Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ӘБІЛҚАЙЫР МҰХАММЕД ҒАЗИ БАҺАДҮР-ХАН


Әбілқайыр МұхаммедҒази Баhадүр-хан (шамамен 1680 – 17 тамыз 1748) – көрнекті қолбасшы, саяси және мемлекет қайраткері, Кіші орда ханы (1710 – 17 тамыз 1748), Ұлы, Орта және Кіші орда қазақтарының аға ханы (шамамен 1719 – 17 тамыз 1748), қазақтар арасында жаңа Шыңғыс әулетінің негізін қалаушы.

Өмірбаяны

Тарих бізге Шыңғыстан тарайтын осынау тұлғаның қай жылы, қай күні, қай жерде туғаны туралы еш дерек қалдырмапты. Әбілқайырдың әкесі Қажы сұлтан мен оның бауырларының балалары жазда өздерінің ата қоныстары саналатын Жемге (Ембі) жақын Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойын жайлап, қыста Сырдарияның төменгі сағасын, солтүстік Арал маңындағы Қарақұмды қыстайтын. Әдебиеттерде Әбілқайыр қазіргі Қазақстанның оңтүстік батысында 1680 жылы, немесе XVII ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында, кейде 1693 жылы дүниеге келген деп көрсетіледі. Соңғы жорамал бойынша 1693 жылды атайды. Белгілі Шыңғыс әулетінің генеологиясын зерттеуші И.В. Ерофееваның пікірінше «кейінгі кездегі ханның жеке және отбасылық өмірбаянына қатысты нақты белгіленген тарихи кезеңдердің, кейбір хронологиялық ақпараттардың  сәйкес келмеуі сенімсіздік тудырады», – дейді [2, 123–124 б.]. 

Әбілқайыр әулеті XV ғ. ортасында Керей сұлтанмен бірігіп Шығыс Дешті-Қыпшақта, Жетісудың  солтүстік батысында Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек сұлтанның сегізінші баласы  қазақ сұлтаны Өсеке ұрпағынан тарайды. Ресей дипломаты, полковник  Құтлұмбет (Мамет мырза, орысша – Алексей Иванович) Тевкелевтің 1748 жылы Ор бекінісінде Әбілқайырдың өз аузынан жазып алған дерекке сүйенсек, Шыңғыс тұқымының түп тармағы Өсеке сұлтанға төрт атадан барып қосылады: Қажы (әкесі) – Ырыс (атасы) – Айшуақ (бабасы) – Бөлекей-Қоян  (арғы  атасы) – Өсеке. Билеушінің ресми дәрежесінің толық нұсқасы – «Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баhадүр-хан, Қажы сұлтан ұлы» немесе оның  қысқаша және хан мөрінде таңбаланған түрі «Әбілқайыр хан, Қажы сұлтан ұлы» [2, 121, 123 б.].

Әбілқайыр шамамен 1695 жылдан кейін қайтыс болған Қажы сұлтанның ортаншы ұлы еді. Тарихи аңыздарда Әбілқайыр ата-анасынан және әкесі жағынан етжақын ағайындарынан жастай айырылған делінеді. Ағайындарының аздығы мен Шыңғыс әулетінің кіші тармағынан тарағандығы өмір бойы оның басқа ықпалды Шыңғыс тұқымының басымдығын сезініп қазақтың үш ордасының ханы түгілі – Ұлы, Орта және Кіші ордалардың ханы болуына да кесірін тигізумен болды. 1762 жылы Оңтүстік Оралдың алғашқы тарихшысы П.И. Рычков (1712–1777) шыңғыс әулетінен тараған Орта орда хандары «Әбілқайырдың шыққан ортасына қарағанда өз тектерін әлдеқайда жоғары қояды» – деп атап көрсеткен болатын  [3, 71 б.].

Көшпелі тұрмыстың қатал шындығы, Шыңғыс тұқымының мінезін шыңдап, оның күш-қайратының, ой-өрісі мен адами қасиеттерінің қалыптасуына, билік шыңына көтерілу жолындағы жалғыздығы мен қиындықтарды қайыспай жеңуіне, ерік-жігерінің мұқалмай, өз ақылы мен күшіне ғана сеніп, өз абыройын әрдайым жоғары ұстауға үйретті. Өз басына тән жеке қасиеттері Әбілқайырдың әрі қарайғы саяси қызметі барысында, көшпелі қоғамның дәстүрі мен қарсыластарының пікіріне қарамастан, күрес жолында жалғыз қалып отырса да, билеуші ретінде әрдайым көздеген мүддесіне қол жеткізіп, өз билігін жүргізуде жарқын көрініс тапты.

Халық арасында тараған аңыз бойынша атақты Жәнібек батыр (1751 жылы қайтыс болған) сайын далада жалғыз ағаштың көлеңкесінде ұйықтап жатқан жас жігітке кез келіпті. Батыр атын кілт тоқтатып, найзасының ұшымен жігіттің қолынан жеңіл ғана түрткен екен. Осы қимыл бозбаланы ұйқысынан оятып жіберген, ол көзді ашып жұмғанша атып тұрып, жанында жатқан жебесін ала сала бейтаныс жанның кеудесін көздеген. «Тоқта, есуас, тоқта, – деп батыр айқай салады, – жебеңді түсір. Мен – Жәнібек деген боламын, сен естіген боларсың мүмкін. Саған жақсылық ойлаймын, [мен]  саған жау емеспін, доспын!». Бозбала жауап ретінде былай деген екен: «Сен даңқты Жәнібек болсаң да, ешкімнен тәуелсіз және сенен ештеңе де сұрамаған кісіні босқа мазалауға қалай дәтің барды! Мен бөтен біреудің, аттан түспей тұрып найзаның ұшымен түрткеніне жол береді ме екенмін. Мен жарлы болсам да, намысым бар. Сен, Жәнібек, солға қарай жүре бер! Мен, Әбілқайыр сұлтан, оңға жол тартамын!… Ей, Жәнібек «қараларға» қашаннан бері батылдық пайда болып, ақсүйектердің алдында көргенсіздік танытатын болған?» Әрі қарай аңызда Жәнібектің бозбаланың көзсіз батылдығы мен дөрекілігіне қайран болғаны айтылады. Ол өзінің қасындағы қоршаған нөкерлерінің шексіз таңданысына қарамастан, өз кезегінде сәйгүлігінен түсіп бітімгершілікке шақырудың белгісіндей сұлтанға бірінші болып қолын созады. Одан соң бозбала да үн-түнсіз жебесін төмен түсіріп, өз кезегінде айбынды батырдың қолын алады. Осынау бір-біріне білдірген құрметтен соң, бізге жеткен аңызда айтылғандай Жәнібек батыр Әбілқайыр сұлтанмен ұзақ әңгіме-дүкен құрған екен. Батырдың әңгімеден ұққаны, ақсүйек төре «жарлы, жалғыз, көтерем көк аттан басқа тұлдыры жоқ» екен, содан оған өзінің көмегін ұсынады, аздап ой елегіне салған Әбілқайыр ұсынысты қабыл алады [2, 126–127 б.]. Содан бастап батыр мен болашақ ханның жолы екі айырылған емес.

Қоғамда танымал және беделді батырлардың, сондай-ақ сұлтандар, белгілі қолбасшылар және билер мен қазылардың қолдауы көбіне қайсыбір ханның күшін, билігін, ықпалын, әлеуметтік дәрежесінің деңгейін айқындайтын, өйткені бейбіт заманда үлкен қашықтықта орналасқан көшпелі халық «ханның қарауынсыз да ұзақ тіршілік кеше беретін еді» [4, 471 б.], «ханнан келетін қорқыныш жоқ», дегенмен «кейбіреулер хандары мен сұлтандарына жеке құрмет көрсеткенімен… тікелей шексіз мойынұсынудан аулақ болатын. Сұлтандардың билігі қырғыз-қайсақтардың тілегі мен жалпы пікіріне жауап бермесе, олар ондайларды биліктен тайдырып, өздеріне басқа билеуші сайлап алатын кездері жиі кездеседі» [2, 63 б.].

Тағдыр Әбілқайырға қиын-қыстау сынақ дайындап қойған еді. Кіші орда қазақтары Ресей бодандарының, ең алдымен Еділ бойының қалмақ-буддистері тарапынан шабуылға ұшырап отырған, бұл көшпелі халықтың тарихи отаны Жоңғария болып табылатын. Аюке (1642–19.02.1724) – Қалмақ ордасының алғашқы ханы (1690–1724) көшпелі халықтың жігерлі, шешімді, қуатты, ақылды, көреген билеушісі болды, патша үкіметінен қолдау ала отырып, ең мықты деген қарулармен жасақталған ол тек Ресей жағындағы соғыстарға қатысып оның шекарасын қорғап қоймай, патшаның енжарлығын арқа тұтып, өзінің жазасыздығын пайдаланып, көрші халықтарды аяусыз қырып-жойған, оларды қоныс тепкен жерлерінен қуып, тұтқиылдан шабуылдап, алым-салық төлеуге мәжбүрлеп, тұтқынға алып отырған.

