Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ТӨЛЕ БИ ӘЛІБЕКҰЛЫ


Төле би Әлібекұлы (1663756) – қазақтың аса ірі қоғам қайраткері, Ұлы жүздің атақты биі және бүкіл қазақ халқының беделді «Орда биі», қазақтың әдет-ғұрып заңдарының тәртібі мен ережелерінің далалық кодексі – «Жеті Жарғы» заңдар жинағы авторларының бірі, шешен және билеуші. Ол біртұтас қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған идеологтарының бірі. «Ақтабан шұбырынды» болған Ұлы апатты кезеңдері жоңғар шапқаншылығына қарсы күресті басқарушылардың қатарында болып, өзінің сұңғыла елшілік қабілетін көрсетті.

Өмірбаяны

Төле Ұлы жүз ішіндегі дулат тайпасының жаныс руынан тарайды. Ол қарапайым халықтың «қара сүйек» арасынан шығып, өзінің қайраткерлігімен тек қана руының даңқын асырып қоймай, даланың әйгілі данышпан-билерінің бірі, өз заманының өте бай адамына айналып, хан билігімен қатар қойылатын беделге ие болған адам. Төле 1663 ж. Қазақстанның қазіргі Жамбыл облысында Жайсаң деген жерде туған. Төле бидің әкесі Әлібек қазақ тайпасы дулат ішіндегі жаныс руынан шыққан, Атасы Құдайберді би Есім ханның жорықтарына, атап айтқанда «Қатаған қырғыны» (1627–1628), Ташкентті басқарған Тұрсын хан көтерілісіне қарсы шайқасқа қатысады.

Ұлы жүздің ең ірі тайпаларының бірі үйсін атауымен Төле би Үйсін Төле би деген атпен әйгілі болды, ал үйсіндердің өздері оны Жаныс Төле би деп атады. Бұл руға өзінен шыққан өкілдердің көп болуы күш беріп, игі  ықпал етті. «Жаныс көп пе, қамыс көп пе?» – деген мақал бекер айтылмаса керек.

Әкесінің қалауы бойынша бала Төле бес жасынан бастап оқу-білімге үйрене бастайды. Оны Бұқарадан арнайы шақыртылған молда Абушакир оқытады. Сол кездері Бұқара Қазақстанда кеңінен таралған, әсіресе Түркістандағы шейх Ахрардың (1490 ж. қайтыс болған) нақшбандийа орденінің белсенді саяси іс-әрекетінің нәтижесінде сопылық ойдың орталығы болды. Олай болса, бұл болжам Ұлы жүз қазақтары Мауреннахрдың қалалық алқабымен тығыз байланысқан Моғолстанның (Шыңғыс хан империясының Шағатай ұлысы құлағаннан кейін пайда болған құрылым) негізгі бөлігі болғандығымен нақты негізделеді. Төле би өз заманының өлшемі бойынша шындығында энциклопедиялық білімді, өлкенің әралуан тұрғындарымен бірнеше тілде келіссөздер жүргізудің өнерін игерген білгір маман болды. Ол балалық шағынан көшпелілердің шешендік-поэтикалық өнері мен дәстүрлерін және қазақ халқы ментальдығын сіңіріп өсті. Оның әкесі Әлібектің ділмарлығы, ескіше хат танып, халық аңыздарын жатқа білуі баланың ерте жетіліп, оның ғажайып алғыр ақыл-ойлы болуына, руластары арасындағы кез-келген даулы мәселелерді әділетті шешуіне ықпал етті. Төле би ғұмырнамасында оның қазақ даласының атақты жеті биі құрамында Қаздауысты Қазбек би және Әйтеке билермен бірге Билер Кеңесінде Тәуке хан тұсындағы Заң Жинағы – «Жеті жарғыны» құрастыруға қатысқан кезеңдері ерекше орын алады. Бұл Шыңғыс ханның Ясасы – «Жасау ізі», «Қасым ханның қасқа жолы» (1445–1518)»), «Есім ханның ескі жолы» (1598–1628)» қатарлы далалық әдет-ғұрып заңдарын қорытып, Тауке ханның билігі заманында (1626-1718 жж.) Даланың ортақ Кодексі – «Жеті Жарғыны» жасап шығару мүмкіндігіне ие болған Төле бидің заңшығарушылық қызметінің белсенді кезеңдері еді.

