Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ТҰҒЫРЫЛХАН


Тұғырылхан (1130-1204) – VII-ші ғасырда негізі қаланған Керей мемлекетінің XII-ші ғасырдағы атақты билеуші ханы. Темужиннің анда  (өкіл) әкесі, әрі әскери өнерге баулыған алғашқы ұстазы.

Өмірбаяны

Тұғырылхан (1130-1204) VII-ші ғасырда негізі қаланған Керей мемлекетінің XII-ші ғасырдағы атақты билеуші ханы. Ол керей елінің ханы Мархұздың үлкен ұлы Құршақұз Бұйрық ханының ұлы. Шыңғыс хан етіп алтын таққа отырғызушы [1].

Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғысханнан 32 жас үлкен.  Оның әкесі Есукейдің серт (анда) байласқан досы. Шыңғысханның әрі ұстазы әрі өкіл әкесі.  

Қазіргі кезде, монғол археологтары Тұғырылхан ту тіккен Тула өзенінің бойындағы ескі хан ордасына кешенді түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, толыққанды зерттеуді бастады. Тұғырылханның  ордасы бүгінгі Моңғолияның ел астанасы  Ұлан-батырдан 30 шақырым жерде Тула өзенінің бойына аспанмен бой таласқан Боғда тауының етегіне орналасқандықтан кейіннен «Хан тауы» деп аталған. 1204 жылы Керей хандығы құлағаннан соң Шыңғысханның орда құруына байланысты  тарихта «Шыңғыстың үшінші ордасы» деп те аталған.

Тұғырылхан батыстағы Еуропа және шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланып,  өзінің «Хан ордасының» сәулеттік құрлымын аса шеберлікпен салған. Бүгінгі заманғы жаңаша ойлы ғалымдардың көзімен қарағанда Тұғырылхан және ол басқарған керей мемлекеті орыс, қытай деректерінде көрсетілгендей орта деңгейдегі қарапайым ел болмаған. Монғол империясының тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинауы осы Тұғырылханның арқасы екеніне еш шүбә келтірмейді. Тіпті моңғол ұлтының арасында күні бүгінге дейін өздерін мақтанышпен Тұғырылханнаң әулеті санайтындар да аз емес.

Қазақ ұлтын қалыптастырушы тұлғалар қатарында аты аталатын Шыңғысхан – қазақ хандарының әулеттік негізін қаласа, сол Шыңғыстың өкіл әкесі, тәлімгері болған Тұғырылхан туралы да шежірелік деректер де аз емес. Солардың басында, 282 баптан тұратын «Монғолдың құпия тарихының» («Монголын нууц товчоо») тұрғанын атап кеткеніміз жөн (оның 21 бабы керейттерге қатысты), («Юань чао би-ши» және Лувсанданзанның «Алтан товч» шежіресінде 233 бап айна қатесіз қайталанған, дәл сондай қайталанулар Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағында» да кездеседі). Тұғырылхан және оның ұрпақтарының ерлік іздері моңғол, араб-парсы, түрік, қытай, орыс, жапон жазбаларында ғана кезігіп қана қалмай, Марко Поло (Книга Марко Пола. Серия: Путешествия. Открытия. Приключения. – Алма-Ата: Наука, 1990. – 352 с.), П.Карпини және Г.Рубрук (Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Серия: Путешествия. Открытия. Приключения. – Алма-Ата: Ғылым, 19930. – 248 с.), К.д̓.Оссон (От Чингисхана до Тамерлана (Перевод и предисловие проф. Н.Козьмина) 2-е издание. – Алматы, «Санат», 1996. – 256 с.), Б.Я. Владимирцов (Общественный строй Монголов. (Монголский кочевой феодализм), Л., 1934), Э.Хара-Даван (Чингиз-хан как полководец и его наследие. Культурно-исторический очерк Монгольской империи XII-XIV веков. Алма-Ата: КРАМДС-Ахмед Яссауи, 1992, -272 с.) Әбілғазы (Түрік шежіресі. Алматы, 1992. 39 б.), Ш. Құдайбердіұлы (Түрік,қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан; Сана, 1991. -80 б.), З.Қинаятұлы (Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті. Екі томдық ғылыми зерттеу (Монография). – Алматы, Тарих тағлымы, 2010. -728 бет.) т.б. зерттеу еңбектері арқылы да әлемге әйгілі болды.

