Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ИСАТАЙ ТАЙМАНҰЛЫ


Исатай Тайманұлы (1791-1938) – Бөкей Ордасындағы халық азаттық қозғалыстың жетекшісі. Беріш руының старшыны. Қолбасшы, батыр, мәмілегер.

Өмірбаяны

Кіші жүз патшалық Ресейдің құрамына енген соң дәстүрлі қазақ қоғамы терең өзгерістерді басынан өткізді. Бұл өзгерістердің қазақ қоғамына кері әсері басым болды. Қазақтың жерлерін еркін иемденген патша үкіметінің шенеуніктері қазақ халқының мүддесімен мүлдем санаспады. Бекіністер салып, өзінің отарлық саясатының негізгі тірегіне айналған казактарға көп мүмкіншіліктер қарастырып, жергілікті қазақ халқын ашық тонауға ықпал етті. Жайылымдық жерлерінің тарылуы қазақтар үшін ауыр тиді. Өйткені көшпелі мал шаруашылығын өмір сүруінің басты көзі деп санаған қазақ халқы патша үкіметінің ауыр шарттарын орындауға мәжбүр болды. Патша үкіметінің отарлық саясаты тек казак жасақтары ғана емес, сонымен қатар жергілікті халық арасынан шыққан шенеуніктердің де әрекетінен терең байқалды. Бұл өз кезегінде бұқара халықтың наразылығына ұласты және бірқатар старшын сынды лауазымы бар адамдардың да ашу-ызасын тудырды. Ал, ХІХ ғасырдың І жартысындағы Бөкей Ордасы қазақтарының наразылығы Исатай Тайманұлының есімімен тығыз байланысты.

Исатай бүгінгі Атырау облысына қарасты, Қаратау мен Қызылқоға аудандарының арасындағы Тайсойған құмында 1791 ж. дүниеге келген. Руы беріш. Батыр бабамыздың әкесі – Тайман, анасы – Нағибала (руы Есентемір). Ата тегі: Жайықтан – Наурыз, Наурыздан – Тілеуке, Тілеукеден – Ағатай, Ағатайдан – Боқай, Боқайдан – Бегәлі, Бегіләден – Тайман, Тайманнан – Исатай тараған [1, 5-8 бб.]. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулерде қазақ-жоңғар соғыстары кезінде қос тарапқа да танымал болған Ағатай батырдың ұрпағы саналады. Ол турасында ақын Ы. Шөреков Ағатай батырдан бөлек Исатайдың шығу тегіндегі ықпалды адамдарды жырға қосқан. Мысалы автор Исатай Тайманұлының қалыптасуына әсер еткен Ағатай батырдың інісі Есіркеп, Жаңғабыл, Сарт сынды батырларды атап өтеді. Ал Сарттан тараған Жүзбатыр бабасы да қазақ азаттық қозғалысының белді мүшесі болды. Тайманның Жабал есімді інісі беріш руының старшыны болған. Сонымен қатар Ы. Шөреков өзінің жыр жолдарында Исатай Тайманұлының батыр болып қалыптасуында нағашы жұртындағы Қожамбет, Құлқара, Киікші, Сыралы мен Дәріке сынды батырларды да атап өтеді [2, б. 21-22]. Исатайдың әкесі Тайман Жайық, Еділ аралығындағы Өлеңті, Шідерті, Үшаңқаты, Борбастау, Бұлдырты, Жымпиты, Ойыл, Тайсойған жерлерін мекендеген. Исатай осы аймақта ер жетіп, патша үкіметінің отаршылдық саясаты салдарынан шұрайлы жерінен ығыстырылып, тыныштығынан айрылған елдің мұңын естіп, жергілікті билеушілердің халыққа жасаған озбырлығын, теңсіздікті көріп өскен. Сондай-ақ, Исатай Тайманұлының азамат болып қалыптасуына зор ықпал еткен Тайманның інісі, жоғарыда атап өткен беріш руының старшыны болған Жабал Бегәліұлы еді. Орысша сауатты болған ол Исатайды жастайынан ел басқару ісіне де араластырып отырған. Өз заманында Жабал бабамыз патша шенеуніктерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан адамдардың бірі болған. И. Кенжалиев өзінің «Исатай-Махамбет» атты еңбегінде Жабал Бегәліұлы 1808 ж. Бақсай бекінісі жанынан Жайық арқылы Бөкей ханның қарамағына кірген деген мәліметтер келтіреді [3, 10 б.]. Демек Исатай Тайманұлы шамамен 17 жасында Бөкей Ордасына келген деп топшылауға болады.

Исатай Тайманұлының Жақия, Ақай, Оспан, Досмағамбет, Дінбаян, Әлпияр атты ұлдары және Дүлзада есімді қызы болған. Жақия Исатайұлы 1811 ж. дүниеге келіп, ат жалын тартып мінген азамат шағында әкесінің азаттық қозғалысының белді мүшесі болған. Ол турасында Л.Б. Бердіғожин өзінің «Исатай-Махамбет: Азаттық күрес сардарлары» атты монографиясында «Жақия азаттық күрес жылдары сарбаздардың бел ортасында болып, Қарауылқожа, Балқы ауылдарын шабуға, Хан Ордасын қоршауға, Тастөбе шайқасына қатысады» деп жазады [4, б. 192].

1812 ж. бала Исатайдың азамат болып қалыптасуына зор ықпал еткен Жабал Бегәліұлы қайтыс болғаннан кейін, Бөкей ханның ұсынысымен 21 жастағы Исатай беріш руының, Жайық бөлімшесінің старшыны болып тағайындалған. 1812 ж. беріш руының старшыны Исатай Тайманұлына берілген грамотада: «Осы хатты өзіме бағынышты беріш руының құрметті старшыны Исатай Таймановқа бере отырып, оған қол астындағы қазақтарымен Каспий теңізі жағалауларындағы Кокарев, Плетнев тұрғындары мен Кульпинск күзет орны аралығын, яғни даладағы кордон жолынан теңізге дейінгі жерлерді қысқы қонысы етіп тұрақтауға рұқсат беремін. Мұндағы шұрайлы жерлерді оның өзі де және қол астындағы халқы да пайдалана алады. Бұл жерлерге олардан басқа қазақтардың көшіп келуіне тыйым саламын және кордон басшылығы тарапынан да Таймановқа ешқандай кедергі жасалмайды» деген жолдарды кездестіруге болады. Сонымен қатар осы хатта: «…Осыған байланысты Астрахань және Орынбор бастықтарынан, Каспий және Жайық кордон шептерінің командирлерінен Таймановқа ешқандай шектеулік жасалмауына, ал керек болған жағдайда оған заңды көмек көрсетілуін сұраймын. Хат Исатай Таймановқа осы жөнінде берілген» деген мәліметтерді кездестіруге болады [5, 30 б.].

1814 жылдың 25 қарашасында бұл тағайындау Орынбор шекаралық Комиссия тарапынан бекітіліп, Исатай Тайманұлына старшын дәрежесі туралы арнайы жарлық пен мөр табысталған болатын. Бабамыздың осы жылдардағы қоғамдық-саяси қызметіне зер салатын болсақ, ол жастығына қарамастан старшын ретінде руластары арасында сый құрметке ие болып, Орданың ішкі өмірінде өзіндік ықпалы бар тұлға болғандығы байқалады.

1818 ж. Ішкі Ордада халық толқуы болған. Алайда бұл толқу барысында старшын Исатайдың ұстанымын дәл анықтап беру ісі күрделі мәселе. Дегенмен осы толқу барысында атаман Бородиннің 1819 ж. 14 қазан айындағы жазған хаты сақталған. Хатта атаман Бородин Исатай Тайманұлына Ордадағы толқуға ықпал етіп, тыныштандыруды өтінеді [6, с. 15]. Бұл хаттың өзі бабамыздың Ішкі Ордадағы саяси үдерістерге өзгеріс енгізе алатын тұлға болғандығын толық дәлелдейді. Бірақ беріш руы старшынының мұндай танымалдығы мен хан тарапынан зор сенімге ие болуын көре алмаған топтар оған түрлі жала жауып, бірнеше рет патша шенеуніктері тарапынан қамауға да алынған.

