Сатұқ Боғра хан (шамамен 895-956) – Қара хан мемлекетінің негізін қалаушы. Саяси қайраткер, қолбасшы, дипломат. Ислам дінін тұңғыш рет қабылдап, түрік халықтарын Ислам мәдениетімен қауыштырған жаңашыл тұлға.
Берілген сызба сурет жазушы С. Әзиздің «Сұтұқ Бұғра хан» романынан алынған (Бейжин. 1982).
Өмірбаяны
Қарахан мемлекетінің негізін қалаушыСатұқ Боғра хан шамамен 895 ж. ежелгі Баласағұн қаласында дүниеге келген. Ол қарлұқтардың ұлы қағаны Білге Құл Қадырханның мұрагері. Ислам дінін тұңғыш рет қабылдап, түрік халықтарын Ислам мәдениетімен қауыштырған жаңашыл тұлға. Ислам қағидалары бойынша мұсылманша дінге кіру рәсімін өткізіп, «Әбдікерім» (Әбділкерім, Әбд әл Керім) деген атқа ие болған. Ислам дінін жеткізу Орталық Азияға орнықтыру жолындағы сіңірген еңбегі үшін оған «Ғазы» атағы берілген.
Тарихи тұлға Сатұқ Боғра ханның (шамамен 895-956) туған жылы мен қайтыс болған уақыты жөніндегі дерек көздері әртүрлі жазылып келгені де белгілі. Сұлтан Сатұқ Боғра хан Қарахан династиясының үлкен ханы Базырдың 2-ұлы еді. Әкесі жастай қайтыс болып кеткендіктен, анасы әмеңгерлік жолымен жұбайының ағасы Оғұлшақпен некелеседі. Оғұлшақ Қашқарға қоныс аударғанда, анасы да баласымен бірге оның соңынан еріп, сол жерде тұрақтайды.
Осы арада тарихшылар мен түркологтар бүгінге дейін толық бірлікке келе алмай жүрген кейбір мәселелер жөнінде тоқтала кетуге тура келеді. Алдымен Боғра хан және Қарахан атауларының ежелгі аталымы мен ғылыми зерттеулерде қолданылып жүрген бүгінгі мағынасындағы алшақтықтар туралы айтар болсақ, М. Қашқаридың «Түрік тілі сөздігінде» қытайдың «Жиннама» қатарлы кітаптарда «Хақания», «Хақан династиясы», «Мүлікхан династиясы», «Ілікхан династиясы», «Апрасияб династиясы» деп жазылып келген болса, ХІХ ғасырда ресей ғалымы В.В. Григориев ең алғаш рет «Қараханилер династиясы» деп жазды. Ол жазба деректердегі билеушілерінің атына көбінесе «Қарахан» атауы қосылып айтылатынына негізделген болатын. Ал, ежелгі түріктер қолданысындағы «қара» сөзінің мағынасы «ең жоғарғы» дегенді білдіруші еді. Қазақ тіліндегі «қара жер, қара аспан», «қара тау» дегендер әне сол байырғы мағынасын сақтаған қария сөздер болатын.
Біз сөз етіп отырған дәуірде династия екі аумаққа бөлініп басқарылатындықтан, қағанаттың негізгі бөлегін билейтін хан үлкен хақан дегенді білдіретін. «Арыстан» атағымен Баласағұнда тұрып бүкіл елге билік жүргізеді. Ал, қағанаттың шағын аумағының билеушісі «Боғра-бура» деп аталып, алғашында Таласта тұрса, Таласты саманилер басып алғаннан кейін Қашқарға кетіп «Бура-Боғра» хан атағымен билік жүргізе береді. «Сатұқ Боғра хан» үлкен қаған болған кезде де ол бұрынғыша Боғра хан – Ғазы – Әбдікерім» деп атала береді. Сатұқ Боғра хан Қарахан династиясының үлкен ханы Базырдың 2-ұлы еді. Әкесі жастай қайтыс болып кеткендіктен анасы екеуі ағасы Оғұлшақпен бірге Қашқарға келіп тұрады. Оғұлшақ Қашқарды астана етіп тұрғанда Саманилер династиясының патшасы Насыр 893 ж. қайтыс болады. Осы кезде оның інісі Смайыл Орда өзгерісін жасап, билікті тартып алады. Ал, шаһзада Насыр бас сауғалап Қашқардағы Оғұлшаққа барып, оның ордасында тұрды. Оғұлшақпен өте жақсы қарым-қатынаста болғандықтан Атұш қаласының билігін оған сеніп тапсырды. Саманилер елінен келген саудагерлер үшін мешіт салуға да келісімін береді. Сөйтіп, бұған дейін Мани және Будда діні кең тарқалған қарахандықтардың Ислам дінін қабылдауы, Сатұқ Боғра ханның алғашқылардың бірі болып жастай мұсылман болуы қуғындағы Насыр бин Мансұрдың тікелей ықпалымен болғандығын Қарахандықтар заманында өмір сүрген тарихшы Абдұл Жаппардың «Қашқар тарихына» сілтеме жасалған Жамал Каршидың (1230-1315 ж.) «Сурах Луғатиге Илауэ» атты кітабында келтірілген тарихи дерек көздеріне Қазақ совет энциклопедиясында біршама анықтама берілген [1].
