Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

РАЙЫМБЕК БАТЫР


Батыр Райымбек Түкеұлы (XVIII ғасырда өмір сүрген, шамамен 1705-1785 жж.) – Абылай ханның қолбасшысы, XVIII ғ. қазақ-жоңғар соғыстарына қатысқан және Жетісуды жоңғарлардан босатқан қазақ батыры; көзі тірі кезінде «әулие» деп аталды».

Өмірбаяны

XVII-XVIII ғасырларда Қазақ хандығы Тәуке хан басқаруы кезеңінде күшті хандық билікпен орталықтандырылған айтарлықтай қуатты этносаяси мемлекеттік құрылым болды. Қазақ хандарының саяси ықпал ету саласы Қазақтардың дәстүрлі көшпелі аудандарына ғана емес, Сырдария мен Жетісудың төменгі және орта ағысы бойындағы көрші отырықшы-егіншілік және сауда-қолөнер аудандарына да таралды. Қазақ хандығы ішіндегі әлеуметтік-саяси жағдай тұрақтанды, А. Левшин бұл кезеңді қазақтардың «алтын ғасыры» деп атайды. Қарапайым құқық нормалары мен «Жеті Жарғы» («Семь установлений») жинағы бойынша өмірдің барлық салаларын реттеу жүздердің ішіндегі тұрақтылықты сақтауға ықпал етті. Тәуке хан рулар мен тайпалар арасындағы өзара соғысты еңсеріп, қазақ жүздерінің тыныштығын қалпына келтіріп, біраз уақыт ішінде қазақтардың жерлерін сыртқы басып кірулерден қауіпсіздендіре алды. Сыртқы саяси жағдай да айтарлықтай нығая түсті.

Барлық шекара  бойындағы айтарлықтай қауіпті көршілеріне қарамастан, Тәуке басқаруындағы Қазақ хандығының аумағы салыстырмалы түрде қауіпсіздікте болды. Солтүстіктен (Сібір казактары), солтүстік-батыстан және батыстан (башқұрттар мен Еділ қалмақтары), оңтүстіктен (ортаазиялық хандықтар – Бұхар және Хиуа) көршілес қазақтарға белгілі бір қиындықтар туғызса да, қазақтар өз жерлерінің тұтастығын сақтап қалып отырды. Оңтүстік-Шығыс шекараларындағы ең қауіпті көрші, ойраттар мекендеген Жоңғар хандығы болды (оларды әртүрлі деректерде-ойраттар, жоңғарлар, қалмақтар деп атайды). Көшпелі-жоңғарлар XVII және XVIII ғасырдың 90-шы жылдары қазақтардың жайылымдық жерлерін жаулап алуға тырысып, қазақ жеріне басып кірді, бірақ күшті хандық биліктің қол астында болған қазақтар жоңғарларға өз территориясын қазақ жерлері есебінен кеңейтуге ешқандай мүмкіндік бермей, шабуылдарға тойтарыс жасап отырды.

Тәуке қаза болғаннан кейін қазақ хандығы айтарлықтай күрделі жағдайда болды. ХVІІІ ғасырдың екінші онжылдығының соңы – үшінші онжылдығының басында көршілермен қарулы қақтығыстардың өсуі, биліктегі үстемдік үшін хан мен сұлтандар арасындағы жанжалдар мемлекеттің дербестенуіне алып келді, ол бірқатар хандықтарға ыдырады: әрбір жүзде бір емес, кейде екі және одан да көп хан немесе сұлтандар билік жүргізді. Осындай күрделі саяси жағдайларда оңтүстік-шығыс көрші тарапынан қауіп-қатердің болуы сөзсіз еді. 

Басты қауіп қазақ жеріне белсенді басып кіруді бастаған Жоңғар хандығынан туындады. 1723 жылдан бастап Қазақ хандығының тарихында қазақтар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атаған –  қазақ халқының «Ұлы қасірет» кезеңі басталды. Отанын жоңғар шапқыншылығынан қорғауға байланысты бұл күрделі кезең, басқыншыларға қарсы осы қорғанысты ұйымдастырған атақты тұлғалардың шығуына ықпал етті. Қазақтар жеңіске жеткен белгілі шайқастар, Бұланты шайқасы (1728 жыл), Аңырақай шайқасы (1730 жыл) қазақ жерлерін жоңғар жаулап алушыларынан босатудағы негізгі шайқастар болды. Сол дәуірдің барлық батырлары осы ұлы шайқастарға қатысты. Олардың есімдері халықтың тарихи жадында сақталып қалды, алайда қазақтарда жазудың болмауына байланысты, олардың бірқатарының ғұмырнамасы, өмірі мен  жауынгерлік жолы,  аңыздарға толы ерліктері мен іс-әрекеттері терең де егжей-тегжейлі, толық және сенімді фактілер негізінде жазылуы мүмкін емес. Олардың өмірбаяндары дастандарда, эпостарда, мифтерде, аңыздарда және т. б. сақталған аздаған үзінділермен және көбінесе жарияланымдарда қайталанатын түрлі нұсқалар мен түсіндірмелер түрінде берілген. Осындай кейіпкерлердің бірі, тарихи тұлға – Орта жүздің Албан тайпасынан шыққан Райымбек батыр болып табылады.

