Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЖАЛАҢТӨС


Жалаңтөс (Әбдікәрім) батыр Сейтқұлұлы (Байқожаұлы), Ялантуш баһадүр (15 қыркүйек 1576 – 1656) – мемлекет қайраткері, қолбасшы, батыр, би. Кіші жүздің әйгілі биі Әйтекенің арғы атасы.

Өмірбаяны

Орталық Азияның ежелгі және ортағасырлық тарихында көрші, бауырлас халықтарды біріктіретін тағдырлары қызықты да күрделі тарихи тұлғалар баршылық. Сөз жоқ, солардың бірі және бірегейі – Жалаңтөс баһадүр. Ол туралы кезінде орыс тарихшылары қысқаша болса да өз пікірлерін білдірген болатын [1]. Жалаңтөстің қазақ тарихындағы маңызды тұлға екендігін түсінген қазақ зерттеушілері де бұл мәселені өздерінің ұжымдық ғылыми еңбектерінде көтерді [2]. Бұл істе алғашқылар қатарында Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері М. Тынышбаев [3] пен Х. Досмұхамедов [4] ерекшеленеді. Әсіресе, Х. Досмұхамедовтың зерттеулері өзінің нақтылығымен және ғылыми тұрғыдан дәлдігімен ерекшеленеді. Жалаңтөстің тарихын зерттеуде Қазақстанда жарық көрген “Материалы по истории казахских ханств  ХҮ-ХҮІІІ веков” атты аса құнды деректер жинағында орыс тіліне аударылып жарияланған Ходжамкули-бек Балхидің “Тарих-и қипчаки” атты еңбегінің маңызы зор [5]. Өзбекстандық зерттеушілер де Жалаңтөстің тарихын анықтай түсуге біршама ықпал жасады [6]. Бұл жерде әсіресе, Өзбекстанда және Қарақалпақстанда тұратын қазақтардың, профессор Н. Өткелбаевтың, жазушы Ж. Мұратбаевтың, сондай-ақ “Жалаңтөс баһадүр” қорының президенті Қ.Ыдырыстың белсенділік көрсетіп отырғандарын айта кеткен жөн. Бұл кісілердің Жалаңтөске қатысты зерттеулері мен деректік материалдары төменде көрсетілген, Қазақстанда басылған арнайы жинаққа енгізілген. Қазақ жазушылары, ақындары мен журналистері де Жалаңтөске қатысты деректерді жинастыруға біршама үлес қосты [7]. Олардың біразының еңбектері Қазақстандық белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, профессор Бекет Тұрғараевтың бастамасымен және тікелей қолдауымен, журналист-жазушы Әшірбек Амангелдінің құрастыруымен жарық көрген көлемді “Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға” атты жинақта жарық көрді [8]. Тарихшылардың, ақын-жазушылардың, жергілікті шежірешілердің негізгі еңбектерін топтастырған бұл еңбек жалаңтөстануға қосылған айтарлықтай ерекше, сүбелі үлес болып табылады. Алайда, біз атап кеткен еңбектердің біразы  кеңестік тоталитарлық жүйеден бұрын немесе осы мемлекеттік жүйе күйреп, Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана жарияланғандарын байқау қиын емес. Кеңестік тарихнама Жалаңтөс тәрізді “үстем, билеуші тап” өкілдеріне жататын тарихи тұлғаларды олардың өздерінің туған халықтарының алдында аса абыройлы да көрнекті болғандарына қарамастан олардың қызметін қаралап жазды немесе тарихтан мүлде шығарып тастауға тырысты. Соның нақты мысалы кеңестік-қазақстандық тарихнама. Мұнда әсіресе, Жалаңтөс өзінің саяси-мелекеттік қызметінде өзбек, қарақалпақ және қазақ тәрізді бауырлас халықтарға ортақ тұлға болғандықтан, тарихи тұлғаның рулық шығу тегін анықтау – қазақстандық тарихнама үшін аса маңызды мәселе еді. Мұндай зерттеулер тарихи тұлғаның шығу тегі жағынан осы аталған халықтардың қайсысына жататынын айқындап беретін еді. Алайда сталиндік-таптық тарих бұған мүмкіндік бере қойған жоқ. Онда бұл мәселе шолақ қайырылып, үстірт ғана айтылды. Мысал үшін, 1943 жылы соғыс жағдайында Мәскеуден республикаға эвакуациямен көшіріліп әкелінген орыс тарихшылары дайындаған алғашқы “Қазақстан тарихы” атты еңбекте Жалаңтөс туралы бір ауыз сөз де айтылған жоқ. Мұнда тарихи тұлғаға қатысты мынадай жолдар ғана бар: “1643 году пятидесятитысячное войско калмыков вторглось в пределы Казахстана… приблизились союзные с казахами войска бухарского хана, и калмыки вынуждены были отступить” [9]. Ал енді қазақ тарихының алғашқы үлгісі болып табылатын бұл басылымды “буржуазиялық ұлтшылдық көрінісі” ретінде қуғындау орын алған соң,  кейінгі Қазақстан тарихына қатысты ғылыми басылымдар Бұқар және қазақ хандықтарының жатжерлік басқыншыларға қарсы біріккен күресі туралы үндемей қалуға тырысты. Жалаңтөстің ерекше тұлғалық кейпі өкінішке орай, 1957 жылы жарық көрген 2-томдық Қазақстан тарихында да ауызға алынбай, ескерусіз қалды.Дегенмен де, жоғарыда айтқанымыздай, 50-жылдардың соңында, 60- жылдары орыстың жоғарыда аталған Иванов П.П., Пугаченкова  Г.А. тәрізді ғалымдарының Жалаңтөс және ол салған Самарқандтағы ғажайып құрылыстар туралы қайта айта бастаулары қазақ зерттеушілеріне де қозғау салды. 1974 жылы жарық көрген “Қазақ Совет Энциклопедиясының” 4-томында тұңғыш рет Жалаңтөстің бұрын орыс зертеушілері айтқандай  өзбек немесе татар емес, “қазақ батыры” екендігі атап көрсетіліп,оның “Әйтеке бидің үлкен атасы, Сырдарияның төменгі сағасын жайлаған Кіші жүздің Төртқара руынан” екендігі ашық айтылды [10]. Сонымен бірге осы энциклопедиялық мақалада Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтарының бүгінде Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұратындары да атап көрсетілді. Айта кету керек, қазақтың атақты үш билерінің есімдері әлі қазақ қоғамына қайтарылмаған, Коммунистік партияның интернационалистік идеологиясына басымдық беріліп тұрған солақай заманда Жалаңтөске қатысты осындай мәліметтерді ашық беру халықтың тарихи санасында төңкерістер жасады. Өйткені, бұған дейін тарихи тұлғаның ататек шежіресін кеңестік тоталитарлық жүйенің саяси құрбандығы болған Алаш қозғалысының басшыларының бірі Халел Досмұхамедұлы ғана ашық жариялаған еді. Ол, ең алдымен Жалаңтөс баһадүрді қазақтардың Жалаңтөс батыр деп айтатынын ескерте кетеді. Бүгінгі тарихымыз, және Жалаңтөс баһадүрдің өмірін зертеуде баға жетпес құндылығын ескере отырып, оның 1928 жылы Тәшкент қаласында жарияланған “Родословная Жалантус бахадура (Ялантуш-бахадура), строителя медрессе Тилля-кары и Шир-дор в городе  Самарканде” атты мақаласында келтірілген Жалаңтөстің шығу тегіне қатысты құнды деректерге назар аударалық.Х.Досмұхамедов Жалаңтөс шыққан қазақтардың Әлімұлы тайпалық одағының өкілдерінің Қазақстандағы Темір, Ырғыз, Қазалы уездерінде және Қарақалпақ облысында өмір сүріп жатқандарын айтады және олардан өзінің қолына түскен бірнеше шежірелік жазбаларда Жалаңтөс батырдың рулық шежіресі ешбір өзгеріссіз, бірдей берілетінін атап көрсетеді. Ол осы мәліметтердің бірін, өзі 1920 жылы Мәлдіман Шоштаев ақсақалдан жазып алған шежірені төмендегіше келтіреді  [4, б. 73].