«Шинжияңда өткен Ислам хандықтарының қысқаша тарихы» атты кітапта жазылған деректе: Сатұқ Боғра ханның Ислам дінін қабылдаған уақыты оның таққа отыруынан көп бұрын, дәлірек айтқанда 915 ж. болған. Алайда, бүгінге дейін жарық көрген энциклопедиялар мен Қазақстан тарихының көп томдықтарындағы анықтамаларда жаңсақ жазылып жүргенін атап өтуге тиіспіз. Мәселен, «Қазақ Совет энциклопедиясының» 10 томында «Сатук Бограхан Абдулкарим (Абл Эл-Кәрим) (915-955) – Қарахан мемлекетінің билеушісі Арыслан хан Базырдың баласы» [2, 16-17-бб.] деп жазылған. Дәл осы мәтін өзгеріссіз «Қазақ энциклопедиясы» 3 томында [3] қайталанып берілген. Мұндағы жаңсақтық Сатұқ Боғра ханның таққа отырған 915 жылын оның туған жылы деп жазылғанында болып отыр. 996 ж. «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихының» І томында Оғұлшақтың немере інісі Сатұқ Боғра ханды (915-955) Қарахан әулетінің негізін салушы деп есептейді. Исламды қабылдап саманилердің қолдауын пайдалана отырып Сатұқ Боғра хан Оғұлшаққа қарсы шығып, оны талқандады, сөйтіп Тараз бен Қашқарды бағындырды; 942 ж. ол Баласағұн билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған деп жариялады. Шынына келгенде, Қарахан мемлекетінің тарихы осы уақыттан басталады», – деп жазылған [4]. Қытайда жарық көрген қытай, ұйғыр тілдеріндегі ресми тарихатр мен көркем әдебиеттерде және ертеде жазылған тәзкиралар мен діни хисса дастандардағы деректерді салыстыра келе «ілгері-кейін болып шамамен 40 жыл билік жүргізіп 955-956 жж. Қашқарда қайтыс болған, Қашқарға жақын Атуштың Мешһед деген жеріне жерленіп, сонда тұрғызылған салтанатты күмбезді қабыр «Сатұқ Боғра хан – Ғазы» атымен аталып тарихта қалды [2]. Шығыс түркістандық жазушы, қоғам қайраткері Сейпідин Әзиздің «Сатұқ Боғра хан» [5] атты тарихи романы ұлы тұлғаның балалық-жастық шағынан қайтыс болғанға дейінгі дәуірде басынан кешкен аса күрделі де даңқты оқиғалар жан-жақтылы тарихи һәм көркемдік шындықтарға негізделген.
Жоғарыда келтірілген тарихи деректер мен зерттеу еңбектерін жан-жақтылы сараптай келе, біз Сатұқ Боғра хан 895 жылдары Базыр Қарахан отбасында туылып 20 жасында Оғұлшақты тақтан тайдырып 915 ж. Қашқар мен Баласағұнды астана етіп, Қарахандар хандығын тарих сахнасына шығарған деген қорытындыға тоқтадық. Сатұқ Боғра хан балалық, өспірімдік (жастық) шағын әкесі Базыр Қарахан отбасында және әкесінің ең жақын серігі Сөкмен дәрежелі әскер басы Батыр нағашысының тәрбиесінде өткізеді. Сол тұста Батыр нағашысы әскери қатаң машықтан өткізіп қана қоймай, болашақ билеушіге қажетті алуан түрлі өнер мен ақыл-парасат өнегесіне баулиды. Соның арқасында бозбала Сатұқ қайсарлық пен көркем мінезді кемел азамат болып көзге түседі. Сол тұста Қарахан мемлекетінің ішкі-сыртқы жағдайы барынша нашарлап кеткен еді. Сырттан саманилердің хандық аумағына шабуылдары жиілеп кетсе, ел ішінде Оғұлшақтың қатігездігі мен ақылсыздығынан зардап шеккен халықтың тұрмыс жағдайы нашарлап, алым-салықтың ауырлығынан әбден мезі болған еді. Сатұқтың әкесі Базыр Қарахан ертерек қайтыс болып, кәмелет жасына толмағандықтан ағасы Оғұлшақ уақытша хандық таққа отырған болатын. Бірақ ол сөзінде тұрмай Сатұқ 18 жасқа толғаннан бастап түрлі сылтаулар айтып заңды мұрагер Сатұққа тақты бергісі келмегенімен қоймай ордадағы сенімді адамдарымен астасып Сатұқты өлтіріп тастауға дейін барады. Бұл қастандықтан алдын ала хабар тапқан Сатұқ Қашқарда Орда өзгерісін жасап Оғұлшақты тақтан тайдырып Боғрахандық орнына жайғасады. Бұл 915 жыл болатын.