Райымбек батырдың шығу тегі (шежіре) бірқатар жарияланымдарда көрініс тапқан. Ұсынылған нұсқалардың бірі келесідей: Албан – Сары – Сүйерқұл – Шоған – Алжан (Мәмбет) – Сырымбет – Хангелді – Түке – Райымбек [2, б. 58]. 

Райымбектің атақты атасы –  Хангелдінің есімі XVIII ғасырдың мұрағат құжаттарында тіркелген. 1733 жылы Ұлы жүздің сұлтандары мен билері Ресей императоры Анна Иоановнаға оларды Ресей бодандығына қабылдау туралы өтінішпен хат жібереді. «Қырғыз-қайсақ Ұлы ордасының Ұлы патшайымға жазу парағынан аударма… Алыс түкпірден жүрек жақындығымен қырғыз-қайсақ Ұлы ордасының князьдары, бектері, Сізге, Ұлы патша ханым,  Ақ патшайымға, бодандыққа келді, дәлірек: Қодарби, Төлеби, Сатай-батыр, Хангелді-батыр және Бөлек-батыр, сондай-ақ бүкіл орда бектері бодандыққа келді…» [3, б. 101-102]. Ұлы жүз қазақтарының XVIII ғасырдағы маңызды жазбаша құжаттарының бірінде  Ұлы жүздің бес өкілінің есімдері көрсетілген, олардың ішінде белгілі тұлғалар-Қодар мен Төле билер, Сатай мен Бөлек батырлар және олармен бірге Хангелді батырдың есімі бар, бұл оның Жүздегі мәртебесінің өте жоғары болғандығын көрсетеді. Сондықтан Райымбек шыққан әулет албандардың арасында ғана емес, бүкіл Ұлы жүзде де танымал және беделді болды деген қорытынды жасауға болады.

XVIII ғасырдың басында («Ұлттық энциклопедиясы» басылымының мәліметтері бойынша 1705 жылы [1, б. 430]) қазіргі Алматы облысында Райымбек есімді ер бала,  Айтолы (шешесі) мен Түкенің (Райымбектің әкесі) ұлы дүниеге келеді. Райымбектің ата-анасы туралы мәлімет көп емес. Райымбек белгілі, атақты және бай отбасынан шыққан. Райымбектің анасы туралы екі негізгі нұсқа сақталған: біріншісі – ол, Албан тайпасының Досалы руынан шыққан Биеке батырдың қарындасы, екінші нұсқа бойынша – Жалайыр руынан шыққан (Барақ-Керімбүбі) батырдың қызы. 

Райымбектің әкесі Түке – Ұлы жүз Албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан шыққан әйгілі Хангелді батырдың ұлы. Райымбек батырдың   өмір жолының басқа да маңызды кезеңдері сияқты, оның  туған және қайтыс болған кезеңдерін анықтау өте күрделі, бұл жөнінде бірқатар авторлар әр түрлі нұсқаларды келтіреді: оның өмір сүрген уақыты  ретінде: 1705-1785 [1, б. 430], 1730-1814 [4, б. 508], 1730-1829 (1830) [2, б. 36] және т. б. көрсетіледі.

Райымбектің балалық шағы туралы аңыз сақталған, ол екі жасар бала кезінде аузына жорғалап кіріп кеткен кішкентай жыланның басын тістеп жұлып алған. Бала кезінен ол  құрдастарының арасында өзінің күштілігімен және батылдығымен, тәуелсіз және еркіндікке құштар мінезімен ерекшеленген. Аңыз бойынша, нағашы атасы небәрі жеті жасқа толған кішкентай Райымбекке ат етіп міну үшін көк тайды, қару-жарақтан  – садақ, жебелі қорамсақ, қылыш, найза, жауынгерлік балта (айбалта), қалқан мен сауытты сыйға тартады. Тайының атын Көкойнақ деп атады – бұл Райымбек батырдың аңызға айналған аты еді [5, б. 154].

Кейбір мәліметтер бойынша бала он бір жасында ата-анасынсыз қалып, өзінің атасы, әйгілі Хангелді батыр мен оның әйелі Сұлуке-ананың қолында тәрбиеленді. Райымбектің балалық шағы мен жастық шағы қазақ-жоңғар соғыстарының зор ауыртпалық әкелген жылдарына сәйкес келді, сондықтан Райымбек Отанын жаулаушылардан қорғау қажеттілігі жағдайында өсіп тәрбиеленді және бала кезінен ер-жауынгердің өз жерін қорғаушы екендігін түсіне білді.

Кішкентай Райымбек әскери іске машықтанады және өзінің көк тайын да үйретеді. 15 жасқа қараған шағында ол нағыз сарбазға айналды, садақ тартудан мерген болған, қылышты өте жақсы меңгерген, тіпті күшті жауынгерлерді жекпе-жек айқастарда жеңе білген.  Көкойнақ  өте жүйрік шабандоз ат болды, Райымбек онымен бірнеше рет бәйгеде жеңіске жетті. Он жеті жасында бозбала қазақ-жоңғар соғыстарына қатысып, ерен ерлік көрсетіп, батыр атағын алды [6, б. 4]. 