Сібір хандығын құрушы хандар – Тайбұға, Сейдақтар да Тұғырылдың тікелей ұрпағы. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дегендей, тарихымыздың ақтаңдақтарын түгендеуде біз қалай жалтарсақта Шыңғысхан дәуірінен аттап кете алмаймыз. Ал сол Шыңғыстың оң-солында, алды артында кім болды дегенде, ауызға ілігер тарихи тұлғаның бірі – Тұғырылхан. Тұғырылхан есімінің Шыңғысқа аталық, ағалық, ұстаздық жолмен аталуының өзі-ақ, оның тарихтан алар орны мен мәртебесінің аса жоғарылығын аңғартады. Тарихқа «Оң хан», «Уаң хан», «Тоорил», «Тоғырылхан», «Тұғырылхан», «Иоан» және т.б. сынды есімдермен таңбаланған осы бір аты шулы тұлғаның қазақ тарихын құраушы ежелгі мемлекет иесі болғаны белгілі.

Құршақұз Бұйрықтың төрт ұлының ішінен Тұғырыл тым қатаң да әккі саясаткер болып шықты. Ол Есугеймен жасаған андалық достығының арқасында ел билігін қолына алды. Кейінірек ел билігін сақтап қалуына Тұғырылға Шыңғыс хан көмектесті.

Моңғол жылнамаларында Керейт ханы Тұғырыл ата-бабасынан бері тек Хабул хан әулетіне арқа сүйеп келген сияқты етіп көрсететін сыңар жақтылау сарын бар. Ал іс жүзінде бір-біріне көмек қолын созу екі жақта да болғандығын моңғол шежірелерінің өзінен-ақ көруге болады. Айталық, 1179 жылы Меркіттерге қарсы бірлесіп аттанып Бөртені азат ету жорығы тікелей Керейт ханы Тұғырылдың қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл кезде Тэмужин тым осал болатын [2].

1182 жылы Тэмужинды Хамаг моңғолдың ханы сайлағанда бұл хабарды естіп «Өкіл ұлының (Тэмужин) хан болғанын» қолдап алғаш батасын берген де осы Тұғырыл еді. Тэмужиннің әкесінің ант-су ішіскен досы Тұғырыл үшін бұлай ету қисынды қадам еді. Тіптен әкесімен достығын, өкіл әкелік міндетін былай қойғанда, Керейттер үшін көрші халықтың береке-бірлігі мен тыныштығы ауадай қажет болатын. Керейттер де тайпа аралық қақтығыстардан мезі болған еді. Сондықтан Тұғырылдың мұнда ел іргесінің тыныштығын бірінші орынға қойып отырғаны сөзсіз.

Ал Шыңғыс хан келер күннің қамы үшін әлі де Тұғырылға арқа сүйеп, одақтаса тұруды жөн көрді. Сөйтіп, Тұғырыл мен Тэмужиннің бұрынғы «андалық» арақатынасы енді ұлыс пен ұылыстың, хан мен ханның арақатынасына айналды. Бұл шын мәнінді, моңғол үстіртінде келешекте бас билеуші кім болу керек деген сауалға жауап іздеген үлкен саясаттың бастамасы болатын. Есугей өлген күннен бастап, осы күнге дейін екі тайпаның бірлескен қимылдарының қозғаушы күші және тірегі Керейттер еді де, Қият-боржығындар оның жебеушісі саналатын. Ал Тэмужин хан болғаннан кейін бұл екі тайпа өзара рөл алмасты: Тэмужин бастаған моңғолдар моңғол үстіртіндегі әскери-саяси биліктің тізгінін өз қолына алды. Солай бола тұра Уаң хан Тэмужинге берген антына адал күйінде қала берді.

