Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

СҰЛТАНМӘМЕТ СҰЛТАН


Сұлтанмәмет сұлтан (1710-1794) – Қазақ хандығының көрнекті қайраткері. Жошы ханның ұрпағы. Абылай ханның немере ағасы. Орта Ертіс өңіріндегі қыпшақ ұлысының старшинасы. Атақты батыр әрі қолбастаған сардар.

1771 жылы Еділ қалмақтарына қарсы «Шаңды жорық» кезінде 50 мың адамнан тұратын жасақ жинады. Еділ қалмақтарымен және жоңғарлармен ерлікпен шайқасты. Орта жүз қазақтарының Ертістің оң жағалауына өтуіне бастамашысы болды. Ол тәжірибелі дипломат ретінде де таныла білді: Ресей және Қытайдың Цинь империясымен белсенді дипломатиялық келіссөздер жүргізді. Біраз уақыт Қытайға қазақ елі үшін кепілдікке де тапсырылды. Оған Солтүстік және Шығыс өңірі қазақтарын басқаруға 18 ұлы көмектесті. Шаруашылығында 20 мың жылқысы бар дәулетті адамдардың бірінен саналған ол Орта Ертіс өңірінде шабындық дайындау мен сауда жасау ісін жолға қойды.

Өмірбаяны

Кеңес дәуірінде бірнеше объективті және субъективті жағдайларға байланысты ұмыт болған бірқатар тарихи тұлғалардың есімдері белгілі себептермен зерттелмеді. Солардың қатарындағы XVIII ғасырдағы ұлттық ауқымдағы әйгілі тұлғалардың бірі – Жошы ханның ұрпағы және Орта Ертіс қазақтарын Хан Әбілмәмет пен Сұлтан Абылай атынан шебер басқарған – Сұлтанмәмет.

XVIII ғасырдың 30-жылдардың ортасында Орта Ертіс аймағынан Сұлтанмәмет тарих сахнасынан орын алды.  Ағалы-інілі, құрдастар, бір өлкенің тумалары және бір атаның ұрпақтары Абылай мен Сұлтанмәмет бір уақытта белгілі бір рулардың сұлтаны болып тағайындалды: Сұлтанмәмет Орта Ертіс өңірінің «Қыпшақ ұлысын», ал Абылай Арғын, Атығайларды басқарды. 1710 жылы қазақ жерінің оңтүстігінде дүниеге келген Сұлтанмәметтің толық аты-жөні – «Сұлтанмұхаммед», әртүрлі дерек көздерінде «Сұлтан Мәмет», «Мәмет Сұлтан», «Сұлтанбет» атауларымен кездеседі. Ата-анасы мен жақын туыстары Қазақ хандығының сол кездегі астанасы Түркістанда өмір сүрген. Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің қамқарлығының арқасында Сұлтанмәмет Ертістегі қыпшақ ұлысының сұлтаны болып тағайындалды. Сұлтан сол күрделі саяси қарама-қайшылықты дәуірде қазақ елінің амандығы үшін кепіл бола отырып, білікті, қабілетті билеуші ретінде  патша әкімшілігімен қатынаста болып, қазақ халқының лайықты ұлы ретінде ел басқарды. Ол бүкіл Орта Ертіс өңірінің билеушісі әрі «Қыпшақ ұлысының» сұлтаны ретінде Жоңғар, Қытай мемлекеті және Ресей империясымен көптеген күрделі келіссөздерді сәтті жүргізе білуімен өз замандастарының арасында озық тұрды. Сұлтанмәмет және оның балалары қырғыз, қарақалпақ және өзбектермен күрделі мәселелерді шешуге мәжбүр болып, кей жағдайларда жалпы қазақ жасағының құрамына өз әскерін де жіберіп отырған. Сұлтанмәмет туралы алғашқы мәліметтер 1739 жылдан басталады. Ш. Уәлихановтың айтуы бойынша ол Абылайдың қасында сенімді серігі болған. Орыстар қазақ елінің аға ханы атағына ие болған Әбілмәмбетті айналып өтіп, Сұлтанмәметпен келіссөз жүргізген [1, с. 113] дейді.

Алайда, Абылай Ресейдің шекара шебінен едәуір қашықтықта, Түркістанда тұруды жөн көрді. Белгілі ғалым Ш. Уәлиханов Әбілмәмбетке, Абылайға және Сұлтанмәметке төмендегідей баға береді: «…сол кезде Ордаға жіберілген барлық орыстардың куәліктері бойынша нағыз хан Әбілмәмбет еш нәрсені шешпегендіктен, 1739 жылы Абылайды (Абылай – З.К.) және оның бауыры Сұлтамәметті Ресей үкіметі Орта жүздегі ең мықты билеуші ретінде таныған…» [2, 113]. Орынбор комиссиясының басшысы И.Н. Неплюевтің 1742 жылғы 27 қыркүйектегі Сыртқы істер коллегиясына жасаған есебінде біз Ертіс сұлтанын Қазақ хандығының басты үміткерлерінің бірі ретінде көреміз: «…Мен Ор бекінісінде болғанымда, Орта жүзден Сұлтанмәмет сұлтан өз ұлысынан және бағынышты қазақ ордасынан да келді» – дейді [3, с. 254]. Сол кезде Сұлтанмәмет Қазақ хандығының солтүстік-шығыс бөлігінде ғана емес, жалпы қазақтың беделді билеушісі болған. Ол немере інісі ықпалды сұлтан Абылайды жоңғар тұтқынынан құтқару мақсатымен, бауырының тағдырына алаңдап, мыңдаған шақырым жол жүріп, Ресеймен шекаралас жатқан Кіші жүз жеріне келіп еларалық келіссөз жүргізді.

XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Орта жүз қазақтарының танымал зерттеушісі И.Г. Андреев Сұлтанмәметпен достық қарым-қатынаста бола жүріп, ол, Сұлтанмәметтің Есім ханның ұрпағы болғанын жазады: «Бұл жерге Мен Коряковск бекетінен осы жаққа өткенімде оның өзі, өзінің шығу тегін Ешім ханнан (Есім. – З.К.) таратып маған дәлелдеді» [4, 101]. Оның ұлысының орналасуына келер болсақ, статист Ф. Щербинаның экспедициясы жинаған қазақ жерін пайдалану туралы мәліметтерге сәйкес Ақмола болысының Омбы ауданын зерттеу нәтижесінде, Сұлтанмәметтің және оның ұрпақтарының билігі /болашақ 1868 ж./, Ақмола облысы, Омбы уезіне және Павлодар уезіне, сол кездегі Семей облысының Семей уездерінің бір бөлігіне кең тарағаны анық [5, с. 43].

