Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АСФЕНДИАРОВ САНЖАР СЕЙІТЖАФАРҰЛЫ


Асфендиаров Санжар Сейітжафарұлы (20 қазан 1889 – 25 ақпан 1938) – ірі қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті ғалым, тарихшы-шығыстанушы, Қазақстанның жоғарғы білім жүйесін және академиялық ғылымын ұйымдастырушы, қазақтың алғашқы жоғары білімді әскери дәрігерлерінің бірі, қазақтың тұңғыш профессоры, Қазақстандағы тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі, «Қазақстан тарихы» атты кешенді ғылыми еңбектің авторы, Мұсбюроның құрамында Түркістан республикасының саяси егемендігі жолында күрескен тұлға, Бұқарада, Түркістанда және Қазақстанда ашаршылық пен індеттерге қарсы күресті ұйымдастырушы, КСРО ҒА Қазақстан базасын құрушылардың және оның алғашқы басшыларының бірі, Бірінші дүниежүзілік және азамат соғысының қатысушысы.

Өмірбаяны

Архив деректерінің мәліметтеріне сәйкес, болашақ қоғам және мемлекет қайраткері 1889 ж. 20 қазанда Ташкент қаласында дүниеге келді. Туу туралы куәлігінде жазылғандай, оған қаланың орыс бөлігінің имамы Ғамұлла Йамлиханың азан шақырып қойған есімі Санжар еді [1]. Оның әкесі Сейітжафар Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы болса (Әбілқайыр-Айшуақ-Сүйікәлі-Асфендиар), анасы Гүландам Қасымова Абылай ханның ұрпақтарынан (Абылай-Қасым-Саржан-Қошқарбай) тараған. Санжардың арғы атасы, Айшуақтың тұңғыш ұлы Сүйікәлі сұлтан Нұралы ханның ІІ Екатеринаға жолдаған хатындағы келтірген мәлімдемелерге сәйкес 1770 ж. Әмударияның оң жағалауын мекен еткен қарақалпақтардың ханы атанады [2].

Санжардың бабасына қарағанда архив қорларында және тарихи әдебиетте оның атасы, Сүйікәлінің он ұлының бірі болған Асфендиар сұлтанға қатысты әлдеқайда көбірек мәліметтер сақталған. Жас кезінен бастап ол өзінің ағасы, Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазының (1812–1824) қарамағында топтасқан қазақ сұлтандарының құрамына кірген. 1824 ж. хандық билік жойылған соң, Асфендиар сұлтан Орынбор шекаралық комиссияның шешімімен мемлекеттік қызметке қабылданып, Кіші Орда Батыс бөлігінің сұлтан-билеушісі, әкесінің туған інісі Баймұхамед Айшуақұлының қарамағына жіберілді. Көп ұзамай, ұйымдастырушылық және жауынгерлік қабілеттерімен танылған Асфендиар сұлтанға Комиссия жетіру тайпасының рулары өмір сүрген Батыс бөліктегі 31-дистанцияны басқару ісін сеніп тапсырады. 1842 ж. үлгілі қызметі үшін Асфендиар сұлтанға дворян атағын мұра ету құқығын берген есаул әскери шені табыс етіледі [3].

1847–1864 жж. аралығында Асфендиар сұлтан 31 және 38-дистанцияларға, Орал әскери бекінісіне басшылық жүргізді. Бұл қызметтерінде ол өзі билеген территорияда жергілікті қазақ рулары арасында кең тараған барымта мен түрлі сипаттағы қақтығыстарды тоқтату, жер және мүлік дауларын шешу, түтін салығын жинау сынды көптеген маңызды мәселелерді шешумен айналысады. Көпжылдық еңбегі үшін ол түрлі мемлекеттік марапаттарға қол жеткізді, солардың ішінде ерекше атап өтетіндері атаулы алтын мөр мен Анна бауындағы алтын медаль. Орынбор әкімшілігінің лауазымды шенеуніктерінің жоғары басшылыққа жолдаған баяндамалары мен есептік мәлімдемелерінде Асфендиар сұлтанның қайсар мінезі мен алғырлығына, Айшуақтан тараған қазақ сұлтандары арасындағы жоғары беделі мен ықпалына, шешендігіне, дәстүрлі құқық пен заңдарды жетік білгендігіне, сауатты болғандығына баса назар аударылды [4].

1859 ж. жазда Асфендиар Кіші Орданың белді қазақ сұлтандары мен билерінен құралған депутацияның құрамында Санкт-Петербургке сапар шегіп қайтады. Астанада болған уақытында депутация мүшелері император ІІ Александрдың, билеуші әулеттің өкілдерінің, тақ мұрагерлері ұлы князьдер Николай мен Михаилдің, жоғары лауазымды шенеуніктердің қабылдауында болды [5].

Ширек ғасырдан астам уақыт бойы Кіші Орданың билеуші қазақ сұлтандарының тобына кірген Асфендиар қазақ даласында орын алған күрделі әлеуметтік-саяси өзгерістердің куәгеріне айналады: хандық билік жойылған соң жыл өткен сайын орыс өктемдігінің билігі арта берді, жергілікті халықтың патша үкіметінің саясатына қарсы наразылығы күшейіп, ол түрлі халық толқулары мен көтерілістеріне алып келді. Жергілікті отарлық билік қазақ даласындағы дәстүрлі саяси жүйені қиратуға бел шеше кірісіп, Шыңғыс ұрпағынан тараған қазақ сұлтандарының билігін және ықпалын әлсіретуге күш салды. Мұндай жағдайда, өз ұлдарының жарқын болашағын ойлаған Асфендиар сұлтан оларға өз аталарының ісін жалғастыруға  мүмкіндік беретін заманауи білімді беруге талпынды.

Асфендиар сұлтанның екі ұлы да заман талаптарына сай келген үздік білім алды, тұңғышы – Мұхамед Мағзұм сұлтан Орынбордағы Неплюев кадет корпусын аяқтаған болса, кенжесі Сейітжафар [6] Орынбор облыстық басқармасы жанындағы қазақ балаларына арналған мектептің түлегі атанды. Екеуі де оқуын аяқтағаннан кейін аталарының жолын қуып, ісін жалғастырды: 1864 ж. Мұхамед Мағзұм Кіші Орданың Батыс бөлігіндегі ожырай руына басшы болып тағайындалған болса, Сейітжафар қазақ мектебінің 5 үздік түлегінің бірі ретінде облыстық басқармаға штаттық аудармашы ретінде қызметке алынды [7].

Сейітжафар 3 жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен соң 1868 ж. басында өз еркімен туған Орынбор өлкесін тастап, жаңадан құрылған Түркістан генерал-губернаторлығына қызметке ауысады. Сейітжафардың қызмет жолы Сырдария облысы Құрама уезінің бастығы Н. Колзаковтың жанындағы аудармашы ретінде басталады [8]. Сейітжафар өз қабілеті мен дарынының арқасында үздіксіз қызмет бабымен өсу жағдайында болды, бұған оның ақсүйек тегімен қатар, бірнеше шығыс тілдерін, жергілікті халықтардың әдет-ғұрыптары мен тарихын жетік білуі өз ықпалын тигізді. ХІХ ғасырдың аяғында – ХХ ғасырдың басында Түркістан генерал-губернаторлығында дипломатиялық бөлімнің және елшілік үйлердің басшысы қызметін атқарған Сейітжафар Хиуа мен Бұқара хандары елшіліктерінің құрамында төрт рет Петерборға сапар шегіп, орыс патшасымен және жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктермен болған келіссөздерде әскери аудармашы қызметін атқарады [9]. 1891 жылы Сейітжафар Түркістан генерал-губернаторы, барон А. Вревскийдің Памирге ұйымдастырған экспедицияның құрамына кіріп, сапар шегіп қайтады.

