Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АБЫЛАЙ


Абылай хан (1711/12–1780/81) – XVIII ғасырдағы Қазақ хандығының көрнекті мемлекет қайраткері, сардар, аға хан (1771–1780/81). Өте күрделі ішкі саяси және халықаралық жағдайларда ол мемлекеттің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтап қалды.

Өмірбаяны

Абылай ханның өмір жолы оңай болған жоқ. Ол 1711 ж. (кейбір деректер бойынша 1713 ж.) Түркістан қаласында (кейбір деректер бойынша Ташкентте) дүниеге келген [1]. Азан шақырып қойылған аты Әбілмансұр. Атасы Абылай да Түркістан қаласы, тіптен Ташкенттің билеушісі болып, әскери ерліктерімен даңқы шыққан, тұлғаны ел ішінде «Қанышер Абылай» деп те атаған [2]. Мұсылманша білім алған Абылай шығыстың жеті тілін білген, домбырада шебер ойнайтын, өзінен кейін бірнеше күйлер қалдырған. Ел ішіндегі соғыстар кезінде жетім қалған Абылай шамамен он бес жасынан бастап жоңғар басқыншыларымен болған шайқастарға белсене қатыса бастайды.

Орта бойлыдан жоғары, орасан зор күшімен ерекшеленетін сұлтанды замандастары оның батылдығы, ержүректігі мен ептілігі үшін ерекше құрметтеген. Өмірінің соңына дейін сарбаздарымен бірге әскери жорықтарға қатысып, тұтқынға алынған олжаларын әрқашан жасақтарымен бірге бөлісіп отырған. Сыртқы жаулармен болған шайқастарда бірнеше рет жарақат алады.

Абылай өз замандастары арасында зеректігімен, тапқырлығымен ерекшеленіп, уәдеге берік, ақылды, адал және әділ билеуші ретінде танымал болды. Сөзге шешен, халқының әдет-ғұрып заңдары мен шежіресін жақсы білетін билеуші өзінің айналасына беделді, адал да құрметті адамдарды топтастыра білді. Саяси қызметінде іргелес мемлекеттердің жоғары лауазымды тұлғаларымен және билеушілерімен хаттар алмасып, орасан зор дипломатиялық тәжірибелер жинақтаған.

Абылайдың шөбересі Ш. Уәлихановтың айтуынша: «Барлық шайқастарда қатардағы жауынгер ретінде ерекше ерлік пен айла-тәсілдерді көрсетеді. Оның пайдалы кеңестері мен стратегиялық ойлары оны даналыққа бекемдей түскен» [3].

Абылай жиырма жастар шамасында ел арасында кеңінен танымал бола бастады. Әбілмәмбет ханның жасағының құрамындағы батыр 1733 ж. шайқастардың бірінде жоңғардың белгілі батыры, әскери қолбасшы Шарышпен болған жекпе-жекте «Абылай» деген ұранмен шығып, жеңіске жетеді. «Абылай» атанып, белгілі беделге ие болады. Абылай қазақ даласында Орта жүздегі арғын руының Атығай тайпасын басқару сенімділігін иеленді. 1749 жылға қарай Абылайға арғындардың барлық жеті руы, сонымен қоса керей, уақ және қыпшақтардың бір бөлігі де бағынады [4].

Еңбегі

Өз билігін нығайту мақсатында және көршілерімен тату қарым-қатынас орнату үшін іргелес мемлекеттердің, сонымен қатар қожалар мен рубасыларының ықпалды отбасылары өкілдерімен, қазақ хандары, сұлтандарымен әулеттік некеге тұрды. Бұл туралы ханның шөбересі қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов былай деп жазған болатын: «Ханның 12 әйелінен, 40 қызы мен 30 ұлы болған. Бірінші әйелі – Әбілхайырдың қызы Қарашаш ханымнан туған екі қыздың біреуі Барақтың ұлы Дайыр ханға, екіншісі Құдайменде сұлтанға тұрмысқа шыққан. Екіншісі қарақалпақтың бегі Сағындық Шуақбайдың қызы – Сайман ханым, Уәли ханның анасы. Үшіншісі – қашқар бегі Кенже-Сарттың қызы Бабақ ханым Қытайға кеткен. Төртіншісі – қожадан атақты, қасиетті қырғыз Сарғалдақтың әпкесі…… Бесіншісі – қалмақ нояны Хошу мергеннің қызы Топшай немесе Топыш, Қалдан-Сереннің туысы. Алтыншысы – да қалмақ ноянының қызы Тоқта ханым. Жетіншісі – қырғыз қызы Тәтіш ханым одан екі қызы болды оның біреуі Тәукенің баласы Тұрсынға тұрмысқа шыққан. Сегізіншісі – қалмақтардан олжалаған Орыс ханым, оны Сұлу деп атаған. Тоғызыншысы – Тулақ ханым. Оныншысы – Сайын Көбен. Он біріншісі – Шаған ханым және он екіншісі – Мұнтұм. Абылайдың кейінгі төрт әйелдері қалмақ қыздары олардан балалары болмаған. Тоғызыншы әйелі Сайман ханымның қасында көмекшісі болды, ал оныншы әйелі Қарашаш ханымға көмек көрсетті» [5].

Абылайдың барлық ішкі саяси қызметі бір орталықтандырылған және тәуелсіз мемлекет қалыптастыруға бағытталған. Оның жүргізген билігі шексіз болғанымен, жалпы халықтық қолдауға ие болды. 

Патша үкіметі 1759 жылы Әбілмәмбеті тағынан тайдырып, оның орнына Абылайға отыруға ұсыныс жасайды, оған жан-жақты қолдаулар көрсететіні туралы уәде етеді. Алайда, халық бірлігінің ынтымақтастығына қауіп төндіретіндігін сезінген ақылды да беделді сұлтан патша ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартады. Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан кейін ғана Абылай үш жүздің билеушісі болуға келісімін береді. Патша үкіметі 1778 жылы оны тек Орта жүздің ханы деп таниды. Осы орайда Абылай өзін халқы сайлағандықтан, Ресей патшалығына адал антын беруге міндетті емес екенін алға тартып, патшаның мадақтау қағазы мен сыйлықтарынан бас тартып, салтанатты ант беру рәсіміне бармайды. Сондай-ақ, өзін 1771 ж. барлық үш жүздің заңды сайланған ханымын деп санайды.

Хан өзінің күш-жігерін келесідей бағыттарға жұмсады. Біріншіден, іс жүзінде бір орталықтан басқарылатын қазақ мемлекетін құруға қол жеткізді. Түркістанда 1771 жылы оны үш жүздің ханы етіп жариялады. Абылай 1779 жылы Орынбор губернаторы Н.А. Рейнсдорфқа жазған хатында былай деп көрсеткен: «Менің иелігімде Үлкен және Кіші жүз, Орта жүздің жеке дара билеушісі ханы» деп жазды [6]. Бұған оның 1771 жылы «Шаңды жорық» кезінде Еділ қалмақтарының әскерін талқандауы, көп жағдайда жоңғарларды жеңуі ерекше ықпал етті [7]. Хандық лауазымын 1772 жылы қытайлар да растады [4, 274 б.].

Иелігіндегі басқаруды жақсарту үшін үш жүздің әрқайсысындағы ұлыстықтардың билеушілерін беделді адамдардан, соның ішінде өзінің жақын туыстарынан да тағайындады. Осылайша, Жетісуды Әділ мен Сүйік сұлтандар, қазақ хандығының орталық аймағын – Қасым сұлтан, Ертіс бойы маңын – ханның немере інісі Сұлтанбет көптеген ұрпақтарымен (екі әйелінен туылған 17 ұл – авт.), Шығыс жағын Әбілмәмбеттің ұлы Әбілпейіз басқарды. Сондай-ақ, ханға адал төлеңгіттердің билер мен батырлардың көптеген әскері көмектесті. Екіншіден, ірі қазақ билерінің беделіне сүйене отырып, сот билігін күшейтті. Оның кеңесшісі сол кездегі ықпалды саяси тұлға Бұхар жырау болды, ол тіптен шешендік өнерде башқұрттардың сөз өнерінің майталмандарымен сөз сайысқан [8].