Аюке хан жас Әбілқайырға, оның қалмақ ұлыстарында еркінен тыс болған қысқа уақыт ішінде, атап айтқанда, қатаң әскери-саяси ұйымдастыру жүйесі, жылдам да мықты атты әскері, орыс билігінің өзімен санасатын күшті және  өктем дербес хандық дәрежесі үлкен әсер қалдырған. Қазақ сұлтаны қалмақ ханының артықшылығын, сол кездері ішкі басқару жүйесінде, сондай-ақ сыртқы саясатта қайсыбір дербестігін сақтап отырғанын көріп байқады. Бізге белгісіз бір жағдайлардың себебімен Әбілқайыр сұлтан қалмақтардан өзінің туған жеріне оралады [2, 130 б.]. Әбілқайыр сұлтанның басты қасиеті ол жаңашылдыққа, пайдалы нәрсені қабылдауға бейім болды және одан кейінгі қайнаған әскери қызметіндегі оқиғалар көрсеткендей ол қалмақ билеушісінің қабілетті «тәлімгері» болды. Бұған ханның қалмақ ұлыстарына қарсы 1719, 1723–1726 жылдары әскери жорықтары дәлел бола алады.

Тарих Әбілқайырға башқұрттардың Ресей самодержавиесінің отаршылдық саясатына қарсы күресіне қатысуға мүмкіндік берді. Жалпы жұртшылыққа белгілі болғандай, Башқұртстан Ресей мемлекетіне қосылғасын орыс отаршылдары халықты өз жерлерінен ығыстырып қана қоймай, әскер қатарында қызмет атқаруды барша ер азаматтарға міндетті етіп бекіткен болатын. 1704–1711 жылдарда болған  башқұрт көтерілістері басшыларының бірі Қырым және екінші Азов соғыстарында көрсеткен  ерлігі үшін І Петр өзі марапаттаған (1694 ж.) старшина, тархан Алдар Есенгелдин (орысша  құжаттарда Алдарбай Исекеев, 1670–16.05.1740) болды.

 І Петрдің шығыстағы саясатын насихаттаушы П.И. Рычков, Ресей Оралдың шығыс бетін отарлауын ақтай келіп, «…швед соғысының жеңіспен әрі салтанатты аяқталуы шын мәнінде, Ұлы Петрге ерекше қамқорлыққа алуына… жоғарыда аталған қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қалыптастыруға… және де өзінің батырлық ниетімен түстіктегі Азияға жол ашады, ал ерікті башқұрт халқын мәңгілікке ауыздықтауға мүмкіндік береді» деген болатын [5, 6 б.].

Тархан Алдар Есенгелдин башқұрт халқын басқару үшін Қырым хандығына Шыңғыс әулетінің ішінен басқалардың қатарында Әбілқайыр сұлтанды да хан тағына тартуға талап етеді. XVIII ғ. 30-жылдарындағы жазбаша материалдарда «башқұрттардың соңғы төңкерісінде Алдар жолдастарымен өздеріне жоғарыда айтылған Әбілқайыр сұлтанды шақырады, сол кезде оны хан деп атады…». Бүлікші Башқұрт даласында қазақ сұлтаны жауынгерлік істерінде өзінің қайсарлығымен, ерлігімен, өрлігімен ерекшеленеді, сөйтіп оның аты орыс бітімгерлік хабарламаларында жазылды. Осылайша Әбілқайырға Қазақ даласынан шалғайда танымалдылық келді, сондықтан да 1710 жылы оның «Өзін Кіші ордада ерекше хан етіп тағайындауына» ықпал етті.

Әбілқайырдың башқұрт төңкерісшілерінің ортасынан тез арада кетіп қалуы, 1710 жылы қыста батырлардың, ең алдымен Бөкенбай Қарабатырұлының (1667–1742)  бастамасымен Қарақұмда қазақ атқамінерлерінің қатысуымен өткен тарихи құрылтайға да тікелей байланысты еді. Арал маңындағы Қарақұм жері Кіші және Орта орда көшпелі қазақтарының қолайлы қыстауы болуымен бірге, дәл сол тұста геосаяси жағынан Қазақ хандығының оңтүстік батыстағы шекаралық ауданы болды және Кіші орда көшпелілері ойрат тайпасының жер иеліктерімен тығыз араласып жатты. Қарақұмнан оңтүстікке қарай Қалмаққұм шатқалында, Қарауылтөбенің осы аттас құдықтарына жақын жерде, Қарауылхан иелігінде және басқа да жерлерде XVIII ғ. бірінші жартысында жоңғар стационарлық қарауылдарының бекінісі орналасқан еді» [2, 84 б.].

Жаудың тап іргесінде, 1710 жылдың қысында Қарақұм  алқабында Кіші орданың Алшындары «бір-бірін соңғы қасық қаны қалғанша жаудан бірауыздан қорғауды күшейтуге күш жұмылдыруды пайдалануға ақылдасу үшін» құрылтайға жиналды. Дәл осы жиынға келгендердің арасында рухы әлсіздер өз әлсіздігін байқаған болса, қонтайшының мейірімділігінен қауіпсіздік іздеуді ұсынды; кейбіреулері үй-жайын тастап Еділ асып қашуды ойластырған еді, ал кейбірі осындай қорқақ қояндарға жан-жаққа тарап кетуді тілеп көпшіліктің сенімділігіне іріткі салды. Алайда сол кезде батылдығымен танымал болған Бөкенбай қолбасшы олардың мұндай бастамасын түп-тамырымен жойып жіберді. Қырғыздар айтады: қызу пікір айтыс кезінде ол үстіндегі киімінің дал-дұлын шығарып, кеңесшілердің ортасына қылышын қадап, ышқына былай деген екен: «Жауларымыздан кек аламыз! Қолымызға қару ұстап мерт боламыз! Талан-таражға түскен көшімізді, айдауға кеткен балаларымызды сырт көз ретінде тамашаламайық! Қыпшақ жазығының батырлары жаудан тайсалып па еді?! Сақалыма әлі ақ кірмесе де, қарсыластарымның қанына өз қолымды боядым. Ендігі жерде жауларымның озбырлығына самарқау қарай аламын ба? Жарау аттарымыз жетерлік! Қынымыздағы өткір қылыштарымыздың жүзі мұқалған жоқ!» Осыдан кейін барлығы Бөкенбайдың кеңесіне құлақ асуға салтанатты түрде ант етті. Олардың құлшынысы шегіне жеткені соншалық, кейбір қолбасшылар анттарының берік екендігін көрсету мақсатында жараларының қанын сорғалатып орталарында жанып жатқан алаудың отына төседі. Ант қабылдағаннан кейін жалпылай құлшылық жасалды, содан соң құрбандыққа шалынған ақбоз аттың етінен дайындалған тағаммен бөлісті. Осы арқылы олар одақтарының мызғымас беріктігін көрсетпек болды. Ордалар осы уақытта Әбілқайыр сұлтанды, хан әулетінің үлкен ұлы ретінде сайлап, Бөкенбайды игі халқы жолбасшы етіп тағайындады» [6].

1580 жылы Хақназар ханның қазасынан кейін белгілі болғандай, Қазақ хандығының тағына  Жәнібектің тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтан отырады, ал олардың ұрпағы XVIII ғ. басына дейін мемлекеттің әр тарапында тұтас билік құрып келген.  130 жылдан соң, 1710 жылы Арал өңірінің солтүстік-шығысында алғаш рет басқа әулеттің өкілі, Жәнібек сұлтанның сегізінші ұлы Өсеке сұлтанның ұрпағынан Әбілқайыр сайланды. Содан кейін Әбілқайыр хан жоңғарлар, еділ қалмақтары, жайық казактары, башқұрттарға қарсы сәтті өткен әскери қақтығыстардың нәтижесінде төре мен қазақтардың арасында өз үстемдігін құрып бедел ала бастады, оған дарынды қолбасшы, баhадүр деген лауазым беріліп, өз  заманындағы беделді батырлардың қолдауына ие болады.

Айтпақшы, И.В. Ерофеева өзінің жаңа зерттеуінде [7] тарихи ғылымда «орын алған» қателіктерді түзеткенін айта кетейік. атап айтқанда, оның пікірі бойынша, өткен ғасырдың ортасынан бері соңғы уақытқа дейін айтылғандай, 1710 жылғы құрылтайда халық алдында жарқын да батыл сөз сөйлеген Орта орданың Қанжығалы тегінің Арғын руынан шыққан жас батыр Бөгенбай Ақшалұлы (1690–1775, немесе 1776, не 1778 ж.) емес, яғни Кіші орданың Жетіру ұрпағының Табын тегінен шыққан хас батыр – Бөкенбай Қарабатырұлы. Я.П. Гавердовскийдің «Қырғыз-қайсақ даласына шолу» («Обозрение киргиз-кайсацкой степи») деген еңбекте берілген деректерді анықтап оқыса және оған құрылымдық талдау жасағанда келесідей қисынды шешім табуға болады, 1710 жылғы құрылтайда Кіші орда өкілдері басым болды. Осы құрылтайда хан болып сайланған Әбілқайыр ендігі жердегі өзінің жалындыәскери-саяси қызметі үшін өте беделді жақтасы ретінде даңқты халық батыры БөкенбайҚарабатырұлын тапты.

