Өзбек хан (1283-1341/42) –1312/13-1341/42 жылдары аралығындағы Алтын Орда мемлекетінің билеушісі. Өзбек хан тұсында ислам діні Алтын Орданың ресми діні ретінде жарияланған.
Профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Т. Омарбековтың деректер негізінде салған портреті.
Өмірбаяны
Өзбек (мұсылмандық атауы – Султан Гийас ад-Дин Мухаммед) Алтын Орданың атақты билеушілерінің бірі.
Өзбек хан – Тоқты ханның інісі және Меңгу-Темірдің немересі болып табылады. ХІV ғасырдың алғашқы он жылдығының басында билікке келген Өзбек хан және оның ұлы Жәнібек хандардың билігі тұсында Алтын Орда мемлекеті барынша күшейді. Ортағасырлық деректерде «келбетті, биязы мінезді, тамаша мұсылман және ержүрек» жас жігіт ретінде сипатталатын [1, б. 174]. Өзбек ханның билікке келуі Алтын Орда тарихындағы күрделі оқиғалармен тығыз байланысты. Мәселен, «Шыңғыс наме» авторы Өтеміс қажы осы оқиғаға байланысты мынадай бір қызықты оқиғаны баяндайды. Тоқта хан (1290-1312) билікті сүйікті ұлы Елбасарға қалдыру үшін басқа ұлдары мен Бату ханнан тараған өзге ханзадаларды қырып салады. Бірақ, тағдыр ісімен Елбасар әкесінен бұрын ерте өмірден озады. Ендігі тұста Тоқта ханнан кейін Алтын Орда тағы Жошының өзге ұрпақтарына өтетіні белгілі болады. Мұны сезген хан өзегі өртеніп, қайғыға батады. Осы кезде Византия ханшайымы, кезінде Тоқта ханның өз қолынан қаза тапқан Тоғрылдың жесірі, әмеңгерлік жолмен Тоқтаға әйел болған Келин-Байалин бір құпия сырды ашады. Оның Тоғрылдан туылған, Тоқта ханның қаһарынан қорыққаннан Шеркес тауына тығып қойған ұлы Өзбек тірі екен. Хан бұл хабарды естіп, қуанғаннан Келин-Байалинге 2 түмен әскер сыйлап, баланы алдыру үшін қият Исатай мен анджут Алатай басқарған 4000 адамды аттандырады. Бірақ, аталған әскер Өзбекті алып келгенге дейін Тоқта хан қайтыс болады. Осы сәтті пайдаланған аталық Тоқты Баджир Тоқбұға ұйғыр Сарайдағы билікті басып алады. Бұл туралы естіген Өзбек және оның серіктері Сарайға адам жіберіп, өздерінің оның билігін мойындайтындықтарын білдіреді. Ал, өз кезегінде Баджир Тоқбұға үйғыр да «мен Өзбек келгенге дейін басқа біреу тақты иеленіп кетпесін деп осылай істеуге мәжбүр болдым. Менің әміршімнің ұлы тірі тұрғанда, менің билікті иеленуіме жол бар ма? Билеушім келсін. Халық та, хандық та оған тиесілі» деген жауап қайтарады. Ал, шын мәнінде өзі Өзбектің көзін қалай жоюды ойластырады. Сангусун атты бір әмір қият Исатайға бұл ұйғырдың шын ниетінің сырын ашып қояды. Сондықтан Өзбек хан және оның серіктері ордаға басып кіріп, сатқынның басын алады.