Осыдан былайғы 40 жыл бойы ішкі-сыртқы жауларымен айқасып құдіретті Қарахан хандығының даңқын асырды. Таққа отырғанға дейін тек Ордадағы сенімді адамдары арасында ғана Ислам дінін насихаттап келсе, енді өзінің мұсылмандық сенімін ұстанатынын әрі хандық аумағында Ислам дінін қабылдауға ашық шақырды. Көп өтпей қарахандардың алғашқы астанасы болған Баласағұн қаласындағы будда дінін ұстанатын ұлы хан мәртебелі Арыслан ханға «ғазаует соғысын» бастап Баласағұнды басып алды. Бұл шамамен 942-943 жж. болатын.
Сатұқ Боғра ханның негізгі күресі туысқан түркі халықтарының байырғы Отаны болған Мауереннахр мен Жетісуды басып жатқан саманилерден азат етуге арналды. Саманилермен болған үлкенді-кішілі қақтығыстар барысында күш жинап, тәжірибе-сабақтарды сараптай келе 944 ж. жүзмыңдаған сайлауыт қосынмен Қашқардан жорыққа аттанған Сатұқ Боғра хан бір жыл тоқтаусыз алапат қанды шайқастар арқылы саманилер билігіндегі ірі қала бекіністерден Талас, Ош, Өзкент, Перғана, Қоқан, Наманган, Самархан, Шаштарды азат етіп, хандық билігін орнықтырды. «Құдіретті Сатұқ Боғра хан – Ғазы» деген биік мәртебеге ие болды.
Сатұқ Боғра ханның 40 жылдық салтанатын сараптауға тырысқан тарихшылар мен шежірешілердің бағасы өте жоғары еді. Ол қарахандықтардың әдеттегі бір ханы ғана емес, өз дәуірінің әлеуметтік реформаторы, құлдықты заңсыз деп жариялаған жаңашыл қайраткер, ең негізгісі Қарахан иелігіндегі аумақта Ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялап мешіт-медреселерді көптеп салдыру арқылы өз дуіріндегі озық араб ислам мәдениетінің қалың халық арасына кең таралуына жол ашқан ұлы ағартушы, аса парасатты, ержүрек қолбасы, отаншыл, халықшыл, жаңашыл қайраткер еді. Сатұқ Боғра ханның ел билеудегі жаңашылдығы мен жасампаздығы туралы нақтылы жазба дерек болмаса да Орда тарихшылары мен кейіннен жазылған «тәзкирелерде айтылғандарды талдай келе мынадай түйіндерге тоқтала аламыз. ХІ ғасырда өмір сүрген қашқарлық Абдул Жаппардың «Қашқар тарихы» атты кітабында қарахандықтар жөнінде жазылғанымен көп бөлегі жоғалып кетеді де, тек Жамал Қаршының «Сұраһ Лоғатына кіріспе» атты кітабында аздаған бөлігі сөз болады.
893 ж. Талас қаласын билеп тұрған кіші хан Оғұлшақ саманилердің шабуылын қайтара алмай Таласты тастап, Қашқарға қоныс аударады. Сол уақыттан былай қарай Қашқар қарахандықтардың саяси, экономикалық, мәдени әрі діни орталығына айналды. 915 ж. Қарахан хан тағына отырғаннан бастап мемлекеттік істерді басқаруда мүлде жаңа саясат жүргізуге батыл кіріседі. Атап айтқанда Ордаға сенімді, адал адамдарды шоғырландырып үлкенді кішілі істерді істерде ылғи да солармен ақылдасып отыратын болған. Білермендікке ұрынбай билікті «Біліктілік, бірлік, қорғаныс, гүлдену, досқа достық, дұшпанға дұшпандық» деп аталатын бес сөз аясында жүзеге асырып отырған. Сөйтіп, елінің амандығымен хандығының аумақтық тұтастығын сақтау үшін саманилердің шабуылдарын тойтарып қана қоймай қарсы шабуылға шығып отаршылдарды жерінен қуып шықты. Ел ішінде мешіт, медреселерді көптеп салғызып, халыққа ағартушылық пен ислам өркениетін жеткізуге күш салды.
[Бұл сызба сурет С.Әзизидің «Сатұқ Боғра хан» атты шығармасынан алынды. «Міллетлер нешрияты», 1982. – Тарихи роман. – 1007 бет.]
