Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

МӨҢКЕ ТІЛЕУҰЛЫ


Мөңке Тілеуұлы (шамамен 16751756) қазақ даласының аса көрнекті сұңғыла дана-сәуегейлерінің бірі, қазіргі Қазақстанның Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында туған. Ол Алтын Орданың Ұлы билеушісі Едігенің ұрпағы батыр, қолбасшы, би Тілеуке Айтұлының ұлдарының ішіндегі ең кішісі болғандықтан, тіптен оның аты Шыңғыс ханның немересі атақты Мөңке ханмен аттас болса да, кейде Ноғайлы Мөңке би деп атайтын, Сонымен оның шыққан тегі текті әулет болған. Ерекше сұңғұлалығы мен көріпкелдік қасиеті үшін Мөңке биді «Ұлы Даланың Нострадамусы» деп атайды.

Өмірбаяны

Текті отбасында дүниеге келіп өзінің биік міндетті атқаруға келгенін сезінген оның майталман шешен, өз заманындағы дамудың заңдылықтары мен келбетіне қарап болашақта болжайтын көреген сәуегей ретінде атағы жайылады.  Тілеу батырдың беделді ұлы Мөңке би Әбілқайыр ханның (1699–1748) кеңесшілерінің бірі, ақын, жырау, өз заманының аса ірі ойшылы болды. Көзінің тірісінде-ақ оны Мөңке әулие деп атады. Оның көріпкелдік қасиетінен барлығы хабардар болды.

Ол көшіп кеткен ауылдың нақтылы бейнесін көзге көрінер-көрінбес белгілеріне қарап болжап, өзінің ғажайып көріпкелдік қасиетін бала кезінен-ақ байқатады. Аса көрнекті қазақ ағартушысы және түркітанушы Ахмет Байтұрсынов өзінің 1926 жылы жарық көрген «Сауат ашқыш» оқу құралында қиын дау-жанжалды әділетте түрде шешкен жеті жасар Мөңке туралы әңгіме келтіреді. Әңгімесінің аяғын «Және сол бала үш жүздің ішінде атақты Мөңке би атанып, оның даңқы аспадады» деген сөздермен аяқтаған. Мөңке бидің поэтикалық толғаныстары сөздің сиқырлы күші және рух медитациясымен қатар өрілген; шешімдері қазақ әліл соты хрестоматиясында құрметті орынға ие болған әділетті би және тағдырды болжаушы. Оның сөздерінің логикасы, Мөңке биді асқан майталман айтыскер және қанатты сөздердің шебері, дәстүрлердің білгірі және өткеннің де, болашақтың да терең ойшылы деп атауға мүмкіндік береді. «Тарихы жоқ халықтың отаны да болмайды» деген ой Мөңке биден қалған. Қазақтың белгілі фольклортанушысы Едіге Тұрсынов «Қазақ жыраулары болашақты болжағыш көреген ақындар болып саналған» деп атап көрсетеді.  Олар хан ордаларына тұрып бүкіл хандыққа (ұлысқа, тайпалар топтастығына) қатысты мемлекеттік істерді шешуге ат салысты, хандарға, батырларға және қолбасшыларға ғибратты суырып салма-өлең түрінде кеңес пен өсиет арнады және батырлар мен қолбасшылардың ерліктерін қошаметтеп мадақтау арнауларда, тарихи әндерде, батырлар эпосында жырлады. Жырау соғыс кездерінде сол қызметін атқара отырып, хан жанындағы соғыс кеңесінің құрамына кірді, сонымен бірге әскерлер үшін олардың жауынгерлік рухын көтере батырлық эпостарын жырлайтын. Жырау рулар мен тайпалардың шежіресін, олардың тарихын жетік білді осы білімін тарихи әндер, батырлар эпосы, мадақ-мақтау және философиялық ой-толғауларында қолданды» [7].