Сұлтанмәмет сұлтан тікелей басқарған «Қыпшақ ұлысы» өзінің көшін Жәміш бекінісінен бастап, Ертіс өзенінен төмен, аралдар бойымен жүріп өтіп, Железин бекінісінен біршама арырақ аяқтады [5, 101]. Архив деректері көрсеткендей, оның билігі Омск бекінісіне дейін созылды. Сұлтанмәмет сұлтан туралы мәліметтер капитан И.Г. Андреевтің «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» еңбегінде: «Сұлтанмәмет сол ұлыстағы ең жақсы деген 5000-ның ішіндегі әйелдері мен балаларды қоспағанда құрметке лайық жан» [4, с. 101] деп келтірген. Алайда, әскери жорықтар кезінде ол өз ұлысынан 7-8 мың сарбазды сапқа тұрғыза алған.

Сұлтанмәмет өз иелігіндегі халыққа он сегіз ұлы арқылы билік жүргізген. Атап айтсақ: Орыс (Наурыз), Иман, Үкібай, Тартан, Жәңгір, Ахмет, Сейіт, Қарақас, Ботай, Кәріпжан, Матай, Таймас, Шаншар, Бышқан, Құлтай, Мұқыш, Құлшық және Қараш. Олар әр әйелдерден туған: біздегі мәліметтер бойынша, Сұлтанмәметтің кемінде екі әйелі болған. Сірә, И. Фальк басқарған орыс академиялық экспедициясының мүшесі Х. Барданес 1771 жылғы өзінің жазбасында Сұлтанмәметтің ең кіші әйелін суреттеген [6, 284 б.]. Сонымен қатар, Сұлтанмәметтің жасы 70-ке келгеніне қарамастан кәнизактары болған, бұл оның физикалық күш-қуатын білдіреді. Бұл сөзімізге 1778 жылдың қарашасында  генерал-майор Н.Г. Огаревка шекара шебіне қашып кеткен кәнизагін қайтарып беру жөніндегі өтінішпен жазған хаты дәлел: «Менің хатыма сәйкес, қашып кеткен кәнизәгімді қайтаратындығы жөнінде маған жазбаша жауап жіберді, мен оны дұрыс қабылдадым. Бұл үшін мен өзімнің кішігірім ризашылығымды білдіремін» [7,  45 п.].

Бәлкім, ол 1771 жылы жорықта қолға түскен, Жоңғарияға қашуға тырысқан, Еділ қалмағының өкілі болуы да мүмкін. Сұлтанның балалары әрбір руға басшы болып бекітілді, атап айтсақ: Орыс сұлтан Бәсентинді, Иман сұлтан – Күрлеуіт – Қыпшақты, Тортан – Жәрімбет – Қыпшақты, Үкібай – Қызылқақ-слетінді, Ботагөз – Құлатай-Қыпшақты, Матай – Ақтілекті, Құлтай – Сағал-қыпшақты, Құлшық – Жолаба-қыпшақты, Шаншар – Айтей-Бәсентинді басқарды. Кейін оның немерелері мен шөберелері де аға сұлтан және болыс болып ел басқарады, сонымен бірге, Ертістің оң жағалауына көшуге бастамашылар болған. Сұлтанмәмет өзінің адал батырларын да ел басқаруға тартқанын, Сұлтанмәмет пен оның ұлы Орыстың хаттарында Уақтан Серкебай батыр мен Тілеумбет батыр, қанжығалы руынан Бақты батыр, қыпшақтан Қошқарбай батыр және тағы басқа батырлар туралы жазылған. 1771 жылы Сұлтанмәметпен орыс академиялық экспедициясының мүшесі, белгілі ғалым және саяхатшы Х. Барданес кездеседі: «26 шілде күні түс уақыты шамасында  Сұлтанмәметтің ордасына жолға шығып, мен оның ілтипатты қабылдауында болдым. Оның ордасы немесе  ауылы 8 киіз үйден тұрды, олардың үшеуі ақ киізден тап-таза, қалғандары қараша үйлер, сірә қызметшілері мен күтушілерінікі болуы керек қарапайым болды. Кіреберіс қазаннан жоғары жақта парсы кілемі төселген, оның үстінде сұлтан мен әйелі отырды… Сұлтан 60 жаста, жұқалау келген, кішкентай қара сақалды. Оның үстінде жібек көйлек, басында алтын жіппен тігілген мұрап болды. Ол байсалды көрінді … ол, монархтың денсаулығы туралы сұрады» [6, 283-284 б.].

Сұлтанмәмет және оның ұрпақтары басқаратын аймақтағы мемлекетаралық қатынастарды тұрақтандыру және сол кезеңде күрделі болған шекаралық мәселелерді шешудің бейбіт әдістерін табанды түрде алға бастыру бастамасын ұсынды. Ресей империясының 1762 жылы екінші Екатеринаны императорлыққа ұлықтау рәсіміне таңдаулы 5 қазақ хандары мен сұлтандарының қатарында (Нұралы, Абылай, Ералы, Айшуак және Сұлтанмәмет) Сұлтанмәметтің де шақырылуы, сұлтанның Ертіс өңіріндегі ықпалы мен дәрежесінің дәлелі. Жоғарыда есімдері аталған қазақтың хан-сұлтандары екінші Екатеринаның таққа отыру құрметіне орай арнайы ұжымдық құттықтауын жолдады [8, с. 227].

Сұлтанмәмет сұлтан және оның балалары өте діндар еді. Сол үшін олар үнемі өздерімен бірге орыс татарларынан, кей жағдайда башқұрттардан молдалар ұстады [7, п. 192-192 арт]. Сұлтанмәмет сұлтан балаларының сауатты болуы керектігін түсініп, оларға үйде мұсылманша білім бергісі келді. Бұған оның генерал-майор Н.Г. Огаревтен 1778 жылғы 15 қаңтардағы өзінің балаларының білім алуына молданы жіберуді сұраған хаты дәлел бола алады: «Мәртебелімнен маған балаларыма білім алу үшін молданы, башқұрт старшыны Абылайдың жиенін жіберуді өтіндім» деген өтінішіне Ресейдің аймақтық билігі келісімін беріп жауап берді [7 л. 44-44 об.] Сұлтан өз құлдарын Тәуке ханның орнатқан заңына сүйеніп өлім жазасына кесе алатын, ал, қарапайым халыққа келгенде Абылай ханның араласуы қажет еді, оны біз Сұлтанмәметтің көптеген хаттарынан: «баласы Орыс сұлтан иелігінде ұрлық жасаған пенденің дарға асылғандығын» [9, п. 244-244 об.] көреміз. Бұл ретте, Ресей империясы мұндай мәселелерді қазақ билеушілерінің хандар мен сұлтандардың құзыретіне кіретін ішкі мәселелер деп санап, оған араласпады. Сұлтанмәмет мұндай жағдайларда адамшылықтың әрекетінен шыққан жоқ. Ол қазақтың дәстүрлі мерекелерін, соның ішінде Наурызды елімен бірге белсенді түрде атап өтетін [10, 594, 594 п. арт.].