Кіші орда тайпаларының құрамына 25 рулық топтар кірді, олар түрлі бөліктерге бөлінетін еді. 1731–1732 жылдары және 1748 жылы Әбілқайыр ханның ордасына екі рет барған А.И. Тевкелевтің мәліметтері бойынша «Алшын мықты ру, ал Алшын екіге бөлінеді, яғни Қаракесек және Байұлы. Қаракесек бәрінен де мықты, одан алты ру тарайды, атап айтқанда: Шекті, Қаракесек, Шөмекей, Төртқара, Қаракете, Қарасақал. Осы алты рудың егесі Әбілқайыр болды» [8, 183 б.]. Екінші бөлігі Байұлы сәл әлсіздеу болатын, дегенмен оның құрамына алдыңғы топқа қарағанда екі есе көп ру кіретін: Адай, Жаппас, Алаша, Байбақты, Масқар, Беріш, Таз, Есентемір, Шеркеш, Тана, Қызылқұрт, Алтын және Ысық. Тәуке ханның аңызы бойынша шоғырланған қалған жеті ру өздерінің атына сай Жетіру деп аталады: Табын, Тама, Кердері, Керейіт, Төлеу, Рамадан және Жағалбайлы. 

Осыған орай тектік белгінің дәстүрлі жүйесінде Кіші орданың қазақтары «Алшын» этнонимімен аталады. Міне осы этнонимді Әбілқайыр хан өзінің Ресей билігімен жазысқан хаттарында пайдаланған. Аңызға сенсек Кіші орданың қазақтары мифологиялық арғы аталарының үшінші, кіші ұлы Алаш немесе Қотан–Алшын / Қарашора және т. б. бастау алған екен, олардың өз кезегінде үш ұлы болған – Әлім, Қадырқожа және Қарт-Қазақ, бұлардан Кіші орданың басты үш тобы тарайды – Әлімұлы, Байұлы және Жетіру. Олардың тектік құқы бойынша аты аңызға айналған биік дәрежелі жағдайы Әлім бабаларының ең ірі ұрпағы Әлімұлына тиесілі. Әлімұлынан төменгі дәрежеде Байұлы ұрпақтары, одан соң Жетіру тұрады, оның  керісінше болуы  мүмкін емес.

Н.Е. Масановтың пікірі бойынша, XVIII ғ. бірінші жартысында Әлімұлының ықпалы күшейе бастаған, олар ірі тұлға Әбілқайыр ханға оның билікке қолжеткізуі кезінде және осы шыңғыс тұқымының өкіліне рулас топтардың басын біріктіру қызметіне, сыртқы руларға, ең алдымен жоңғар-қалмақ өктемдігіне қарсы төтеп беру мақсатында оларды шоғырландыруға қолдау көрсетті [8, 195 б.].

XVIIІ ғ. басындағы Кіші орда қазақтарының саны туралы  дереккөздер ештеңе айта қоймайды. Я.П. Гавердовскийдің (1803 ж.) мәліметтері бойынша Кіші орда қазақтарының саны 167 700 отбасын құраған, ал Г.И. Спаский 1820 жылы 158 200 отбасы деп баға берген екен [8, 180 б.]. Егерде ортағасырдың соңына қарай әрбір мұсылмандық ортадағы отбасында 6 адамнан болды дегенді есепке алсақ, онда Кіші орда қазақтарының саны орташа есеппен 1 млн адамды құрады. Беделді мәскеулік зерттеуші Н.Е. Бекмаханованың есебі бойынша үш ордада 1850 жылдары 4 931 286 қазақ өмір сүрген, оның ішінде 1 048 537 адам Кіші ордада, яғни біздің есебіміз бойынша қазақтардың жалпы санының 21,3% құраған. Дегенмен біздер келтірген сандық мәліметтерде үлкен қателік кететінін естен шығармауымыз керек.

Үш жағынан басқа көшпелі ел, жартылай көшпелі жұртпен және отырықшы халықпен (еділ қалмақтары, жайық казактары, башқұрттар, түрікмендер, қарақалпақтар) қоршалған Кіші орда жиі әскери тайталасқа түсіп, бірде мал-жанды айдап кетіп отырса, бірде өздері малдарынан, жайылымдарынан, сулы аймақтарынан, жауынгерлерінен айырылып отырған, тұтқындарды көбіне Хиуа мен Бұқарадағы құлдар базарына жөнелтіп отырған. 1715 жылдың басында, 1717 жылдың қысында және 1720 жылы. Әбілқайыр қазақтардың үлкен әскерімен (10 000 және 20 000 адам) башқұрт жұрты арқылы Қазан губерниясына шапқыншылық жасайды, сөйтіп ол жерде Новошешминск казактар станицасын қиратады. 1717 жылы ол тағы да кең даланың басқа жағына атты әскермен ұзақ шақырымдық жорыққа аттанады: Аягөзде Әбілқайыр хан мен аға хан Қайып 30 мыңдық қолмен жоңғарлармен шайқасқа түседі. Алайда бұл әскери әрекетте қазақ билеушілері сәтсіздікке ұшырайды, дегенмен үш жылдан кейін Әбілқайыр оның қарымын қайтарады. 1717–1718 жылдары Қайып және Әбілқайыр хандардың жоңғарларға қарсы Ресеймен бірлесіп әскери жорық жасау туралы ұсыныстары ресейлік үкімет тарапынан қолдау таппайды. Олар Жоңғарияның Цин империясымен күресінің әлсіреуін қаламаған еді, өйтпеген жағдайда шығыстан Ресей және батыстан Қытай ортақ шекараға шығуы әбден мүмкін еді.

1715 жылы Тәуке ханның өлімінен кейін біріккен Қазақ хандығының барлық өкілеттілігі аға хан Қайыпқа өтті, алайда 1718 жылы оны Орта ордада өзінің қарсыластары өлтіреді. Аға ханның орны тағы босап қалады. Сол уақытта хандардың арасында жас жағынан ең үлкені, көптеген әскери жорықтарда күш пен бедел жинаған Әбілқайыр ол орынға шын мәнінде үміт арта алмайтын еді. Өйткені, ол қазақ билеушілерінің ішіндегі Шыңғыс тегінің кіші буыны – Өсекенің  ұрпағы  болғандықтан, Тәуке және Қайып хандардың ұрпақтарымен осы жерде бәсекелес бола алмайды. Алайда Әбілқайыр Шыңғыс әулетінің тек Жәдік  ұрпағынан ғана аға (ұлы) хан сайлау туралы осы бір қалыптасқан дәстүрді алғашқы болып бұзды. Оның тез арада биікке көтерілуі, ең алдымен хандардың әскери қолбасшы ретіндегі әлеуметтік мәнімен байланысты деп саналады. XVI ғ. 80-жылдары және XVIIІ ғ. 80-жылдарының басында қазақтардың бірегей мемлекетін 11 аға хан кезек-кезек басқарған екен, соның ішінде 1719 жылдан бастап Әбілқайыр хан да басқарды [7, 23 б.].

1722 жылы 20 желтоқсандағы Қытай императоры Кансидің қазасынан кейін саяси сахнадан кетуі, жаңа император Юнчженнің (1722–1735) жоңғарларға бейбітшілік және Қытайдың солтүстік шекарасынан қытай армиясын алып кету туралы ұсынысы, 1723 жылы ақпан – наурызында жоңғарлардың оңтүстіктегі қазақ қоныстарына шапқыншылық жасауына жол берді. Жау елді ойрандап қана қоймай, аса маңызды қалаларды басып алды, соның ішінде Ташкент пен Түркістан да бар, сөйтіп қазақтар өз атамекенін тастап бас сауғалап Памирге дейін босып кетті.

Халық үшін ауыр соққан «Ақтабан шұбырынды» кезеңінің алғашқы айларында Әбілқайырдың әскери таланты байқалды. Ол «шын мәнінде, жаудың мың сан қарулы жасағының оңтүстік елдерге тұтқиылдан шапқан әрекетінен сансыраған, әбіржіген халықты тез арада есін жиғыздырған, сондай-ақ қысқа мерзімде қол астындағы тайпаларды жоңғар шапқыншыларына қарсы ұйымдастыра білген –  шыңғыс тұқымынан шыққан жалғыз қазақ билеушісі еді», – деп ресей тарихшысы Т.И. Сұлтанов өзінің «Рождение казахской государственности» кітабында атап кетеді [9, 96 б.].

