Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

БІРІМЖАНОВ АХМЕТ ҚОРҒАНБЕКҰЛЫ


Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы (7 желтоқсан 1871 – 5 қаңтар 1927) – қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, I, II Мемлекеттік Дума мүшесі, заңгер.

Өмірбаяны

1871 жылы 7 желтоқсанда Торғай уезі Тосын болысының № 1 ауылында (қазіргі Жангелді ауданы) дүниеге келген. Ахметтің ата-бабалары қазақ шежіресі бойынша Айнакөз анадан тараған Тәнбісұлы ұрпақтары Шақшақ пен Сарыжетім – «Кіші арғыннан» тараған [1]. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова Ахметтің шежіресін былайша көрсеткен: Шақшақ – Көшей – Қошқар – Жәнібек – Дәуітбай – Мұса – Шеген – Бірімжан – Қорғанбек – Ахмет. Өз әкесі – Қорғанбек. Шешесі – Қыпшақ Наурызбай бидің қызы Ханша. Ал арғы атасы – Шеген бидің қызы, Айман Ыбырай Алтынсариннің шешесі. Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек – батыр, қазақ-қырғыз халқының бірінші тарханы. «Тархан» деген атақ Ресейдің бұратана ұлттарынан шыққан Ресей үкіметіне еңбегі сіңген адамдарға берілетін болған.

Шақшақ Жәнібек тарханның ұрпақтары Торғай өңірін ертеден жайлаған, ел-жұртқа кеңінен танымал, атақ-даңқы жан-жаққа тегіс тараған, алыс-жақын ағайындар арасында құрмет – беделге ие болған. Ахметтің атасы Бірімжан арғы тегінен Торғай өңірін қоныстанып, үрім-бұтағын кеңінен жайған әулет болатын. Ахметтің атасы Бірімжанның әкесі Шеген Орта жүздегі арғын руының жоғары шектілерінің басқарушысы болған. Мұсаұлы Шегеннің жаз жайлауы – Тобыл және Торғай өзендерінің арасы, ал қыстауы Торғай өзенінің бойында қоныс тепкен [2].

Ахмет Бірімжановтың арғы ата-бабасының ішінде халық арасындағы абыройымен өте сыйлы болған азамат – Шеген Мұсаұлын ерекше атап кетуге болады. Шеген Мұсаұлы 1785 жылы дүниеге келген. Ол Арғын руының жоғары шекті бөлімінің ру басшысы болған. Шеген би туралы халық арасында оның аталы сөздері мен қазір мақал-мәтелдерге айналып кеткен, ел ішінде кеңінен тараған нақыл сөздері қазірге дейін сақталып келеді.

Ахметтің әкесі Қорғанбек Бірімжанов отбасындағы екінші ұл бала. Қорғанбек 1852 жылы дүниеге келген. Ол атақты Жәнібек тарханның ұрпағы ретінде – ақ патша үкіметінің ел арасында өз саясатын жүргізу мақсатын жүзеге асыру ісінде үлкен сүйеніш тұлғаға болды. Шешесі – Қыпшақ Наурызбай бидің қызы Ханша. Ал арғы атасы – Шеген бидің қызы Айман, Ыбырай Алтынсариннің шешесі. Қорғанбектің бәйбішесінен Ахмет пен Әбдікәрім және бір қыз туған. Екінші әйелі Гүлімайдан (Сейдалы төренің қызы) туған балалары: Ғазымбек, Ғазима, Батырхан, Шәкен, Мұхтар, Кәрім, Нұрхан, Жұмахан [3]. Інісі Ғазымбек (1896-1938) – қоғам қайраткері, алашшыл азамат. Əйелі Гүлжауһар – Əбілқайыр ханның шөбересі. Гүлжауһардың əкесі Əлмұхамед Сейдалин – білімі бойынша заңгер, Ырғыз уезінің басшы-сұлтаны жəне Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының мүшесі. Ұлы Батырбек (1911-1985) – химик, аспирант. Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетінің декандығында қызмет еткен. Қызы Іңкəр (1915-2002) – мұғалім, ғылым докторы, Алматы мемлекеттік медицина институтының қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі болған. 

Ахмет Бірімжанов отбасындағы тұңғыш ұл бала болғандықтан, ата-анасының одан күткен үміті мол еді. Ол жастайынан өзінің текті әулеттен шыққанын естіп, көріп, біліп өсті. Ел ағалары – ақсақалдардың, билер мен батырлардың (өз әулетінің негізін салған) әңгімелерін құлағына құйып, санасына сіңіріп ер жеткен. Әкесі Қорғанбек отбасымен сенімді достық қарым-қатынас орнатқан Әлмұхамед Сейдалиннің Қорғанбек отбасының мүшелеріне, оның ішінде бала Ахметке үлкен ықпалы болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өркенитті отбасында тәрбиеленген Ахмет Қорғанбекұлы жастайынан-ақ зерек, алғырлығымен көзге түскен.

1878-1893 жылдар арасында Торғай облысында жаңадан 60 оқу орны ашылды. 1892 жылы Торғай облысында 2 мектеп испекциясы құрылып, оның біріншісіне Торғай және Қостанай уездерінің мектептері қарады [4].

Ахмет Бірімжановтің әкесі Қорғанбек балаларының заман талабына сай білім алуының қажеттілігін ерте түсініп, Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс қазақ мектебіне берген. Сөйтіп Ахмет Қорғанбекұлы білімін Торғайдағы түземдіктер үшін ашылған 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінен бастаған. Ахмет зерек, алғыр шәкірт болып, ата-анасының және ұстаздарының үмітін ақтаған. Мектепте білім негіздерінен алғаш ұғым қалыптастыратын барлық пәндерді толық меңгерумен қатар, қысқа аралықта өзіне бейтаныс орыс тілін жетік біліп, орысша еркін сөйлеп, жазатын дәрежеге жеткен.

Сөйтіп, Ахмет Бірімжанов Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін тәмәмдағаннан кейін, 1883 жылы Орынборда ер балаларға арналған гимназияда оқуын жалғастырған. Осы гимназияда Ахмет 7 жыл абыройлы оқып, қазақтар арасында өте беделді деп есептелген оқу орнын 1891 жылы күміс медальмен үздік бітірді. Гимназияда оқушылар арасында ерекше қабілетімен көзге түскен. Орынбор гимназиясының 1891 жылғы педагогикалық кеңестің хаттамасында Ахмет Бірімжановқа: «Табиғатынан талантты және ақыл-ойы өте дамыған бала» деген мінездеме берілген.