Автордың айтуынша, бұл шежіреде тек Жалаңтөстің тікелей ата-бабалары мен ұрпақтары ғана қамтылған. Мұнда Жалаңтөстің кіндігінен тараған кейінгі ғасырлардағы ұрпақтары көрсетілмеген. Солай бола тұрса да, Х.Досмұхамедов осы шежірелік деректердің кейбір тұстарына қосымша түсініктемелер бере кеткенді жөн санайды. Ол шежіредегі Жалаңтөстің бауыры Ақша бидің өз заманында белгілі би болғанын, Әйтеке би соның немересі екендігін, ал осы соңғының Тәуке хан тұсында хандықтың заңдық негіздерін қалаған үш жүздегі әйгілі үш бидің бірі болғанын атап көрсетеді. Сондай-ақ, автор, шежіреде көрсетілген Қара-абыз атты батырдың Жалаңтөске шөбере болып келетінін де ескерте келе, Жалаңтөс ұрпақтарының Сырдария губерниясының Қазалы уезіндегі Сарытоғай болысында өмір сүріп жатқанын нақтылауды да ұмытпайды  [4, б. 74].

Тарихи деректер бойынша,  Жалаңтөс 1576 жылы Сырдың төменгі ағысын жағалап көшіп жүрген 40 мың үйлі алшындардың биі Сейтқұлдың шаңырағында дүниеге келді. Оның шын аты Әбдікәрім (Абдулкерим) болатын. Бұл батыр жерленген Самарқанға жақын қожалардың “Даһбет” деп аталатын қабірстанындағы оның басындағы құлпытаста да көрсетілген. Алайда, осы құлпытастағы “Бойходжи би уғли Абдулкерим ” деген жазу баһадүрдің әкесі Сейтқұл емес, басқа кісі дегенді меңзейді. Оның үстіне Сейтқұлдан туған Жалаңтөстің ататек шежіресінде одан тараған көп ұрпақ көрсетілсе, ал біз айтып отырған қабірстандағы Жалаңтөстен бір ұл, екі қыз ғана туып, олар әкесінің жанына жерленген және баһадүрдің жалғыз баласынан ұрпақ қалмаған. Осыған байланысты Википедия энциклопедиясында мынадай пікір таралып отыр: “Дискуссионным вопросом является имя отца Ялангтуш бахадура, так как по казахским устным преданиям имя его отца звучит как Сейиткул, а по письменным юридическим документам, его отца звали Бойходжа. Скорее всего, речь идет о двух разных лицах. Жалантос батыр оставил многочисленное потомство, а Ялангтуш бий имел всего лишь одного сына, который умер, не оставив мужского потомства”  [11].Мұндай пікірді алғаш  осы қабірстандағы жазуды зерттеген орыс ғалымдары айтқан еді  [12]. Бұл пікірді талдамас бұрын Жалаңтөстің ұрпақтары туралы мәселеге назар аударалық. Әңгіме, бұл жерде әрине, Жалаңтөстің екі әйелінен тараған ұрпақтар туралы болып отырғаны түсінікті болса керек. Жалаңтөстің әкесі де үш әйел алған адам. Біздің ойымызша, қазақ шежіресінде оның Әлімдер арасында би болған кездегі әйелінен ел арасына тараған ұрпақтар көрсетілсе, ал Самарқанд түбіндегі қорымда осы қалаға әкім болған тұстағы әйелінің ұрпақтары жерленген. Яғни қазақ шежіресінде баһадүрдің кейінгі әйелінен тараған өзбектер аймағында өмір сүрген ұрпақтар қамтылмай қалған. Ал енді “Даһбет” қорымына қайта оралар болсақ, тек қожалар ғана жерленетін бұл қорымынан өзіне, туыстарына жер алу өзі қожа тұқымына жатпайтындықтан Жалаңтөске оңайға түспеген. Оның осы қорымнан жерді сол дәуірдегі сопылардың жетекші пірі Хожа Хашимиден сатып алғаны туралы дерек айтылады [13, б. 179]. Шынында да Жалаңтөс баһадүрдің өз әкесімен бірге келіп аталған әулиеге қол беріп, оған мурид болып қабылданып, оның тәрбиеленушілерінің қатарына кіргені белгілі. Бұл кездесу деректерге қарағанда 1606 жылы болған тәрізді [11]. Біздің ойымызша осы кезден бастап Сейтқұл  қожаларға жақын есімді қабылдап, Байқожа би атанған. Осылайша,  кейбір жазба деректерде, және “Даһбет” қорымында Сейтқұлдың аты Байқожа болып жазылып кетсе керек.  