Сұлтанмәмет және оның балалары да өте дәулетті, бай еді. Оның байлығы, ең алдымен, жылқыларымен есептеледі. Қуаңшылық немесе жұт болған жағдайда ол шекара шебінің ішкі жағына, Ертістің оң жағалауына дереу көшіп кете алатын. Ол және оның балалары 1771 жылдан бастап, қысқы уақытта қарусыз, орыс бекіністері мен казак және шаруа ауылдарына жақындамау шартымен, Ертістің оң жақ жағалауында көшуге рұқсат алды. Сұлтанның жылқыларын орыстар ұрлаған жағдайда  малды тез қайтаратын. Ал, өз қазағы оның жылқысын ұрлауға тәуекелге бармайтын. Әскерилер, оның аймақтың жоғары шенді басшылығымен және бекініс басшыларымен қарым-қатынасын білгендіктен, оның малын ұрлаудан қауіптенетін. Ол әрбір ұрланған жылқы басы үшін жергілікті билік өкілдерімен, Ресей шенеуніктерімен ұзаққа созылса да қажырлы түрде хат жазысатын. Сұлтанмәметтің өте бай тұратынын жылқысының өзі кем дегенде 20 мың бас екендігі Жәміш бекінісінің коменданты, майор Ф. Шаховтың Сібір корпусының қолбасшысы генерал-лейтенант Н.Г. Огаревке берген 1788 жылғы 8 қаңтардағы есебінде айқын көрсетілген. Онда 1787-1888 жылдары қыста қазақтың үйір-үйір жылқыларын өткізу туралы ведомостың қосымшасында егжей-тегжейлі жазылған: «Бәсентин болысының старшыны Орыс сұлтан және оның баласы Тәтенде Қара станица маңында 50 жылқышы 7000 бас жылқы, ал , Сұлтанмәмет және оның баласы Қарашада 100 жылқышыда 20000 бас жылқы болған» [11, 40-42 п.].

Сұлтанмәметтің малы бұдан да көбірек болуы мүмкін, өйткені ол барлық малын Ертістің оң жағалауына апармаған. Бұл есепке түскен мал басы ғана. Мал басын сақтап қалу үшін бірнеше бөлікке қосқа бөлу байлардың қолданатын күнделікті іс-әрекеті. Кей жағдайларда малдарын кедейленген туыстарына өнімін қолдану үшін беріп, мал басын аман алып қалатын. Шөп қоры жеткілікті болмаған жағдайда ірі қара мен қойды қорада ұстап тұру мүмкін емес еді. Сондықтан, 1776 жылы Сұлтанмәмет сұлтан шөп шабу жұмыстарын белсенді түрде жүргізуге тырысты, ол үшін Ресей тарапынан оған шөп шабушыларды жіберуді өтініп отырған. Бұған Сібір корпусының қолбасшысы, генерал-майор А.Д. Скалонға 1776 жылғы 24 шілдедегі хатында шөп шабуға он адамды көмек ретінде жіберуін сұрағандығы мысал. Онда ол шабындық уақыты келуімен Коряковск фарпосынан шалғы, орағымен бірге он адамды сұрайтынын, оған өзімнің жұмысшыларымды қосып, шөпті жеткіземіз және  жинаймыз  дейді [12, 59 п. арт.]. Патшалық билік бұдан бұрындары Абылай сұлтанның жасаған өтініші сияқты, Сұлтанмәметтің де өтінішін орындады, олар көшпенділерді бағындыруға және біртіндеп отырықшыл етіп қоныстандыруға өте мүдделі болды. Отырықшыға айналса жауынгерлік ерлігінен айырылып, еркін қимылдауға мүмкіндігі азайып, оңай басқарылады дегенді ұстанды. Содан кейін шабындықты жеткізу үшін бес адамды жіберу туралы ұсыныс шешім қабылдады [12, п. 59 арт.] Сұлтанмәмет сұлтан мен оның балалары XVIII ғасырдың соңына дейін егіншілікпен айналыспады, өйткені бұл бай көшпелілердің кәсіптері емес еді, дәстүрлі түрде отырықшылық өмір салтын ұнатпады. Сұлтанмәметтің ұрпақтарының ішінде алғашқылардың бірі болып, Бәсентин болысының басшысы Тәтен Орысұлы (1793 – XIX ғасыр) егіншілікпен айналысты. Н.Г. Аполловтың айтуы бойынша 1808 жылға қарай алғашқыларының бірі болып Ертістің оң жағалауындағы Бұлақ деген қоныстағы сұлтан Тәтен Орысұлы егіншілікпен айналысқандығын жазады [13, с. 226].

Сұлтанмәмет және оның қол астындағылар белсенді түрде аң аулаумен айналысты. Кейде аң аулауға оқ жетпей қалғанда Ресей тарапына ерекше құрмет  білдіріп, Ертіс өзені мен көлдерінен жабайы құстарды атып алу үшін (қорғасын З.К.) қорғасын сұрайтын. Бұл Сұлтанмәметтің Сібір шебіндегі әскерлердің қолбасшысы генерал-майор фон Веймарнға 1760 жылы 23 қыркүйектегі жазған хатында былай көрсетілген: «Киргис-Кайсацкий (қазақ – авт.) Орта орда қырғыз-қайсақ (қазақ. – Автор.) ордасынан сізге сенімді   Сұлтанмәмет сұлтан: генерал-майор Иван фон Веймарн мырза … қазақтың Ұлы Ордасы, сізден алыста болса да сенім арта алатыныңызды білдіре отыра … Біз мұнда құстар көп болғандықтан, оларды атуға қорғасын жіберуіңізді сұраймыз» [14, 250 п. арт.]. Сұлтанмәметтің өтініші бойынша 1776 жылы Ертіс өзенінің оң жағалауына Коряковск форпостынан сегіз шақырым жерге ағаштан үй салынады. Бұл Ертіс өңіріндегі патша үкіметінің ақшасын жұмсаған бірінші әрекеті еді. Қазақ билеушілерінің мұндай «өтініштері» олардың өздерінің билігін нығайтса, екіншіден, Жоңғар мемлекетін Цинь әскері талқандаған соң Ертіс өзені бойындағы байырғы өз жерлеріне қоныс аударуға ұмтылысын білдірді. Қазақ сұлтандары мен билеушілерінің стационарлы құрылыстарды салуында орыс үкіметінің көздеген өз мүдделері болды: мұны кездейсоқтық емес әлеуметтік-экономикалық және саяси бақылаудың формасы ретінде белгілі бір дәрежеде қыр елін «әлсірету» деп түсінді. Бір кездері мобильді дала тұрғындары, жауларының алдында әрқашан әлсіз, өздеріне тән емес  қызметтерді атқаруға тиісті болды.