Төле би өмірінің негізгі кезеңдері, қазақ даласының сыртқы күштер әсіресе Жоңғар хандығы, Ресей мен Цин империяларының, сондай-ақ Орта Азиялық хандықтар тарапынан жойылып, құлдыққа түсу қаупі туған Ұлы қасіретті «Ақтабан Шұбырынды» (1723–1727) жылдар болды. Бұл кездері Төле би іс жүзінде қазақтардың Ұлы жүзді басқарды және өлке аумағы мен халықты аман сақтап қалуда барлық амалдарды жасайды. Төле би жетекшілігіндегі Ұлы жүз Қазақстанның оңтүстік жерлері мен қазіргі Өзбекстан аумағының үлкен бөлігін иелене отырып, сырттан төнген басқыншылық жағдайында біршама тәуелсіздікке және өзіндік бірегейлігін сақтап қалуға қол жеткізді. Ол Ұлы жүз ханы Жолбарыс қайтыс болған соң, Ташкентті алты жыл бойы (1743–1749) басқарды.

Көптеген айғақтар бойынша ол 1756 ж. Қазақстанның қазіргі Түркістан облысы Леңгір ауданы Ақбұрхан ордасында қайтыс болған.

Еңбегі

Жас кезінен бастап ол тайпаластарының көптеген бітпес дауларын шешуде парасатты және әділетті төреші, өткеннің дәстүрлерін мұралаған көшпелілердің әдет құқығының білгірі, Ұлы жүздің атақты биіне айналды. Сол кездегі қиын геосаясаяси жағдайда құрылып жатқан қазақ мемлекеттілігі тап болған күрделі мәселелерді шешуші саясаткер де болды.

Егер академик С. Зимановтың «Қазақтың ата заңдары» кітабына үңілер болсақ Төле биге «оның тәрбиесі мен қалыптасуына Ұлы Дала түркілерінің мәдениеті мен дүниетанымы және ата-тегінің дәстүрлері игі әсер етті. Оның шежіресі беделді тұқым әйгілі Майқы биден басталады, оның қадірменді ұрпағы Бақтияр биді халық арасында: «Сөз бастап кетсе – шешен, ел бастап кетсе – көсем», – деп атаған [5].

Оның өмір сүрген заманы маңызды тарихи оқиғаларға толы болды. Әсіресе ол Әз-Тәуке хан тұсындағы қазақтың көшпелі мемлекетінің гүлденген шақтарын, заңды түрде қазақтың көшпелі мемлекетінің Алтын ғасыры деп атауға болатын «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған кезеңді» бастан өткерді. Бұл қазақ даласының берекелі, тұрақты және біршама өркендеген заманы болатын. Төле бидің саналы өмірінің басты кезеңдері атақты билер – Қаздауысты Қазбек би және Әйтеке билермен бірге Тәуке ханның «Жеті жарғысын» құрастыруға қатысуымен есте қалды. Қазақтың заңдар жинағына арналған мақаласында академик Әлкей Марғұланның айтуынша: «Жеті жарғы» көшпелілердің құқығына сәйкес келетін негізгі саланы қамтитын жеті бөлімді құрайды :

  • Мүлік заңы
  • Қылмыс заңы
  • Әскери заң
  • Елшілік жоралғылары
  • Жұртшылық заңы
  • Жесір дауы 
  • Құн дауы [6].