Осындай себеппен өз кезегінде Жалаңтөсте осында, өзіне жаңа шығыстық есімді қабылдап, Абдулкарим атанған. Осындайда Байқожаны Байқажы деп атап,  бұл қажылыққа барып келген малы көп Сейтқұлға келіндерінің қойған қосымша аты екен деген пікірлер бар екендігін де айта кетуіміз керек [13, б. 178]. Алайда мұндай ресми емес, ел арасында таралған лақап, қосалқы  атпен Сейітқұлды әулиелер мен пірлер жатқан қожалардың қасиетті қорымына жерледі деп айту естіген құлаққа сенімсіз. Мұндайда айта кетер бір маңызды нәрсе, Жалаңтөстің әкесі Сейітқұлдың ресми есімінің Байқожа болғандығы Жалаңтөстің жекеменшігіне берілген жерді куәлендіретін 1650 жылы 30 сәуірде жазылған заңды құжатта (васика)  да көрсетілген. Онда мынадай жолдар бар: „Ялангтуш бая, сына Бой Ходжа бия, на приобретение у Ниёз бека и Ходжи бека, сыновей Ошура кушбеги 2/6 сада и 2/6 участка земли, составляющих обелённое имение в махалле Посарчак самаркандского тумона Шовдор, за 1000 танга“  [11].

Жоғарыда аталған  қожалар қорымында Жалаңтөстің және оның әкесі мен балаларының мүрдесінің олар пір тұтқан Хожа Хашими әулиенің аяқ жағына қойылғаны белгілі. Ал Хожа Хашими болса, бүкіл Бұқар  хандығын билеген аштархандар әулеті қасиеттеп, құрметтеген әйгілі сопы Сейт Бахауиддин Накшбанд қожаның діни тобының жетекшісі (сисила) болған Махдуми Ағзамның немересі еді. Айта кетер бір нәрсе, Махдуми Ағзам сопының есімі тек Мәуереннахр өңіріне ғана емес, бүкіл ислам дүниесіне белгілі еді. Сондықтан да, Индияның императоры атақты Бабурдың ұрпағы Жәнібек 1621 жылы Бұқар ханы, Жалаңтөстің балалық шақтан досы Имамқұлиге елші аттандырғанда осы атақты сопының ұрпақтарына да аса қымбат сыйлықтар жіберген. Кейінгі өмірінде осы Нахшбанди сопыларының ұстанымымен өмір сүрген Жалаңтөс баһадүрді Хожа Хашими бастаған сопылар қолдап, ол Самарқанға үш рет әмір болды. Сөздің емес істің адамы Жалаңтөс те өз кезегінде сопыларға нақты қолдау жасап, Даһбедте Хожа Хашимидің атасы Махдуми Ағзамға арнап сәулетті намазжай (хонақох), екі мешіт, және 40-тан астам бөлмелері (хужра) бар медресе салдырған. Бірақ күтімі болмаған бұл ғимарат кейіннен тозып, жер бетінен жоғалған  [14, б.77-79]. Сонымен жоғарыда айтылған екі Жалаңтөс туралы болжам пікірге оралар болсақ, Бұқар хандығы тарихында бір ғана Жалаңтөс бар дер едік. Мойындасақ та, мойындамасақ та тарихи шындық осылай. Оны соңғы жылдары Қазақстанда жарияланған, ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы деректерді қамтып жазылған Қазыбек бек Тауасарұлының жазбалары да дәлелдейді. Онда жалғыз ғана “Алшын-Әлімұлы-Төртқара Жалаңтөс батыр” атап көрсетілген  [15, б. 201]. Ал енді Өзбек ғалымдары пайдаланып жүрген деректерде баһадүрдің тегі Алшын тайпасынан екендігі ғана айтылады, да ал оның алшынның ішінде Төртқара руынан екендігі ескеріле бермейді. Әрине, қазақтар арасындағы Жалаңтөстен тараған ұрпақтар шежіресі де, сондай-ақ, біз айтып отырған Самарқан түбіндегі қабірстандағы  мәліметтер де шындықты бейнелейді. Солай болса да, бұл мәліметтер Бұқар хандығында, бір тарихи кезеңде екі Жалаңтөстің өмір сүргендерін дәлелдей алмайды. Кейінгі жылдарда зерттеушілер шатасып, Жалаңтөстің әкесі Сейітқұлды да, және Жалаңтөстің өзін де  “қарадан шыққан хан” деп көрсетіп жүр [16]. Бұл тарихи шындықты бұрмалайтын негізсіз әңгіме.  Деректерден  аңғаратынымыз, Байқожа, яғни Сейтқұл Сыр бойында көшіп жүрген Алшынның Төртқара руына би болған адам. Жалаңтөстің қабірінде де оның әкесінің би деп көрсетілетіні және белгілі. Шын мәнінде Сейітқұл сол тұста Сырдарияның  төменгі ағысына және Арал теңізінен шығысқа қарайғы аймақтарға билік жасаған алғаш Дінмұхамед хан билеген, кейіннен Шығай сұлтанның қол астына қараған алшындардың биі еді.