Сұлтанмәмет Ертіс бекіністерінің аумағында пайда болған көптеген «айырбас сауданың» бастамашысы болды. Осылайша, Ертістің сол жағалауы алқабы құрылуының алғашқы күндерінен бастап, сұлтан бекініс тұрғындарымен сауда жасай бастады. Жәміш бекінісінде жергілікті қазақтармен 1765 жылы 18-24 қаңтар аралығында жалпы саны 25 кісіден тұратын Сұлтанмәмбеттің адамдарымен айырбас сауда басталғаны Сібір корпусының командирі генерал-поручик И.И. Шпрингерге жолдаған Жәміш бекінісінің коменданты полковник А.Д. Скалонның рапортында мәлімделген. Бұл шарада Ресей тарапынан негізінен Сібірдің Тобольск және Тара қалаларына қоныстанған Бұхара көпестері болды. Тобыл көпесі Георгий Нечаевтың атынан орыс саудагерлері де болды.  Сұлтанның қарамағындағылар жағынан түлкі, қасқыр, қарсақ секілді бағалы аң терілері, жылқы, киіз, күміс тағы басқа заттар  ресейліктердің мата, қазан, таға, маржан секілді тауарларына айырбасталды [15, 188, 188 п. арт.]. Көбінесе, орыстармен шекара бойында сауда жасауды Сұлтанмәметтің өзі немесе оның бір баласы басқарған. Көшпелі өмір жағдайында орыс және азиялық көпестерінің қыр еліне келуі өте ыңғайлы болды. Мұны біз Бәсентин руының сұлтаны Орыстың (Сұлтанмәметтің үлкен ұлы – К.З.)  1771 жылы 14 наурыздағы генерал Станиславскийге жазған хатынан көреміз: «Айырбас сауда үшін саудагерлеріңізді жіберулеріңізді сұраймыз. Бізде жаз уақытында айырбас сауда жасайтын ташкенттіктер мен бұқарлықтар көп болады» [16, л. 94, 94 об] дейді ол. Осы хаттан сұлтанның белгілі бір дәрежеде саудагерлердің  қауіпсіздігінің кепілі бола отырып, Орта Азия саудагерлерінің қыр елінде жүріп-тұруын нақты қадағалап отырғанын анық көруге болады. Сұлтанмәмет Орталық Азия мемлекеттері өкілдері мен бекіністегі әскерилер, қазақтар қатысатын айырбас сауда орындарын ашу үшін жергілікті биліктен тұрақты орындар ашуын жиі сұрайтын. Ол Орталық Азиядан келгендерді өзі бақылады. Олар қазақ даласынан өткендіктен, оған үнемі алымдар төлейтін. Бұл олардың жеке бастарының  және тауарларының қауіпсіздігіне кепілдік ретінде берілетін. Жәміш бекінісіне қарама қарсы айырбас сауда орталығының құрлысын салуға Сібір корпусының командирі генерал-поручик И.А. Деколонгке 1772 жылдың 13 қыркүйегінде Сұлтанмәмет өтініш жасайды. Онда орыстардың кіруі біршама шектеулі және қауіпті болды, бұл Ташкенттік саудагерлердің келуіне кепілдік берді. Бұған оның «Менің сауда орнын салу жөніндегі өтінішімді қабыл алсаңыздар, онда ташкенттіктер  қазақ халқына сауда жасауға келіп тұрар еді» дегені айғақ [17, 180, 180 п. арт]. 1745 жылы Абылай мен Сұлтанмәмет сұлтандар Сібір үкіметіне Жәміш бекінісінде сауда орнын ашу туралы өтінішпен жүгінді. Бұл қазақта нан, мата, пышақ, балталардың жетіспеушілігіне байланысты еді. Өз кезегінде Ертіс бекіністерінің тұрғындары сібір жарасынан қырылатын жылқы, ірі қара малдарының санын қалпына келтіруге мұқтаж болды. Сондықтан сол жылы генерал Киндерман Семей мен Жәміш бекіністерінде сауда жасауға рұқсат берді. Дала тұрғындары саудаға қой терісінен тон, түлкі мен қарсақ, ақбөкен терілерін, киіздермен қоса жылқы, ірі қара және ұсақ малды әкелді. Саудаға қазақтар, орыстар, жоңғарлар және орта азиялық көпестер қатысты. Бірақ жоңғарлардың әскери жорықтары кезінде бекіністермен саудасы уақытша тоқтатылды [18, 399-400 б.].

Сұлтанмәмет сұлтанның хан Абылаймен белсенді өзара іс-қимылдары, оның дипломатиялық бағыттағы ептілігі зерттеушілер үшін үлкен қызығушылық тудырады. Алдыға көз жүгіртсек, Ертіс билеушісі Шыңғыс ұрпағы  Сұлтанмәмет өз заманының өте беделді мемлекет қайраткерлерінің бірі болғандығы, оның өз меншігі мен тұтастай қазақ хандығының шекараларын сыртқы экспансиядан қорғаудағы еңбегі зерттеліп отырған аймақтың тарихына сәйкес әртүрлі деректерде көрініс тапты. Ресейліктер Орта жүзде «Абылай мен Сұлтанмәметтің» коалиациясынан тұратын қарсылыққа тап болды, олардың өзара бірлескен іс-қимылдары, ынтымағы қырық жылға жуық созылды.  Олар тек Орта жүзді ғана емес, сонымен бірге Ұлы жүздің және тіпті Кіші жүздің іргелес аймақтарын да басқарды. Екеуі де жоңғарларға, Еділ қалмақтарына, қытайларға, қырғыздарға және өзбектерге қарсы қорғану мақсатында жорықтар жүргізіп, үйлестірілген белсенді сыртқы саясат жүргізді.

Абылай мен Сұлтанмәметтің арасында ең жылы және сенімді қарым-қатынастар дамыды, оны бірқатар жағдайлармен түсіндіруге болады. Біріншіден, олар жақын туыстар – немере ағайындылар. Екіншіден, олардың жасы қатарлас және пікірлес  болғандықтан ойлары бір жерден шығатын, барлық сыртқы саяси қатынастарда және ішкі істерде әрқашан бір-бірін қолдайтын. Үшіншіден, олардың бірлескен әскери бауырластығы маңызды фактор болып табылады: олар бірге барлық әскери қиыншылықтар мен ауыртпалықтарды бастан кешіп, жоңғарлар мен Еділ қалмақтарына қарсы көптеген әскери жорықтарға қатысты. Ең қиын жағдайларда бір-бірінен кеңес алды, қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне көмектесті. Төртіншіден, олардың балалық шағы қазақ жерінің оңтүстігінде бірге өтті. Ағайындылардың бала кезден басталған достығы, бір-бір ұлыс басқарушылығына тағайындалғанда бірлескен одаққа айналды. Мұны мыналар растайды: 1742 жылдың 27 тамызында Сұлтанмәмет жоңғар тұтқынындағы Абылай сұлтанды тұтқыннан босату үшін Ор бекінісіне келіп, Орынбор комиссиясының басшысы И. Неплюевке қолқа салады, ал, 28 тамызда Орда Ресейдің бодандығын қабылдайды [3, 242-243 б.].