1818 жылдың күзінде Исатай Тайманұлы Сарайшық қаласына шақыртылып, қамауға алынады. Батырдың қамаудан босатып алуда беріш руынан шыққан батыр әрі би Жүзбатырдың көп еңбегі сіңеді. Мұндай қудалаулар мен жалған айып тағу ісі кейінгі оқиғалар көрсеткендей мұнымен тоқтамаған.

1822 ж. Исатай Тайманұлы бастаған бір топ өкілдер өз қарамағындағы жәбір көрген адамның ұрланған малын қайтарып алу мақсатында Тана руының ауылына барады. Даулаған малдарына иелік еткен Исатай Тайманұлына «кісі өлтірді», «мал ұрлады» деген сыңайлы жалалар жабылады. Сол себепті де осы жылы Исатайды ұстауға және қамауға бұйрық шығады [7, 21 п]. Нәтижесінде 1823 жылдың қараша айының 9 күні ол ұсталып, Орынборға жөнелтіледі. Алайда Орынборға барар жолда тұтқыннан қашып шыққан деген мәліметтер бар. Оған дәлел осы жылдың 15 қарашасында беріш руының басқарушысы болған Сүйінішқали сұлтанға Исатайдың қашып кеткендігі және оны дереу ұстау қажеттілігін жеткізген хаты жолданады [7, 56-57 пп.]. Бұл тапсырма көп уақыт өтпей орындалады.

1824 ж. тамыз айында Исатай Тайманұлы бастаған адамдар Орынборға жеткізіледі. Тергеу барысында ұрланған малды алғандарын мойындағанымен, кісі өліміне қатысы жоқ екендіктерін жеткізеді. Тергеу ісі бойынша кісі өліміне қатысты айыптың жалған екендіктерін нақтылағаннан кейін ол қамаудан босатылған [3, 16-17 бб.]. Толық ақталып шыққан соң Исатай старшын қызметінде жұмысын жалғастыра береді.

Осы оқиғалардан кейін Исатай Тайманұлына Жәңгір ханның сенімі арта түскен секілді. Өйткені 1825 жылдың 24 тамызында Жәңгір хан оған хат жазып, осыған дейін қыстап жүрген жерлеріне қосымша Каспий жағалауын да пайдалануға береді. Сонымен қатар, жайылым үшін Құйған-Арал мен Қара-Қамыс жерлерін қоса береді және бір ерекшелігі бұл жерлер Исатайға мәңгілікке беріліп, өзге қазақтардың қыстауына тыйым салынады [8, с. 279].

1826 жылдың 29 қарашасында Жәңгір хан Исатай Тайманұлына маңызды тапсырма береді. Ол Жәңгір ханның өкілі ретінде Астрахан қаласына бет алған Бұхар хандығының елшілігін күтіп алуға міндеттеледі. Елші Сарайшық бекінісіне келуіне байланысты Жәңгір хан Исатайға дереу Сарайшыққа аттанып, өзін Жәңгір ханның өкілі ретінде таныстыруды және елшіге барынша құрмет көрсетуге тапсырма береді. Сарайшық бекінісінде аталмыш елдің елшісін күтіп алып, өзінің қарамағындағы аймақтан аман-есен өтуіне жағдай жасап, хан тапсырмасына адалдығын көрсетеді [8, с. 295-296]. 

1828 ж. Исатай бабамыз Нарын құмындағы Ұялы деген жерде ұйымдастырылған Орда өкілдерінің жиынына қатысады. Аталмыш жиынға Жәңгір ханмен қатар, шекаралық комиссия полковнигі Генс та қатысқан. Жәңгір хан жиынға келген старшындарға сенім білдірмегендіктен Генс әскер санын көбейтеді. Жиын барысында Генс старшындардың Жәңгір ханға тағзым етіп, адал болуына ант беруін талап етті. Бас тартқан жағдайда күш те қолданылды. Жиын барысында Исатай Жәңгір ханға адал болу туралы ант қабылдаған [6, с. 15]. Оның Жәңгір хан мен патша үкіметіне берген антына адалдығы тіпті көтеріліс қарсаңына дейін жалғасқан. А. Якунин өзінің еңбегінде Жәңгір хан ешқашан Исатай Тайманұлын жақтырмаған деген мәліметтерді алға тартады. Автордың айтуынша Жәңгір хан Исатайдың көпшілікке ықпал ете алатындығын көре алмаған, оны ниеті дұрыс емес, бүлікші деп қабылдаған деген мәліметтер келтіреді [9, с. 79].

1833 ж. Исатай Тайманұлының есімі архив құжаттарында кездеседі. Осы көрсетілген жылдың қаңтар айының 14 күні Жәңгір хан Исатайға хат жазып, патшаның рұқсатымен Жасқұста жылына екі мәрте жәрмеңке ұйымдастыратындығын және өзіне сеніп тапсырылған аймақ қазақтарын жәрмеңке жұмысына белсенді қатысуына жағдай жасауға тапсырма береді [7, с. 341 ]. Осыдан, көтеріліс қарсаңындағы жылдары Исатай Тайманұлының патша үкіметіне және ол тағайындаған патша шенеуніктерімен және Жәңгір ханмен де қарым- қатынасы қалыпты жағдайда болғандығы байқалады. Мысалы, 1835 ж. 2 қаңтарында Орынбор шекаралық комиссиясы Исатай Тайманұлын беріш руының старшыны ретінде танитындығын айта келе, оның 1834 ж. түйе ұрлаған Құсқадамов атты қазақты ұстап алғандығы және тұтқынды орыс басшылығына тапсырғандығы айтылады. Кейіннен ол қазаққа 15 дүре соғылып, Сібірге жер аударылады [10, сс. 135-136]. 

Алайда Жәңгір ханның Ішкі Ордада жүргізіп отырған саясаты Исатай Тайманұлының антынан айнып, халық мүддесі жолындағы күресіне түрткі болған сыңайлы. Мысалы сол ханға адал боламын деп ант берген жылдары Бөкей Ордасында 80 мыңға жуық адам болса, соның 20 мыңға жуығы жер тапшылығын сезінген. Сөзсіз бұл Жәңгір хан мен оның жақтастарының қазақтардың жерін тартып алуымен тығыз байланысты болды. Қазақтардан тартып алынған шұрайлы жерлер жергілікті халықтың өздеріне жалға берілді. Оның үстіне әлеуметтік жағдайды ушықтырған алым-салық саясаты да наразылықтың өршуіне алып келді. Бөкей ордасындағы көтерілістің орын алуына түрткі болған жайттардың бірі – салық саясатының дұрыс жүргізілмеуі деп айтуға толық негіз бар. Егер де «зекет» салығынан қазынаға 115000 сом түсіп тұрса, ханның жеке қазынасы «соғым» салығына сай жылына 4000 сом, 24000 қоймен еселенген [11, 63 б.]. Сөз жоқ бұл саясаттың басты құрбандары қарапайым халық болды. Сондықтан да болар Исатай батыр бастаған көтерілістің қозғаушы күші де сол езгіге ұшыраған қалың халық бұқарасы болды. Өйткені П.И. Небольсиннің «Очерки Волжского низовья» атты еңбегінде Бөкей Ордасында жергілікті халықтың 6-7 мың жанұясы немесе тұрғындардың 1/4 бөлігі жерсіз деген мәліметтер берілген [12, с. 135]. Бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы әбден мүмкін.

Сонда Бөкей Ордасының жерлерінің иелері кім еді деген заңды сұрақ туындайды. Тарихтан белгілісі сол Бөкей Ордасындағы 273 мың десятина жер қазақ феодалдары мен сол кезде аты шыққан Юсупов пен Безбородко сынды орыс помещиктерінің жеке иелігі саналды. Жәңгір ханның өзіне 400 мың десятина жер тиесілі болса, Қарауылқожа Бабажанов 700 мың десятина жерге иелік еткен. Бұл жайлы Көшім Есмағамбетов: «Зерттеушілер 30 жылдарға қатысты оқиғаларға байланысты Қарауылды Жәңгірдің қайын атасы деп көрсетеді, ол шындыққа келмейді. Жәңгір Қарауыл қожаның төртінші қызы Салихаға 1844 ж. үйленеді» деген мәлімет береді [13, 106 б.]. Қарауылқожа Бабажанов сонша көп жерді өзінің лауазымдық артықшылығына байланысты иеленген деп айтуға болады. Сөзсіз мұндай таршылық дәстүрлі қазақ қоғамындағы шаруашылық істерін жүргізу сынды қалыптасқан дәстүрге терең өзгерістер енгізіп, қазақтардың азаттық жолындағы қозғалысына түрткі болды. 