Өзінің билікке келуіне ықпал еткен әмірлерге ризашылығын білдіру үшін Өзбек хан Алатайға минг тайпасынан тұратын елді берсе, қият Исатайға басқа Жошы ұрпақтарын нөкерлерімен, адамдарымен қосып береді. Бұл «қарасүйек» ұйғырдың билігін мойындаған Жошы ұрпақтарын жазалаудың да түрі еді. Өтеміс қажы бұдан әрі қият Исатай өзіне берілген Жошы ұрпақтарының арасынан Шайбани ұрпақтарын ғана босатып, оларға тіпті қарлық, бұйрық елдерін бергенін жазады [2, б. 102-105]. Әрине, бұл деректе сонау алыста қалған оқиғаларды ауыздан-ауызға жеткен әңгіме ретінде баяндау басым. Дегенмен осы баяндалған әңгімеден-ақ Алтын Орда тағына «құқығы» жоқ ханзадалар ұрпағынан бола тұра, Сайын хан (Бату) тағын иеленуге қол жеткізген Өзбек ханның билікке келуінің негізгі себебі ру-тайпа әмірлерінің шешімімен және олардың нақты іс-әрекеттерінің нәтижесінде жүзеге асқанын көреміз. Сондықтан оны қолдағаны үшін артықшылықтарға ие болған ру-тайпа өкілдері мен олардың руластарының саяси өмірдегі рөлі күшейе бастайды.
Жалпы XIV ғасырдың басы Алтын Ордадағы мұсылмандардың ықпалының күшейгенімен есте қалды. Жоғарыда атап өткеніміздей Өзбек хан билікке келер тұста оның қарсыласы Тоқты ханның ұлын шаманизмді уағыздаушы дала ақсүйектері қолдады. Исламды уағыздаушы және қаланың сауда мен мұсылмандық орталықтарымен байланысы бар феодалдық ақсүйектердің басқа бөлігі Өзбекті ұсынды. Тоқты ханнан кейін Елбасмыштың билікке келетінін сезген мұсылмандар өзара ақылдасып, топ құра бастады. Оның басында атақты әмір Құтлық Темір тұрды [3, б. 587-589]. Құтлық Темір мен оның бауырлары және бірқатар мұсылмандық дін басылары Өзбек ханның кандидатурасын қолдады. Алтын Орда тарихнамасында 1312 жылғы оқиғаның нәтижесіндегі Өзбек ханның билікке келіп, ислам дінінің мемлекеттік дін болуына байланысты үш түрлі пікір бар. Біріншісі «Шейх Уайыстың тарихында» жазылған: «Дешті Қыпшақта сол жылы Тоқты хан қайтыс болды. Оның Елбасмыш деген ұлы және бас әмір Қадақ еді. Ол Тоқтыдан кейін таққа Елбасмышты отырғызғысы келді. Ал, Тұлышидің баласы Өзбек Хорезмде Құтлық Темірмен ақылдасып, ханның өліміне көңіл айтуға Ордаға келеді. Сол көңіл айту кезінде Өзбек Елбасмышқа пышақ тығып өлтіреді. Ал Құтлық Темір Қадақты пышақтап өлтіреді. Осылайша хандық билік Өзбек көшті» дейді [4, б. 198].
Екінші авторлар тобы сарайдағы биліктің ауысуын діни төңкеріс ретінде көрсетеді. Тоқты хан өлгеннен кейін сарайдағы билік үшін мұсылмандар мен дінсіздер арасында соғыс басталады. Билікке Өзбектің заңсыз отыруына бірқатар моңғол ақсүйектері қарсы болды. Оның ішінде Мәнжуктің ұлы Таз және Тұңғыр болды. Кейін Өзбек билікке келгеннен кейін ол екеуін және бірнеше ордалық билеушілерді өлтіреді. Ал Хафиз Абрудың шығармасы бойынша Өзбекке қарсы болған 120 Шыңғыс ұрпақтарының ішінде Тоқтының ұлдарының бірі болған [4, б. 278-279].