Бірде Мөңке биге аян түс кіргені жөнінде әңгімелейді. Оның түсінде бәйгеге 40 ат қосады, бірақ ешқайсысы бәйге алмайды. Соңынан 30 атпен де солай болады.  Одан соңғы 5 бәйге аттан бір ат бәйгеден келеді, бірақ бәйге алған аттың ішін жарағанда ішінен алдыменқасқыр,  қасқырдың ішінен түлкі, түлкіден қоян шығады. Сонымен Мөңке би Сырым батырдан осы аян берілген түсті жоруын өтінеді. Алайда түсті бидің  қызы жориды. Түстің жоруы Мөңке бидің көңілін қамықтырды. 40 ат деген, болашақта мұсылманның қырық парызы өтелмей, халық дінсіз қалады. 30 ат адамдар отыз күн ораза ұстаудан бас тартады дегенді білдіреді. Бес аттың төртеуі келмей, біреуі келгені, бес уақыт намазға адмдар немқұрайлы қарап, олардың біреуі оқып, біреуі оқымай, адамдар дінсіз және тұрақсыз болуға айналады екен… Ал аттың ішінен қасқыр шыққаны – бұл адамның адамшылық қасиетін жоғалтып, оның зорлықпен өмір сүретін жыртқышқа айналуы. Ал қасқырдың ішінен түлкінің шығуы адамдар арасында қулық-сұмдық, алдап-арбау үстемдік құратын заманның келуінің белгісі. Түлкіден қоянның шығуы адамдардың жаңа ұрпағы ұсақталып, олар көлеңкесінен қорқатын, өздерінің адамгершілігін сезінуден қалып адамдарды қорқыныш билейтіндігін білдіреді. Қызықтысы сол, осындай түсті белгілі қазақ жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» трилогиясында келтіреді. Өйткені, Мөңке бидің бұл аян болған түсі қазақтар арасында таралып және көшпелілер өздерінің өмір мәнді болған құндылықтары, сенімі мен өздеріне ғана тән қайталанбас әлеміне төніп келе жатқан қатерлерді эсхатологиялық сезінді.

Бұл далада жаңа өркениеттік заманның басталуымен, дәстүрлі патриархалдық негіздер мен тұрмыс салты өзеріске ұшырайды, олармен бірге өлең жолдарында көрініс тапқан адами құндылықтар және олардың моральдық келбеті бұзыла бастаған кездегі шарасыздық сезімі оның болжамдарының басты өзегіне айналды.

Ол өз заманындағы даланың маңызды саяси оқиғаларына, әсіресе жоғарлар мен қазақтар арасындағы отан соғысына белсенді араласты. 1729 жылғы Аңырақай шайқасында Мөңке биге түменді (мың санды әскер) басқару сеніп тапсырылған болатын. Мөңке бидің қазақ хандығының саяси өміріндегі орнын дұрыс бағалау үшін Әбілқайыр ханның заманын және оның ұлы саясаткер ретінде қалыптасқанын сипаттауымыз қажет. Мөңке би ханның қасында жақын кеңесші және қолдаушы болып жүргені мәлім.

Кіші Жүздің ханы Әбілқайыр қазақ тарихында, әсіресе, қиын қыстау Ақтабан Шұбырынды заманында ең беделді басшының бірі болған. Ол бүкіл қазақ халқына еңбегі сіңген, елдің ыстық суығына түскен саясаткер болып танылған басшы. Тауке ханның мұрагері Қайып ханның қоластында жүріп Әбілқайыр мықты саясаткер, әскери қолбасшы, талантты дипломат екенін көрсете білді. Ол Ақтабан Шұбырынды заманында  (1723–1727) қазақ пен жоңғар шайқастарының барлығына дерлік  қатысқан. Негізгі мекені көне Тұркістан өңірін жаудан аянбай қорғаған, әсіресе Ташкент, Түркістан және Сайрам қалаларын қорғауға ат салысқан қолбасшы. Бірақ, өкінішке орай, шайқаста шешесі мен әйелінен айырылып, Кіші Жүз аймақтарына шегініп кетеді. Содан 1724 жылы қайтып оралып, Тұркістанды жоңғардан босатады, бірақ тағы да Батыс Қазақстан жеріне шегініп, сырттан келген қалмақ пен башқұрт және орыс басқыншылармен үздіксіз соғысады. Ол кезде Ресей қазақ даласына көз жүгіртіп жаңа империялық саясатты бастады. Күші жеткіліксіз болғанын сезіп Кіші Жүз ханы Әбілқайыр Ресеймен дипломатиялық қарым қатынасын пайдаланып, Ресей патшалығынан көмек сұрап, жоңғардан құтылу амалдарын іздеумен және қазақ хандығын біріктіру мүмкіншіліктерін қарастырады. Бірақ орыс шенеуніктер Қазақ Даласын тек өз билігіне бағындырғысы келді, сол жолда әр түрлі әдістерді пайдаланды. Оның ішінде дипломатиялық елшіліктерді жиі жіберіп тұрды және Әбілқайырдың ортасын көндіруге әрекет етті. Мөңке би сияқты кеменгер кеңесшілер оған бой бермеді.

