Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЕСІМ ХАН


Есім хан – (т.ж.б. – 1645) – Қазақ хандығының ханы және аса көрнекті қайраткері, Шығайдың ұлы.

Өмірбаяны

Есімнің жастық шағы туралы nарихи деректер кездеспейді. Ағасы Тәуекел хан билікте болғанда әскери жорықтарға қатысып, Самарқандқа дейінгі жерлерді  жаулады. 1598 жылы ағасы қайтыс болған соң Қазақ хандығының ханы болды. Келесі жылы Бұқар хандығымен бейбіт келісім жүргізіп, Қазақ хандығына Тәшкентті және оған көрші аймақтарды біріктірді. Ол билік жасаған жылдары Түркістан Қазақ хандығының астанасы болды. Бірақ, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құруға бағытталған Есім ханның саясаты кейбір  жікшілдік әрекеттер жүргізіп отырған, елге ықпалды сұлтандар тарапынан қолдау таппады. 1603 жылы қарақалпақ Абд ал-Ғафар деген біреу Сайрамды, Ахсикентті және Тәшкентті басып алып, өзін хан жариялады. Оған қарсы асығыс жиналған қолмен шығып шайқасқан Есім жеңіліске ұшырады. Алайда, біраз уақыттан соң, екінші шайқаста Есім оны өлтірді. Сырдариядағы көп жерлерді және бірқатар қалаларды Қазақ хандығына қосқаны және жатжерлік басқыншыларға тойтарыс берудегі жеке ерлігі үшін халық оны құрметтей бастады. Алайда, 1613 жылы оған жаулық көзқарастағы Тұрсын сұлтан Бұқар ханы Имамқұлидың қолдауымен Тәшкентте хан тағына отырды және Есім ханнан құтылып, Қазақ хандығындағы барлық билікті өзінің қолына алмақ болды. Онымен күресте жеңіліске ұшыраған Есім уақытша Шығыс Түркістан хандығына кетуге мәжбүр болды. 1627 жылы Есім ханға қазақ жеріне шабуылдай бастаған жоңғарларға (қалмақтарға) қарсы күрес жүргізуге тура келді. Оларға қарсы шайқастардағы ерлігі және қалмақтарды жоңғар тауынан асырып қуып тастағаны үшін халық оны Еңсегей бойлы Ер Есім деп атай бастады. Осындай Қазақ хандығы үшін қиын уақытта, Тұрсын Түркістанға шабуыл жасап, Есім ханның жанұясын тұтқынға алды. Осы оқиғаның салдарынан 1628 жылы екі ханның арасында қантөгіс шайқас орын алып, онда Тұрсын хан өлді. Бірақ өмірінің соңғы онжылдығында Есім ауырып, төсек тартып жатып қалды. 1645 жылға қарай ол қайтыс болды. Түркістан қаласында жерленді.

Тәуекелден кейін хан атанған Есім саяси тұрғыдан ыдырауға бағыт алған Қазақ хандығын бір орталыққа біріктіру үшін Тұрсын, Абылай, Ханзада, Әбулайыс, Мұрат және т.б. сұлтандардың сепаратистік әрекеттеріне қарсы белсенді түрде күресті. Ішкі саясаттағы осындай күрделі ахуал, және сыртқы саясатта шығыстан  қыспаққа алған қалмақтардың жортуылдары Есім ханды қазақтар мекендейтін ұланғайыр аймақтарды үшке (Үш жүзге бөліп басқару) реформасын енгізуге мәжбүрледі. Бұл жаңа жүйеде билік төре тұқымдарының үстемдігін шектеп, халық арасынан шыққан беделді билердің үстемдігін күшейтуді көздеді.

Бұл өзгеріс тарихқа «Есім ханның ескі жолы», яғни бұрынғы Жошы ұлысындағы Ордаларды жаңа этно-саяси жағдайда жаңғырту ретінде енді. Есім хан бұл реформаны өзі билік жасап отырған Жетісу өңірінен бастап, алғашқы Қазақ хандығы құрылған және ежелгі қазақ тайпалары тұрақты (автохтонды) түрде мекендеп келген осы аймақты Ұлы жүз (Үлкен Орда) атандырды. Айта кетер тағы бір мәселе, Тәуекел хан қайтыс болған соң оның тұсында жартылай бағыныштылыққа түскен Ойраттар қайта бас көтеріп, Жетісуды қазақтардан тартып алуға күш салды. 1603 жылдан бастап Қазақ Ордасының Бұқар хандығымен ұзаққа созылған соғысының басталуы да Жетісу аумағында Есім ханның резиденциясы орналасқан Үлкен Орданы нығайта  және топтастыра түсуді қажет етті. Үлкен Орданың Ұлы жүз аталуына сәйкес, қазақ мемлекеттігіне Қасым хан тұсында қосылған орталық өңірлер халқы Орта жүз, ал ХҮІ ғасырдың екінші жартысында бөлшектеніп кеткен Ноғай Ордасынан біржолата қол үзіп, Қазақ хандығына қайта және кейіннен  қосылған батыс өңір қазақтары Кіші жүз  атауларына ие болды. Осылайша, қазақ мемлекеттігінің үш этно-географиялық және шаруашылықтық басқару аймақтары  өмірге келді. (…)

Есім хан Тәуекел екеуі Шығай ханның екінші әйелі Жақсым бикемнен туған еді [1]. Ал Шығайдың әкесі атақты Әз-Жәнібектің тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтан болатын. Халық арасына кең таралған «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты тарихи жырда Есімнің жас кезінен-ақ дарынды да ерекше қабілетті болғаны жырланады. Онда мынадай жолдар бар:

…Жетіге жасы жеткен соң,

Оқуға ауды талабы.

Он беске жасы жеткенше,

Әр түрлі ғылым алады.