Жас Райымбектің батылдығы мен жігер-күші туралы қазақ эпостарында айтылды. Осындай қазақ тарихи ауызша ескерткіштеріне ұзақ уақыт бойы орыс тіліне аударылмаған Райымбек батыр туралы эпос жатады [5]. 2010 жылы М. О. Әуезов атындағы Тарих және өнер институты «Қазақ эпосы» кітабын басып шығарды, онда алғаш рет алпыс үш қазақ эпосының аннотациялық мазмұнын жариялады, олардың ішінде Райымбек батыр туралы тарихи эпостың үлгілерінің бірі болды [7]. Онда осы тарихи кейіпкердің негізгі эпизодтары мен сюжет құраушы әрекеттері көрсетілген. Райымбек туралы тарихи эпостың негізгі мазмұны батыр өмірбаянының үзінділерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл эпос бізге не туралы айтады?

Жас Райымбек, атасы Хангелдінің оны өзімен бірге алмай, жауынгерлерді жинап, жаумен соғысуға аттанғанын естігенде, анасына келіп, жау-қалмақтармен шайқасқа баруға рұқсат сұрап, бата беруін өтінеді.  Ол қазақ жеріне басып кіргені үшін жаудан кек алу керек деп есептеді. Анасының батасын алып, Райымбек батыр сауыт-сайманын түгел асынып, жолға аттанады. Ол Іле жағалауында орналасқан орманға кірген кезде,  оған жолбарыс қарсы шығады. Жас батыр, ешбір кідірместен, жебені жолбарыстың жүрегіне бағыттап, тартып қалады. Жолбарыстың терісін сыпырып, ішін сабанмен толтырып, оны атқа байлап, өзімен бірге ала кетеді. Көп ұзамай ол Хангелді атасының әскерін қуып жетті. Олар Іле өзенінің арғы бетіне өткел іздеп, жағалауға тоқтаған екен.  Оның атасының сарбаздары жас жігітті танымай, одан: қай жерден, қай әулеттен, қай ру-тайпадан шыққандығын сұрай бастайды. Райымбек оларға өзі туралы ештеңе айтпай, олардың өткелден өтуіне көмектесуге уәде береді: «Мен сіздерді өзеннен алып өтемін. Сіздер маған бата беріңіздер. Кейін және танысамыз». Сол кезде бозбала оларға көмектесуі мүмкін деп шешкен жауынгерлер оған батасын берді. Райымбек өзінің атын шақырып, «Райымбек, Райымбек» деп ұрандатып, кең жайылған өзеннің  ағысы қатты суына түсіп, келесі жағаға жүзіп өтеді, ол жерді аралап көріп, қайтып оралады  [7, б. 166-167]

 Ол жауынгерлерден өзіне  отыз (қырық) жігіт, сексен арқан беруді және олардың өздерімен бірге жауынгерлік балталарын алуды сұрайды. Райымбектің кеңесі бойынша жауынгерлер, қамыстан ұзындығы шамамен Іле өзенінің еніндей болатын сал жасап, оған екі жағынан арқан байлайды.  Бозбала Көкойнақтың үстінде, арқанды тізесінің астына қыса отырып, буырқанған өзенге қайта түседі. Жігіттер оның нұсқауы бойынша салды суға түсіріп, оны шапшып-буырқанған суда ұстап тұрып, итермелей бастайды. Батыр, Іледен қайта жүзіп өтіп, қарама-қарсы жағалауда арқанды бір ұшынан ағашқа байлап, және қайта оралып, әскер тұрған жағалаудың екінші жағынан салды арқанмен бекітті. Түнеп шығып, келесі күні, әскер бозбаланың тапқырлығының арқасында Іледен өтті. Осыдан кейін жас батыр өз есімін атады: «Мен Ұлы жүздің Албаны, оның ішінде руым – Алжан, Хангелді батырдың немересі, атым Райымбек», – деді. Жауынгерлер Хангелдінің өз немересі екенін бірден айтпағанына таң қалды. Сонда Хангелді батыр былай деп жауап берді: «Батырлар, Райымбек көптің баласы, Ұлы жүз үшін туды. Ұлы жүз үшін еңбек етуге тиіс». Осы жағдайдан кейін батырлар әскерге тек Райымбек қолбасшысы болуы тиіс деп шешті [5,  б. 158].

Эпос бойынша, дәл сол кезде: «Соғысқа кіргенде ұран біреу-ақ болсын. Ол ұран «Райымбек» деп жауға шапқандар ұрандап кіретін болсын!»,- деп Ұлы жүз көп жауынгерлері мен батырлары серт жасады[5,  б. 158]. «Райымбек» есімі барлық албандар үшін әскери ұранға айналды. Сол кезде Райымбек сарбаздарды бастауға келісім беріп, оған бата беруді сұрады, және Рыскелді батыр алғашқылардың бірі болып жас батырға және басқа да жауынгерлерге  «бата» берді. Райымбек қасық қаны қалғанша өз халқы үшін күресуге, қазақтарға тап берген қалмақтарды жазалауға, олардың малын тартып алуға ант берді.  Алпыс жауынгерді өзімен бірге ертіп, алға ұмтылған Райымбек, қалмақтардың малын айдап, өз туыстарын тұтқыннан босатты. Аман қалған қалмақтар қазақ батыры туралы былай дейді: «Олардың арасында Райымбек есімді жас жауынгер бар, ол не сиқыршы, не сайтан. Жаудың жылқысын кеудесімен құлатады. Қылышпен шапқанда –көз ілеспейді. Оның аты да елес сияқты. Ол өте епті. Біз осындай адамды көрдік, «Райымбек, Райымбек»деп айғайлап, өз есімімен ұрандатты» [7, б. 167].