Тарихта Мерв ханы деп аталатын Дінмұхамедке осы аймақтағы ноғай, қарақалпақ, өзбек және қазақ рулары бағынды. Дінмұхамедті күшейткен ноғайлар еді. 1540 жылы ноғайдың атақты мырзасы  Мұса бидің ұлы Исмайыл осы Дінмұхамедтің қызына үйленді. 1548-1549 жылдары өзбектер өзара соғысқанда қазақтарды бастап Ақназар хан осы Дінмұхамедті қолдады. Дінмұхамедтің арғы атасы Жошыдан туған Тоқай Темір болуы да оның қазақ, өзбек, қарақалпақ арасындағы беделін асқақтата түсті. Оны қолдап Ақназардың соңынан ілескен қазақтар қатарында қазақтың болашақ ханы Шығай сұлтан да бар болатын. Осындай зобалаңдарда Алшын рулары екіге бөлініп, олардың бір бөлігі, мысалы, Бай рулары, Қос таңбалы Тама, Телеу, Қарақыпшақтар Ноғай ордасына бағынса,  ал Әлім одағына кіретіндер, ішінде Сейтқұл би бастаған рулар да бар, Дінмұхамед ханға бағынды. 1570-1572 жылдары Сыр бойына ноғай мырзалары, қазақ сұлтандары  мен өзбек хандары таласып, осындағы қалаларды Ақназар хан Қазақ хандығына қосып, ауыр саяси ахуал қалыптасқанда, және бұл аз болғандай, осы өңірді жұт жайлағанда қиыншылықтан шығу үшін Сейітқұл өзінің Төртқара руының бір бөлігін бастап, Бұқар хандығына қарайтын сол тұста тыныш, кауіпсіздеу Нұрата өңіріне қоныстанды [14, б. 67-68]. Осында, 1576 жылы 15 қыркүйекте Сейтқұлдың үшінші әйелінен Жалаңтөс дүниеге келді  [17]. Баһадүрдің жастық шағы Дінмұхамед ханның төңірегіндегі балалар ортасында өтті. Ал жоғарыда аталған Ақназардан кейін қазақтарға хан болған Шығай сұлтан болса Керей мен бірге Қазақ хандығын құрысқан Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның ұлы болатын. Сонымен бірге осы Шығайдың кейінгі атақты қазақ хандары Тәуекел мен Есім ханның әкесі екені және белгілі. Керей ханнан туған Бұрындық ханның көп қыздарының бірі Дадым сұлтанға үйленген Шығай сұлтанның туған қайын бикелері -Бұрындықтың кезінде шайбандықтарға тұрмысқа шыққан үш бірдей қыздарынан тараған сұлтандар Самарқанд және Бұхара аймағына билік жүргізіп, өздерінің нағашылары болып табылатын қазақ руларына жақсы қарады. Әсіресе, қазақ ханы Бұрындықтың қызы Михр-Сұлтан ханымның балалары – шайбанилік сұлтандар Самарқандты және оның айналасындағы көп жерлерді өздерінің меншігінде ұстаған, ықпалды тұлғалар болғандықтан, Шығай сұлтан солар арқылы Бұхар хандығын билеуші Абдолла ханмен жақындасты. Жалаңтөстің Бұқарада мектепте және медреседе білім алуы осы Абдолла ІІ ханның  кезінде орын алды. Әкесі Сейтқұл-Байқожаның осы ханға жақын, оның әмірлерінің бірі болуы Жалаңтөстің хан сарайында тәрбие алуына мүмкіндік туғызды. Ол осында парсы тілін жетік меңгеріп алды  [18, б. 39].  Абдолла хан өз кезегінде  қазақ сұлтандарын  өзінің ата жауы өзбек тағына бақталас, Тәшкент өңірін билеп отырған және кезінде қазақтың атақты Ақназар ханын өлтірген Баба сұлтанға қарсы одақтас ретінде пайдаланбақ болды. 1581 жылы Талас бойында болған қырғын шайқаста Шығай хан бастаған қазақ сұлтандары шайбандық Баба сұлтаннан жеңіліс тапты. Мұның өзі Шығай сұлтанды Бұқар ханы Абдолладан көмек сұрауға мәжбүрледі. 1581 жылы маусым айында Шығай балалары Тәуекелді, Есімді, Әлиді, Сұлымды, Ибрагимді ертіп, Абдолла ханның ордасына келді. Абдолла оны құрметпен қарсы алып, оған ихта ретінде Ходжент аймағын сыйға тартты. Сонымен бірге Абдолла Шығайдың үлкен ұлы, қазақтың болашақ ханы Тәуекел сұлтанды өзінде қалдырып, нөкерлеріне қосты. Мұның өзі Бұхар хандығының басшылығына жақын және ықпалды қазақ рубасыларының қатарын көбейте түсті. Сейтқұл би солардың бірі еді. Енді қазақ руларының Нұрата тауларынан Ходжент аймағына дейін еркін көшіп-қонуларына мүмкіндік туды  [19, б. 77-80].