Жәңгір ханның алым-салық саясатынан жекелеген топтар мен тұлғалар босатылған болатын. Мысалы алым-салық пен соғым саясатынан сұлтандар, қожалар, билер мен молдалар, сонымен қатар бөлімшелерді басқарып отырған старшындар да мұндай алымдардан босатылған болатын.

Жәңгір ханның әділетсіздіктері мен түрлі алым-салықтарының қиындықтарына қатысты жергілікті қазақтар Орынбор шекаралық комиссияға арыз-шағымдар да түсірген. Осы арыз-шағымдарында қазақтар байлар мен сұлтандардың өздерін ашық тонауы, малдарын тартып алуы сынды халықты қинаған мәселелерді көтереді. Алайда бұл арыз-шағымдар қаралмады. Керісінше патша шенеуніктері хан мен сұлтандарға барынша қолдау көрсетуге тырысып отырған [9, сс. 77-78].

Демек Жәңгір хан тұсында жерді қауым болып пайдалану тәртібі бұзылғандықтан әрі Исатай Тайманұлы сынды тұлғалардың Бөкей хан тұсындағы иеленген артықшылықтарынан айрылып, жерсіз қалуы да Ішкі Ордадағы шиеленістерге себеп болды деп айтуға толық негіз бар. Жалпы Бөкей Ордасындағы жер мәселесі өте өзекті мәселелердің қатарына жатады. Олай дейтініміз жер жетіспеушілігі тек Жәңгір ханның билікке келуімен байланысты туындамаған. Бұл аймақтың шұрайлы жерлеріне деген талас-тартыс пен межелеу ісі Жәңгір ханға дейін де орын алған. Жылдар өте бұл үрдіс Жәңгір ханның тұсында тіпті күшейген. Күшейгені соншалық тіпті хандар мен сұлтандар да жер тапшылығын сезінген.

1834 ж. Жәңгір хан Исатай ауылының Қиғаш өзені жанында орналасқан қонысын тартып алған болатын [14, 12 п.]. Жер жетіспеушілігі салдарынан Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының көтерілісіне дейін-ақ Бөкей Ордасында халық толқуы орын алып, оның бірін Нұралы ханның немересі, сұлтан Қайыпқали Есімұлы бастаған болатын [15, с. 103]. Ендігі кезекте Жәңгір ханның жер тартып алу әрекеті өзіне адал қызмет еткен Исатайға бағытталды және бұл әрекет азаттық қозғалысының бастауына айналды.

Қазақ жерлерінің патша үкіметі тарапынан тартып алына бастауы, алым-салықтардың өсуі, Қиғаш өзені жанындағы И. Тайманұлының қонысының тартып алынуы Жәңгір хан мен Исатай батыр арасындағы қарым-қатынастарды ушықтырып, оның соңы 1836-1838 жж. аралығында көтеріліске ұласады. Көтеріліс басшысының қоғамдық-саяси өмірінің аса маңызды тұсы да дәл осы азаттық қозғалыс тарихымен тығыз байланысты. Алғашында Жәңгір хан Исатаймен өштесуді жөн санамаған сыңайлы. Өйткені көтеріліс қарсаңында Исатай мен Қарауылқожа арасында басталған қақтығыстар орын алғаны белгілі. Міне осы қақтығыстарды шешіп, оны тыныштандыру мақсатында 1835 ж. Жәңгір хан Исатайдың талаптарын орындап, Қарауылқожаны Каспий бойындағы қазақтардың басқарушысы қызметінен босатқан болатын. Алайда бұл қақтығыстарды түбегейлі жоя алған жоқ.

1836 жылдың 24 наурызында көтерілістің алғашқы қақтығыстары Қарауылқожа Бабажанов пен Исатай Тайманұлы арасында орын алады. Қ. Бабажанов 800 адамдық қолмен И. Тайманұлының ауылын қоршап, сес көрсетеді. Алайда сол уақытта 200 сарбаз қол жинаған Исатай бастаған әскерімен соғысуға дәті шыдамаған Қ. Бабажанов кейін қайтады. Әрине салыстырмалы түрде алғанда аз сарбазбен соғысуға бел буған Исатайдың батылдығы және көп әскерімен қорқақтық танытқан Қарауылқожаның әрекеті Бөкей Ордасы тұрғындары арасына тез тарайды. Бұл өз кезегінде Исатайдың батырлығы мен жанкештілігін сипаттап, қаналған халықтың тез арада көтерілісшілер жағына шығуына ұласады. Алайда 28 наурызда Қарауыл қожа Исатай Тайманұлы, Үсе Төлегенұлы, Тінғали Тайсойғанұлының ауылына шабуыл ұйымдастырады және бұл шабуыл көтерілісшілердің ауылдары үшін өте ауыр болғанға ұқсайды. Өйткені сол жылы көтерілісші ауылдарының тұрғындары ханға шағым айтқан болатын. Шағымның мәтінімен таныса келе, шабуылдың қарапайым халық үшін ауыр болғандығына көз жеткізуге болады. Мысалы шағымда «Әй, тақсыр, айтшы, бұл ойран болған жұрттың үстінде әкімі болмас па? Біздер нендей қасіретке кіріптар болдық? Дұшпандар уағыз жүргізіп, әкімнің жүзі айқын ашылмады, пақыр халықтың арызы тыңдалмады, сол себепті, тақсыр, қандай болса да жауап қайырсаңыз екен» деген мәліметтер көрсетілген [16, 297-п.]. Өз кезегінде Исатай да Қарауыл қожаның бұл әрекетіне қатысты Жәңгір ханға шағымданған болатын. Алайда бұл шағым ескерусіз қалған.

1836 жылдың маусым айының басында Исатай мен Махамбет бастаған 17 адам Жәңгір ханның ордасына қарай бет алып, Қарауылқожаның бассыздығын жеке барып жеткізбекші болады. Қарауылқожаның тонаушылық әрекетінен шаршаған жұрт та қосылып жүзден аса адам жиналды. Бұл шара Исатай бастаған наразы халықтың бейбіт шеруіне ұқсас болды. Олардың бұл әрекетінен сескенген Жәңгір хан барлық ауылдарға елші жіберіп, наразы топқа азық-түлік беруге тыйым салды. Ал наразы топтың алдынан шыққан Балпан сұлтан мен Алтай Досмухаметов деген кеңесші-би Исатай Тайманұлына хан жарлығын таныстырды. Ол жарлықта Исатай тез арада жиналған наразы топты тарқатуы тиіс болды және істің мән-жайын анықтау мақсатында екі аптаның ішінде Хан кеңесінің мүшелері келетіндіктерін жеткізеді. Алайда ешқандай да Хан кеңесінің мүшелері келмейді.

Исатай Тайманұлының Жәңгір ханға қойған талаптары, ұсыныстары үнемі ескерусіз қалып отырған. 1836 жылдың 22 маусымында ханға жазған хатында 11 сәуірде жазылған шағымына әлі де болса жауап ала алмай отырғанын баяндаған. Ол хатта Исатай өздерін Қарауылқожа мен Балқы би тарапынан ханға жеккөрінішті етіп көрсетуге тырысушылықтың бар екенін, осылайша олардың ханға жақындай түсуге талпынатындықтарын айтқан болатын [16, 231-п.]. Бұл мәліметтерден байқағанымыз Исатай Тайманұлы Жәңгір ханға қарсы күрестен гөрі өзара түсінісіп, тыныштықта өмір сүруді қалағанын байқауға болады. Сонымен қатар Жәңгір хан мен өз арасындағы кикілжіңді реттеу үшін ханның ұлы Зұлқарнаймен де хат алысып, өзінің адал екендігін әрі тыныштықты қалайтындығын білдіреді және хан арасындағы қарым-қатынастардың достыққа негізделуіне септігін тигізуді сұраған болатын. Оған жауап ретінде Зұлқарнай: «Сіздің хатыңызды оқыдым, онда айтылған өтінішіңізді орындай алмаймын. Оны істеуге мүмкіндік болса, әрине, бар ынтамен орындар едім. Мені Сіз кешіреді деп үміттенем. Бізге көмектессін деп құдайдан сұраңыз, мүмкін бізде болып кетерсіз. Енді өз өңіріңізде болыңыз және жауларыңыздан сақтаныңыз. Жағдай тым нашарлап бара жатыр, өздерін өздері отқа салатын және басқаларды, мені де, Сізді де аямайтын көптеген адамдар табылады» деп, алдағы уақытта ханның саясатына қарсы шықпай, керісінше оны бұлжытпай орындауға кеңес береді. Исатайдың Зұлқарнаймен белсенді хат алмасуының басты себептерінің бірі Қарауыл қожаны қызметінен кетіру болған. Өйткені осыдан кейін жазған тағы бір хатында: «Құрметтім, өзіңіз ойлаңызшы, халық жау көретін адамға басқаруды тапсырса, ол ешкімге жақсылық жасамайды, осыдан барып тәртіпсіздік басталады. Сіз кеткеннен кейін көрген қорлығымызды барғаннан кейін айтармыз. Күнгіз Елемесов старшын арқылы айтқан бұйрығыңызды толық орындаймыз; бірақ бұрын берген уәдеңіз орындалмаған соң халық үлкен зиян шегуде» деген мәліметтер береді [16, 232-235 пп].

Исатай Тайманұлы бастаған наразылық әрекеттерін қарапайым халық та белсенді қолдауға кіріседі. А. Шамғонов ол жайында «Исатай мен Махамбет 1836-жылдың жазында өз төңірегіне патша өкіметіне және үстем тапқа наразы шаруаларды топтастыра береді. Байлар мен билерден зорлық көрген шаруалар бір-бірлеп, тіпті тобымен кейде ауыл болып, көтерілісшілерге қосыла бастайды. Қарауылқожа мен Балқы, Төлеген Тыныштықов пен Шомбалдың, Айғана мен Қарабөкен сияқты озбыр билер және байлардың қарауындағы шаруаларға қоса бүкіл Самар даласындағы ауылдардан, Жайық бойынан көптеген адамдар келеді. Мысалы, би Айғананың қарауынан 39 адам, би Төлеген Тыныштықовтан 30 адам, Ағым Айболатов деген би старшинадан 24 адам, Қарабөкен бидің қарауынан 14 адам, старшина әрі ірі бай болған Жұмағазы Баяровтан 15 адам қашып, көтерілісшілерге барып қосылады. Нарын құмынан Исатайға 10 ауыл, Төлеген Серекенов 30 үйлі ауылымен келіп қосылады» деген мәліметтер береді [17, 12 б.]. Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалысқа қарапайым қазақтар белсенді түрде тартыла бастады. Орынбор генерал-губернаторы Перовский І Николайға Бөкей Ордасындағы саяси жағдай туралы хат жазады. Ал оған жауап ретінде патша көтеріліске шыққандарды қатаң жазалауға бұйрық берген.

1837 жыл Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалыстың шарықтау шыңы болды. Азаттық қозғалысының қатысушылары Жәңгір ханның жақтастарының мал-мүлкі мен дүниелерін тартып алуға мүмкіндіктер алды. Осы жылы Жәңгір ханның патша үкіметі мен сұлтандардан белсенді түрде Исатайға қарсы қосымша күш ретінде көмек сұрауға мәжбүр болған. Сондықтан Исатай бастаған қазақ жасақтарына қарсы атаман Покатиловтың жазалаушы әскер келгенімен ол нәтижелі әрекеттерді ұйымдастыра алмайды. Сөз жоқ мұндай оқиғалар желісі хан билігінің уақытша болса да әлсірегендігін, ал азаттық қозғалыстың таралымы мен сандық жағынан өсе түскендігінің дәлелі болып табылды. Сондықтан Жәңгір хан Орынбор генерал-губернаторы Перовскийден пана сұрауға мәжбүр болады.

1837 жылдың қазанында Перовский көтерілісшілерге қарсы Геке бастаған әскерді жұмылдырды. Геке бастаған жазалаушы әскер Глинский форпостынан бастап, хан ордасына қарай беттейді. Өйткені осы жылдың қараша айында Исатай бастаған жасақтар хан ордасын қоршауға алған болатын. Қоршауды әлсірету мақсатында генерал Перовский полковник Меркульевке Исатайдың ауылын шабуға бұйрық береді. Ал сұлтан Айшуақов болса, Исатайдың Орал асуына жол бермеуі тиіс болды. Гекенің өзі болса хан ордасында қала берді. Хан ордасын қоршауға алғанымен Исатай нақты қадамдарға бара қоймады. Дегенмен ұсақ шайқастар орын алып отырғаны шындық. Алайда қарашаның 5-нен 6-на қараған түні Исатай Тайманұлы хан ордасын қоршауға алуын тоқтатып, кейін шегінеді. Мұндағы ойы Меркульевтің бейбіт ауылдарды қыруына тосқауыл қою болса керек. Алайда Меркульев Исатайдың отбасын тұтқынға алған болатын. Осы кезде болса керек Махамбет Өтемісұлы Есет Көтібарұлымен байланыс орнатып, оның қарауындағы орыс тұтқындарын босатуға қол жеткізіп, оларды Исатайдың отбасына ауыстыруды көздеген. Махамбет Өтемісұлы мен патша үкіметінің офицері Аитов келіссөздер жүргізіп, Исатайдың отбасын тұтқыннан құтқарған болатын [9, сс. 244-245].

Геке мен Исатай Тайманұлы арасында болған шайқаста көтерілісшілердің жеңіске жетуінің мол мүмкіндігі болды. Алайда шешуші кезеңде жазалаушы әскердің зеңбірек қарулары шайқастың тағдырын шешіп кетті. Көтерілісшілер Нарын құмына қарай ығысып, шегінуге мәжбүр болды. шайқас барысында Исатай Таймаұлы жарақат алып, оның Ақай деген ұлы қайтыс болады.

1837 ж. 15 қарашада Исатай Тайманұлы Тастөбе мекенінде болған шайқасқа қатысады. Шайқас аяқталған соң көтерілісшілер Орал арқылы асуды жоспарлаған. Байқасақ дәл осы жылдар бүтіндей қазақ даласын азаттық қозғалыс рухы жайлады. Сондықтан да патша І Николай қазақ даласын қамтыған көтерілістердің бірігіп кетуіне жол берместен, тез арада оларды басып-жаныштауды көздеді. Патшаның бұл жоспарына Жәңгір ханның жақтасы саналған байлар мен сұлтандар қолдау көрсетті. Исатайдың көзін жою үшін оның басына арнайы ақша да тағайындалады.

Көтерілістің жеңілуіне өздерінің ұсақ мүдделерін көздеп қатысқан старшындар мен билердің сатқындығы да әсер етті. Олар Гекенің үндеуіне сеніп, көтерілісшілер қатарын шайқас алдында тастап кетті. Исатай тобының Тастөбе түбіндегі жеңілісі көтерілістің кейінгі барысына да кері ықпалын тигізді. Көтерісшілер қатары азайып, Исатайдың төңірегінде бар болғаны ондаған өзіне берілген серіктері ғана қалды. Олар көптеген мал мүлкінен айырылды. Жәңгір хан Исатайды ұстап берген кісіге 500 сом күміс ақша беремін деп жариялағанына қарамастан көтерілісшілер арасында сатқындық орын алмады. Көтеріліс шағын-шағын топтарға бөлініп кетісімен, Исатай мен Махамбет қуғыннан құтылу мақсатында 1837 жылғы желтоқсан айында Исатайдың тобы Жайықтан өтіп, Сарторғай, Қарақұм, Тайсойған мекендері, ойылдың сағасын басып өтті. Жазалаушы жасақтан араларын қашықтату үшін, Сағыз жеріне қоныс аударды [9, сс. 184-187].

1838 жылдың 14 желтоқсанында Баймағамбет Айшуақов өз жасақтарымен қатар, 80 казактан тұратын әскери жасақтың көмегімен Сарайшық бекінісінің төменгі жағындағы көтерілісшілердің соңына түседі. Нәтижесінде осы күні негізгі топтан бөлініп қалған Исатайдың әйелі Несібелі, әйелінің сіңлісі Бағылан Қалымованы қолға түсіреді. Ал 24 желтоқсан күні Исатайдың балалары Жақия мен Дінбаян, Сүлеймен Өтемісовтер қолға түседі [18, 287-п].

1838 жылдың наурыз айының басында жазалаушы әскерге Исатай туралы жаңа мәліметтер түседі. Мәліметке сай оның жақтасы Төлеген мен Махамбет Өтемісұлының баласын Тайсойған елді-мекені жанынан көреді. Олар сол жерде 500 сарбазды бастаған Исатайды күтіп отырған. Ал Махамбет Өтемісұлы болса Исатайдың бұйрығы бойынша Қайыпқали Есімұлымен Жәңгір ханға қарсы одақ құру туралы келіссөздерге жіберілген.

1838 жылдың 7 наурызында Ішкі орда жеріне полковник Данилевский жіберіледі. Оның басты мақсаты Исатай Тайманұлының қайтадан көтеріліс ашуына жол бермеу болатын. Кейінірек Данилевскийдің мәлімдеуінше көтеріліс басшысының Ақ-Тау мен Қара-тау деп аталатын жерде тұрақтап, жаңа күш жинап жатқандығы белгілі болады. Ал наурыз айының соңындағы мәліметтерге сай Исатай бабамыздың Сағыз өзені бойында көшіп-қанып жүргендігі айтылады.

1838 жылдың мамыр айында Исатай Ресейге қарсы азаттық күресіне үндеу тастайды. Кіші жүз жерінде тағы да толқу орын ала бастайды. Бұл жылдары Исатай Қайыпқали Есімұлымен бірлесіп, сол жылдың маусым айында Темір өзені бойындағы Көкбақты елді-мекенінде екі мың сарбазбен ұйымдасады. Осы жерден Қайыпқали Есімұлы Кіші жүз билері мен старшындарына 20 маусымға дейін қазақтардың жиналу керектігін ескерткен хатын жолдайды. Жиналмаған жағдайда «ат тұяғымен таптайтындығын» жеткізеді. Исатай Тайманұлы болса шекті руының бірқатар ауылдарын аралап, көтеріліске шақырады. Алайда Қайыпқали есімовтың Хиуа хандығына бағыныштылық жағдайы қазақтар арасында түсініспеушілік тудырды. Өйткені қазақтар өздерінің мүддесі үшін патшалық Ресейге қарсы шығуға әзір болғанымен, Хиуа ханының қызығушылығы үшін қан төгуді қаламады. Дегенмен Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалысының соңғы кезеңінде Қайыпқали Есімұлының есімі жиі айтылады. Тіпті ол өзін хан санап, Кіші жүз қазақтарынан зекет салығын да жинамаққа әрекеттенген. Өйткені осы турасында табын руының батыры Асау Барақовтың хаты сақталған. Хатта Асау Барақов Қайыпқали Есімовке салық төлей алмайтынын жеткізе келе, оны хан деп мойындамайтынын және өздерінің орыс үкіметіне салық төлеп отырғандығын айтқан [9, с. 222].

Әрине патша үкіметі қазақ жерінде орын алған саяси шиеленістердің қауіптілігін терең сезінді. Өйткені тек Ішкі орда ғана емес, Орта жүз жеріндегі көтеріліс барысы да өршіді. Ал олардың өзара қосылып кетуі сөзсіз патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау үдерісіне үлкен зиянын тигізері анық еді. Сондықтан да уақыт өткізбей жағдайды реттеу кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Осы мақсатта маусым айының соңында Орынбор казак полкынан 150 сарбаз, атқыштар батальонынан 50 сарбаз, 2 зеңбірек қосымша бөледі. Исатайға қарсы күресті Геке бастап, қазақтың өзге де билеушілері оған жақтасуы тиіс саналды.

1838 жылдың 17 маусымында сұлтан Айшуақов шекаралық комиссия төрағасына өтініш хат жазып, бес жүзден астам қосымша сарбаз жіберуін сұрайды. Мұндағы айтқан уәжі Ішкі Ордадағы әскери күшпен наразылыққа шыққан халықты ұстап тұрудың қиындығы еді. Өзінің хатында «Қайыпқали Есімов пен Исатай Таймановқа наразы топтың қосылып кетпеуіне кішкене болса да мүмкіндік туғызу үшін қосымша жаңа күш қажет. Ал егер де жаңа кәскери күш берілмесе мен тыныш жатып, патшаға бағыныштылықты сақтап отырған ауылдарды наразы топтардан қорғай алмаймын» деген болатын.

Қосымша жаңа әскери күштерді күтіп отырмай сұлтан Баймағамбет Айшуақов өзіне бағынышты қазақ жасақтарынан жаңа әскери құрылымдар жасақтай бастаған. Осы мақсатта тархан Қазы Сырымов, 5 дистанция басшысы Елжан Есерғалимов, старшын Сарыбөбек және тағы да басқа патшаға адал қызмет етуге ант берген адамдарды Исатайға қарсы күреске жұмылдыра бастады. Алайда шілде айында осы старшындардан ұжымдық хат келеді. Хаттың мәтінінде жаңа әскери құрылым жасақтау туралы ойдан арылу қажеттігі айтылады. Өйткені халық Исатайға қарсы көтеріліске шықпайтындығы анық деп айтылады. Сонымен қатар старшындар Қайыпқали мен Исатайдың қазіргі таңдағы жасақтары екі мың сарбазға жеткендігі туралы айтыла келе, бүгінгі күні бүкіл далада солардың билігі орнаған деген мәліметтер келтіріледі. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ біз жоғарыда айтқандай Орта жүз жерінде Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық қозғалысы жүріп жатады, сонымен қатар Кіші жүз жерінде ірілі-ұсақты бірнеше көтерілістер орын алады. Ал Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, кейіннен қосылған Қайыпқали Есімұлының әрекеттері Ресейдің Орта Азиямен сауда-саттық байланыстарына едәуір нұқсан келтіреді. Ең бастысы бұл қозғалыстар өзара қосылған жағдайда патша үкіметінің отарлау саясаты тығырыққа тірелері сөзсіз еді. Сол себепті де Перовский әскери министрге хат жазған болатын. Хатында қазақ даласына үлкен әрі күшті әскер жіберуін өтінеді және бұл әскердың қазақ даласында болу мерзімі неғұрлым ұзақ уақытқа жоспарлануы тиіс саналды. Өйткені бір әскери құрылым Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы және Қайыпқали Есімұлының азаттық қозғалысына бағытталса, одан кейін Кенесары Қасымов пен Жоламан Тіленшіұлының қозғалысына қарсы жұмылдырылуы тиіс болды. Перовскийдің өтініші қанағаттандырылып, Жоламан Тіленшіұлына қарсы атаман Падуровтың жасағы келіп жетсе, Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалысқа қарсы батырға қарсы осыған дейін әскери іс-қимыл жүргізіп үлкерген полковник Геке келіп жетеді.

1838 жылдың 9 шілдесінде Геке бастаған жазалаушы іскер Үлкен Қобда өзені бойына орналасады. Бұл жерде ол Орал полкымен ұштасып, күшеюі тиіс саналды. Келесі күні Геке әскері сұлтан Айшуақовтың күшімен толықты. Осылайша олар алдағы күндері Ақбұлақ өзені бойында бекінді. Исатай Тайманұлы өздеріне қарсы келе жатқан жазалаушы әскер туралы мәліметке ие болмаған сыңайлы. Өйткені Геке тарапынан жіберілген Балта есімді тыңшы көтерілісшілер қосына келіп, сұлтан Айшуақовтың аз ғана әскермен келіп, жақын маңдардағы ауылдардан зекет жинап жатыр деген қауесет жеткізіп, тіпті өзі сол көтерілісшілердің жол көрсетушісі болып алады. Осылайша жазалаушы әскер басшылары өздерінің қайда жасырынғаны мен әскер саны туралы мәліметті білдірмеудің тамаша мүмкіндігіне ие болады. Бұл шынымен де өз нәтижесін береді. Тыңшының жалған мәліметіне алданған Исатай аз әскермен сұлтан Айшуақовтың ауылына беттейді. Алайда осы ауылда сұлтанның жеке әскерімен қатар, Гекенің жазалаушы әскерінің жүз сарбазы да бар еді. Исатайдың келісімен зеңбіректің атылғанына қарамастан Исатай әскері аяғына дейін соғысуға тырысты. Алайда шегінуге мәжбүр болып, қоршауға тап болды. Көтерілістің алғашқы жылдарында Исатай Тайманұлы бірқатар жеңісті әрекеттерді ұйымдастыра алғанымен 1838 жылдың 12 шілдесінде Ақбұлақ өзені жағасында болған шайқаста қару-жарақтың әлсіздігі салдарынан көтерілістің көздеген мақсаты жүзеге аспайды.

Исатай Тайманұлының ауылдасы Балқыбай бастаған топ көтерілісшілердің ізіне түсіп, Геке мен Айшуақовтар келіссөздер жүргізгісі келеді деп жалған мәлімдеме жасау арқылы қолбасшыны көндіреді. Осы сәтті пайдаланған жазалаушы әскер Исатай бастаған топты қоршауға алып үлгереді. 1838 жылдың 12 шілдесінде Ақбұлақ өзені бойында шешуші шайқаста наразы топ жасақтары мен полковник Геке бастаған қарулы күштер арасындағы Ақбұлақ шайқасы орын алып, азаттық қозғалыс жетекшісі Исатай батыр осы шайқаста қаза табады. Исатай Тайманұлының осы шайқасы және оның өлімі турасында оның замандасы Е.П. Ковалевский өзінің Хиуаға қарсы «Экспедиция на пути в Бухару и военная экспедиция» атты очеркінде жазып кеткен. Очеркі барысында автор Исатайдың жасағы далада өздерінен әлдеқайда көп әрі жақсы қаруланған казак жасақтарына тап болғандығын және қоршауға түскендігі турасында «Исатай ұзақ уақыт шегіне отырып соғысуға мәжбүр болды. Соғыс барысында Исатай өзінің жасақтары арасына үнемі барып отырды. Ол өзінің сәйгүлігіне тым көп сенді. Алайда сенім мол артылған жылқысы сүрінді. Сол кезде Махамбет жылқыны тізгінінен ұстап, жетекке алды. Мұны байқаған казак жасақтары Исатайды тани кетіп, оған қарсы оқ жаудырды. Бірақ бірде-бір оқ Исатайға дарымады. Сондықтан казак жасақтары оның жылқысына оқ жаудырып, атпен бірге Исатай да құлады. Өтемісов Исатайды өз атына отырғызудың соңғы мүмкіндігін пайдаланды. Алайда барлығы кеш болып, жетіп үлгерген казак жасақтары Исатайды өлтірді. Махамбет тағы да құтылып үлгерді» деп жазады Е.П. Ковалевский өз еңбегінде [19, с. 86].

Исатай Тайманұлының қай жерде жерленгені туралы да мәліметтер біржақты емес. Олай дейтініміз батырдың жерленген жеріне қатысты екі пікір қалыптасқан. Оның бірі Исатай Тайманұлы Шолақмолде деген жерде жерленген десе, ендігі бірі Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Шейітсай атты жерді көрсетеді. Бірінші пікірді ұстанушылар қатарында Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлын атауға болады. Өзінің еңбегінде Исатай Тайманұлының 49 жасында қайтыс болғандығын айта келе, Темір уезіндегі Шолақмолда деген қорымда жерленген деген пікір білдіреді. Алайда автор хронологиялық қателіктерге жол беріп, батырдың қайтыс болған жасын дұрыс көрсетпейді. Әрине ХХ ғасыр басында көтерілістің барысы мен қос батырдың тағдыры туралы нақты мәліметтер өте аз болған. Сондықтан да ұлт зиялысының тұжырымдары кейінгі зерттеушілер тарапынан күмән тудырып отыр. Ал Исатай Тайманұлының Шейітсайда жерленгені туралы алғашқы мәліметтер Кеңестік кезеңде-ақ белгілі бола бастаған. Ол турасында А. Шамғонов өзінің зерттеу мақаласында Исатай Тайманұлының жерленген жері туралы 1962 ж. 14 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген Х. Дүйсемалиевтің мақаласында Шейітсай екендігі нақты айтылған дей келе, осы жерде батырдың бейітін Н. Шаяхметовтың зерттегені және батырмен қатар осы жерде ұлы Оспан да жатқандығы туралы мәліметтер келтіреді.

Еңбегі

Исатай Тайманұлы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының азаттық қозғалысын ұйымдастырушылардың біріне айналған тұлға. Жеке мүддесінен ұлт мүддесін, жекелеген топтардың емес, бұқара халықтың мүддесін жоғары қойған Исатай батырдың бейнесі ерлік пен елдіктің символына айналған. Қазақ халқының мұң-мұқтажын біржақты әрі халық пайдасына шешу үшін күш жинап, Хан ордасын шабуға мүмкіндігі болғанымен оның арты жақсылықпен бітпейтіндігін терең түсінген тұлға. Көтеріліс тарихына жіті мән берсек, туындаған мәселені келіссөздер арқылы шешуді көздеген Исатай Тайманұлының бұл әрекеті оның сөзге беріктігі мен батырлығы, мәселені қирату арқылы емес, мәміле арқылы шешуді қалаған әрі халықтың амандығын ойлаған жан болғандығы байқалады. Сондықтан Исатай бабамыздың тарихи бейнесі тек қана қолбасшы әрі батыр ғана емес, оның мәмілегерлік қырымен де толыға түсуі тиіс. Көтеріліс ауқымы кеңейіп, наразы топтардың өз жанына көптеп топтаса бастағанына қарамастан Исатай батыр Жәңгір ханмен соғысу арқылы емес, мәміле арқылы мәселені шешуге талпынғандығы соның айқын дәлелі. Мысалы 1836 жылдың маусым айында Исатай Тайманұлы хан саясаты мен патша үкіметінің қысымына наразы топпен бірге Жәңгір ханға өз уәждерін жеткізуге аттанған болатын. Алайда мәміле арқылы мәселені шешуді көздеген оның ішкі ойын түсінгісі келмеген және Исатайдың адалдығына күмәнмен қараған Жәңгір хан уақыт оздыруға тырысты. Мұндағы көздегені наразы топтың мәселесін шешу емес, керісінше болмай қоймайтын қақтығысқа дайындық жұмыстарына кірісіп, жазалаушы әскердің келуі үшін уақыт ұту ғана болды. Дегенмен, дереккөздердегі кейбір мәліметтер Жәңгір ханның Исатай Тайманұлымен мәмілеге келуді көздеген кездері де болғандығын көрсетеді. Мысалы, Исатайға жолдаған бір хатында: «Ақылыңыз бен жүрегіңізді біле тұра, Сізге деген сенімімді жоғалтқым келмейді, бірақ дәлірек білу үшін, жеке келіссөз жүргізу мақсатында Сізге тез маған келуіңізді талап етемін» деген мәліметтер береді [16, 230-п]. Алайда бұл келіссөздер тығырыққа тіреліп, іс жүзінде жүзеге аспай қалады. Оған ханның жақтастары әсер етуі әбден мүмкін. Нәтижесінде 1836 жылдың 17 наурызында Жәңір хан Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын бүлікші ретінде ұстауға билер мен старшындарға бұйрық береді [20, 21-23-п.]. Исатайдың мәмілегерлік қырын танытатын тағы жайт біз жоғарыда келтірген Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнаймен хат алмасулары. Хаттың мәтініне мән берсек көтеріліс басшысының Жәңгір ханға емес, көбінесе оның қасындағы жақтастарына деген қарсылықты байқауға болады. Сөзсіз көтерілістің орын алуына көп жағдайда Жәңгір ханның атынан ел басқарып, қарапайым халықтың мүддесінен жеке басының қызығушылықтарын жоғары қойған адамдардың іс-әрекеті себеп болғаны да рас. Олай дейтініміз сол Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы да Жәңгір ханға қызмет еткен және қарапайым адамдар емес, арнайы лауазымға да ие болған. Сондықтан олар үшін Жәңгір ханның жақтастары жүргізіп отырған қысымшылық көрсету әрекеттеріне мәміле арқылы тосқауыл қойып, өздерінің бұрынғы артықшылықтарын сақтап қалу ісі маңызды болған. Тек қана іс тығырыққа тіреліп, мәміле істің шешімі болмайтындығы анық болғанда ғана көтеріліске шыққан деп тұжырымдай аламыз.

Исатай Тайманұлының мәмілегерлік қырын айқындайтын тағы бір факторлар қатарында оның Жәңгір ханға жазған хатын атап өтуге болады. Көтеріліс қарсаңында Исатай Тайманұлы Қарауылқожаның ел ішінде туындатып отырған бүлігі мен халықты қанау әрекеттерін тізіп шығады. Атап айтқанда Қарауылқожа князь Юсуповтың жайылымдарына жақын жерден қазақтарға өз пайдасы үшін қамыс шаптыруға мәжбүрлеп, қалған қазақ ауылдарынан осы қамыс шапқан қазақтардың еңбегі үшін 30 сомнан жинап шыққандығын айтады. Бір қызығы сол жиналған ақшаны Қарауылқожа өзіне алып, оларға нан беру арқылы есептесетіндігін жеткізгенімен, ол уәде де орындалмаған. Сонымен қатар Исатай Тайманұлы Жәңгір ханға жазған хатында Қарауылқожа өзіне қарасты ауылдың әр үйінен өз пайдасы үшін қазы мен ет, 2 сомнан салық енгізіп, старшындардан бір жылқыдан алып отырғандығын айтады. Ол Қарауылқожаның өзін хан сияқты сезінбеуін, халықты ашық тонамауын талап етеді. Тіпті хан осы істе старшындарымен кеңес өткізбесе бұл лауазымдарынан бас тартамыз деп ашық жазады [6, сс. 20-21]. Исатай Тайманұлының бұл хаты мансап қуып, лауазымын ойлаған адамның хаты емес. Хат қарапайым қазақтардың ауыр тағдырын бейнелеген көпшіліктің мүддесін жеткізуге бағытталған. Әрине Жәңгір хан аталған хатқа жауабын береді және бұл хатта Исатай Тайманұлының талаптарын ескеруден гөрі оны «бүлікші» деп айыптауларға жақын еді. Сөзсіз Исатайға мұндай мінездеме берген ханның жақтастары әрі қарапайым халықтың пайдасына өмір сүруді қалағандар еді. Жәңгір ханның айналасындағы адамдардың әрекеті Исатай Тайманұлын нақты қадамға итермелегені туралы Манаш Қозыбаев өзінің «Жауды шаптым ту байлап» атты еңбегінде «Исатай, Махамбет бастаған 1836-37 жж. ұлт-азаттық қозғалысы қазақ халқы тарихының келелі бір кезеңі… Хан үкіметінің, оның қазыналық функциясының күшеюі чиновниктік озбырлықты туғызды. Бюрократиялық аппарат елді сүліктей сорды. Міне, осы кезде аса көрнекті қалың елдің ортасында қайнап шыққан ел қайраткері Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов халық көтерілісін басқарды» деп әділ бағасын берген болатын [21, 116 б.]. Батырдың жақтасы, азаттық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болған Махамбет Өтемісұлы:

Исатай деген ағам бар,

Ақ кіреуке жағам бар.

Хан ұлымен қас болып,

Қара ұлымен дос болып, – деп келетін жыры да Исатай бабамыздың көздегені қарапайым халықтың мүддесі екендігін білдіреді.

Исатай Тайманұлының шиеленіскен жағдайды шешу үшін жазалаушы әскердің басшысы Гекемен де нәтижесіз келіссөздер жүргізеді. Жағдайда шешу үшін хан ордасына шақырған Гекеге 1836 жылдың 2 қарашасында жазған хатында Исатай өзінің хан ордасына барудан бас тартатынын жеткізген. Өйткені осыған дейін барған адамдары тұтқиылдан шабуылға ұшырып, олардың бірқатары зардап шеккендігін алға тартады. Тіпті хан ордасын екі аптаға жуық қоршауға алған Исатай қарсыласының әскери күшінің аздығын білсе де нақты қадамдарға бармады. Бар талабы халықты қанап отырған лауазым иелерін қызметтерінен бостауды талап етті. Сөзсіз бұл батырдың халқының қамын ойлауы мен жазықсыз қан төкпеуге деген ұмтылысы болған деп санаймыз.

Исатай Тайманұлы бастаған халық азаттық қозғалысқа жер тапшылығы мен ауыр салықтан қажыған қарапайым қазақтар белсенді тартылды. Бұл ретте атап өтетін жайт Исатай батырдың басқарушылық қасиетінің жоғары болуы. Исатай Тайманұлы көпшілікке өз сөзін өткізіп, халықты соңынан ерте білетін беделді жан болған. Сонымен қатар батыр бабамыз әскери қолбасшылық қасиетке де ие болған. Бір назар аударатын жайт Исатай өзі бастаған қарапайым халықтың ортақ ісіне өзінің руластары ғана емес, қару ұстауға қауқарлы ұлдарын да жұмылдырады. Махамбет Өтемісұлының: 

Баласы Исатайдың Жақия-ды,

Жақия жауды көрсе ақияды.

Түлейде түнде жортқан жолбарыстай

Алдырдым жолдасымды қапияда-ай! – деп жырға қосуы оның батырлығының көрсеткіші болып табылары анық.

Исатай Тайманұлы бастаған халық азаттық қозғалыс – аймақтық сипатқа ие болғанымен, оларды бас көтеруге мәжбүрлеген себептердің жалпыхалықтық астары бар еді. Өйткені сол тұста қазақ даласында патшалық үкіметтің отарлық саясаты өз күшіне еніп, ал сол саясатты жүргізуші шенеуніктер мен олардың жақындарының іс-әрекеттері қазақ халқының мүддесін таптауға бағытталды. Әрине ең басты қиыншылық жердің тарылуы және салық саясатының дұрыс жүргізілмеуімен байланысты болып шықты. Қазақ емес ұлттардың Кіші жүз жерлеріндегі ірі жер телімдеріне иелік етуі және Ресейден орыс шаруаларының алғашында стихиялы басталған қоныс аудару саясаты кейіннен жаппай сипат алып, оларды өзен-көлдер мен шұрайлы жерлерге орналастыру бұйрығы қазақтардың шөлейт жерлерге ығысуына алып келді. Тіпті қазақтардың ежелден қоныс тепкен жерлеріндегі өзен-көлдерге көшіп-қону құқығынан айрылуы мәселені тіпті ушықтырып жіберді. Шұрайлы жерлерден айрылып, жердің тарылуы қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығының құлдырауына алып келді. «Жаннан» бұрын, мал аман ба деп жағдай сұрасатын қазақ халқының өмірінде мал шаруашылығының алар орны тым бөлек. Ал көшіп-қону ареалының тарылуы мал санының кемуіне әкелді. Осы жайтты терең ұғынған Исатай Тайманұлы да аталмыш қысымшылыққа тап болды. Халық мүддесінің аяққа тапталуына жол бермеуге тырысушылық сөз жоқ Исатай Тайманұлының ұлтжанды әрі Отаншыл бейнесін айғақтай түседі.