Қазақтардың шабуылынан кейін, өзінің шығынын есептей отырып, бай қалмақ Әжіке малын жоғалтқаны туралы Қорын ханға шағымданады, сонда Қорын хан бас уәзірі Серкеге Райымбектің кім екенін анықтауға тапсырма береді. Іле өзенінің жағасындағы Қазақ ордасына келген Серке қазақ сарбаздарының әскери оқу-жаттығуының куәгері болып, Райымбектің ат үстінде шауып келіп, қылышпен ағашты қалай шапқанын көреді. Қазақтармен болған келіссөздерде (Райымбек, Бақай және Аралбай батырлар жүргізген) Серке Қорын ханның талаптарын жеткізеді: қалмақтардан айдап кеткен малды қайтару, қалмаққа шабуыл жасағаны үшін өз кінәсін өтеу және осы өңірден тез арада кету. Әйтпесе, Қорын ханның қазақтарды бауыздауға уәде беретінін жеткізді уәзір. Эпос бойынша, сол кезде Райымбек: «Сен Қорын ханға бар да, менің сөздерімді жеткіз: «Бұл туралы қиялдамасын да, үш күн аралығында шайқасқа дайындалсын. Төртінші күні мен Қорын хан ордасын талқандаймын» [7, б. 169]. Ханға оралғаннан кейін Серке осы келіссөздер туралы айтып, жас батыр туралы өз әсерлерін жеткізді: «Райымбек есімді бір жас жігіт сізге жеңіс туралы қиялдамауды жеткізуді сұрады, үш күн ішінде шайқаста жеңіске жетемін деп күш көрсетті. Бұл қауіп шынайы деп қорқамын. Олардың ордасына келген соң, біз жас Райымбектің атпен шауып келіп, сиқыршы сияқты, қылышпен ағашты шапқанынкөрдік.  Ол өте епті және жылдам, ал оның аты өзіне лайықты» [7, с. 169]. Қорын Хан ашу шақырып, Серкені зынданға (түрмеге) тастауға, ал өз жауынгерлеріне – қазақтармен шайқасқа дайындалуды бұйырады. Шайқас Түргеннің етегіндегі Қарадалада болуы тиіс еді.

Райымбек Түргендегі қалмақ ханы Қорынға қарсы соғысқа шығар алдында болған кеңесте: «Жалғыз адам шырпы тәрізді, оған әркім-ақ әлімжеттік жасайды. Шабуылда біз бес саусақ секілді тобымызды жазбай қимыл жасауымыз шарт. Ұжымдасқан ұяны ешкім де бұза алмайды»,–дейді [8, б. 145]. Бұл кеңеске Сатай, Бердіқожа, Аралбай, Ердес, Жалайыр Бақай Мықтыбекұлы, Бәйсейітұлы Тілеке, Биеке батыр және т. б. батырлар қатысқан.

Райымбек жауынгерлерге қазақ жасақтарына жау жақындаған кездегі  өз жоспары туралы айтып береді: қазақ жауынгерлері қорғанысын сол жерде ұстауы керек, ал қалмақтардың тілін білетін төрт жігіті бар Райымбек өзі жаудың киімін киген соң, жау әскерінің орталығына өтіп, шайқасты бастайды, сол кезде шайқасқа әскердің негізгі күштері кіруі керек. Жауларына білдіртпей  Райымбек өз сарбаздарымен осы жоспарды жүзеге асырып, қалмақ ордасының орталығына жетеді. Бірақ оларды Қорынның көріп қалып, ұстап алуға бұйрық бергенін байқаған батыр, Қорын ханға ұмтылып, оның басын шауып, қалмақ туын жығып, жерге тастайды. Мұны көрген қазақ сарбаздары «Райымбек» деп ұрандатып, шайқастың бел ортасына ұмтылады. Шайқас түн ауғанша созылып, Райымбек өзінің батырлығымен, қайсарлығымсен ерекшеленеді. Аман қалған қалмақтар Секер ханға қашты [7, б. 170-173.]. Бұл әрі батыр, әрі қолбасшы Райымбектің ерлігі мен әскери айлакерлігінің бір ғана көрінісі.

Батырдың өмірі мен отбасы туралы деректер аз. Райымбектің көп некелі болғаны туралы мәліметтер бар.  Олардан Райымбектің шамамен он шақты баласы болғаны айтылады. Бірінші әйелінен Нарт, Сарт, Әжі, Қожағұл деген ұлдары дүниеге келеді. Кейбір мәліметтер бойынша Қожағұл 9 жаста болған кезде, оның әкесі Райымбек батыр қайтыс болған. Сондай-ақ Қожағұл Ұлы жүз аумағындағы саяси процестерге белсене қатысады. Қожағұлдың есімі 1845 жылғы 2 маусыммен белгіленген Сібір шекара қазақтарының бастығы генерал-майор Вишневский мен Аягөз округтік приказының заседателі Смельницкийдің атына Ұлы жүз қазақтарынан жолданған мұрағаттық құжат – хатта кездеседі.  Бұл хатқа қол қойған билер мен батырлардың арасында Райымбектің ұлы – Қожағұл да болды [9, б. 4-6; 2, б. 94]. Сонымен қатар, Қожағұлдың қолы қойылған тағы бір құжат, бұл Ұлы жүз руларының (Жалайыр, Дулат, Шапырашты, Суан, Ысты және т. б.) жеке округ ашуды өтініп, сол Г. Смельницкийдің атына жолданған құжат [10, б. 1-3; 8, б. 147]. Сондай-ақ, Қожағұл 1862-1863 жылдары Қытай мен Ресей империясы арасындағы шекараны белгілеуге қатысуы мүмкін деген мәліметтер де бар [8, б. 147].