Осы жастың ішінде

Білгір, тапқыр артықша,

Адам болды саналы.

Топ ішінде сөйлесе,

«Олай емес, бүй десе»,

Халқы көріп таң қалды,

Бұл сықылды дананы [2, б. 137]…

Есім кез-келген маңызды мәселені асықпай шешетін, табиғатынан мінезі жұмсақ, ақкөңіл де кешірімпаз адам еді. Жаулары  оның осындай кеңпейіл мінез-құлқын  өз пайдаларына қолдануды ойластыратын. Есімнің хан болуы  Сібір арқылы  Еділдің бойына ығысқан қалмақтардың орыс бодандығын қабылдап,  1599 қазақ жеріне жортуылдар ұйымдастыруымен сәйкес келді. Осы тарихи кезеңді Есім ханға замандас атасы Матай бидің естелік жазбалары негізінде «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» атты жазбаларында Шапырашты Қазбек бек Тауасарұлы төмендегіше баяндайды: «…осы бір шақта Тәуекелден кейін Есімнің таққа отырған кезі еді…» Бұқар ханы Имамқұлиға сүйенген Тұрсын-Мұхаммедтің 1613 жылы  Тәшкентте хан тағына отыруы жоғарыда аталған «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты тарихи жырда бұл төмендегіше жырланады:

Сол заманда Тәшкентке

Қараған көп халықтың,

Қатаған дейді намдарын.

Шибани ханның нәсілінен,

Шаһ – Тұрсын дейді хандарын.

Қарақалпақ, Қатаған

Самарқанд, Жызақ, Қоқан мен

Сұраушы еді барлығын [2, б. 141]… 

Ал енді Тұрсын ханның шығу тегіне келер болсақ, шығыс деректері оны Жәлім сұлтанның үшінші ұлы деп көрсетеді. Ал Жәлім сұлтан болса Хақназар ханның бауыры, яғни Қасым ханның баласы еді [5]. Жәлім сұлтан өзінің күйеу баласы Баба сұлтанның қолынан қайтыс болған [6].  Бұл айтылғанды нақтылай түссек тарихи ахуал былай өрбіді: Жәлім сұлтан тарихта Ақназар ханға адал берілген тарихи тұлға ретінде белгілі. Ол кезінде Ақназар ханның ноғайлармен арадағы жанжалдарына да қатысты. 1569  жылы Жәлім сұлтан Ақназармен және Шығай сұлтанмен бірге   өздерінің туыстары болып саналатын 20 сұлтанның жасақтарын бастап, Ноғай ордасына басып кіріп, оны ойрандады. Бұдан соң да Жәлім сұлтан Ақназар ханның қасынан бір елі қалған жоқ. Ол 1580  жылы тағы да Ақназар ханның кезекті тапсырмасын орындау барысында өзінің туған күйеу баласы шәйбандық Тәшкент билеушісі Баба сұлтанның қолынан қайғылы қазаға ұшырады.  Жәлім сұлтанмен бірге оның екі ұлы және Ақназар ханның сұлтанға ілескен екі ұлы бәрі бірге Баба сұлтанның тапсырмасын орындаған адамдарының қолынан өлді. Ал енді бұлардың кегін алып, Баба сұлтанды Тәуекел хан өлтірген соң да жағдай тұрақтай қоймады. Бұған себеп,  Тәуекел ханның өлімінен кейінгі төрелер арасындағы тақ үшін тартыстың тууы. [7, б. 90-91]. Осылайша, деректерден байқайтынымыз, қазақта бір мезгілде екі хан қатар таққа отырды. Қазақтардың екіге жарылуына жол бермеу үшін алғаш Есім бұған да көніп, Тұрсынға кедергі жасамай, өзі Түркістан қаласына билеуші болумен шектелді. Оның үстіне Тұрсын ханның жасы да Есімнен едәуір үлкен еді. Осы жерде ескерте кетер бір маңызды нәрсе, кезінде орыс тарихшылары Тұрсын ханды Есім ханның бауыры етіп көрсеткен еді [8, б. 136]. Бұл, әрине, қате пікір.