Сатұқ Боғра хан өмірі мен ел билеу жағдайын сөз еткен деректер мен зерттеушілердің талдауларын шола қарастыра келе мынадай ерекшеліктерін атап айтуға болады: Сатұқ таққа отырысымен салтанатты түрде мемлекет істерін басқарудың дәстүрлі «үштік алқа» жүйесін қалпына келтірді.
Осы «үштік алқа» ұйғарымымен арнайы жарлық шығарып, оны батыл іске асырды. Мәселен, хандық аумағында еркіндік, теңдік, молшылық, қорғанысты күшейту қатарлы ұрандар қағидаға айналып Ислам діні мемлекет діні болып мәртебеленеді, құлдық жойылады, жылына бір рет құрылтай шақырылып, хандықтың ірі істері талқыланады. Алым-салық азайтылып, парақорлар мен қиянатшылар аяусыз жазаланады деген сияқты заң ережелері жасалды.
Осындай дана саясат ұстанып, оны батыл жүзеге асыру арқылы Сатұқ Боғра хан Қарахан мемлекетін барынша гүлдендіріп, тарихта жақсы атын қалдырды. Сатұқ Боғра хан таққа отырған 40 жылда Қарахан хандығы бұған дейін түрік халықтары тарихында болып көрмеген өркениеттік дамуға қол жеткізді. Атап айтқанда оқу-ағартуға, мешіт-медреселер салып Ислам діні талаптары бойынша жан-жақты
білім беруге ерекше мән берді.
Хандық таққа отырған алғашқы күні Қашқарда күні кешеге дейін еңсе көтеріп тұрған «һейт гаһ» мешіт-медресесінің ірге тасын өз қолымен қаласып, ислам-түрік мәдениеті орталығына айналдырды. [«Ұйғырлардың қысқаша тарихы» «Шинжан халық» баспасы. Үрімші.]
Адамзаттың ортағасырлық өркениеті орталығына айналған Баласағұн, Испиджаб (Сайрам), Қашқарда өмір сүріп ел билігіне араласа жүріп ғылыммен айналысқан әйгілі Махмуд Қашқаридың (Мехмұд Ибн Әл-Хусеин Ибн Мухаммед) «Түрік тілінің сөздігі» (Диуани Лұғат-ит түрік) Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» (Құтатғу білігі) қатарлы ұлы шығармалары дүниеге келді. Сатұқ Боғра хан негізін қалап көркейткен Қарахан хандығы ішкі-сыртқы жаулардың тегеурініне шыдамай, 1212 жылдар шамасында тарих сахнасынан кетті. Күллі түрік халықтары тарихын түбірлі өзгерістерге ұшыратып, шыт жаңа түрік-ислам өркениетімен қауыштырған Сатұқ Боғра хан – Әбдікерімнің өмірі мен оның тақ мұрагерлері жөнінде жазылған тезкирелер, зерттеу еңбектер, аңыз әңгімелер өте көп.
[Бұл иллюстрация «Тәзкире-и Бұғра хан» шығармасынан алынды. – Алматы: «Тоғанай», 2007.]
Солардың ішінде ұлы қаған өмірі мен түрік-ислам әлеміне сіңірген еңбегіне арналған «Тәзкире – и Боғра хан – Сұлтан Сатұқ Бура хан ғазының шежіресі» [6] атты шығарманың орны бөлек «Тәзкиренің» авторы қашқарлық тарихшы Саллахиат хажы (молла Қажы), жазылған уақыты шамамен ХVІІ ғасырдың соңы деп анықтама берген [7].
Осынау аса құнды тарихи жәдігерді елге жеткізген халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уалиханов әйгілі Қашқар сапарында алып қайтқан әлденеше қымбат кітіптың бірі еді. «Тәзкире [8] – Боғра хан» қазақ тарихын зерттеуде ерекше маңызға ие болатын себебі – онда сөз болған тарихи оқиғалар мен этнографиялық деректер Орта ғасырлық оғұз-қыпшақ, сондай-ақ бүгінгі қазақ тілі мен тұрмыс тіршілігіне етене жақын екендігінде. «Тәзкире-и-Боғра ханды» қазақ тіліне аударған ғалым Серікбай Қосан «…Ең ғажабы шығарманың түп нұсқасын оқыған әрбір түріктанушы ғалым, сөз болып отырған жәдігердің мәтіндерінен жүздеген қазақ сөздерін жолықтырар еді» дей келіп Сұлтан Сатұқ Боғра хан алғаш ұстаз-пірі Әбу Нәсір Саманимен далада кездескенде оның басында киіз қалпағы, астында қара қасқа арғымағы болғандығы туралы эпизодқа еріксіз назар аударатыны сөзсіз.