Төле бидің осы игілікті іске қатысуы даланың өз заманындағы беделді заңшығарушысы және төрешісі болып қалыптасуына ықпал етті. Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, орталықтандырылғын көшпелі қазақ мемлекетінің нақ осы саяси-құқықтық жағынан күшеюі, қазақтардың жан-жақтан анталап қоршаған басқыншыларға – жоңғарлардың жауынгер көшпелі мемлекеті, Ресей империясы, Цин империясы және Мауреннахрдың мемлекеттік ұйымдарына қарсы тұруға мүмкіндік жасады [7]. Төле би осы сыртқы күштер тарапынан болған кескілескен басқыншылық стратегиясына, құйтырқы геостратегиялық шиеленістерге, тікелей шабуылдарға абыроймен қатысушы және куәгері болды. Халық арасында көшпелі-қазақтар өмірінің осы кезеңдерін әсіресе бәсекелес көшпелі жоңғар мемлекетінің жойқын және аяусыз басқыншылығы салдарын сипаттайтын Ұлы Апатты – «Ақтабан шұбырынды» деп атайды.

Осы кездері сөзін тек өзінің туысқан руластарына ғана өткізіп қоймай, барлық қазақ халқын тыңдата білген Төле би жеке рудың ғана емес, бүкіл Ұлы Жүздің дарынды қолбасшы екендігін көрсетті. Дәл осы шақтары ол Ресеймен, Қытайдың Цин империясымен, сонымен қатар Жоңғар хандығымен және көптеген Орта Азиялық алқаптар мен қалалар әмірлерімен тағдыршешті келіссөздерді жүргізді. Көшпелі қазақтар үшін Ташкент және Жібек жолы бойындағы қалалардың сауда-саттық жүргізуге, керуен жолдарын қадағалап жалпы экономикалық-стратегиялық мүдделерді жүзеге асыруда маңызы зор болды. Төле би өз шешімдерінде аймақтың тыныштығын сақтап нығайтуға деген қызығушылығын ашық білдіріп отырды. Өйткені бұл жағдай өз байлығын шекара маңындағы саудадан ұлғайтып, сондай-ақ жер өңдеу мен сауда арқылы отандастарының жерді пайдаланудың дәстүрлі көшпелі саласын кеңейтуіне жағдай жасады. Ұлы би қазақтардың шаруашылық өмірінің аралас жүргізілуін жақтағаны белгілі. Ол Ресей, Иран, Аспан асты империясы сияқты ірі халықаралық сауда орталықтарымен белсенді сауда-экономикалық байланыстарды қалыптастырудың келешегі зор деп есептеді.