Түркістандағы 50 жылдық қызметін Сейітжафар генерал-майор шенінде 1916 ж. аяқтап, құрметті демалысқа шықты. Ол бұл жоғары әскери атаққа қол жеткізген жергілікті ұлт өкілінен шыққан жалғыз қайраткер болатын. Қазақтың арасынан патша билігі тұсында орыс әскерінің генералы атағына лайықты деп табылған 5 қазақ та Әбілқайыр ханның ұрпақтары еді.

Сейітжафар жергілікті қазақ және түркі-мұсылман зиялы қауым арасында танымал тұлғалардың қатарына кірді. Ташкентке қызмет бабымен келген көптеген қазақ зиялылары оның үйінде тұрақтап, жиі басқосулар ұйымдастырып отырды. Бұл жиындарда қазақ қайраткерлері өлкедегі саяси-әлеуметтік жағдайларды, білім және дін мәселелерін талқылап, соңғы жаңалықтармен бөлісті. Біртіндеп бұл отырыстар дәстүрлі сипатқа ие бола бастап, артынан Түркістан өлкесі қазақ зиялыларының «Кеңес» атты ұйымының өзегін құрады. Оған мүше ретінде С. Өтегенов, Ә. Көтібаров, А. Мангелдин, Қ. Қожықов, З. Сейдалин, М. Қасымов, С. Ақаев, М. Шоқай, С. Асфендиаров, С. Қожанов сынды қазақ қайраткерлері кірді. Тарихи құжаттарда келтірілген мәліметтерге сенетін болсақ, «Кеңес» ұйымына төрағалықты генерал С. Асфендиарұлы, орынбасарлықты М. Шоқай және С. Өтегенов, ал хатшылықты З. Сейдалин жүргізді [10]. Аталған қайраткерлердің барлығы 1917 ж. 2–5 тамыз аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының І съезіне қатысып, ол Сейітжафар Асфендиаровтың құрметті төрағалығымен өтті [11].

Сейітжафар мен Гүләндамның 9 баласы да Түркістан өлкесіндегі ең үздік оқу орындарында білім алды: қыздары Ташкент гимназиясын аяқтаған болса, ұлдары реалды училищеден түлеп шықты. Сейітжафардың үлкен қызы Оразша және кенже қыздары Мәриам мен Әнел туралы тарихи деректер архивтерде тапшы, ал ортаншы қыздары – Айша мен Гүлсім қазақ халқына өз еңбегімен танылып, тарихта өздерінің өшпес іздерін қалдырған тұлғаларға айналды.

Өкінішке орай, Сейітжафардың Санжардан өзге үш ұлы – Сейіт Әбілқайыр, Нұреддин және Мансұр туралы да архив деректері тапшы. Олардың оқушы кезіндегі жеке істері Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде сақталған. М. Шоқайдың естеліктеріне жүгінетін болсақ, олар үшеуі де революция жылдарындағы дүрбелеңнен аман шыға алмады [12].

Жастайынан зеректігімен және білімге құштарлығымен танылған Санжарды әкесі тоғыз жасында Түркістан өлкесіндегі озық оқу орындарының бірі болған Ташкент реалды училищесіне оқуға береді. Санжардың алғашқы саяси өмір мектебіне айналған училище жаратылыстану бағытындағы әскери маманданған оқу орны еді. 1907 ж. училищенің толық курсын үздік аяқтап, бітіру куәлігіне қол жеткізеді. Сол кездегі реалды училищелер туралы күші жүріп тұрған жарғыға сәйкес бұл куәлік Санжарға Ресей империясының үздік жоғары оқу орындарының біріне емтихандарды тапсырусыз, тек тексеріс сынағынан өту арқылы оқуға түсу құқығын берді. Осы мүмкіндікті жіберіп алмау мақсатында Санжар 1907 ж. Петерборға аттанады. Ол астанадағы ең ірі әрі танымал оқу орны болған Петербор мемлекеттік университетіне түсуге талпынады. Алайда, Санжардың аттестатында латын тілі мен дін сабағы бойынша бағалардың жоқтығы салдарынан, оның бұл ұмтылысы сәтсіздікпен аяқталады. Осы жерде білім алып жатқан туған әпкесі Гүлсімнің кеңес беруімен ол құжаттарын Императорлық әскери-медициналық академияға тапсырады [13].

Санжардың академияға оқуға түсуге әкесі Сейітжафардың Түркістан генерал-губернаторы Н. Гродековтың атына жазған хаты өз әсерін тигізбей қоймады. Сейітжафар бұл хатында Түркістан өлкесіндегі көпжылдық еңбегі және қол жеткізген табыстарын айта отырып, өз ұлына қолғабыс көрсетуді өтінген. Соның нәтижесінде, 1907 ж. 23 маусымда Н. Гродеков әскери министр А.Ф. Редигердің атына хат жолдайды. Бұл хатта ол жергілікті ұлт өкілдері арасынан медициналық кадрларды даярлау ісінің маңыздылығын айта отырып, «Санжарды мұсылман ретінде оқуға қабылдау туралы шешімді шығаруды» сұрайды [14]. Кейінгі оқиғалардың барысы көрсеткендей, Н. Гродековтың хатының ықпалымен Санжар латын тілі бойынша қосымша сынақтарды тапсырғанға дейін академияға 1907 ж. тамызда ерікті тыңдаушы ретінде оқуға қабылданған болатын.

Бір жылдан кейін Санжар Ресейдегі жоғары медициналық және әскери-дәрігерлік білім беру жүйесінің негізін қалаған даңқты академияның толыққанды студенті атанады. Осылайша, Санжар өткен ғасырдың басында Ресейдің үздік оқу орындарында жоғары білім алған озық ойлы қазақ жастарының қатарына қосылды. Әскери дәрігер мамандығын игере жүріп жас Санжар орыс медицинасының іргетасын қалаған атақты хирургтер мен дәрігерлердің дәрістерін тыңдап, олардан госпитальдерде өткен теориялық және тәжірибелік сабақтарда білім алады. Студент жылдары жас Санжардың ер жетуіне, оның азаматтық және өмірлік көзқарастарының қалыптасуына Петерборда оқып жатқан өзге қазақ жастарымен, астанаға қызметтік іссапармен жиі келіп-кетіп отырған С. Лапин, А. Бірімжанов, Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев сынды қазақ зиялыларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы, түрлі басқосуларда пікір алмасуы өз әсерін тигізді. Петерборда өткен Түркістан жерлестері ұйымы кештерінің бірінде Санжар болашақта өзінің адал өмірлік серігіне айналған Бекзат қыздар институтының тәрбиеленушісі, белгілі қоғам қайраткері, заңгер Сералы Лапиннің қызы Рабиғамен танысып, 1912 ж. көктемде онымен шаңырақ көтереді [15].

