуірінде Төліс шад міндетін атқарған Моцзиляньді «Білге қаған» деп ұлықтайды.  Күлтегін өзі қағанаттың сол қол шады және бас қолбасшы болады.

Бұл жолғы орда шайқасында Күлтегін жаңа ғана қағанат тағына отырған Бөгу қаған (Инал қаған) мен Қапаған қағанның жақтастарын түгелге жуық өлтіреді. Қапаған қаған ұрпағынан оның Мо тегін делінген ұлы мен Ашидэ Мими деген ақсүйекке ұзатылған қызы ғана аман қалып, қытайға қашып кеткен. Капаған қағанның бұрынғы жақтастарынан Білге Тоныкөк аман қалған еді. Себебі ол Білге қағанның қайынатасы болатын-ды. Тоныкөк аман қалғанымен біраз уақыт қудаланып, 719 жылы шамасында ғана «Бойла баға тарқан» деген атақ-шені қалпына келтіріледі.

Дәстүр бойынша қағанаттың тағына «әке өлсе бала мұрагерлік ету» мен «аға өлсе іні мұрагерлік ету» сынды екі түрлі мұрагерлік қатар сақталды. Шығыс түрік қағанаты хан мұрагерлік жүйесінде көнеден жалғасып келе жатқан елдің шығыс бөлігін басқарушы тақ мұрагері болатын көне дәстүр де жолға қойылып отырды. Қағанаттың шығыс қанатын билеуші – «төліш шад» (кейде Төліш хан) деп аталды. Тақ мұрагері қағанаттың шығыс қанатын басқарушы төліш шад болатын бұл заңдық норма бойынша қаған опат болған жағдайда оның орнына бауыры немесе баласын тағайындау мәселесі бойынша көп дау туындамайтын еді. Себебі, қаған көзінің тірісінде шығыс тараптың төліш шад немесе төліш ханы етіп кімді тағайындаса сол адам тақ мұрагері ретінде міндетті түрде қаған болып ұлықталатын болатын.

Сол себепті Күлтегін бұл жолы ата заңды бұзды деп айтуға негіз жоқ еді. Себебі, Қапаған қаған Моцзиляньді әуел баста «тардұш шад» деп ұлықтаған болатын. Соған сәйкес Күлтегін  «тардұш шад» лауазым иесі болған ағасы Моцзиляньді қағанаттың тағына отырғызып,  «Білге қаған» деп ұлықтау өте заңды болатын.

Бұл тарихи уақиғаны қытай деректері былай деп жазды:

«Онан соң Мочо тағы да «тоғыз тайпа [құрамындаығы] » ба-е-гуларға жорық жасап, олармен Делэ өзенінде соғысты, ба-е-гулар ойсырай жеңілді. [жеңісіне масаттанған] Мочо аз әскерімен бір нулы орманда қаннен-қаперсіз кетіп бара жатқанда, ба-е-гулардың соғыстан аман қалған адамдары оған тұтқиыл шабуыл жасап, оның басын кесіп алды. Содан соң ба-е-гулар оның басын варварлар жеріне барған патша елшісі Хао Линцюань арқылы патша астанасына жеткізді» [6, 187 б.].

Білге қаған Моцзилянь бұрын «кіші шад» деп аталған. Табиғатынан мейрімді ол «еңбек сіңірмедім» деп, қаған тағын Күлтегінге ұсынды, Күлтегін таққа отыруға жүрексінген соң ғана барып қаған болды – бұл кайюань жылнамасының 4 жылында (Яғни 716 жылы) болған еді. Ол қаған тағына отырған соң, Күлтегін өзінің сол қолы етіп тағайындап, елдегі әскери істі соның қолына тапсырды. Кезінде, Мочо өлгенде, Күлтегін оның уәзірлерін түгелдей қырған. Сонда Тоныкөктің қызы Пофу «Säbäg» Моцзиляньнің қатұны болғандықтан ғана Тоныкөкті өлтірмей, оны тек мансабынан алып, өз руына қайтарып жіберген. Кейін түркештердің Сулу қағаны өзін қаған деп жариялап, түркі тайпалары арасында арандатушылық көбейген кезде, Моцзилянь Тунюйгуды (Тоныкөк) өзінің жанына шақырып алып, мемлекет істері жайында одан ақыл сұрайтын болды. Сол кезде Тоныкөктің жасы 70-тен асқан, ел-жұрты оны сыйлап, одан именетін еді» [6, 188 б.].

Қапаған қаған дүние салғаннан кейін, Күлтегін Қапаған қағанның қағанат билігіне келген ұлын және оның қалған балаларын қоса өлтіріп, өз ағасын ұлықтады.  Қапаған қағанның құрметіне үлкен ас беріп, халықаралық деңгейде атап өтті. Оның қазасына алыс-жуықтағы елдерден адамдар келіп көңіл айтып аза білдірді. Қазірге дейін Қапаған қағанның атына қойылған жазба ескерткіш табылған жоқ, дегенмен Күлтегіннің Білге қаған мен Тоныкөктің құрметіне қойылған ескерткіштер мазмұнында Қапаған қағанның тарихи орны туралы әділ баға беріліп отырды.