Тэмужин мен Тұғырыл көптеген жорықтарда бір-бірімен одақтас болды. Алақай Бұлақ одағына қарсы күрес Уаң хан мен Тэмужин одағы үшін үлкен сын болды. Егер бұл жолы Уаң хан Алақай Бұлақ одағына қарсы Тэмужин мен тізе қоса аттанбағанда Тэмужиннің халі мүшкілдеп кетуі мүмкін еді. Уаң хан алған антында тұруының арқасында Тэмужин бұл жолы да сыннан сүрінбей өтті. Әрине бұл жолғы жеңіс оңайлықпен келмегені рас. Жеңістің қорытындысы Тэмужин бастаған моңғолдар мен Керейт жағына стратегиялық басымдылық әперді. Бірақ бір одақта терезесі тең екі күш, екі тұлға тұрғанда мұндай басымдылықты сақтап қалу оңайға түспейтіні белгілі. Осыны сезінген Тэмужин керейттерді өзіне бағындыру жолдарын қарастыра бастайды. Бірақ өз алдына жеке-дара билігі бар Керейттер мұндай қадамға бара қоюы екі талай еді.

«Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері»-нің I томында (Алматы:Дайк-Пресс, 2006.-400 бет. Көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан) Тұғырылхан туралы көптеген тарихи деректер бар [3]. 

«Монғолдың құпия шежіресі» – 96 бап: «Ерте күнде әкем Йесүкеймен Керей елінің Оң ханы анда болған еді.  Әкемнің  андасы  әкем сынды болар» деп Оң хан Туул өзені Қара-Түн деген жерде болар деп аттанды. Темүжін Оң ханға барған соң: «Әкем марқұмның ежелгі досы сізді өз әкеміздей ойлап, өзім үйленгенде енеміз әкелген қара мақпал бұлғын ішікті сізге әкеліп отырмын» – деп ішігін ұсынады. Бұған дән риза болған Оң хан былай дейді:

«Қара бұлғын ішігің,

Қар болып текке кетпесін.

Тозғындаған еліңді,

Топтастырып берейін,

Бытыраған еліңді,

Біріктіріп берейін,

Ай, дейтін болсын атасы,

Қой дейтін болсын қожасы» [4].

Бұл бөлімде баян қылынғанындай бала Шыңғыс өкіл әкесі хан Тұғырылға қара бұлғын тон ұсынады. Шын мәнінде хан аңның алақандай терісіне мұқтаж емес еді. Мұнда өзіне кіріптар, мүдделі болған жанның өткен тарихы мен оның әкесі Ясукейдің жасаған жақсылығын еске алудан қалса, бала Шыңғыстың бет-пішін, әлпетінен болашағын таныған кемеңкерлік жатқан еді. Шыңғыстың адам болып, атқа қону хикаясы осылай басталады. Дерек көздеріне жүгінер болсақ Тұғырыл хан әкесінің хан тағына мұрагерлік жолмен отырған жоқ еді.  Әкесі бақи дүниеге аттанған кезде  Тай Темүр Тайчі  деген ұлын мұрагер етіп белгілеген әрі хан тағына сол отырған [5]. Тұғырыл болса бұл кезде елдің шекаралық аймағындағы өз иелігінде жүрген. Кейін келе,  Тұғырылхан   Тай Темүр Тайчі мен оның жақтастарын өлтіріп, хан тағына өзі отырған. Бұл кезде Тұғырылхан отыз жаста  еді.  Түрлі жәйттерді ескергенде оның хан тағына отыру оқиғасы 1160 жылдар шамасында болғанға ұқсайды. Тұғырылханның бірінші рет тақтан тайып, Есүкейдің көмегімен Керей хандығын қайта тартып алу уақыты туралы нақтылы мәлімет болмағандықтан, айтулы оқиға 1160 жылдан 1171 жылға дейінгі он неше жылдың  ішінде болған деп болжамдауға  болады. Меркіттердің Бөрте Үжінді тартып алып кетуі және Тұғырылханның оны Темүжінге алып беруі 1183 жылдың шамасында болған оқиға. Себебі, 1184 жылдан бұрынғы және 1190 жылдан кейінгі жылдары Тұғырылхан Моңғолиядағы басты тұлға ретінде кездеседі. Бұған қарап Тұғырыл 1190 жылға дейін Керей хандығы хан тағын Еркеқарадан қайта тартып алған деген қорытынды шығаруға тура келеді.

