Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ӘЙТЕКЕ БИ БӘЙБЕКҰЛЫ


Әйтеке би Бәйбекұлы (1644 – 1700 жж.) – Тәуке хан (билік құрған жылдары 1680 – 1718 жж.) тұсында Хан Кеңесінің құрамына кірген, «Орда биі», қазақтың аса көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би сияқты ірі жеті бидің қатарында орталықтандырылған қазақ хандығының құқықтық заңдарының жинағы «Жеті Жарғыны» құрастырушылардың бірі болды. Әйтеке би қазақ мемлекеттілігінің орнығуына, сонымен қатар жоңғар шапқыншылығы жылдарындағы «Ақтабан шұбырынды» болған Ұлы апатты кезеңдерде тиімді және тәуелсіз сыртқы саясатты қалыптастыруға зор ықпал етті. 

Өмірбаяны

Әйтеке би Бәйбекұлы 1644 жылы (қазіргі Өзбекстан аумағына қарасты) Қызылша деген жерде текті әулетте («текті әулет» – қазақтың дәстүрлі мәдениетінде зор мәнге ие, өйткені ондай адамдардың халыққа қызмет етуде ерекше миссиясы бар деп есептелген) дүниеге келді. Ол Кіші Жүздің тайпалар одағынан Әлім, оның ішінде Төртқара руынан шыққан. Оның ру шежіресінде қазақ тарихындағы атақты тимуридттер мемлекетінің негізін қалап, Самарқанды өзінің астанасы еткен Әмір Темірдің ең жақын кеңесшілерінің бірі Ораз би (1299–1385 жж.), Қоқан ханы Ақша (1622-1635 жж.), Самарқанды басқарған Жалаңтөс (1576-1656 жж.) қатарлы адамдар болды. Әйтеке  би жастайынан Жалаңтөс баһадүр басқарған Самарқанның бұқар хандары сарайларында тәрбиеленді. Ол Ұлықбек медресесінен, одан кейін Самарқандағы «Шер-дор» (кейбір дерекөздерде Бұқарада) білім алды. Осылайша ол тарихи тағдыр тәлейіне орай талғампаз аристократтық ортада ержетіп қана қойған жоқ, тимуридттер сарайының маңызды шешімдеріне куә бола жүріп, сол кездегі медреселерде білім берудегі міндетті пәндер болып саналатын мұсылмандық құқық, логика, тарих, астрономия, математика мен риторика салаларынан жоғарғы білім де алды. Ол араб, парсы және шағатай тілдерін жетік түрде игерді. Осылардың барлығынан бұрын ол өз бойына көшпелі қазақ қоғамының құндылықтары мен мәдени дәстүрлерін сіңіре білді.  Әйтеке бидің өмірлік ұстанымы – отаншылдық, өзіндік еркін ой мен  өз халқына жанкешті қызмет ету болды. Ол 25 жасында-ақ өзбектер мен қарақалпақтардың бір бөлігі мен Кіші жүздің бас биі болып сайланды.