Жалаңтөстің жастық шағы. 1590 жылы Жалаңтөсті Абдолланың қолбасшылар дайындайтын әскери мектебінде білім ала бастады. Осы мектепте Жалаңтөс Бұқар хандығының болашақ ханы аштарханидтер әулетінің өкілі Имамқұлимен танысып, достасады. Тарихтан аштарханидтер әулетінің  Астрахан хандығын билеген Жошы ұрпақтарынан таралғандары белгілі. Имамқұли болса, Мәуереннахрда осы  әулеттің билігін бастап берген Дінмұхаммед ханның ұлы еді. Сондықтан да, Бұқар хандығындағы мемлекеттік мәселелерді шешуде Имамқұлидің ықпалы ерекше болды. Бұқарадағы әскери мектепте  3 жыл оқып, түменбасы лауазымын алған Жалаңтөс енді ел басқаруға араласа бастады. Ол елге оралып, алғаш Бұланғар, Лайыш, Қаттықорған өңірлерін мекендейтін Әлім тайпасының бір бөлігіне би болып тағайындалды. 1595-1598 жылдары Жалаңтөс Имамқұлидің айтуымен Бағдад қаласында білімін жетілдіріп қайтып, Бұқар хандығында әскери кеңесші болды.

Мәуереннахрдың ұлы әскери қолбасшысы. 1611-1642 жылдары Мәуереннахрдағы құдіретті хан  Имамқұли болды. Ол ел билеген кезде 1613 жылы Ресей патшалығына елші жіберіп, дипломатиялық қатынастар орнатып, сонымен қатар Индиядағы Бабурдың ұрпағы Жәңгірге 1615 жылы елші жіберді. Елшілікті Нахшбандия сопылық ілімінің көрнекті түлғасы Ходжа Хашима Дагбедидің ұрпағы басқарды. Ал Жалаңтөстің осы әулие сопыға шәкірт мурид болғаны белгілі. Осы ханның кезінде Жалаңтөс Бұқар хандығының бас әскери  қолбасшысы ретінде ерекше танылды. Ол Бұқар әскерін бастап, 1614-1615 жылдары сефевидтік  Иранға қарсы аттанып, Хорасанға басып кірді, және Мешхед, Мазандаран аймақтарына дейін барды. Бұл жорық Бұқар хандығының Түркияның, яғни Осман империясының сұлтаны Ахмед І -ге көмек беру үшін жасалған еді. Алайда, Имамқұли ханның Сыр бойындағы, Түркістан, Тәшкент аймағындағы қазақтарға қарсы, оларды Бұқар хандығына қосып алу үшін жасаған зобалаң жорықтары деректерде айтылған. Оның Сыр бойындағы, Жалаңтөстің қандастарын қырғынға ұшыратқын ауыр жорықтары оның Жалаңтөспен қарым-қатынастарын ауырлатып, ол ақырында Имамқұли ханның өзінің досынан кешірім сұрауымен аяқталды [20, б. 488-490]. Сонымен қатар айтпауға болмайтын тағы бір мәселе, қазақтар екі хандыққа бөлініп, Есім хан мен Тұрсын хан өзара араздасқанда Имамқұли хан мен Жалаңтөс баһадүр алғаш Тәшкентті билеген Тұрсын ханның, кейіннен оның жауына айналған Есім ханның жағында болды. Қол астарына қазақ тайпалары қарайтын бұл хандардың өзара қатынастары былай өрбіді. Кезінде Самарқандты басып алып билеген Есім хан ағасы Тәуекел хан Бұқар түбінде ауыр жараланып, қайтыс болған соң оның орнына таққа отырғанда Тұрсын сұлтанды Тәшкентке билеуші етіп қалдырған еді. Алайда, ол бір өңірдің билеушісі емес, қазақ-өзбектің ортақ ханы болғысы келді. Осы мақсатына жету үшін ол, Ақназар ханның кезінде-ақ қазаққа қарап кеткен Сыр бойындағы қалаларды Есім ханнан тартып алмақ болды. Алайда, бұған өзінің шамасы жетпейтін болғандықтан, ол Бұқар ханы Имамқұлидан көмек сұрады. Имамқұлидың ойы да осы Сыр бойындағы қалаларды өз ықпалына қарату еді. Бұл жорық доңыз жылы (1613-14) болды. ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Қазыбек бек Тауасарұлы Матай атасының тарихи жазбалары негізінде  бұл ауыр ахуалды төмендегіше баяндайды: “…доңыз жылы Тәшкенттен қазаққа Имамқұлы да шабуыл жасады, қазақтар әлсіреп, Сырды бойлап төмендеп кетті. Бірақ қазақтар сәлден соң есін жиып, қайта соғысты. Бірақ Имамқұлы жеңіп, қазақтарды қан қақсатты. Өзінің ұлы Ескендірді билікке қойды. Бірақ оны қазақтың бір қарт батыры Жанай өлтіріп, қазақ билік алды. Арада алты ай өткенде Имамқұлы қайта қол жиып, қазақты қатты қырды. Мұндай қырғынды қазақ жұрты бұрын-соңды көрмеп еді, тіпті Имамқұлы бесіктегі баланы да өлтірді” [15, б. 191-192]. 