Орынбор ерлер гимназиясын бітіргенде Ахмет саяси-әлеуметтік көзқарасы толық қалыптаспағанмен, қоғамдық саяси-экономикалық өзгерістерге ден қойып, заман ыңғайын аңғара білетін деңгейге жеткен. Өз таңдауын Санкт-Петербург университетінің заң факультетімен байланыстырған. Гимназияның үздік түлегі ретінде жоғары білім алу үшін мемлекеттік стипендия алу мүмкіндігі болды. Бірақ Орынбор гимназиясын бітірген қазақ балалары үшін Қазан университетіне бөлінген стипендияны Санкт-Петербург университетінің қорына аударуға мүмкіндік болмағандықтан, Ахмет Бірімжанов құжаттарын Қазан университетіне тапсыруға мәжбүр болған. Сөйтіп, 1891 жылы 20 тамызда Император атындағы Қазан университетінің студенті атанып, оны 1895 жылы алтын медальмен бітірген. Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов XIX ғасырда Ресей мемлекеттік жоғары оқу орындарында білім алған қазақ зиялыларының алғашқы өкілдерінің бірі болып есептеледі.

Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетінде В. Ульяновпен (Ленин, 1917 жылғы Қазан революциясының жетекшісі) бірге оқыған. Бірақ В. Ульянов соңғы курста ағасының террористік ұйымға қатысып, сотталуына байланысты университеттен шығарылғандықтан, дипломды тездетіп (экстернмен) эмтихан тапсырып алған. Ал, Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Ахмет Бірімжанов гимназияда оқып жүрген кезінде-ақ Орынбор жандармериясының бақылау тізіміне енген, оның екі себебі бар еді. Біріншіден, А. Бірімжанов гимназияда оқып жүргенде халықшыл сөздер айтып, орыс отаршыларының қазақтардың жері тартып алып жатқан әрекеттеріне наразылық пікірлерін айтқан. Екіншіден, А.Бірімжанов атақты тархан Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы еді. Шақшақ Жәнібек батыр Тархан атағын Ахметтің атасы Дәуітбайға мұра етіп қалдырған. Дәуітбайдан Мұса, Мұсадан Шеген, Шегеннен Бірімжан, Бірімжаннан Қорғанбек, Қорғанбектен Ахмет, Ғазымбек және т.б. 1868-жылы Tорғай уезі құрылғаннан бері Шегеннен бастап, оның ұрпақтары Дәуренбек, Жақып, Қорғанбек Ресей патшалығы құлағанға дейін Тосын болысын басқарды. Солай десек те, ел арасында өте беделді Шеген ұрпақтарының бәрін уездік жандармерия үнемі бақылауда ұстап, айтқан сөздерін, істеген істерін тіркеп отырған. Ахмет Бірімжановтың да жандармерия бақылуында болуының да осындай себептері бар еді.

1895 жылы Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетін бітірген соң туған жері Торғайға оралған. Түрлі жағдайлармен Ахмет өз мамандығы бойынша жұмысқа бірден орналыса алмаған. Сонымен, 1898 жылы Ахмет Бірімжанов Торғай облыстық басқармасына (правление) қызметке орналасып, бір жарым жылдан кейін, 1900 жылы Орынбор округтік сот қарамағында сот қызметіне кіші кандидаттық жұмысқа ауысқан. Келесі, яғни 1901 жылы білімді, сауатты және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, өзін білікті маман ретінде көрсеткен Ахмет Қорғанбекұлы сот қызметінде аға кандидат дәрежесіне дейін көтерілген.

Дегенмен, осыдан кейінгі жылдары Ахмет Бірімжанов жоғары білімі бар диплом иесі бола тұра, округтік сот аппаратында қазақ халқының өкілі ретінде басшы қызметке қойылмады, оның қызметтік баспалдақтармен өрлеуі өте баяу жүрді. Бұл патша үкіметінің жергілікті халық өкіліне байланысты саясаты болатын.

Еңбегі

Орынбор округтік сотындағы қызметінен кейін Ахмет Бірімжанов Ақтөбе уезіне мәмлегерлік сот қызметіне ауысқан [5]. Осы қызметте жүре 1906-1907 жылдары Ресейдің І, ІІ Мемлекеттік Думасының мүшелігіне қатарынан екі рет Торғай облысы қазақтары атынан сайланды. Ресейдің Мемлекеттік Думасы күшпен таратылған соң Ахмет Бірімжанов, елге оралып, Орынбор округтік сотының сот тергеушісі қызметіне орналасқан.

1908 жылы Ахмет Қорғанбекұлы зиялы қауымның өкілі Әлмұхамед Күнтөреұлы Сейдалиннің қызы Гүлжауһар Әлмұхамедқызымен отбасы құрған. Бұл кезде Ахмет Бірімжанов мемлекеттік қызметкер ретінде жаңа қызметке ауыстырылып, зайыбы Гүлжауһармен бірге Қазақстаннан тыс, Торғай даласынан тысқары, Бұзылық қаласына қоныс аударуға мәжбүр болды. Орынбор округтік соты, Торғай облыстық басқармасында, Ақтөбе уездік сот жүйелерінде біршама қызмет атқарған Ахмет Қорғанбекұлы Бұзылық қаласындағы қызметінде өзін білікті маман екендігін көрсете алды.

Ресей мемлекетінің жергілікті басқару органдарында қызмет істей жүріп Ахмет Бірімжанов қазақ даласында елді басқару және сот жүйелерінің дұрыс жолға қойылмағандығын түсінген. Осығна орай, ол қазақ даласында басқару және сот жүйелерін қайта құру, реформалау керектігін қажет деп есептеді.

1901 жылы Ақтөбе уезінде сот жүйесінде істегеніне қарамастан Ахмет Бірімжанов бірінші Ресей Мемлекеттік Думасына Торғай облысының Торғай уезінің Тосын болысынан кандидаттыққа тіркеліп, сайлауға түскен. Ақтөбе қаласында 1906 жылы 28 мамырда Ресей Мемлекеттік бірінші Думасына сайлаудың соңғы туры өткізіліп, Ахмет Бірімжанов 95 пайыз дауыс жинап, депутаттыққа Торғай облысынан сайланған. Дума жұмысын 1907 жылы 20 ақпанда бастап, 1907 жылы 3 маусымда аяқтаған.

Бірінші Мемлекеттік Думаға Қазақ елінің атынан үш депутат қатысқан. Олар: Орал облысынан – Алпысбай Қалменов, Торғай облысынан – Ахмет Бірімжанов және Семей облысынан – Әлихан Бөкейханов сайланған. Бірінші Мемлекеттік Думаның тарағаны жөніндегі жарлық шыққанда, Жетісу облысында сайлау науқаны енді басталған. Сондықтан І Мемлекеттік Дума таратылған кезде Жетісу және Сырдария облыстарында депутат анықталмаған күйінде қалды.