Тәуекелдің кезінде-ақ даңқы шыққан Есімнің қазақтар арасындағы жоғары беделі Тұрсын ханға маза бермеді. Ол Есімнен қалай құтылудың жолын қарастырумен болды. Мұндайда ол, қазақтардың жауы Имамқұлиды өз мақсатына пайдаланды. Тәшкентті билеп отырған Тұрсын-Мұхаммедтің арандатуымен Бұқар ханы Имамқұли Сыр бойына ентелей кіріп, Жетісуды басып алып, қазақтарды аяусыз қырды. Осыны пайдаланған Тұрсын-Мұхаммед хан да одан қалыспай, Түркістан өңіріне басып кіріп, ондағы қазақтарды өзіне қаратты. Осындайда екі жақты соққыға қарсы қояр басқа амалы қалмаған Есім хан Жетісу арқылы Тұрпан ханы Әбділрахымның еліне өтті. Әбділрахым моғол ханы Әбдірашидтің ұлы, яғни қазақтың Қасым ханынның қайын жұрты болып келетін моғол ханы Сайд ханның немересі еді. Бұл айтылғандар 1618-19 жылдары орын алды. Бұл тұста Моғолстан аймағында кезінде хандық құрған Шағатай тұқымы жойылып біткендіктен, төре тұқымынан шыққан Есімнің осында келуі моғол билеушілерін қуантты. Әбділрахым хан оны өзіне қызмет етуге, нөкер болуға  шақырды. Алайда Есімді бұл ұсыныс қанағаттандыра қоймады. Ол бәрінен бұрын өзінің достары мен дұшпандары алдында мерейі үстем болуы үшін, өзінің Әбділрахым ханға күйеу болғысы келетінін ашық айтып салды. Мұндай өтініш Әбділрахым ханға ұнады.  Сөйтіп ол, өзінің қызы Айханым падишахты  Есімге салтанатпен ұзатты [9, б. 252]. Есім осында Әбділрахымның Қашғар аймағындағы біраз қалаларды бағындыру жорықтарына қатысып, ерекше белсенділік танытты. Ол өзінің соңына ілескен қазақтарды ұйымдастырып, қалмақтарға қарсы жорықтар ұйымдастыруды да естен шығара қойған жоқ. Жалпы қалмақтардың қазақ даласына толассыз жортуылдары 1599 жылдан бастап орын алған еді. Осындайда Есімнің басты мақсаты – қайда жүрсе де ата-баба жолын жалғастырып, елін жаудан қорғап, біртұтас Қазақ хандығын қалпына келтіру болды. Қазақтар бұл кезде Сарыарқа төсінде қалмақтармен алысумен болды. 1618  жылы осындағы Бүркітті және Болатты деген таулар арасындағы кең далада болған ұрыста қаны қарайған қазақ жасағы қалмақтарды аяусыз қырды. Осыған қарамастан қалмақтар қазақ жеріне оқтын-оқтын жорық жасауды тоқтатпады. Арада екі жылдан кейін Тобыл бойында қазақтар тағы да қалмақтың қалың қолына қарсы соғысқа кіріп, оларды жусата қырды. Бұл соғысты ұрыс алаңында алдаспанын жарқылдатқан Есімнің өзі басқарды. Алайда мұның бәрі түпкілікті жеңіс емес еді. Аралары жаулықпен ашылып кеткен қазақ пен қалмақты әлі талай қанды қырғын күтіп тұрғаны байқалды. Қалмаққа қарсы тұру үшін бүкіл қазақ пен қырғыздың басын қосу қажеттігін ұғынған Есім 1623-24  жылдары Тәшкентке келді. Осында ол қазақтың бір бөлігін билеп отырған Тұрсын ханмен келісімге келіп, қайта тіл табысып, Түркістан аймағына билеуші болып орнықты. Өзіне тән кеңдікпен Есім Тұрсын ханның өзіне жасаған бұрынғы қиянаттарына кешірімділікпен қарады. Екі ханды алғашқы кезеңде хиуалық Әбілғазы бахадүр татуластырып жүрді. Дегенмен де, Тұрсын хан тек қазақтармен ғана соғысып қоймай, бірнеше рет кезінде өзін қолдаған Бұқар ханына да қарсы жорықтар ұйымдастырды. Мысалы, 1623 жылы ол Имамқұлидың өзіне қарсы 100 000 қолмен аттанып, оны күйрете жеңді. Мұндайда Тұрсын хан ең алдымен Есім ханмен тіл табысып, келісіп алатын. Ортақ жау, ортақ мүдде қазақ хандарын оқтын-оқтын осындай келісімге келуге мәжбүрледі. 1624  жылы ол тіптен Тұрсынханның Әндіжанға бағытталған жорығына да белсене қатысты.  Бұл кезде Әндіжанды қазақ сұлтаны  Келді Мұхаммедтің баласы Ханзада билеп отыр еді. Алайда қазақ биледі дегені болмаса бұл аймақ ол кезде Бұқар ханы Имамқұлидың қол астына қарайтын. Өзіне бақталас болып алған Имамқұлиға өшіккен Тұрсын хан  ықпалындағы Есімнің қуатты қазақ жасақтарына сүйеніп, Ахси қамалын қоршауға алды. Жалғыз өзінің қазақ сұлтандарына шамасы жетпесін байқаған Ханзада Имамқұлидан көмек сұрады. Соған қарамастан қанды шайқас Бұқар ханының жеңілісімен аяқталды. Тұрсын мен Есім тағы да осындағы біраз қамалдарды басып алып және оларды тонап, көп олжамен кейін қайтып кетті. Осындай одақтастық қарым-қатынас алда да жалғаса берер ме еді, егерде Тұрсын хан өзінің әріптесіне қарсы ашықтан ашық жаулық әрекетке бармаса.  Қазақтар арасында Есімнің беделінің күн санап өсуі Тұрсын ханның мазасын кетірді. Бұрынғыша бүкіл қазақты оның билеуіне Есім кедергі болды. Сондықтан да ол Есімнің көзін жоятын сәтті асыға күтті және өзі басқарған қалың қатаған тайпасын оған қарсы шешуші шайқасқа дайындаумен болды. Ақыры бұған қолайлы сәт те туды. 1626-1627 жылға қарай олардың ара қатынасы  тағы да шиленісіп кетті. Бұл туралы Әбілғазының «Түрік шежіресі» атты еңбегінде жазылған [10]. Мұндай ауыр ахуалға Тұрсын хан кінәлы еді. Оқиға былай өрбіді: Тұрсынмен ара қатынасты жөндеген Есім хан аталмыш жылы  көп әскермен қалмақты шабуға аттанды. Оның әскерінің құрамында басқалармен бірге қатағандардың бір бөлігі болды. Қалмаққа аттанып бара жатқан Есім ханға Тұрсын хан кісі салып, өзара тату болатындарына ант-су ішіп, батыстан келер қалмақтарды өзі тоқтататынын, ал шығыстан келер жауға Есімнің қарсы тұрғанын қалайтынын айтты. Ол Есімге тіптен: «…менен қосын ал, жабдық ал, азық ал, сөйтіп, ұлы Ертістің басынан түсіп, аяғынан бірақ шық, одан бергі жер өзімізге қарап қалсын!» деп те жабысты. Алайда, өзіне сенімді Есім оған:

«мен сенен қосын да алмаймын, азық та алмаймын, жабдық та алмаймын. Өз күшім өзіме жетерлік. Тек сен менің қалған жұртыма көзіңнің қырын салып тұрсаң болғаны», – деп ризашылығын білдірді. Алайда, Тұрсын хандікі аярлық болып шықты. Ол бұрын жасалған өзара достық және тиіспеу туралы келісімді аяқ асты етіп, Түркістан аймағындағы Есім ханның қорғаусыз қалған ордасына бас-көз болудың орнына, оны талқандау үшін  қалың  қол жіберді. Олар біраз адамдарды қырып, Есім ханның шулап жылаған қатын, бала-шағасын тұтқындап, Тәшкентке Тұрсын ханға алып келді. Енді Тұрсын хан өзіне бақталас, қазақтарға хандықты бөлісіп отырған Есімнің көзін біржолата жойып, барлық қазақты жалғыз өзі билеуді ойластырды. Осы жымысқы ойды жүзеге асыру үшін Тұрсын  қалмаққа барған жорықтан қайтып келе жатқан Есімнің жолын торып, оны қапыда бас салуды  қарастырды. Алайда, мұндай ахуалдан өзіне берілген адамдардың арқасында Есім хан алдын ала хабардар болды. Екі қол Сайрамның маңында кездесті. Қанды қырғында Тұрсын хан жеңіліп, шайқастан аман шыққан әскерлерінің қалдығымен Тәшкентке шегінді. Тәшкент маңынан тағы да қосымша әскер жинастырған ол Есіммен қайта келіп соғысты. Екі жақ сап түзеп шыққанда бауырлас рулар мен тайпалар арасындағы қантөгісті болдырмай тастауды көздеген Есім хан Тұрсын ханды жекпе-жекке шақырды. Есімге шыдас бере алмасын түсінген Тұрсын жекпе-жектен тайсалып, кейін қашты. Бұл жолы Тұрсын ханның әділетсіз іс-әрекеттеріне куә болып жүрген әскербасылары, тіпті жақын нөкерлері, осындағы қазақ батырлары Тұрсыннан қатты түңіліп, Есім ханға қолдау жасауға көшті [7, б. 92-93]. Олардың арасында жоғарыда аты аталған Жанай батыр мен кейінгі Наурызбай батырдың арғы атасы Сүлеймен батыр ерекше белсенді болды. Тұрсын ханмен болған алғашқы ұрыстағы жекпе жектерде Сүлеймен батыр жалғыз өзі он адамды өлтірген еді. Осы заманның куәгері Матай қарттың бізге жеткен әңгімесі бойынша осы Сүлеймен батырдың жалғыз  баласы  Сыйқымбай да екінші, соңғы соғыс кезінде Тұрсын ханды масқаралап, Есімнің мерейін арттырған. Бұл былай болған: күндізгі соғыстан әбден қалжырап, ордасында дамылдап жатқан Тұрсын ханның шатырына түнде бас бағып кірген Сыйқымбай  дәрі иіскетіп, Тұрсынды есінен тандырып, сақал- мұртын жым-жылас сымпита күзеп, өзінің бетіне қара күйе жағып, анадан туғандай тыр жалаңаш шешіндіріп, құйрығына шубар арқанды шұбата тығып, бар қару- жарағын жинап алып, ханның басына «мұны істеген Сүлеймен баласы Сыйқымбаймын» деп жазып кеткен.  Есім хан мен Тұрсын ханның соғысы қазаққа қасірет әкелгенін айтпасқа болмайды. Жақын туыстас адамдар екіге бөлініп, қантөгіске барды. Мысалы, кейіннен қатағандарға, шанышқылыларға және қаңлыға жауынгерлік ұран болған және Тұрсын ханды қолдап  ұрысқа шыққан Айрылмас батырды  Есім ханның әскерінің бір қанатын басқарған Айрылмастың күйеу баласы, жоғарыда аталған Сүлеймен батыр өлтірді. Тұрсын ханның осындай қазақтарды өзара жауластырған саясатын жақын нөкерлері жаулықпен қабылдады. Олар сондықтан да ақыры Тұрсын ханды өлтіріп тынды. Тарихи деректердің бірінде бұл мәселе төмендегідей нақтылана түседі: «…бұл екінші соғыста Тұрсын Есім ханмен жекпе-жекке шықпай қашты. Ақыры оны Есім хан Сайрамсудан Тәшкентке дейін қуып, Тәшкент түбіндегі хан Абат деген жерде өлтірді. Осыдан соң Тәшкент шаһары күні бүгінге дейін (яғни ХҮІІІ ғ.дейін- авторлар) қазақ қаласы болып қалды» [3, б. 903]. Бұл оқиға қысқаша түрде ортағасырлық автор Махмуд ибн Валидің «Бахрь аль-асрар» атты еңбегінде де жазылған [11]. Айтылғандарды Ш.Уәлихановтың жазбалары да растайды және толықтыра түседі [12, б. 77]. Тұрсынды  өлтірушілер оның басын денесінен кесіп алып, Есім ханның шатырына алып келді. Есім болса бұл басты Бұқарадағы Имамқұлиға «менің жауларымды осы күтеді» деген сөзбен жөнелтті. Тұрсын хан өлген соң Тәшкент шахары қазаққа қарады. Тұрсынның соңында ұлдары мен қыздары қалды. Үлкен ұлы Тәшкенттен қашып шығып, моғолдар билігіндегі Қашқарға барып, сонда Қашқар әкімі болды. Өйткені осындағы ханзада Абд ал-Латифтің әйелі Ханым-падишах Тұрсын ханның әпкесі еді. Тұрсынның кіші ұлы  Имамқұлиға қарсы соғыста  өлді. Тұрсын ханның Айбике, Қоңырбике және Нұрбике деген қыздарын олжалаған Есім хан оларды өзінің батырларына таратып берді. Есім хан Тұрсын ханды қолдаған екі баулы қатаған тайпасын және қаңлылардың бір бөлігін қатал жазалады. Қатағандар жаппай қырғынға ұшырады. Олардың найзаға отырғызылып жазаланған бір бөлігі кейіннен қатаған атауынан бас тартып, шанышқылы аталып кетті. Ал бұған дейін тығыз қоныстанып отырған қаңлылар жазалаудан қашып, жан-жаққа тарап кетті. Осылайша, Тұрсын ханның дөрекі қателігі мен жікшілдік әрекеті қазаққа қымбатқа түсті.