Қазақтар Райымбекті көзі тірі кезінде-ақ көріпкел деп білген. Ұзақ өмір сүрген, бар мақсаты Отанды қорғау деп білген ол, барлық еңбегі үшін халықтың құрметі мен зор даңққа ие болып, «әулие» (қасиетті) атанған. Көптеген қазақтар батырды қайтыс болғаннан кейін түстерінде көріп, Райымбектің оларға болашақты болжап бергенін және   оның орындалғанын айтады [11, б. 7].

Райымбек дүниеден озар алдында, достары мен серіктерін жинап, олармен қоштасады. Аңыз бойынша батыр қайтыс болғаннан кейін, денесін ақ түйеге артып, басын бос жіберуді және ол қай жерге барып шөксе, сол жерге жерлеуді өсиет етеді. Ол Сарыжазда қайтыс болады, ал түйе сол жерден шығып, қазіргі Алматы қаласына дейін жүріп келген екен. Зерттеушілер, ол өзінің өмірден өтетінін және жерленетін жерін болжап білген деп санайды [11, б.7].

Еңбегі

Жоңғар басқыншыларынан Жетісуды азат ету жолындағы жауынгер, қолбасшы, дипломат және күрескер. Батырлығы мен әскери стратегиясы үшін Абылай хан Райымбекті өз қолбасшыларының бірі етіп тағайындады. Жарияланымдарда көрсетілгендей [12; 13], Райымбек 1720-1730 жылдардағы қазақ-жоңғар соғыстарының негізгі шайқастарына (Бұланты, Аңырақай және басқа да шайқастар) қатысты, бірақ бұл туралы ауызша тарихи аңыздарда айтылмаған, сонымен қатар жазбаша деректер де жоқ. Кейбір деректер бойынша 1733 жылы Райымбек Бөлек батырмен бірге Жоңғарияда елші ретінде болған [14, б. 386; 5, б. 4]. Неғұрлым толық материалдар Райымбектің XVIII ғасырдың 40-50-жылдарындағы қазақ-жоңғар соғыстарына қатысуы туралы сақталған.  Бұл кезең жоңғалар үшін ауыр кезең болды, бүліншіліктер, қастандық жасау, өлім жазалары, эпидемия, Қоқанмен соғыстағы Жоңғар әскерінің жеңіліс табуы, Орта Азиядағы жағдай, қырғыздардың басып кіруі бір кездегі қуатты көшпелі империяны әлсіретті.

Қазақ хандықтарына, Цин империясына, Қоқан бектеріне қарсы ұзаққа созылған соғыстар ішкі саяси жағдайды нашарлатып, ресурстардың сарқылуы, сауданың тоқтатылуы, табиғи апаттар және т.б. Жоңғарияны ауыр экономикалық дағдарысқа ұшыратты. Жоңғариядан оралған орыс армиясының поручигі Ф. Аблязов: «темірдің саны өте аз және де көбісінің найзалы ратовищасы найзасыз… От шашатын қарулары да жеткіліксіз, оқ-дәрілері де сондай аз, ал басқаларында тіптен жоқтың қасы…, аттары да сан жағынан жеткілікті дәрежеде емес» [15, б. 183]. Жоңғарияның осындай әлсіреген жағдайында қазақтар өз жерлерін басқыншылардан азат ету үшін күресті өршіте түсті.

1740-ші-1750-ші жылдары Жетісу үшін күрес шиеленісе түсті: әскери шайқастарды Ұлы жүз тайпасынан шыққан батырлар (албан Райымбек пен Малай, Дулат Өтеген, Ошақты Саңырық, Шапырашты Наурызбай мен Қазыбек, Жалайыр Ескелді, Бәсентиін Малайсары, Шанышқылы Бердіқожа және т.б.) басқарды. Қазақ жасақтары Келес, Бадам, Түркістан, Сайрамды айнала өтіп, жоңғарлардың ізіне түсті. Іле жағалауы мен Балхашта Өтеген, Наурызбай, Малайсары батырлар және жасы үлкен қолбасшылар Хангелді, Бердікей, Бике бастаған жасақтар жоңғар әскерін шығысқа қарай қуып тықсырды.  Ақын Тілеміс Досполұлының «Өтеген» атты дастанында жауды қуған даңқты батырлардың есімдері аталады:  бір жағынан Райымбек, Шинет, Таусары болса, екінші жағынан – Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай… [6, б. 4].