Қазақ депутаттары А. Қалменов пен А. Бірімжанов Петербургке Дума ашылғаннан кейін бір жарым ай өткен соң, яғни 10-17 маусым аралығында келіп, Дума жұмысына қатынаса бастағанда аграрлық, азаматтық теңдік туралы және басқа мәселелер алғашқы талқылаудан өтіп, олар бойынша тиесілі комиссиялар құрылып қойған еді. Ал Ә. Бөкейханов болса, қазіргі анықталған деректердің көрсетуіне қарағанда, Дума жабылуға 1-2 күн қалғанда жеткен. Міне, осыған қарағанда, қазақ депутаттарына Дума жұмысына араласуға берілген уақыт тым өлшеулі болған сияқты.

Думаның 2-ші шілде күнгі отырысында Ахмет Бірімжанов сөз сөйлеп, қазақ елінің жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелер бар екендігін айтып, аграрлық мәселе бойынша құрылған комиссияның құрамына Қазақ депутаттарының өкілін енгізуді ұсынды. Бірінші Мемлекеттік Дума жұмысына Қазақ депутаттары Мұсылман депутаттары фракциясының қатарында ат салысқан. Сол фракция аграрлық мәселеге байланысты бас құжат болып табылатын заң жобасын жасауға күш салысты. Олар мұсылмандар партиясының бағдарламасына сүйене отырып аграрлық тұжырымдама жасады. Ең алғашқыда жерді облыстық меншікке айналдырып, сол арқылы қарауындағы аумақты байырғы тұрғын халық арасында үлес мөлшерінің көлемін бөлу, отырықшы егіншілер ғана емес, сондай-ақ, көшпелі шаруашылық қалыптағы малшылар үшін де жер үлесі мөлшерінің, қатар өсуін күн тәртібіне қойды. Сонымен қатар, сырттан қоныс аудару біржолата тоқталуын һәм иелік еткен жеке мүшелерінің арасында тиісті еншісін алу құқы ауылдық қауым меншігіне берілуін талап етті. Думаның комиссиясына берілген осы құжатпен қатар Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменұлы басқа депутаттармен бірге жоғарғы үкімет органдарына қоныс аударушыларды жерге орналастыру комиссияларының қазақ даласында жасап жатқан заңсыз әрекеттері жөнінде сұрау салды.

Өз жұмысын 1907 жылдың 20-шы ақпанда бастаған ІІ Мемлекеттік Думаға қазақтар арасынан депутат сайлау қорытындысы былайша анықталды: Ақмола облысынан – Ш. Қосшығұлұлы, Торғай облысынан – сот қызметкері Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан – Т. Нұрекенов, Жетісу облысынан – көпес Т. Аллабергенұлы, Б. Құлманов, А. Бірімжанов және Б. Қаратаев мұсылман депутаттар бөлімін, ал М. Тынышбайұлы кадет фракциясын қолдады [6]. Ахмет Бірімжанов ІІ Думада әскери дала соттарын жою туралы заң жобасын жасау комиссиясының құрамына енеді. Бұдан басқа өзге де 53 депутатпен бірлесіп, Министрлер Кеңесіне 1906 жылы 4 маусымда Қазақ даласында қоныс аударушылар учаскелері мен ормандағы саяжайлардың орналасу заңсыздығы жөнінде сұрау салады. Қазақ даласына ішкі Ресейден қоныстанушылардың жаппай шұбыруына байланысты жер, қоныс мәселесі қатты ушығып, қазақ халқының тағдырына тікелей әсер еткендіктен, қазақ зиялыларын қатты толғандырып, оны Дума мінбері арқылы жеңілдетіп шешуге әрекеттенген іс-қимылдары еді. Алайда Дума таратылып, бұл іс-әрекеттер нәтижесіз болып, Дума мүшесі ретінде А. Бірімжанов қазақ өлкесінде қызмет істеуіне рұқсат етілмей, 1917 жылға дейін Бұзылық қаласында сот тергеушісі болған.

I-ші және II-ші Дума мүшелерінің қатарында эсер, меньшевиктердің, социалистік халық партиясының да өкілдері болды. Осы партиялар мен Дума депутаты Ахмет Бірімжанов пен мұсылмандар фракциясы ұсынған заңдардың көбі Премьер-министр Столыпинге жақпады. Өйткені, жоғарыда аты аталған партиялардың талабы бойынша ішкі әлеуметтік жағдайды көтеруге империяның экономикалық мүмкіндігі де жоқ еді. Сондай ақ, Орта Азияда отаршылдық бағыттағы саясатын кері өзгертуге патшалық Ресейдің ойы да болмаған. Бұл кезеңде Ресейдің көптеген шаруалары, қара шекпенділері Орта Азияға, оның ішінде Қазақ жерінің ең шұрайлы жерлеріне жаппай орналастырыла бастаған кез еді. 1906-1907-жылдардағы екі бірдей Думаның қызмет мерзімінің өте қысқа болуы орыс социалистік партиясының және Мұсылмандар фракциясының ұсынған Заңдары патша әкімшілігінің ойынан шықпады. Осыған орай, Николай II патша өз жарлығымен Думаның қызметін тоқтатты.

Жазушы Ғалым Ахмедов өзінің «Руссия Думасындағы казақ депутаттары» деген мақаласында Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы туралы мынадай деректер келтіреді: «Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы Торғай облысынан (ол кезде Торғай облысына қазіргі Ақтөбе және Қостанай облыстары кіреді). Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген, бітімші сот болып қызмет істеген. Думаның аграрлық мәселелер комиссиясының мүшесі болған, Мұсылман фракциясының жұмысына қатынасқан. Аса жұмсақ мінезді, білімді депутат».

Қазақ даласында орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтатып, оның қателігіне үкіметтің назарын аудару мақсатында Дума депутаттары: М. Қаратаев, А. Бірімжанов, Ш. Қосшығұлов, Т. Нұрекенов егіншілік және жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы Васильчиковке барып, осы мәселелерді алға тартқан. Орыс отаршылдығының толық сипатын Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып сайлаған алаш қайраткері Бақытжан Қаратаев Думаның 1907 жылғы мамыр айындағы өткен пленарлық мәжілісінде қатаң сынға алған. 1906 жылы Торғай облысынан И.Ф. Голованов деген большевик Ресей Думасына депутат болып сайланған. 1907 жылы 25 ақпанда Ақтөбе қаласында еңбекшілердің жиналысы болып, онда депутатпен байланыс орнату жөніндегі арнайы комитет құрылды. Қала басшылығының бұл ісіне теріс пиғыл білдіруіне байланысты, жиналыс билік тарапынан бұл комитеттің жұмысына ресми түре рұқсат берілмесе, онда комитет халықтың берген санкциясы негізінде жұмыс атқарады деген шешім қабылданған [7]. Осы жылы 11 наурызда қала халқының жиналысында екінші Дума қызметі және И.Ф. Головановтың өз сайлаушыларына жазған хаттары туралы мәселелер қарастырылған.