Тұрсын хан мен Есімханның арасындағы жанжал туғызған шиленісті жағдай қазақ тарихындағы әліде толық зерттеле қоймаған, беймәлім тұстары анықталмаған маңызды мәселе. Осыны анықтай түсуге Қытай қазақтары арасында таралған «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік» атты жыр-дастаны біраз көмек көрсете алады. Жыр-дастанда  Тұрсын ханның Тәшкенді қайта басып алып, өзбектерге билікті бергенін айта келе, Есім ханның оны қалай биліктен кетіргенін нақты баяндайды. Енді соған тоқталайық:

«Есімің ескі жолы заң» шығарған.

Өлтіріп түн ішінде Тұрсынханды,

Өзбекті шауып, Тәшкенді қайтып алған.

Мың алты жүз отызыншы жылға таяғанда,

Есім хан ескі тағын қайта алғанда.

Айбике, Қоңырбике, Нұрбикені,

Олжа қып алып келген сол барғанда.

Тұрсынды өлтірерде түнде барып,

Есіктен күзетшісін байлап алып,

Есімнің қасындағы бір жыршысы,

Оятқан Тұрсын ханды әнге салып.

Сондай ер бүгін қайда, Иллаһым-ау,

Бұл елдің бүгін хор боп тұрғанын-ау.

Өлеңмен Тұрсын ханды оятқанда,

Төлеген жыршысының әні мынау: 

–Ей, қатаған, хан Тұрсын,

Хан емессің қатынсың.

Қазақ келсе қапылсың,

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалың жеткен батырсың.

Көнбесең де көнерсің,

Иманыңды айт өлерсің.

Еңселі бойлы ер Есім

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды,

Кешікпей содан татарсың!