717 жылы Білге қаған Тан патшалығына елші аттандырып, «бейбітшілік» орнату туралы өз тілегін жеткізді.

718 жылы Түркілер Тан патшалығының солтүстік шекаралық аймақтағы қорғаныс армиясы – Да-у және Хэн-е әскери қосынына шабуыл жасап, Тан патшалығына бағынған қарлықтар мен татабыларға жеке-жеке соққы берді.

Осы жылы Таң патшалығы Түркеш билеушісі Сулыққа мансаптар тағайындай бастады. Осы кезде Білге қаған да өзінің қызын Түркеш қағанына ұзатты әрі Сулудың қызын өз ұлына алып беріп құда болды. Тан патшалығы түркі қағанатын жою мақсатында басмыл, қырғыз, қидан, татабы қатарлы елдермен бірлескен жорық жасауды жоспарлады. Білге қаған мен Тоныкөк осындай күрделі кезеңде бәрі бір ақылгөй абыздың шарапатына мұқтаж болды. Сөйтіп, олар Білге Тоныкөктің ақылына жүгінді. Тоныкөктің бұрынғы атақ-мансабын қалпына келтіріп, оған қағанаттың ақылгөйі дәрежесін қайтарып берді.

719 жылы Тан патшалығының Білге қаған мен ол басқарған Түркі қағанатын құрту мақсатындағы қастандық әрекеті одан әрі жалғасты. Олар Түркеш қағаны Сулуға «Чжуншунь қаған» (Адал қаған) деген атақ берді. Артынша қытай қолбасшысы Ван Цзунь (王晙 // Wáng Jùn) басмылдер мен татабыларды Түркі қағанатының екі бүйірінен шабуыл жасауды жоспарлады.

Білге қаған мен Күлтегін ең әуелі елден бұрын уағдалы жерге беттеген басмылдарды Бесбалық маңында бағындырды. Сол жерден Хэси дәлізіне жорыққа аттанып, ондағы қалалар мен елді мекендерді тонап, әскери қорғанысқа қажетті жылқыларын барымталап, патшалықтың әскери әлеуетін құрдымға жіберді. Тан патшалығының Түрік қағанатын жою мақсатындағы кезекті жоспары сәтсіз аяқталды. Бұл жеңіс қағанаттың еңсесін тіктеп, іргесін бекітті.

720 жылы Екінші Түрік қағанатының Қапаған қаған дәуіріндегі әлеуеті қалпына келді. Түркі қағанаты Тибетке елші аттандырып Тан патшалығына қарсы одақ құрды. Сонымен бірге қидан, татабы қатарлыларды Тан патшалығына қарсы қойып, қытайға шабуыл жасауға ұйымдастырды. Сонымен бірге «алты сұб соғдақтардың» Тан патшалығына қарсы күресін ұйымдастырды.

Ван Цзуньді аттандырып Алты сұб соғдақтарды тыныштандырды. Тан патшалығы кидандар мен татабылардың қарсылығын тыныштандыру мақсатында түрлі қадамдар жасады.

721 жылы Кан Лайбин бастаған алты сұб соғдақтардың көтерілісі өз жалғасын тапты, Тан патшалығы қолбасшысы Ван Цзунь оларға қарсы кезекті жорығын жасады.

Міне солай аймақтық геосаясатта Түркі қағанаты аса зор жетістіктерге жете бастады. Осыған орай көрші Тан патшалығы Түркі қағанатына қаратқан қастандыққа толы пиғылын өзгертіп, райынан қайтты. 721 жылы Тан патшалығы ымыраға келді. 

722 жылы Білге қаған қидандарға жорыққа аттанды. Кан Лайбин бастаған алты сұб соғдақтардың көтерілісі өз жалғасын тапты, Тан патшалығы оларға қарсы кезекті жорығын жасады. Тан патшалығы Түркеш қағанатын өзіне бағындыру мақсатында Ашина Хуайдао атты Тан патшалығына бағынған түркі ақсүйегінің қызын Сулуға құнчұй ретінде ұзатты.

724 жылы Білге қаған Тан патшалығынан патша әулетінің ханышаларының бірін өзіне беруді, екі ел құдандалы ел болуды талап етті.

725 жылы Тан патшалығы Шығыс түрік қағанатына шақырту жіберіп, Цюаньцзун патшаның киелі Тайшань тауына зиярат ету рәсіміне қатысуға шақырды. Білге қаған Тан патшалығына өзінің елшілерін аттандырды.