Ал, III Думаға Орта Азия өкілдеріне депутат болуға шек қойылды. Осы III Дума ең ұзақ «өмір сүрген» Дума болды. Бұл Думада қазақ депутаттарының болмауы Алаш қайраткерлерін алаңдатты. Келесі IV Думаға Алаш қайраткерлері Орынбордан депутат өткізу мақсатымен Ахмет Байтұрсынов 1912 жылы «Қазақ, һәм, Дума» атты мақаласын жазған. А. Байтұрсынов одан бұрын да «Айқап»журналы арқылы Түркістан жұртынан, башқұрт, ноғай, татар жұрттарынан IV Думаға қазақтан депутаттыққа бір өкіл өткізуге көмек сұраған екен. А. Байтұрсыновты Түркістан, ноғай, татар жұртының өкілдері қолдап, қол ұштарын беруге келіскенімен Ресей билігі IVі Думаға да қазақ депутаттарын өткізбей қойған. Сөйтіп жүргенде, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, Ресей ішін аласапыран оқиғалар алып кетті.

Ахмет Қорғанбекұлы Дума депутаты болған соң өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстармен белсенді түрде айналысқан. Осыған байланысты тілі басқа, салт-дәстүрі мүлдем басқаша ортада бала тәрбиесін қазақы қалыпта бірқалыпты ұстау қиынға айналған кезде, Ахмет Бірімжаным әйелін Гүлжауһарды екі баласы Батырбек пен Іңкәрді алып, Бұзылықтан Торғай өңіріне көшіреді. Осы жерде Ахметтің тұңғышы Батырбек ауыл мектебінің табалдырығын аттаған.

Кейінгі Ақпан, Қазан революциялары мен Азамат соғысының зардабынан елдің жағдайы нашарлап, жұт пен аштық ауыл адамдары үшін қатты соққыға айналды. Сондықтан да Гүлжаухар балаларымен уезд орталығы Торғай қаласына қоныс аударған.

Қазақ халқының тарихында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің маңызы өте зор болды. Торғай облысының қазақтары Ресей патшасының «25 маусым Жарлығына» жаппай қарсылық көрсетіп, Торғай облысының Торғай уезі көтерілістің негізгі орталығына айналды. Ахмет Бірімжанов Алаш көсемдерімен бірге елдің «шошынбай, желікпей шаруаға қайтып, егін-пішенін, басқа тіршілік жабдығын үлгертіп алуын» жақтаған. Дегенмен наразы халық көтеріліске шығып, адам мен мал шығынға ұшырап, 1916 жылғы мәлімет бойынша тек Торғай облысының өзінен 10175 адам еріксіз түрде майданның қара жұмысына алынған [8]. Майдан даласында қорғаныс жұмыстарында болған қазақтарға басшылық жасап, қамқорлық көрсеткен қазақ интеллигенциясының арасында Ахмет Бірімжановтың бауыры Әзімбек Бірімжанов та белсене қызмет көрсетті.

1916 жылы көктемде Күнбатыс майданында қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерге басы көз болған, қамқорлық көрсетуге келген оқыған азаматтардың қатарында А. Кенжин, Б. Сүлеев, Ы. Ғалымжанов, Е. Омаров, Р. Мақатаев, Х. Болғанбаев, Т. Шахулеев, С. Жиенбаев, Б. Жанқадамов, Сәндібеков, Боранқұловтар мен бірге Әзімбек Бірімжанов та болды [9].

1916 жылы Әбдіғапар мен Оспан хандар бастап, сардарлары Амангелді мен Қасымхан қостаған Торғай облысының үштен бір бөлігін қамтыған көтеріліс Ресей патшасының сол тұстағы бодан халыққа жасаған қатаң тәртібіне сай бұрқ еткені мәлім. Осыған орай ақ патша Николай II-нің 1916 жылдың 21 желтоқсанында арнайы жарлығы шықты. Онда Торғай, Ырғыз және Қостанай уездерінде әскери тәртіпке көшу атап көрсетіледі.

Ақ патша Жарлығына орай Қостанай уездік полициясы тәртіп сақтау саласындағы сындарлы жолдан бас тартып жазалаушы жолға түседі. Сөйтіп, олар өзінің халық арасындағы беделін жоғалтады. Патша Жарлығына дейін орыс әскері бас штабының 1916 жылғы 4 желтоқсанында 359-ші баяндау хаты жарияланды. Онда подполковник Кисленко бастаған Қостанай жазалаушы әскері мына құрамда бекітілді: 5-ші Орынбор казактар жүздігі, 109-ші жая полкі, 9-ші пулемет және 2-ші қару-жарақ полкі. Мақсаты: Қостанай, Торғай аймағының жан-жағын жіті бақылау, қатаң қадағалауға алу. Бұған генерал Сандецкий, генерал-лейтенант, уақытша штаб бастығы Добрынин қол қойған.

Бұл уақытта жазалаушы тобының бастығы подполковник Кисленко өзінің алған бағытынан таймай қарапайым халықты ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларды қолдайды деп зорлық-зомбылықтың шектен шыққан әдістерін қолға алды. Бұған қарсы болған қазақ ұлты көсемдерінің көшбасшысы Ресей Думасының депутаты Әлихан Бөкейханов өз наразылығын білдірді. Көп ұзамай Ә. Бөкейханов Торғай облысы Уақытша үкіметінің комиссары болып тағайындалды.

Бұл 1917 жылдың наурыз айы болатын. Яғни, Қостанай уезіндегі подполковник Кисленкомен тіл табысып, халықты жазаламау бағытын ұстаған талабының арқасында, осы сәуір айында облыстық комиссар Әлихан Бөкейханов барлық күш-жүгерін табандылықпен ұштастыра отырып, Қостанай уездік милиция комиссарлығына Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановты тағайындайды. Ал, Ахмет Қорғанбекұлы 1917 жылы Ресейдегі Ақпан революциясын Бұзылық қаласындағы қызметі барысында қарсы алған. Ресей мемлекеттік ішкі-сыртқы саяси-экономикалық жағдайынан толық хабардар, осы кезде құрылып, өздерінің бағдарламаларымен халыққа танымал бола бастаған демократиялық ұстанымдағы барлық партиялардың іс-әрекетімен таныс Ахмет Қорғанбекұлы Ақпан революциясынан әр елдің, әр халықтың өзін-өзі билеп, ұлттық мемлекет құру мүмкіндігіне жол ашылды деп үміттенген. Ресейде Уақытша үкімет орнап, кейін Қазақстанда үкімет билігін большевиктер партиясы толығымен өз қолына алғанға дейінгі мерзімде Қостанай уезінде Уақытша үкімет комиссары болып қызмет атқарған.