Осыдан соң Есім екінші рет қайтадан Қазақ хандығының тағына отырды. Өздерінің ата жауы болып есептелетін Есімнің таққа отыруынан қауіптенген қалмақтар Есімді әртүрлі қулықтармен алдаусыратып, түптің түбінде оның көзін жоюды ойластырды. Қалмақ хошоуттарының тайшысы Байбағыс торғауыттармен және дүрбіттермен бірігіп, Есім ханға Далай Батыр бастаған елшілер жіберді. Олар өзара достық келісімдер жасау туралы ұсыныстарын айтып алып, сонымен қатар қазақ даласына әр тұстан андыздап ат қойып, тонауларын да тоқтатпады. Мұның өзі Есім ханның қанын қарайтып, ашу-ызасын үдете түсті.  Сондықтан да, тағы бірде қалмақтар алдаусырата елшілер аттандырғанда Есім хан оларды түгел қырып салып, қалмақтарға қарсы іле-шала он мың қолдан тұратын қазақ жасағын аттандырды.  Қазақ қолы қалмақтарды талқандап, олардың екі тайшасын тұтқынға алып олжалы қайтты. Осыдан соң біраз уақыт қалмақтар тарапынан болған жортуылдар толастап, елге тыныштық келгендей болды. Осыны пайдаланған Есім батыстағы  ноғайлармен қарым-қатынастарды реттеп, шығыста Алтын хан елімен бірігіп қалмақтарды біржолата талқандау жолдарын іздестіре бастады. 1620 жылы Есім хан қазақтардың және  қырғыздардың отыз мың қолымен ойраттарға күтпеген жерден лап қойды. Келісімге сәйкес  қалмақтардың ту сыртынан осы кезде Алтын хан елі де шабуылды бастады. Осы, Қыспаққа түскен қалмақтар бас сауғалап, тырағайлай, Қара Ертістен төмен қарай бойлай қашты. Бұрын оларды арандатып отырған орыстар енді қалмақтардың шығысқа беттеулерінен қауіптеніп, оларды қолдаудан бас тартты.  Қара Ертісте қалмақты қырған қанды қасапқа Есім ханның батырлары арғын Ағынтай, қоңырат Алатау, алшын Жиембет, дулат Жақсығұл, шапырашты Қарасай мен Әйтей белсене ат салысса, билерден  Үйсін Шапырашты Дәулет би мен Төле бидің атасы Дулат Жаныс Құдайберді би де қалмақтарға қарсы күреске елді жұмылдыруда көптеген игі жұмыстар атқарды. Осы Қара Ертістің таулы қыраттардан тұратын оң қанатында болған шайқаста Есім ханның өзі де ойратқа қарсы ұрыстарға белсене қатысып, еңселі тұлғасымен ел алдына түсіп, алдаспанын оңды-солды сілтеп, алдындағы жауды қамыстай жамсатып, үлкен қайрат танытып, ел аузында ерлігі аңызға айналып, «Еңсегей бойлы ер Есім» атанды. Алайда қашқан қалмақтар ылаңы мұнымен аяқталмады. 1627 жылы Тобыл арқылы жеңіліп босқан қалмақтар Еділдің Хазар (Каспий) теңізіне құяр жеріндегі қазақтарды баудай түсіріп қырып, қазақ даласын жантүршігерлік хабарлармен дүрліктірді. Олар Сарысу маңында Борық деген ауылды үрерге итін қалдырмай, бала-шағасына дейін түгел бауыздады. Есім хан осындайда Түркістандағы Күлтөбе деген жерде билерді жинап, күнде кеңес өткізіп, Жайық бойына жиырма мың қолдан тұратын жасақ аттандырды. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз осыдан қалды. Оларды арғын Ағынтай батыр (5 мың қол), үйсін Қарасай батыр (5 мың қол), найман Көксерек батыр (5 мың қол), қаңлы Сарыбұқа батыр (5 мың қол) бастады. Батысқа жөңкілген, түндей түнерген қаһарлы жасақтарға жолдан, Електі жерінен төртқара Жиембет батыр бастаған тағы 5 мың қол қосылды. Қазақ жасағының бас қолбасшысы жер жағдайымен жақсы таныс осы,  Жиембет батыр болды. Хазар теңізінің елсіз және масасы қалың қамысты аймағында қазақ пен қалмақ 83 күн арпалыса соғысты. Екі жақта жаппай адам қырғынынан қашып, ұрысты алғаш бір жарым ай бойы жекпе-жек түрінде өткізді. Жоғарыда аталған батырлардың әрқайсысы алғаш өздері жекпе-жекке шығып, ұрыс даласында тоғыз-он бір күннен тұрып, осынша адамды жер жастандырды. Дегенмен, қазақ жағы да қасіретті бастан өткізді. Мысалы, сегіз қалмақты жекпе-жекте өлтіріп, тоғызыншысына қарсы шыққан Алатау батыр аты сүрініп кетіп, аңдаусызда мерт болды. Арты жаппай қанды қырғынға ұласқан бұл ұрыста жеңілген қалмақ ұлардай шулап, Еділдің теңізге құйылысына қарай қашты. Ал енді шығыстағы Жоңғарияда Қара Ертістегі жеңілістен кейін қалмақтың Батыр тайшысы қазақты жеңу үшін үлкен дайындық керек екендігін түсініп, Жоңғария аймағындағы тас құдайға табынушылардың бәрінің басын қосу ісін қолға алды. Енді қазақтарды қалмақтардың жаңа жойқын шабуылдары күтіп тұрды. Мұндайда қазақтың анталаған жауға төтеп беруі оны дұрыс басқара білуге тікелей байланысты еді. Осыны жақсы түсінген және осыдан бұрын билікке таласқан Тұрсын ханмен болған жанжалды ескерген Есім хан, тарихта «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын реформаны жүзеге асырды. Бұл алғаш жоғарыда айтылған Күлтөбе басында жиындарда талқыланды. Осы Күлтөбеге Есім хан өзіне байырғы Орыс хан бабасынан мұра болып қалған қызыл ту мен қатар әкесі Шығай хан көтерген ақ туды қатар алып шығып, елді бірлікке шақырды. Енді жауға шапқанда қазақ тайпалары өздерінің батырларының есімдерімен қатар, Алаш бабаның қасиетті есімін қазақ атанғандардың ортақ ұранына айналдыратын болып келісті.  «Ескі жол» реформасы бойынша жан-жақтан, батыс пен шығыстан қалмақтар анталаған қазақ даласын үш жүзге бөліп басқару және оларды Ұлы жүз аймағындағы бас хан басқаратын билеу жүйесі енгізілді.  Бұл Тәуекел, Ақназар хандар тұсында басталған таққа таласу әрекетін жау жағадан алғанда тоқтату және қазақтың кең даласын жергілікті рулар мен тайпаларды тығыз топтастырып қорғап қалу үшін амалсыздан жасалған саяси-әлеуметтік шара еді. Сонымен қатар «Есім ханның ескі жолы» оңтүстік шығыста қалмақтардың оқтын-оқтын Жетісу аймағын жаулауларына және батыста Ноғай Ордасының күйреп, кезінде оған қараған көптеген алшын руларының қазақтар қол астына өтуіне, қарақалпақтардың ноғайлардан бөлініп шығуларына  байланысты Қазақ хандығын билер арқылы басқаруды реттеу мақсатын көздеді. Еділ мен Жайық арасына терістік арқылы келген қалмақтардың қоныстанулары ноғайлардың көп бөлігінің қазақтарға қосылуын қиындатып, Ноғай Ордасы ыдырай бастаған тұста, олардың батысқа, Қырымға қарай көшуін тездете түсті. Осының нәтижесінде 1608 жылы ноғайлардың бас биі Ештеректің қол астында бар болғаны  40 мыңдай ғана ноғайлар қалған еді.  Ноғайлар билігінен босап қалған өлкені қазақтар қолында біржола ұстап қалу үшін бұл аймақты Есім қазақтың Кіші жүзі аймағына айналдырса, ал бірде қазаққа, бірде қалмаққа қарап отырған оңтүстік шығыстағы Жетісуды қолдан шығармау үшін оны қазақтың Ұлы жүзі мекендейтін аймақ деп атай бастады. Есім сонымен бірге қазаққа ортақ астананы да белгілеп, өзі ұзақ жылдар тұрақтаған Түркістанды рухани тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да астана етіп белгілеп кетті. Бұл басқару реформасын жасаған Есім хан шығыстағы және батыстағы қалмақтармен тайталастың ұзаққа созылатынын, осы, қазақтар тәрізді көшпелі жұрттың қазақтың шұрайлы жайылымдарына көз тігулерін тоқтатудың жуық арада мүмкін болмасын да жақсы түсінді. Осындайда алпысты алқымдаған Есімді ауыр науқас  төсекке таңды. 1644 жылға қарай ол, көп кешікпей көз жұмды, және өзі  астанаға айналдырған Түркістанда жерленді. Айтарымыз, заманында қазақтың ел болуына қисапсыз еңбек сіңірген, халық жырларында «ең зерек хан» ретінде жырланып, орасан зор құрметке ие болған Еңсегей бойлы Ер Есім Қожа Ахмет Йассауи бабасының жанында жатыр.