Әскери-медициналық академияның толық курстан өтіп, 28 пәннен тұратын кешенді мемлекеттік емтиханнан сүрінбей өткен Санжар 1912 ж. қарашада Мемлекеттік сынақ комиссиясының шешімімен әскери емшінің дипломына лайықты деп танылады [16]. Академияда Әскери-теңіз ведомствосының шәкіртақысына оқығаны үшін ол патша әскерінің қатарында 4 жыл қызмет етуі тиіс еді. Бас әскери-санитарлық басқарманың шешімімен Түркістанның тумасы ретінде Санжар академияның 10 түлекпен бірге Түркістан әскери округына қызметке жіберіледі. Санжардың қызмет орны ретінде Ауғанстан мен Бұқара әмірлігінің шекарасында шалғайда орналасқан Термез бекінісіндегі 10-Түркістан атқыштар полкы болып белгіленеді [17].

Оқудан кейін түлектерге тиесілі екі айлық демалыс уақыты аяқталған соң, Санжар 1913 ж. наурызда Термезге келіп, полк дәрігері міндетін атқаруға және жергілікті лазаретте еңбек етуге кіріседі. Санжар академияда алған білімдерін тәжірибеде қолданып, жергілікті өңірдің ауа-райы ерекшелігіне байланысты түрлі жұқпалы аурулардан және індеттерден зардап шеккен сарбаздарды емдеумен айналысады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, біліктілігімен танылған Санжарға жергілікті әскери басшылық лазареттің бақылаушысы міндетін жүктеп отырады [18]. Әскери қызметтің талай ауыртпалығын бастан кешіріп, шыныққан жас Санжар Термездегі қызмет уақытында бай дәрігерлік және өмірлік тәжірибе жинақтап шығады. Жарты жылдан соң, Санжар алдымен 9-Түркістан атқыштар полкының, артынан 1915 ж. мамырда 3-Түркістан атқыштар бригадасының аға дәрігері қызметтеріне тағайындалады.

Бірінші дүние жүзілік соғыстың Солтүстік-Батыс майданындағы патша әскерінің алғашқы ірі әскери сәтсіздіктері жоғары әскери басшылықты Ресей империясының барлық әскери округтарында ауқымды мобилизацияны жүргізуге итермелеп, олардың қатарына Түркістан әскери округы да кірді. Түркістан өлкесінде орналасқан 20-дан астам дивизиялар мен бригадалардан соғысқа аттанатын арнайы 5-Түркістан атқыштар полкы құрылды. Осы полктың аға дәрігері міндетін атқару жас лейтенант С. Асфендиаровқа тапсырылды. 1914 жылдың қыркүйегінде майданға келген Түркістан полкы 11-Сібір атқыштар дивизиясының құрамына кіргізіліп, Шығыс Пруссияның территориясында жүзеге асырылып жатқан ауқымды Августов және Лодзь операцияларына тартылды. Ұрыстардың бірінде С. Асфендиаров басынан ауыр жарақат алып, бүкіл полкымен бірге жау тұтқынына түседі. Жалпы алғанда, 1915 жылдың басына қарай патша әскері орасан зор адами шығындарға ұшырады: 1,5 миллион солдат майданда қаза тауып немесе қатты жарақат алған болса, 750 мыңнан астам жауынгер немістің қолына түсті [19].

Жау тұтқынында өткізген уақыт Санжар мен оның майдандастары үшін ауыр сынаққа айналды. Орыс әскерінің әскери-медициналық қызметінің лейтенанты ретінде С. Асфендиаров офицерлер мен медициналық-санитарлық қызметкерлер үшін арналған концлагерьге жіберілді. Бірақ соның өзінде ауыр жараланған әскери тұтқындарға қажетті медициналық көмек көрсетілмей, қарапайым санитарлық нормалардың сақталынбауы және азық-түліктің жетіспеушілігі салдарынан лагерлерде ашаршылық пен жұқпалы аурулар, түрлі індеттер кең етек жайды. Бірнеше ай бойы С. Асфендиаров өз жарақатын емдеумен болды, дегенмен, денсаулығы біршама түзелгеннен кейін лагерь басшылығы оны білікті дәрігер ретінде бірден індеттерге қарсы күреске және тұтқындарға медициналық жәрдем көрсетуге жұмылдырды. Санжар жылуы жоқ, жарығы нашар лашыққа ұқсаған лазареттерде, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектің тапшылығы жағдайында лагерлерде шектен тыс толған науқас және жаралы сарбаздарды емдеумен айналысты. Өзінің дәрігерлік борышын бір сәтке де ұмытпаған Санжар өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тіге отырып, көптеген тұтқындардың өмірін ажал тырнағынан сақтап қалуға аянбай еңбек етті.

Патша әскерінің Ставкасы жауы қолын түскен жауынгерлерді сатқын деп санап, оларға қандай да бір көмек көрсетуден саналы түрде бас тартты. Көпке дейін ол санитарлық-медициналық шендері бар өз тұтқындарына тиісті құжаттарды жіберуге қарсылық танытты. Сол кезде күші жүріп тұрған халықаралық келісімдерге сәйкес, тұтқынға түскен дәрігерлер мен санитарлар өзінің дәрігер мамандығын дәлелдей алған жағдайда тұтқыннан босатылып, еліне жіберілуі тиіс еді. Тек, 1915 жылдың аяғында ғана Халықаралық Қызыл Крест ұйымының белсенді араласуының нәтижесінде Санжар бір топ әскери тұтқындармен бірге темір жолмен Швеция арқылы Ресейге қайта жіберілді. 

Соғыс жылдары Петроградта арнайы пункт құрылып, онда барлық орыс әскери тұтқындары медициналық куәландырудан және қатаң тергеуден өтті. Соның қорытындысы бойынша олар саяси сенімсіз элементтер және Отан сатқындары ретінде резервке өткізіліп өз әскери округтарының қарамағына берілді. Осылайша, 1916 ж. қаңтарда Санжар туған Ташкент қаласына оралып, балдызы Рахиля Сералықызының естеліктері бойынша патша күзет органдарының бақылау нысанына айналды [20].

Майдан мен тұтқында өткізген жылдар С. Асфендиаров үшін іссіз өтпеді. Қанды шайқастар, орыс әскери басшылардың өрескел қателіктері, лагерлердегі өзге еуропалық ұлт өкілдері арқылы озық ойлы социал-демократиялық ойлармен жақын танысу оған патша үкіметінің ұлттық аймақтарда жүргізіп отырған отарлау саясатының шынайы ауқымын терең түсінуге мүмкіндік беріп, сол арқылы оның саяси көзқарастарының және құндылықтар жүйесінің дамып жетілуіне, үстем етуші монархиялық режимге деген өшпенділік сезімнің туындауына ықпал етті.