Үшінші нұсқа Ибн Дукмактың тарихи хроникасындағы оқиғаға негізделеді. Онда, «Тоқты хан өлгеннен кейін артында ұрпақ қалдырмағанынан кейін, Құтлық Темір Тогрулджидің үлкен әйелімен ақылдасып, Өзбекті билікке отырғызады» [1, б. 323]. Осылайша деректер Өзбек ханның билікке келуін әрқилы көрсетеді. Ал, Өзбек ханның қайтыс болуы туралы да түрлі болжамдар бар. Өзбек хан көзі тірісінде-ақ үш ұлының ішінде Тінібекті мұрагерім деп жариялаған. Ол, 1333 жылдан бастап-ақ тақ мұрагері ретінде мемлекеттік іске қатысты, хан әскерін басқарды. Деректерге сүйенсек Өзбек хан қайтыс болған кезде Тінібек Жаңа Сарайда болмаған, Шағатай жерін жаулап алу жорықтарында болған. Осыдан ханның өлімі кенеттен болды деген қорытынды жасауға болады, басқаша жағдайда ол өз мұрагерін Орта Азияға аттандырмас еді. Хан өлімін естіген Тінібек астанаға жетіп, хандықты қолына алуға асықты. Ол жолда болған шақта анасы оған қарсы әмірлермен келісіп, тақты өзінің екінші ұлы Жәнібекке берді. Сонымен бірге Тінібектің астанаға келуінің алдын алу үшін ханды қарсы алады деген сылтаумен адамдар жібереді. «Оған келген әмірлер оның қолын сүйе бастады, кейін олар оны ұрып, өлтірді. Кейін олар оның інісі Жәнібекке келіп болған жағдайдан хабардар етті. Кіші інісі Қыдырбекке қарсыласа отырып Жәнібек оны да өлтірді де, мемлекетті жалғыз өзі басқара бастады».
Еңбегі
Өзбек Алтын Орда тарихында алғаш рет исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Әбілғазының хабарлауынша ол исламды ірі суфизм өкілі, түркі тайпалары арасында идеолог болған Ахмет Яссауйдің ұстазы Арыстан бабтың ұрпағы Зеңгі-Ата және оның ізін жалғастырушы Сеид-Атадан қабылдады [4]. Халық аңыздарына қарағанда ханды ислам дініне қаратуда шешуші рөлді сопылық әулие Баба Түклас атқарған (кейінгі қазақ эпикалық дәстүрінде оны батырлар пірі Баба Түкті Шәшті Әзиз деп атайды) болатын.
«Жылнамалар жинағын» анонимді жалғастырушы Өзбек пен ислам қарсыластары арасындағы жағдайды былай жазады: «біз саған бағынамыз, бірақ сенің біздің сенімімізде ісің қанша? Қалайша біз Шыңғысханның жасағы мен заңынан (тура) бас тартып арабтардың дінін қабылдаймыз?» «Ол (Өзбек), – деп жазды автор әрі қарай, – өз айтқанынан қайтпады. Нәтижесінде олар Өзбекке өшпенділік сезініп, оның көзін құртуға тырысты. Осы мақсатта олар жиын ұйымдастырды, сол жерде оны өлтірмек болды. Өзбек тойға келгенде Құтлық Темір құпия түрде әмірлердің ойын айтып көзімен белгі берді». Өзбек дем арада атына мініп шауып кетті, әскерін жинап оларды жеңді. Тоқтайдың ұлын Шыңғыс хан әулетінің 120 ханзадасымен бірге өлтірді, ал оны ескерткен әмір құрметке ие болды [4, б. 278-279].