Керейлер мен моңғолдар өзара ант су ішіскен түбегейлі достық қатынаста болды. Бұл қатынас Тұғырыл және Тэмужин (Шыңғыс хан) тұсында одан әрі жалғасты. Уаң хан Тэмужинді өкіл ұлы санады. Тэмужин 1189 жылы өз әулетінің ханы сайланғанда оны алғаш колдағандардың бірі осы Уаң хан болды. Тэмужиннің ар-намысын қорғау үшін 1179 жылы меркітке қарсы құрылған үштік одағын (Уаң хан, Жамұқа және Тэмужин) ұйымдастырушы да Уаң хан еді.

Аталған жорыққа тек керейдің өзінен 20 мың қол атқа қонды. Керейлер Тэмужин бастаған топпен бірлесіп, 1198 жылы татарларды шапса, 1201 жылы Жамұқа бастаған Алақай бұлақ одағына соққы берді. Тэмужинмен бір-лесіп, 1203 жылы наймандардың батыс қанатына шабуыл жасады.

Деректерде Тұғырылхан кезекті хан тағына  отырғаннан кейінгі ең елеулі оқиға ретінде оның Цзинь патшалығы тарапынан «ван» деп ұлықталу мәселесіне көңіл аударған. «Цзиньши» кітабы берген мәлімет бұл оқиғаның 1196  жылы болғанын хабарлайды. Тұғырылханның Моңғолиядағы  басты тұлғалық келбеті 1196 жылға дейін қалыптастып болған еді, өздерін аспан астының иесі санайтын Цзинь патшалығының «ван» деген атақпен ұлықталуы оның далалық аймақтағы билігін заңды тұрғыдан мойындағаны болды. Бұл жолғы ұлықтау Тұғырылханның өз ұлысына, тіпті өзге көшпенділерге өз билігін жүргізу үшін батыл қадамдарға баруына керемет мүмкіндіктер берді.  Тұғырылханның Темүжінге қарасты моңғолдармен бірлікте әуелі найманды, артынша  тайшығұтты жеңіп атақ-абыройының асқақтауы далалық тайпалар мен тайпалық одақ билеушілерін қобалжыта бастады. Деректерде: «Шыңғысхан мен керейіттердің билеушісі Ван-хан бір-біріне былай деді: Жауға кенеттен соққы беру керек. Бір ортақ күшпен соққы беретініміз немесе жабайы аңды топ құрып қаумалап аулайтынымыз сияқты»делінеді [6]. Олар өздеріне қандай бір қауіптің төніп келе жатқанын сезінді. Мұндай үрей оларды да одақтасуға мүдделі етті. Тарихи деректерге қарағанда,  одақ құру туралы бастаманы көтергендер  қатаған, салжиут тайпасы болған. Осыдан шамалы уақыт бұрын Темүжін олардың нояндарына өзіне бағыну туралы елші жіберген, өкінішке орай олар келген елшінің бетіне ыстық сорпа шашып, қорлап қуып жіберген. Одақтастар қатарында дөрбен, татар, ікірас, қоролас, қоңырат және тайшығұт тайпалары болған. Олар одақ құрып, ақ айғыр сойып серт беріскен, кейін Тұғырылхан мен Темүжін  жедел түрде дайындалып, Онон өзені бойынан Көлүн-Бүйір көлі тарапқа қарай жорыққа аттанып, қазіргі Моңғолия мен ҚХР ІМАА-ны аумағындағы Бүйір көлдің маңында одақтастар армиясын талқандайды. Бұл оқиға 1200 жылы болды. Тұғырылханның 1199 жылдан кейінгі Шығыс Моңғолиядағы түрік-моңғол тайпаларын бағындыру жолындағы қимылы нәтижесінде наймандарды өз ішіне алған түрік-моңғол тайпаларының екінші тобы уақытша болса да «Гүрхан» деп ұлықтаған моңғол билеушісі Жамұха оның өз вассалына айналған еді. Деректер мәліметтер бойынша соғыс майданынан қашып шыққан Оң хан мен Сеңгүм бірден ұлыстың батысындағы наймандарға қарай ат басын бұрған көрінеді. Алайда олар найман шекарасына жеткен кезде, найман Таян ханның Құры Сүбечі және Тинк Шал есімді екі шекарашысы  Оң ханды қапияда қолға түсіріп,  оның «Мен Оң ханмын» дегеніне қарамастан өлтіріп тастап, басын кесіп Таян ханға апарып береді. Таян хан олардың бұл қылығын жақтамаған, ол: «Сендер мұндай ұлы әміршіні не себепті өлтіріп тастайсыңдар? Оны тірі алып келулерің керек еді ғой!» деп жазғырған. Ол [Оң ханның] ұлылығын, оны құрметтеу [керек екендігін] әйгілеу үшін, Оң ханның басын күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне көп уақыт бойы қойып қойған [7].  