Қазақтар тайпалардың ортақ істері жөніндегі маңызды мәселелерді талқылау және қазақ мемлекеттілігін орнықтыру үшін Ордабасы, Күлтөбе мен Ұлытауда жүйелі түрде жиналыстар өткізіп тұрған. Бұл жиындарға барлық рулардың сұлтандары, беделді билер, жыраулар мен батырлар шақырылды. Олар сол кездегі қазақ қоғамының өмірі жайлы шешімдер қабылдады. Тәуке хан тұсында халық арасында: «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз айтылған. Әйтеке би Тәуке ханның Хандық Кеңесіне Кіші Жүздің бас биі ретінде тартылды. Тәуке хан сол кездегі  Төле би, Қаздауысты Қазбек би, Әйтке билер қатарлы жеті ірі биге орталықтандырылған қазақ хандығының құқықтық негізі – «Жеті Жарғыны» дайындауды тапсырды. Ол Тәуке ханның Хан Кеңесінде кеңесшілік қызметпен ғана шектелген жоқ, жоңғарларға қарсы жорықтарға тікелей қатысты. Оның жоңғарлардың Сайрам қаласына шабуылын тойтаруға қатысқаны белгілі. Ал 1683 жылы ол өзі Кіші Жүздің әскери жасағын басқара отырып, бес мың әскерімен жоңғар әскербасы Ғалдан-Бошақтыға қарсы соғыста жеңіске жетті. Әйтеке би өзінің Хан Кеңесінде сөйлеген әйгілі сөздерінде қылыштың жүзіндей өткірлік қағидатын ұстанды. Көптеген айғақтарға қарағанда оның сөздері «қара қылды қақ жарып», руластары арасындағы небір даулы мәселелерді шешуге көмектесіп, дұрыс мемлекеттік шешімдерді болжай білді. Алайда билікке құмартқан сұлтандар арасындағы тартыстар, руластар арасындағы ұдайы егестер мен жоңғар шапқыншылығының қайғылы салдарлары дарынды саяси қайраткер Әйтеке би тағдырында да өшпес із қалдырды. Өз халқының құлдыққа түскенін көргісі келмеген Әйтеке би Құдайдан жедел  өлімді тілейді. Ол Хан Кеңесін тастап, Нұрата маңындағы өзінің туған жеріне жетеді. 1700 жылы үш бидің ішіндегі ең кішісі 56 жасында қайтыс болды.