Деректерге сүйенсек Өзбек хан исламды мемлекеттік дін деп жариялай отырып, оны өз еркімен қабылдамаған, әрі оған қарсы шыққан топтарды аяусыз жазаға ұшыратқан. Мәселен, бұл туралы Алтын Орда ханының Египет сұлтанына жіберген елшілігінде (1314 жылдың 19 наурыз – 16 сәуір аралығы) сұлтанды ислам дінін Қытайдан бастап Батыс мемлекеттерің ең шетіне дейін таратқан еңбегімен құттықтап, өз мемлекетінде исламды ұстанбайтын бір топ қана адамдар қалғанын жазған. Одан әрі хан, қалай билікке келісімен оларға не дінді өз еркімен қабылдау, не соғысу туралы шарт қойғанын, олардың соңғысын таңдап алғанын, сондықтан оларды қатты жазаға ұшыратқанын хабарлаған [1, б. 163]. Өзбек хан өз билігіне қарсы шыққан сеператистік топтарды аяусыз басып, өз билігін нығайтты.
Орыс тарихшысы Н. Веселовский Өзбек хан туралы «бұл тамаша хан еді, ол Ордаға тәртіп орнатты … Оның билігі тұсында мемлекет өзінің дамуы мен күш қуатының ең жоғарғы шегіне жетті» деп жазған болатын. Ханның басқа дін өкілдеріне қатысты жекелеген акцияларын жалпы ереже ретінде, яғни ұстанған басым саяси бағыты деп түсінбеу керек. Р. Груссе атап өткендей «Өзбек ханның магометандық мақсаттары христиандыққа қатысты өзін либералды ұстауына кедергі болмады». XXII Папа Иоанн 1338 ж. 13 шілдеде Өзбекке жолдаған хатында ханның католиктік миссияларға толерантты қатынасы үшін өзінің алғысын білдірді. Жалпы Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек кезінде Шығыс пен Батыс мемлекеттерімен өзара тиімді қарым-қатынас орнатып, халықаралық сахнада үлкен беделге ие болды.
Ұлы даланың түбегейлі исламдануы мен ұлттық дәстүрде осы діннің беделінің бекуі Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресінде бейнеленген: «Өзбек хан мұсылман болды және бүкіл халқын мұсылмандыққа бет бұрғызды. Осыдан бері халқымыз дінін өзгерткен емес». Ханның белсенді конфессиялық саясатын қазақ фольклоры дәлелдей түседі, өзіндік діни ренессанс уақыты болған Өзбек ханның билік құрған кезі бейнеленген мақал-мәтелдер, ән-жырлар сақталған (мысалы, қазақтар мен ноғайларда кездесетін «Дін Өзбектен қалған» деген мақал). XIV ғасырдағы діни реформалар нәтижесінде «Қыпшақ даласында ислам халықтық дінге айналды». Көшпелілерге тән діни плюрализм мен шаманизм қалдықтарының сақталуы XIV ғ. соңында – XV ғ.-да Орталық Азия ханафи-сүннилік түркі-мұсылмандарының этноконфессионалдық қауымдастығы бірегейлігінің қалыптасуына бөгет бола алмады. Осылайша Өзбек хан 30 жылдық билігі барысында (1312-1342 жж.) аймақтардағы әр түрлі көтерілістерді жеңе отырып, билікті өз қолында ұстады. Жошы ұрпақтары ұлыстарының ханзадалары оның билігін мойындап, ханның барлық талаптарын сөзсіз орындады. 1333 жылы Қырым, Орта және Төменгі Еділ бойын, Хорезмді аралаған Ибн Баттута Өзбекті Жошы ұлысының жалғыз билеушісі ретінде атайды. 1331 жылғы Моңғол иеліктерінің қытайлық картасында Моңғолдық мемлекеттердің шекаралары, соның қатарында Өзбек хан тұсындағы Алтын Орда картасы көрсетілген. Бұл картада Алтын Орда бірегей мемлекет ретінде саналып, Ертіс жағалауынан Сырдарияға дейінгі аймақ Өзбек ханның иелігі ретінде көрсетілген.