Белгілі шығыстанушы К.Ш. Хафизова: «Қазақтар мен Орта Азиялық халықтар мұсылман болды және олар Бұқара, Ташкент, Түркістан, Қашғар мен Тегеранда түйін тапқан мұсылмандық мәдениетке құрметпен қарады». Бұл қалалар бір мезетте ірі сауда-қолөнері және мәдени орталықтар болды. Төле би мұсылман қайраткерлерімен қатынасында барлық мұсылмандық рәсімдер мен әдебін ұстанды. Ол сондай-ақ орыс және Цин елшілерімен де өзін еркін және сенімді ұстайтын. Би өзге өркениет өкілдерімен де байланыс орнатты: ХVIII ғасырдың 30–40 жылдары жоңғарлармен, орыстармен, ал жасы ұлғайған шақтарында циндермен кездеседі. Бұл терең діндар адамның ұлғайған шағында да, кемелденген кезінде де ескішілдік пен артта қалған көзқарастарға байланбай, жатжұрттықтармен табиғи қалпында және кең пейілділікпен, олардың әдет-ғұрыптарын сыйлағандығын құжаттар растайды. Ол небір қиын келіссөздерді жүргізіп, қолындағы зор билікпен мәселені шешудің жолдарын таба білді. 1758 ж. жазда жасы 83 те болғандығы жөнінде өзі мәлімдегендей, Цин әскері басшыларымен кездесуде шаршамастан келіссөздерді жүргізіп, циндердің ойларын аңғарған ол қазақ феодалдарының саяси және сауда мүдделерін қорғап қалуға бар күшін салады» [8]. Бір қызығы, Төле би өзінің сыртқы саяси доктринасында қазақ халқының ұлттық мүдделерінің сындарлы басымдылықтарын негізге алды. Мысалы, өзінің халықаралық қатынас жазбаларында ол Ресей шенеуніктері мен Цин императорына достық дипломатиялық хаттарында ел арасында сауда-саттық жүргізу қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік жасуға деген шын пейілін білдіріп жазады. Дегенмен бұл хаттарда бағынғысы келетінін тікелей көрсетпейтін «шын бағынғандық» жөнінде мағынаны білдірмейтін көптеген сырбаз сөздер шығыстық лепірмелі дипломатиялық мәнер байқалады. Екінші жағынан оның сыртқы саяси серіктестердің «жақын ортасына» жоңғар хандығы немесе Орталық Азия алқабының отырықшы мемлекеттері сияқтыларға қатысты оларға қазақ мемлекетінің ықпалын күшейтіп алға жылжуын көздейтін барынша жұмсақ және өте белсенді түрдегі саясатты ұстанды. Мысалы, Абылай ханға жолдаған хатында ол оған қазақтардың мәселені шешуде қазақтардың ықпалын күшейту үшін жоңғар хандығындағы рулар тартысын пайдалануды, ал Орта Азиялық иеліктерге қатысты олардың арасында дала билеушілерінің билігін нығайтуды көздейтін қаталдық тұрғысын ұстанады. Атап айтқанда оның ұлы Ташкент маңына қорған салдырып, қалаға судың келіп тұруын бақылауға алады, бұл ұзақ жылдар бойы қолөнері мен сауда-саттықтың ірі орталығында қазақтардың билеп-төстеуінің сақталуының маңызды дәлелі болды. Ұлы жүз аумағындағы Төле бидің билігі іс жүзінде бөлінбеген және толықтай хан билігінен аспаса кем емес екендігі жөнінде оның ордасында болған орыс жансыздары өздерінің хабарламаларында жазады.

Осы кездері оның дарынды мемлекет қайраткерлігі, айлалы саясаткер және елші, қаһарман қолбасшы, қазақ елінің нағыз патриоты екендігі нақты көрініс тапты. Халықтың ауызша шығармашылығында Төле би туралы көптеген тарихи ертегілер сақталған. Ташкенттегі мемориалдық тақтада Төле би Қарлығаш би деп аталған. Қарлығаш би (Дана – Қарлығаш) атауының шығу тегі жөнінде қызықты аңыз бар. Жоңғар шапқыншылығы кезінде адамдар тау мен далаға тығылып қашып кеткенде, ол жалғыз өзі киіз үйін тастамай тапжылмай отыра береді деп айтылады. Жоңғар қолбасшысы өзінің жолында тұрған жалғыз киіз үйді байқап, бір әскеріне ана қорықпай отырған ессіздің кім екенін білу жөнінде бұйрық береді. Төле биге шауып келген жоңғар әскері оған бұндай батылдығы үшін өмірінен айрылуы мүмкін екендігін айтып қоқан-лоқы көрсетеді. Төле би жайымен шаңырақты нұсқап: «Көрдің бе, қарлығаш ұя салыпты. Қашан ол балапандарын алып кеткенше, қалай мен орнымнан қозғалам? Әрине сіздер менің басымды аларсыздар, бірақ менің өмірім болашақ балапандардікінен қымбат емес. Солай емес пе? Әскер кері қарай шауып барып, өзінің қолбасшысына Төле бидің сөздерін жеткізеді. Ол сол сәтте талауды доғаруды бұйырып: «Осындай данасы бар халықты құлдыққа түсіру мүмкін емес», – деген екен. Содан бері халық Төле биді Қарлығаш би атап кетіпті.

Ол 1756 ж. Қазақстанның қазіргі Түркістан облысы Леңгір ауданы Ақбұрхан ордасында қайтыс болды. Кейбір деректерде 1758 ж. ол Ташкент маңында Цин елшілерімен келіссөздер жүргізген. Сондықтан да қазақ халқының даңқты ұлының өмірі мен қайтыс болуының егжей-тегжейін нақтылау ғылыми ізденістердің тақырыбы әрқарай зерттелуі қажет екенін байқаймыз.