Еңбегі

Қазақтың аса көрнекті биі Әйтекенің сіңірген еңбегі жайлы айтар болсақ, әдетте оны  «Жеті жарғы» (Тәуке ханның «Жеті жарғысы») авторларының бірі ретіндегі заң шығарушылық қызметі жөнінде атап өтеді. Көшпелі қазақтың құқықтық дәстүрінде өзекті қоғамдық сұраныстарға орай, құқықтық қатынастарды реттеудің бірнеше түрі болғаны белгілі. Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайырдан іргесін аулақ салғаннан кейін, қазақ хандығын жариялауы, Жошы мен Шағатай мемлекеттерінің ыдырауы нәтижесінде өзін-өзі құқықтық қамтамасыз етуді талап етуші жаңа саяси-құқықтық кеңістік пайда болған еді. Шыңғыс ханның бұрынғы «Ясасы» («Жасау ізі»)  жаңа мемлекеттіліктің пайда болуына сәйкес қайта жасалуы қажет болды. Сонымен бұл міндетті қазақтың аса көрнекті ханы Әз-Жәнібек ханның ұлы Қасым хан жүзеге асырды. Нақ Қасым хан ғана рулық байланыстарға қарағанда бірлікті нығайтудың жоғары деңгейін қалыптастыруға ықпал жасайтын, қоғамның моральдық-этикалық және әлеуметтік-құқықтық ережелерін өмірге бейімдеп жасады. Ол өзінің алдына нақты реттелген тәртібі және тұрмыс салтымен ерекшеленетін, сыртқы шекаралары мен  көшу бағыттары қатаң анықталған, мемлекеттік қазына мен сот билігіне міндетті  салықтар, табиғи апаттар мен соғыс бола қалған жағдайдағы халықты жұмылдыру тетіктері қалыптасқан көшпелі өркениетті мемлекетті құруды мақсат етіп, жүзеге асырды да.  Қасым хан жасаған заңдар жинағын халық «Қасым салған қасқа жол»  деген атаумен нақты да дәл атаған.  Бұл заңдар жинағы негізгі бес бөлімнен тұрады: 1. Мүлік заңы. Оған жер, мал және мүлік жайлы дауларды шешу жөніндегі ережелер кірді. 2. Қылмыстық заң. Мұнда әртүрлі қылмыстар және оның жазалаулары қарастырылды. 3. Соғыс заңы. Онда ел-жұрттың соғыс кездеріндегі әскер жасақтаудағы міндеттері, әскери борыш, бөлімшелерді құру қағидаттары, соғыс олжаларын бөлу туралы айтылады. 4. Елшілік ғұрып. Бұл бөлімде халықаралық құқық мәселесі, елшілік әдебі кіреді. 5. Жұртшылық заңы. Бұл бөлім қауымдық және қауымаралық өзара көмек міндеттеріне, сонымен қатар салтанатты мерекелер өткізу мен сарай этикеті ережелеріне арналған. Сипатталған саяси жүйе түрақты болмай шықты және жоғарғы билеушінің жеке беделімен сақталып тұрды. Бұл XVI ғасырдағы оқиғалардың үштен екісінде, әрбір ұлыстың сұлтаны өзін хан етіп жариялағысы келген кездері ашық көрініс берді. Бұл қазақ тарихында халықтық дәстүр мен халық даналығы негізінде жасалған алғашқы заң еді. Артынша Есім хан, ханның атымен аталған «Есім ханның ескі жолы» атты  жаңа құқықтың кодексті жетілдіруді ұсынды. Нәтижесінде Қазақ мемлекетінің саяси жүйесі түбегейлі түрде қайта құрылды. Оның мәні, жабық элита – төре шыңғыс тұқымдарының басымдығы, ашық элита – көшпелі-қазақ үшін билер мен старшындар басымдылығымен алмасуында болды. Бұл жүйе Шыңғысханның ұрпақтар билігінің саяси құқығын шектеп, қауым мен оның басшыларының құқығын кеңейткен өзінше «билер төңкерісі» болды. Жаңа жүйе мал шаруашылығымен айналысуына орай, шариғат заңдарына қарағанда әдет ережелері өте қолайлы болғандықтан халық арасында зор қолдауға ие болды. Бұл жүйе хандық билікті әжептеуір тежеді және мемлекетті басқаруға халық бұқарасының басым бөлігін тартты. Есім ханның құқықтық актісінде ханның, бидің және батырлардың өкілеттілігі, сондай-ақ олардың өзара міндеттері мен құқықтары анықталды, негізінде хан ақсүйектерді шектеп, билерге (дала соттарына) сүйенгендіктен анығында бұл «Билер төңкерісі» болатын. Бұрынғысынша жоғарғы заң билігі Мәслихатта қалды. Оның құрамына қазақ қауымының барлық өкілдері және кейбір ықпалды сұлтандар кірді. Мәслихат жылына бір рет Ордабасы, Күлтөбе мен Ұлытауда жиналды. Саяси жүйеде хан рөлінің әлсіреуі хан сайлау қағидасының өзгеруіне әкелді. Меритократия ұстанымы ресми түрде күшін жоймағанмен, іс