Бүгінгі күні аталмыш оқиғаға қатысты бірқатар пікірлер айтылуда. Көптеген оқулықтар мен әдебиеттерде оқиғаны Бөкей Ордасындағы бас көтеру десе, енді бірі аталмыш оқиғаның Кіші жүз жерін қамтығанын алға тартады. Әрине Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық азаттық қозғалысы тек Бөкей Ордасы ғана емес, кіші жүз жерінде де жалғасын тапқан. Сондықтан оқиғаның тек Ішкі Орданың өз ішіндегі саяси оқиға деп қарастыруға келмес. Сонымен қатар аталмыш қозғалыстың сипатына сай оған осы күнге дейін бірқатар айдар тақты. Бірі көтеріліс деп бағаласа, ендігі бірі оны шаруалар көтерілісі деп бағалады. Көтерілістің мақсаты тек шаруалардың ғана емес, патшаның және оның саясатын жүзеге асырушы шенеуніктерден зардап көрген бүкіл халықтың мүддесін қорғау болғандықтан аталмыш оқиғаны «халық азаттық қозғалыс» ретінде сипаттаған орынды деп санаймыз.

Ұлықталуы

Бүгінгі таңда отандық тарихнамада азаттық қозғалысының тарихы, олардың көшбасшылары туралы жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш бағыттағы жұмыстар күні бүгінге дейін жалғасын тауып жатыр. Бұл іс сөзсіз отаншылдық пен ұлтжандылықты қалыптастырудағы маңыздылығынан туындаған мәселе. Өйткені азаттық қозғалыс басшыларының өмірі мен көтерген өміршең идеялары азаттық ұғымымен тығыз байланысты. Мұндай маңызды тақырыптар қатарында Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалыс тарихын айтсақ болады. Исатай батырдың жеке бас қасиеттері мен оның қолбасшылығындағы халық азаттық қозғалысының тарихы тек егемендік алғаннан бастап қана отандық тарихнамада қарастырыла бастаған жоқ. Батырдың өмірі мен көтерілістің тарихы кеңестік тарихнамада біршама зерттелді. Бүгінгі күннің тарихшы-зерттеушілері, жалпы оқырман қауым қызыға оқып, ғалымдар зерттеу жұмыстарында белсенді пайдаланып келетін іргелі монографиялар жарық көрді. А. Якунин, А.Ф. Рязанов, В.Ф. Шахматов т.б. сынды ғалымдардың еңбектерінде батырдың тарихи тұлғасы ашылып, ұрпақ алдындағы азаттық бейнесі туралы тың тұжырымдар жасалды. Бір ерекшелігі Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс тарихына және оған деген ғылыми ұстанымға сол кеңестік дәуірдің өзінде-ақ оң пікір қалыптасты.

Сөзсіз Исатай Тайманұлының есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында түрлі іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып келеді. Алдымен ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бастасақ, бұл бағытта бірқатар іргелі еңбектер жарық көрді. И. Кенжалиев, К.Л. Есмағамбетов, М.Қ. Қойгелдиев, М. Қозыбаев, А. Шамғонов, Әнес Сарай және тағы да басқа ғалымдардың еңбектері жарық көріп, тың тұжырымдар жасалды.

Әрине көтеріліс көсемінің өмірі мен азаттық идеясын насихаттау әрі тың тұжырым жасау мақсатындағы ғылыми ізденістер ғылыми конференцияларға арқау болуда. Мұндай конференциялардың бірі 2013 ж. «Исатай мен Махамбет: ізденістер, зерттеулер, көзқарастар», «Бабамыздың өршіл рухы өшпейді» деген атпен ұйымдастырылған болатын. Cонымен қатар 2016 ж. Исатай Тайманұлының 225-жылдық мерейтойына орай «Тарих және тұлға» деп аталатын аймақтық конференция жұмысын бастаған болатын.

Батырдың есімін ұлықтау мақсатында бірқатар ғылыми экспедициялар жүргізілгендігін атап өтуге болады. Мысалы, 2017 ж. азаттық қозғалысын ұйымдастырушы батырдың жерленген жеріне зиярат етіп, оның ұлы істерін бүгінгі ұрпаққа насихаттау мен тың жаңалықтар ашу, түрлі ғалымдардың басын қосу сынды мақсатта «Қарой-Шейітсай-Қарой» автоэкспедициясы ұйымдастырылды.

Орал-Ақтөбе күре жолының бойындағы Исатай Тайманұлының ескерткіші«Қарой-Шейітсай-Қарой» автожорығы
Батыр бабамыздың есімін халық жадында мәңгі сақтау үшін тарихи ескерткіштер бой көтерді. Ақтөбе облысының Қобда ауданында Исатай Тайманұлы мен ұлы Оспанға арналған ескерткіш қойылса, Атырау қаласы мен Атырау облысы Исатай ауданында батырдың өзіне арнап ескерткіш тұрғызылған.Атырау қаласындағы Исатай Тайманұлына арналған ескерткіш. Кіру режимі: http://atpress.kz/kz/9208-atyrauda-isatay-taymanulyna-eskertkish-ornatyldy 

Ал 2017 ж. Ақтөбе облысына қарасты Қобда ауданы орталығында батыс өңірінен шыққан даңқты батырларға арналған ескерткіштер кешені ашылған болатын. Бұл ескерткіштер кешенінің ерекшеліктері түрлі замандағы қазақ халқының даңқты батырлары мен қолбасшыларын біріктірген. Сол ескерткіштер кешенінде Исатай Тайманұлына да орын берілген болатын.

Мұндай ескерткіш 2019 ж. Орал қаласында бой көтерген болатын. Елімізде батырдың атында бірнеше көшелер мен мектептер бар. Қазақфильм киностудиясы Исатай Тайманұлының тарихи бейнесін ашатын «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай» атты деректі фильм түсірілді.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

1.Сарай Ә. Исатай Тайманұлы. – Алматы, 2004. – 5-8 б.

2. Шөреков Ы. Исатай-Махамбет. Дастан мен өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1976. – 161 б.

3. Кенжалиев И. Исатай-Махамбет. – Алматы, 1991. – 192 б.

4. Бердіғожин Л.Б. Исатай-Махамбет: Азаттық күрес сардарлары. – Алматы: Өлке, 2011. – 208 б.

5. Исатай-Махамбет (1801-1845). Құжаттар // Махамбет әлемі. – Алматы: Арыс, 2003. – 9 кітап.

6. Рязанов А.Ф. Восстание Исатая Тайманова (1836-1838 г.). Очерки по истории национального движения казакского народа. – Ташкент, 1927. – 103 с.

7. ҚР ОМА, 78-қор, І тізім, 6 іс

8. История Букеевского ханства. 1801-1852 гг: Сб. документов и материалов / Сост. Б.Т. Жанаев, В.А. Иночкин, С.Х. Сагнаева. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. – 1120 с.+ 8 с.

9.Якунин А. Исатай Тайманов, вождь национально-освободительного восстания казахов в 1836-1838 //Исторический журнал. – №10. – Москва, 1940. – 159 с.

10. Шахматов В.Ф. Внутреняя орда и восстание Исатая Тайманова. – Алма-Ата, 1946. – 255 с.

11. Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. – 4 кітаптан тұратын оқулық.  –Алматы: Қазақ университеті, 2016.

12. Небольсин П.И. Очерки Волжского низовья. – Санкт-Петербург., 1852. С.135

13. Есмағамбетов К.Л. Азат рухтың күрескері. – Алматы: Өркениет, 2003. – 176 б.

14. ҚР ОМА 4-қор: 1- тізім, 4197-іс

15.Гиззатов С.М. Бөкей Ордасындағы аграрлық саясат тарихы (ХІХ ғасырдың І-жартысы). – Орал, 2012. – 103 б.

16. ҚР ОМА 4-қор: 1- тізім, 1974-іс

17. Шамғонов А. Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс және оны мектептерде оқыту: көмекші оқу-әдістемелік құрал. – Атырау, 2008

18. ҚР ОМА 4-қор: 1- тізім, 34-іс

19. Ковалевский Е. П. Странствователь по суше и морям. – Ч. 1. – Санкт-Петербург., 1843

20. ҚР ОМА 4-қор: 1- тізім, 1965-іс

21.Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. Алматы: Қазақстан, 1994. – 188 б.

Автор: Қаипбаева А.Т., т.ғ.к.