Монғол империясының тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның  алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын  жинауы осы Тұғырылханның арқасы екеніне еш шүбә келтірмейді. Тіпті моңғол ұлтының арасында күні бүгінге дейін өздерін мақтанышпен Тұғырылханнаң әулеті санайтындар да көп. Тұғырылханның қыс қыстау, жаз жайлауын Ұланбатыр өңіріндегі жерлік ауылдағы моңғолдардың ол орындарды қасиеттеп «Тоғырыл ханның – Уан ханның жұрты» деп күні бүгінге дейін ақтық байлап әспеттейтіні белгілі.

Тарихи деректер бойынша Алтын елінің императоры Тұғырылға «Хандардың ханы» деген мағынамен «Уаң хан» деген атақ беріп, кейін келе ол ханның есімі ретінде аталып кеткендігі айтылады. Тегі итальяндық жиһангер Марко Поло: «Әлемге аты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп»  дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі. Кейде «Оң хан» деп атайтындар да бар.

Маркуз Бұйрықтың немересі Куржакуз Бұйрық хан өлген соң, ұрпақтары хан тағы үшін өзара көп қақтығысты. Керейлерді, бір жағынан, татар, тунгустар қыспаққа алса, екінші жағынан, Ерке қара тобын наймандар қолдады. Тұғырыл Уаң хан тобына («Тоғырыл» – өз аты, ал «уаң хан» немесе «ұлыс билеушісі» лауазымы – Тұғырылға шүршіт ханы Вангин Чинсан берген лауазым) Есукей батыр бастаған татарлар ішіндегі боржигин руының моңғол аталығы қол ұшын берді [8]. 

Заман өте келе Тұғырылхан да Шыңғыспен шайқасып жеңіледі. Шегініс жасап батыстағы найман хандығына бас сауғалап бара жатқанда шекара күзетіндегі қарауылдар қолынан оқыс жағдайда қаза табады. Жоғарыда айтылғандай, кім екенін танымай оқыста өлтірілген адамның атақты керей Тұғырылхан екенін кеш таныған найманның Таянханы қатты қайғырып, оның бас сүйегін күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтқан. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтауда:

Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,

Айбатты алып хан едің,

Даңқың кеткен әлемге,

Атағы зор жан едің,

Құтлық әже өсірген,

Бұйрықтан туған дана едің…, – деген жыр жолдары бар.

Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Оның үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғысханның кіші ұлы Төлегетай үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар – Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арықбұқа төртеуі туған. Демек, қазақтың «ер тағайына тартып туады» (тағайы – нағашысы) немесе «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген сөздері осындайға қаратылып айтылған ғой. Атақты Тұғырылханның жиендері бүкіл әлемді алақанына салған әйгілі тұлғаларға айналды.