Қазақтың кең байтақ даласының солтүстік және оңтүстік шекараларындағы күрделі халықаралық жағдайға дер кезінде баға берген Әбілқайыр 1723 жылы тамызда қазақ пен қарақалпақтардың біріккен жиырма мыңдық жасағымен Арал өңірінен қазақ елінің солтүстік батысына қарай жедел арада туралай шабуыл жасайды, сөйтіп Аюке ханның туысқан жоңғарлармен арадағы әскери одағына жол бермеу үшін еділ қалмақтарына алдын ала соққы берген. Әбілқайыр ханның Жайыққа жақындап қалғаны туралы хабар қалмақ тайшыларын тез арада өзеннің сол жағалауынан Красный Яр жаққа қоныс аударуларына мәжбүр етті, ал Аюке ханның бейбіт келісімге келу туралы бітімгершілігін Әбілқайыр хан қайтарып тастады. 1724 жылы ақпандағы Аюке ханның өлімі, жергілікті губернаторлардың қалмақтарға кешігіп жеткен әскери көмегі, қазақ, қарақалпақ және башқұрттардың, Әбілқайырдың батырлар жасағының жаулап алу операциясының жалғасуы ақыр соңында еділ қалмақтарының әскери мүмкіндігінің күйреуіне әкеліп соқты, дегенмен түркі халықтарының отряды жағынан шығын үлкен болды. Кіші ордаға іш жақтан шабуыл жасау қаупі осылайша сейілді, сөйтіп Әбілқайыр өзінің жасағын оңтүстікке бағыттады, 1724 жылдың күзінде Түркістанды, содан соң Ташкент пен оның төңірегін шапқыншылардан босатты. Тек қана жауларының сан жағынан басымдығы 1725 жылғы көктемде Әбілқайырды Бұқараға уақытша қоныс аударуға мәжбүрледі. 1726 жылдың күзінде Әбілқайыр, Орта орда ханы Сәмеке мен  Барақ және Есім сұлтандар басқарған жасақтар қайтадан қалмақ ұлыстарымен шайқасты. Екі жақ тек 1728 жылы күзінде ғана бітімгершілік жасайды.

Шайқастарда қайтпас қайсар Әбілқайырдың әскери ерліктерін ескере отырып, шамамен 1726 жылы соңы – 1727 жылы басында Арал өңірі Қарақұмда өткен қазақтардың үш ордасының құрылтайында дәрежесіне сай Әбілқайыр ханды қазақ біріккен әскери жасақтарының бас қолбасшысы етіп сайлайды. Қолбасшы ретінде халық жасақтары арасында Әбілқайыр үлкен жұмыстар жүргізді, олардың отансүйгіштігі мен жоғары моральдық рухани жігерін марапаттап отырды. Қолбасшы қабылдаған шаралар 1727 жылы жемісін бере бастады, жоңғар армиясының жеңілмейтіндігі туралы аңыз жоққа шығарылды. Ұлытау тауларының Қарасиыр деген жерінде, Бұланты-Белұят өзендерінің аралығында, Сарысу өзенінен батысқа қарай (қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы) қазақтар өзінің мызғымас орасан зор күш-қайратын сезінді. Шайқас болған жер атаулары тарихта «Қалмақ қырылған» деп қалған. Шамамен 1730 жылдың көктемінде Балқаш көлінен оңтүстікке қарай 125 шақырым Аңырақай деген жерде қазақ жасақтары мен жоңғар арасында ірі шайқас болды. Жоңғарларға қарсы жүз жылға созылған соғысқа осылайша түбірлі өзгеріс енді: қазақтың басы барынша біріге  бастады, туған жерін қорғауда табандылық, ерекше жанкештілік пен отансүйгіштік көрсете білді.

Күрделі де түсініксіз халықаралық жағдайда қазақ мемлекеттілігін сақтау қажеттілігін халық пен оның билеушілерінің арасындағы ішкі тайталастарға тоқтау салуды көздеген, сондай-ақ қазақтың бай-билерінің бітімгершілік келісім-шарт жасауын және Ресеймен әскери одақ құру туралы шешімін қолдай отырып, Әбілқайыр хан өз мүддесін орындау мақсатында одан да батыл қадам жасап, Ресейдің қол астына еркімен бару жөнінде бастаманы көтеруді өз жауапкершілігіне алды. Бұл жағдайда оның жеке өзіне тән қасиеттері де шешуші рөл атқарды. 1730 жылы өзінің қарауындағы батыр Сейітқұл Қойдағұлұлы мен Құтлымбет Қоштаев би бастаған елшілігін Уфа өкілі  арқылы Ресей астанасына жібереді.

Сол кезде Романовтар әулетінен басқа ханға қамқорлық көрсететін көршілес елден таңдау жасайтын ешкім болмады. Осы уақытта өзінің саяси мансабында алғашқы қадамын императрица Анна Иоанновна (1693–1740) жасай бастаған болатын, ол шетелде өткізген 18 жылдан кейін таққа отыруға шақырылып, 1730 жылдың 28 сәуірінде (9 мамыр) дворяндардың қолдауымен толықтай жеке басқару (самодержавие) шартымен таққа отырғызылды. Императрицаның сыртқы саясаты оның ағасы I Петрдің өзіне белгісіздеу қазақ жерлерін ішкі Азияға енетін «кілт пен қақпа» деп қарастыратын саясатын жалғастыру ғана болатын.

Әбілқайыр ханның елшілігі Петербургте үлкен құрметпен қабылданды, императрица  өтінішіне қуана сый көрсетіп, 1731 жылы 19 ақпанда Кіші орда қазақтарын Ресейдің бодандығына қабылдау туралы грамотаға қол қойды. Елшілік қазақ жеріне бай сый-сияпаттармен бірге ерекше миссия жүктелген аудармашы А.И. Тевкелевтің басқаруымен, әскери күзет пен екі офицер-геодезистерді ілестіріп қайтты. Дипломатиялық миссия құрамында, сондай-ақ дала қазақтарының арасында үлкен құрметке ие беделді башқұрт қолбасшысы әрі батыры Таймас Шаимов болды. Ресей өкілдерінің қолында сыртқы істер мемлекеттік коллегиясынан іс-әрекет ету жазбаша түсірген бағдарламасы – 12 тармақтан тұратын, яғни далалықтарды Ресей бодандығына қалай тарту керектігі жайлы айтылған «Нұсқаулық» болды. Ол үшін бір миллион рубльге дейін жаратуға рұқсат етілді. Дипломатиялық миссияның міндетінің бірі барлау мағлұматтарын жинақтау болды: жергілікті өңірді сипаттау, жергілікті халықтың тілі, салты, дәстүрі туралы ақпарат, бодандықты қабылдаған түрлі деңгейдегі халықтың көңіл-күйі.

1731 жылдың 5 қазанынан бастап 1732 жылдың 24 қарашасына дейінгі аралықта А.И. Тевкелев Әбілқайыр ханның ордасында болады. Сол жерде анықталғандай, Ресейдің бодандығын қабылдау Әбілқайыр ханның жеке бастамасы болған. Кіші орда ақсүйектерінің едәуір бөлігі Ресей бодандығына өтуге үзілді-кесілді қарсы болды. Дала билеушілерінің қарсылық білдірген тобы тарапынан келіссөз жүргізуге ашықтан ашық кедергі келтіргендері тіптен ресейлік елшілерді өлтірмекші болғандары да болды. Сондықтан да дипломатиялық миссияның күзеті Әбілқайыр ханның үлкен ұлы – Нұралы сұлтанға жүктелді. Далалық ақсүйектер көбіне, яғни олардың еркіндігіне қол сұқпайтын сенімді әскери одақтас қарастыруды басшылыққа алды және тәуелсіздігін жоғалту туралы мүлдем сөз қозғалмауы керек еді. «Бодандық» дегеннің мағынасын әр тарап өздерінше қабылдап түсінді. Ресей империясына өздеріне көршілес елдердің мемлекеттілігін бірте-бірте жою үшін үстірт себеп-салдар және заңды негіз қажет болды. Мол сый-сияпаттар, иландыру, ақсүйектерге пара беру, қорқытып-үркіту, батырлар мен төрелерді мәмілеге тарту, мырзаның батыл сөз тастауы – далалықтардың ділін (менталитетін) жақсы зерттеп білген Тевкелев барлық қолжетімді әдістерді пайдаланып бақты.

1731 жылдың 10 қазанында Ырғыз және Тобыл өзендерінің аралығындағы Майтөбе шатқалында Әбілқайыр хан және қолбасшы дәрежесіндегі 29 адам, соның ішінде басқа қолбасшыларды осы іске үгіттеген Бөкенбай батыр, сондай-ақ оның күйеу баласы Есет батыр және немере інісі Құдайменді мырза Құран ұстап тұрып Ресейдің бодандығына өтуге ант берді [5,  18 б.]. Ресей тағына адалдығының белгісі ретінде Әбілқайыр хан Ресейге өз ұлдарын аманат етіп жібермекші болып міндеттелді. Осы жиында Әбілқайыр ақсүйектер алдында ақталып жатпады, төтесінен қатаң түрде тек құрметті дәрежелі хан болып қоймай, шынайы саяси билікке ие болатындығын, яғни «ол хан, тек хан атағын алып жүр, ал иелігіндегілерге… ықтияры жоқ…» дегенді мәлімдеді. Қазақтар арасындағы өзінің өмірін иесіз жабайы жылқының «адамдар таяқтайтын, ал аңдар аулайтын» күйімен салыстырған Әбілқайыр «сол аңдар секілді, ол хан ретінде қорғаушысы жоқ және тәуір амал қарастырып, ұлы билеушінің (монарх) бодандығына тәуелді болатындығын, әлемді көргісі келетіндігін; қорқынышпен күн өткізгенше, солардың қолынан өлімді қабылдағаны дұрыстығын» сеніммен айтты [7, 136 б.]. Қарашаның 21-нде тағы да 30 қолбасын Құдайменді мырза бодандықты қабылдауға көндірді, сөйтіп оларға 100 рубль көлемінде тарту сыйлады. Бөкенбай батырдың дәнекер болуымен 3 желтоқсанда бұрынғы аға хан Қайыптың (1715–1718) ұлы  Батыр сұлтан да ант берді. 1731 жылы Орта орданың Сәмеке ханы, Тевкелевтің елшілеріне «Әбілқайыр ханның кеңесімен емес, өзінің тілегімен… бодандықта болғысы келетінін» айтып бодандықты қабылдауды шешті, содан соң императрицаға дәлелдеуші жолдау жіберді [7, 136 б.].