Бірақ ауыр жеңілістерден амалсыз қазақ зиялылары 1726 жылы Ордабасы өңірінде Құрылтай шақырады. Сонда бүкіл қазақ елі өз күшін жинап, Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен жоңғарға қарсы шығады. 1728 жылы Бұланты мен Білеуты өзендерінің қосылған Кара Сыйыр деген жерінде жоңғарларды тас-талқан қылып жеңеді. Ол жердің әлі күнге дейін ел аузында «Қалмақ Қырылған» атауы қалған. Бүл қазақтың алғаш рет жеңіске жетуі еді.

Қазақ тарихындағы Анырақай шайқасы (1729) – отан соғысының ең тарихи маңызы бар қақтығыстарының бірі әрі Балқаш пен қазіргі Алматы өңіріндегі қазақ-жоңғар соғысының қорытындысын белгілеген оқиға. Осыдан кейін қазақ жерін азат етуге жол ашылды. Ол тек қазақтың бірлігінің белгісі, осы жеңістен кейін барлық сыртқы күштер қазақ хандығымен санасатын болды. Чин империясы Жоңғар хандыған қырып жою саясатын қолданды, ал Ресей отарлық айла-әдістерін пайдаланып, қазақтарды бейбіт дипломатиялық жұмсақ күш жолдарымен көндіруге тырысты. Әбілқайыр хан соғыста жеңген хан ретінде бүкіл қазақ еліне хан болуға үміттенеді. Оған қазақ сұлтандары және ел ағалары жол бермеді. Сонымен қатар билеуші топтардың арасына жік салған Ресей губернаторы Неплюевтың саясаты да күшке енді. Қазақ бір-бірін қолдамады. Нәтижесінде Ресей империясының қол астына түсті, еркіндігін жоғалтты.

Дегенмен, Әбілқайыр хан жауларымен соғыса жүріп, қазақтың беделін асыруға тырысты, кең байтақ жерін найзаның үшымен, қылыштың жүзімен қорғады. 1730 жылы Ит-ішпес деген жерде тағы да жоңғарды жеңді. Бұл іс-әрекеттің барлығы Әбілқайыр ханның қазақтың шынайы ең беделді хан екенін көрсетті. Орыс шенеуніктері Әбілқайыр ханмен дипломатиялық қарым-қатынастарын ұлғайтты, оның серіктестерін көндіру саясатын пайдаланды. Сол жұмсақ саясат арқылы 1730 жылы Әбілқайыр хан Ресей патшайымы Анна Иоанновнаға өз елшілігін тағайындады және Ресей империясының қол астына кіру құжаттарын жіберді. 19 ақпан 1731 жылы Ресей патшайымы Кіші Жүздің Ресей империясына өз еркімен кіруі туралы хатқа қол қойды. Одан кейін Кіші Жүздің ел ағалары, олардың ішінде Мөңке би, т.б. Ресей патшайымына ант берді. Орта жүз бен Ұлы Жүз өкілдері бірте-бірте Ресей империясына кіру ниетін білдірді.   

1741 жылы ойраттар тағы да қазақ жерін жаулап алуға тырысты, бірақ Ресей оған қарсы тұрып, қазақтарды жақтады. Ресми деректерге сүйенсек, орыс саясаты екі жүзді саясат болып көрінді. Бір жағынан қазақтарға қолдау көрсетсе, екінші жағынан олардың атақонысына, яғни Жайық аймақтарына қоныстануға мүмкіншілік бермеді. Оған көнбеген Әбілқайыр ханға генерал-губернатор Неплюев мырза ерекше айла-амал жасады. Орынбор қаласында Әбілқайыр ханның ұлын Қожахметті аманатта ұстап отырып қазақ сұлтандардың арасынан Әбілқайырға қарсылас табуға ұмытылды. Осы айладан Орта Жүз сұлтаны Барақ Әбілқайырға қарсы шығып соңында оны өлтіріп тынды [10]. Сөйтіп, Ресей патшалығы қазақ елін тоздырып аздыру саясатын жүзеге асырды.

Мөңке би Әбілқайырдың жақын серіктесі болғандықтан көз алдынан өткен  оқиғаларды жырлады. Ресейдің тарихи деректерінде Мөңке би бабамыздың да таңбасы бар. Мысалы, 1748 жылы 5 қазан күні Ресей патшайымының атына Нұралы хан туралы жіберген хатында Мөңке бидің де таңбасы бар. Ол дерек орыс елшісі Ю.Гуляевтың жазбаларында да бар [11].

Қорыта айтқанда, Мөңке би сол кездегі қиын-қыстау заманынның куәгері болғанын көреміз. Ол Ресей отаршылық саясатына көзі жеткен кемеңгер ойшыл, қазақтың дағдарғанын жырлаған жырау. Оның жалынды сөздерінде қазақ өзін өзі жоғалта бастаған, өмір салты бұзылған, рухани құндылықтары төмендеген, яғни Мөңке би казақ тарихындағы болашақ трагедияларды болжаған.

Еңбегі

Көріпкел Мөңке бидің атақты «Азарсың, жұртым, азарсың» өлеңінде:

«Азарсың, жұртым, азарсың,

Азарыңның белгісі:

Құрамалы, қорғанды үйің болады,

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, 

Ай сайын бас қосқан жиын болады.
 Ішіне шынтақ айналмайтын,
 Ежірей деген ұлың болады.
 Ақыл айтсаң ауырып қалатын, 
 Бедірей деген қызың болады.
 Алдыңнан кес-кестеп өтетін

Кекірей деген келінің болады.
 Ішкенің сары су болады,

Берсең итің ішпейді,
 Бірақ адам оған құмар болады.
 Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
 Ит пен мысықтай ырылдасқан,
 Еркек пен қатының болады…

Жас баладан биің болар,

Жас балшықтан үйің болар,

Ат жақсысы арбада болар,

Жігіт жақсысы саудада болар.

Көлдің суы бітіп, табаны қалар,

Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар.

Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,

Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.

Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,

Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады

Бетіңнен алып түсер інің болады.

Алашұбар тілің болады

Дүдәмалдау дінің болады.

Әйелің базаршы болады,

Еркегің қазаншы болады,

Жылқы жұлдыз болады,

Қой құндыз болады.

Кебір – жерге теңеледі,

Әйел – ерге теңеледі,

Көл – теңізге теңеледі.

Сиыр – өгізге теңеледі.

Ақырзаман адамы, 

Сағынып тамақ жемейді,

Ащыны – ащы демейді,

Тапқанын олжа дейді,

«Алһам» білгенін молда дейді.

Бір-біріне қарыз бермейді,

Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді

Сарылып келіп тосады,

Құны жоқ қағазды судай шашады…

Ақыр заман халқының

Шайдан басқа асы жоқ,

Жақыннан басқа қасы жоқ.

Лағынет қамыты мойнында,

Жұмыстан қолының босы жоқ.

Әрқашан да олардың

Көңілінің хошы жоқ.

Бар шаруасы түп-түгел

Енді мұның несі жоқ…

Заман ақыр боларда 

Жер тақыр болар,

Халқы пақыр болар,

Балалар жетім болар,

Әйелдер жесір болар,

«Ә» десе, «мә» дейтін кесір болар.

Бас қосылған жерлерде, 

Әйел жағы ден болар,

Жаман-жақсы айтса да,

Өзінікі жөн болар.

Орай салып бастарын,

Жалпылдатып шаштарын,

Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап

Ұят жағы кем болар 

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар [3].

Мөңке бидің бұл сәуегейлік сөздерінде «қоғамның өнегелік жақтарының жұтаңдануының» нақты суреттеуді ғана емес, ойшылдың жоғары және жауапкершілікті қоғамдық ұстанымын байқауға болады. Ол қазақ қоғамының болашағы үшін алаңдап, олардың түзелуін аңсады. Данагөй ойшыл билік өзінің нағыз тағайындылығын, адамдардың өмірін жақсартып, оны жан-жақты жетілдіруден қалып бара жатқанын көріп-сезді. Ол тек адамгершіліктің төмендеуін аңдап қоймайды, мұндай тірі қалу үшін жай тоғышарлық күнкөріс шарасыздықтың себебін де көре білді.  Ата-ана құндылығы бұрмаланғандықтан, оның келешек ұрпақтан да үмітсізденеді – аналар отбасының жетістігі мен  үй-ішін құрудың күйбіңімен «құрдымға кетті», ал әкелер мемлекеттің игілігі, қоғамдық үйлесімділік орнатумен айналысудың орнына, өмірдің көкейтесті мәселелерін шешуден аулақтататын  «сары судан» көмек сұрап  кетті. Тіптен қиындықпен тапқан қаражаттарын халықтың моралы мен рухын түзеу үшін емес, адамдар өз даңғойлықтарын көрсету үшін жұмсайды.   Мөңке би дін қызметкерлеріне де сыни тұрғыдан шүйлігеді.  «Ақыр заман» боларда оның жорамалдауынша адамдар Құдайға деген сенімін жоғалтады. Қажетті білімі мен жоғары рухани адамгершіліктік ұстанымсы болмаса да, кім Құдайға мадақ айта алса, сол молда болып есептелді, Мөңке би өзінің болжамдарында қазіргі біздің қоғам бастан өткеріп отырған көптеген әлеуметтік мәселелер жөнінде сөз қозғайды.  Мысалы, оны дәстүрлі туыстық байланыстар мен жанұядағы қарым-қатынастардың бұзылуы, туыстар арасындағы ынтымақтың, үлкендерді кішілердің сыйлауы жоғалып бара жатуы, адамның қоғамдағы «өз орны», абыройы, беделі мен парызы түсініктерін елемеу күйіндіреді. Ол өз ойларымен қазіргі қоғамның көптеген  әлеуметтік теңсіздік, қалай болса да  ауыздықсыз байлыққа қарай ұмтылу, билікке құмарлық, шенге бас ұрушылық, қанағатсыздық сияқты «әлеуметтік мерездерін» болжады. Ол абыройсыз және адамгершіліксіз, біліксіз және рухсыз, адамдардың білімі мен адамшылығы қадірсіз, істің басында лайықты адамдар болмайтын заманның келуіне қарсы шығады.  Ол  қазіргі  қоғамның кесірлерін ғасырлар қойнауынан көре білді.