1621 жылы Жалаңтөс Тұрсын хан бастаған қазақ әскерлері Бұқар хандығына қарсы соғыс ашқанда аштарханидтер әскерінің бас қолбасшысы ретінде тойтарыс берді. Осы соғыс  кейін де жалғасып, 1628 жылы Жалаңтөс Имамқұли ханның тапсырмасымен Абули сұлтан бастаған қазақ әскерлерін Тәшкент түбінде талқандады. Осыдан соң сұлтанның өзі Қашғарға қашып кетуге мәжбүр болды. Жалаңтөс басқарған Имамқұли ханның әскерлері Тәшкент, Түркістан аймағын Бұқар хандығына қосып алу үшін 1636 жылы да Сайрамға жорық жасады. Бұдан әрине, осы аймақтағы қазақ тайпалары үлкен қиыншылық көрді. Жорық қыпшақ даласына дейін жалғасты  [21]. Соғыстың аты соғыс. Сол тұста осы көрші  аймақтарда билік жасап отырған Имамқұлидың, Есім ханның және Тұрсын ханның қол астында қазақ тайпалары өмір сүріп жатты. Алайда билеушілердің саяси амбициясы көбіне жергілікті қазақ тайпаларыныңның мүдделеріне сәйкес келе бермеді. Сондықтан да, бұл соғыстардан қара халық көп азап шекті. Ал Жалаңтөс баһадұрге келер болсақ, ол мұндай тартыстарда бас қолбасшы және  Самарқанд әмірі ретінде бірінші кезекте Бұқар хандығының мүддесін қорғауы тиіс болды. Қаласақ та, қаламасақ та тарихи шындық міне осындай. Жалаңтөстің қазаққа бауыр екендігін ескеріп, мұны айтпай кетсек те болар еді , әрине. Алайда ағылшын және т.б. тілдердегі тарихнама мұны жазып жатса не демекшісіз  (Burton Audrey, The Bukharans. A dynastic, diplomatic and commercial history 1550—1702. Curzon, 1997, және т.б.). Осы жерде айтпауға болмайтын маңызды мәселе – Жалаңтөс батырдың тарихи тұлға ретінде кім екендігін анықтай түсу. Жоғарыда аталған орыс тарихшысы оны «татар» деп бұрмалап көрсеткен. Шындық тек Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінде ғана айтылған. Өкінішке орай, осыны ескермей, қазіргі тәуелсіздік тұсында да іргелі зерттеулерде Жалаңтөстің шығу тегі бұрмаланып берілуде. 2010 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» атты іргелі ұжымдық еңбекте Санкт-Петербургтегі тарихшы қазақ Т.Сұлтанов Жалаңтөс бастаған 20 мыңнан астам жасақты «өзбек әскері» деп жазған [22]. Бұл әрине, тарихты анық бейнелей алмайды. Жалаңтөстің жанында ең алдымен, оның өзі шыққан қазақтың Әлім тайпасының және Кіші жүздің жігіттері болғанын баса айтуымыз керек. Бәлкім, ресейлік тарихшылар үшін Жалаңтөстің кім екендігі маңызды бола қоймас. Алайда, оның жаңадан, қайта жазылып жатқан қазақ тарихында халқымыздың көрнекті тұлғалардың бірі болып табылатынын әрқашан да ескеруіміз керек. Осы орайда  айта кетер бір мәселе, Алшын тайпасы өзбектің басқа тайпаларымен бірге алғаш рет Зеравшан аймағында ХҮІ ғасырдан бастап аталады екен [23]. Бұрын бұл алшындар Әбілқайыр құрған Өзбек ұлысы деп аталған ұлыста өмір сүрсе, кейіннен Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы, Бұқар хандығы тәрізді мемлекеттер дүниеге келгенде осылардың аймағына бөлініп кетті. Алайда, Алшындардың Төртқара руынан шыққандар, яғни Жалаңтөстің бауырлары кезінде Бұқар хандығы аймағына көшіп барып, сонда хан тағының сол жағында тұратын аса ықпалды саяси күшке айналса да, олар өздерінің қазақ екендерін ешқашан ұмытқан жоқ.  1640 жылы жоңғар қалмақтары қазақ жеріне ат қойғанда Жалаңтөс бастаған әскер оларға тойтарыс берді. Алайда, жоңғарлар өздерінің жаулау жорықтарын тоқтатпады. 1643 жылы Жалаңтөс баһадүр Бұқар хандығының әскерлерін өзі бастап, қазақтардың жоңғарларға қарсы күресіне көмекке келді. Бұл кезде Бұқар  хандығында Имамқұли ханның баласы Надир – Мұхамед хан еді. Оның  қазақтарды билеуші Салқам Жәңгірмен өзара көмек көрсету туралы келісімдері бар болатын. Деректерден белгілі, Орбұлақтағы соғыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы ұрыс Қазыбек бек Тауасарұлы көрсеткендей, Лабастағы Доңыз  тау ішінде тар қапаста болды. Онда пілте мылтық ататын мергендер бар 300-дей сарбаз сол тұста мосқал тартқан Жиембет батыр мен мерген Жақсығұлдың бастауымен тастың тасасына жасырынып, ал қалғандар, яғни жас батырлар Жәңгір мен Қарасайдың бастауымен тау айналып жаудың ту сыртынан келді. Осы соғысқа Жалаңтөс бахадүр бастаған 20 мың қол дер кезінде көмекке келіп үлгерді [15, б. 201]. Сондай-ақ, 1646 жылы Бұқар ханы Абдулазиз және  оның қолбасшысы Жалаңтөс жоңғарлармен соғысып жатқан қазақтарға тағы да көмекке келіп, қолдау көрсетті. Өз кезегінде қазақтар да қарап қалмай, бұқарлықтардың моғолдарға қарсы күресінде оларды белсенді қолдады.1646 жылғы жорықтың себебі Балх қаласына Бұқар ханы Абдулазиз бен Ұлы Моғолдар мемлекетінің билеушісі Шах-Джаханның таласуынан болды.Тәшкентке жиналған өзбектер, қазақтар және қарақалпақтар Балхты қорғау үшін орталарынан үш жүз мың әскер шығарды. Осы шайқасқа қазақтардың 100 мың қолын бастап Салқам Жәңгір де қатысты  Ал Жалаңтөстің Хорасанға жорығы шииттерге соққы беру мақсатымен жасалды. [24, б. 395-396].