Уақыт өте келе олардың достығы барған сайын нығая түсті, әсіресе Абылай қазақтың үш жүзінің ханы болғаннан кейін де жалғасын тауып күшейді. Бұл одақ Ресей әкімшілігін алаңдатты, өйткені олардың әрқайсысы империяға қауіпті еді. Олар біріккен кезде ресейлік әскерилерге қиын тиетіндігі аңғарылды. Сондықтан жергілікті орыс билігі екі беделді ел билеушілерінің арасындағы байланыстардың барысын мұқият қадағалап отырды, мәселен, Абылайдың сұлтанға барған сапарының себептері мен көтерген тақырыптарын білуге тырысты. Атап айтқанда, 1772 жылы 16 қарашада Железинск бекінісінің қолбасшысы, премьер-министр С. Красноперов, Сібір корпусының қолбасшысы, генерал-лейтенант И.А. Деколонг Сұлтанмәмет сұлтанның Абылай ханға екі ұлымен келу мәселесі туралы былай деді: Сол қырғыз-қайсақтың (қазақтар – автор.) мәліметіне сәйкес, Абылай  хан және оның екі ұлы Сұлтанмәмет сұлтанға келді. Старшын қырғыздардың (қазақ. Автор) дәлелдеуінше, орыс бекіністеріне шабуыл жасау үшін емес,   қылмыстыларды жауапқа тартып жазалау үшін келді, басқа еш нәрсеге келген жоқ дейді» [17, 304 п. арт.]. Көріп отырғанымыздай, Ресей билігі қазақ даласының екі ықпалды билеушісі арасындағы қарым-қатынас, орыс бекіністеріне шабуылдарды ұйымдастыруға күш біріктіруі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.

Абылай көптеген маңызды шаруаны іске асырмас бұрын Сұлтанмәметпен жиі ақылдасатын. Мәселен, қырғыздарға қарсы кезекті жорығы басталар алдында ол өзінің сенімді інісімен кеңескені жайлы Петропавл бекінісінің қолбасшысы, генерал-майор С. Станиславскийдің Сібір корпусының командирі, генерал-лейтенант И.А. Деколонгке жіберген 1772 жылғы 16 қарашадағы Абылай ханның «жабайы қырғыздарға»  қарсы алдағы жорығына байланысты баяндамасынан көрінеді: деректі түпнұсқа түрінде келтірсек «Кулсары-батыря сын ево Кулебак и сотник Сигис между разговоров ему, Страшникову, объявили, что владелец их Аблай-султан недавно из своего улуса уехал на реку Иртыш к Салтамаметь-султану для совета (!), а какого, они, Кулебяк и Сигис, будто бы не знают. А только-де двум своим сыновьям он, Аблай, приказал в поход убиратца на киргисцов (казахов. – Авт.), живущих к Дарье-реке в горах, по той якобы причине, что-де они многим ево, Аблая, владения киргисцам (казахам. – Авт.) причинили обиды и разорения. И тем детям велел оной Аблай-султан из улусов своих в поход выступить как молодой ныне месецродитца» [17, 311 п.].Алайда,Шыңғыс ұрпақтарына орнатылған бақылау, Абылай хан мен Сұлтанмәмет сұлтанның ойын білу үшін басқан ізін аңдыған құпия аңдулар мен тыңшылық, сол бір уақыттың шиеленіскен ахуалын айқын көрсететін деректер түрінің ерекшелігін білдіреді. Сонымен қатар, екеуара сенімді келісімнің негізінде мәліметтерді тексеруден өткізіп, солтүстіктегі қазақ жерлері үнемі бақылауда болғандықтан билеушілер бір уақытта оңтүстік шекарадағы  қазақ жерлеріне көңіл бөлді.  Орыс билігімен жалпы бейбіт қарым-қатынаста болған Абылай мен Сұлтанмәмет өз ықпалын оңтүстікте одан әрі нығайтуға дайындық  жасады.

1772 жылдың 15 қарашасындағы Сібір корпусының қолбасшысы, генерал-поручик И.А. Деколонгке  Сұлтанмәмет сұлтанның қарамағындағы  татар молдасы Әбдікәрім Әбсәлімовтің келесі рапорты Абылайдың Сұлтанмәметке келуінен толық мәлімет береді: «осы жылдың 13 қарашасында Абылай сұлтан екі баласы және елу нөкерімен Пещанск тұрағынан төмен көшіп-қонып жүрген Орта жүздің старшинасы Сұлтанмәмет сұлтанға келді. Бұған қатысуға маған рұқсат етпегендіктен толық білмеймін, бірақ басқа қазақтар арқылы қылмыс жасағандарды тергеп жазалау үшін келгенін білдім. Бұдан бөлек, кеңестің нәтижесі бойынша екеуі бірігіп, кек алу үшін қырғыз және өзбекпен  соғысуды көтерді… қырғыз-қайсақтың (қазақтың-авт.) мәліметі, дәлелдеуі бойынша ол тікелей бағытталмаған, ал, басқалардың айтуыншаоның дәл қазір қоныс аударуға ниетті екендігін, ал басқалары жорықтан соң өздерінің ұлыстарына қайтып оралатындығын айтқан. Шынайы жағдайды әлі біле алмаймын. Алайда, мен бұдан былай сіздерге ескертетін боламын, жоғары мәртебелі» [17, 327 п.]. Көріп отырғанымыздай, Сұлтанмәмет пен Абылай түрлі мәселелер бойынша ақылдасып отырған. Соның ішінде ең алдымен шекара бойындағы Алатаудағы қырғыздар мен өзбектерге қарсы жорық мәселесін талқылаған. Сонымен бірге Абылай хан осы сапарында Ұлы Жасақ қатаң тыйым салған Орыс сұлтанды ұрған қыпшақтарға үкім шығарды. Сол кезде Абылай қылмыстыларға ірі көлемде құн төлетіп, жетеуінің қолын шауып, біреуін өлім жазасына кесу сынды қатал шаралар қабылдауға мәжбүр болды [3, 436, 436 п. арт.].