Түріктанушы ғалымдар қай пікірді қолдаса да, осы тектес құнды айғақ-куәліктердің айтары мол, дәлелі даусыз» [9] дегенді алға тартады. Біздің айтарымыз, күні бүгінге дейін әр заманда жазылған зерттеу еңбектерде, әсіресе ұйғыр, өзбек ғалымдары пәлендей дәлел, дерекке сүйенбей, өздеріне меншіктеп жазып, тарихи, ғылыми ақиқаттан алшақтап оқырманды шатастырып келгені белгілі. Қарахан хандығының негізін қалаған Білге Көл Қадырхан кім болған, ол қарлұқ тайпасынан шыққан ба, әлде ұйғырдың Пантегін атты билеушісі негізін қалаған деген уәждерге нақтылы жауапты жоғарыдағы дерек көздерінен табуға болатын сияқты. Осы арада тарихи дерек көздеріне сүйене отырып [10], [11], [12], [13] мынадай түйіндерге тоқтады.
Қарахан хандығының негізін қалаған Білге Көл Қадырхан жыл санауымыздың VІ ғасырынан бері Алтай-Жоңғар- Жетісу мен Тәңіртауының оңтүстік батысын, Ыстықкөл, Баласағұн, Құлан, Талас, Испиджаб (Сайрам), Отырар, Қашқарияны мекендеген қарлұқ, қыпшақ, чігіл, түркеш қатарлы түрік тілдес халықтар құрған, тарихта қарлұқ-қарахан хандығы аталған тайпалардан шыққан тарихи тұлға деп қараймыз.
840 ж. елдігінен айрылып батысқа үдере көшкен Пантегін бастаған ұйғырдың 15 тайпасы Білге Көл (Құл) Қадырхан Саманиттерге қарсы күреске шыққан уақытта жоғарыда аталған өңірлерге әлі жете қоймағандығын жоғарыда аталған зерттеу еңбектерінде жетерліктей дәлелденген. Ал, ұйғырлардың Қарахан хандығы билігіне араласа бастауы Х ғасырдың екінші жарымынан басталған Әйгілі Атлах-Талас шайқасының (751 ж.) генерал Гау Шиянжы бастаған жүз мыңдық Таң империясының армиясын талқандауға белсене қатысқан үш қарлық (Тасты, Бұлт, Шігіл) Баласағұн-Талас, Сайрам-Отырар қалаларын Саманилерден азат етіп Қашқарға дейін билік жүргізген, Білге Көл Қадырхан, Базыр Қарахан, Оғұлшақ, Сатұқ Әбдікерім, Мұса Арыслан хандардан туылып 170 жыл салтанат құрған 59 хан түгел дерлік қарлұқтар әулеті екені белгілі. Төменде осы 59 хан шежіресі жазылған арабша және қытайша нұсқасын бере отырып олардың аудармасын бердік.
Кесте-1 [14]
Қарахандар династиясының ата шежіресі (Ви Ляңтау: «Караханилар тарихынан баянға» негізделген).
1. Білге Көл Кадырхан. 2. Базыр. 3. Оғылчақ. 4…. 5. Сатұқ (Әбдікерім). 6…. 7. Мұса Арслан хан. 8. Сүлеймен. 9. Әли Арслан хан. 10. Әсел (Харон) Боғра хан. 11. Ахмет. 12. Насыр. 13. Мансұр. 14. Мұхаммед. 15. Юсуп. 16. Ахмет. 17. Әли (Әли тегін). 18. Мұхаммед. 19. Ибраһим. 20. Біләл. 21. Сүлеймен. 22. Мұхаммед. 23. Махмұт. 24. Юсуп. 25. Насыр. 26. Дауыт. 27. Қызыр. 28. Мөхаммед. 29. Мәмет. 30. Әсел. 31. Яхуп. 32. Хұсейн. 33. Ибраһим. 34. Өнер. 35. Абдолла. 36. Сүлеймен. 37. Ахмет. 38. Мәсхұт. 39. Ахмет (Харон). 40. Харон (Жәбрәхил). 41. Әли. 42. Мұхаммед. 43. Ибраһим. 44. Ибрахим. 45. Әсен. 46. Насыр. 47. Ахмет. 48. Махмұт. 49. Имам. 50. Мұхаммед. 51. Әли. 52. Хұсейн. 53. Юсуп. 54. Мәсхұт. 55. Имбархим. 56. Насыр. 57. Мұхаммед. 58. Мұхаммет. 59. Осман.
Кесте-2 [17]
Қытай тарихшысы Уаң Жылайдың «Zhongya Shigang» атты кітабында берілген Қарахандар династиясының хандар шежіресін қоса беріп отырмыз.
І. Білге Қадырхан (840 жылдан былай қарай)
ІІ. Бызыр – Оғұлшақ
ІІІ. …..