Жетісудың орталық бөлігінде Райымбектің басшылығымен  Бақай, Сатай, Малай батырлар жоңғарларды шығысқа қарай қуып, олардың қолбасшылары Секер, Арыс, Ағанаспен шайқасты. Қазақ жасағымен Райымбек батыр Алматыдан шығысқа қарай Секер, Арыс және Ағанасқа қарсы соғысты. Наурызбай батыр жоңғар қолбасшылары Қаскелең және Шамалғанмен Алматы шатқалынан солтүстік-батысқа қарай  шайқасты. Қазақ сарбаздарының партизандық әрекеттері, шабуылдың ұтқырлығы мен кенеттен болуы оларға үлкен артықшылықтар берді, әрбір қадам басқан сайын олар өз жерін қайтарып, жоңғар жасақтарын, олардың шағын қарауылдарын талқандады.  Бұл оқиғалар туралы Райымбек, Өтеген және Наурызбай туралы қазақ аңыздары –  «Райымбек», «Ер Өтеген», «Қаракерей Қабанбай» және «Олжабай батыр» атты дастандар сақталып  қалды. Райымбек және басқа да батырлардың есімдері жоңғар аңыздарын да аталады, оның бірінде қолбасшы Шамал (Шамалған): былай деп ашына айтқан екен:  «Райымбек, Қараш, Наурызбай, Өтеген, Бөлек және Сатай біздің зәре-құтымызды қашырды[6, б. 4; 17].

Райымбектің қолбасшылығымен болған, қазақтың «Райымбек» атты дастанында айтылатын ең белгілі шайқас – «Ойрантөбе шайқасы» (1745 [6], 1747 [16] немесе 1750-ші жж. [17]). Шайқас Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы Ойрантөбе (Гибельный холм) деген жерде болды. «Ойрантөбе шайқасы» Сөгеті жазығында  (Көкпек жазығы) болды. Секер ноян, Қорын ханның қаза тапқаны туралы білген соң, жоңғар қолбасшылары Ағанас пен Арысты шақырып, соғысу үшін Көкпекті жазығына әскерді жинауға бұйрық берді.

Райымбек әскери тактиканы қолданды, ол өз жауынгерлерін үш топқа бөлді. Бақай батыр басқарған бір топ Түрген өзені арқылы өтіп, Асы үстірті мен Шелек алқабы арқылы оңтүстік-батыстан Сөгеті алқабына шықты. Қазақ жауынгерлерінің екінші бөлігі Сатай батырдың бастауымен Бұғұты тауының асуы арқылы солтүстік-батыстан Іле өзені жағынан жазыққа түсті. Үшінші топ – қалмақ киімін киген Райымбек пен оның сарбаздары Көкпек арқылы Секердің орталығына өтіп, Райымбек оны садақпен атып өлтіреді. (Екінші нұсқа: Мұнарада тұрған Секер ханды Райымбек садақпен тартып қалғанда, ол оң иығынан жараланады. Кейін қолға түсіп, басы шабылады).  Жоңғарлар Торайғыр тауларына шегінді.

Шайқастан кейін аз уақыт тыныс алып, қазақ жасақтары шабуылын жалғастырды, Сүмбе өзеніне дейін жетті. Ақанас пен Арыс Райымбек әскерінің жақындағанын естіп, Қытайға қашуға шешім қабылдады. 1758 жылы Райымбек Наурызбаймен, Өтеген және Малай батырлармен бірге Сүмбе шекарасында жоңғардың соңғы әскерін талқандап, Іле бойын жаудан тазартты. Аңыздарға сәйкес, осы шайқастан кейін Райымбек пен Бақай «Бас батыр» атағын алады.

Авторлар көрсеткендей, «Қабай-жыраудың дастандары мен аңыздарының үзінділеріне қарағанда» [6, б. 4],  Райымбек барлық әскери операцияларды ойластырып, болашақ шайқастың болатын жерін мұқият зерттеді, алдағы ұрыс мүмкіндіктерін есептеді, ешқашан жауға ашықтан-ашық шықпай, жаудан шығынсыз кетуге немесе оны аз шығынмен жеңуге тырысты.

Аңыз-әңгімелер бойынша Райымбек батыр атақты жоңғар нояндары Қорын, Бадам, Ағанас және Секер және т.б. жекпе-жектерде жеңді. Қалмақтардың аңыздарында: «Қош, Таушілік, Жалағаш, Түңілді ханың Ағанас, Райымбек тұрғанда, біздің емес мал мен бас»  [18, б. 3], – деп айтылуы кездейсоқтық емес.

Қазақтардың жеңістері нәтижесінде Текес және Қарқара өзендерімен шекара анықталды. Сүмбеге жақын жерде Қызыл Оба деп аталатын төбе бар. Ол биіктігі сегіз метрге жуық қызыл түсті дөңбектастардың үйіндісі. Бұл құрылыс, аңыз бойынша, Арыс және Ағанас бастаған жоңғар әскерінің қалдықтарын Құлжаға дейін қуғынға ұшыратқан Райымбек жорығымен байланысты. Райымбек әскері жоңғарлармен соңғы шайқастардан және оларды  қуғынға ұшыратқаннан кейін азат болған қазақтармен бірге туған жерге бағыт алады. Сүмбе шатқалында Райымбек айналадағы құнарлы жерлерге назар аударады. «Біздің жерімізді«мына жер менікі» деушілер болмас үшін, осы араға көзге көрінерлік және түпкілікті етіп, бір белгі қоялық», – деп Райымбек, өз серіктеріне биік тас үйіндісін орнатуға ұсыныс жасайды [8, б. 146]. Тастарды Тұзкөл өзенінің жағалауынан тасып, қызыл түсті тастардан жасалған қорған тұрғызды. Кейін, XIX ғасырдың ортасында Ресей империясы мен Қытай арасындағы шекараларды белгілеу мен жерді бөлу кезінде (Ұлы жүз Ресей құрамына қосылғаннан кейін) Қызыл Оба қорғаны шекараны анықтайтын белгі болды [19, б. 56; 6, б. 4].