Сұлтанмәмет пен оның ұлдары Абылайдың нұсқауларын сөзсіз, әрі қатаң түрде орындайтын. Оның үстіне, оның талаптары дереу басқа да қазақ билеушілеріне және  оған бағынысты еместерге де жеткізілді. Осындай жағдайлардың бірі туралы 1774 жылғы 8 наурыздағы Орыс сұлтанның Сібір корпусының қолбасшысы, генерал-майор А.Д. Скалонға ұрланған жылқыларды, өзге де малдарды ресейліктерге, шептегі әскерилерге қайтару жөнінде Абылай сұлтанның барлық сұлтандар мен старшындарға берген нұсқаулығының орындалғаны туралы жолдаған хаты дәлел бола алады. Хатта Абылайдың қазақ жерінің Солтүстік, Солтүстік-Шығыс және Орталық аймақтарының болыс старшындарының тізімі қоса берілген, сонымен бірге, Абылайдың сахарадағы орасан зор ықпалын Сұлтанмәмет сұлтан мен оның балаларының ханның бұйрығын мүлтіксіз орындағанын көрсетеді: «Біріншіден,  Мәртебелі сізге хабарлаймын: Омбы бекінісінде болған кезімде мен мәртебелім сізден алған ақпаратым бойынша және Абылай сұлтаннан келген хат көшірмесі бойынша мен ол жайында ұлысқа келе салысымен сұлтандарымыз бен ақсақалдарымызға білдіргенімді:  1-ші Қаракерей – Найман Әбілфейз сұлтанға, 2-ші Матай-Найманның 2-ші старшыны Атіле Кучакхановқа, 3-ші Көкжар старшыны Барақ батырға, 4-ші Керей старшыны Өмірбатырға, 5-ші Уақ старшыны Серкебайға, 6-шы Бәсентин старшыны  Болат Итаевқа, 7-ші Байымбет старшыны Баймәмет бекке, 8-ші Қаракесек старшыны Сырымбек Қазыбековке, 9-шы Төртұл старшыны Жаңабатыр бекке, 10-ші Қарсақ старшыны Тәуке сұлтандар өздеріне бағынышты барлық қырғыз (қазақтар -З.К.) растайды. Ресейліктердің зияны тимес үшін, ресейліктер іздеу салған мал, мүлік, адамдыіздеп тауып қайтарыңдар дедім» [9, 269-269 п.арт].

Көп жағдайда Сұлтанмәмет сұлтан Абылайдың құзіретіндегі күрделі істерді шешуге көмек көрсетті. Сұлтанмәмет сұлтан 1775 жылдың 19 сәуірінде Сібір корпусының қолбасшысы, генерал-лейтенант И.А. Деколонгке Есіл маңындағы Құдайменді сұлтанға барар сапарында Абылай ханмен бірге ресейліктердің мал-мүлкі мен адамдарын басып алғаны туралы өз хатында жазады [9, 618, 618 п.арт.]. Бұл айғақ Сұлтанмәметтің Абылай ханға елді басқаруға белсенді түрде көмектескендігін дәлелдей түседі. Оның ресейлік билікке деген ниеті түзулігін көрсетуін сол кездегі тапқырлығы және іскер сұлтанның ыңғайлы әдісі деп бағалағанымыз абзал. Бірақ, Абылай, өз билігінің әсіресе соңғы жылдарында тұтқынға түскен орыстарды қайтармаған. Ресей билігіне өзінің ниеті түзулігін көрсетуін, іскер сұлтанның сол кездегі тапқырлығы және ыңғайлы әдісі деп бағалағанымыз абзал. Бірақ, Абылай, өз билігінің әсіресе соңғы жылдарында тұтқынға түскен орыстарды көбінесе қайтармаған.

Көп жағдайда Сұлтанмәмет өзінің және Абылай ханның ой-пиғылы мен ниетін соңына дейін ашпауды жөн көрді. Мәселен, Ресей билігі өздеріне адал деп ойлайтын Сұлтанмәмет сұлтан арқылы тәуелсіз саясат ұстанған, ырықтарына көне қоймайтын Абылай хан туралы құпия ақпарат алғылары келді. Бұлай тұжырым жасауымызға 1775 жылдың 4 наурызында генерал И.А. Деколонгке жазған хатындағы Сұлтанмәметтің: «Абылай ханмен  бауыр болсамда, оның көші менен алыс болғандықтан мен оның не ойлағанын білмеймін» деген екіұшты жауаптары негіз бола алады  [19, 335–336 п.арт.].

Сұлтанмәмет нағыз жауынгер-батыр ретінде де белгілі болды (оның жеке мөрінде «бахадүр» деген жазу бар). Ол сол кездегі аймақтың ең ірі әскеріне жетекшілік жасай отыра, Қазақ хандығы үшін маңызы зор көптеген әскери жорықтарға белсене қатысқан. 60 жастан асқан шағында Еділ қалмақтарымен соғысып қана қоймай, сол кезең үшін өте көп 50 мың әскер жасақтады, оның ішіне өзінің қарамағындағы қыпшақтардан 7000 сарбаз кірді. Атап айтқанда, 1771 жылы Абылайдың нұсқауымен қазақ жерінің Солтүстік-Шығыс аймағынан 50 мың адамнан тұратын әскер жинады. Сөйтіп, 1771 жылы 29 мамырда Сұлтанмәмет Сібір корпусының қолбасшысы, генерал-майор С.К. Станиславскийге Еділ қалмақтарына қарсы 50 мың әскерді Абылаймен келісе отырып, жетекшілік ететіндігі туралы хат жіберді [16, 307 п. арт.]. Осыған орай, сұлтанның әскери күшінен және Абылаймен қуатты әскери-саяси одақтан сескеніп, империя, дала күштерін әлсіретудің немесе бейтараптандырудың қажеттігін байқады. Атап айтсақ, Сұлтанмәмет пен оның балаларын Ертіс өңіріндегі өз ұлыстарынан шығарып, олардың одағын бұзуға әрекеттенді. Оның үстіне, Абылай ханның өзін де тұтқындамақшы болды. Сондықтан: «Ешкім білмейтіндей оларды өз жерлерінен айыру ыңғайлы болар еді. Мүмкін сонда Сұлтанмәмет сұлтан балаларымен бірге Абылайдың ықпалынан шығар. Абылайдың өзін тұтқындап Ресейге алып кетсек, онда оның халқы басшысыз қалып, бізге мойынсұнатын еді, оның орнына біздің айтқанымыздан шықпайтын басшыны тағайындасақ дұрыс болар еді» [17, 322 п. арт.] деп жазған.

Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, Іле өзені бойындағы бос қалған аймақ үшін қытай-қазақ аумақтық келіссөздерінде Сұлтанмәмет Абылайдың білікті дипломаты және сенімді серігі ретінде, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Сұлтанмәмет өз еркімен қазақ территориясының маңызды бөлігін сақтап қалу үшін Қытай империясында аманатта да (тұтқын – авт.) болды. Оның айғағын профессор К.Ш. Хафизованың «Орта Азиядағы Қытай дипломатиясы (XIV-XIX ғғ.)» атты еңбегінен көруге болады: «… 1763 жылы Абылай Қытайға аманат ретінде өзінің үлкен әйелі, Найман руының  батыры Құнысты туыстарымен, Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің қайын ағасы Сұлтанмәмет сұлтанды жіберіп, нәтижесінде Іле алқабына қоныстанып, жерге ие болды» [20, 45 б.]. Бұл жөнінде орыс зерттеушісі А.И. Левшиннің өзі де жазды [21, 242 б.]. Қазақ-орыс және қазақ-қытай қарым-қатынастарының тарихында белгілі бір дәрежеде Абылайдың беделіне тең келетін мықты беделді билеуші бола тұра өзін-өзі аманат етуден бас тартпаған бірден бір оқиға осы  шығар. Сұлтанмәмет халықаралық қатынастардың кепілі ретінде танымал болды және бұл мемлекетаралық қатынастардың күрделілігін тағы бір дәлелдеді.  Бұл кезде жеке бас бостандығы мен тіпті өмірін құрбан ету арқылы туған жерінің шөкімдей жерін сақтап қалу өте маңызды еді.