IV. (960 ж. бұрын)
V. Баташ. Мұса. Әбдікерім. (960 ж. соң.)
VI. Әли Мұса (998 ж. қайтыс болған)
VII. Ахмед (Тоғанхан. (998-1017/18) Насыр Ілекхан (1012/13 қайтыс болған)
VIII. Мансұр (1015/16-1024/25) Мұхаммед (шамамен 1024/25 қайтыс болған)
ІХ. Ахмет (1024/25-1026/27) (1043/44 қайтыс болған)
Х. Юсуп (Қадырхан) (1026/27-1032 қайтыс болған)
Әли Мұса әулетінің шежіресі
1. Мұхаммед (1041/42-1052/53 қайтыс болған)
2. Ибрахим (Билге Тегін) (1052/53-1068 қайтыс болған)
3. Насыр (1068-1080 қайтыс болған)
4. Абу Қызыр (1080-1081?)
5. Ахмет (1081?-1095)
6. Якуп (1089?)
7. Масхұт (1095-1097 қайтыс болған)
8. Сүлеймен (1097 қайтыс болған)
9. Әбіл Қасым Махұн (1097-1099 қайтыс болған)
10. Харон
11. Мұхаммед (1102-1130+1132 қайтыс болған)
12. Ахмет (1129?-1132?)
13. Хасан (1130-1132?)
14. Ибраһим (1132 қайтыс болған)
15. Махұм (1132-1141-1162/63 қайтыс болған)
16. Ибраһим (1141-1156 қайтыс болған)
17. Әли (1156-1160 қайтыс болған)
18. Әбіл Мұхафар Масұт (1160-1178 қайтыс болған)
19. Ибраһим (1203/04 қайтыс болған)
20. Ғұсман (1203/4-1212 қайтыс болған)
Еңбегі
Сатұқ Боғрахан – Ғазы 915 ж. Қашқарда әкесі Базыр Қараханның заңды мұрагері ретінде таққа отырысымен хандықтың әскери қуатын нығайтып, ел ішінде тақтан тайдырылған Оғұлшақ жақтастарының бүлдіру әрекеттеріне қарсы тұра отырып сыртқа қарата Саманилер басып алған қамалдарды азат ету жорығына дайындалды. Осы барыста «туысқанға туысқанша, жауға жауша мәміле жасау» дейтін саясат ұстанып хандықтың іргесін мықтауға кірісті. Сөйтіп, аса қуатты әскери дайындық арқылы шамамен 943-944 жылдары Қашқардан ұлы жорыққа аттанады. Бір жылға созылған ұлы жорыққа тікелей өзі басшылық жасаған Сатұқ Боғра ханның жорық жолы мынадай еді: Қашқар – Атбасы – Баласағұн – Талас – Ош – Өзкент – Перғана – Қоқан – Наманган – Шалш – Самарханд қалаларын сасанилердің жүз мыңдаған армиясын талқандап кезінде қолдан кеткен барлық түрік жерін азат етіп, Қашқар қаласына жеңіспен оралды.
Азат етілген бекіністер мен қалаларды өз адамдарына тапсырып қағанат аумағын бейбіт өмірмен қауыштырды. Осы барыста Ислам дінін жаппай орнықтыру үшін мешіт-медреселер салдырып ғылым-білімге даңғыл жол ашты. Қағандық астанасы Қашқардағы ең алғаш ашылған үлкен оқу орнын «хандық білім жұрты» деп атаған болатын. Сатұқ Боғра хан көзі тірісінде және оның тақ мұрагерлері тұсында хандық аумағында шаңырақ көтерген «Сашия» Атуш пен Жаркентте Баласағұн мен Отырарда медреселерден білім алған талантты жастар түрік ислам өркениетін бүкіл әлемге паш еткені Әбу Насыр әл-Фараби, Махмут Қашқари, Жүсіп Хас Хажип Баласағұни, Ибн Сина, Югнекилер айналасына шоғырланған ондаған Қашқари, Баласағұни, әл-Фараби, Сайрамилерге жол ашып, білім нұрын шашқан Сатұқ Боғра хан ғазидің Ислам дінін мемлекеттік дін мәртебесіне ие еткен оның данышпан тақ мұрагерлерінің жанқиярлық еңбегі арқасында мүмкін болған еді.