жүзінде қазақтар XVIII ғасырдың басына дейін хандық  дәрежесін мұрагерлікпен иеленуге көшті. XVII ғасырдың басында барлық қазақ жерлері үш шаруашылық-аумақтық бірлестіктер – жүздер арасында бөлінгендіктен, ұлыстар жүйесінің орнына жүздік одақтар енгізілді. Жүздердің басында қауымдастықтың анағұрлым күшті және үлкен топтарының жетекшілері, билер тұрды. Шын мәнінде бүкіл билік Жүз билерінің қолында болды. Солар хан билігін шектеуші Билер Кеңесін құрған болатын. Билердің билігі тек қана жеке басының абыройымен сақталды және оларға бағынышты хан қайсы бір биді ұсынуға ешбір ықпал ете алмады. Осындай Билер Кеңесінің аса беделді мүшелерінің бірі Кіші Жүздің билеушісі Әйтеке би болды. Көшпелі қазақтың әдет-ғұрып заңдарының ережелерін жақсы білумен қатар, көшпелі қазах хандығымен көршілес отырықшы мемлекеттердің құқықтық жүйесінен хабардар және мұсылмандық құқықтың білгірі ол жаңа заңдар жинағы «Жеті жарғыны» жасауға қатысып оған бірқатар құнды құқықтық жаңартулар енгізді. Жаңа заңдар жинағын қабылдау: 1. Қазақтардың ішкі саяси бірлігін нығайту мақсатында, қазақтың орталықтандырылған мемлекетін құру (жоңғарлар қаупінің  күшеюі жағдайында бірліктің қажеттілігі түсінікті еді). 2. Заман талабына жауап беретін қазақ қоғамының бірыңғай заңдық негізін жасау міндеті. Өзінің құрылымы жағынан «Жеті жарғы» әкімшілік, қылмыстық, азаматтық құқықтар, жанұя-неке қатынастары ережелерінен; салық, дін және т.б. туралы бөлімдерден тұрады. Қазақтарды біріктіруде Тәуке ханның негізгі сүйенген ұстанымдары: жастардың үлкендерге сөзсіз бағыну қағидаты (балалары – ата-анасына, әйелі – еріне; қол астындағылар – билеушіге); ұжымдық жауапкершілік қағидаты (адамның руы алдындағы, рудың өзінің әрбір мүшесі алдындағы) болды. Қылмыстық айыптаулар «қанға қан, жанға жан» қағидатына негізделді, алайда қанды кек әрқашан басқа айыптаулармен алмастырылды. Олардың ішінде айыптау түрлері жер аудару, айып, құн, дүре (қамшымен сабау) және өлім жазасы болды. Шындығында өлім жазасы өте сирек қолданылды. Түрмелер мен бас бостандығынан айыру орындары мүлде болған жоқ. Қауым қолдауынан айрылған жазаланушы өзін нағыз өлімге душар етеді, тайпа-ру арасынан қуу кең қолданылды. Баптарда қарапайым адамдар мен билеушілердің әртүрлі дәрежедегі жауапкершілігі туралы айтылғандай, «Жеті жарғыда» қоғамның жіктелуі мен әлеуметтік иерархия көрініс тапты.  Негізгі бұқара халық құқықтың еркін субъектілері болды. Тек құлдар ғана өз қожайындарына тәуелді болды және олардың қалауымен өмірлерінен айрылуы мүмкін еді. Жеті Жарғы келесідей негізгі бөлімдерден тұрады: Жер Заңы (Жер дауы) жайылымдар мен құдық дауларының шешімдері жөнінде айтылады. Неке қию және ажырастыру тәртібі, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, отбасы мүшелерінің мүліктік құқықтары бекітілген Жанұя-неке Заңы. Соғыс кезінде бөлімдерді жасақтап, әскери қолбасшыларды таңдап, әскери жұмылдыруды реттейтін Соғыс заңы. Соттың істі қарау тәртібі жайлы келісілген сот үдерісі туралы ереже. Кісі өлтіруден басқа әр түрлі қылмыс үшін жаза белгілеуші Қылмыс Заңы. Кісі өлтіру мен денеге қатты зақым келтіргені үшін жаза белгілейтін Құн Заңы. Жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке басы құқығын, сондай-ақ өлген адамның туыстары мен қауымның оларға қатысты міндеттерін реттейтін Жесірлер туралы Заң (Жесір Дауы). Бір қызығы «Жеті Жарғыда» мұсылмандық қағидалар да көрініс тапқан. Мысалы, құдайдан бас тартқаны үшін өлгенше таспен атқан. Бірақ, қан араласқаны үшін өлім жазасы кесілетін ежелгі көшпелілер тыйымдары да болды. Қазақтың әдет-ғұрып заңдарында жеті атадан бері қарай некеге тұруға үзілді-кесілді тыйым салынды… Мұсылмандық құқықтың білгірі ретінде Әйтеке би көшпелі қазақ дәстүріне әртүрлі қағидаларды аса шеберлікпен бейімдеді.