Өзбек тұсында моңғолдар өздерінің Берке қайтыс болған соң біршама әлсіреген дәстүрлі сыртқы саясаттарын қайта қалпына келтірді. Феодалдық шиеленіс кезінде хандардың Орыс ұлысымен шаруасы да болмады. Хандардың оларға жасаған жеңілдіктері (түмендік, мыңдық, жүздіктерді алу, алым-салықты жинауды орыс княздарына беруі, орыс діншілдеріне жеңілдіктер беру, т.б) орыс ұлысының жағдайын біршама жеңілдетті. Ал, Өзбек хан өзара билікке таласқан орыс княздарын кезекпен-кезек қолдай отырып, оларды бағыныштылықта ұстап отырды.
1318 жылы Михаил Ярославович Тверской, 1326 жылы Дмитрий Михайлович Тверской және Александр Новосильский, 1327 жылы Иван Ярославович Рязанский, 1330 жылы Федор Стародубский, 1339 жылы Александр Тверской және оның ұлы Федор өлтірілді. Енді Русь жеріне жазалаушы отрядтар көптеп барды [5, б. 333]. Қорыққан орыс княздары өздері ханға салық алып келіп отырды. Русь жеріндегі моңғолдық билік жаңа кезеңге өтті, мұнда әскери қысым экономикалық қысыммен ауыстырылды.
Солтүстік-шығыста күштерін теңестірген соң Өзбек үкіметі солтүстік батыста күшті фактор болып келе жатқан Литваға қарсы да бірнеше іс-шаралар қолданды. Моңғолдар бұл мемлекеттің қалыптасуына қарсылық жасай алмады, бірақ оларға жүйелі түрде жорықтар жасай отырып әлсіздендіру мүмкін еді. ХІV ғасырдың 20-жылдарындағы сондай жорықтар нәтижесінде литвалықтардың батысқа жылжуы тоқтатылды.
Дәл сол саясатты моңғолдар Польшаға байланысты да қолданды. ХІV ғасырдың 20-жылдары Польшаға жасаған жорықтарының күшеюі батыста үлкен шиеленіс тудырды. Сондықтанда бұл жорықтарды уайымдаған Рим Папасы 1329 жылы арнайы жолдау жолдады, ол барлық батысеуропалық билеушілерді «татарларға қарсы крест жорықтарын ұйымдастыруға» шақырды, жорыққа қатысушылардың барлығының күнәсі кешірілуін уәде етті. Алайда бұл крест жорықтары жүзеге аспады. Моңғолдар папаның үндеуіне қарсы 1337 жылы Люблин жерін қырды. Келесі жылы «Өзбектің сансыз көп татарлары Польша және Венгрия жерлеріне еніп, оларды аяусыз тонады» [5, б. 334].
Егер бұған Кавказда хулагидтермен бірге соғыстың сәтті жалғасуын және Орта Азияға Шағатай ұлысының иеліктерін жаулауға тақ мұрагері басшылығында көп санды әскер жіберілуін қоссақ Алтын Орданың сыртқы саясатының күшейгені анық көрінеді. Өзбек ханның көршілермен жеңісті соғыстары және мемлекет ішіндегі сәтті саясаты Алтын Ордаға бұрынғы күшін қайтарып, оны Еуропа және Азияның күшті мемлекеттерінің біріне айналдырды. Алтын Орданың нығаюы кезеңіндегі деректерде құрылтай шақырылулары туралы айтылмайды, енді олардың орнына хан кеңесі өткізіліп, оған хан туыстары және әскербасылар қатысты. Бұл мәселеге қатысты 1316 жылғы Өзбек әпкесінің Мысыр сұлтанына тұрмыс құруына байланысты кеңесті атауға болады. Бұл кеңеске неке шартын жасаушы хан туыстары мен 70 әмірлер және түменбасылар қатысты [1, б. 439-440]. Бірақ бұл жиналыс көбіне отбасылық кеңес түрінде еді. Басқа жағдайларда, мемлекеттік басқару мәселелеріне қатысты болғанда хан өзі тағайындаған ұлыс әмірлерінен тұрған «диван» кеңесі өтті. Бұдан бұрынғы хандар кезіне байланысты диван туралы айтылмағандығы Өзбек тұсында мемлекеттің орталықтандырылғанын көрсетеді. Араб жазушы әл-Омари (1343 ж. қайтыс болған) Өзбек және Жәнібек тұсындағы хан кеңесіне толық сипаттамалар қалдырды. әл-Омари былай жазды: «бұл сұлтанның билеушілері – төрт ұлыстық әмірлер, олардан ең жоғарғысы беклербек атанды, яғни аға әмір. Әр қандай маңызды істі осы төрт сұлтан шешеді, егер олардың бірі болмаса да оның аты жарлыққа жазылады…» [1, б. 439-440].