Сатұқ Боғра хан – Ғазы – Әбдікерімнің Қарахан мемлекетін нығайтып, гүлдендіруі, оның ел билеуге қатысты заң-ережелерді мұқият дайындап, оны табандап жүзеге асыруынан болғандығына тарих куә. Сатұқ Боғра хан таққа отырысымен ел билеудің өзінен бұрынғы дәстүрін жасампаздықпен жаңғырта отырып «үштік ұйғарым алқасы» арқылы билік жүргізді. «Үштік ұйғарым алқасы» жылына бір рет үлкен құрылтай өткізіп, хандықтың келелі мәселелерін, заңдарын белгілеп іске асырып отырды. Басты ұран: Бірлік-еркіндік-білгірлік-қорғану деген мазмұнды негіз ете отырып, алдымен құлдық түзімді мансұқтап, құлдарды азат етті. Ауыр алым-салықты барынша жеңілдетті, егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға, ішкі-сыртқы саудаға еркін жол ашты. Ең бастысы хандықтың қорғаныс қуатын күшейтіп саманилер иелеп алған түрік жерін толық азат етіп, ғасырларға созылған саманилер әулетінің күйреуіне шешуші ықпал ете алды. Мешіт-медресе жүйесін жетілдіріп, хандық аумағында ғылым-білімді түрік-ислам өркениеті негізінде әлемдік даңққа бөледі. Ру-тайпалық бытыраңқылықтан халық-ұлт болып ұйысуға, бір тұтас түрік-ислам рухани әлемімен қауышуға мықты негіз қалап берді.
Сөйтіп түрік халықтары тарихында Ислам дінін, Ислам өркениетін орталық Азияға мемлекеттік мәртебеге ие еткен Сұлтан Сатұқ Боғра хан – Ғазы – Әбдікерім болғанын мойындатқан даңқты тарихи тұлғаға айнала алды.Сатұқ Боғра хан – Ғазы 40 жыл таққа отырып 955-56 жж. қайтыс боларында Қашқар қаласына жақын Атуштың Мешһед деген жеріндегі ұстазы – пірі Насыр бин Мансұрдың қасына жерлеуді өсиет етеді. Сөйтіп, Мешһедтегі үлкен қорымға жерленіп Түрік-Ислам тарихында мақтанышқа айналған әйгілі Сатұқ Боғра хан – Ғазы, Әбдікерімнің күмбезді сағанасы бой көтереді. Аталары Білге көл Қадыр хан мен Базыр Қарахандер негізін қалаған Қарлұқ Қарахан хандығы уақыт өте келе Сатұқ Боғра хан – Ғазы атымен аталатын болды. Түрік-Ислам әлемінің мақтанышына айналған әйгілі тұлға жөнінде жазылған Саллахиат молла хажының (ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ.) «Тәзкире-и-Боғра хан» атты әйгілі тәзкиресі, С. Әзиздің «Сатұқ Боғра хан» (1982 ж) атты тарихи романы, көптеген хисса-дастандар жырға қосқан. Бұлардан сырт әр заманда, әр елде жазылған Қарахан хандығы жөніндегі ғылыми зерттеулерде, энциклопедиялар мен оқулықтарда Сатұқ Боғра ханға арналған арнаулы бөлімдер, анықтамалар, сызба суреттер өте көп.
Қарахан хандығын құрған Білге Көл Қадырхан Түрік халықтарының қайсы тайпасынан шыққан деген сұрақ күні бүгінге дейін әр ел тарихшылары, әсіресе ұйғыр тарихшылары толымды жауап беріп бірлікке келе алмай келе жатқанын ескеріп, біз өз тарапымыздан жүргізген зерттеулеріміз негізінде мынадай пікірді ортаға салмақпыз. Қазақ тарихшыларының ортақ көзқарасы ретінде бес томдық «Қазақстан тарихының» [15] 1-томында айтылғандай, «Қарахан мемлекетінің құрылуында және алдыңғы тарихында Қарлұқ конфедерациясының тайпалары зор рол атқарды. …Жетісудағы және көршілес өңірлерді мекендеген қарлұқтардың, жікілдердің, яғмалардың саманилерге сондай-ақ шығыстан дүркін-дүркін шабуыл жасаған тоғыз-ғұздарға қарсы ұзаққа созылған әрі табанды күресі Қазақстан аумағының Оңтүстігі мен оңтүстік шығысындағы түрік тайпаларының этникалық – саяси тұғырдан топтасуымен қатар жүрді. Олардың ішінде қарлұқтар басты рол атқарды. 840 ж. қарлұқтардың жетекшісі Испиджабты билеуші Білге Күл Қадырхан қаған атағын қабылдап, сол арқылы жоғарғы өкіметті алуға хақысы барын мәлімдеді. Нақ сол жылы саманилер Испиджапты бағындырды. Білге Күл Қадыр-хан өлгеннен кейін қағанаттағы билік үшін күресте оның екі баласы суырылып шықты, Базыр Арслан-хан Баласағұнды, ал Оғұшлақ Қадыр-хан Таразды билей бастады. …Оғұлшақтың немере інісі Сатұқ Боғра ханды (915-955) Қарахан әулетінің негізін салушы деп есептейді.» Бұл айтылғандардан Қарахан хандығын құрып 170 жыл салтанат құрған Білге Күл Қадыр-хан әулеті билігін тартып алды делінген басқа бір түрік тайпалары, сол қатарда Пан Текин бастаған ұйғыр тайпалары жөнінде бір нәрсе деуге орын жоқ екенін Қарахан әулеті шежіресі сызылған төмендегі екі кестеден анық көруге болады.