Райымбектің басшылығымен суару арналары қазылды [14, б. 386]. Ойрантөбеден солтүстікке қарай Торыайғыр тауының етегінде Райымбек бастауы бар. Аңыз бойынша Райымбек шөл қысқан әскерді осы жерге алып келіп, су іздеп, құрғақ жерге өз қылышын қадағанда, семсер астынан бұлақ көзі ашылады [6, б. 4].

Райымбек 17 жасында атақты батыр болып, 30 жылдан аса жоңғарларға қарсы әскери шайқастарға қатысып, 77 жарақат алды. Және де, аңыздарға сәйкес, бірде-бір шайқаста жеңілмеген. Хангелді атасымен және басқа да белгілі батырлармен бірге қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысты.

Батырдың Отанға деген сүйіспеншілігін, өмірдің мәнін көрсететін: «Елім – Албан, жерім – Жетісу, Жайлауым – Асы, қыстауым – Алматының басы!» деген сөздер Райымбекке тиесілі делінеді. [6, б. 4]

Ұлықталуы

Райымбектің өмірі мен қызметіне тікелей немесе жанама байланысты жазба деректері бірен-саран және әртүрлі мұрағаттар мен кітапханаларда сақтаулы. Бұл туралы мәліметтер Қазақ КСР тарих, археология және этнография институтының директоры, ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі А. Н. Нүсіпбековтың (1966 жылғы 31 желтоқсандағы) хатында Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Е. Д. Дүйсеновтың 1963 жылғы 14 қазандағы сауалына жауап ретінде жазылған. Үзіндісі осы мақалада келтірілген құжаттардың бірі Ресей Федерациясының сыртқы саясаты Мұрағатында (АВПР) сақтаулы. Бұл Ұлы жүз қазақтарының Анна Иоановнаға жазған хаты, оған  билер мен батырлар қол қойған, олардың ішінде Райымбектің атасы  Хангелді де бар (АВПР, 122 қор, 5 іс, 1733-1735 жылдар, Мәскеу). Тағы бір мұрағат құжаты Райымбектің ұлы Қожағұлмен байланысты. Райымбек батырдың көзі тірі кезінде Ұлы жүздің аумағы Ресей империясының құрамына кірмеген. Бірақ оның ұлы Қожағұл батыр қазақтың Албан мен Суан тайпаларының атынан бұл тайпалардың Ресей империясына ерікті түрде қосылатыны туралы  актіге қол қояды (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты ҚР ОММ, 7374 қор, 1616 іс, Алматы). Сондай-ақ Қазақ КСР тарих, археология және этнография институтында сақталған 151 беттен тұратын «Райымбек жорықтары» қолжазбасы (№1670 құжат) туралы айтылады.

Алматы қаласының Ленин ауданының сәулетшісі Иманбаев 1967 жылы былай деп жазады: «… аудандық сәулетші ретінде Райымбек Хангелдиннің қабірін қоршау және оған мәңгілік сәулет ескерткішін орнату туралы өтініш білдіруді сұраймын және кеңес беремін»  [2, б. 75-76].

1960-шы-1970-ші жылдары Райымбек батырдың ұрпақтары Компартия ОК бірінші хатшысы Д. А. Қонаевтың атына, Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне және т.б. оны мәңгілік есте сақтау және қабірді сақтап қалып, оның үстіне ескерткіш тақта орнату туралы  бірнеше өтініш-хаттар жолдайды. Дәл сол кезде, өткен ХХ ғасырдың ортасында қаланы кеңейту және нысандарды тұрғызу бойынша жұмыстар басталды. Ташкент көшесінің шетіндегі алаңқайда төбешік болды, оның астында Райымбек батыр жерленген болатын. Қала аңыздары құлшылық етіп келушілердің Райымбек қабіріне қалдырған ақшаларын қазып алып, иеленген кейбір құрылысшы жұмысшылардың бақытсыздықтар мен қиыншылықтарға ұшырағанын айтады Қариялардың айтуы бойынша Райымбек рухы ашуланып, қажылық етушілердің ақшасына қол салған адамдарға дерт пен түйткілдерді жіберген.

Батырдың бейітін жермен бірдей етіп тегістеу кезінде қызықты оқиға болған: техника себепсіз тоқтап қалып, жұмыс істемейді. Куәгерлердің айтуынша, трактор от алып, Райымбек қабірінің бағытынан басқа кез келген жаққа қарай жүрген. Жерлеуді бұзу жұмыстары тоқтатылады. Авторлар жазғандай, бұдан кейін Райымбек бейітіне ешкім қол сұқпаған. Ақырында, құрылыс әулие-батырдың жерленген орнын қозғамай, алаңқайдың айналасында жүргізілді [12].

Райымбек Кесенесі. Архитектуралық ескерткіш. // Кіру режимі: http://comode.kz/post/zhizn-goroda/v-chest-kogo-nazvan-prospekt-nizhe-kotorogo-net-zhizni-v-almaty/

Алматыда 1981 жылы Райымбек қабірінде гранит стела орнатылды. 1990 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық қоғамы батыр қабірінде кесене тұрғызу туралы бастама көтерді, 1992 жылы кесене тұрғызылды (сәулетшілер Б. Ыбраев, Ш. Өтепбаев, С. Ағытаев) [14, б. 386].