Лагерьде сүзек ауруын жұқтырып алған С. Асфендиаровтың денсаулығының нашарлығына қарамастан, 1916 жылдың басында округтық әскери-санитарлық басқарма дәрігер мамандардың тапшылығы жағдайында оны алдымен Ташкент тәртіп ротасының санитарлық бөлімінің  меңгерушісі етіп, артынан резерв пен отставкаға жіберілген патша әскерінің бұрынғы солдаттарынан қаладағы қоғамдық тәртіпті бақылау үшін құрылған Ташкент мемлекеттік жасақ қосынының аға дәрігері қызметіне тағайындайды [21]. Соғыс майданынан теміржол бойымен біртіндеп Түркістанға қайта бастаған әскерилермен бірге өлкеге түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштары өтіп, іш және бөртпе сүзегі және тырысқақ індеттерінің кең етек жаюына себеп болды. Оларға қарсы күреске Түркістан өлкесінде мобилизациядан кейін қалған санаулы медициналық резервтер жіберіліп, жұмылдырылған дәрігерлер мен санитарлардың қатарынан тәжірибелі әскери дәрігер С. Асфендиаров та орын алды.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Санжар қызмет еткен мемлекеттік халық жасақ қосыны жергілікті халықты майдандағы қара жұмысқа алу туралы орыс патшасының маусымдағы жарлығына қарсы Ташкентте шеруге шыққан көтерілісшілерге қарсы оқ атудан бас тартып, әскери бұйрықты орындамағаны үшін әскери басшылық оны бүкіл жеке құраммен шалғайдағы Термезге аттандырады. Осы жерде дәрігер болып қызмет еткен Санжар Ресейдегі патша билігінің құлағаны туралы көптен күткен қуанышты хабарды естіп, революцияға әскери бұқараның тарапынан көзі ашық, сауатты, көкірегі ояу, жауынгерлер арасында беделі жоғары дәрігер ретінде тартылады. Термез солдаттар кеңесінің депутаты ретінде С. Асфендиаров 1917 ж. сәуірде Жаңа Бұқарада өткен облыстық съезге қатысып, облыстық жұмысшы және солдат депутаттар кеңесінің мүшесі болып сайланады [22]. Бұл кеңес революциядан кейін Л. Миллер басқарған Бұқарадағы ресейлік резиденттілікпен, кадет Н. Щепкин жетекшілік еткен Ташкенттегі Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне қарсы күрес жүргізді. Жас бұқаралықтармен бірге кеңес мүшелері әмір Сейіт Әлімханды қоғамды жаңартуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүргізуге мәжбүрлеуге ұмтылды. Алайда, олардың барлық талпыныстарына қарамастан, 1917 ж. 8 сәуірде әмірдің Манифестіне орай өткен бейбіт шеру қатаң басып жаншылып, жас бұқаралықтар саяси қуғын сүргінге ұшырады [23].

Термездегі белсенді қызметімен көзге түскен Санжарды Өлкелік кеңес 1917 ж. маусымда Ташкентке шақыртып алады. Бұл уақытта қаланың ескі бөлігінде мұсылман жұмысшыларының ортақ бір саяси ұйымға бірігу үдерісі жүріп жатты. Олардың негізгі бөлігін тылдағы қара жұмыстан қайтқан жергілікті халықтардың өкілдері құрады. Бұл бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарына С. Муфти-заде басшылық жүргізіп, артынан оған С. Асфендиаров қосылды. Осы жұмыстың қорытындысында 1917 ж. 14 шілдеде Ташкенттің ескі бөлігінің жұмысшы мұсылман депутаттарының 32 мүшеден тұратын кеңесі құрылып, оның атқару комитетінің төрағасы болып бірауыздан С. Асфендиар сайланды [24].

Белсенді қоғамдық-саяси қызметінің арқасында С. Асфендиаровтың есімі Түркістаннан шалғай жерде де танымал бола бастады. Мұның дәлелі ретінде, оның 1917 ж. шілдеде Орынборда өткен І Жалпықазақ съезінде сырттай Сырдария облысынан Құрылтай жиналысына кандидаттыққа депутат ретінде Ә. Кенесарин, С. Өтегенов, Ә. Көтібаров, М. Шоқай, З. Сейдалин, И. Қасымов, С. Қожанов сынды танымал Түркістан қайраткерлерімен бірге сайлануын келтіруге болады [25].

1917 ж. 2-5 тамызда Ташкентте М. Тынышбаевтың төрағалығымен өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының І съезге Санжармен қатар оның әкесі Сейітжафар мен туған әпкесі Гүлсім Асфендиаровтар қатысады. Бұл съезде Түркістан қазақ-қырғыздарының Орталық кеңесін құру және Сырдария мен Ферғана облыстарында жергілікті кеңестерді ұйымдастыру сынды маңызды саяси шешімдер қабылданады [26]. Съезде С. Асфендиаров алғаш рет бірқатар танымал қазақ қайраткерлерімен және өз қызметтерін енді бастап келе жатқан Т. Рысқұлов, Қ. Сарымолдаев, И. Тоқтабаев сияқты жігерлі жастармен танысады. Олармен бірге өлкеде қалыптасқан күрделі саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайды талқыға салып, Түркістан халықтарының мүддесі мен құқықтарын қорғаудың жалпы жоспарын құру бойынша пікір алмасады.

Съезден кейін С. Асфендиаров өзінің бар күш-қайратын өзі басқарып отырған мұсылман жұмысшылары Кеңесінің қызметін нығайтуға жұмсайды. Кеңес біртіндеп большевиктер мен солшыл эсерлер басқарған Ташкент кеңесімен, өлкедегі саяси беделге ие болған Шура-Исламия, басшыларының Шура-Улема, Тұран сынды мұсылман ұйымдарымен тығыз байланыста қарым-қатынастар орнатып, алда келе жатқан Ташкент қалалық думасына сайлауға дайындық жүргізеді. Бұл сайлауда думада мүмкін болған 112 орынның ішінен 96 орынды иеленген С. Лапиннің жетекшілігіндегі мұсылман Шура-Улема сөзсіз жеңіске жетеді. Мұсылман жұмысшы депутаттар Кеңесі думаға өзінің тек бір өкілін – С. Асфендиаровты ғана өткізе алады [27]. Кейін өзі мойындағандай, тәжірибелік маңызы бар мәселелерді шешу үшін Кеңеске саяси бедел мен тәжірибе жетіспеді, керісінше, олардың ұйымы арқылы Ташкент кеңесі қаланың ескі бөлігінде ортақ саяси орталық пен нақты біріктіруші идеяға ие болмаған бытыраңқы мұсылман тұрғындарына өз бақылауын орнатуға тырысты. 1917 жылдың қыркүйек айында С. Асфендиаров «Наша газетада» жарық көрген мақаласында келесідей ой қорытқан: «біздің мұсылман прогрессивтік ұйымдарының сәтсіздіктерге ұшырауының себебі, олар көбіне саяси және мәдени-ағарту мәселелерін шешуге басты назар аударып, осы бағытта Ресейдің барлық мұсылмандарын бірігуге шақырады, бірақ олар халықтың демократиялық бұқарасының экономикалық қажеттіліктері мен таптық мүдделерін қорғауды екінші кезекке ысырып жатыр, нақ осы мәселелерде мұсылмандар арасында міндетті түрде жіктеліс пайда болады. Жұмысшы тапты біріктіре алатын нақты ұрандарды тастай отырып, мұсылман ұйымдары билік етуші тап пен дін басыларының қатты оппозициясын тудырып, бұл өз кезегінде олардың пайымдауынша прогрессивті бастамалардың барлығын жоққа шығарады» [28].