«Істер уәзір арқылы шешіледі. Ал уәзір істерді оларсыз шешеді, наместниктерге бұйрықтар береді және жарлықтарға олардың атын жазады. Уәзір – нағыз сұлтан, қарсы бөлімін жеке басқарады, бөледі, тіпті ең маңызды істерде де беклербек сияқты әскери істерді де басқарады». Кеңеске кірген осы төрт әмірдің ішінен екі мүшесінің – беклербек және уәзір қызметтері барынша анықталған. Беклербек (әмірлердің әмірі) әскери істерді басқарды, түмендіктер, мыңдықтар, жүздік және ондықтарды басқарды, екінші уәзір мемлекеттің азаматтық істерімен айналысты. Алтын Орда ең алдымен әскери-феодалдық мемлекет болғандықтан әскери құрылым басшысы беклербекке азаматтыққа қарағанда құрмет берілді. Сондықтан әл-Омари беклербекті кеңестегі төртеуінің ішінде үлкені» – деп жазады [1, б. 249, 348, 411].
Өзбек хан тұсында мемлекеттік басқаруды орталықтандыруға байланысты жерлерде басқару органдарын реттеу жүзеге асырылды. Басында Алтын Орда қалыптасқан кезде билікті бөлшектеу болып, мемлекет Батый ағайындылары арасында бөлініп, олардың әрқайсысы өз ұлысын жартылай жеке билеуші ретінде басқарды. Енді мемлекет орталықтандырылғанда бұрынғы аумақтар аумақтық басшы-әмір басшылығындағы аумақтарға айналдырылды.
Аумақ басшылары өз иеліктерінде кең билікке ие болды. Сондықтан мысырлық сұлтандар ханға байланыс жасау барысында әдетте өз грамоталарын орталық билік өкілдеріне және аумақ басшыларына да жіберіп отырды. Аумақ басшылары лауазымына феодалдық аристократияның беделді өкілдері тағайындалды, көбінде аумақтық билеушілік лауазымына мұрагерлік бойынша сол әулет өкілдері қойылды.
Алтын Орда мемлекеті Өзбек билігі кезінде орта ғасырдың ең ірі мемлекеттерінің біріне айналды. Жошы ұрпақтарының моңғол империясынан бөлінуі және тәуелсіз болуға бағытталған соғыстары сәтті болды. Батый ағайындарына тиесілі болған бұрынғы жартылай жеке ұлыстардың әлсіреуі немесе толықтай бағыну хандық билікті нығайта түсті. Мемлекеттің орталықтануы біршама жетіліп, орталықта және жергілікті жерлерде бюрократиялық басқару аппараты құрылды. Елді басқару диван-кеңес қолында болды. Жергілікті басқару орталық әкімшілікпен тығыз байланысқан және орталық аппарат – төрт әмірден тұратын хан кеңесі диванға бағынған жергілікті билеушілер қолына шоғырланды. Жалпы, Алтын Орда мемлекетінің әкімшілік жүйесі толық зерттелмеген мәселелер қатарына жатады. Дегенмен қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Алтын Ордада ең жоғарғы билік ханға, ханнан кейін беклербек немесе ұлық Қараша бек пен везирге (уәзірге) тиесілі болған. Ұлық қараша бек жоғарғы сот, шет елдік істер, армия, 4 қараша бектен тұратын мемлекеттік кеңес диванды басқарған. Мемлекеттік кеңеске түмендердің басшылары, оларға өз кезегінде аймақтар мен қала басшылары бағынышты болған [6, б. 122]. Ортағасырлық авторлар әл-Кашканди мен әл-Мухиббидің мәліметтеріне қарағанда Жошы Ұлысында ең жоғарғы мемлекеттік басқару аппаратының бастысы «төрт бас әмірлердің кеңесі» болған. Жоғарыда атап өткеніміздей олардың ішіндегі ең үлкені беклербек немесе бектердің бегі бүкіл мемлекет әскерін басқарған [1, б. 347]. Ол бүкіл әскер істерін бақылаған, оған әмірлер, мыңбасылары, түменбасылары бағынған [1, б. 348].