Үшіншіден, Абылай өзіне қарасты ру-тайпалар арасындағы ішкі қақтығыстар мен барымталарды тоқтатуға қол жеткізді. Ол қазақтардың егіншілікпен айналысуын, шөп шабу мен балық аулауды үйренуін мейлінше қолдап, қыр елінде керуен саудасын жүргізуге, ұстахана салуға бастамашы болды. Сібір билеушілеріне бау-бақшамен, егіншілікпен айналысып дәнді дақылдарды егу үшін әртүрлі көкөністер мен жеміс-жидектердің тұқымын жіберу туралы өтініш жасағанын Петропавл бекінісінің басшысы полковник С.В. Сумороковтың Сібір корпусының генерал-поручигі И.А. Деколонгке 1775 жылы 24 ақпанда жолдаған хатынан көруге болады. Хатта: «Маған Орта жүз қырғыз-қайсақтарының иесі Абылай сұлтанқырғыз Шағанбек арқылы сіздердің жоғары мәртебелілеріңіздің атына бидай, арпа, тары, қауын-қарбыз, сәбіз, темекі тұқымын, төрт соқа және тағы басқа сұрағаны туралы жазғанхатын алдым» – делінген [9].

Хан ақындар мен өнер адамдарының, діни қайраткерлердің қамқоршысы болып, қазақ жерінде қалалар құрылысын салуды армандаған.

Абылай Ресеймен сыртқы саясатта икемділігі мен көрегендігін көрсете отырып, қазақ хандығының солтүстік бөлігінің аумағына қол сұғылмауын қамтамасыз етуге, сонымен бірге дипломатиялық, сауда қатынастарын қолдап, тату көршілікті сақтауға тырысты. Ресей елшілеріне ерекше құрметпен қарап, оларды ілтипатпен қабылдады [10]. Атап айтар болсақ, осындай кездесулердің бірі 1740 жылы тамыз айында Абылай Әбілмәмбетпен бірге Орынбор экспедициясының жетекшісі Урусовтың ордасында болып, Ресей бодандығын қабылдады [11].

Ресейден келіп кететін шетелдік сауда керуендерін бақылап баж салығын өндіртті. Патша үкіметінің келісімінсіз, өлім жазасын кесуді жүзеге асырды. Құзырындағы халқын әскери адамдардың әрекетінен ашық қорғады. Кейде оларды босату үшін белсенді делдал да болды. Мәселен, 1748 жылы 15 маусымда Ертіс өңірінің обер-коменданты Я. Павлуцкийге Ресейде отырған Әлмет батырдың отбасы мен адамдарын қайтару қажеттілігі туралы жолдаған хатында: «Әлмет батыр сонымен бірге тұтқындағы адамдарды жіберсеңіз….» делінген [10, 75 п.]. 

Өзінің «сенім хатын» табыстай отыра, Абылай бұқаралықтардың ресейліктермен сауда жасауына делдал болды. Мәселен, 1748 жылы 4 тамызда жоғарғы Чарнавскі форпосына Жоңғариядан келген 48 бұхар көпесіне Абылайдың жолдаған ілеспе хатымен 2 қазақ еріп келген. Хатында: «бұқаралықтардың атаулы тізілімі мен олардың мәліметтеріне қоса қырғыз-қайсақ билеушісі Абылай сұлтанның форпостарға өту» туралы өз диалектісінде жазылған хаттарын берген [10, 406 б.].

Орта жүздің Абылай сұлтаны мен Сұлтанмәметке 1765 жылы 300 және 150 рубль көлемінде жалақы берсе, Әбілхайырдың ұлы ретінде Нұралы хан 600 рубль алды [12].

Батыс Сібір басшылығы Абылайды лайықты қарсылас ретінде санап, бекіністердің коменданттарына оған лайықты құрметпен қарауларын талап еткен. Мұны 1759 жылы 12 наурызда Орынбор кеңсесі Сібір корпусының командирі бригадир К.Л. Фрауендорфқа: «Барлық бекініс командирлері Абылай сұлтанға, сондай-ақ басқа да қырғыздарғажылы қарап,ешуақытта оларды ренжітпей, дөрекілік көрсетпей,жоғары табандылық танытуды ескеруді ұмытпаңыздар. Өйткені, қазіргі осыжағдайларбойынша жоғары мәртебелі Ея императорқызығушылық танытады» – деп жолдаған хатынан көруге болады [13].

Абылай Ресей империясымен әскери одақ құруға немесе тым болмағанда олардың тарпынан әскери көмек алуға бірнеше рет әрекеттер жасады. Бірақ, патша үкіметі дербес және тәуелсіз ел билеушісінің ықпалын күшейтуден қорқып, әрдайым бас тартқан бүркемелі, күтуін қажет ететін жауаптар қайтарады. Мәселен, Орынбор генерал-губернаторы И.А. Рейнсдорптың атына 1772 жылы 19 қыркүйекте өзінің қол астындағыларының арасында тәртіпті қалпына келтіру үшін әскер жіберуді өтінген хатында: «Егер мүмкін болса Орта жүз ордамдағы тәртіп үшінмың немесе бес жүз, ең болмағанда үш жүз адам жіберуге бола ма?» – делінген [14].

Біздің ойымызша бұл Абылай ханның жалған әрекеті, себебі 1771 жылы қазақ жерінің солтүстік-шығыс аймағынан өзінің туыс ағасының көмегімен 50 мың әскери жасақты жинақтаған. Сонымен бірге өз иелігінде әскери қимылды жүргізуде мол тәжірибесі бар бірнеше мың сенімді төлеңгіттерімен қоса, 30 ұлы, іні-қарындасы, немере інілері, құрметті отбасылардан шыққан құдалары болды. Бұл ішкі жағдайда және аймақтағы геосаяси ахуал шиеленіскен кезде оған Ресейдің әскери көмек көрсетуге қаншалықты дайын екендігін тексеру сынағы еді. Сонымен қатар өзінің билік жүргізу кезеңінің соңына қарай қол астындағы адамдар арасында жағдайды біршама нығайту мақсатында жүргізілген дипломатиялық тәсілі болатын. Бірақ, Ресей осындай ұсыныстардан әрдайым бас тартып отырған.

Алаштың әйгілі қайраткері К. Кемеңгеров Абылайдың патша үкіметіне тәуелсіз екендігінің негізгі себептерін былай сипаттайды: «Ақылды хан Абылай Ресейді жаңылыстыра отырып, Орта жүзді Ресейге бағындырған жоқ, Ресей Орта жүзді бағындыра алмауының себептері келесідей: 1) аумақтың қашықтығы; 2) Орта жүздің Қытай және Жоңғариямен көршілестігі; 3) Ресей қатты қыспақтағанда, Орта жүздің Қытайға кетіп қалуы; 4) Абылайдың Қытай мен Жоңғарияны бір-біріне қарсы қою саясатын қолдай отыра, Ресей Орта жүзді іштей бөле алмады (Ресей үкіметі Абылайды «атақты варвар» деп атады)» [15].

Абылай XVIII ғасырдың 50 жылдарының ортасында Ресей империясынан біртіндеп шеттей бастады, бұл қазақ-жоңғар қатынастарымен және 1752-1755 жылдары Жаңа Есіл шебін патшаның әскери бекіністерін салумен байланысты болды: «Дабашы (Әмірсананы жеңген) 1754 жылы Орта жүз қырғыздарын қатты ығыстырады, жеңіліс тапқан Әмірсана қытайлардан қолдау іздеп, боғдаханның билігін мойындайды. Алайда, Қытай үкіметі Дабашыға қарсы әскерін жіберіп үлгергенше, Абылайдың солтүстікке ығыстырылғаны соншалықты ол Сібірдің шекара басшыларына қырғыздардың әйелдері мен балаларын Орта жүздің белгілі бір бөлігін ішке енгізуді сұрайды. Шекара басшылары оның өтінішіне әскери алқаның 1755 жылдың 31 қаңтарындағы Жарлығын негізге ала отырып бас тартады, осылайша Абылайды Ресей үкіметінің жоңғарлар сияқты елеусіз дұшпандардан негізсіз қауіптенетініне сендірді және оларға бағынышты қырғыздардан болашақта ештеңе күтпейді……сол кезден бастап өз өмірінің соңына дейін біз сияқты қорқып келеді. Бірақ, бірден-бір әйгілі сұлтандардың сенімін жоғалту өкінішті болды. Халқының сүйіктісі болмаған Әбілхайырға қарағанда Абылай біз үшін үлкен мәнге ие болды… [16].

Абылайдың Ресеймен қарым-қатынасында кей кездері ашық әскери қақтығыстар да орын алды. «… Орта жүз қырғыздарының өз бетімен рұқсатсыз көшуі туралы бірнеше сөз айтып өтсек. Бізге белгілі болғандай Абылай сұлтан бастаған орданың қырғыздары башқұрт көтерілісі кезінде жоңғарға шабуыл жасап, жеткен жеңістеріне әуестенгені соншалықты, Ертіс өзені бойымен 1754-1755 жылдардың қыс айларында өздерінде азықтың болмауын сылтауратып Ресей жағына қарай өте бастайды. Осы кезде қырғыздарды жою үшін жіберілген офицерлерге күш қолданып, қарсылық көрсетеді, бекіністен шығармай шөпті өртеу, Ертістен су бермей қорқытып күш қолданады. Нәтижесінде әрдайым қырғыздарға қарсы тұруға дайын болатын 400 адамнан тұратын топ құрылды…. Шептің кейбір жерлерінде бірнеше мыңдаған қырғыздар қалып қойды, оларды қуып шығу оңайға түспеді [17].

Патша үкіметі 1759 жылы Әбілмәмбетті тағынан тайдырып, орнына Абылайға билікке келуін ұсынады, оған барынша қолдаулар көрсететіндігі туралы уәде береді, алайда, сол кездегі қазақ қоғамында қалыптасқан жағдайдың талаптарына сай келмейтінін түсінген ықпалды, әрі көреген сұлтан ұсыныстан бас тартады. Осындай ұсыныстар қазақ халқының бірлігінің бұзылуына әкелуі мүмкін еді. Абылай тек Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін ғана 1771 жылы үш жүздің ханы болып жарияланды. Жаңа заманның танымал зерттеушісі А.И. Левшин оқиғаны былай деп жазды: «…. Абылай сұлтан сол кездері күннен күнге күшейе түсті. Ол Ресей императорымен, қытайлық боғдыханмен өте жақсы қарым-қатынас жасады, ақылдылығымен, айлакерлігімен, тәжірибелілігімен және өзіне бағынышты халық санының көптігімен, сол кездегі қырғыз билеушілерінің бәрінен басым түсіп, Орта жүздегі барлық билеушілік құқықтарды біріктірді. Ол жағымды мінез-құлқымен, өз ісіне сенімділігімен, жақтастарын өз жағына тартып, өзін барынша мойындата білді, бірде орыс, бірде қытайға бағынышты болғанына қарамастан, жауды күшімен сескендіріп, іс жүзінде тәуелсіз билеуші болды. Бұл әсіресе 1771 жылдан кейін Ресейге өзінің сыртқы бағынушылығы туралы көп алаңдамай нағыз хан деп атала бастағаннан айрықша байқалды» [18]. 

Патша үкіметі 1778 жылы 22 қазанда Абылайды тек бір ғана Орта жүздің ханы ретінде таныды. Бұл Абылайдың Ресей патшайымы ІІ-ші Екатеринаға өзін үш жүздің билеушісі ретінде хандық атаққа бекіту туралы 1778 жылы 28 ақпандағы жолдаған хатына жауап еді. Хатта: «Менің ата-бабаларымның туыстары Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар қайтыс болды. Олар өмірден өткеннен кейін, хандық биліктің кезегі маған келді, барлық қырғыз-қайсақ ордасы, Ташкенттің ірі және кіші қалалары, Түркістан провинциясы, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары мен сұлтандарының келісімімен 1771 жылы Түркістан қаласындағы мұсылмандардың киелі жері Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде дұға оқылып, мені қырғыз-қайсақ ордасының үш жүзінің ханы деп таныды….. менің хандық лауазымымды ұлы мәртебелінің баршаға рақымды қолымен, алтын мөрі басылған марапаттау қағазымен растауыңызды сұраймын» – делінген [6, 42-46 бб.]. Бірақ, хан өзін патша үкіметінің тек Орта жүздің ханы ретінде бекіту туралы ұстанымына келіспей, өз өмірінен қауіптеніп, салтанатты түрде ант қабылдау рәсімінен, патша грамотасы мен тартқан сыйлықтарынан бас тартады. Сонымен бірге, хан көтеру рәсімінде бұрындары төрелер дәстүрінде болмаған тізе бүгу талап етілген еді. Ол өзін билеуші етіп халық сайлады, сондықтан орыс тағына адал болуға міндетті емеспін деп санады. Жаңа заманның әйгілі зерттеушісі А.И. Добросмыслов оқиғаны былай сипаттайды: «Патшайым ІІ Екатерина Абылайды 1778 жылы 24 мамырда хан тағына көтеріп, арнайы патша грамотасын жариялады….. Патшайым ІІ Екатерина Абылайды Орта жүздің ханы ретінде бекіте отырып, 1749 жылы Кіші Орда ханы Нұралының билігін бекіткендей Орынбор қаласында немесе Орынбор губерниясының басқа да жерлерінде губернаторға ыждағаттылық көрсетіп рәсімді орындауға шақырды…. Нұралы ханның ант қабылдағанындай Абылай да тізе бүгуі тиіс, дегенмен, халық арасында шу болмас үшін ерекше талап етпеу ұсынылды. Орынбор губернаторынан Абылайға табыс етуге ханның құрмет грамотасымен бірге бұлғын тондар, қарасұр құрсама түлкі бөрік, қылыш жіберді (Абылай ханның елшілігіне 4380 рубль жұмсалды, оның ішінде 1494 рубль ханның құндылықтарының белгілерін жасауға жұмсалған). Абылай осы жолы да өз қағидасында тұрып, ант қабылдаудан өз еркімен бас тартып, шепке бармады. Шекара басшыларының оны бірнеше рет ант беруге баруға итермелеген әрекеттері еш нәтиже бермеді, сондықтан хан атағына берілген грамота мен басқа да белгілер оған тапсырылмады. Зерттеулер бойынша Абылай ант қабылдағысы келмегендіктен, өзін боғдыханның боданымын деп санауын жалғастырды және Ресей патшайымына ант беруден жалтарғанының бірден-бір себебі өзінің еркіндігін сақтағысы келген болып шықты. Ресей үкіметі реніштерін білдіру үшін, Абылайдың еңбекақысын тоқтатып, оның қарсыластарына барлық жағынан қолдау көрсетуге бұйрық берді, осы ойыннан қауіп-қатер төндірмеу үшін орыстарға ордаға баруға тыйым салынған болатын…… Өрескел әрі әдепсіз мінез-құлқы үшін Абылайды тұтқындау көзделді [19, 157–158 бб.]. 

Абылай Ертістің оң жағалауын қазақтарға қайтарып беру, малдарын жағалауға жайылымға жіберу туралы немере інісі Сұлтанмәмет сұлтанның орасан зор көмегімен аймақтық және орталық билікке жүйелі түрде өтініш білдіру арқылы қол жеткізді. Абылай мен Сұлтанмәметтің Ертістің оң жағына қайта қоныс аудару туралы аймақтық билікке білдірген өтініштері кей кездері жоғары лауазымды тұлғалар, сұлтандар тарапынан көпшілік сипатқа ие болды. Мұны Абылай мен Сұлтанмәметтің генерал майор фон Веймарнға 1760 жылдың 6 маусымда жолдаған хатынан көруге болады. Хатта: олар бұрынғыдай Ертістің оң жақ жағалауына малдарды жайылымға жіберуін талап етті. Шағым түскен күннен байқағанымыздай қыр тұрғындары қыс басталмай тұрып, ерте бастан қыстауға көшуді жоспарлаған. «Сонымен бірге, қыс түсе салысымен Ертіс өзенінің арғы беті арқылы өтіп Ресей жағына қыстауға рұқсат берсе, көктем шыға салысымен қайтадан кетуімізтиіс. Сондай-ақ, біздің өз араларымызда жақын көршілік пен достық қарым-қатынас орнайды.БізгеЕртіс шебіндегі қамалдар мен бекіністерде тұрған командирлер сіздің жағыңызға қыстауға өтуге мүмкіндік бермейді, біз олардың ісіне ашуланамыз», – деп жазылған [20]. Жазған өтініштеріне тек 1771 жылы қыс кезінде қарусыз уақытша малшыларға ғана рұқсат етілді. 

Патша үкіметі ханға өз ықпалын жоғалтып алудан қауіптеніп, 1779 жылы оның жыл сайынғы жалақысына 300 рубль және 200 пұт ұн беруді жөн санады. Алайда, олар Абылайды империяға тәуелді ету үшін жалақы сұрауға өздері итермеледі [21, 119 б.]. 

Бірақ, Абылай сол кездері Ресей империясымен қарым-қатынасын мүлдем үзіп, сирек, әрі шағын жазылған хаттармен ғана шектеліп, шекара аймағынан шалғайырақ оңтүстік жаққа қарай кетті.

Ресей жағы болса Абылайды басқадай амал-әдістермен өз жағына тартуға тырысты. Осылайша, оған 1756 жылы алғашқылардың бірі болып ағаш үй салып берді, оның өтініші бойынша көшпелілерге шөп шабуды өрістету үшін орыс шалғыншыларын жіберді. Ресейдің шекара маңайындағы бекіністеріне «сатовкаларды» ашуға рұқсат етілді.

Абылай ханның резиденциясы. Петропавловск қ. (реконструкциясы).  URL: https://mix.tn.kz/mixnews/10-udivitelnyih-faktov-iz-jizni-abyilay-hana-379218/.

Абылай бар күш-жiгерiн жоңғар басқыншыларын әлсірету саясатына жұмсады. Ресейдің әскери көмегіне деген үмiтi ақталмады. Жоңғарлар Цинь империясымен бейбіт келiсiм жасағаннан кейін, барлық күшін батысқа қарай бағыттады, сөйтіп, 1741 жылы қазақ еліне қарсы iрi жорыққа шықты, нәтижесінде Абылай тұтқынға алынып, екі жылдан астам уақыт бойы сол жерде болды. Жоңғар мемлекетімен 1743 жылы жасалған бейбіт келiсiм Абылайды тұтқыннан босатуға септігін тигізді. Қалдан-Церенге 1742 жылы жіберген майор Миллердің елшілігі тату көршілер ретінде өмір сүру ниетімен және сөзбен қауіптендірумен шектелді.

Қалдан-Церен өмірден өткеннен кейін оның мұрагерлері арасында тақ үшін қызу күрес басталды. Қазақ сұлтандары жоңғар билеушiлерiнiң билік үшін өзара тартыстарын қуана қарсы алды. Себебі оларға қарсыластарын әлсіретуге және қазақ хандығының оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймақтарын жоңғарлардан қайтаруға мүмкiндiктер туғызды [22]. 

Абылайдың кейде Дабашиға қарсы шыққан жоңғар нояндарымен бірігіп, өзінің байырғы жауларының қалдықтарымен белсенді түрде күрес жүргізгені Қытай деректерінде жазылған. Онда: «ойраттар мен қазақтар жасағының Цэрэн, Эринцин, Абылай бастаған он мыңнан астам адамы Бұраталдағы барлық көшпелілерді толығымен тонады» – делінген [23].

Абылай бірінен соң бірі келген тақ мұрагерлеріне қолдау көрсете отырып, жоңғарлардан едәуір аумақты қайтарып алуға қол жеткiздi. Қытай билеушiлерi болса сол кезде Жоңғариядағы істің жағдайын мұқият қадағалап, оны басып алуға дайындалды. Сөйтіп, Цинь императоры 1755 жылы Жоңғарияға елеулі әскер күшін кiргiзуімен қытай-жоңғар соғысы басталып кетті. Бiр кездегі қуатты Әмiрсана өзінің досы Абылайға жасырынып, кейіннен Ресей мемлекетiнiң қамқорлығымен Сiбiрге қашуға мәжбүр болды. 1758 жылға қарай Жоңғарияны Қытай әскері толығымен жаулап алды. 1 миллионға жуық жоңғарлар мен олардың серіктері тұтқынға алынып, қырғынға ұшырады. Жоңғарлардың аман қалған шағын бөлігі Едiлдiң төменгі ағысындағы өздерімен туыстас қалмақтарға қарай қашты. Жол бойында көптеген қазақ жасақтарының шабуылдарына тап болды. Қытай Жоңғарияға позициясын түбегейлі орнықтыру мақсатында 1761 жылы Шыңжаң (Жаңа шеп) атты империялық жергiлiктi аймағын құрды. Жоңғарлардың шағын бөлігі Орта жүз аумағына қарай ығысты.

Абылай Қытай қолбасшыларының 1755 жылы Әмірсананы өздеріне беру туралы қатаң талабына бас тартқанын білдіріп, өзінің бұрынғы одақтасына опасыздық жасағысы келмей, қисынды жауап берді: «Әмірсана орманға құлап бара жатқан бақытсыз құс сияқты, оны ұстап алу қиын емес. Ұлы императордан тұзақты ашып, оның өмірін сақтап қалуын өтінемін» – деді. Алайда, қытайлықтар сол уақытта Есіл өзеніне дейін жетіп қалған. Абылай болса бір кездері Жоңғарларды әлсіретуге көмектескен Әмірсана досына сөзсіз қамқорлық жасады [23, 105 б.]. Патша Абылай мен Әмірсананы жіберіп алған Қытайдың екі әскерінің қолбасшыларын 1757 жылдың 12 сәуіріндегі Жарлығымен дворяндық атағынан айырып, жазалайды [23, 109 б.]. 

Қалай дегенмен де Жоңғар мемлекетінің күйретудегі Абылайдың рөлі ерекше зор болып табылады [24]. Хан Ресей және Қытай сынды ірі империялар арасында бұлтарыссыз саясат жүргізді. Екі мемлекетпен де дипломатиялық қатынастарды сақтай отырып, қазақ хандығының толықтай тәуелсіздігін қамтамасыз ете алды. Ресей отарында жүріп, 1757 жылы Қытай үкіметімен сыртқы келісімін қабылдап, дипломатиялық қарым-қатынасты орната бастады. Бұл Ресейдің отарлық іс-әрекеттерін қазақ жерінде тоқтатуға мүмкіндік жасады, сонымен қатар, Қытай тарапынан әскери қимылдардың өршуіне жол бермеді.

Қазақ билеушiлерi мен Қытай билiгi арасында Жоңғар мемлекетінің жойылуы салдарынан жер қатынастарына байланысты біршама шиеленiстер туындады. Қытай мемлекеті 1755 жылдың жазында қазақ жеріне шекара мәселелерін реттеу мақсатында арнайы елшiлiгін жiбердi. Бірақ, Абылай Қытайдың Жоңғарияны басып алғанын мойындағысы келмеді. Осы орайда, Цинь басқыншыларына қарсы көтерілісті басқарған Әмірсанаға белсенді түрде көмек көрсете бастады. Қазақ билеушілері Жоңғария жерiнiң бір бөлiгiн байырғы қожайыны болып саналатын қазақтарға қайтарып берiлуiн заңды деп санады. Бірақ, Қытай жағы басқаша ойлады. Н. Коншиннің айтуы бойынша: «Қытай үкіметі Жоңғар жерлерін жаулап алуы нәтижесінде қазақтардың үстінен билік жүргізуге талап қоя бастағаны жағдайды күрделендірді» [25].

Қазақ жасақтары 1756 жылдың көктемінде Жоңғариядағы Қытай әскерлеріне қарсы ірі жорыққа шықты. Қытай императоры бұған жауап ретінде қазақ жеріне қарсы шабуыл жасауды бастауға бұйрық берді. Орта жүзге оңтүстік және шығыс жағынан кіру ұйғарылды. Сонымен бірге, Қытай әскерлері Абылай сұлтанға жасырынған Әмірсананы тұтқынға алуды көздеді. Шығыстан төнген әскерге қарсы Әмірсана мен Қожаберген батырбастаған қазақ-жоңғар жасақтары әрекет етті. Оңтүстіктен шабуылдаған әскерге Абылай мен Бөгенбай батырдың жасақтары қарсы тұрды. Қазақтар Цинь әскерiмен бiрнеше рет шайқасып, олардың қазақ жерінің iшкi аймағына қарай жылжуына жол бермей, бөгет жасады. Бұл қазақ ауылдарының соғыс қимылдары жүргізіліп жатқан аймағынан шалғайға қоныс аударуға мүмкіндіктер туғызды. 

Қазақ жасақтары күтпеген жерден шабуылдар жасап, Қытай әскерлерінің бірігуіне кедергі келтірді. Сондықтан Қытай әскерлері келген iзiмен керi қайтуға мәжбүр болды. Қытай әскерлері мен Абылай сұлтанның жасақтары арасында 1757 жылдың жазында Тарбағатайдың солтүстік тау сілімдерінде болған шешуші шайқастар кезінде Цинь империясының әскери-техникалық және адам саны жағынан артықшылығының басым екендігін көре алмау мүмкін емес еді. Осыдан кейін екі ел арасында дипломатиялық келіссөздердің ұзақ үдерісі басталды. Жоңғарияда Қытай-маньчжур билігі орнағаннан кейін қазақ хандығының шығысында жер мәселесі шиеленісе түсті. Қытайлар жоңғарлардың босап қалған жерлеріне қазақтардың қайтып оралуына жол бермеу үшін Iле өзенiнiң аңғары мен Тарбағатай аймағына әскери бекiнiстер сала бастады. Қытай боғдыханы қазақтардың Аягөз өзенiнiң оңтүстiгіне қарай көшiп-қонуына тыйым салу туралы 1761 жылы Жарлық шығарды. Алайда, қазақтар Тарбағатайдағы жайылымдық жерлерді өз еріктерімен басып алуын жалғастыра берді. Қытай әскерлерi 1762–1765 жылдары қазақтарды Жоңғария жерінен шығару үшiн бiрнеше рет жазалау шараларын жүргiздi. Бiрақ қыс түсiп, қытайлар кете бастаған кезде қазақтар сол аймақтарға қайтадан оралды. Аймаққа көшiп барушылардың саны біртіндеп өсе түсті, Абылай болса қытайлықтармен келіссөздер жүргiзудi күшейтті. Тіптен, қазақтарға жерінің бір бөлігін қайтаруда белсенділік танытқан Абылайдың өзін қорқыту шарасы ретінде тұтқынға түсіру туралы бұйрық берілді. Мұны: «Егер олар бұрынғысынша шекарадан өтіп, біздің аймақта көшіп келетін болса…. олардың малдарын тартып алып, старшиндары тұтқынға алынсын». Егер олардың арасында Абылай болса қорқыту үшін оны да ұстаңдар (қазақтар – авт.)», – деген император Цяньлунның бұйрығынан көруге болады [23, 168 б.]. 

Троицкі бекінісіндегі башқұрт Ш. Абзанова 1762 жылы 10 қазанда Цинь үкіметінің билігі Жоңғариядан қазақтарды қуып жатқандығын былайша атап көрсетті: «Қытай қожайыны боғдыхан,талқандалған жоңғар-қалмақ жерлерін қандай да бір пайдалану үшін иеленгенқырғыздардың көшпенді руларының барлығын, келесідей бұйрықпен қуып шығарды:егер олар сол жерлерден өз еріктерімен кетпесе,онда ол мыңнан бес мыңға дейінгіәскерінжіберіп,күш қолданып, келместей етіп қуып жібереді [26].

Қытай жағы ұзақ қарсыласудан кейін 1767 жылы қазақтарға Тарбағатай мен Iле өзенi аймағындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат беруге мәжбүр болды. Қытайлықтар есесіне жалдау ақысын төлеп, бодандықтарын қабылдауын талап еттi. Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының біразы ХVIII ғасырдың аяғында олардың ұсыныстарын қабылдап, Тарбағатайдың бай жайылымдары мен Іле өзенінің алқабы, моңғол Алтайының бiр бөлiгiн иемденді.

Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан қазақ жерінің бір бөлігін сақтап қалу үшін Қытай империясына Сұлтанмәмет сұлтан мен Қинза батырды өз еріктерімен аманат етіп жіберді (кепілдікке – авт.) Мұны профессор К.Ш. Хафизованың «Орта Азиядағы Қытай дипломатиясы (XIV-XIX вв.)» атты кітабынан көруге болады. Онда «….Абылай Қытайға 1763 жылы аманатқа үлкен бәйбішесінің әкесі қазақтың найман руынан шыққан Қинза батырды туыстарымен, Орта жүздің ханы Әбілмәмбет өзінің қайын атасы сұлтан Сұлтанмәметті Іле алқабына көшіп баруына мүмкіндік берді» – деп жазылған [27].  

Ресей мен Қытай арасында әскери қақтығыстар орын алған жағдайда Абылай бейтарап ұстанымда болуды жоспарлағаны 1759 жылғы 8 наурыздағы Орынбор губерниялық кеңсесінің жергілікті қазақтар туралы құжатында көрсетілген: «Егерде олар бір кездері Ресеймен соғыса қалған жағдайда қырғыздар қай жағына болысатынын Абылай сұлтанға жіберіп сұрады,Абылайсұлтан болса мұндай жағдайда Ресейге де, Қытай жағына да көмек көрсетпейтінін, тек өздігінен сақтық танытатынын» айтты [13, 189–190 п.]. 

Абылай хан «Шаңды жорық» кезінде Еділ қалмақтарын талқандауда маңызды рөл атқарды. XVIІІ ғасырдың екінші жартысында қалмақ ұлысының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы едәуір нашарлағаны белгілі. Дондок Дошидің (1741-1761 жж.) хандық билігі едәуір шектеліп, Убашы билеушінің тұсында патшаның жер экспансиясы күшейе түсті. Құқықтарына да айтарлықтай шектеу қойылып, жайылымдық жерлердің тапшылығы ерекше сезілді. Қалмақтардың бір бөлігі христиандандыру саясатына ұшырады, жыл сайын олар Ресей әскеріне әскери бөлімдер жасақтап беріп отыруға тиіс болды және Ресейдің көптеген жаулап алушылық жорықтарында қаза тапқандары да аз емес еді. Қытай империясы жоңғар мемлекетін талқандағаннан кейін олардың шалғайдағы тарихи отандары бос қалды деген қауесеттер қалмақтарға да жетті. Олардың ойларына шығысқа қарай бет алу жоспары туындады. Қалмақтарға бұрынғы отандарына оралу туралы үгіт-насихатты Әмірсан Шерен жүргізді. Қалмақтар 1770 жылдың күзінде Қытай билігімен қоныс аудару жайлы келісті. Еділ қалмақтарының бір бөлігі будда дінбасылары жүргізген үгіт-насихатқа бой алдырды. 1771 жылдың қаңтарында жалпы саны 180 мың қалмақ Қытай маңына қоныс аударуға әрекет жасады. Еділдің оң жағалауында 60 мыңға жуығы қалып қойды, себебі мұз өте жұқа болғандықтан олар өзеннің сол жағалауына өте алмады. Сонымен бірге, көшіп-қонушылар арасында өздерінің тарихи отанына қоныс аударған бірнеше мыңдаған жоңғарлар да болды. Олардың саны 10 мыңнан 25 мыңға дейін артты [28].

Убаши ноян бастаған қалмақ көшпенділерінің бірнеше бағыты қазақ хандығының аумағы арқылы өтті. Қоныс аударушылардың әрекеттері патша үкіметінің жоспарына еш кірмеді, олар айтарлықтай салық төлейтін халықты жоғалтты. Сонымен бірге қалмақтар сол аймақтың басқа да халықтарына теріс үлгі көрсетті. Жайық казактары қалмақтардың ізіне түсуден бас тартты, Орынбор казактары тарапынан да белсенді іс-әрекеттер байқалмады. Патша үкіметі 1755 жылдан бастап, қазақтармен қақтығыстық қарым-қатынаста болған башқұрттарды да пайдаланудан қорықты. Мәселен, Орынбор губернаторы Рейнсдорф осы мәселе бойынша сыртқы істер алқасына былай деп жазды: «башқұрттарды шектен тыс пайдалануды көздемеді, өйткені олар қазақтармен «қалмақтың орнына өзара кектеніпбір-бірімен ілінісер еді», – деп жазды [29]. Осы кезде патша үкіметі бұрынғы қазақ-қалмақ қайшылықтарын пайдаланып қалуды ұмытпай, өз ойларын іске асырды. Олар Жайыққа жақындаған кезде Орынбор губернаторы Неплюев Нұралы ханға қалмақтар қазақтарға шабуыл жасағалы бара жатыр деген жасырын белгі берді. Үкімет атынан қалмақтарға қарсы шайқасуға, ұрыс кезінде олардың тұтқынға түскен әйел балаларын, малдарын, үйлерін тағы басқадай барлық олжалаған дүниелерін өз иеліктеріне қалдыру құқығын берді. Тек қана қазақтарға қалмақтарды бұрынғы қоныстарына қайтадан қайтару туралы ұйғарылды. Ұйғарылған міндетті Нұралы хан толық орындай алмаған сәтте, Орта жүз қазақтары Абылай хан мен Сұлтанмәмет сұлтанға жүктелді. Әрине, мұндай ұсынысты қазақтар толығымен пайдаланып, бұрынғы жасаған шабуылдары мен қорлықтары үшін қалмақтардан кек алды. Кіші және Орта жүз арқылы өз жерлеріне өтуге тырысқан қалмақтар қазақ әскерлерінен айтарлықтай соққылар алды. Қалмақтармен шайқастарға Абылай, Нұралы, Сұлтанбет, Ұрыс, Әбілпейіз, Ералы және тағы басқа қазақ хандары мен сұлтандары белсенді түрде қатысты. Қалмақтардың жауынгерлік қабілеттілігі жоғары 40 мың адамнан тұратын атты әскері болғанына қарамастан, қазақтардан жеңіліс тапты. Оларды Сағыз өзенінде Айшуақ сұлтанның жасағы айтарлықтай шығынға ұшыратты. Ор, Ұжым өзендерінің, Мұғалжар тауының маңайына қарай шегінген қалмақтар Нұралы ханның жасағының шабуылына тап болды. Абылай, Сұлтанбет және Әбілпейіз сұлтандар да қалмақтарға айтарлықтай соққы берді. Қалмақтармен болған шайқастарға Ұлы жүз қазақтарының әскери құрамалары да қатысты. Қазақтарға қай аймақта болмасын жаудың мал-мүлкін, тұтқындарын басып алуға мүмкіндіктер берілді.

Ірі шайқастың бірі Балқаш көлінің жағасында болды. Қалмақтар Мойынты өзенінің жағасында соғысты тоқтатуға әрекет жасады. Абылай бастаған 100 мың адамнан тұратын қазақ жасақтары әлсіреген қалмақтарды қоршауға алды. Абылайдың нұсқауы бойынша Сұлтанмәмет сұлтан Орта жүз қазақтары арасынан 50 мың адамнан тұратын әскерді жинақтады. Оқиғаны Железинский бекінісінің қолбасшысы полковник Андрей Рамейковтың 1771 жылы 31 мамырда Сібір корпусының қолбасшысы генерал-майор С.К. Станиславскидің атына жазған хатынан көруге болады. Онда: «Сұлтанмәмет-сұлтан ұлысы қыр елінде Железинский бекінісінен төмен екі жүз шақырым Калалах өзенінің маңайынан табылды, ол жерде Сұлтанмәмет-сұлтан өзі болған жоқ. Әйелі мен кіші ұлы Сейіттен сұрағанымызда ол осы айдың 17-сінде балалары Нұрыс, Иман және Қараш сұлтандармен Еділ қалмақтарына жорыққа атанғанын айтты. Олардың жинаған әскері елу мың ғана». Сұлтанмәмет ұлысын Ресей өкілдері мұқият тексерген кезде киіз үйлер мен малдарын қарттар мен балалар ғана күзетіп аз адамдар қалғанын анықтайды [2, л. 330 об.]. Демек, 50 мың адам екені нақты артық болуы мүмкін емес деп сеніммен айтуға болады [30].

Сарысу өзеніндегі шешуші ұрыс кезінде Абылайдың үш жүзден жинаған қазақ әскерлерінің жалпы саны 100 мыңға жеткендігі туралы Сібір корпусының қолбасшысы С.Г. Станиславскийдің атына 1771 жылы 8 маусымда Жәңгір сұлтан Сұлтанмәметұлы мәлімдейді: «Мен әкем Сұлтанмәмет сұлтаннан өз әскеріменжүздеген мың адам Абылай сұлтанмен бірге Сарысу өзенінің басындағы«Иманшоқы»деп аталатын шатқалда тұрғандығы туралы арнайы жіберген қырғыз арқылы хабарын алдым...Бірақ, енді тағы да әскерге қосылатын қырғыздардың бірнеше санын күтіп отыр, содан кейін олар осында тоқтайды...егер қырғыздар бас қосып жиналатын болса, қалмақтардың тонағанын тартып алу үшін қашқан қалмақтардың соңына түсіп, оларды талқандап, құтылып кетпеуіне жол бермеуге тырысады. Ал қалмақтар қырғыз әскерінен онша алыс емес, Железинский бекінісінен 12 күндік жол жүретін қашықтықта Сарысу бойында орналасқан» [30, 384 п. артымен].

Қалмақтарға соңғы соққыны Алатау қырғыздары берді. Бұл оқиға туысқан қырғыздар мен қазақ тарихында «Шаңды жорық» деп аталады. Шалғайдағы Жоңғарияға қоныс аударушы қалмақтардың көпшілігі шайқастарда қаза тауып, тек оныншы бөлігі ғана жетеді. Шыңжаңға келгеннен кейін олар шағын топтарымен қоныстанып, шекара және пошта қызметтерін атқара бастайды. Аталған соғыс қазақтарға да көптеген шығындар әкелді, мыңдаған адамдар ұрыс даласында қаза тапты. ІІ Екатерина патшайым 1771 жылдың қазанында Қалмақ хандығын жойды, олардың ұлыстарына орыс офицерлері арасынан бірнеше сот приставаларын тағайындады [28, 30 б.].

Қазақтар мен Алатау қырғыздары арасындағы қатынастар XVIII ғасырдың 60 жылдарында біршама күрделене түсті.Біріншіден, жоңғардың босаған жерлеріне қазақтармен туыстас қырғыздар да үміткер болды.Екіншіден, Жетісу қазақтарының малын қырғыздардың айдап әкету жағдайлары жиілеп кетті. Үшіншіден, қазақтардың сауда керуендеріне олардың тарапынан шабуылдар жасалды. Мұндай жағдайда Абылай қырғыз жерлерінің түкпір-түкпіріне ескертпелі алдын-ала әскери барлаулар жүргізуге мәжбүр болды. Сөйтіп, 1756 жылы Абылай оларға қарсы ірі жорық жасайды. Бұған айғақ ретінде 1765 жылғы 22 қазандағы Сібір полкінің подполковнигі Ф.Е. фон Платерге Железинский бекінісінің Ертіс жағы әскери қолбасшысы әмірші Сұлтан берген мәліметтерінен көруге болады: Араларындағы Сұлтанмәмет сұлтанның баласы Иман сұлтаннан аудармашы арқылы сұрағанымда, ол өзін Ұрыс сұлтанның бауыры Иман сұлтан екендігін, жабайы «Галдан қырғыздары» деп аталатындарға қарсы шайқасқа дайындалып жатқанын айтты. Өйткені олар «Ташкенттен Түркістанға қарай бағытталған бай көпестерді тонап, өлтіріп жатқандығын тоқтату керек» деді. Сонымен қатар Ташкентке әлі жетпеген Абылай сұлтанмен қосылуды ойлап отыр. Өйткені Абылай өз адамдарымен жорыққа шықты» [31].

Көршілерімен осы сапардан кейін қарым-қатынас жақсарған жоқ. Қырғыздар болса Жетісу мен Түркістандағы Үйсін мен қоңырат көшпелілерін тонап, зорлық-зомбылықтар көрсетті. Сондықтан Абылай 1770 жылы желтоқсан айында қайтадан жорыққа аттанып, нәтижесінде қырғыздар жеңіліске ұшырады. Мұны генерал майор Станиславскийдің Сібір корпусының командирі генерал-поручик И.И. Шпингерге Абылай сұлтанның басшылығымен 20 мың атты әскерімен жорыққа шыққаны туралы жолдаған хатынан көруге болады. Қырғыздардың қазақтарға Ташкентпен сауда жасауға кедергі келтіруі жорыққа шығуға басты себеп болғаны туралы былай делінген: «Абылай сұлтан аса қатты сақтықпен, қайда бара жатқанын айтпастан, қырғыздардың орта ордасынан өзінебағынышты 20 мыңдық қырғыз әскерімен жорыққа шықты. Олардың айтуынша Ташкенттің ар жағындағы қырғыздармен соғысу ойы бар және Ташкенттен шыққандарға, қырғыздарға қысым көрсетіп, өлтіріп тонайды, сондықтан олар сауда жасаудан айырылып отыр. Бүгінгі таңда Абылай сұлтан барлық ұлыстардан мүмкіндігінше атты жасақтар жинады» [32].

Қырғыздар тұтқынға алынған қазақтарды босатып, бұрындары ұрлаған малдарын қайтарып, екі ел арасында шекара орнатылды. Екі жақ та алдағы уақытта бір-біріне шабуыл жасамауға уәде етіп, қазақ жағына аманаттар берді, бірақ кейінгі оқиғалар көрсеткендей шабуылдар жасау бұдан кейін де тоқтатылмады. Сондықтан соғысқұмар әрі мазасыз қырғыздарға қарсы 1773 жылы тағыда әскери жорық жасалып, оған Орта Ертіс аймағынан 8 мыңыншы жасағы қатысқаны туралы Сұлтанмәмет сұлтанның 1772 жылы 8 желтоқсандағы генерал-поручик И.А. Деколонгке жіберген хатынан көруге болады: Хатта: «Абылай сұлтан менде мейман болып, өз елінеаман-есен кетіп қалды. Не жайлы білуді қалайсыз? Біз көктемде маған бағынышты жалпы сегіз мың қырғыздарымызбен,Абылай екі ұлымен бірге жабайы қырғыздарға қарсы соғысуға баруға келісім-шарт жасадық», – делінген [33].

Абылай әскерінің 1774 жылы қырғыздарға қарсы кезекті жорығы басталды. Ол Әбілпейіз сұлтанның 60 мың әскери жасағымен одақтасып жорыққа аттанғаны туралы Семей бекінісінің қолбасшы полковнигі И.Т. Титов 1774 жылы 9 қаңтарда Сібір корпусының генерал-майоры А.Д. Скалонға хабарлайды. «Абылай сұлтан, Әбілпейіз және Қарабарақ старшындар қырғыз ордасынан алпыс мыңға жуық қырғыз әскерін жинап, таста өмір сүретін қырғыздарға қарсы қытайлар жағынан атпен жету қашықтығы он күн, ал біздің шекарадан атпен жету отыз күн жүретін соғысқа аттанды», – деп жазылған [33, 69 п.]. Сондай-ақ, Абылай ханның Қытайдан әскери көмек сұрағаны жөнінде 1774 жылғы 29 наурыздағы патша Цяньлунның Жарлығында екі халық арасында тонау мен өзара шабуылдар болғанын меңзей отырып, бас тарқаны туралы былай деп көрсетілген: «Қазақтар мен буруттар үнемі бір-бірін тонайды….Қазір тоналған қазақтар көмек сұрап жатыр. Егер оларға көмек көрсетсек, өз кезегінде буруттар да қазақтардың тонап жатқанын айтып көмек сұрайды» деп жазылған [23, 213 б.].

Абылай мазасыз қырғыздарға қарсы 1779 жылдың жазында қайтадан жаңа жорық жасауға мәжбүр болды, нәтижесінде жасаған жорығы бейбiт келiсiмге келумен аяқталды. Ол қайтарында ең танымал деген манаптардың балаларын аманатқа алып, олардан Жаңақырғыз және Байқырғыз деген екi болыс ел құрастырып, Көкшетау аумағындағы атығай руының арасына қоныстандырды. Абылай ханның осындай шаралары туысқан екі халықтың қарым-қатынасын жақсартуға үлкен септігін тигізді.

Өзбектер мен қазақтар арасында да кей кездері келіспеушіліктер орын алды. Осындай жағдайларда Абылай өзінің немере ағасы Сұлтанмәметтің қолдауына сүйене отырып, Орта Ертіс өңірінен әскери жасақ жинақтағанын Сібір корпусының қолбасшысы генерал-лейтенант И.И. Шпрингерге 1766 жылы 2 қыркүйекте жазған хатынан көруге болады, әрі сұлтан сол кезде хандық мәртебеге әлі де ие болған жоқ еді: «Мен Ташкент жағында орналасқан Абылай сұлтаннан жарлық алдым, жарлықтаТашкент азаматтары да, Бұхар халқы да оның билігін өз қалаулары бойынша мойындағанын және өзінің әскерімен әлі күнге дейін әлемге бейімділік танытпаған Бұхарадағы көшпелі ордаға қарай баратынын; менің ұлысымның балалары мен Иман Салтановты жіберу туралы талап етті,мен осы айдың 5 жұлдызында жіберуге ниеттеніп отырғанымды мәлімдеймін», – деп жазылған[33, 12–12 бб. артқы бетімен]. Ханға бағынудан бас тартқан қарақалпақтарға және қыр қазақтарына қарсы Абылай жорығына қатысуға Сұлтанмәметтің ұлдары да дайын болды.

Ханның 70 жасқа қараған шағында денсаулығы сыр бере бастайды. Оған халқының мүддесін қорғау үшін ел ішіндегі және сыртқы күштерге қарсы тұру жағдайында болған ұзақ жылдардағы күрестер де әсер етті [21, 130 б.]. 

Өмірден өтер алдында мұрагерлік мәселелерін шешті. Орта жүзді ұлы Уәлиге, Ұлы жүзді Әділге, Ұлы және Орта жүздердегі шағын істерді басқаруды басқа балаларына табыстады [4, 274 б.]. 

Абылай хан 1780 жылы күздің аяқ шеніне қарай Ташкент қаласының маңайында өмірден өтті, оны Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерледі. Балалары әкесінің өлімін алғашқы айларда жасырды, шамасы хан сайлауын күтуге тырысқан болса керек, сонымен бірге Ресей империясының сайлау ісіне араласудан қауіптенді. Генерал-майор Н.Г. Огаревтің 1781 жылы 21 наурыздағы Мемлекеттік сыртқы істер алқасына жазған хатында: «Қырғыздықтарға Шығыс-Сұлтан Ресей халқының (Абылайдың қайтыс болғаны туралы – авт.) жазғы уақыттағы жиналысына дейін жариялауға тиым салды» – деп жазылған [34].

Абылай ханның қайтыс болғанын естiген Қытай үкiметi көңiл айтып, елшiлiк аттандырды. Ханның зиратына туыстары мен серіктері мәрмәр тастан құлыптас орнатты. Әкесінің қайтыс болғаны туралы ұлы Уәли тек 1781 жылдың 16 шілдесінде ғана былай деп жазды: «Жоғары мәртебелі, менің әкем Абылай хан алпыс тоғыз жасқа қараған шағында өмірден өтті, өзінің алпыс тоғыз жылдық ғұмырында ешкімге зиянын тигізбестен, халқына қызмет етті» [13, 417 б.].