Қазіргі ғалымдардың соңғы жылдардағы тарихи зерттеулерінде ол «Дала Нострадамусы» деп аталады, өйткені халық жадында оның жорамалдары мен көріпкелдігі сақталған. Ұлы бабаның мұраларының тағы бір қыры, оның музыкалық туындылары болып табылады. Қазіргі кезде Мөңке бидің тек қана төрт: «Жиын алқа, кеңес», «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен» күйі белгілі.

Ұлықталуы

Жалпы қазақ зерттеушілері мен жазушыларының еңбектерінде Мөңке бидің сәуегейлік дарынына айғақтар жетерлік. Оған Ахмет Байтұрсынов өзінің «Сауат ашкыш» (1926) атты еңбегін арнады [1], Жүсіпбек Аймауытов «Ел қорғаны» [2], Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, сондай-ақ Әбіш Кекілбаев «Елең-алаң» романында Мөңке сәуегейдің мұрасына ықыласпен ден қойды [5]. Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты кітабында Мөңке бидің даналық ойларынан үзінді келтіреді [4]. Парламент мінберіне көтерілген Шерхан Мұртаза: «Біздің Мөңке би бабамыз айтып еді…» деп сөз бастады. Мемелекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхамед Мөңке биге арналған ғылыми еңбек жазды. Мөңке бидің шығармашылығы мен қайраткерлігін дәріптеуде қазақ ғалымы Асан Жұманазар мен белгілі журналист Серікқали Бәйменше, т.б. үлкен жұмыстар атқарды. Оның атымен ойшылдың туған жерінде, сондай-ақ Жамбыл облысында темір жол бекеті аталады. Оның аты Алматы, Ақтөбе қалаларындағы көшелерге берілді. Туған жерінде ескерткіштер орнатылған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Байтурсынов А. Сауаташкыш // Букварь для взрослых. – Оренбург, 1926.
  2. Жусипбек Аймауытов Шығармалары: Романдар, повесть, әңгімелер, пьесалар. – «Ел қорғаны». – Алматы: Жазушы, 1989. – 560 б. – Б. 429–445.
  3. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. М.-Ж. Таңдамалы. Билер. – Павлодар: ЭКО, 2018. – 336 б. – Б. 49–55.
  4. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. – Алматы: Дайк-пресс, 2002.
  5. Кекілбаев Ә. Елең-алаң. – Алмаьты, 1984.
  6. Құл-Мұхаммед М. Монке би. – Алматы: Аруна, 2007.
  7. Турсунов Е.Д. Возникновение баксы, акынов, сэри и жырау. – Астана: ИКФ Фолиант, 1999, 252 с. – С.206.
  8. Бельгер Г. Казахский Нострадамус. – 17 мая 2014. – https://www.altyn-orda.kz/gerold-belger-kazaxskij-nostradamus/ .
  9. Моисеев В. А. Джунгарское ханство и казахи. XVII–XVIII вв. – Л., 1991.
  10. Ерофеева И. В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. – А., 1999.
  11. Ерофеева И. В., Эпистолярное наследие казахской правящей элиты. – Т. 1. – А., 2014.

Авторы: Әміребаев А.М., ф.ғ.к.