Шир-дор медресесі порталының ішкі қабырғасындағы жазу

Самарқандтың архитекторы. Жалаңтөс баһадүр Бұқар хандығындағы талантты қолбасшы, ірі мемлекет қайраткері ретінде ғана емес, сонымен қатар құрылыс өнері мен мәдениетті дамытушы ретінде де тарихта қалды.Самарқандтың Регистан алаңында ол салдырған Тилля-Кори мешіті мен Шир-дор медресесі өздерінің ғажайып сәулетімен және адам қызығарлық әсемдігімен әлемді таңдандыруда. Соңғы медресе порталының ішкі қабырғасында осы құрылысты тұрғызған Жалаңтөске арналып мадақтау сөздер өлең жолдарымен берілген. Қазақстандық зерттеушілер басы Сералы Лапин [25, б. 328-329], Халел Досмұхамедов [4, б. 72] болып, бұл жазудың парсы тілінен орыс тіліне аударылған үлгісін келтіреді. Оларға сілтеме жасаған тарихшы М.Қозыбаев оны қазіргі қазақ тіліндегі еркін поэтикалық аудармаға айналдырады [26, б. 43-44]. Мұның өзі, шын мәнінде бір сөзін де өзгертуге болмайтын аса бағалы тарихи жазуды бұрмалап баяндау болып шыққан. Біздіңше, ең дұрыс аударма өзбекстандық ғалым К. Каттаевтікі болса керек  [27]. Оны тәшкентік қазақ, профессор Нұрали Өткелбаев та қолдайды [14, б. 79-80]. Соңғы ғалым парсыдан  өзбекшеге К. Каттаев аударған мәтінді қазақшалап берген. Ал өзбек тілінің орыс тіліне қарағанда қазаққа жақын екендігі елдің бәріне белгілі. Онда мынадай жолдар бар:

“Дұшпан саптарын бұзушы әділ Жалаңтөс келді,

Оның кемеліне мақтау зор сөз дүрлерге толды;

Ол жер жүзінен сондай бір медресе құрып еді,

Онымен мақтануды аспанға дейін көтерді.

Харакет қылса да, медресе мұнарасының мәніне жете алмас;

Құрушы оның шыбықтарының иілуін сондай құрып,

Аспан бұл жаңа айды көріп, көктегі айға қарағанда,

Ажарлы болғанынан бармағын тістеп қалады.

Оны құрған Жалаңтөс баһадүр болғаны үшін құрылған жылын абжад есебіне “Ялангтуш Баходир” деп біліңіз” [14, б. 79-80]. Ия, бұл жазба дерек қазақ тарихы үшін ғана емес, бауырлас өзбек халқының тарихы үшін де аса маңызды жазба  ескерткіш болып табылады және ол өткен заманның аса бір күрделі ахуалының куәгері.

Сонымен жазылғандарды қысқаша қорытындылар болсақ, мыналарды айтар едік:  Жалаңтөс баһадүр туралы осы кезге дейін жазылған тарихнамада тарихи ақиқат бұрмаланған тұстар көп. Бұл орыс, өзбек және қазақ зерттеушілерінің еңбектеріне де тән. Мұндай бұрмалаулардың ең бастылары төмендегідей: Деректерде Жалаңтөстің әкесі “Бойходжа” (Байқожа) деп, ал қазақ шежіресінде “Сейітқұл” деп берілгендіктен, тарихта екі Жалаңтөс болуы мүмкін деген қисынсыз болжамдар айтылуда. Мұндайда ескертер тағы бір мәселе, нақты деректер жоқ болса да, кейбір қазақ зерттеушілері Байқожаны Байқажы деп жазып жүр. Мұндай пікір айтушылар баһадүрдің құлпытасында оның атының “Абдулкерим” деп басқаша жазылуын да осыған дәлел ретінде алға тартады. Шын мәнінде Жалаңтөстің әкесіне және өзіне мұндай шығыстық, мұсылманша есімдердің тіркелуі баһадүрдің әкесімен бірге өзі пір тұтатын наһшбанд сопылық ілімінің көрнекті қайраткері Махдуми Ағзамның ұлы, сол замандағы сопылардың жетекші пірі,  Даһбед елді мекенінде тұрып жатқан Қожа Хашимиге келіп қол беріп,оған муридтікке қабылданып, оның тәрбиесіне кірген сәтте орын алған деп ойлаймыз. Қолда бар барлық деректер Бұқар хандығы тарихында бір ғана Жалаңтөс баһадүрдің өмір сүргенін дәлелдейді. Тарихи зерттеулерде Жалаңтөстің шығу тегі мен қай халыққа жататынын сан саққа жүгіртіп, оны “татар”, “өзбек” және “қазақ” деп әртүрлі қарастыру орын алып келді. Мұндайда өзбектерде де Алшын руы бар екендігі дәлел ретінде алға тартылды. Осыған байланысты оны өзбек тарихшылары өзбек халқының перзенті ретінде көрсетсе, ал қазақ тарихшылары баһадүрдің шежірелік шығу тегін алға тартып, оны қазақ ұлтының ірі тұлғасы ретінде сипаттауда. Мәселеге соңғы нүктені Қазақ хандығы дәуірінде жазылған, бірақ тәуелсіз Қазақстанда ғана алғаш рет жарияланған Қазыбек бек Тауасарұлының “Түп-тұқианнан өзіме шейін” атты өмірбаяндық-деректік еңбегі қойды деп ойлаймыз. Онда Есім ханның ұлы Салқам Жәңгірдің Орбұлақ шайқасына Самарқандтан  20 мың қолды бастап көмекке келген қолбасының “Алшын-Әлімұлы-Төртқара Жалаңтөс батыр” екендігі  анық атап көрсетілген. Ал енді Әлімнің Төртқарасынан тарағандардың қазақ құрамында екендігі белгілі нәрсе. Бұдан шығатын қорытынды: Бұқар хандығының ірі мемлекет қайраткері және бас әскери қолбасшысы, Самарқандтың әмірі Жалаңтөс баһадүр Қазақ хандығы заманында қазақ құрамына кірген ру-тайпадан шыққан тұлға. Осы айтылғандарға сәйкес, адамзат тарихында Жалаңтөс (Абдулкерим) баһадүр  тар шеңберде – белгілі бір ұлттың тарихи тұлғасы ретінде ғана емес, сол замандағы Мәуереннахр аймағындағы халықтарға қазаққа, қарқалпаққа және өзбекке ортақ ұлы тұлға ретінде қарастырылуы тиіс.