1732 жылы 5 қаңтардағы Тевкелевтің хабарламасынан біз Әбілқайыр ханды Ресейдің бодандығын қабылдауға итермелеген себептерді білеміз: «алдағы уақытта ата-бабалары және ол, Әбілқайыр хан Ташкент, Түркістан және Сайрам қалаларын, оларға тиесілі ауылдары мен қырғыз-қайсақтарын басқарады, ал жоңғар иелері олардан, қырғыз-қайсақтардан тартып алды да оларды айдалаға түріп тастады, ал еділ қалмақтары мен башқұрттар осы жердің боданы бола отырып және жауларымен айқаса алмағандықтан, осы жерден олар қорғалады, яғни ол, Әбілқайыр хан да оларды, осы жердің боданын, қырғыз-қайсақ, қалмақ және башқұрттар жайына қалдырса, онда ол жоңғарлардан кек қайтаратынын медет етуі мүмкін» [10].

Әбілқайыр ханның ұлы Ералы сұлтанның (1720–1794) ресми антын императрица Анна Иоанновна 1734 жылы 10 ақпанда қабылдады. Әбілқайыр ханның қайталап ант беруі 1738 жылы 3 тамызда Ор бекінісінде өтті. Әбілқайырдың ықпалы 1740 жылы Ор бекінісінде Орта орда ханы Әбілмәмбет және беделді сұлтан  (1771 жылдан бастап – хан) Абылайдың, сондай-ақ 40-жылдардың басында қарақалпақтардың үлкен бөлігінің  Ресей бодандығын қабылдауын қамтамасыз етті. Айта кетерлігі, бодандықты көбіне шекараға жақын тұратын қазақтардың тобы қабылдады. Қазақ хандарының бодандық жөніндегі құжаттарға деген  көзқарасының ақиқаты Әбілқайыр ханның өзінің бодандығын үш мәрте растаған жағдайымен де сипатталады. Грамотаға қол қоярда бір қатар шарттар да айтылып кеткен болатын: 1. Оның ордасының жерлерімен шектесіп жатқан Ресей шекараларының қауіпсіздігін қорғау. 2. Біздің көпестердің керуенін қорғау және қырғыздардың даласында олармен ілесіп жүру. 3. Башқұрттар мен қалмақтар секілді, өздерінің қол астындағылардан қажет болған жағдайда орыс әскерлеріне жәрдем беру. 4. Алым-салықты немесе жасақты  аң терілерімен төлеу [11, 185 б.]. Кейінгі оқиғалар көрсеткендей осы шарттың бірде-бірі екі тараптан да орындалмаған. Әрбір тарап өз пайдасын алуды ойлаған. Жалпы алғанда, бодандық жалған мәміле ретінде сипат алған, алайда шынына келгенде Қазақ хандығының Ресей империясына бірте-бірте қосылуына түп қазық болды. Императрицаның тапсырған қазақ даласындағы қызметін үздік орындағаны үшін А.И. Тевкелев полковник шенін (кейіннен генерал шенін де) алды, ал башқұрт қолбасшысы Таймас Шаимов – тархан атағына ие болды.

Кіші орданың шекаралас жерлерінде патшалық ұстанымды орнықтыру үшін 1734 жылы Қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылып, оны И.К. Кирилов (1689–14.04.1737) басқарды, ол «I Петрдің Ресеймен көршілес жатқан азиялық иеліктерге қатысты  болжауы мен жорамалдары туралы жазбаларын» сақтап қалған. Кейіннен Қырғыз-қайсақ экспедициясы Орынборлық деп атауын өзгерткен және 2700 адамнан құралған болатын. Ол Кіші орданы жан-жақты зерттеу жөнінде үкіметтік тапсырма алды. Статтық кеңесші Кириловқа қосылатын облыстарды басқаруды ұйымдастыруда басшылыққа алу үшін нұсқаулық табыс етілді. Оның маңызды сәттері келесідей:

  1. Ор өзенінің сағасына бекінісі бар қала салынсын және оған сол жердің

тұрғындарын тартуға тырыссын.

  1. Оған тапсырылған грамоталар таратылсын: а) Әбілқайырға, b) Орта казак ордасының ханы Сәмекеге, с) Үлкен орданың рубасыларына және d) қарақалпақ ханына.
  2. Хандар мен ақсақалдарды немесе аталған ордалардың рубасыларын өзіне шақыру.
  3. Үлкен және Орта ордадан ант қабылдауды талап ету.
  4. Ералы сұлтанды сенімді қорғаушысымен әкесіне жіберу.
  5. Жағдайға қарай, кешіріммен және сияпатпен немесе қатаңдықта және қорқынышта қырғыз-қазақтарды бағыныштылықта ұстау.
  6. Егерде Әбілқайыр немесе басқа да хандар және қарапайым қырғыздар жаңа қаланың маңайына қоныс аударғысы келсе, оларға орын белгіленіп берілсін, егер хандар түсетін немесе тұратын үй қажет етсе, ондай үйлер қаланың жанынан олардың салтымен салынсын. Сондай-ақ оларға мешіт салуға рұқсат етілсін, алайда құрмет етуге және бақылау үшін қарауыл қойылсын.
  7. Орал өзені шекара етіп белгіленсін және қырғыздардың ешқайсысы өз еркімен оң жағалауына өтіп кетпеуі қадағалансын.
  8. Тексеру үшін орыс шенеуніктері мен елеулі қырғыздардан, мысалы хан балалары немесе басқа да сұлтандар мен ақсақалдардан сот құрылсын. Бұл сотта өз елінің  дәстүрімен соттассын.
  9. Қала салынып болған соң және Әбілқайырмен кездесу өткен соң, ең алғашқы кезекте Бұқараға тауарлармен керуен жіберілсін, егер де мүмкін болса әрі қарай жалғастырылсын. Сонымен қатар Азияның түрлі жерлерінен Ресейге сауда жасау үшін көпестер тартуға тырыссын.
  10. Әрбір керуенмен, алғашқысынан бастап, жерді қарауға және суретке түсіру үшін геодизистер жіберілсін.
  11. Мүмкіндігінше қазба байлықтар іздестірілсін және Әбілқайыр айтқандай, алтын қордаланған жерлер қаралсын.
  12. Арал теңізінде айлақ қарастыруға және кемелер қондыруға тырыссын, ол үшін басында Жайықта (Оралда) бірнеше жеңіл қайық салынсын және оларды жинақтап, барлық керек-жарағымен әрдайым дайындықта ұстап отырсын. Қала салынып болған соң және қырғыз-қазақтармен және қарақалпақтармен байланыс орныққан соң, жинақталған кемелер қыс мезгілінде Әбілқайыр және беделді ақсүйектердің келісімімен Арал теңізіне әкелінсін және қайта құрастырып зеңбірекпен қарулансын.

14. Ыңғайлы сәтте қырғыздардан атты әскер үшін жылқылар сатып алынсын.

15. Қырғыз далаларында табылуы мүмкін алтын мен күмістен басқа минералдарды іздестіру, өндіру мен сатуда қалыпты сақтауға уақыт жібермей көпестік негізде әрекет етілсін  [11, 187–188 б.].

Кириловқа берілген қосымша дипломатиялық уағыздардың мақсаты келесідей:

  1. Араларында осыған дейін жиі беймазалық болып тұратын башқұрттарды бақылау.
  2. Сол сияқты осылайша қырғыз-қазақтарды да бақылау.
  3. Егерде мыналар да, басқасы да қобалжу көрсетіп жатса, онда бір халықты екінші халыққа қарсы пайдалану арқылы орыс әскерін сақтау қажет.
  4. Ресеймен шекаралас барлық халықтар туралы нақты және жедел хабар болып отырсын.
  5. Әсіресе, жоңғарлардың әрекетін бақылап отыру қажет, олардың сібір ауылдарына шабуылын тоқтату тәсілдерін қарастырып және олардың екіжақты алым-салықтың төлемін алып отыруына тойтарыс берілсін.
  6. Әбілқайырға, оның хиуалықтарға қарсы соғысында тек оқ-дәрі және қарумен ғана қарасу керек, алайда қосалқы әскер берілмесін [11, 188 б.].