Тұғырылхан өлгенмен оның халқы торғайдай тозып кеткен жоқ. Олар Шыңғысханның түркі-моңғол әскерлері құрамындағы негізгі күшке айналды. Әлемді ат тұяғымен бағындырып, қазақ халқының қалыптасуына негіз болды. Шын мәнінде қазақ мемлекеттігінің төркінін ұлт ретінде атала бастаған бергі тарихтан емес, арғы дәуірдегі қыпшақтар, қаңлылар, меркіттер, керейттер мен наймандардың мемлекеттерінен қарастырсақ, Тұғырылхан мемлекетіміздің ірге тасын қалаушы ежелгі тұлғаларамыздың бірі саналады.

Тұғырыл – Оң ханның ұрпақтары Алтын Орда дәуіріне дейін өз үстемдіктерін жойған жоқ. Алтын Орданың ыдырау кезеңінде Жошы-Шибан нәсілімен тайталасып, әуелде Шибан әулеті жеңіске жетсе де, Тайбұға тұқымы қайта билік құрды. Тайталасқан билік таластары ортасында тарих сахнасына Сейдақ хан келді. 1582 жылы Сібір ханы Сейдак Тайбұға ұрпағы ретінде Қазақ ханы Тәуекелмен Одақтық келісімге қол қойып, оның ағасының ұлы Ораз Мұхамедті аманатқа алған еді.

Сейдақ хан Ермакты жеңіп Сібір хандығын қайтарып алды. 1588 жылға дейін хан болып отырды. Тұғырыл (Оң) ханның ұрпағы Сейдақ хан Тобыл қамалында аяр опасыздық нәтижесінде, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамедпен бірге тұтқынға түсіп, Мәскеуге жөнелтілді.

Әлі де тереңдей зерттеуді қажет ететін дерек көздері бойынша Тұғырылханның ұлы Тайбұғаның  хандық құрған мерзімі 1220-1290 жылдар болса, өмір сүрген уақыты 1201-1290 жылдарға тура келеді. Хандық мұрагерлері мен ханзадалар есімдерінен – Мамық хан, Хожа Марданұлы (орыс дерегінде Ходжа Марович), Алшағыр Қағанұлы, Сауысқан, Шегір Алшағырұлы, Дәулетше Омарұлы, Әбілқайыр, Абалақ (Абақ) хан, Ангиш (Аңғал) хан, Мұса би, Мұхамед Тайбұға Әбдірұлы, т.б. көптеген кісі аттары кездеседі.

Тұғырылхан мемлекетінің бір бұтағы болған Тайбұға негізін қалаған Сібір хандығына келесі (2020 жыл) жылы 800 жыл толады. Хандары мен халқы Қазақ халқының негізін қалаған ру-тайпалар құралған Сібір хандығы Азияның саяси сахнасында биік мінберге көтерілмесе де, мемлекетті құраушы тайпаның ұрпақтары қазақ мемлекеттігінің тұғырлы туының астында ордалы ел болып отыр.

Тұғырыхан және оның ұрпағы болған Тайбұға мен Сейдақ ханның да ошағы күні бүгінге дейін сөнген жоқ. Көптеген ұрпақтары қазіргі қазақ жерінде тұрып жатыр. Жер шарына тарыдай шашылып кеткендері де аз емес. Хандар қара шаңырағының түтінін түтеткен ұл-қыздарының бір бөлімінің Қызылжар, Ақмола облысы, Көкшетау, Бурабай, Біржан Сал ауданында, Степногорск қаласында, Ақсу ауылында, Щучинск қалаларында тұрып жатқанын да мақтанышпен айтуға болады. Әрі олар қоныстанған аймақтардағы Тайбұға, Сейдақ хан жұрттарының зерттеуді қажет ететіндігін де ел есіне салғымыз келеді.