Еңбегі

Жалаңтөс бахадұрдың әскери-мемлекеттік қызметі өзбек және қазақ халықтарының туыстас достығының символы болып табылады. Ол даңқты Самарқанд медреселері мен мешіттеріШир-дар мен Тилля-кариді тұрғызушы, Мәуереннахрдың аса көрнекті мемлекет қайраткері.

Ұлықталуы 

Жалаңтөс бахадұрдің және Жәңгір ханның жатжерлік басқаншыларға қарсы күресте шыңдалған ажырамас достығының құрметіне Алматы-Тәшкент халықаралық трассасының бойында, Шарапхана елді мекенінде ескерткіш-архитектуралық ансамбль орнатылған.

Әдебиеттер пен деректер тізімі:

  1. Левшин А. Описание киргиз-кайсацских орд и степей.-С-Пб., Т. 2.1831.; Путиводитель по Туркестану и Средне-Азиатской железной дороги. -С.-Пб., 1903.; Масальский В.И.Туркестанский край. -С-Пб.,1913; Массон М.Е. Регистан и его медресе. – Самарканд, 1929.;Иванов П.П. Очерки по истории Средней Азии.-М.,1958.; Пугаченкова Г.А. Самарканд-Бухара. -М.,1961.; Златкин И.А. История джунгарского ханства. -М., 1983, және т.б.
  2. Материалы по истории казахских ханств  ХҮ-ХҮІІІ веков. – Алма-Ата, 1969. ; История Казахстана (с древнейших времен до наших дней в 5-ти томах). Том 2. – Алматы, 1997.; История Казахской  ССР с древнейших времен до наших дней. -Алматы, 2011. .История Казахстана (Қазақ Елі): учебник из 4-х кн. 2: Казахстан в ХІІІ- в первой четверти ХVIII вв. Алматы, 2018, және т.б.
  3. Тынышпаев М. Материалы к истории казак-кирг. народа.
  4. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы.(Избранное).- А., 1998
  5. Материалы по истории казахских ханств  ХҮ-ХҮІІІ веков.-Алма-Ата, 1969.
  6. История Узбекистана.-Ташкент,1993.; Узбекистон халиклари тарихи. 2 том. -Ташкент,1993.; Ахмедов Б.Тарихтан сабақтар.-Ташкент,1994.;Каттаев К. Махдуми Ағзам және Даһбед. -Самарқанд, 1994, және т.б.
  7. Сейфуллин С.  Шығ.,6 томдық, 6-т. -Алматы, 1963,; Кекілбаев Ә.Заманмен сұхбат.-Алматы,1996.; Есламғалиұлы М. Жалаңтөс баһадүр//Қазақ әдебиеті, 1996, №38.; Нұржекеұлы Б. Жәңгірге қатысты жәдігерлер.//Егемен Қазақстан, 1992, 7-қараша., және т.б.
  8. Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға.Деректі тарихи-танымдық жинақ.-Алматы,2018.
  9. История Казахской  ССР.-Алматы, 2011, с.169.
  10. Жалаңтөс баһадүр//Қазақ Совет Энциклопедиясы. 4 том, -Алматы, 1974. -235 б.
  11. ru. wikipedia./wiki/ Ялангтуш Бахадур.
  12. Веселевский Н.И. Суфийский орден Дагбид // Записки Накшбандия Восточного отделения имперского русского архивного общества, т. 3. СПб. 1888. С.87-93.; Каттав К.Махдуми Агзам ва Дахвед. Самарканд, 1994.
  13. Қойшиев Ө. Жалаңтөс баһадүр.// Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға. Деректі танымдық жинақ.-Алматы, 2018.-179 б.; 
  14. Өткелбаев Н.Жалаңтөс би баһадүр.//Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға. Деректі танымдық жинақ.-Алматы,2018.
  15. Тауасарұлы Қазыбек. Түп-тұқианнан өзіме шейін.-Алматы,1993.- 201 б.
  16. Қозыбаев М. Жалаңтөс баһадүр – Тұран өркениетінің ұлы перзенті.// Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға. Деректі танымдық жинақ.-Алматы,2018.- 40 б.
  17. Мұратбаев Ж. Жалаңтөс баһадүр // Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға. Деректі танымдық жинақ.-Алматы,2018.
  18. Документы к истории аграрных отношений в Бухарском ханстве. Под редакцией А.К.Арендса. Ташкент: 1954.
  19. Бұл туралы кеңірек қараңыз: Талас Омарбеков, Ұлы Даланың дара тұлғалары:қазақ хандары.-Алматы, 2015.
  20. Жалаңтөс баһадүр // Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. 4 том, -Алматы, 2001.
  21. ru. wikipedia.orq/wiki/ Имамкули хан.
  22. Қазақстан тарихы мен мәлениетінің үлкен атласы. Алматы, 2010.
  23. Хафиз-и Таныш Бухари Шараф-нама-йи шахи (Книга шахской славы). Часть 1. Перевод с персидского, введение, примечания и указатели. М.,1983
  24. Тарих-и Кипчаки //Материалы по истории казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков(извлечения из персидских и тюркских сочинений). -Алма-Ата.  Изд.”Наука”, 1969.
  25. Сер-Али Лапин. Стихотворный перевод персидского текста Шер-Дора и др. Путиводитель по Туркестану и Средне-Азиатской железной дороги. С-П., 1903.
  26. Қозыбаев М. Жалаңтөс баһадүр – Тұран өркениетінің ұлы перзенті.// Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға. Деректі танымдық жинақ.-Алматы,2018.
  27. Каттаев К. Махдуми Ағзам және Даһбед. -Самарқанд, 1994.

Автор: Омарбеков Т.О., т.ғ.д.