1917 жылғы Ақпан революциясының жеңгені, патшаның тақтан түскені туралы хабар қазақ даласына наурыздың басында келіп жетті. Революциядан кейін Қазақстанда Уақытша үкіметтің жергілікті органдары кұрылған болатын. Ахмет Бірімжанов Торғай облыстық комиссары Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар құру, әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламаларын жасау ісімен айналысты. Сол кезден бастап «Қазақ» газетінің басшылығымен қазақ зиялылары жалпы қазақ құрылтайын шақырып, онда жалпыұлттық мәселелерді талқылауға дайындалды. Алдымен облыс орталықтарында екі-үш облыс өкілдерінің съездері өтеді, артынан, яғни шілде айында Орынборда бірінші Бүкілқазақ съезі шақырылады. Ол туралы «Қазақ» газеті 31 шілдедегі санында былай деп жазды: «Өзгеріс болғаннан бері әр облыс жиналысын, съез құрып, мұң-мұқтажын талқыға салып, кеңесті. Әр облыс өзара кеңесіп, бір қаулыға келгеннен кейін, бүкіл қазақтың тілегін қорытып «Алаштап» атқа мініп, ертең ашылғалы тұрған Құрылтай жиналысына тобымызды жазбай бару үшін Бүкілқазақ съезі қажет болды».

1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен І Бүкілқазақ съезіне барлық қазақ облыстарынан бар болғаны 20-дан астам делегат қатысқан. Бірақ, делегаттар санының аздығына қарамастан, онда қаралған мәселелердің және олар бойынша қабылданған қаулының жалпы ұлт тағдыры үшін үлкен тарихи маңызын бүгін жоққа шығару мүмкін емес. Осы съезде Алашорда бүгіннен бастап қырғыз – қазақ халқының билігін алады деп жарияланған. Алаш автономиясының Алашорда аталған Ұлт Кеңесінің құрамына 15 адам сайланды. Осы кеңес мүшелерінің құрамына Торғай облысының өкілі ретінде Ахмет Бірімжанов та сайланған еді.

Съезде Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарының һәм Бөкейліктің өкілдері болды. Съезд төрағасы болып Халел Досмұхамедов, төрағаның серіктері болып: А. Байтұрсынов, Ә. Көтібаров сайланған болатын. Сонымен қатар, съез хатшылығына М. Дулатов пен А. Сейітов сайланған.

Орынбор қаласында 21-26 шілде аралығында жұмыс жасаған Бүкілқазақ съезінің «Уақытша Кеңеске дайындалу һәм қазақ облыстарынан сайланатын депутаттар» деген Қаулысына сәйкес, әр облыстан депутаттыққа һәм оларға кандидаттыққа лайықталған адамдар анықталды. Осы Қаулы негізінде: Ақмола облысынан – 11 адам, Семей облысынан – 8 адам, Торғай облысынан – 7 адам, Орал облысынан – 7 адам, Жетісу облысынан – 11 адам, Сырдария облысынан – 14 адам, Ферғана облысынан – 15 адам, Амудария облысынан – 3 адам, Бөкей ордасынан – 3 адам Құрылтай сайлауына шақырылды.

Осы қаулы бойынша Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов қазақ зиялылары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Тұрмұхамедов, Е. Омаров, Т. Жаманмұрынов, С. Кәдірбаевтармен бірге тізімге енді. Ахмет Бірімжановтың мемлекеттік қызметкер, білгір заңгерлігі және ұлттық жанашыр зиялылығын замандастары өте жоғары бағалады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов 1917 жылы «Қазақ» газетінің № 235 санында жарияланған «Қазақ депутаттары» деген мақаласында «Учредительное собраниеге» депутаттыққа лайық деп есептелген 43 адамның ішінде тізім бойынша бесінші адам етіп Ахмет Бірімжановтың кандидатурасын көрсетуі, Ахметтің қазақ зиялыларының арасында беделінің аса зор болғандығының дәлелі.

1917 жылы «Қазақ» газетінің 250-ші номерінде «Алаш» партиясы атынан «Учредительное собраниеге» аталған депутаттардың Торғай облысынан сайланған нөмірі бірінші тізімінде: 1. Ахмет Байтұрсынұлы, 2. Ахмет Бірімжанов, 3. Сағындық Досжанұлы, 4. Абдолла Темірұлы, 5. Тел Жаманмұрынұлы, 6. Ержан Оразұлы, 7. Әлихан Бөкейханұлы көрсетілді. Ахметтің бұл тізімге Бөкейханов, Байтұрсынов сияқты ұлт зиялыларымен Торғай облысынан тізімге ілінуі оның қазақ қауымы арасындағы зор беделін көрсетеді.

Осы құрылтайда Алашорда өкіметінің құрамына мына адамдар сайланған: Бөкей Ордасынан – Уәлитхан Танашұлы, Оралдан – Қалел Досмұқамбетұлы, Торғайдан – Ахмет Бірімжанов, Ақмоладан – Айдархан Тұрлыбаев, Семейден – Қалел Ғаппасұлы, Жетісудан – Садық Аманжолұлы, Сырдариядан – Мұстафа Шоқайұлы. Алашорда үкіметінің басшылығына – Әлихан Бөкейханов тағайындалды [10].

Алашорда үкіметінің мүшелігіне Ахмет Бірімжановтың сайлануы, оның білімділігі мен ұйымдастыру қабілетіне және бұрынғы Дума депутаты ретінде саяси сыннан өткен ірі қайраткер, саясатшы тұлға ретінде бағалануының көрінісі болып табылады. Ахмет Бірімжановтың саяси көзқарасының қалыптасуы туралы қазақтың көрнекті тарихшысы Кеңес Нұрпейісов былай деп жазған: «Бірінші орыс революциясы жылдарында Қазақстанда кадеттердің бағдарламасына іш тартқан, сенімді түрде либералистік ағымды жақтайтын қазақ зиялылары да бой көтерді. Қостанайда дәл осындай позицияда Ахмет Бірімжанов тұрды. Оны кадеттер партиясының органы «Речь» газетінде өз мақалаларын жариялап тұрған Жанайдар Сейдалин қолдаған. Ақтөбеде қазақтың белгілі адамдарын кадеттер жағына тартуға Есенғали Тұрмұхамбетов белсенділік көрсетті» [11]. 