«Тұғырылхан» мен ол құрған мемлекет және оның мұрагерлері хақында қазақ қаламгерлерінен – Ш.Құдайберді, М.Көпейұлы, М.Мағауин, З.Қинаятұлы, Ж.Ошан, Ш.Құмарұлы, З.Сәнікұлы, т.б. қаламгер еңбектерінде көптеген деректер қамтылған.  

Еңбегі

Тарихта керейлердің дәуірлеген кезеңі – Уаң хан басқарған тұс. Батыс католиктеріне «шығыстан шыққан пірәдар Иоан» аңызы бойынша жеткен оның Уаң хан аты кезінде Батыс Еуропаны дүр сілкіндіргені белгілі.

Алайда Уаң хан мен Тэмужин достығы да ұзаққа созылмады. Даңқы арта түскен Тэмужин керейлерді «бейбіт түрде ел болып бірлесуге шақырды». Бірақ керейлер Тэмужиннің бұл пікірін қабылдамады. Сөйтіп, екі жақ 1203 жылы ақтық шайқасқа шықты, керейлер жеңіліп, тарих тұғырынан тайды [9]. 

 Керейлердің бір тобы ата жұртында қалып, Шыңғыс хан империясына қызмет етті. Енді бір тобы батысқа – Орта Азияға бет бұрды. Мұнда келгендері Жошы, Шағатай ұлысы, Моғолстан билігінде болып, кейін көпшілігі Қазақ хандығына бағынып, қазақ ұлтын құрады. Керейлер өзбек, қырғыз халықтары арасында, кіші жүз құрамында да кездеседі.

Тұғырылхан өлгенмен оның халқы торғайдай тозып кеткен жоқ. Олар Шыңғысханның түркі-моңғол әскерлері құрамындағы негізгі күшке айналды. Әлемді ат тұяғымен бағындырып, қазақ халқының қалыптасуына негіз болды. «Сібір жылнамаларында» деректерде Уаң ханның Тайбұға деген ұрпағы Шыңғыстың әмірімен Ертіс, Об бойындағы жұрттарды бағындырған әскерге басшы болып, кейіннен сол жерлерді Моңғол империясы ханының рұқсатымен өз иелігіне алған. Бұл жерде Шыңғыс ханның байтақ империясының теріскей шетіне әуелден аралас-құралас, құдандалы хан ордасының мұрагерін қою арқылы, олармен қайтадан дұрыс қарым-қатынас орнатуға құлықты болғаны байқалады. Тайбұға Ібір-Сібір аймағын өз иелігіне алғаннан кейін Тобылдың бір сағасы Тұра өзеніне Төмен өзені құяр тұсқа Шыңғы (Шымға) деген қала салады (ол қазіргі Төмен қаласының іргесі). Тайбұға тұқымы бұл өңірде XV ғасырдың соңғы ширегіне дейін билік жүргізді.

Кейіннен орыс отаршылдығының күшейе түсуі Тобыл, Тұра, Об бойын жайлаған керейлерді Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныс аудартты. М.Тынышбайұлы керейлердің Шыңғыс ханға мойынсұнбаған бір бөлігі меркіттермен бірге Торғай даласына дейін ығысқан еді, бүгіндері Кіші жүздің Жетіруы құрамында Керейт тайпасы сол босқындардың ұрпағы болуы мүмкін десе, Ақсақ Темір жорықтары туралы жазбалардан сол кезде Керейлердің Қара Ертістен Алакөлге дейін мекенденгенін айтады [10]. 

Жоңғарлардың XV ғасырдың басынан қуатты күшке айналуымен олар Балқаш, Алакөл аймағындағы керейлерді тағы да босқындық күйге ұшыратқан.

Керейлердің бір тобы XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында Жошы тұқымы – Мауереннахр мен Хорасанда билік жүргізген Мұхаммед Шайбани ханның жорықтарына да қатысты.

Ұлықталуы

Тұғырылхан есімі «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», Рашид ад – Диннің «Жамих-ат тауарих» кітабында, Әбілғазының «Түрік шежіресінде» және қазақ қаламгерлерінен – Ш. Құдайберді, М. Көпейұлы, Ә. Марғұлан, М. Тынышбаев, М.Мұқанов, М. Мағауин, Ш. Құмарұлы, З. Сәнікұлы, М. Қозыбаев, З. Қинаятұлы, А. Күзембаев, Қ. Сартқожаұлы, Ж. Ошан және т.б. қаламгерлер еңбектерінде көптеген деректермен қамтылған.