Бодандыққа қабылданғанына сый ретінде Әбілқайыр оның әулетіне хандықты мәңгілікке мұра етуге және қауіп туған жағдайда бас сауғалайтын орын болатын бекінісі бар қаланы Ор өзенінде тұрғызуды бекітіп беруді сұрады. Ханның бұл тілегі орыс патшалығының отаршылдық әрекетінің стратегиялық жүйесіне сәйкес келді, өйткені өздерінің иелігіндегі тірек орындары секілді бекіністің салынуына олар мүдделі еді. Алғашында, 1735 жылы Орынбор Ор өзенінің Орал өзеніне құятын сағасында қалыптасқан болатын. 1739 жылы Орынбор төменірек жаңа жерге – Қызыл тауға өз атауын сақтай отырып көшірілді. Ескі қала Ор бекінісі деген жаңа атау алды. 1743 жылы Орынбор ертеректе Бердянск бекінісі болған, Красногорск шатқалынан 70 шақырымдай жерге үшінші рет қайта салынды. Қызыл тауға салынған қала Красногорск бекінісі деген атау алды. Орынбор бекінісі Ресей мен Қазақ даласы, Орта Азия арасындағы еуропалық бөлігінің ірі сауда орталығы міндетін атқарды. Кейінірек анықталғандай, Орынбор патшалықпен қазақ ханының резиденциясы ретінде емес, империяның әрі қарай Шығысқа бағыт алып жылжитын әскери айлағы (плацдарм) ретінде қарастырылғаны белгілі болды.

Қазақтар бодандық қабылдағаннан кейін бекіністің құрылысы белсенді жүргізіле бастады, яғни ол кезегінде шекаралық аймақта жер мәселесінің күрт асқындауына әкеп соқты. Біріншіден, XVIIІ ғ. 30–40 жылдары. Уйск әскери қорғанының желісі салынады: Верхнеяицкий бекінісінен Звериноголовскийге дейін 770 шақырым. Екіншіден, 1734 жылы қазақтарға Жайықтың оң жағалауында қоныс аударуға қатаң тыйым салынады. Үшіншіден, 1742 жылы қазақтарға тіптен Жайыққа, Жайық қалаларына және басқа да салынып жатқан бекіністерге жақын жерге қоныстануға тыйым салатын патша жарлығы шығады. Бұл шаралар көшпелі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының күрт нашарлауына, олардың шекара сызығына шапқыншылығы жиілеп кетуіне әкеп соқты.

Ескере кететін нәрсе, XVIII ғасырда қазақ ордалары билеушілерінің арақатынасы мен істері Сыртқы істер коллегиясымен әлі де қарастырылып жатқан болатын, бұл Ресейдің орданың дәрежесін өз билеушісі бар шетелдің (бөтен ел) территориясы ретінде қабылдайтынын білдіретін еді. Алайда уақыт өте келе күн санап Кіші орда үшін жаңа жағдай сипат ала бастады – орда тіршілігінен, мәселелерін шешуден шыңғыс әулетін шеттету мақсатымен ханның қызметіне орынборлық генерал-губернатор мен шекаралық комиссия араласа бастады. Әбілқайыр ханның бірінші губернатор И.И. Неплюевпен арақатынасы сенімсіздік және жауластықпен қалыптасты. Қарсыластарды бітімгершілікке шақыруда Петербург сарайы дипломатиялық шаралар қарастыруға мәжбүр болды. Кәсіби әскери адам ретінде адмирал Неплюев Әбілқайыр ханның күш алып кетуінен қауіптенетін, яғни оның өз заманының мықты билеушісі және көрнекті қолбасшы ретіндегі саясаты қазақ мемлекеттілігін сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынын түсінетін.

Хан мен губернатордың арасындағы қатаң тайталас Әбілқайырдың өзінің хандық билігінің ұстанымдарын қорғауымен түсіндірілетін, ал шыңғыс ұрпағына мәжбүрлікпен міндеттелген басқарудың жаңа тәртібі оған мүлдем қайшы келетін. Тарих көрсеткендей, хан билігі үлкен территорияда көшпелілердің тіршілігі мен шашыраңқы сипатына икемді бейімделген болатын. Дала ханының билігі, академик В.В. Бартольдтың айтуы бойынша, «орыстың билеуші туралы ұғымына сәйкес келмейтін». «Бұл билік мемлекет ішінде басқалай бір саяси күштердің араласуына жол бермейді, сондықтан да қоғамда өзінің толыққанды шоқтығына сирек қол жеткізеді. …Қоғамдағы хан билігінің сипаты басқарма сипатымен ғана анықталмайды. Әлі де өзінің әскери тынысын жоғалтпаған көшпелілер басшысының саяси өмірінде оның дәстүрлі деп танылған жағымды жеке қасиеттері, яғни патшаға тән сипаты алдыңғы орында болады», – деп Т.И. Сұлтанов атап кетеді [12, 90 б.].

Тәжірибелі және көреген билеуші ретінде Әбілқайыр хан Қазақ даласының Ресейдің ішкі провинциясына айналатындығын ойлаған еді, ол губернатор И.И. Неплюевтің хан билігінің заңды ұстанымын шайқайтын, алысқа мегзейтін мақсаттағы, хан билігінің дәстүрлі орнын Ресейдің әкімшілік құрылымдарымен ығыстыратын, қол астындағы халық пен басқа да шыңғыс ұрпақтары алдында хан мен оның билігінің абырой-беделін түсіру, Қазақ даласы билеушілерінің арақатынасындағы ортақ қарсыластықты күшейтуге пәрмен беріп, олардың арасындағы бәсекелестік пен жауластық сезімдерін қыздырып, сондай-ақ қазақтар мен көршілес халықтар (қарақалпақтар, башқұрттар, еділ қалмақтары) арасында этникааралық жауластыққа от салып отыру секілді өткір айлалы тактикалық әрекетінің шынайы мәнін түсінетін. И.И. Неплюев тәжірибелі дипломат ретінде Ресейдің қазақтармен арақатынасы сыртқы саясат тұрғысынан ішкі саясатқа өтуіне барынша күш салды. «Әбілқайырдың бодан болудан күткені орындалмады», – деп атап кетеді З.Е. Қабылдинов [13, 7 б.]. 17 тамыз (сәрсенбі) 1748 жылы Әбілқайыр  хан А.И. Тевкелевке соңғы хат жазды [14, 272 б.].

Тек 1748 жылғы тамызда (әдебиеттерде түрлі даталар аталады: 1 тамыз [5, 85 б.; 2, с. 421, 174 ескертпе], 15 не 17 тамыз [2, 395, 398 б.]) мықты және мемлекеттік қызметте сыналған көшпелілердің дала билеушісінің қайғылы қазасы губернатормен қарсыластығына үлкен нүкте қойды. Осылайша бүтін бір дәуір – Әбілқайыр дәуірі тарих көшінде кетті. Әбілқайыр ханның өмірбаянында билеуші ретіндегі жеке тұлға мен  XVIII ғ. тұтас бір халықтың батырлығы мен қайғы-қасіреті біте қайнасып кеткен болатын.

Еңбегі

Әбілқайыр ханның көрнекті еңбегі XVIII ғ. көшпелі қоғамының әлеуметтік-экономикалық табиғатының ерекшелігі тұрғысынан қарастыратын болсақ, әрі сол кезде бытыраған Қазақ хандығының аса ауыр халықаралық жағдайын есепке алсақ түсінікті болады.

Әбілқайыр хан – Бұланты мен Аңырақай шайқасының халық қаһарманы, үш қазақ ордасының  жоңғар басқыншыларына қарсы бостандығы мен Отанының тәуелсіздігі жолындағы халықтық күресін ұйымдастыруда басымдық рөл  атқарғаны сөзсіз. Солтүстік пен оңтүстік, батыс пен шығыс бағыттарда көпсалалы сыртқы саясат жүргізуге, транзитті сауданың дамуына қол жеткізді, солтүстік пен солтүстік-батыста қазақтардың көштік жерлерінің кеңеюіне және Кіші және Орта орда қазақтарының ажырамас жекеменшік және жаңадан жайлаған жерлерінің көпшілік-құқықтық негізін құруға  барынша тырысты. Шыңғыс ұрпақтарының ішінде хандық билікке иегерлердің алғашқысы болып, Тәуке мен Қайып аға хандарының (1719 жылы қайтыс болған) өлімінен кейін, олардың Ресеймен жақындасуы туралы ойын жаңғыртқан еді.

Құдіретті жебеушінің таңдауы бойынша қазақтардың Ресей қамқорлығын қабылдау жолымен су көздері, жайылым жерлер мен транзиттік сауда үшін Орал өңірінің башқұрттары, еділ қалмақтары және Ресейдің басқа да бодандарымен  арадағы қарама-қайшылықты жоюға жасалған прагматикалық саяси қадамын (10 қазан 1731 ж., 3 тамыз 1738 ж., 20 тамыз 1742 ж.) хан келешек ұрпағы алдында жасаған өзінің тарихи ерен еңбегі деп санады: «Менің бодандықты қабылдауыма дейін осы бір Қырғыз-қайсақ ордасын ешкім танымайтын және ешкім де жоламайтын, алайда алғашқы осы жолды мен салдым». XIX ғ. ортасына дейін Кіші орданың Ресейге қосылу үдерісі созылды, содан 260 жыл өткен соң, яғни Әбілқайыр ханның алғаш ант қабылдауынан кейін ғана Қазақстан шын мәнінде тәуелсіз мемлекет болды.