С. Асфендиаровтың бұл пікірі оның саяси көзқарастары мен позициясын айқын көрсетеді. Автономия үшін күрес жолын таңдаған түркі-мұсылман зиялыларына қарағанда революциялық қозғалысқа солдат бұқарасынан тартылып, олардың қатарында 1917 ж. қазанында болған большевиктердің төңкерісіне дейін социал-революционерлердің позициялары мен идеялары басым еді. Сондықтан да ол Қоқанда кеңес өкіметіне балама ретінде жарияланған Түркістан автономиясының құрылуына салқын қарады. С. Асфендиаровтың жинақтап үлгерген өмірлік және саяси тәжірибесі оған Түркістан өлкесіндегі саяси күштердің арасалмағын шынайы түрде бағалауға мүмкіндік берді, осы себептен ол алдымен М. Тынышбаев, артынан М. Шоқай басқарған Түркістан автономиясының қызметіне араласудан алшақ тұрды. Өкінішке орай, С. Асфендиаровтың бұл болжамдарының дұрыстығын уақыт дәлелдеді. Тұрақты әскер мен қару-жараққа, қаражатқа, мықты одақтас пен ысылған саяси қайраткерлерге ие болмаған автономияның өмірі ұзаққа созыла қоймады, 1918 ж. ақпанда ол Қызыл әскердің күшімен талқандалды. Бірнеше жылдан соң М. Шоқай өз естеліктерінде С. Асфендиаровты осы позициясы үшін сынның астына алып, революцияға «ұлттық тараптан» және «халықтан емес» келгендігі үшін айыптаған болатын [29]. Алайда С. Асфендиаровтың революцияға дейінгі ұшқан ұясы мен ортасын, өмірі мен қызметін, дәрігер мамандығы мен әскери міндеткерлігін, оның азаматтық позициясының қалыптасу ерекшеліктерін ескеретін болсақ, басқаша болуы мүмкін де емес еді. 

Түркістан автономиясы өзінің өмір сүруін тоқтатып, өлкеде большевиктер билігі толық орнағаннан кейін С. Асфендиаров білікті әрі тәжірибелі дәрігер ретінде денсаулық сақтау органдармен (органдарында) тіркеуге алынды. 1918 ж. Түркістан үкіметінің шешімімен ол Бұқара әмірлігіне жіберіліп, мұнда кең тарай бастаған індеттер мен жұқпалы ауруларға қарсы ұйымдастырылған күреске басшылық жүргізді. Бұқарада дәрігерлік борышын өтей жүріп, С. Асфендиаров кезекті рет өзіне сүзек ауруын жұқтырып, емделу үшін Ташкентке оралады.

1918 ж. желтоқсанда ауыр сырқатынан айыға бастаған С. Асфендиаров Түркістан өлкесін жайлаған сұрапыл ашаршылықтан зардап шегіп жатқан жүз мыңдаған жергілікті тұрғындарын арашалауға бағытталған кешенді жұмыстар мен іс-шараларға жетекшілік жүргізіп жатқан Т. Рысқұловтың ұсынысын қабыл алып, Түрікаткомның жанындағы Аштықпен күресетін Орталық Комиссияға мүше болып кіреді [30]. Оның құрамында С. Асфендиаров тәжірибелі әрі білікті дәрігер ретінде Комиссияның жергілікті бөлімдерінің облыстық, уездік және қалалық денсаулық сақтау органдарымен байланыстарды дұрыс жолға қою, ашыққан және түрлі індеттер мен жұқпалы аурулардан зардап шегіп жатқан халыққа дәрігерлік көмек көрсету, жұмысқа медициналық-санитарлық қызметкерлерді тарту, санитарлық және емдеу пойыздарын ұйымдастыру және жабдықтау арқылы дәрі-дәрмек пен дезинфекциялау құралдарын жеткізу мен тасымалдау, көшпелі халық өмір сүретін аудандарда емдеу және амбулаториялық пункттерді ашу мен санын көбейту, панасыз қалған балаларды есеп пен тіркеуге алып, балалар үйлеріне орналастыру, қоғамдық тамақтандыру орындарында санитарлық бақылау орнату сынды маңызды істермен айналысты.

Т. Рысқұлов басшылығындағы Аштықпен күресетін Орталық Комиссияның және оның жергілікті бөлімдерінің, 10 мыңға тарта отаншыл жастардың бүкіл Түркістан республикасының көлемінде атқарған қауырт жұмысының арқасында 1919 ж. ортасына қарай ашаршылықтың ауқымы кішірейіп, бір миллионнан астам ашыққан адамдардың өмірлері ажал тырнағынан құтқарылды. 1919 ж. сәуірде Түркістан АКСР-нің Денсаулық сақтау комиссариаты С. Асфендиаровты Комиссияның құрамынан алдыртып, 1-Черняев полкының аға дәрігері ретінде азамат соғысының Закаспий майданына аттандырады. Мамыр айында осы полктың партиялық ұяшығымен С. Асфендиаров РКП(б) қатарына қабылданды [31]. 

1919 ж. қыркүйекте майданнан Ташкентке оралған С. Асфендиаров Түркістан өлкесіндегі саяси билік үшін орыс большевиктеріне қарсы күресіп жатқан Мұсылман бюросының қызметіне бірден араласып кетеді. С. Асфендиаров Мұсбюроның өзегін құраған көптеген мұсылман қайраткерлерімен жақсы таныс еді. Олардың басым көпшілігімен ашаршылыққа қарсы күресті бірге жүргізді. Т. Рысқұлов басқарған бұл саяси ұйым А. Казаковтың жетекшілігіндегі «ескі орыс коммунистеріне» шешуші соққы беріп, оларды Түркістаннан жер аударуға қол жеткізді [32]. Саяси жеңісті пайдалана отырып, Мұсылман бюросы жергілікті ұлт өкілдерін шыққан жас қайраткерлерді үкімет құрамындағы жауапты қызметтерге тағайындауға ұмтылды. С. Асфендиаров  Мұсбюроның тарапынан денсаулық сақтау жүйесін басқаруға лайықты жалғыз үміткер ретінде қарастырылды. Өйткені бүкіл Түркістанда 1919 ж. күзіне қарай жоғары білімі бар небәрі 3 мұсылман дәрігері ғана бар еді: Санжардың жездесі Ә. Көтібаров бұл уақытта Жетісу майданының Черкасск қорғанысында дәрігерлік қызмет атқарып жатқан болса, туған әпкесі Г. Асфендиарова Ташкент қаласының ескі бөлігіндегі перзентханаға жетекшілік жүргізді. Түрікатком мен ТКП Өлкекомының табанды қарсылығына қарамастан, С. Асфендиаров Мұсбюроның қайсарлығы арқасында 1919 ж. қазанда Түркістан республикасының денсаулық сақтау халық комиссары қызметіне тағайындалды [33].

Түркістанның тарихында С. Асфендиаров жергілікті ұлт өкілінен шығып, денсаулық саласына басшылық еткен қазақтың алғашқы әрі жалғыз кәсіби дәрігері болды. Оның қажырлы еңбегінің арқасында республикада жұқпалы және әлеуметтік аурулармен күрес жүргізу, халыққа тегін медициналық көмек көрсету күшейтіліп, жаңа ауруханалар бой көтерді. С. Асфендиаровтың комиссарлығы тұсында өлкеде денсаулық сақтау желісі айтарлықтай кеңейтілді: республиканың 120-ға жуық қалалық ауруханаларда 10 мың, ауылдар мен елді мекендерде ұйымдастырылған 30-дан астам амбулатория пункттерінде 1 мыңға жуық төсек орындары ашылды, 1919–1920 жж. Түркістанда 53 мемлекеттік тіс емдеу амбулаториялары мен 5 тіс-техникалық лаборатория жасақталды. Өлкелік маңызға ие болған Шымған, Жалалабад, Черняев, Жаңақорған, Ұратөбе шипажайларының қызметі ретке келтіріліп, олардағы төсек орындарының саны 500-ге дейін жетті. Қысқа және ұзақ мерзімді медициналық курстарды ұйымдастырудың арқасында өлкеде тіс дәрігерлерінің саны 2 есе артып, 32-ге, дәрігерлер көмекшілерінің саны 494-ке, акушер әйелдердің саны 102-ге, мейірбикелердің саны 120-ға дейін өсті [34]. Ол туған әпкесі Г. Асфендиаровамен бірлесе отырып, жергілікті ұлт өкілдерінен медициналық кадрлар дайындаумен айналысатын қысқа және ұзақ мерзімді даярлық курстарын ұйымдастырып, оларға арналған оқу бағдарламасын құрастырды. Сонымен қатар осы кезеңде С. Асфендиаровтың бастама көтеруімен өлкеде дәрі-дәрмек жасау мекемелер мен екпе шығаратын алғашқы биохимиялық лабораториялар ашылып, ауруларды зерттейтін орындар бой көтерді. 1919–1920 жж. С. Асфендиаров Түркістан университетінің құрамында арнайы медициналық факультетті ұйымдастыру жұмысына де белсене араласты. Осы еңбегінің арқасында, көп ұзамай жергілікті ұлт өкілдерінен алғашқы жоғары білімді дәрігер мамандар шыға бастады.