Осында аттары аталған 59 ханның (ұйғырша және қытайша) барлығы дерлік Сатұқ Боғра хан кіндігінен тараған заңды тақ мұрагерлері екеніне ешбір күмән-күдік жоқ. Тарихтан белгілі болғанындай Моңғол үстіртімен Орхон-Енисей өлкесін мекен еткен сонау VІ-VII ғғ. бері қарлұқтар мен ұйғырлар түріктердің жоғары билігі үшін сан қанды шайқастар жасап қарлұқтардың Алтай асып, Тәңіртауының Оңтүстік батысына жайыла қоныстанып Түркеш қағанаты (692-766) әлсіреген тұста Жетісу мен Екі өзен аралығына дейінгі ұлан-байтақ аумақты иеленіп Баласағұн мен Испиджаб, Отырар мен Қашқарияға билігі жүрген Қарлұқ-қарахан қағанаты емес пе еді. Осыған дейін баяндалған тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар жөніндегі деректерге сүйене отырып Сатұқ Боғра хан негізін қалаған мұсылман Түрік қағанаты кейінгі қазақ халқын құраған этникалық ру-тайпалардың дамыған орта ғасырлық мемлекеті болған деп қараймыз.
Ұлықталуы
Сұлтан Сатуқ Боғра хан – Ғазы негізін қалаған Қарлұқ Қарахан хандығы аумағында өмір сүрген барлық түрік тектес – түрік тілді халықтардың ортақ мақтанышына айналған. Ол туралы әлденеше тәзкирелер мен жыр-дастандар жазылып есімі ұлықталып келеді. Қашқар қаласында «һенд Гах» атты алып мешіт – медресе он ғасырдан бері Сатуқ Боғра хан – Ғазы атымен аталып, ұлықталуда. «Сатұқ Боғра хан» атты тарихи роман және «Сұлтан Сатуқ Боғра хан тәзкиресі» деген әйгілі тәзкире төрт ғасырдан бері түрік-ислам әлеміне қызмет етіп келеді.
Әдебиеттер және деректер тізімі:
1. Қазақ Совет энциклопедиясы. 4 т. – Алматы: Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясы. 1974. – 670 б.
2. Шинжаңда өткен Ислам хандықтарының қысқаша тарихы. – Үрімжі: Шинжияң халық нешрияты, 2003. – 516 б.
3. Қазақ Совет энциклопедиясы. Т. 10 – 1977. 52 б.
4. Қазақстан тарихы. Төрт томдық. 1 т. – Алматы: Атамұра, 1996. – 399 б.
5. Әзизи С. Сатұқ Боғра хан. «Міллетлер нешрияты» 1982. Тарихи роман 1007 б.
6. Тәзкире-и- Боғра хан. – Алматы: Толағай, 2007.
7. Азиатский музей, 1909. – Санк-Петербург. (589 dc) с. 544.
8. Дәулетхан Ә. Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті (1679-1949). – Алматы: Дәстүр, 2015. – 383 б.
9. Тәзкире-арабша естелік, өмірбаян, шежіре деген ұғымдарды білдіреді. Қазақ баспасөзі беттерінде «Эссе» өмірбаяндық естелік ретінде қолданылып жүр. «Тәзкире» – өз қалпында қолданылса ғана өз мағынасын бере алатынын айтқымыз келеді.
10. Ли Жыншын. Шинжияңда өткен Ислам хандықтарының қысқаша тарихы. – Үрімжі: Шинжияң халық нешрияты, 2003- 516 б.
11. Хуатау. Ғарби юрт тарихы һеққыда тетқықат. –Шинжияң халық нәшриеті, 2002. – 448 б.
12. Ұйғыр әдебиаты тарихы 3 т. Міллетлер нешриеті. – Бейжин. 2006.- 540 б.
13. Қазақ Совет энциклопедиясы 7 т. – Алматы: Қазақ Совет энциклопедиясы Қазақ Совет энциклопедиясының бас радакциясы. 1975. – 646 б.
14. Шинжаңда өткен Ислам хандықтарының қысқаша тарихы. – Үрімжі: Шинжияң халық нешрияты, 2003. – 96-97 б.
15. Қазақстан тарихы. 5 томдық, І т. – Алматы: Атамұра, 1995- 45 б.
16. Уаң Жылай. Zhongya Shigang (Орталық Азия тарихы). – Хунән: Хунән жиау иүй шу баншы, 1986. – 663 б.