Шынжаң қазақтарында Зейнолла Сәнік «Тұғырылхан» атты деректі кітап жазса, Шәміс Құмарұлы «Тұғырылхан» атты роман жазған. Моңғолиядағы Парламент депутаты Мұрат Дәкейұлы Тұғырылхан есімін ұлықтауды қолға алып, арнайы бірлестік құрып, ханның атында мұражай жасау қамында. Қазақстанда Нұр-Сұлтан қаласында «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қоры өз жұмысын бастауда.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және «Tugurul Han On-Han» корпоративтік қоры Шыңғысхан дәуіріндегі әйгілі тұлға Тұғырылхан және оның ұрпақтары – Сібір хандары Тайбұға хан, Сейдақ хан атындағы жас тарихшы-ғалымдарға арналған республикалық байқау жариялады. Байқау қорытындысы кезінде ханның рухына арналған халықаралық конференциялар өткізу жоспары да күн тәртібінде тұр. «Tugurul Han On-Han» корпоративтік қоры жағынан (А.Ж. Игбаев  және Жәди Шәкенұлының құрастыруы, ғылыми редакциялауы нәтижесінде) «Тұғырылхан» (1 том) атты тарихи деректер жинағы жарық көрді. Тұғырылхан-Оң хан корпоративтік қоры қазақ тарихы мен шежіресін жазу жұмысын да қолға алуда. Алдағы күндерде Тұғырылхан есімін елді мекендер мен көшелерге, қатысты нысандарға беру сынды игі істер де атқарылады деп жоспарлануда.

Пайдаланған деректер мен әдебиеттер:

1. Тұғылылхан / тарихи деректер жинағы. – Алматы: «Нурпринт», 2019. 

2. Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті. Екі томдық ғылыми зерттеу (Монография). – Алматы, Тарих тағлымы, 2010. 728 бет.

3. Моңғолдың құпия шежіресі (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». I том. Алматы: Дайк-Пресс, 2006. 211 б.

4. Моңғолдың құпия шежіресі. ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы көшпелілер шежіресі. Ауд. Сұлтанияұлы.  Алматы: Өнер, 1998.

5. Чэнь Дэчжи. ХIII ғасырдың алдындағы Керей хандығы // Монғол, Юань дәуірі тарихы туралы зерттеулер. – Пекин: Жэнь мин чу бань шэ, 2005 (Chén Dezhī. Méng yuánshǐ yánjiū cóng gǎo, Běijīng: Rénmín chūbǎn shè, 2005 nián), 222 б.

6. Мыңжан Н. Қазақтың көне тарихы. Алматы: Жалын, 1994. 357 б.

7. Рашид ад-Дин. Сборник летописей / перевод с персидского О.И. Смирновой, примечания Б.И. Панкратова и О.И. Смирновой, редакция проф. А.А. Семенова. – М.Л.: Издательство Академии наук СССР, 1952 . –Т. I, кн.2. 133 б.

8. Лю Ци. Бэй ши цзи (Солтүстікке елшілік сапар естеліктер). Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. – Саяхатнамалар мен тарихи географиялық еңбектерден таңдамалылар / Қытай деректемелерін аударған, түсіндірмелері мен ескертулерін жазған Б. Еженханұлы, Ж. Ошан, С. Сұңғатай. Ғылыми редакторы Б. Еженханұлы.– Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – Т. І. 6871 бб.

9. Сун Лянь. Юаньши (Юань патшалығының тарихы). – Пекин: ЧХШЦ, 1976. 121 ц.(Sòng Lián. Yuánshǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián).10. Ошан Ж., Еженханұлы Б. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. – V том. – Әулеттік тарихи жылнамалары. – 3-бөлім. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. 4445 бб.