1920 ж. қыркүйекте өткен Түркістан Коммунистік партиясының V және Түркістан кеңестерінің ІХ съездерінің қорытындысы бойынша С. Асфендиаров республиканың Жер-су шаруашылығының халкомы болып тағайындалады. Оның бұл жаңа қызметіндегі басты бағыттарының біріне 1920 ж. 29 маусымда РКП Орталық Комитеті Саяси бюросының «РК(б)П ОК-нің Түркістандағы негізгі міндеттері» жариялаған қаулысынан кейін бастау алған жер-су реформасын іске асыру айналды [35]. Қаулыға сәйкес республиканың кеңес және партия органдары өздерінің бар күшін өлкедегі келімсек еуропалық тұрғындар мен жергілікті халық арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге, олардың жер мен суға қатысты құқықтарын теңестіруге, патриархалды-феодалдық сарқыншақтарға, шовинизм мен буржуазиялық ұлтшылдықтың көріністеріне қарсы күреске жұмсаулары тиіс еді. Реформаны жүргізудің негізгі аудандары ретінде патша үкіметінің аграрлық және көші-қон, отарлау саясатынан барынша зардап шеккен Сырдария мен Жетісу облыстарының, ішінара Ферғана облысының жекелеген уездері белгіленді.

1920 ж. аяғына дейін С. Асфендиаров басқарған жер-су комиссариаты реформаны іске асырудың формалары мен тәсілдерін анықтаған 10-нан астам заңнамалық және нормативті-құқықтық актілерді құрастырды, басқаша айтқанда болашақ реформаның заңдық негізін қалыптастырды, сонымен қатар, арнайы жер және жерге орналастырудың комиссиялары ұйымдастырылып, агрономдар мен жер өлшеушілерді даярлайтын курстар ашылды [36]. С. Асфендиаровтың бастама көтеруімен комиссариаттың орталық аппаратының қайта ұйымдастырылуы іске асырылып, қызметке білікті әрі тәжірибелі мамандар алынды. Реформаны тиісті деңгейде жүргізу мақсатында Жер-су комиссариатының бір бағыттағы бөлімдері біріктіріліп, арнайы жаңа бөлімдер ашылды. Комиссариаттың қызметін жолға қою және оңтайландыру мақсатында оның жаңа ережесі даярланып, жергілікті жер бөлімдері мен орталық аппарат арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін нұсқаулық жасалынды. Бұл ұйымдастыру шараларымен қатар, жерсізденген және жері аз шаруаларды бір одақтарға біріктіру жұмыстары да белсенді түрде атқарылып, олар кейіннен құрылған «Қосшы» одақтарының негізін қалады. Реформаның қажеттіліктеріне Ресейден ауылшаруашылық техника, құрал-сайман, көктемгі егістік науқаны үшін тұқым сатып алынып, мемлекеттік тұқым қоры ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жер учаскелерінің еңбек нормалары анықталынып, біртіндеп ауылшаруашылық несиелеу мен кооперация дами бастады.

1921 ж. 16 тамызда ТКП-нің VI съезінде С. Асфендиаров жер мәселесі бойынша көлемді баяндама жасап, онда Түркістандағы жер мәселесі мен жер қатынастарының тарихына, жер реформасының негізгі мақсаты мен оның басты жетістіктеріне тоқталып өтті. С. Асфендиаровтың мәлімдеуінше, 1921 ж. басынан Жетісуда, Ферғанада және ішінара Сырдария облыстарында өз бетімен құрылған орыс келімсектерінің 56 поселкесі, 299 хуторы мен қыстауы таратылып, ескі қоныстанушылардың поселкелеріне 2,9 мың отбасы, 15,5 мың өз бетімен келіп қоныстанған келімсек көшірілді, соның нәтижесінде 81 мың дес. астам жер қоныстандыру қорына өтті [37]. Түркістанның ауылдары мен қышлақтарында «Қосшы» одағының 6 мыңға жуық бөлімі құрылып, олар 90 мыңнан астам мүшені біріктірді [38]. «Қосшы» одағы кеңес билігінің ауылдағы және қышлақтағы тірегі ретінде қарастырылды. 1921 ж. жазына қарай жер-су реформасының алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша республиканың 5 облысында жалпы алғанда бұрынғы келімсектердің 70 поселкесі мен 241 зәйімкесін, 23 түрлі жер учаскелері мен 989 еңбекші емес қожалықтарын тарату және олардан 3,5 мыңнан астам отбасын көшірудің нәтижесінде құрылған 272,7 мың дес. жерге жергілікті тұрғындардың 7,1 мың отбасысы жерге орналастырылды [39].

Жер-су реформасы бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы қос революция мен қуаңшылық, 1918-1919 жж. ашаршылық, азамат соғысы мен кеңес режиміне қарсы жергілікті халықтардың қарулы қозғалысының нәтижесінде Түркістанның қираған халық шаруашылығын қалпына келтіруге бағытталған алғашқы маңызды қадамдардың бірі болды. Оған өзге белді қайраткерлермен қатар, М. Тынышбаев, Қ. Қожықов, М. Есболов, С. Қожанов, О. Жандосов сынды Алаш зиялыларының өкілдері де белсенді түрде тартылды.

Жер-су реформасының аралық нәтижелері партиялық съезге қатынасқан делегаттармен қанағаттанарлық деп танылып, оны одан ары жүргізу ісі Ферғанада басмашылармен күресте танылған И. Қыдырәлиевке тапсырылды. Республиканың жоғары басшылығы С. Асфендиаровтың ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеттерін жоғары бағалап, оны 1921 ж. 20 қыркүйекте Түркістанның Мәскеудегі өкілетті өкілдік төрағасы қызметіне тағайындайды [39]. 1920 ж. мамырда ұйымдастырылған Түркістан өкілдігіне Орталықта республиканың саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени мәселелер бойынша мүддесін қорғау міндеті жүктелді. Алайда жұмыста орын алған берекесіздік, сауда агенттерінің алаяқтықтары салдарынан өкілдік көпке дейін өзіне сеніп тапсырылған істі тиісті дәрежеде атқара алмады. Түркістан республикасының біріккен және бірікпеген комиссариаттары өздеріне тиесілі және қажетті зат пен жүктерді темір жол арқылы тасымалдау мәселелері бойынша өкілдікті айналып өтіп, Мәскеудегі орталық органдарымен өз бетімен тікелей байланысқа шыққанды жөн деп тапты.