727 жылы Тибет билеушісі Білге қағанға хат жазып, Тан патшалығына бірлікте жорық жасау туралы ұсыныс қойды. Білге қаған бұл хатты Тан патшалығына жеткізді. Тан патшалығы мен шығыс түрік қағанаты шекарадағы қорғаныс қамалдарында сауда жасай бастады.

729 жылы бұған дейін Тан патшалығына келіп бағынған әрі Хэси дәлізіндегі жайылымдық аймақтарды қоныстанған ұйғыр, циби, ізгіл, хун қатарлы тоғыз оғыз тайпалары Лянчжоу аймағының дудуы Ван Цзуньді өлтіріп тастап, Шығыс түрік қағанатына бағынды.

730 жылы татабы, кидан қатарлы шығыстағы тайпалар Тан патшалығына қарсы көтеріліске шығып Шығыс түрік қағанатына бағынды.

731 жылдың ақпан айында Күлтегін  47 жасында дүние салды.

Күлтегін өмірден озғанда қағанаттың алып тірегі құлап түскендей болды. Ұлы Дала күңіреніп, оның артта қалған ел-жұрты қайғырып жоқтау айтты. Төрткүл дүниеден түгел елшілер келіп, Күлтегін рухына тағзым етіпті. Басына ел тарихын жазып, алып ескерткіш орнатты.

Еңбегі

Күлтегін ат жалын тартып мінгеннен өмірінің соңына дейін, қағанаттың ішкі және сыртқы жауларымен күресу жолында еңбек етті. Оның бозбала шағындағы ерліктерінің өзі Қапаған қаған дәуіріндегі елдің ел болып сақталуына орасан зор рөл атқарды. Ал, ағасы Білге қаған дәуіріндегі ерлігі қағанаттың теңдессіз деңгейге жетуінің берік негізі болды. Ол Түркі қағанатының елдігі, жерінің бүтіндігі мен елінің ертеңі үшін бүкіл саналы ғұмырын ат жалында өткізді. Осындай қажырлы еңбек етіп, «Ілгері Жасыл өзенге, Шандун жазығына дейін жорық жасады. Кері – Темір қақапаға дейін жорық жасады. Империя жауларының елдігін елсіретті, қағандығын қағансыратты. Тізеліні бүктірді, бастыны жүгіндірді.  Білге қаған Күлтегіннің еңбегін бағалаған кезде: «Әкеміз, ағамыз құрған халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен бірге, екі шадпен бірге өліп-тіріліп елді құрадым»; «Күлтегін жоқ болса, бәрің өлімші болар едің» деп жазды.

Ұлықталуы

Күлтегін киелі орын кешені, орны Моңғолияның Архангай аймағы, Хашат сумыны, Орхон өзенінің оң жағалауындағы Көше-Цайдам деп аталған жерде. 

2001 жылы 18 мамырда  Еуразия ұлттық университетіне Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесі қойылды. 

ҚР Ұлттық банкі 2016 жылы 4 қарашада «Дала қазынасы» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, «proof» сапалы «Күлтегін» күміс ескерткіш монеталарын айналысқа шығарды.

Әдебиеттер және дереккөздер тізімі:

1. Сартқожа Қ. Орхон мұралары. 2-кітап. – Алматы, «Абзал-Ай» баспасы.  2012. – 328 бет.

2. Liu Xu: Jiu Tangshu . Juan 194 Tu jue zhuan. – 5407 y.

3. Ouyang Xiu: Xin Tangshu. Jiuan 215, Tujue zhuan. Zhong hua shu ju, 1975 nian. – 6472 y.

4. Cen Zhongmian: Tujue ji shi. Zhong hua shu ju, 1958 nian.– 1136 у.

5. Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как источник по истории Средней Азии. – М., 1964. – 214 с.

6.  Б. Еженханұлы, Ж. Ошан. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. – ІV том. Әулеттік тарихи жылнамалар 2-бөлім. – Алматы, 2006. – 480 бет.

7. Wang Pu: Tang Hui yao. Juan 73, 1956 nian. – 844 y.

8.  Sima Guang: Zi zhi tong jian, juan 202, Tiao lu yuan nian (679 nian) tiao. Zhong hua shu ju, 1956 nian. – 9799 y.

9. 

https://ctext.org .

10. Yue Shi. Tai ping huan yu ji. Juan 196, Tujue. Zhong hua shu ju. –2008 nian. – 4408 y.

11.

https://ctext.org › wiki. 

12. 

https://ctext.org › wiki.

13. Жолдасбеков М. Сартқожа Қ.  Орхон ескерткіштерінің толық атласы. – Астана, Күлтегін, 2005. – 360 б.

Рисунок 2 Күлтегін ескерткіші

Рисунок 3 Күлтегін ескерткіші қытайша бөлігінің эстампажы

Авторы: Ошан Ж.

ҚРҒБМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану

институтының жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты