Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚАБАНБАЙ (ЕРАСЫЛ) ҚОЖАҚҰЛҰЛЫ


Қабанбай (Ерасыл) Қожақұлұлы (1692-1770) –  қазақ батыры, қолбасшы.

Қабанбай батыр өз заманында тек батырлығымен ғана көзге түспеген, сонымен бірге ол – қолбасшы, батыр, ел басқарған көсем және мемлекет қайраткері ретінде танылды. 1718 жылы Аягөз шайқасы, 1724 жылы Түркістанды қорғау шайқасы, 1726 жылы Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Бадам өзені жағасында Ордабасында өткен бүкіл қазақ құрылтайына қатысып, жоңғарларға қарсы жорық жоспарын талқылауға қатысты.

1727 жылы Бұланты-Білеуті өзендері аралығында «Қалмаққырылған» шайқасы, 1729-1730 жылдары Аңырақай шайқасы, 1750 жылдары Шыңғыстаудағы Шаған шайқасы, Тарбағатай жерінде Баспан-Базар, Шорға-Ласты шайқастарына қатысып, қазақ даласын жоңғарлардан азат етуде қолбасшы болды. Одан кейін 1757 жылы Аягөз жерінде қазақ-жоңғардың «Мамыр су» және қазақ-қатай арасындағы «Айтаңсық» келісіміне қатысты. 1758 жылы қазақ-қытай саудасына жол ашқан. 1750 жылдардың соңында және 1760 жылдардың ішінде қазақ-қырғыз және қазақ-қоқан қарым-қатынастарында маңызды рөл атқарды.

Өмірбаяны

Қабанбай батыр қазақ халқының XVIII ғасырда қазақ-жоңғар шайқасы кезінде әскери қолбасшы тұлғаларының бірі болды. Қабанбай батыр қазақ халқының азаттығы жолында көптеген шайқастарға қатысып, қазақ жеріне қауіп төндірген басқыншылық шабуылдарға тойтарыс беріп, халықты қорғаған жауынгер тұлға ретінде елдің есінде қалды. Қабанбай батыр туралы қазақ халқының арасында «Қабанбай батыр қиссасы» деген атаумен бірқатар дастандар мен аңыз-жыр болып жеткен шығармалар бар. Оған қоса тарихи тұлғаның жорық жолдары мен оның батырлығына байланысты Қытай және Ресей архивтерінде деректер сақталған.

Қабанбай батыр Орта жүз Найман тайпасының Қаракерей руының ішінде Тоқтарқожадан тарайды, одан Байжігіт, Байжігіттің ұлдары – Жұмық, Тоғас және Мәмбет. Міне, осы Мәмбеттен – Қожақұл, Қожақұлдан – Есенаман, Есенбай және Қабанбай (Ерасыл) тараған.

 Қабанбай батырдың кенже ұлы Әліден тараған  жазушы Зейнолла Сәнікұлы «Қаракерей Қабанбай батыр» атты еңбегінде батыр бабасының өмірге келген және қайтқан жылдарын тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып: «Қабанбай батырдың қай жылы туып, қай жылы өлгені туралы нақтылы дерек жоқ. Мынадай мөлшер айтуға болады. 1781 жылы Абылай хан қайтыс болғанда Бұқар жыраудың жүзге шыққан жылы Қабанбай қайтыс болғанда «сексеннің сегізінде Бұқар келді» делінген. Олай болғанда Қабанбай Абылайдан он екі жыл бұрын, яғни 1769 жылы дүниеден өткен болады. Қабанбай Қубас атпен серттескенде «жетпіс сегізге мен келдім, отыз сегізге сен келдің» – деген жыр жолдары бар. Яғни, 1769 жылы жетпіс сегіз жасқа келген болса, 1691 жылы туған болады», – деген тұжырым жасаған. Бұл тұжырым қисынға келеді. Қабанбайдан – Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтоқ, Мойнақ және Әлі ден жеті ұлы болған.

Еңбегі

Қабанбай батыр өмірінде 103 жекпе-жек өткізіп, оның бірде-бірінде жеңіліп көрмеген деген мәліметтер бар. Ол 1718 жылы Аягөз шайқасы, 1724 жылы Түркістанды қорғау шайқасы, 1726 жылы Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Бадам өзені жағасында Ордабасында бүкіл қазақ құрылтайына қатысып, жоңғарларға қарсы жорық жоспарын талқылауға қатысты. 1727 жылы Бұланты-Білеуті өзендері аралығында «Қалмаққырылған» шайқасы, 1729-1730 жылдары Аңырақай шайқасы, 1750 жылдары Шыңғыстаудағы Шаған шайқасы, Тарбағатай жерінде Баспан-Базар, Шорға-Ласты шайқастарына қатысып, қазақ даласын жоңғарлардан азат етуде қолбасшы болды. Одан кейін 1757 жылы Аягөз жерінде қазақ-жоңғардың «Мамыр су» және қазақ-қытай «Айтаңсық» келісіміне қатысты. 1756-1757 жылдары Цинь империясы әскеріне қарсы шайқасып, қазақ жерін қорғады. Жоңғардан босаған Алтай және Тарбағатай аймағына қазақ руларын қоныстандыруда Қытайдың Цинь империясы әкімшілігімен келіссөздер жүргізіп, 1758 жылы қазақ-қытай саудасына жол ашқан. 1750 жылдардың соңында және 1760 жылдардың ішінде қазақ-қырғыз және қазақ-қоқан қарым-қатынастарында маңызды рөл атқарды.

Ұлықталуы

Қазақстанда Қабанбай батырдың құрметіне байланысты Алматы, Нұрсұлтан, Өскемен, Семей және тағы басқа қалаларда көшелерге аты берілген. 1991 жылы З. Сәнік пен Б. Садыханұлының «Қаракерей Қабанбай»  атты аңыз, зерттеу және қиссалар жинағы шықты.1993-1996 жылдары жазушы Қабдеш Жұмаділовтың 2 томдық «Дарабоз» романы жарық көрді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті 2019 жылы «Қабанбай батыр» атындағы медаль шығарды.

Мәшһүр Жүсіп: “Тұтас билікке жеткен қазақта Төле биден асқан би болмаған, бойында Қаракерей Қабанбайға жеткен батыр болмаған”.1990 жылы Талдықорған, Семей, Шығыс Қазақстан, Түркия т.б. жерлерде Қабанбайға арнап берілген бес ас, Қазақстанда ас беру дәстүрін жаңғыртқан алғашқы бастама болды. Қазақстанның бірталай жерлерінде батырдың 13 ескерткіші тұрғызылған.