Абылай хан қазақ халқының тарихында маңызды орын алады, ол барлық күш-жігерін ең алдымен тәуелсіз және күшті қазақ мемлекетін құруға бағыттады. Қазақ халқының басын қосып, Ұлы дала төсінде бiр орталыққа бағынған мемлекет құруға зор ықпал етті. Жоңғар және Едiл қалмақтарын тас-талқан етiп жеңiп шығуда аса маңызды рөл атқарды. 1758 жылы Жоңғар мемлекеті, 1771 жылы қазан айында қалмақ хандығы жойылды. Өзінің әскери күш-жігері мен дипломатиялық қадамдарының арқасында Қытай әскерiнiң iлгерi қарай қазақ жерінің аумағымен iшкi аймақтарына жылжуын тоқтатып қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақтардың Тарбағатайдағы және Іле өзені өңiрiндегi байырғы дәстүрлі мал жайылымдарын қайтарып алуға қол жеткiздi, Алатау қырғыздарының қазақтарға шабуыл жасауын да тоқтатты. Абылай хан қазақ халқының өз ішінде ғана емес, іргелес елдердің арасында да орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді. Қазақ халқы қарсыластарына шабуыл жасағанда әркез «Абылай» деген жауынгерлік ұранды қолданады. Ә. Бөкейхан өзінің «Қырғыздар» деген еңбегінде осындай жауынгерлік ұранды тіптен Сібір казактары шайқастарда қолданғаны туралы жазады: «Абылай» ұраны тіптен Сібірдегі орыс казактарының арасында жиі таралған. Олардың бірі ұлын Жапон соғысына шығарып салар кезде (1904-1905 жж. – авт.) тіпті оған «Абылай! Абылай… Шабуыл!» деп тілек тілеген – деп көрсетілген [35]. Сол кезеңдегі қазақтардың басты жауынгерлік ұраны «Абылай» болып саналды, сонымен бірге, Семей және Ақмола облыстарында осы ұранды кеңінен қолданады [36]. 

Абылай өмірден өткеннен кейін хан тағына ұлы Уәли отырды, бірақ атақты әкесінің ісін жалғастыра алмады. Ақсүйектер арасында ішкі қақтығыстар басталды. XVIII ғасырдың 80-ші жылдарының басында қаракесек пен төрту рулары Барақ сұлтанының ұлы Дайырды хан етіп сайлады. 1795 жылдың қаңтарында екі сұлтан, 19 ақсақал және Орта жүздің 120 мыңнан астам қазақтары Ресей патшайымы II Екатеринаның қол астына өту туралы өтініштерін білдірді. Патша үкіметі осы жағдайды пайдалана отырып, қазақ мемлекеттілігінің қалдықтарын әлсіретуге бағытталған шараларды қолдана бастады. 1788 және 1798 жылдары Ертіс қазақтарына Ертістің оң жақ жағалауында үнемі көшіп-қонып жүруге рұқсат берді. Бір кездегі Орта жүз екіге бөлінді. Орта жүзде Уәли ханның билігін әлсірету үшін 1815 жылы Бөкейді екінші хан деп жария етті. Дегенмен, Абылай ханның балалары Ұлы жүздің бірқатар жерлеріне орныққанымен, өздерінің ағасы Уали ханға бағынышты болды [7, 141–142 б.].

Ұлықталуы

Абылай ханның атымен Қазақстан қалаларының басты орталық көшелерi аталады. Алматы қаласындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және әлем тiлдерi университетiне Абылай ханның есiмi берiлген. Ұлы билеушінің құрметiне Көкшетаудың етегiнде алып ескерткiш стела орнатылған. Бүгiнде қазақ халқы аса танымал беделді ханының есiмiн өз перзенттерiне зор ықыласпен қояды. Петропавл қаласындағы Абылай ханның резиденциясын қайтадан жаңартып жасады.

Әдебиеттер мен дереккөздер тізімі:

1. Әбуов Қ. Абылай хан. Замандастары және ұрпақтары. Көкшетау, 2016. 65 б.

2. Қасымбаев Ж.К. История Казахстана. Алматы, 2004. 35с.

3. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. Алма-Ата, 1984. Т.1. 2017 с.

4. Эпистолярное наследие  казахской правящей элиты. 1675–1821 годов. Алматы, 2014. Т. 1.  274 с. 

5. Валиханов Ч.Ч. Абылай-хан // Собрание сочинений в пяти томах. Алма-Ата, 1964. Т. 3. 486 с.

6. Архив Внешней политики Российской империи (АВПРИ). Ф. 122. Оп. 122, 3. Іс. 1. 51 б. 

7. Хафизова К. Ш. Степные властелины и их дипломатия в XVIII–XIX вв. Нур-Султан, 2019. 116 б.

8. Башкирское народное творчество. Уфа, 1996. Т.10. 320–321 бб.

9. ИАОО. Ф. 1.Оп. 1. Іс. 195.473 б.

10. ИАОО. Ф. 1. Оп. 1. Іс. 16. 73–74 бб.

11. Алтон С. Доннели. Завоевание Башкирии Россией 1752–1740. Лондон, 1968. 212 с.

12. Васильев Д.В. Административная аккультурация: опыт региональной политики Российской империи в Центральной Азии. XVIII–XIX вв. Оренбург, 2018. 22 с. 

13. ИГАОО.Ф. 1. Оп. 1. Іс. 76. 188 б.

14. АВПР. Ф. ККД. Оп.122/1.Іс. 19.363–364 б. артымен

15. Кемеңгерулы Қ. Из истории казахов: Сб. сочинений в трех томах (составитель Д. Камзабекулы). Алматы, 2005. 43 с.

16. Красовский М. Область сибирских киргизов. Материалы для географии и статистики России. – Спб., 1868. Ч. 1. 86 с.

17. Добросмыслов А.И. Тургайская область. Исторический очерк // Известия Оренбургского отдела Императорского русского Географического общества. Оренбург, 1900. Вып. 15. С. 123–124.

18.Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. Алматы, 1996. 254 б.

19. Добросмыслов А.И. Тургайская область. Исторический очерк // Известия Оренбургского отдела императорского Русского Географического Общества/ – Оренбург, 1901. Вып. № 16. C. 157–158. 

20. ИАОО. Ф. 3.Оп. 1.Іс. 56. 135–136 б.

21. Касымбаев Ж.К. Государственные деятели Казахских ханств (XVIII в.). Алматы, 2009. 119 c.

22. ИАОО. Ф. 1.Оп. 1.Іс. 35. 287–288 б.

23. Восточная дипломатия на стыке цивилизации (конец XIV-70 годы XIX вв.). Сборников документов и материалов. Астана, 2015. 100 c.

24. Жусупова Л.К. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – деректанушы. Павлодар, 2013. 70–71 бб.

25. Коншин Н. Труды по казахской этнографии. Павлодар, 2005. Т. 7. 74 c.  

26. АВПР. Ф.3. Д.1761. Оп. ІІ3/І.Іс. 2.14 б.      

27. Хафизова К.Ш. Китайская дипломатия в Центральной Азии (XIV–XIX вв.). Алматы, 1995. 242 c.

28. Касымбаев Ж.К. Теоретические, историографические и источниковедческие аспекты антиколониальных восстании в Казахстане. Алматы. 2010. 24 c.

29. Таймасов С.У. Башкирско-казахcкие отношения в XVIII веке. М., 2009. 275 c. 

30. ИАОО.  Ф. 1.Оп. 1. Іс. 173.

31. ИАОО, Ф. 1. Оп. 1. Іс. 137. 234–235.

32. ИАОО. Ф. 1. Оп. 1. Іс. 169. 1–1 б. артымен.

33. ИАОО. Ф. 1. Оп. 1. Іс. 190. 397–398 бб.

34. История Казахстана в русских источниках XVI–XX веков. Алматы, 2007. Т. 6. 143 б.

35. Кабульдинов З.Е. История Казахстана. Алматы, 2018. 57 б.

36. Букейханов А.Н. Казахи: историко-этнографические труды. Павлодар, 2006. Т. 14. 31 б.

Авторы: ҚабылдиновЗ.Е., т.ғ.д., проф.