Шоқан Уәлиханов «даланың ұлы философы» деп атаған Асан Қайғының «Жерұйық» концептісінде айтылған көшпелілердың мінсіз мемлекеттілігін жобалау, «Жеті Жарғы»  қазақ даласының талантты билері – Төле би, Қаздауысты Қазбек би, Әйтеке бидің даналығы арқасында көшпелі өмірді құқықтық реттеудің санғасырлық тәжірибесінің синтезі болып табылады. Әйтеке бидің қайраткерлігі «Жеті Жарғыда» көшпелі-қазақтардың әділетті қоғамдық құрылымын, халық бірлігін, кең-байтақ даланың гүлденуі мен қауіпсіздігі жайлы ғасырлар бойғы арманын нақтылы түрде көрсетуге бағытталды. Сегіз қырлы, бір сырлы Әйтекенің бұл жағы Хан Кеңеңсіндегі сөзінде жарқын көрініс тапты. Күлтөбенің басындағы дәстүрлі жиындардың бірінде Әйтеке би жаиналғандарға қарап: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырсы, ел мұратқа жетер ме?  Ел тірегі ер, ер тірегі – ел бола білген қауымның басынан бағы кетер ме? Есті еріңді ез тұтсаң – өзіңді өзің қорларсың, есеріңді ер тұтсаң – іргеңізден жау кетпей, төріңізден дау кетпей, сойқанға сойқан жолығып, соларсың да зорларсың Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек, көрешегін күйттеген – түбі қоймас сүрінбей, келешегін күйттеген – түбі қоймас сүйенбей. Жетелі ер адаспас – бабадан қалған сөз бар ғой, жетелі ел адаспас – бағзыдан қалған сөз бар ғой!» Әйтеке би жоңғар шапқыншылығына қарсы үш жүздің басын қосуға, ойраттар мен орыстарға қатынаста белгілі бір тепе-теңдікті орнатуға ықпал етті. Ол Хан Кеңесінде бернеше рет үш жүздің басын біріктіру, жас жауынгер-сардарлар ішінен заманауи әскери өнерді игерудің қыр-сырын түсінетін қолбасшы таңдау, күшті одақтас іздеп ешкімге бодан болмау жөнінде айтқан болатын.  Әйтеке би 1699 жылғы көктемде өткен Хан Кеңесінің кеңейтілген отырысында атақты билер мен рубасыларына арнап: «Ат төбеліндей сіздердің байлықтарыңыз халыққа қорған бола алмайды. Сендер өздерің бай болғанмен, халықты дұрыс жолға сала алмадыңдар. Барлық сұлтандар, билеуші-төрелер, ру басылары параға белшесінен батты. Орыстардың берген азын-аулақ сыйлығына, бұқарлықтар мен хиуалықтардың шапанына алданған олар өз халқын оңды солды, бүтіндей және жекелеп сатып жатыр. Басқа тойымсыз, мансапқор және атаққұмар билеушілер жоңғарлармен қақтығысты өздерінің бас пайдасына бұрып хан тағына отырамын деген есекдәмелі арам ойдың орамына шомылып жүр. Бидің ең ұлы мақсаты – халық бірлігі. Қолбасшының биік мақсаты – тұйықтан шыға біліп, құлдықтан қашу. Туған өлкесінен айрылған жігіт бақытсыз. Жерінен айрылған халық бақытсыз. Ал зұлым жау ешкімді аямайды. Соғыс жағдайымен санасу қажет және халықтың жайлауын, қыстауын, күзеуін нақты анықтап алған жөн. Ру басылары әрдайым тұрақты қарулы әскер, халық жасағын құрып шекараға жақын қауіпті жерлерге соғыс бекетін орнықтыруы тиіс. Ол жерлерде әскери дайындықтар өткізілгені жөн. Малға бай ауылдарды Қызылқұм мен Қарақұмның ішіне қарай көшіру қажет. Біріншіден шапқыншылықтан аулағырақ, екіншіден олар керек болған жағдайда жауынгерлерді азық-түлікпен, көлікпен, ержүрек-жігіттермен қамтамасыз етуі қажет. Ешкімге бодан болмай-ақ, заманға лайық қару-жарақты сатып алу керек. Және төтенше жағдай жариялап, мылтық пен зеңбірекке айырбас жасау үшін барлық ауқатты адамдардан, төрелерден, сұлтандар мен рубасыларынан жылқы, түйе, жүн, тері түрінде алым-салық жинау абзал. Мұны халық қолдайды және еркіндік пен тыныштық үшін ештеңе аямайды. Халықтың қауіпсіздігіне жауап беретін Хан кеңесінде тұрақты қатынасатын, сайлауға лайықты адам болсын. Егер біз барлық төнген қатерлерді көрмесек, оның алдын алмасақ халық бізді кешірмейді, қарғайды».