Есім ұрпақтары  туралы Қытай қазақтары арасында жырланатын тарихи деректер бар. Мысалы, «Шыңғыс хан шежіресі» атты дастанда мынадай өлең жолдары бар:

Есім ханнан Сұлтанбет, Жәңгір туған,

Есім хан да ауырып дүние салған.

Әкесінің орнына Жәңгір хан боп,

Елу екі жыл ел сұрап сайран салған.

Сұрасаң Сұлтанбеттен Орыс туған,

Баласы ол Орыстың Тәтен болған.

Ал Тәтеннен Ханғожа туған екен,

Ханғожадан Арынғазы бір ұл туған.

Жәңгірден Тәуке, Уәли екі бала,

Хандыққа таласқанның көңілі ала.

Әз Тәуке хандық таққа отырған соң,

Нағашысына Уәлибақы кетті қара [13, б. 352].

Осы фольклорлық деректе біраз тарихи мәліметтер бар. Аңғаратынымыз: Есім хан узақ уақыт төсек тартып ауырған. Сондықтан да, шын мәнінде оның орнына көзі тірі кезінде-ақ баласы Жәңгір хан билік жасауға тиіс болған. Сондықтан да осы дастанды жырлаған жыршы өмірі ұзақ болмаса да, Жәңгір ханның қазаққа  елу екі жыл билік жасағанын айтып отыр. Сонымен қатар, дастанда Жәңгір ханнан да екі бала туғанын, оның үлкені Әз Тәуке атанып кейіннен елге билік жасағанын, ал таққа отыра алмаған екінші баласы Уәлибақының өкпелеп, нағашыларына кетіп қалғаны айтылған. Бұл айтылғандар бізге мәлім жазба деректерді растай түсіп ғана қоймай, сонымен қатар оларды жаңа мәліметтермен толықтыра түседі. Есім ханның ұрпақтары туралы қытайдағы қазақтардың «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік» деп аталатын шежірелік дастанында тереңірек айтылады. Онда мынадай жолдар бар:

…Есімнің Салқам Жәңгір баласы еді,

Ол дағы қалың елдің панасы еді.

Жәңгірдің қалмақ қызы қатынынан –

Әз Тәуке адамзаттың данасы еді

Қызы еді Ғайып ханның бір қатыны,

Осыдан Уәлибақы туған еді.

Әз Тәуке хан болған соң өкпе қылып,

Кетіпті Үргенішке дейді мұны [13, б. 67].

Көріп отырмыз, бұл жыр жолдарында Есімханның орнына таққа отырған мұрагер ұлы Жәңгірдің шешесінің қалмақ әйелі болғанын, ал ағасы Әз Тәукемен таққа таласқан Уәлибақының бауырына өкпелеп Үргенішке кетіп қалғанын аңғара аламыз. Жәңгірдің Қазақ хандығының тағына ресми түрде отырып, әкесі Есім ханның орнына ел билей бастағанын ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген және өткен заман тарихын Есім ханға замандас атасы Матай бидің естелік жазбалары негізінде «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. Шежіре,естелік» атты жазбаларында баяндаған Шапырашты Қазбек бек Тауасарұлы төмендегіше әңгімелейді: «1018-ұлу жылы (бұл жыл хижраның жыл санауымен берілген, жаңаша-1640 жыл деп оқылады- авторлар ескертуі)  қазақты Есімнің ұлы Жәңгір сұрай бастады. Өйткені, Есім хан науқас болды. Осының алдында бұдан бес жыл бұрын доңыз жылы, қара қалмақтардың Талай, Құжы, Торғаш тайшылары бірігіп қазақ жеріне шабуыл жасап, олар көп қазақты қырып, Есім ханның ұлы Жәңгірді байлап алып кетті. Жәңгір оларда бір жылдай тұтқында болды. Сөйтіп қалмақтар құтырып, біраз тыншыққан соң, Талай тайшы қазақты қайта шапты. «Селтеңдеген жігіттің серкесінің ажалы» дегендей, Талай тайшыны осы соғыста қазақтар төрт талдың бұтағына байлап, жібере салғанда, оның быт-шыты шығып, төртке бөлініп кетті. Сол кезде жасы елуден асып кеткен Есім хан: «Қалмақты осылай төрт бөлек қыламын» – деген еді. Бірақ сол жылы өзі қайтыс болды да, арманына жете алмай кетті. Енді қазақ билігіне Жәңгірдің келуі қалмақтарды қатты дүрліктірді. Өйткені қалмақ арасында бір жылдай тұтқында болып, олардың жай-күйін білген, сырын мол түйген Жәңгірден олар қатты қорықты…» [3, б. 909]. Осы жерде айта кетер бір мәселе, Есім ханның  өмірінің соңғы жылдарына қатысты жоғарыда аталған деректе екі мағлұмат еріксіз назар аудартады. Олардың алғашқысы – Жәңгірдің әкесі Есім ханның ауру болуына байланысты 1640 жылға дейін таққа отырмауы болса, екіншісі Есім ханның елуден аса, яғни қартая қоймаған шағында дүниеден өтуі. Дәстүрлі деректерге назар аудармайтын тарихшылар әлі күнге дейін Есім ханның қайтыс болған жылын көрсеткенде Махмуд ибн Уали айтқандай, хижраның 1038 жылын (яғни 1628 жылды) көрсетіп келеді [14, б. 219]. Тіптен орыс деректерінің өзінде Есімнің баласы Жәңгір 1635 жылға дейін сұлтан деп аталады [15, б. 45]. Егер Есім хан жоғарыда көрсетілгендей, 1628 жылы қайтыс болған болса, оның орнына таққа отырған ұлы Жәңгір неліктен 1635 жылға дейін хан  емес, сұлтан атанды? Осы жерде тағы бір айта кетер бір маңызды мәселе – осы жолдар авторларының бірі Талас Омарбеков  2000 жылы 4-қазанда республикалық ғылыми конференцияда ғалымдарға осындай сауал қойған еді. Алайда қателік түзетілмеді. Дегенмен де, фольклорлық ауызша тарихи жырлар мәліметтеріне сүйенген зертеушілердің біразы тарихи шындыққа жақын өз пікірлерін айта бастады.  Солардың бірі тарихшы Ә. Хасенов өзінің «Қазақ тарихының бес мыңжылдық баяны» атты еңбегінде Есім ханның 1645 жылы қайтыс болғанын нақты атап көрсетеді [16, б. 193]. Соңғы жылдары «Бабалар сөзі» деген атпен жарық көрген жүз томдық еңбектің 56 томының қосымшасына берілген Есім ханның өмірбаянында да оның 1645 жылы қайтыс болғаны көрсетілген [13, б. 67]. Біздің ойымызша, осы тарихи дата шындықты көрсетеді.