1917 жылы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанда Уақытша үкіметтің жергілікті органдары құрылған болатын. Бұл оқиғадан кейін Ахмет Бірімжанов ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар құру, әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламаларын жасау ісімен айналысты. Осы тұста ауылдық азаматтық комитеттер құру ісіне жетекшілікке бекітілген. А. Қыдырғалиевпен бірге Ахмет Бірімжанов та тындырымды істерді жүзеге асырған болатын. Торғай облыстық қазақ съезінің шешіміне сәйкес ауылдық азаматтық комитеттер ұйымдастыру үшін: Ақтөбе уезіне – 9 адам, Ырғыз уезіне – 9 адам, Қостанай уезіне – 12 адам, Торғай уезіне – 6 адамнан тұратын арнаулы топ (комиссия) жіберілді. Осы жұмысты ұйымдастыруда, яғни уездерде азаматтық комитеттер құру ісінде Ахмет Бірімжанов іскерлік танытты.

1917 жылдың сәуір айында Торғай облысының комиссары Ә. Бөкейханов Ресейдің Самара сотының Бүгірслан уезінде қызмет атқарып жүрген А. Бірімжановты Қостанай уездік полиция комиссарлығына тағайындау үшін Уақытша үкіметтің Әділет министрі Керенскийге жедел хат жолдайды. Онда былай деп жазылған: «Ресей Мемлекеттік Думасының І және ІІ шақырылымының бұрынғы депутаты, Самара сотының Бүгірслан уезі 2-ші учаскесі қызметкері А. Бірімжановты Қостанай уездік милиция комиссары қызметіне шақырылуына байланысты, оны менің қарамағыма жіберуіңізді сұраймын» [12].

Осы жеделхаттың негізінде Торғай облысының комиссары А. Бөкейхановтың қолымен 1917 жылы 28 сәуірде шығыс № 5453 сан ретімен А.Қ. Бірімжановқа уездік комиссар болып тағайындалды деп Уақытша үкіметтің Ішкі істер министрі Шелкин мырзаның өкіміне сәйкес қызметтік куәлік берілген [13]. Сөйтіп, 1917 жылдың сәуір айында Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов Қостанай уезінде Қостанай уездік милициясын құрып, Ресей уақытша үкіметінің Қостанай уезіндегі милициясы 1918 жылдың қаңтар айына дейін жұмыс істейді. 

1917 жылдың 17 сәуіріндегі милиция құрылымы 1918 жылдың 26 тамызында жаңаша жолға түсіп, бұрынғы лауазым иелерін қызметтен қуды. Осы кезеңде Қостанай уездік милиция комиссарының да уақыты зая кеткен жоқ. Өйткені, ақтардың қарапайым халыққа жасап отырған қиянатына қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да көмектесуді мақсат еткен А. Бірімжанов милиция органын қайта құрды. Бұл туралы Қостанай уездік «Новый путь» газетінің 1918 жылдың 5 қыркүйегіндегі 34 санында нақты дәлелдер келтірілген. Газеттегі хабарландыруда былай деп жазылған: «Қостанай уездік милиция бастығы А. Бірімжанов кәсіби заңгер ретінде учаскелік милиция бастығына, олардың көмекшілігіне және қатардағы милиция қызметіне, сондай-ақ уездік милиция басқармасына жеке машинкаға қағаз баса алатын адамдарды қызметке шақырады» – деген хабарлама жариялайды. Аталмыш хабарламадан мынаны аңғаруға болады. Бұл уақытта үкіметтің құрылымындағы милицияда ақтарды қолдайтын учаскелік қызметкерлер жеткілікті болатын. Сондықтан, Алаш идеясын қолдайтын қажетті адамдарды учаскелерге тарту қажеттілігі туындаған еді. Сол кездің өзінде-ақ, кәсіби заңгер Ахмет Бірімжановтың ұйымдастыруымен тергеу және іздестіру бөлімдері құрылды. Оларға тиісінше қылмыстық бағытта баяндалған арыз-шағымдар, ұрлық пен тонау, қылмыскерлерді анықтау сияқты күрделі міндеттер жүктелді.

Қостанай уезіндегі болған түрлі оқиғалар туралы фактілерде тіркелген және оған Ахмет Бірімжановтың тікелей араласып, заң тұрғысында іділ баға бергенін аңғаруға болады. Мәселен, Қостанай қаласында М. Қаратаев деген азаматтың мас күйінде көшедегі жүргіншілерді жәбірлеп, тіл тигізіп, ұрып-соғу фактісі негіз болған. Ал, М. Қаратаев ешқандай кәсіппен айналыспаған, бірнеше рет бұзақылығы үшін түрмеге отырған адам. Бұл жөнінде М. Қаратаевты ұстап түрмеге қамауға алған қатардағы милиционер Батуриннің Қостанай уездік сотының судьясы Милькога түсірген арнайы арыз-шағымында айқын көрсетілген. Судья Милько болса, М. Қаратаевқа 5 рубль айыппұлмен шектелген. Бұл шешімге Батурин наразылығын білдірген. Сот шешімі күшіне енген соң М. Қаратаев қамаудан босатылады. Бұл туралы Қостанай уездік милиция комиссары Ахмет Бірімжанов: «Сот шешіміне ешқандай қысым көрсетілмеуі керек. Егер наразы болсаңдар – одан жоғары тұрған облыстық сотқа шағымданыңыздар» – деп, арнайы шыққан сол уақытта қолданыстағы заңды қатардағы милиционер Батуринге оқиды. Бұл заңды Ресей Уақытша үкіметінің төрағасы А.Ф. Керенский өмірге әкелген еді. Бұдан соң Қостанай уезінде Кеңес үкіметі жарияланған соң, уақытша милиция құрылымы таратылады. Бұған депутаттардың атқарушы комитеті келісім береді.

Арада көп уақыт өтпей ақгвардияшылар үстемдік алған соң-ақ, 1918 жылдың маусымының 28 жұлдызында Қостанайда Атқару комитетінің депутаттары мен большевиктері бірінен соң бірі түрмеге жабылды. Қаладағы жаңа әкімшілік большевиктер өмірге әкелген барлық құрылымды түбірінен өзгертіп, уездік басқару жүйесін қайта құрды. Олардың мақсаты монархиялық билікті қалыптастыру еді.