Кесене, төбесінде жарты ай орналасқан өткірұшты  шатыр түріндегі ерекше формаға ие және оның  ішінде ұлы батырдың сүйегінің күлі салынған саркофаг қойылған. Қасында Райымбектің әйгілі ақ түйесінің ескерткіші орналасқан. Кесене қазақтардың қажылық орнына айналды.

Райымбек батырға ескерткіш 2012 жылдың 7 желтоқсанында Алматы қаласында Райымбек және Пушкин көшелерінің қиылысында ашылды. Қызыл граниттен жасалған тұғыры бар қола мүсіннің биіктігі 12 метрден асады. Райымбек толық қару-жарағымен аты аңызға айналған Көкойнақтың үстінде отыр. Мүсінші Е. Рахмадиев, дизайнер И. Поляков, сәулетші В. Немчиков [20].

Тұғырда батырдың өмір сүрген жылдары 1705-1785 жылдар ойып жазылған. Төменгі қатарда М. Мақатаевтың өлең жолдары орналасқан: «Ұрпағыңа медет бер, Ұлы бабам!».

Алматы қаласындағы Райымбек батырға арналған ескерткіш.  Кіру режимі: https://www.inform.kz/ru/v-almaty-otkryt-pamyatnik-rayymbek-batyru

Сондай-ақ, Райымбек батырға арналған ескерткіш Алматы облысында, Алматы қаласынан шығысқа қарай 300 шақырым жерде Қасеней (сәулетші Қ. Егізбаев) жерінде салынған. 1996 жылдың 15 қыркүйегінде ашылды. Райымбекке арналған атты ескерткіштер Райымбек ауданының Нарынқол ауылында, Алматы-Кеген тас жолында орналасқан.

1997 жылы Алматы облысының Нарынқол және Кеген аудандарының орнына Райымбек ауданы құрылды. Алматы қаласының орталық көшелерінің бірі, Алматы маңындағы ауыл, Алматы метрополитен станциясы батырдың құрметіне аталды. 2005 жылы Қазақстанда Райымбек батырдың 300 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті.

Райымбек батыр тұлғасына арналған көптеген поэмалар, романдар, көркем әдебиет шығармалары, қазақ мәдениеті қайраткерлерінің картиналары бар. Солардың ішінде М. Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» (1971) поэмасы, Ж. Тұрлыбаевтың «Тамыз таңы» (екінші бөлім «Райымбек», 1992), Ш. Күмісбайұлының «Райымбек батыр. Тарих, тұлға, уақыт» (2007) және басқалары.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

1 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7 том. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакицясы, 2005. – 728 б.

2 Каупынбайулы Т. Райымбек батыр. Эсселер, тарихи очерктер, дастандар, баяндар. – Алматы: «Білім» баспасы, 2005. – 216 б.

3 Казахско-русские отношения в XVI–XVIII веках. Сборник документов. – Алма-Ата, 1961. – 741 с.

4 Жетысу. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. –712 б.

5 Райымбек батыр // Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант», 2012. Т. 87: Тарихи аңыздар, 2012. – Б. 153-213.

6 Турлыбайулы Ж. Герой сурового времени // Казахстанская правда. – 2005. – 6 августа.      – С. 4.

7 Казахский эпос. – Алматы, 2010. – 472 с.

8 Койгельдиев М. Отан корғау ісіндегі батырлардың орны және ғылыми тарихнамада баяндалуы жөнінде // Райымбек. Ұжымбық жинақ. – Астана: Елорда, 2005. – 288 б.

9 ҚР ОММ. 374 қ. 1616 іс. 2–4 б.

10 ҚР ОММ. 374 қ. 1 т. 1169 іс.1-3 б.

11 Есим Г. Әулие Райымбек жолы елдікке бастайды // Жетісу – 2006. – 30 июля.

12 Журекбаев А. Несломленный дух батыра Райымбека // Вечерний Алматы. – 2015. – 2 апреля (№ 39–40). – С. 8.

13 Шупейкин В., Васильева И. Райымбек из рода Албан // Вечерний Алматы – 2017. – 24 августа (№107). – С. 28.

14 Казахстан. Национальная энциклопедия. Том 4 / Гл. ред. Б. Аяган. – Алмата: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2006. – 568 с.

15 Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи. XVII–XVIII вв. – Алма-Аты: «Ғылым», 1991. – 238 б.

16 Қазақстан Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Нысанбаев Ә. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 728 б.

17 Кенже Т. Погибельный холм ойратов или как казахи отстояли Жетысу. // Central Asia Monitor. – 2018. – 9-15 февраля (№ 2). – С. 9// Режим доступа: https://camonitor.kz/30567-pogibelnyy-holm-oyratov-kak-kazahi-otstoyali-zhetysu.html. 9.02.2018

18 Койгельдиев М. Баһадур // Егемен Қазақстан. – 2005. – 10 тамыз. – Б. 3.

19 Турлыбаев Ж. Қаһарлы заманның қаһарманы //Ұлағат. — 1997. — №1-2.

20 В Алматы открыт памятник Райымбек батыру // Режим доступа: https://www.inform.kz/ru/v-almaty-otkryt-pamyatnik-rayymbek-batyru.

Автор:Сактаганова З.Г., т.ғ.д.