Аға ханның тарихи міндетін Әбілқайыр қазақтардың отырықшы ғана емес, Ресей мен Орталық Азия елдеріндегі көршілес көшпелі халқынан оқшаулығы мен әскери-техникалық кемшінінен арылу, этноаймақтық тұтастығын сақтап қалу, орталықтандырылған мемлекетте шынайы саяси билікке иелік ететін, халықаралық саяси күрес майданында өздігімен орын алу үшін қажеттілігінде деп білді.

XVIII ғ. қазақ көшбасшысының бүгінде де ХХІ ғ. тәуелсіз Қазақстанды сақтап қалу мүддесі жолындағы үндеуі қазақтардың басын біріктіреді. Қолжетімді материалдардың бейтарап талдауы және оған деген сыни көзқарас, шетелдік және отандық тарихшылардың көптеген ұрпағының ғылыми бастамаларының есебі, әр уақыттарда пайда болған тарихи баяндық базаны объективті талдау Әбілқайыр ханның еңбегі сыртқы шапқыншылармен күресте үш орданың шоғырлануына күш салу жолындағы, әсіресе «Алқакөл сұлама жылдарында» айқын, әсіресе белгілі бір елдермен (Хиуа, Бұқара, Ресей, Жоңғария) және көршілес халықтармен арадағы қарым-қатынас мәселесіндегі дипломатиялық шешімінің дұрыс болғаны. Әбілқайыр хан – ХVIII ғ. жалпыұлттық деңгейдегі көрнекті тұлғасы және қазақтардың мақтан тұтар ұлы. Қазақтың бетке ұстар билеушілерінің ішінде зайырлы ақсүйегі Әбілқайыр хан, орыстардың І Петрі, француздардың – Наполеоны, немістердің – Бисмаркі және түріктердің – Кемал Ататүркі секілді отандық тарихта орын алады.

Әбілқайыр хан артында ауқымды жазба (эпистолярлық) мұрасын қалдырды.

Әбілқайыр ханның ұрпақтары мемлекеттік, әскери және қоғамдық өмірде жетекші орындарда қызмет атқарды. Әбілқайыр хан 7 ұлдың әкесі және 69 немеренің атасы болды. Жалпы алғанда жарты ғасырдай мерзім бойына оның ұлдары Нұралы (38 жыл), Ералы (4 жыл) және Айшуақ (8 жыл) хан лауазымына ие болды. Әбілқайырдың ұл жағынан тоғыз немересі (Есір, Пірәлі, Жантөре, Серғазы, Бөкей, Қаратай, Шығай, Бөлекей, Темір) және бес шөбересі (Қасым, Маты, Жәңгір, Қайыпғали, Сауқым) хан тағына көтерілген. Одан басқа, Әбілқайырдың екі немересі, Бөлекей және Ағын сұлтандар Ералы мен Әділдің ұлдары 1740 жылдың соңы мен 1741 жылдың басында және 1770–1771 жылдары Хиуада хандыққа қол жеткізген [2, 393 б.].

Әбілқайыр ханның отбасылық қауымының саны үлкен болды және тек Қазақ даласына ғана танымал болып қойған жоқ. Нұралы хан мен Айшуақ ханның әрқайсысының ұл жағынан 46 немересі мен шөбересі болды, Ералы хан – 12 және Әділ сұлтан 4 немереге ата болды. Әбілқайырдың танымал шөбересі, Бөкей ордасының ханы Жәңгір жан-жақты білімді еуропалық үлгідегі қазақ даласының алғашқы билеушісі, қазақ билеушілерінің арасынан шыққан бірінші генерал-майор болды. Жанша сұлтан (1877–1923) – алғашқы қазақ журналы «Айқап» басшыларының бірі болды. Бақытжан сұлтан (1860–1937) Ресей мемлекеттік Думасы 2-ші шақырылымының Орал облысынан депутаты болып сайланды. Махамбет (1890–1937) және Қамбар (1901–1942) сұлтандар – күйші, Құрманғазы атындағы оркестр ұйымдастырушыларының бірі болған. Ғабдолхакім сұлтан (1896–1938) – Қырғыз өлкесіндегі Төңкеріс комитетінің мүшесі, Қазақ Орталық атқару комитетінің жауапты хатшысы болған. Айшуақ ханның ұрпағы Санжар сұлтан (1889–25.02.1938) Қазақ медицина институтының алғашқы директоры (ректоры), Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Денсаулық сақтау Халық комиссары (министр) болды. Біздің халқымыздың тарихында өзгеше орын алатын Әбілқайыр хандай ірі тұлға ұрпақтарының елеулі еңбектерінің қатары осылайша жалғаса бермек. Әбілқайыр ханның өз ұрпақтарының жарқын келешегі мен тарихи биіктігі туралы армандары көбіне-көп жүзеге асты деуге болады, осы ретте атқарылған ерен еңбек қазақтар арасында жаңа Шыңғыс әулетінің негізін қалаушы –  Әбілқайыр ханға тиесілі.

Ұлықталуы

 Суретші Джон Кэстль 1736 жылы хан ордасында Әбілқайыр ханның көзі тірісінде портретін салған екен.   Дерек көзі: [14, 240 б.] 
 

Жоңғарларға қарсы жеңісті хикаяның басты ұйымдастырушысын құрмет тұтқан халқы Балқаштың оңтүстігінен бері созылған Алакөл шығанағы маңындағы тауға (Әбілқайыр тауы) есімін берді. Әбілқайыр сайы Жамбыл облысы Т. Рысқұлов атындағы ауданда орналасқан. Тағы бір Әбілқайыр сайы  Түркістан облысы Созақ ауданы Бабаата ауылының оңтүстік-шығысына 25 шақырым жерде Таутары тауына жақын орналасқан. Аталған тарихи-топонимикалық нысандар алғаш рет 1911 жылы топографиялық және құжаттамалық дереккөздерінде анық белгіленген [14, 400 б.].

1993 жылы Қазақстан Республикасының валютасы енгенде 50 теңгелікке Әбілқайыр ханның портреті орналастырылған еді.

«Қырғыздар о дүниелік болған Ханды әулие тұтады», – деген екен оның өлімінен кейін 23 жылдан соң Әбілқайыр ханның ескерткішін бірінші болып сипаттаған капитан Николай Рычков [15, 12 б.]. Күйдірілмеген кірпіштен тұрғызылып, ақ сазбен сыланған ханның бейіті уақыт өте келе қирайды, оның орнына шығыс беткейінде белгісіндей болып қалған жалғыз ағаш қазақтардың көптеген ұрпағының тәу етер жері болып табылады. ХХ ғасырдың 70-жылдарында Әбілқайыр ханның жоғалып кеткен бейітін (зиратын) іздеумен бірқатар қоғам қайраткерлері, жазушылар – ең алдымен Ә. Кекілбаев, сондай-ақ Ө. Жәнібеков, А. Сатаев айналысқан. 2000-жылдары мәселені Ақтөбе облысының әкімшілігі көтерді, мақсатты далалық зерттеулер ұйымдастырылды. Күрделі мәселені шешуге С.Е. Әжіғали басқарған Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы (БҚКЭАЭ)  негізгі үлес қосты. Оның 2010 жылы жүргізген жұмыстарымен, тұтастай алғанда бірқатар елеулі дәлелдермен (соның ішінде сүйек қалдықтары мен ұрпақтарының ДНК сәйкес келуі = 99,783%) негізделген хан жерленген ең ықтимал орын табылды.

Ел арасында «Хан моласы» деп аталатын бұл қорым Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Қостанай облысымен шекаралас,  Өлкейік пен Қабырға өзендерінің тоғысқан арнасынан батысқа 4,5 шақырымдай жерде орналасқан. Ханды жерлеу уақытынан бастап XVIII ғасырдың ортасында қорым айтарлықтай өсті және қазіргі кезде үлкен қорым болып табылады, яғни бір  мыңнан кем емес бейіт үсті құрылыстары – ең алдымен бұзылған зираттар, қорғандар кездеседі. Ханды жерлеу уақытынан бастап XVIII ғасырдың ортасында қорым айтарлықтай өсті және қазіргі кезде үлкен қорым болып табылады, яғни бір  мыңнан кем емес бейіт үсті құрылыстары – ең алдымен бұзылған зираттар, қорғандар кездеседі.

Жұмыстың қорытынды кезеңіне генетика (ҚР БҒМ ҒК Жалпы генетика және цитология институты, жетекшісі Л.Б. Жансүгірова) және антропология (Мажар жаратылыстану мұражайы) мамандары тартылды. Кешенді ізденістер негізінде XVIII ғасырдағы Қазақстанның ірі саяси қайраткері, дала ханы Әбілқайырдың келбеті қалпына келтірілді.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Әйтеке би ауданы Толыбай ауылына жақын маңайда Әбілқайыр ханның жерленген орнына «Хан моласы» ірі мемориалдық-туристік кешені тұрғызылды, сөйтіп ол Қазақстанның 100 жалпы ұлттық киелі нысандары тізіміне енді. Кешен хан бейітіне қойылған кесене мен ескерткіш белгіден тұрады. Белгі жерден биік көтерілген, ортасынан көкке самғаған, қазақтың үш жүзінің таңбасымен көмкерілген үш стела тұғырбеттен (стилобат) тұрады. Тұжырымдама  авторы сәулетші Б. Ибраевтың пікірі бойынша Отанын сыртқы жаулардан қорғау үшін үш орданы біріктірудегі Әбілқайыр ханның орасан зор әлеуетін  көрсетеді.