Осы тұста Торғай облысының барлық үкімет құрылымы КМКМ-ға (Кеңейтілген мәжілістің комитет мүшелері) берілді. Мұның ішінде Уақытша үкіметтің ерекше назар аударғаны 1917 жылдың 17 сәуіріндегі милиция құрылымының жұмыс бағыты 1918 жылдың 26 тамызында өзгертіліп, бұрынғы лауазым иелерін қызметтен қуды. 

Уақытша үкімет құрған Қостанай уездік милициясы ақтар тұсында өмірге келсе де, ол тарихтың бастауы еді. Сондықтан Қостанай уездік милициясының негізін қалаған бірінші уездік милиция комиссары Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов 1917 жылдың сәуір айынан бастауын алғандығы ақиқат. Бұдан шығатын тұжырым мынандай – Алаш Орда қозғалысы кеңестік билікке қарсы күресінде Уақытша үкіметтің жағында болғаны белгілі. Осы одақтастық олардың қорғаныс механизмі үшін болған дипломатиялық байланысы екенін тарихтың өзі дәлелдеп берді.

Алаш Орда қозғалысына белсене қатысқан екі Ахмет болғаны тарихтан белгілі. Олардың біріншісі – ағартушы Ахмет Байтұрсынов, екіншісі – заңгер Ахмет Бірімжанов, екеуі де қасиетті Торғай өңірінің тумалары.

Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату үрдісі жүріп жатқан кезде, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы 251 санында Алаш партиясының бағдарламасы жарияланған. Бұл бағдарламаны Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Е. Ғұмаров, Е. Тұрмұханбетов, Ғ. Жүндібаев, А. Бірімжанов дайындаған [11, 68 б.]. Бағдарламада қазақ халқы үшін өзекті болған мына мәселелер қарастырылған: мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін, билік пен сот, ел қорғауға салық, жұмысшылар, ғылым білім үйрету, жер мәселесі.

1918 жылы 14-17 қазанда Ахмет Бірімжановтың басшылығымен А. Алдияров және Омаровтың ұйымдастыруымен Қостанайда өткен төтенше уездік съезге әуелі 39 делегат қатынасып, кейін олардың саны 69 адамға жетті. Съезд делегаттары Алашорданы жоғарғы үкімет деп танып, Қостанай уезінің территориясын Қазақ Автономиясының құрамдас бөлігі деп жариялады. Съезд делегаттары көптеген маңызды мәселелерді талқылаған. Сондай-ақ Қостанайда өткен съез делегаттары уездік милиция құру қажеттілігін атап көрсетіп, оның міндеттерін анықтады. 1919 жылдың екінші жартысынан бастап 1920 жылдың басына дейінгі аралықта Қазревком Алашорда мүшелеріне кешірім жасау туралы мәселені бірнеше рет қарастырған. Алашорда мен Кеңес үкіметі арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Қазревкомның 1920 жылдың 5 наурыздағы қаулысымен Алашорда таратылды. Алашорда көсемдері мен мүшелеріне кеңестер жағына шыққан жағдайда саяси кешірім жасалды, бірақ Алашорданың белсенді қызметкерлері революциялық комитет мүшелігіне және басқа да жауапты қызметкерге ұсынылмайтын болды. Бұл шешім Алашорданың белсенді қайраткері болған Ахмет Бірімжановқа да тікелей қатысты еді.

1917 жылғы Қазан революциясынан кейін Торғай облысында саяси жағдай шиеленісіп кетті. Алаш қозғалысының лидерлері көздеген мақсаттарына жете алмады. Ахмет Бірімжанов 1923 жылы отбасымен Торғайдан Орынборға көшіп келіп жұмысқа орналасты. 1923-1926 жылдар аралығында Ахмет Бірімжанов Әділет Халық комиссариатында заң шығару бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.

1925 жылы Қазақ АКСР-нің астанасы Қызылордаға ауысқанда да Ахмет Бірімжанов бұрынғы жұмысын абыроймен атқарған. Сол жылдары ол Қазақ АКСР Әділет комиссариатының алқа мүшесі, Қазақстанның жоғарғы сотының мүшесі болды. 1925 жылы жаңа астанаға Әділет комиссариатына жұмысқа баратын қызметкерлердің тізімі жасалған болатын. Осы тізімге Ахмет Бірімжанов республика прокурорының орынбасары Мұрзағұл Атаниязов, прокурор Сәлімгерей Нұрлыханов, прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Ғаббас Сейдалин, комиссариаттың сот құрылысы жөніндегі бақылау бөлімінің меңгерушісі Сейдәзім Қадырбаевтармен бірге енгізіліп, осы тізімді Әділет Халық комиссары және Республика прокуроры Қанай Боранбаев бекіткен еді [14].

Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов бөлім басшысы ретінде 1924-1925 жылдары Қазақстанның барлық губернияларындағы сот құрамын түгелдей қайта сайлау науқаны кезінде үлкен ұйымдастырушылық қабілетін жан-жақты көрсеткен. Ахметтің қатысуымен осы сайлау науқанының алдында республика сотының жергілікті құзырлы органдарының қызметіне бағыт-бағдар беретін қатынас қағаздар нұсқаулар дайындалды. Осы құжатта жергілікті заң орындарында мынадай мәселелерге арнайы назар аударып, басшылыққа алуды міндеттелді:

– бұқара халықпен тығыз байланыста болатын әділқазылардың (судьялардың) мәдениеті жоғары болуы ең басты шарт;

– сот тергеу органдарының құрамына тексерістен өткен жұмысқа икемі бар қызметкерлерді іріктеу үшін тәжірибеден өткізетін тәжірибе алушылар институтына қолдану, қажет болған жағдайда осы бағдарламадан өткен үздік тәжірибе алушыларды запастағы әділқазы (судья) қызметіне пайдалану;

– әйелдерді сот қызметіне кеңінен тартудың бар мүмкіншіліктерін пайдалану, халық кеңесшілерінің құрамына әйелдерді енгізу үшін тәжірибе алушылар институтының тәжірибесін қолдану және т.б.

Осылайша алдын-ала жүргізілген дайындық істерінен соң 1924 жылдың аяқ кезімен 1925 жылдың басында Әділет комиссариатының басшылығымен республикалық соттардың құрамында кезекті сайлау өткізілді. Қазақ мемлекетінің астанасы Қызылордаға ауысқан кезде Ахмет Бірімжанов Әділет Халық комиссары Қанай Боранбаевпен және одан кейін осы қызметке тағайындалған Садуақас Мәмбеевпен бірге қызмет істеді. Осы жылдары Қанай Боранбаевтың басшылығымен Ахмет Бірімжанов және Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының Әділет Халық комиссариатының басқа да қызметкерлерінің қатынасуымен 1925 жылы өткен Кеңестердің Бүкілқазақтық V съезіне республика сот-тергеу, прокурорлық бақылау және халыққа құқықтық көмек беру, нотариалдық кеңселердің жұмыстары жайлы анықтамалық ақпарат дайындалды. Осы анықтамалық ақпарат Орынбордағы «Караван – Сарай баспасынан» «Кеңестердің Бүкілқырғыздық (қазақтық) V съезіне Қырғыз (қазақ) АКСР үкіметінің есебі» Отчет правительства Киргизской АССР 5-му Всекиргизскому съезду Советов») деген атпен жарық көрген.