Осылайша Әйтеке би халық арманын жеткізуші нағыз патриот төніп келе жатқан отаршылдықтың қаупін сезе білді және оған дұрыс шешімдерін ұсынған   көреген данышпан болды.  Халық арасында бидің  Отанына деген нағыз сүйіспеншілігін бейнелейтін қанатты сөздері: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін. Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін. Егер бай болып, елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөлек үйің күйсін». Осы даналық өсиеттің арқасында «Мың өліп, мың тірілген» қазақтарға ғасырлар бойы өзінің мемлекеттілігін сақтап қалу сәті түскен еді. Өз өмірін Әйтеке би: «Өмірім өзгенікі, өлім ғана өзімдікі»  – деп қорытындылайды.

Ұлықталуы

Әйтеке би кейбір деректерде Ташкент маңында (Өзбекстан Республикасы) өзінің ата-бабалары Ораз, Тоқпан, Сейтқұл және әкесі Бәйбек жатқан Қауыншы және Шыназ ауылдарынының жанында жерленген. Басқа бір мәлімет бойынша Әйтеке бидің мәйіті Өзбекстанның Науаи облысы Нұрат қаласындағы Әйтеке би Кесенесінде жерленген. Жергілікті тұрғындар бұл жерді қасиетті деп санайды.

Әйтеке би есімі қазақ тарихы мен құқығы анналына еңбегіне лайық енгізілді.  Қазақстанда әр аймақта және қалаларда оның атымен көшелер аталып, ескерткіштер қойылған. Университеттердің заң факультеттерінде «Жеті Жарғыны» және қазақтың заң шығарушы-билері Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би мен Әйтеке билердің қайраткерлігін оқып-үйренуге зор көңіл аударылған. Оның есімі ар, намыс пен әділеттіліктің бейнесіне айналды.

2003 жылы Әйтеке биге арналған Қазақстанның пошта маркасы шығарылды.

XVII –XVIII ғасырларда өмір сүрген әйгілі үш би жөнінде, аттары Далалық өлкедегі әділ соттың «Алтын ғасыры» елесімен байланысқан Төле би, Қазбек би мен Әйтеке би туралы елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Олар қазақ үшін мызғымас  бірліктің символына айналды, олардың жалынды сөздері қасиетті кітаптың  нақыл сөздеріндей ұрпақтар санасына орнады… Үш данагөйдің өнегелі өмірі,  ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі жөніндегі айтар әңгіме аз емес», – деп айтқан болатын [8].

  Өзбекістан Республикасында Нұраты районында орналасқан Әйтеке бидің кесенесі

Қазақстан Республикасында Ақтөбе қаласында орналасқан Әйтеке би ескерткіші

Қазақстан Республикасының астанасында Нұр-Сұлтан каласында орнатылған қазақ мемлекетінің ұлы билері – Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би ескерткіші.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Айтеке Байбекулы // Казахстан. Национальная энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2004. – Т. I.

2. Толыбеков С. Әйтеке би // Қазақ шежіpeci. – Алматы, 1992.

3. Толыбеков С. Үш пайғамбар. – Алматы, 1992.

4. Досмухамедулы X., Аламан. – Алматы, 1993.

5. Досмухамедулы X. Әйтеке би. – Алматы, 1998.

6. Есламгалиулы М. Әйтекe би. – Алматы, 1998.

7. Торекулов Н., Казбеков М. Казахские бии-ораторы. – Алматы, 1993.

8. Назарбаев Н. А. Пять лет независимости. – Алматы, 1996. – С. 153. 

Автор: Әмребаев А.М., филос.ғ.к.