Көрнекті тарихи тұлға Әбілқайыр ханның бейітінің орналасқан жері туралы мәселенің шешілуі және «Хан моласы» мемориалды кешенінің тұрғызылуының мемлекеттік, мәдени, қоғамдық, ғылыми және туристік маңызды мәні бар. Сондай-ақ, Толыбай ауылында Әбілқайыр ханға арналған мұражай жұмыс істейді.

2000 жылы Ақтөбе қаласында аңызға айналған қолбасшыға қоладан ескерткіш орнатылды. Оның биіктігі 6,5 метрге жуық, ұзындығы – 5,8 метр және ені – 2,1 метр. Жобаның авторы – мүсінші Е. Сіргебаев пен сәулетшілер Н. Қожағұлов және Б. Егімбаев. Көкке көтерген қолымен Әбілқайыр хан халықты бірлікке және сыртқы жауларды жеңуге шақырады. 2001 жылы пошта маркасы шығарылды. 2016 жылы 29 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі айналымға «Банкноттағы портреттер» сериясымен «Әбілқайыр хан» естелік ақшасын шығарды. «Proof» сапалы 500 теңгелік алтын және күміс теңгелер мен нейзильбер қорытпасынан дайындалған 100 теңгеліктер. Әбілқайыр ханның аты республикалық деңгейдегі қала – Алматыдағы, сондай-ақ облыс орталықтары Ақтөбе, Орал, Қызылорда мен Темір, Ембі қалаларындағы даңғылдар мен көшелерге берілді.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

1. КазТАГ: Венгерские специалисты восстановили облик Абулхаир хана // https://kaztag.kz/ru/news/vengerskie-spetsialisty-vosstanovili-oblik-abulkhair-khana

2. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.  Изд. 3-е, испр. и  доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 456 с. + 28 с. вклейка.

3. Рычков П. И. О киргиз-кайсаках или киргизах // Нәсенов Б. XVI бөлім – XXI кітап. Мәскеу архивтері сөйлейді Санкт-Петербургтің кітапханасы сайрайды. Говорят архивы г. Москвы и библиотека г. Санкт-Петербурга. XVI том – XI книга. Әбілхайыр хан.  I тарау (I часть). – Алматы; Новосибирск, 2011. – С. 65–75.

4. Бартольд В.В. Сочинения. – Т. 5. – М.: Наука, 1968. – С. 468–472.                                                                                                     

5. Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в.). – Алматы: Білім, 1999. – 288 с.

6. Гавердовский Я.П. Обозрение киргиз-кайсацкой степи, 1802–1803. // Доступно: https://yvision.kz/post/556178.

7. Ерофеева И.В. Рыцарь «звания чести» Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы. – Алматы: Servis Press, 2017. – 325 с.

8. Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов: основы жизнедеятельности номадного общества. Изд. 2-е доп. / Сост. Л.Е. Масанова, И.В. Ерофеева. – Алматы: Print-S, 2011. – 740 с.

9. Султанов Т.И. Рождение казахской государственности. История Казахского ханства. – Алматы: Мектеп, 2011. – 160 с. : ил.

10. Из истории Казахстана XVIII в. // Красный архив. – 1938. – № 2 (87). –  С. 129–173. Доступно:http://www.vostlit.info/Texts/Dokumenty/M.Asien/XVIII/1720-1740/O_kirgiz_kasakach/text1.htm

11. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. Переизд. – Алматы: Санат, 2009. – 656 с.

12. Султанов Т.И. Кочевые  племена Приаралья в XVI–XVII вв. (вопросы этнической и социальной истории). – М.: Наука, 1982. –  133 с.   

13. Кабульдинов З. Султанмамет султан: государственный деятель, дипломат и батыр. – Алматы: ТОО «Литера-М», 2018. – 304 с.

  14. История Казахстана в русских источниках XVI–XX веков: в  10 томах. III том. Журналы и служебные записки дипломата А.И. Тевкелева по истории и этнографии Казахстана (1731–1759 гг.) / cост.:  И.В. Ерофеева. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – 483 с.

15. Ажигали С. Хан моласы – место захоронения Абулхаир-хана // Отан тарихы. – 1992. – № 2. – С. 11–17.

Авторы: Балтабаева К.Н., т. ғ. к.

Фотогалерея

Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баhадүрхан (шамамен 1680 – 17 тамыз 1748)

Әбілқайыр ханДеректер: http://900igr.net/up/datai/168043/0010-008-.png;https://e-history.kz/en/biography/view/9 Деректер: Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.  Изд. 3-е, испр. и  доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007.
Деректер: Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.  Изд. 3-е, испр. и  доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007.Деректер: Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.  Изд. 3-е, испр. и  доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007.
Саяхатшыжәнесуретші Джон КэстльХанныңқабылдауында, 1736 жылДеректер: Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.  Изд. 3-е, испр. и  доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007.Деректер: Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.  Изд. 3-е, испр. и  доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007.
Деректер: Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.  Изд. 3-е, испр. и  доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007.Деректер: Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.  Изд. 3-е, испр. и  доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007.
Деректер: Кэстль Джон. Дневник путешествия в году 1736-м из Оренбурга к Абулхаиру, хану Киргиз-Кайсацкой Орды / пер. с нем. Вольфганга Штаркенберга. – Алматы: Изд. дом «Жибек жолы», 1998. – 152 с., 13 ил. Деректер: Кэстль Джон. Дневник путешествия в году 1736-м из Оренбурга к Абулхаиру, хану Киргиз-Кайсацкой Орды / пер. с нем. Вольфганга Штаркенберга. – Алматы: Изд. дом «Жибек жолы», 1998. – 152 с., 13 ил. 

1993 ж. Қазақстан Республикасының валютасы енгенде 50 теңгелікке Әбілқайыр ханның портреті орналастырылған еді.

Деректер: https://yandex.kz/search/?textДеректер: https://yandex.kz/search/?text
2000 жылы Ақтөбе қаласында аңызға айналған қолбасшыға қоладан ескерткіш орнатылды. Оның биіктігі 6,5 метр жуық, ұзындығы – 5,8 метр және ені – 2,1 метр. Жобаның авторы – мүсінші Е. Сіргебаев пен сәулетшілер Н. Қожағұлов және Б. Егімбаев.2001 ж. пошта маркасы шығарылды. 2016 ж.
Деректер: https://fs03.metod-kopilka.ru/images/doc/72/73305/img4.jpgДеректер: https://commons.wikimedia.org/wiki/File:Abulkhair_khan.jpg

В 2015 г. вблизи села Толыбай Айтекебийского района на месте захоронения Абулхаира-хана возведен мемориальный комплекс «Хан моласы» (Архитектор Б. Ибраев)

2015 ж. Әйтеке би ауданы Толыбай ауылындағы Әбілқайыр ханның жерленген орнына «Хан моласы» мемориалды кешені тұрғызылды (Сәулетші Б. Ибраев)

Кешен хан бейітіне қойылған кесене мен ескерткіш белгіден тұрады.Белгі жерден биік көтерілген, ортасынан көкке самғаған, қазақтың үш жүзінің таңбасымен көмкерілген үш стела тұғырбеттен (стилобат) тұрады.
Деректер: https://egemen.kz/article_photo/1503378260_article_b.jpeg?width=600&height=315Деректер: https://static.zakon.kz/uploads/posts/2015-10/1444010877_20151005074307.jpg

29 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі айналымға «Банкноттағы портреттер» сериясымен «Әбілқайыр хан» естелік ақшасын шығарды. «Proof» сапалы 500 теңгелік алтын және күміс теңгелер мен нейзильбер қорытпасынан дайындалған 100 теңгеліктер.

Алтын монета 500 теңге «Әбілқайыр хан»: 999 сынамалы алтын, Салмағы – 7,78 грамм, Диаметрі – 21,87 мм Дайындау сапасы – «proof», Таралымы – 1 000 дана.
Деректер: https://www.kazcoins.com/product/portraits-banknotes-abulkhair-khan-500-tenge-kazakhstan-gold-coin/
  
Күміс монета 500 теңге ” Әбілқайыр хан»: 925 сынамалы күміс, Салмағы – 31,1 грамм, Диаметрі – 38,61 мм, Дайындау сапасы – «proof», Таралымы – 3 000 дана.
Деректер: https://www.kazcoins.com/product/portraits-banknotes-abulkhair-khan-500-tenge-kazakhstan-silver-coin/
 
Нейзильбер қорытпасынан алынған «Әбілқайыр хан» 100 теңге монетасы: Диаметрі – 31 мм, Салмағы – 11,17 грамм, Таралымы – 100 000 дана.
Деректер: https://www.kazcoins.com/product/abulkhair-khan-100-tenge-kazakhstan-nickel-coin-ovp/

Құрастырушы: Балтабаева К.Н., т. ғ. к.