Ертістің оң жағалауына өз халқымен бірге мал жаю құқығына бейбіт жолмен тактикалық тұрғыда өзінің мол тәжірибесінің арқасында Сұлтанмәмет қана қол жеткізді. Бұл қарама-қайшылықтың тарихы маңызды пәнаралық зерттеулердің тақырыбы болуға лайық. Сонымен, 1754-1755 жылдары Абылай мен Сұлтанмәмет жоңғарлардың озбырлығына қарай, башқұрттардың көтерілісін пайдалана отырып, өз халқын Ертістің оң жағалауына ерікті түрде жаппай көшіре бастады. Бұл қазақтардың Ертіс жағалауындағы бастапқы жерлерін қайтару мәселесін күшпен шешудің соңғы әрекеттері еді. Кейінірек белгілі болғандай, шекара оқиғасының негізгі қозғаушысы жоңғарлардың шабуыл қауіпінде тұрғанын, мыңғырған малына жеткілікті дәрежеде жайылым болмай және әрдәйім жауынан қорғану үшінөзінің қоластындағы халқының мүддесін білдірген Сұлтанмәмет сұлтан болды. «Абылай сұлтанның ағасы Сұлтанмәмет сұлтан мәліметтер бойынша былай деген: үйір-үйір жылқыларымызды айдап өткізуге бекіністегі адамдар өткізбейтін болса  біз олардың егіні мен шөбін өртеп, Ертістен су алғызбаймыз» [22, 273 п.]. Тіпті Черноярск станица аумағында  қантөгіспен аяқталған қарулы қақтығыс болған [22, 273 п.].

Ресей империясы біртіндеп қазақ жеріне енудің кезең-кезеңімен тактикасын жүзеге асырды. Бұл жағдай Сұлтанмәметті Ертістің орта ағысы аймағында Ресейдің енуіне қорғаныс саясатын жүргізуге мәжбүр етті. Сұлтанмәметке көшпелі өмір жағдайында татар, бұқар молдалары, дін басылары арқылы бақылауда болғандықтан бекініс коменданттары мен патшалыққа іш тартқан сұлтандар мен батырларды пайдалана білген орыс дипломатиясының қуатты жүйесімен бәсекелесу өте қиын болғаны анық. Ертіс өңіріндегі қазақтарды сол жердегі Ресей салған бекініс, редут, форпостағы әскерилердің зорлығынан құтқарушы, Сұлтанмәмет  болды. Көріп отырғанымыздай, Сұлтанмәмет сұлтан Ертіс қазақтарын Ертіс шебіндегі бекіністер, форпосттар мен қорғандардың Ертіс желісі әскери қызметшілерінің озбырлығынан қорғаудың қуатты факторы болды. Мұның  басқаша болуы мүмкін емес еді. Ресей империясы, аймақтық билік өкілдері Абылай арқылы ең алдымен Сұлтанмаметпен келіссөздер жүргізді. Бұл патша үкіметінің мәжбүрлі қадамы болды. Қазақ елінің кез келген еркін қимылын  тек бейбіт жолмен шешпесе болмайтын еді. Кейінірек, қазақ жаппай бодандықты қабылдағаннан кейін Сұлтанмәметті айналып өтіп, жеке қазақ батырлары, билері және сұлтандарымен тікелей келіссөздер жүргізу кезеңі келді. 1771 жылы Ертістің оң  жағалауындағы уақытша қыстауларға және «түпкілікті тұрақты»  қоныстануға 1788 және 1798 жылдары (қайтыс болғаннан кейін – Авт.) Сұлтанмәметтің тірі кезіндегі ықпалымен ұрпақтық сабақтастық саясатының нәтижесінде оның көптеген ұрпақтары рұқсат алды.  1808 жылы бұл өзара келісілген шешім бойынша қыс кезінде оң жағалауға көшу «аманатты берумен» іске асырылып,  тұрғын елді мекен мен тау-кен зауыттарына қазақтардың жақындамауымен, ал  жақындаған жағдайда қарусыз болуы керектігі тағы да бір пысықталды. 1854 жылы Сұлтанмаметтің немерелері мен шөберелері басқаратын «станичный», «адал бодандар», «ішкі» деген оң жақ жағалау қазақтарынан Омбыдан Өскемен бекінісіне дейін созылып жатқан ауқымды Семей ішкі округі құрылды. 1868 жылы бұл округ таратылып, мұндағы Павлодар, Семей және Өскемен уездерін қамтыған Семей болысының құрамына кірді. Сұлтанмәметтің және оның ұрпақтарының белсенді саясатының арқасында қазақ Ертістің оң жағалауындағы қазақ руларының өз жерлерін иемденуінің заңдылығына көз жеткізіп,  бір кездері уақытша жоңғарлар басып алған байырғы қазақ жері қайтарылып, дәстүрлі қонысқа оралды.

Абылай хан қайтыс болғаннан кейін, 1781 жылы, қазақ ақсүйектерінің құрылтайында сұлтан Сұлтанмәмет бастаған үміткерлерге үш жүзге хан болу ұсынылды. Алайда ол, жасының ұлғайғанын алға тартып, хандық биліктен бас тартты. Біздің мәліметтеріміз  бойынша оның жасы ол кезде жетпістен асқан еді. Бұл айғақ оның ел билеушісі ретінде беделін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оның парасаттылығын, халық алдында және дала демократиясына адалдығын білдіреді. Ол осы жасында қазақ хандығын тиімді басқара алмайтындығын білді. Мемлекеттік сыртқы істер коллегиясына  жасаған рапортында Уфа және Симбирск губернаторы И. Якоби қазақтың жоғарғы ханының сайлауын былай сипаттайды: «…Мұрагерлік құқы  қалдырылмасада сол сайлауда Барақ ұрпағы Тайыр сұлтан, Уәли ұрпағы Сұлтанмәмет сұлтан (Абылай ханда Уәлидің ұрпағы) және Үлкен ордадан Әбілмәмбет баласы Әбілфайыз сұлтандардың алғашқы екеуі өздері келсе, соңғысы баласын жіберген, бірақ олардың барлығы хан болудан бас тартып, келісілген түрде Уәли сұлтанды хан деп тапқан» [23, с. 106].