Ұлы жүз ханы Жолбарыс қайтыс болған соң ол Ташкентті алты жыл (1743–1749) бойы билеп тұрған. Оның зираты Ташкент қаласында (қазіргі Өзбекстан Республикасының астанасы).

Өзінің өмірлік борышын: «Халық арасында саулық пен тыныштық орнату, жауласқан қандас рулар мен тайпаларды татуластыру, мемлекеттің күш-қуаты мен абыройын асқақтатуға үлес қосу, елдің гүлденуі мен адамдардың дәулетін арттыру»,-деп анықтайды.

Төле би көріпкелдік қасиетке ие болумен қатар аса көрнекті тұлғаларды ажырата да білді. Ол малшы бала Сабалақ бойынан болашақ қазақтың ұлы ханы Абылай ханды көреді. Ол көшбасшының қалыптасуы барысында жан-жақты қолдау көрсетеді. Хандық билікпен қатар қоюға болатын билікке ие бола тұрса да, өз кезегінде барынша икемді және стратегиялық тұрғыдан ойлайтын, тіптен нағыз шиеленісті саяси ахуалдардың өзінде де оң шешім қабылдайтын. Бұған келесі екі тарихи оқиға мысал бола алады, яғни Әбілқайыр ханды Барақ сұлтанның өлтіруі сәті мен орыс керуенін тонауға қатысқан Қойгелді батырдың ісі. Сондағы Барақ сұлтанның ақталуы және Қойгелді батырдың жазасы. Бұл үлгі боларлық жағдайлар. Төле биге әртүрлі қиын да күрделі мәселелерді шешуде өз абыройы үшін ғана емес, өзі шексіз қызмет еткен қоғамы үшін де пайдалы жағын көздегенінің айғағы. Халық арасындағы «Халық үшін бай құт емес, дана адамдар құт» деген ой осы жағдайға арналып айтылғандай.

К.Ш. Хафизова: «Қазақстанда ханмен қатар қойылған Барақ сұлтан 1748 ж. Әбілқайыр ханды өлтіргеннен кейін, оның балаларының кек алуынан сескеніп Ұлы жүз арасында тығылуға мәжбүр болады. Төле би оның сотына қатысады, Барақтың қоныс аударуына қарсы болмайды, алайда оның хандық лауазымға ұмтылысына қарсы болады», – деп атап көрсетеді. Осыдан Төле бидің Далада болып жатқан барлық оқиғаларды өз тарапынан бағалағандығы және жоғары биліктегілер арасындағы алауыздықты жақтамағандығы байқалады. Оның көзқарасы мен іс-әрекеті Қазақ хандығының бірлігі үшін күрескенін көрсетеді» [8].

Төле би тұлғасы қазақ халқының тарихында аса ірі саяси қайраткер; мықты хандық билікті қолдаушы; көшпелі қазақ мемлекетінің саяси-құқықтық негізін қалаған аса көрнекті заң шығарушы; халықтың егеменділігін сақтап қалуға қол жеткізген мәмлекетшіл және әскери қолбасшы; әрқашан қазақ халқының бірлігі мен амандығы және гүлденуінің қамын ойлаған отансүйгіш ретінде ерекше орын алады.

Халық арасында: «Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады», – деген қанатты сөздер сақталған

Төле бидің даналығы келесі сөздерден байқалады:

Тамам жарлы жиылып,

Қонған жері кең болмас.

Тамам сұлтан жиылып,

Сөйлеген сөзі жөн болмас.

Ұры-қары жиылып,

Ұйытқылы ел болмас.

Жаманды қанша мақтасаң,

Жәйді білер ер болмас» [9].

