Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АҚТАМБЕРДІ САРЫҰЛЫ


Ақтамберді Сарыұлы (1675-1768/69) атақты жырау, батыр, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат.

Өмірбаяны

Қазақ тарихында жыраулық мектептің ірі өкілі, дипломат, халық арасында батыр ретінде де танылған атақты Ақтамберді жырау 1675 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан өңірі, Қаратау маңында дүниеге келіп, өзінің бар ғұмырын елі мен жерінің тағдырына арнаған. Ақтамберді жырау 1768 жылы, кей деректерде 1869 жылы қайтыс болған деген мәліметтер сақталған. Әрі жырау, әрі батыр Ақтамберді өзінің жалынды жырларымен жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі болды. Оның өмір сүрген кезі Абылай ханның заманына тұстас келіп, ол өзінің жыраулық, батырлық және елшілік қызметтерімен танылды.

Ақтамбердінің танымал болуына оның жыраулық қасиеттері мен қабілеттері ықпал етті. Өзінің өткір тілімен ол барлық қоғамдық ортада көзге түсіп, қазақ хандары мен сұлтандарының алдына шығып отырған. Ақтамбердінің жыраулық сөздері «Ақтабан шұбырындыдан кейін Ордабасыда өткен бүкілқазақ жиынында көрінді. Оның жоңғарға қарсы айтқан сөзі қазақ батырларының жауға қарсы аттануына үлкен дем беріп, қазақ әскерінің рухын көтерді [1, 189 б.].

Қазақ әдебиеті мен тарихында жыраулар поэзиясының орны өте ерекше екендігін айта отырып, Ақтамбердіні сол заманның және сол поэзияның ажырамас бөлігі болғанын ерекше көрсеткен жөн. Қазақ хандығы дәуірінде жыраулар өздерінің поэтикалық монолог-толғауларында маңызды мемлекеттік проблемалармен қатар, әдеп пен мораль, ар-намыс пен қадір-қасиет мәселелерін қорғады. Өмір мен өлім туралы, дүниенің құбылмалылығы мен жалғандығы туралы өз ойларын жыр-толғаулары арқылы жеткізді. Жыраулар поэзиясы ұлттық болмысымыздың қалыптасуында аса қуатты ықпалдылығымен ерекшеленді. Мемлекетті басқарған хандардан бастап, балаға тәлім-тәрбие беретін эстетикалық есті дүниелер қалдырды.

Соның ішінде атақты Ақтамберді жырау – қолбасы, қазақтың жыраулық мектебінің белді өкілі, мәмілегер. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» – дегеніне қарағанда, күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелеген. Ақтамберді жырау – қысқа да нақыл, шешен сөздердің шебері [2, 15-16 бб.]. Көңіліне түйгенін, піскен ойын шашыратпай, шиыршық атқан күйінде айтып кете берген. Эпикалық кең тынысты туындылары да болуы мүмкін. Бірақ қолымызға әлі қомақты дүниелері түсе қойған жоқ. Ақтамберді жырау – эпикалық жанрдың да ақыны. Өзінің жырларында ол батырлардың ересен ерліктерін асқақтатып береді.

Еңбегі

Ақтамберді шығармашылығы – жыраудың ауыз әдебиетінен бөлініп, жеке отау тіге бастағанына дәлел. Халық даналығын көркейтіп, одан әрі жетілдіруші, сөз өнерін жаңа өрге апарушы ретінде көрінеді. Соғыс алаңында, сөз майданында қатар көзге түсу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Ел күйінгенде күйінген батыр, ел сүйінгенде сүйінген батыр – ерегісте мыңға татыр» демекші, Ақтамберділердің өзі де, сөзі де мыңға татитыны рас. Халқына қымбат жыр сыйлаған жүйріктердің қашанда бағасы өлшеусіз болмақ. Өз уақытының әркез озық ойлы кісісі болу жеңіл міндетке жатпайды. Жырау – көрген-білгеннің бәрін тізе бермейді, көкірегіне түйгенін салмақтап, саралап қана сыртқа шығарады. Жыраудың халық үшін қадірі – сонда жатса керек. Суырып салмаға да (импровизация) іштей дайындық қажет, ондай әзірлікті жырау ауыз әдебиетінен алады, халық шешендігінен үйренеді. Осындай жақсы үйренудің нышандарын Ақтамберді поэзиясынан көреміз [3, 267 б.].

Ақтамберді өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі уақытта бірқатар өлең-жырлары жарияланды. Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындылардың бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап мұратқа, татулыққа үйретеді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінезден сақтандырады. Ақтамберді сияқты жыраулар билеушілердің және халықтың жоқшылық дегенді білмей, молшылықта өмір сүрмек қоғамының мінсіз бейнелерін жасады.

Ақтамберді жыраудың өлең-жырларындағы негізгі сарын – ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң-балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен шайқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп біледі. Ол – суырыпсалма сөз өнерінің жетік өкілі. Шығармалары табан асты шығарылып, ауызекі таралып, ел есінде сақталу арқылы жеткен. Оның жауға шығу туралы өлеңдері қазақ әскерилерінің арасында таралған ұран сияқты болды [2, 16-17 бб.].

Ақтамберді жырау жоңғар басқыншыларына қарсы өліспей беріспейтін шайқасқа шақырған халық жаршысы, өз шығармаларында ол қазақ халқының бейбіт және еркін өмірі туралы, әлеуметтік қайшылықтар жойылып, халықтың ізгі мұраты мен үміті орындалатын заманды армандады. Халық оны жоңғарларға қарсы жорықтар кезінде қол бастап, ерлік көрсеткен батыр, өзінің өжет те өткір сөздерімен қауымға әсері күшті болған жалынды жырау деп санайды. Осының негізінде Ақтамберді өзінің жыраулық өнерінен тыс батырлық қабілетімен де көзге түсті. Бұған оның XVIII ғасырдың 20-жылдары жоңғарлармен болған шайқастарға және қазақ шекарасында туындаған қақтығыстарға қатысуы дәлел бола алады. Оның қазақтардың жоңғарлармен соғыста тек жырлармен ғана емес, сонымен бірге қол бастап соғысқа шығуына осы кездегі аймақтағы геосаяси жағдай себеп болды.

Ақтамберді Қазтуған, Шалгез, Доспамбет, т.б. ақындар сияқты өлең сөзде өздерінің көкірегін қаққан жоқ, сол өздері өмір сүрген ортаның мақсат-мүддесін поэзияға ала келді. Кейбір тарихи мәліметтерді, яғни біз көп байқай бермейтін жайды олар шешендік сөз маржандарымен жеткізді. Кейбір моральдық, эстетикалық мәселелерді де қамти жүрді. Ақын, жыраулардың сөзі қай заманда да жаңа қырынан ашыла береді. Әр ұрпақ, әр ғасыр әрқалай оқып, қабылдауы мүмкін. Терең афоризмдер туралы түсініктер түрліше болуы мүмкін, бірақ нағыз көркемдік маңызы ешқашан жоғалмақ емес. Сондықтан олар халық есінде мәңгі жасап келеді.

Жыраудың бірінші туындылары жас Ақтамбердінің жоқшылыққа ұшырап, адамгершілік-жан күйзелісін бастанкешірген кезеңде туған болса керек. Онда тағдырына налу, жалғыздығына, кедейлігі мен дəрменсіздігіне мұңаю басым. Лирикалық кейіпкер жападан-жалғыз жəне қорғансыз, көп қорлық көріп, өзін жапан жұртта жалғыз қалғандай сезінеді. Ол мұңайып, өзін бар күшін көрсетіп, өзін-өзі қорғай алатындай жасқа тезірек жеткісі келеді. Ол жақсылыққа деген үмітке бөленіп, өзі мен жұрт санасатын күнді армандайды. Оның екінші туындылары табандылық пен ерлік рухынан туған [4, 453 б.]. Ұлы жыраудың пайымдауынша, ел басына қиындық түскенде сыналар жəне елі үшін жанын отқа салуға даяр жігіт қана ер атанбақ. Ақын заманы мұқтаж етіп отырған ер-азаматты үлгі етіп, əр тұста елі үшін ерлік көрсете білуге үндейді.

Даңқты жыраудың артында қалған рухани қазынасының ең негізгілеріне кішкене тоқталып өтсек, оның «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен, ханым, ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» жəне т.б. өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, отансүйгіштік күй-сезімдерге толы. Бүгінде Ақтамберді жыраудың 26 туындысы белгілі. Олар тақырыбы жағынан үш топтан тұрады жəне тиісінше жауынгер-ақын өмірінің үш кезеңін: жастық шағын, толысып, даңқы шыққан жылдарын жəне егде тартқан кезін бейнелейді [4, 554 б]. Ақтамберді жырларында азаттық күрестің басты мақсаты өз алдына ел болу, төгілген қанның өтеуі бейбіт тіршілік, азат ел, мамыражай тіршілік дегенге саяды. Оны «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда тəуелсіз елдің тыныштығын ел арасындағы дау-жанжал бұзбаса, береке-бірліктің құтын қашырмаса деген тілек қатты толғандырады.

Ақтамберді жырлары сол уақыттағы қазақтардың саяси-әлеуметтік жай-күйінен, тұрмысынан, арман-мақсатынан, өмір сүру деңгейі мен қазақ ауылының күнкөріс жағдайынан мол мәлімет береді. Қазақ хандығының бытыраңқылыққа ұшырағанынан соң қазақ халқының жан-жақтан анталап келе жатқан сыртқы күштердің отарлық және жаулаушылық әрекеттеріне қатысты ұстанымдарын көрсетеді. Жыраудың ойынан туған толғауларын сол кездегі халықтың мінез-құлқы мен болмысы, өмірге деген көзқарасы мен жалпы философиясы суреттеледі.  

Жалпы Ақтамберді толғауларының өн бойынан Отанға деген сүйіспеншілік, ерлікті əспеттеліп, ел тəуелсіздігін ардақтаған отты жырларды байқаймыз. Əсіресе жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деген ұзақ толғауының екпіні ерекше. Осы жыры ұзақ толғаулардың бірі саналып, онда сонымен қатар сол замандағы қазақтардың қонақжайлығы мен көшпелі өмірге негізделген тіршілігінің ерекшеліктері айтылады [5, 23-32 бб.].

Ақтамбердінің қаламынан туған жырлар мен өлеңдерінде шығарманың жанрлық ерекшеліктеріне, оның кейіпкерлеріне сипаттама беріледі. Оның жырларында белгілі бір рөл сомдаушы кейіпкердің іс-қимылы мен әрекеттері көрсетіліп, жырау сол арқылы өз ойын суреттейді. Осы тұста жыраудың еңбектерінде сол замандағы халықтың тұрмысы мен тіршілігі және күнкөріс мәдениеті – этнографиясы мен оның құндылықтары да сипатталады. Атап айтқанда, ұлттық наным-сенімдер, қазақтардың дүниетанымы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, күнкөрісі мен мәдениеті шынайы негізде бейнеленген. Оның жырларының халық арасына тез таралуына ықпал ететін басты жағдай – оның жырлары мен толғауларының шынайылығы. Ақтамберді жырларының ең басты құндылығы – тарихи және деректік материал болуында. Оның жыр-толғауларында келтірілген фактілер сол замандағы қазақтардың тарихын зерттеу үшін құнды ауызша деректік материал болып, олар көптеген тарихи оқиғалардың бетін ашуға көмектеседі.

Ғылымда мұндай деректердің әр алуан түрлеріне талдау жасаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Тарих ғылымында тарихи деректерді талдау мен баяндаушы авторлардың мәліметтерін талдауға әртүрлі тәсілдер қолданылады. Деректердің түпнұсқамен дәлдігін анықтау мәтінді айқындауды, деректі түсіндіруді және оның пайда болуын зерттеуді қажет етеді. Деректерді талдау жұмыстарында ауызша мәтінді дұрыс оқу және түсіну, кейіннен енгізілген толықтырулар мен қосымшаларды анықтау, олардың түпнұсқаға қатынасын ашу, егер түпнұсқа болмаса, онда мәтіннің тарихын және бастапқы авторлық нұсқасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сол сияқты Ақтамберді жыраудың да өлең-жырлары ауқымды мәлімет көздерін беріп, ол әлі де толықтырылу үстінде.

Ақтамберді жырларының келесі бір маңызды құндылығы – көркемдік, эстетикалық, танымдық, философиялық негіздерінің өте жоғары деңгейде болуында. Ақтамберді өз жырларында болып жатқан фактіні суреттеп, сонымен бірге айтылып отырған уақыттағы жалпы жағдайды түсіндіреді, табиғатты суреттейді, адамдардың түсінігі мен көзқарасын бейнелейді.  Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік мәні өте терең, сөздерді әдемі нақыштармен келтірген. Оның шығармалары зиялы адамның қолтаңбасын танытады. Оның мұндай сарында жазылған осы күнге дейін қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Тағы бір ерекшелігі Ақтамберді жыраудың өлеңдері мен жалпы оның әдеби қазынасы афоризмдерге толы. Мұндай афоризмдер қоғам мен білімнің дауына ықпал ете алады.

Айта кетерлігі, Ақтамберді 10 жасынан бастап жыр шығарып, өз сөзін өлең шумақтарымен жеткізген. Сондай-ақ ол өзінің жаугершілік заманда туғанын түсініп, 13 жасынан қару асынып, жорыққа шыққан. Осылайша, оның бойында ақындық пен батырлық қасиеттері қатар дамыған. Ақтамбердінің бойындағы ерлік пен нағыз батырға тән қасиеттерді көріп, оның мұндай ерекшеліктерін жыраулық дарыннан бөлек нағыз батыр деп тануға болады. Ақтамберді соғыс қимылдарын өз назарынан қалдырмай, қазақ жауынгерлерін соғысқа бастап, өзі де оның арасында арпалыса қатысқандықтан халық арасында «Жорық жырау» деген атауды иеленді. Оның бойында ақындық пен батырлық қатыр жүріп, жыраулар арасында дара тұрды [6, 15-18 бб.].

Оның батырлық қасиеттерінің бірі – оның жас шағында абайсызда түркмендердің жорығына тап болуы. Бұл кезде қазақтар мен түркмендер арасынан барымташылық насырға шапқан, бір-бірінің ауылдарын шауып тұратын кез болған екен. Ел аралап жүріп, керуенге ілескен ол бір күні түркмендердің тұзағына түсіп қалады. Оның айналасындағы бірқатар адам да қиын жағдайға тап болады. Бірақ өз күшіне кәміл сенген Ақтамберді бірден айла тауып, өзін қоршауға алған адамдардың біразын садақпен атып түсіріп, қоршаудан қашып шығады. Осыдан соң оның халық арасында қайсарлық және батырлық қасиеттері де таралады.

Көріп отырғанымыздай, Ақтамбердінің жыраулық шығармашылығы, негізінен, Отанын, елін, жерін жаудан қорғау, отбасы, ауыл-аймақ, ел намысын қорғауда жан аямау, т.б. ізгі қасиеттерге шақырады. Демек, мұндай қасиеттерді халық арасында дәріптей отырып, жастардың бойына ұлтжандылық пен гуманизмді сіңіру аса белсенді қоғамдық жұмыстардың бірі саналады. Қазақ хандығының саяси өміріне үлкен қауіп төндірген бұл дәуірдің жыраулар поэзиясындағы ерлік тақырыбын, мемлекеттің тәуелсіздігі мен оның даңқын арттыру жолында күрескен батырлардың ержүректігі мен қайтпас қайсарлығын жырлау ең өзекті мәселе болады [7, 395 б.].

Жаугершілік заманда өмір сүрген Ақтамберді жоңғарларды қазақ жерінен ығыстыру үшін қазақ жауынгерлерін өз жырлары арқылы соғысқа үгіттеген. Оның жырларынан сол соғыстың арасына өзі де батырлар сияқты кіріп кетуге дайын тұрғанын байқау қиын емес. Оның шығармаларының көбісінің жоңғарлармен соғысқа үндеуге арналғаны да осының бір айғағы бола алады. Оның батыр ретінде сезінгені өлең-жырларынан анық көрініп тұрады. Жастайынан қанды қырғынды көріп, соғыстың бел ортасында жүргені дала шайырының жігерін жани түскен. Майданда біраз қалмақтың басын қаққан Ақтамберді «Балпаң, балпаң кім баспас, Басарға балтыр шыдамас, Батырмын деп кім айтпас» – деп басталатын толғауында батырлыққа үндеп, дұшпаннан именбеуге ұран салады [8, 212 б.].

Аттан түспей соғыс қимылдарына араласуға аса ықпал еткен жағдай «Ақтабан шұбырынды» болды. Осы себепті ол жоңғарлармен соғыстың алдыңғы сапында жүрді. Ақтамбердінің жыраулық және ақындық өнерімен қатар батырлық, жауынгерлік қабілеттерінің артуына сол замандағы жаулаушылық зардаптары мен жоңғар шапқыншылығының әсері болған. Ол «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген және есін білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп, жыр-толғауға айналған [9, 29 б.].

Бір сөзбен айтқанда Ақтамберді жырау қазақ жеріне үлкен қауіп төндіріп, қазақтарға үлкен қысым жасаған жоңғарларға деген өшпенділігі аса жоғары болды. Ол өзінің қайсар мінезі мен батырлық қабілеттерін осы қалмақтарға қарсы соғысуға үнемі дайындап отыратын болған.  Ол қазақтар мен жоңғарлар арасында 1738 – 1752 жылдары болған ірілі-ұсақты шайқастар мен қанды соғыстардың барлығына дерлік қатысқан. Ақтамберді, әуелде жоңғарлармен және оңтүстіктегі көршілермен болған қанды соғыстардың талауына қатысып, өміріне өте қауіпті сәттерді бастан өткізген. Бұл кезең өзі сондай аласапыран кезеңдердің бірі еді. Соғыста Ақтамбердінің сәтсіздіктерге ұшырап, соғыс майдандарында ауыр халге душар болған кездері де аз болмаған.

Жоңғарлармен соғысу оның өмірі мен шығармашылығына тікелей әсер еткенін де аңғару қиын емес. Қазақ батырларын жауға қарсы қоюда ол тез танылып, беделі артты. Ол, сондай-ақ, Абылай бастаған қазақтардың орталықтанған қазақ мемлекетінің тізгінін қайта ұстауына да ықпал етті. Қазақ жырауларынан тарихшылар Абылай ханның жанына көбінесе Бұқар жырауды қояды. Рас, Баба Бұқар Абылайдың ең жақын кеңесшісі, ой-пікірін бөлісер, ақылдасар адамы болды. Дегенмен, Бұқарды көбіне Абылайдың айналасынан іздей бермеу керек, себебі оның жанынан басқа да жыраулар табылған және солардың бірі Ақтамберді болды. Ақтамберді, Тәттіқара, Жанкісі жыраулар да Абылайдың замандастары болып, ханның жанынан табылған. Олар хан, сұлтандардың көлеңкесінде қалып қоймай, халықты қолтығынан демеді. Батырлық пен ақындық бойларына қабат дарыған ХVІІІ ғасырдағы әдебиет өкілдерінің өзіндік оттылығы мол болғаны осыдан анық байқалады [3, 190 б.].

Ең маңызды факторлардың бірі – Ақтамбердінің заманындағы Қазақ хандығында орын алған саяси жағдайдың құлдырау процесі. Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болған соң оның мұрагерлері хандықты басқаруға дәрменсіз болды. Мыс., Тәуке ханның мұрагері Қайып хан бытырау жағдайында тұрған мемлекетті бұрынғы қалпында берік ұстап тұра алмады. Мұрагерлер арасында таққа талас күшейіп, билікке ынтасы бар хан тұқымдарының, сұлтандардың топтары тарапынан билікке наразылык үдеді. Үш жүздің билеушілерінің өз алдына жеке билік құра бастауы ұлы хандықты қайта қалпына келтіруге кедергі болды. Кіші жүзде беделді хан ұрпақтарынан саналған Әбілқайыр хан хандыққа таласып, алайда хан тұқымдары арасында үлкен кедергілерге тап болды. Мұның салдарынан қазақ даласында жоғары билік жолындағы күрес шиеленісе берді. Мұның өзі Қазақ хандығында ғасырларға жалғасқан дәстүрлі билікті дағдарысқа ұшыратты. Жүздер, тайпалар мен рулар арасындағы өзара жақын байланыс әлсіреді, бұл жағдай ішкі бірліктің шиеленісуіне алып келді. Жүздерді басқарып отырған сұлтандардың аймақтарда сеператистік және автократиялық ықпалы күшейді. Қазақтың барлық жүзінің өз ішінде келте хандары пайда болды. Орталықтанған хандық биліктің әлсіреп, Ұлы жүзде – Жолбарыс, Иман; Орта жүзде – Болат, Сәмеке, Күшік; Кіші жүзде Әбілқайыр сұлтандар билігі орнап, елде ішкі бірлік бұзылып, бытыраңқылық басталды [10, 135 б.].

Мұндай ішкі саяси факторлар Қазақ хандығының тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, қазақ жеріне Ресей империясының отаршылдық әрекеттері мен жоңғарлардың жаулаушылық қимылдары басталды. Осы процестерді өз көзімен көрген Ақтамберді жырау елі мен жерінің болашағына алаңдаған жандардың бірі болды. Ол ұлт жанашыры ретінде қазақ жерін бір тудың астына біріктіретін көшбасшының болуын қалады. Сондай саяси лидер ретінде ол алғашқы сәттен Абылай ханды таныды және оның бүкіл қазаққа хан болуын қалады. Қазақ хандығына Абылай ханның араласа бастауымен аймақта ішкі және сыртқы жағдайдың өзгере бастағаны тарихтан белгілі. Абылай хан Ресей империясымен, Жоңғариямен, Қытаймен жақсы байланыстар орнатып, табысты саясат жүргізді. Қазақтың барлық элита өкілдері Абылайды қолдады, олардың арасында Ақтамберді де болды.

Бүкіл қазақ жерін Жоңғариядан толығымен азат етіп, 200 жылға жуық созылған Жоңғар басқыншылығына нүкте қойған Абылай ханның қазақ тарихындағы ерлігі өте зор. XVIII ғасырдың 50-жылдары өзінің қолбасшы қайраткерлігімен танылған Абылай сұлтан қазақ хандығының ішкі және сыртқы саясатындағы басты тұлғалардың біріне айналған еді. Бұл кезеңде Абылай сұлтан қазақ хандығындағы ең беделді тұлға ретінде танылып, оның билігін шет мемлекеттер де мойындады. Қытай мемлекетімен қарым-қатынасты жақсартып, сауда-саттықты жолға қоюды мақсат еткен ол Бөгенбай батыр және Қабанбай батыр бастаған елшіліктерді Қытайға жіберді [11, 115 б.]. Жоңғар хандығы тағының мұрагерлерінің бірі Әмірсананың Абылайға келіп пана сұрауы бұл кезде қазақтардың беделінің арта бастағанының үлкен белгісі еді. Әрине, Абылай ханның мұндай жетістігіне ықпал еткен оның айналасында жүрген қол бастаған қазақ батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай және қазақтың өзге де батырлары мен билерінің қызметі еді. Ақтамберді сол уақытта Абылайханның жанынан табылған беделді адамдардың бірі болды. Ол өз кезегінде Абылай ханның жанында жүріп, жоңғарларға қарсы соғыс қимылдарында батырлармен, билермен хан кеңесшілермен бірге ханның жақын адамдарының бірі саналды.

Ақтамберді жыраудың тек жыраулық ғана емес, сонымен бірге жоғарыда аталғандай оның елшілік және дипломатиялық қабілеттерінің болғаны да өз алдына бір тақырып. 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысында өкіл болып, Абылай ханның бастамасымен бірнеше дипломатиялық істерге араласты. Ақтамберді Қазақ хандығының сырт елдермен жасасқан көршілік істеріне де араласып, онда бірнеше даулы мәселелерді шешуде түрлі нәтижелерге қол жеткізген. Солардың ішінде Қытаймен арада орын алған түрлі мәселелер [12, 198 б.], ең негізгілеріне шекара асқан қазақтарды қытайлықтардың тұтқындап, малын тартып алуы, т.б. шешуі жатады.

XVІІІ ғасырда Ақтамбердімен қарайлас өмір сүрген Үмбетей жыраудың «Ей, Ақтамберді, Қабанбай!» деп басталатын шағын толғауына назар аударсақ, бұл толғау мазмұнынан Ақтамберді жыраудың өр мінезді батырлығымен қоса, ел арасында туындап жататын әрқилы дауларға да араласып, бітімгер би болғанын аңғаруға болады. Үмбетейдің «Ей, Ақтамберді» деп басталатын он үш жол өлеңінің де тарихы бар. Құн дауы ма, жесір дауы ма, аржағында бір дау бары анық. Ақтамберді қанық жауап алмаса, көңілі көншімейді екен және елдің айтуынша кез келген дауға ақырып келіп, қатты серпінмен кірісетін болған [3, 250 б.].

Бұл туралы Қытай архивтерінде сақталған материалдар негізінде мысалдар келтіруге болады. 1755 жылы Жоңғар хандығы құлаған соң Цин империясы мен қазақ жері, дәлірек айтқанда қазіргі Қытай мен Қазақстан аумағы бір-бірімен шекаралас болып қалды. Бұл жағдай шекарада көптеген мәселелердің тууына алып келді. 1769 жылы Циндік Қытайдың шекарасына бірде 40, бірде 20 бас өтіп кеткен қазақтардың малдарын қайтару үшін Ақтамберді бастаған билер барып, өзара келіссөз жүргізіп, алып қайтады екен. Сонымен қатар шекарадан байқамай өтіп кетіп, тұтқынға түскен адамдарды да елге қайтаруға көмектесіпті. Ақтамбердінің мұндай әрекеттері оның тек ақын, жырау, батыр ғана емес, сонымен бірге дипломат екендігін де көрсетеді [12, 198 б.].

Осы тұста циндік мәліметтерде Ақтамбердінің 1769 жылы Қытаймен келіссөздер жүргізгені айтылады. Ал, біздегі мәліметтер оның 1768 жылы қайтыс болғанын көрсетеді. Демек, бірқатар түсінбеушіліктер туындайды. Бірақ бұл Қытайдың дәстүрлі жыл санауымен осылай көрсетіліп тұрған болуы мүмкін. Сондықтан Ақтамбердінің туған жылы жайлы тұжырымдарды талдау қажет болады. Дегенмен, бұл кезде ортада елшілік-дипломатиялық жұмыстар жасаған осы біз айтып отырған Ақтамберді екеніне көз жеткізуіміз керек.

Ақтамберді жыраудың арманына айналған Жоңғар мемлекеті талқандалып, Қазақстанның шығыс өңірі жау қолынан босатылып, жырау ендігі кезекте аймақтағы бұрын көшіп кеткен қазақтарды ежелгі ата-бабаларының қоныстарына орналастыруға белсене атсалысады. Ақтамберді өз қарамағындағы қазақ руларын отырықшылыққа үйретіп, бұл бағытта арық қазуды, бөген салуды ұйымдастырып, қазақтарды егін шаруашылығына бағыттайды.

Яғни Ақтамберді Сарыұлы өз заманының жыр толғап өткен əрі жырауы, əрі батыры. Оның шығармаларынан елі, халқы үшін еңіреп өткен ер тұлғасын, жақсылыққа бастап, адамгершілік ой түйген терең ойлы ақыл иесін, абзал азаматты танимыз. Өзінің өрелі ойларын жыр кестесіне тізе білген жүйрік тілді шешен ақынды көреміз. Даңқты жырау шығармалары гуманистік, адамгершілік идеяларды көтеріп, елдегі күйкентай пендешілікті, өзімшілдікті сынағанын байқаймыз [5, 30 б.].

Ұлықталуы

Қорыта айтқанда, Ақтамберді – қоғамның, мемлекеттің қыр-сырын жетік меңгерген, өз заманының дүлдүлі. Ол өзінің жыраулық өнерінің арқасында қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосып, сонымен бірге өз шығармалары арқылы қоғамның өмірін бейнеледі, замана жаршысы атанды. Жырауларға тән ол өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтып, артына үлкен мұра қалдырды. Оның толғауларының негізгі тақырыптары – туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау. Ақтамбердінің мұрасын оқып-үйрену барысында халқымыздың атадан балаға мирас болып қалған сөз өнерінің шебер туындыларымен, еліміздің бастан өткен тарихымен таныс болатынымыз анық. Ең маңыздысы, Ақтамбердінің жырлары, яғни ауызекі және әдеби туындылар мен шығармалар арқылы жеткен тарихпен танысудың үлкен мүмкіндігі туындайды. Сонымен қатар Ақтамбердінің ел арасындағы батырлық, елшілік және мәмілегерлік қабілеттері оның халық арасында тез танылуға мүмкіндік бергені айтпаса да көрініп тұр. Осының арқасында ол қазақ тарихында тек ақын, жырау ғана емес, сондай-ақ шебер дипломат, елші сипатында да қалды. Бір адамның басынан мұндай қасиеттердің молынан табылуы сол замандағы өмір талабы мен қажеттіліктері екені айқын көрініп тұр.

Қазақ халқының жадында осындай ерекшеліктерімен сақталған Ақтамбердіні ұрпақ мақтан тұтады және ұмытылмас үшін оның есімі мектеп аттары мен көше атауларына берілген. Мысалы ШҚО-да мектеп атаулары, Алматы және басқа да қалала көшелеріне Ақтамбердінің есімі берілген. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында атақты Ақтамберді жырауға бюст қойылған.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

  1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3 том. – Алматы: Атамұра. – 2010. – 766 б.
  2. Еңсенов Қ. Қазақ хандығында патриотизм рухын қалыптастырудағы жыраулардың рөлі // Қоғам және Дәуір. – 2015. – №3 (47). – 13-17 бб.
  3. Күмісбаев Ө. Шығыс шайырлары. Бес томдық / Өтеген Күмісбаев. – Алматы: РПБК «Дәуір», 2015. – 3-том: Терең тамырлар. – 452 б.
  4. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): бес томдық. 2-том. – Алматы: Атамұра, 1998. – 640 б.
  5. Каренов Р.С. Ақтамберді жырау – қазақтың ежелгі жыраулық мектебінің белді өкілі. Қарағанды университетінің Хабаршысы. «Филология» сериясы. – 2016. – № 2(82). – 23-32 бб.
  6. Ердембеков Б. Дулат Бабатайұлы және Әріп ақын арасындағы поэзия тамырластығы. ҚР ҰҒА ХАБАРЛАРЫ. Филология сериясы. – 2006. – №4. –15-18 бб.
  7. Байпелова Г.С., Абилкасов Ғ.М., Абылкасова Г.М. Жыраулар поэзиясының тәлімдік ойлары мен өнегесі «Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала жырауы» Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. 27 сәуір 2018 ж. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі; Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті. – Қарағанды: ҚарМТУ баспасы, 2018. – 395 б.
  8. Бес ғасыр жырлайды [оқу құралы]: 2 томдық. – Алматы: Жазушы, 1989. – Т.1: 15 ғасыр қазақ ақын-жыраулары / құраст. М. Мағауин. – 384 б.
  9. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Лтд» 2006. – 768 б.
  10. Материалы по истории казахских ханств XV–XVIII веков. (Извлечения из перс. и тюрк. сочинений) / Сост.: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин; АН Каз. ССР. Ин-т истории, археологии и этнографии им. Ч. Ч. Валиханова. –Алма-Ата: Наука, 1969. – 651 с.
  11. Қасымбаев Ж. Абылай хан: Тарих, тұлға, уақыт / Ж. Қасымбаев. – Алматы: Аруна, 2003. – 92 б.
  12. Восточная дипломатия на стыке цивилизаций конец XIV–70-годы XIX века. Сборник документов и материалов. Ред.колл. – Астана: «Ғылым» баспасы. 2015 ж. – 400 с.

Авторы: ӘпендиевТ.Ә., PhD