Еңбегі

Есім хан билік жасаған жылдар Қазақ хандығының күш-қуаты артқан жылдар болды. Өзі ержүрек жауынгер Есім, көрнекті қолбасшы және талантты мемлекет қайраткері ретінде мемлекеттік құрылысты одан ары жетілдіруге орасан зор үлес қосты. Ол Қазақ хандығының әскери қуатын нығайта алды, және оны орталықтандырылған мемлекетке айналдырды. Қазақ мемлекеті Есім ханның кезінде үлкен аймаққа ие болды және өзіне Сырдария бойындағы қалаларды  қосып алды. Соның арқасында Түркістан қазақ мемлекетінің саяси және рухани астанасына айналды. Оған әрқашан да ішкі және сыртқы жаулардың және бақталастардың қарсылықтарын басуға, Қазақ хандығының мемлекеттік жүйесін реформалау үшін күрес жүргізуге тура келді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын оның заңдары өзіндік конституция түрінде Шыңғыс әулетінің саяси артықшылықтарын шектеп, рулық-тайпалық билеуші-билердің кең құқықтарын алға шығарды. Ол ХҮІІ ғасырдың басында ұлыстық жүйесінің орнына, қазақ жерлері үш шаруашылықтық-территориялық бірлестіктерге – жүздерге бөлінгенін ескеріп, жүздік басқару ұйымын енгізді. Жүздердің басында хан билігін шектейтін Билер Кеңесін құратын билер тұрды. Құрамына барлық қазақ қауымдарының өкілдері және тек ықпалды сұлтандар ғана кіретін заң шығарушы басты орган – Маслихат жылына бір рет, негізінен күзде Ұлытауда немесе Түркістан қаласы маңындағы Күлтөбеде жиналды. Осы билік органында бекітілген Есім ханның заңдары қазақ қоғамының аса көрнекті өкілдерінің ұжымдық ақыл-ойының жемісі еді. Сондықтан да, оларды қарапайым халық барынша қолдады. Орталықтанған мемлекет қалыптасқан ауыр жылдарда, жоңғарлардың жаппай шапқыншылығы кезеңінде жасалған олар халықтың бірлігін нығайта түсті және қазақ мемлекеттілігін қорғауды қамтамасыз етті. Мұның өзі тағы да Есім ханның мемлекет қайраткері ретіндегі отандық тарихтағы аса зор еңбегін айқындай түседі.

Ұлықталуы

Есім ханның құрметіне Нұр-Сұлтан, Түркістан қалаларында және т.б. Қазақстанның кейбір қалаларында көшелер аталған.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

  1. Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали Жалайри. Жылнамалар жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 1991. – 270 б.
  2. Еңсегей бойлы ер Есім // Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: Фолиант, 2009. – Т.56: Тарихи  жырлар. – 409 б.
  3. Шапырашты Қазбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. Шежіре, естелік». – Алматы: Жалын, 2008. – 1086 б.
  4. Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине ХҮІ века.. – Алма-Ата: Наука, 1985. – 104 с.
  5. История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней. В 5 т. Т.2. – Алма-Ата: «Наука» КазССР, 1979. – 275 с.
  6. Материалы по истории казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков: (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). – Алма-Ата, 1969. – 253 с.
  7. Омарбеков Т.О. Ұлы Даланың дара тұлғалары: Қазақ хандары. – Алматы: Эксклюзив КА, 2015. – 180 б.
  8. Материалы по истории русско-монгольских отношений. Русско-монгольские отношения. 1607-1636: Сборник документов. – М., 1959. – 552 с.
  9. Шах Махмуд Чорас. Хроника. Критический текст, перевод, коментарии иуказатели О.Ф. Акимушкина. – М., 1976. – 362 с.
  10. Абул-Газы-Багадур-хан. Родословное древо тюрков. Перевод и предисловие Г.С.Саблукова. – Казань, 1906 г. – 306 с.
  11. Бахр асрар // Материалы по истории казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков: (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). – Алма-Ата, 1969. – 238 б.
  12. Валиханов Ч.Ч.Записки о киргизах. Собр. Соч. в 5 т. – Алма-Ата, 1985. – Т.2. – 416 с.
  13. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: Фолиант, 2006. – Т.32: Шежірелік дастандар. – 400 б.
  14. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингис хана. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 276 б.
  15. Қараңыз: Галиев В.З. Хан Джангир и Орбулакская битва. – Алматы: Ғылым, 1998. – 128 с.
  16. Хасенов Ә. Қазақ тарихының бес мыңжылдық баяны. – Алматы: Мектеп, 1996. – 296 б.

Авторы: Омарбеков Т.О., т.ғ.д.