Ұлықталуы

Халық жадында Төле би Әлібекұлы қазақ халқының бірлігі мен тұтастығы, оның мемлекеттілігінің тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ хандығының аса беделді мемлекет қайраткерлерінің бірі ретінде сақталды. Ташкент қаласында, халық арасында Төле биді қалай атаса, сол есімде Қарлығаш би кесенесі орналасқан. 2003 ж. Қазақстанда атақты биге арналған пошта маркасы шығарылды. Төле бидің өмірі мен қызметіне арналған телехикая кеңінен таралған. Оның тұлғасы қазақ мемлекеттілігін дамытудағы сіңірген еңбегі жөнінде тақырыптық шығармалар жасауда театр, әдебиет және өнер қайраткерлеріне шабыт береді.

Төле бидің құрметіне Шу ауданының әкімшілік орталығы болып табылатын және Шу қаласына жақын жерде орналасқан Жамбыл облысындағы  Новотроиское ауылының атын өзгертті. Төле бидің құрметіне Алматы, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Түркістан қалаларында және Қазақстанның көптеген тұрғылықты жерлеріндегі көшелерге есімі берілді. Оңтүстік Қазақстан облысында әкімшілік-аумақтық бірлік Төле би ауданы, әкімшілік орталығы Ленгер қаласы. Төле би басқа да екі би Қаздауысты Қазбек би және Әйтеке би қатарлы Қазақстандағы әділ соттың мәңгілік символына айналды. Нұр-Сұлтан қаласында Ұлы қазақ билеріне ескерткіш қойылған.

XVII–XVIII ғасырларда өмір сүрген әйгілі үш би жөнінде, аттары Далалық өлкедегі әділ соттың «Алтын ғасыры» елесімен байланысқан Төле би, Қазбек би мен Әйтеке би туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Олар қазақ үшін мызғымас бірліктің символына айналды, олардың жалында сөздері қасиетті кітаптың нақыл сөздеріндей ұрпақтар санасына орнады… Үш данагөйдің өнегелі өмірі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі жөніндегі айтар әңгіме аз емес, – деп айтқан болатын [10].

Өзбекістан Республикасындағы Ташкент қаласында орналасқан Қарлығаш би атанған Төле би бабаның кесенесі 

Қазақстан Республикасы Тараз қаласында орнатылған Төле би бабаның ескерткіші 
Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлы қазақтың билері – Төле би, Қазыбек би, Айтеке би бабаларымызға арналған ескерткіші.

Әдебиеттер мен деректертізімі:

1. Тоқтабай А. Төле би туралы тың деректер // Егемен Қазақстан. – 2003. – 31 желтоқсан.

2. История Казахстана с древнейших времен до наших дней. В 5-ти томах. Т.3. – Алматы: Атамура, 2010. – 768 с.

3. Тынышпаев М. Материалы по истории киргиз-казахского народа. – Ташкент, 1925; Алматы, 1992.

4. Қозыбаев М. Ежелден бірлікті аңсаған // Егемен Қазақстан. – 1993. – 19-маусым.

5. Вареникова С.П. Зарождение института специальных знаний о казахском суде биев / Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования. 10 томдық. / Бағдарлама жетекшісі: Зиманов С.З. Қазақша, орысша, түрікше, ағылшынша. – Алматы: Жеті жарғы, 2009. Т. 10. – С. 135–137.

6. Мажитов С.Ф. Уникальность суда биев в казахской истории (на примере батыра Сырыма) / Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования. 10 томдық. / Бағдарлама жетекшісі: Зиманов С.З. Қазақша, орысша, түрікше, ағылшынша. – Алматы: Жеті жарғы, 2009. Т. 10. – С. 215–218.

7. Адамбаев Б. Төле би шешен / Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования. 10 томдық. / Бағдарлама жетекшісі: Зиманов С.З. Қазақша, орысша, түрікше, ағылшынша. – Алматы: Жеті жарғы, 2004. 1 том. – С. 212–222.

8. Хафизова К.Ш. Внешнеполитическая деятельность Толе би // Мысль. – 2013. – 21 октября.

9. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Таңдамалы. Билер. – Павлодар: ЭКО, 2018. – 336 б., 56 б.

10. Назарбаев Н. А. Пять лет независимости. – Алматы, 1996. – С. 153.