Өзбек ханның бейнесі – 1339 жылғы Ангелино Дульцерттің портоланында (портолан – теңіз қартасы, порттан портқа навигация бойынша нұсқаулық) бейнеленген. Бұл дерек Өзбек хан бейнесі бейнеленген жалғыз дерек көзі. Дульцерттің портоланында Жерорта мен Қара теңіз және жартылай Каспий теңізінің акваториясы бейнеленген. |
Әдебиеттер және деректер тізімі:
- Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. В. Тизенгаузена. – Т.1. Извлечения из сочинений арабских. – СПб., 1884. – 563 с.
- Утемиш-хаджи. Чингиз-наме / Факсимиле, пер., транскрипция, текстологические примечания, исследование В.П. Юдина, комментарии и указатели М.X. Абусеитовой. – Алма-Ата: Гылым, 1992. – 296 с.
- Сабитов Ж.М. Происхождение Кутлуг Тимура, эмира хана Узбека // Молодой ученый. – 2016. – №1. – С. 587-589.
- История Казахстана в персидских источниках. Т4. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 620 с.
- На стыке континентов и цивилизаций… (из опыта образования и распада империй X-XVIвв.). – М., 1996. – 768 с.
- Исхаков Д.М., Измайлов И.Л. Этнополитическая история татар. – Казань, (III – середина XVI вв.). – Казань: РИЦ «Школа», 2007. – 356 с.
- Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. – М., 1973. – 180 с.
- Григорьев А.П., Григорьев В.П. Коллекция золотоордынских документов ХІV века из Венеции. Источниковедческое исследование. – СПб., 2002. – 276 с.
- Полное собрание русских летописей. – Т. 15. Издание 1-е. Летописный сборник, именуемый Тверскою летописью. – СПб., 1863.
- Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. – Саранск, 1960. – 279 с.
- Рашид ад-Дин. Сборник летописей / Пер. с перс. Ю.П. Верховского / Ред. И.П. Петрушевского. – М.-Л.: Изд-во АН СССР, 1960. – Т.2. – 253 с.
- Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – Т. II. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В. Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. – М.-Л., 1941. – 308 с.
- Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в ХV-ХVІІ вв. – М., 1982. – 160 с.
- Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности // Живая старина. Вып. III – IV, СПб., 1897. – С. 277-456.
- Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. –М.-Л., 1950. – 478 с.
- Вамбери Г. История Бохары или Трансаксонин с древнейших времен до настоящего / Пер. А.И. Павловского. – СПб., 1873. – Т.II. – 226 с.
- Семенов А.А. К вопросу о происхождении и составе узбеков Шейбани-хана // Материалы по истории таджиков и узбеков Средней Азии. – Сталинабад, 1954. – Вып. 1. – С. 3-39.
- Рашид ад-дин. Сборник летописей / Пер. с персидского О.И. Смирновой, ред. А.А. Семенова. – М.-Л., 1952. – Т.I. Кн. 2. – 316 с.