Ахмет Бірімжановтің Орынбор және Қызылорда қалаларындағы заңгерлік қызметі Қазақ АКСР-нің Конституциясын дайындау және қабылдау жұмыстарымен тығыз байланыста болды. 1920 жылы 26 тамызда В.И. Ленин және М.И. Калинин «Қырғыз (қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» тарихи құжатқа қол қойылды. Осы жылдың 4-ші қазанында Орынбор қаласында Қазақстан Кеңестерінің ұйымдастыру съезінде тарихи ерекше маңызы бар «Қырғыз (қазақ) АКСР-і еңбекшілерінің құқықтарының Декларациясы» қабылданды. Бұл Декларация Қазақстанның жаңа тарихында Кеңес Автономиясы түрінде ұлттық мемлекеттің құрылғанын жариялады.

1922 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының құрылуымен оның Конституциясын қабылдаған. Осыған байланысты 1924 жылы 5-10 қаңтар аралығында Қазақ АКСР-і Кеңестерінің VI съезі болып, онда Қазақ АКСР-і Конституциясының жобасы қаралды. Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының бірінші Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АКСР-і Орталық Атқару комитетінің Қаулысымен қабылданды.

Қазақ АКСР-і Конституциясының жобасын дайындау, оның негізгі тұжырымдарын талқылау және қабылдау жұмыстарына тәжірибелі заңгер, бұрынғы Ресей Думасының депутаты, республика Әділет комиссариатының бөлім басшысы ретінде Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов белсене араласты және өзінің біліктілігін көрсетті. Республика және Әділет комиссариатының басшылықтары тарапынан Ахмет Қорғанбекұлына Конституция жобасының маңызды тараулары мен тұжырымдамаларын дайындау тобының мүшесі ретінде үлкен сенім артылды. Бұл Конституцияда Қазақстанның саяси-экономикалық, мәдени жетістіктері көрініс тапқан.

Бірақ Кеңес өкіметіне қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын алашордашылар қажет емес еді. Сондықтан Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов қызметтен аластатылды. Ал кәсіби білімі мен жинақтаған тәжірибесіне сай өзінің лайықты орынның жаңа өкіметтен табылмағаны Алаш арысының жанына батты. Ақыры айықпас ауруға шалдығып, Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов 1927 жылы 5 қаңтарда ұзаққа созылған науқастан соң Ленинград (Санкт-Петербор) қаласында қайтыс болып, Ново-Волховскідегі мұсылман бейітіне жерленді.

Ахмет Қорғанбекұлының қазасы оның отбасы мен ағайын-туысқандарының ғана емес, бүкіл Алаш жұртшылығының қайғысына айналды. Бұл қаралы хабарды азаттық аңсаған бүкіл қазақ халқына еліміздің ардақты ұлы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы 1927 жылы 9 қаңтарда «Еңбекші қазақ» газетінде былай деп жазады: «Ахмет Бірімжанов Гүлжауһар Сейдалинаға 1908 жылы Ырғыз қаласында үйленген. 1919 жылы Ахмет пен Гүлжауһардың 4 баласы болған. Тұңғыш қызы Райхан нәресте шағында шетінеп кеткен. 1910 жылы жас отбасының тұңғыш ұлы Батырбек, 1915 жылы қызы Іңкәр, 1919 жылы Мұрат дүниеге келген. Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың балалары әкесі Ахмет және анасы Гүлжауһардың берген тәлім-тәрбиесін толығымен ақтап, тек бір отбасының ұл-қыздары ғана емес, бүкіл елдің ерен азаматтарына айналды. Сөйтіп, ата-ананың, туған халқының үміттерін толық ақтады және өз ұрпақтарына үлгі бола білді».  

Ахмет Бірімжановты соңғы сапарға шығарып салуға Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлерімен қатар, сол кезде Мәскеу мен Ленинградта оқып жүрген М. Әуезов пен Ә. Марғұлан және туған баласы Б. Бірімжанов бастаған студент жастар да қатысты.

Ұлықталуы

Ахмет Бірімжановты насихаттау мақсатында ҚР ІІМ-нің «Сақшы», жалпыұлттық «Қазақ», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» және «ИнфоЦес» пен Қостанай ОІІД-нің «На службе Закона» газеттерінде топтама мақалалар жарияланған.

Шымкент қаласында Ахмет Бірімжановтың есімімен көше аталған.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

1 Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. – Алматы, 1994. – 35 б.

2 Жүсіпұлы А. Шақшақ Жәнібек батыр // Қостанай таңы, 2000, 25 шілде.

3 Дулатова Г. Алаштың сөнбес жұлдыздары // Жұлдыз. 2003, №3. – 124-125 бб.

4 Султангазы Г. Жизнь и деятельность А. Беремжанова // «Валиханвские чтения – 7». Материалы Международной научно-практической конференции. – Т.1. – Кокшетау: КГУ им. Ш. Уалиханова, 2002. – 286 с. – С. 203.

5 Шүкірұлы С. Шақшақ Жәнібек әфсана // Жулдыз, 1994. – № 12. –  125 б.

6 Озганбай О. Государственная Дума и Казахстан. 1905-1917. – Алматы, 2000. – 284 с.

7 Голубятников С., Горячева А., Кудинов В. У истоков Компартии Казахстана. Часть 1. – 218 с.

8 Ковалев П.А. Тыловые рабочие Туркестана в годы первой мировой войны. Ташкент, 1957. – 118 С.

9 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы: Санат, 1994. – 420 б.

10 С. Сейфуллин. Шығармалары. Тар жол тайғақ кешу. – Т.1. – Астана: Фолиант, 2013. – 336 б.

11 Нүрпеисов К. Алаш һәм Алаш Орда. – Алматы: Ататек, 1995. – 178 б.

12 Қостанай обл. Мем. архиві. Қ. 1010. Тізбе. 1. Іс. 17. П. 20.

13 Қостанай обл. Мем. архиві. Қ. 1010. Тізбе. 1. Іс. 17. П. 27. 14 Қостанай обл. Мем. архиві. Қ. 1010. Тізбе. 1. Іс. 17. П.  29.