С. Асфендиаров Түркістан өкілдігінің басшысы қызметіне кіріскен күннен бастап, оның қайта ұйымдастыруын жүргізді: экономикалық бөлімнің орнына экономикалық кеңес құрылып, сауда агенттерінің штаты екі есе қысқартылды, өкілдік туралы жаңа ереже құрастырылып, бөлімдердің меңгерушілігіне білікті әрі іскер қызметкерлер тағайындалды, сонымен қатар, өкілдік коллегиясының жаңа құрамы жасақталды. Бұл ұйымдастыру шараларының арқасында 1921 ж. аяғына қарай өкілдіктің жұмысы айтарлықтай жандана түсті. Өкілдіктің тікелей араласуымен Түркістанға темір жолмен ауылшаруашылық тауарлар мен техника, фабрика-зауыт өнімдері, азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, түрлі әдебиет туындылары мен мерзімді баспасөз тігінділері, РКФСР үкіметінің жариялаған заңдары мен қаулыларының жинақтары жөнелтілді.

1921 ж. 25 қазанда өткен РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты коллегиясының мәжілісінде С. Асфендиаров Түркістанның өкілетті өкілі ретінде бір ауыздан оның мүшелігіне сайланады [40]. Мәскеуде жүріп С. Асфендиаров түркі-мұсылман халықтарының мүддесі мен құқықтарын қорғауға ұмтылды. РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы өзге ұлттық өкілдіктердің басшыларымен біріге отырып ол Орталықтың ұлттық аймақтардағы жергілікті кеңес органдарына қатысты жүргізіп отырған орталықтандыру және орыстандыру саясатына ашық наразылық білдірді. Қызмет бабымен БОАК-тің және РКФСР үкіметінің Ресей халықтарының мәдени және рухани өміріне қатысты қабылдап отырған заңдармен және нормативті-құқықтық актілерінің мазмұнымен жіті танысу арқылы ұлттық өкілдіктердің басшылары Орталықтағы жоғарғы кеңес органдарынан олардың жекелеген ережелерін қайта қарастыруға қол жеткізуге ұмтылды. Мысалы, 1921 ж. 2 қыркүйекте қабылданған «РКФСР жоғары оқу орындары туралы ережемен» [41] таныса отырып, С. Асфендиаров оның негізгі ережелері өзге автономиялы республикалар үшін тиімді болғанымен, Түркістан республикасы үшін бірқатар жеңілдіктерді қажет ететіндігі туралы қорытынды жасайды. Оның пікірінше, Түркістан мемлекеттік университетін өлкенің ерекшеліктеріне сәйкестендіру үшін ТАКСР Ағарту халық комиссариаты ең алдымен өз дербестігіне қол жеткізу керек, сол кезде ғана ол жергілікті жағдайды басшылыққа ала отырып, жұмыс жасай алады [42].

С. Асфендиаров университеттің қысқа уақыт ішінде негізгі жергілікті тілдерде педагогикалық жұмысты жүргізетін өлке халықтарының мәдени даму және профессорлық-оқытушылық құрамды даярлау орталығына айналуы үшін онда қосалқы мекемелердің желісін (жұмысшы факультеттер, жергілікті ұлт өкілдерінен студенттерді шұғыл даярлау үшін арнайы курстар) кеңейтуді ұсынысын алға тартты. С. Асфендиаровтың пікірінше, тек осы шарттар орындалған жағдайда ғана «жергілікті ұлт өкілдері университетті өлкені орыстандырудың құралы ретінде емес, оны ұлттық мәдени-ағарту орталығы ретінде қабылдай алады» [43].

1922 ж. қаңтарына дейін өкілдікті басқарып келген С. Асфендиаров Түркістанда жүріп жатқан партиялық тазалау науқанына байланысты Ташкентке қайта оралады. Көп ұзамай, ол Жер-шаруашылығы комиссариаты коллегиясының құрамына кіргізіліп, жерге орналастыру басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. 1922–1924 жж. С. Асфендиаров Түркістанның көрнекті мемлекет қайраткерлері қатарынан орын алады. Жоғары басшылық оның ұйымдастырушылық қабілеттерін, біліктілігін, жергілікті халықтардың тұрмысы мен әдет-ғұрыптарының білгірі ретінде түрлі жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындап, көптеген мемлекеттік комиссиялардың құрамына енгізу арқылы маңызды нормативті-құқықтық актілерді құрастыру ісіне тартады. Осы жылдары С. Асфендиаровқа бір уақытта бірнеше қызметтерді қатар алып жүруге тура келеді. 1923 ж. Жер-су шаруашылығындағы жұмысымен қатар ол екінші мәрте денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалып, бірқатар мемлекеттік комиссияларға жетекшілік жүргізеді. С. Асфендиаров Түрікаткомның, Түркістан республикасы үкіметінің, ТКП ОК Атқару бюросының мүшесі ретінде ұлттық-мемлекеттік құрылысқа белсенді түрде араласып, өз қомақты үлесін қосады.

1924 ж. С. Асфендиаров Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік межелеуін жүзеге асыру ісіне қатысады. 1924 ж. наурызда С. Асфендиаров РК(б)П Орталық Комитетінің арнайы комиссиясының мүшесі ретінде Г. Бройдомен бірге Хиуаға аттанып, Хорезм республикасының жетекші қызметкерлерімен межелеу үдерісіне және оны жүзеге асыру жоспарына қатысты мәселелерді талқылаудан өткізеді [44]. 1924 ж. 15 шілдеде С. Асфендиаров РК(б)П ОК Орта Азия бюросының қаулысына орай Түркістан республикасынан С. Қожановпен, С. Есқараевпен, А. Серғазиевпен, Қазақ АКСР-нен С. Меңдешевпен және Ә. Әлібековпен бірге қазақ ұлттық комиссияның құрамына кіріп, жаңадан құрылып жатқан республикалардың территориялық дауларын шешумен, олардың шекаралары мен әкімшілік құрылысын анықтаумен, мүлікті үлестіру келісім-шарттарын, партиялық ұйымдардың жарғыларын даярлаумен, мемлекеттік аппаратты құруға қажетті болған кадрларды іріктеумен, шаруашылық жоспарлар мен бюджеттерді жасаумен айналысады. Қазақ қайраткерлері тобының құрамында ол қазақ жерінінің тұтастығы үшін күресіп, Сырдария облысы қазақтарының нарығы болған Ташкент қаласын Қазақ АКСР-не беру идеясына қолдау көрсетеді [45]. Межелеудің ақырғы кезеңінде С. Асфендиаров Түркістанның және РК(б)П ОК Орта Азия бюросының тарату комиссияларында жұмыс жасайды. 1924 ж. 18 қарашада Түрікаткомның IV төтенше сессиясы Түрікаткомның, Түркістан АКСР үкіметінің және Экономикалық кеңесінің қызметін тоқтатып, бүкіл билікті жаңадан құрылған республикалардың ревкомдарына беру туралы қаулы шығарады. Бұл тарихи құжатқа қазақтың жауапты қызметкерлерінің ішінен С. Асфендиаров және С. Қожанов қол қойған болатын [46].