Абылай өлімінен кейін қазақ жеріндегі ақсүйектер арасында үлкен беделге ие Сұлтанмәмет сұлтан хан болуға лайық нақты үміткерлердің бірінен саналды. Оның жалпы қазақ ханы тағынан бас тартуының басқа да себептері болған шығар, өйткені ол ер балаларына арқа сүйей алатын еді. Сондықтан біз Сұлтанмәмет сұлтанның ең биік лауазымнан бас тартуының  себебін өз жағдайында маңызды стратегиялық басымдықты ұстап тұруды түсініп, геосаяси жағдайды бағамдай білгендігінен деп айтқанды дұрыс деп ойлаймыз.

Уәлиді хан көтерген салтанатты рәсәмге Сұлтанмәметте қатысқан. Мұны  жергілікті басшы генерал-майор Н.Г. Огаревке жазған Сұлтанмәметтің хатынан көруге болады, онда құрылтайда Уәлидің хан сайлағандығы, сұлтанның өзінің де  қатысқандығы айтылады [21, 58 б.].

Бір кездегі өте беделді, құдіретті билеушінің 1794 жылдың күзінде  денсаулығы сыр бере бастайды. Сондықтан да ол, 1794 жылғы 5 қыркүйектегі өзінің жеке хатында аймақтық билікке дәрі-дәрмек жіберуді, сондай-ақ молданың орнына басқасы келмейінше, бұрынғы молданы қалдыруын сұрайды. Шамамен 1794 жылдың қараша айының алғашқы он күндігінде Сұлтанмәметтің 84 жасында бұл өмірден өткендігін, соған байланысты ұлы Сейіттің 1794 жылғы 12 қарашадағы жазған хаты дәлел бола алады. Онда ұлы әкесінің өсиетіне  сай Қыпшақ ұлысының билеуші ретінде өзін бекітуін сұрайды. Ол, өзінің досы, сенімді серігі, туысы хан Абылайдан он жылдан аса көп өмір сүрді. Сонымен бірге, мен өлгеннен кейін, менің орныма беделді, батыр балаларымның ішіндегі Сейітті тағайындаңдар деген саяси өсиетін аманаттаған-ды. Бірақ патша үкіметі өз бетімен елге аты танылмаған  Қараш деген баласын тағайындады [11, 36 б.].

Еңбегі

XVIII ғасырдағы қазақ хандығының ықпалды саяси қайраткерлерінің бірі – Сұлтанмәмет сұлтанның өмірінен, сыртқы және ішкі саясаты, тұрмысынан хабар беретін мәліметтерді қайта қарай отырып, деректердің негізінде ел алдындағы қызметін бүгінгі ұрпаққа ашып көрсетуіміз керек. Тіпті бұл үзінді жазбалар дипломаттың және батырдың үлкен отбасы отағасының әкесі, жеріміздің тұтастығын сақтап қалу жолында өзін кепілдікке беріп, жанын аманат еткен ұлтымыздың адал перзенті, елді басқарған сұлтан ретінде өзіне сеніп тапсырылған орасан зор әскери-саяси жағдайда да, қиын халықаралық қатынастарда да тұрақтылықты сақтаған кемел тұлға екендігін көрсетеді. Ол шамамен бес ғасыр бұрын өзінің алыс атасы Жошы хан негізін қалаған мемлекеттік басқару дәстүрін жалғастырудың даңқты өкілі ретінде әрекет етті.

Ұлықталуы

Қазақ хандығының көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанмәмет сұлтан туған халқының жадында мәңгі сақталады. Ол XVIII ғасырда орын алған көптеген тарихи оқиғалардың қатысушысы, сондықтан оның есімі Қазақстан тарихы туралы қазіргі оқулықтар мен оқу құралдарында, мұрағат материалдары жинақтарында кездеседі. Қазіргі уақытта даңқты сұлтанның өмірін зерттеу мемлекет тарихы контекстіндегі өзекті тақырып болып табылады және жаңа зерттеушілерін күтуде. Павлодарда оның резиденциясы қайта құрылды. Енді оған «Сұлтанмәмет Сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр» атты  монография арналып отыр (Алматы, 2018).

Деректер мен пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Ерофеева И. В. Казахские ханы и ханские династии в XVIII– середине XIX вв. Фонд Сорос – Казахстан. Сборник научных статей «Культура и история Центральной Азии и Казахстана: проблемы и перспективы исследования» // Материалы к Летнему университету по истории и культуре Центральной Азии и Казахстана (4 – 23 августа 1997 г., г. Алматы). – Алматы: Издание Института философии МН-АН РК, 1997. – 160 с.

2. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата: Глав. ред. каз. сов. энц., 1985. – Т. 4. – 461 с.

3. Казахско-русские отношения в 16-18 вв.: сборник документов и материалов). –Алма-Ата: Издательство АН Казахской ССР, 1961. – Т.2. –  892 с.

4. Андреев И.Г. Описание Средней Орды киргиз-кайсаков. – Алматы: Ғылым, 1998. – 280 с.

5. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Акмолинская область. Омский уезд. Руководитель Ф. Щербина. – Омск, 1902. – Т. 2.

6. Прошлое Казахстана в источниках и материалах: сборник 1 (V в. до н. э. – XVIII в. н. э.); под ред. проф. С. Д. Асфендиярова и проф. П. А. Кунте, 2-е издание. – Алматы: Казахстан, 1997. – 381 с.

7. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф. 1. – Оп. 1. – Іс. 212.

8. Басин В.Я. Россия и казахские ханства в XVI – XVIII вв. (Казахстан в системе внешней политики Российской империи). – Алма-Ата, 1971.

9. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф.1.– Оп. 1. – Іс. 190.

10. Исторический архив Омской области (ИАОО).– Ф.1.– Оп. 1. – Іс. 195.

11. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф.1.– Оп. 1. – Іс. 249.

12. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф. 1. – Оп. 1. – Іс. 201.

13. Аполлова Н. Г. Хозяйственное освоение Прииртышья в конце XVI – начале XIX в. – М. : Наука, 1976.

14. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф.3.– Оп. 1. – Іс. 56.

15. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф.1.– Оп.1. – Іс. 132.

16. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф.1. – Оп.1. –Іс. 173.

17. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф.1. – Оп. 1. – Іс. 176.

18. Россия: полное географическое описание нашего Отечества. Настольная и дорожная книга для русских людей / под ред. В.П. Семенова. – СПб.: Изд-во А.Ф. Девриена, 1903. – Т. 18. Киргизский край. – 488 с.

19. Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф. 1. – Оп. 1. – Іс. 195.

          20. Хафизова К.Ш. Китайская дипломатия в Центральной Азии

         21. Левшин А.И. Описание киргиз-кайсацких или киргиз-казацких орд и степей. – Алматы: Санат, 1996. – 656 с.

    22.Исторический архив Омской области (ИАОО). – Ф. 1, –  Оп. 1, – Іс. 35.

     23. Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата, 1961. – Т.1.

      24. Цинская империя и казахское ханства:вторая половина XVIII – первая треть XIX века. – Алма-Ата, 1989. – Ч. 2.

Авторы: ҚабылдиновЗ.Е.,т.ғ. д., профессор