Күрделі межелеу үдерісі аяқталғаннан кейін С. Асфендиаровты Өзбек КСР-нің ревкомы медицина ісінің білікті маманы мен тәжірибелі ұйымдастырушысы ретінде жаңа республиканың тұңғыш денсаулық сақтау халық комиссары болуға шақырады [47]. Алайда өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған ол бұл ұсыныстан бас тартып, біраздан кейін Қазақ АКСР-ның Орта Азиядағы өкілетті өкілдігін басқаруға келіседі [48]. Бұл қызметінде С. Асфендиаров межелеуден кейін орын алған Орта Азия аймағы республикалары үшін ортақ саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени мәселелерді шешуге атсалысады [49].

1925 ж. С. Асфендиаров Ақмешітте өтіп, қазақтарға өз тарихи атауын қайтарған және жаңа астананы – Қызылорданы бекіткен V Бүкілқазақ кеңестер съезіне қатысады. Съездің қорытындысы бойынша ол бір топ қазақ делегаттарымен бірге Мәскеуге КСРО кеңестерінің ІІІ съезіне және Бүкілресейлік кеңестердің ХІІ съезіне қатынасу үшін аттанады. Бұл съездерде С. Асфендиаров КСРО және РКФСР Орталық Атқару Комитеттерінің мүшесі болып сайланады. 1925 ж. мамырда съездерден кейін өткен КСРО ОАК-тың және БОАК-тің жаңа шақырылымдағы сессияларында С. Асфендиаров КСРО ОАК Ұлттар кеңесінің хатшысы, БОАК төралқасының хатшысы А. Киселевтің орынбасары және Ұлттар бөлімінің меңгерушісі қызметтеріне тағайындалады [50]. Бұл лауазымдарда ол автономиялы республикалар мен облыстарды құруға, олардың шекаралары мен әкімшілік-территориялық бөлінісін анықтауға, экономикалық аудандастыруды негіздеуге, орталық және жергілікті жердегі кеңестік органдардың арасындағы байланыстарды реттеуге, РКФСР-дің территориясында күн кешкен аз санды ұлттар мен халықтардың ұлттық мүдделері мен құқықтарын қорғауға бел шеше араласады. Оны тәжірибелі қызметкер ретінде БОАК-тің сессияларына ұйымдастыру және даярлық жұмыстарын жүргізумен, түрлі жер мәселелерін шешумен айналысатын тұрақты үкіметтік комиссиялардың құрамына қосып, автономиялы республикалар мен облыстардың конституцияларын құрастыру ісіне тартады. 1926 ж. ол Т. Рысқұловпен және қырғыз жауапты қызметкерлерімен біріге отырып, Қырғыз автономиялы облысын РКФСР-дің құрамындағы автономиялы республика етіп қайта құру жұмыстарына жетекшілік жүргізеді.

1926 ж. қарашада ұлттық аймақтар мен республикалардың жауапты қызметкерлерінің БОАК-тің ІІІ сессиясына қатысуға келуін пайдалану үшін С. Асфендиаров пен РКФСР үкіметі төрағасының орынбасары Т. Рысқұловпен бірлесе отырып, ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелерін талқылау үшін арнайы кеңес өткізу бастамасын көтереді. 12 қарашада өткен бұл кеңестің мәжілісінде С. Асфендиаров өз тезистерінде кеңестік және партиялық органдарды барлық ұлттық республикаларды жұмыстарды күшейтуге шақырып, жоғары билік органдарында іс жүргізуді орыс және жергілікті тілде жүргізуді, әкімшілік-территориялық бірліктердің рухани қажеттіліктеріне ортақ ағымдағы қорды құруды, ұлттық республикалардағы халық шаруашылығына материалдық және қаржылай көмекті ұлғайтуды, жергілікті билік органдарының өкілеттіліктерін кеңейтуді ұсынған болатын. Өкінішке орай, РКФСР-дің ұлттық-мемлекеттік құрылысты жүзеге асыру тәжірибесінен туындап отырған бұл келелі және өзекті ұсыныстар жоғары басшылық тарапынан ұлттық-ауытқушылық деп танылып, кеңесті рұқсатсыз өткізгендері үшін оған қатынасқан қайраткерлер өз республикаларында қуғын-сүргінге және саяси қысымға ұшырайды. Ал оның ұйымдастырушылары Т. Рысқұлов, С. Асфендиаров, Ә. Досов және И. Наговицын тікелей И.В. Сталиннің қабылдауына шақырылды [51].

«Рысқұлов кеңесінен» кейін С. Асфендиаров БОАК-тің орталық аппаратында өз жұмысын жалғастырғанымен, біртіндеп өз қызметін ғылыми ізденіс және педагогикалық жұмысқа қарай бұруға талпыныс жасайды. 1927 ж. сәуірде Мәскеуде өткен ХІІІ Бүкілресейлік кеңестер съезінің қорытындысы бойынша С. Асфендиаров БОАК-тің  мүшесі ретінде қайта сайланғанымен, осыған дейін атқарған барлық қызметтерден босатылып, тек тұрақты үкіметтік комиссиялардағы мүшелігін ғана сақтап қалады. Осы кезеңде С. Асфендиаров Жаңа түрік әліпбиінің Бүкілодақтық Орталық Комитетін құру жұмыстарына белсенді түрде араласып, 1927 ж. мамырда оның төралқасы құрамына сайланады. Сол жылы маусымда С. Асфендиаров Бакуде өткен Жаңа түрік әліпбиі БКО-ның І пленумына қатысып, «Комитет туралы ережені» қабылдауға атсалысады. Пленумның қорытындысында ол 12 адамнан құралған төралқаның құрамынан орын алады. Алқалы жиында өткен мәжілістердің бірінде С. Диманштейн «егер С. Асфендиаров тұрақты түрде жұмыс істейтін болса, бұл біз үшін үлкен жетістік болар еді» деген пікір білдіреді [52]. С. Асфендиаров латын қарпінің негізінде ортақ түрік әліпбиіне өту идеясына қолдау білдіріп қана қоймай, оны енгізуге алдымен Орталықта, артынан Қазақстанда қызмет ете жүріп күш салғанын айта кеткен жөн. Бұған дәлел ретінде оның 1930 ж. Алматыда өткен Жаңа түрік әліпбиі БКО-ның кезекті пленумында латындандыру маңызы жөнінде жасаған көлемді баяндамасын келтіруге болады [53].

1927 ж. тамызда КСРО басшылығы С. Асфендиаровты Мәскеудегі Н. Нариманов атындағы Шығыстану институтының ректоры етіп тағайындайды [54]. С. Асфендиаров бұл қызметінде оның жанданып жаңаруына көп күш-қайрат жұмсады. Осы бағыттағы оның алғашқы қадамдарының бірі – «Институт туралы ереженің» жаңа нұсқасын даярлау болды. Оның КСРО Орталық Атқару комитеті тек 1928 ж. ақпанда ғана бекітті. Сонымен қатар, оқу бағдарламасы және ғылыми зерттеу жоспары толық қайта құрастырылып жасалды. С. Асфендиаровтың бастама көтеруімен Институтта Орта Азия халықтарының тарихы мен тілін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрін, экономикасы мен шаруашылығын зерттейтін жаңа Орта Азия бөлімі ашылды [55]. Бұл бөлімнің оқу бағдарламасы С. Асфендиаровтың тікелей қатысуымен жасалып, ол Институттың студенттеріне түркітілдес халықтардың тарихы бойынша дәріс оқыды. С. Асфендиаровтың нақ осы бағытта белсенділік таныта бастауы 1927 ж. қарашада Шығыс халықтарының этникалық және ұлттық мәдениеттерін зерттеу институты директорының міндетін атқаруға кіріскендігімен [56] және Қоғамдық ғылымдар бойынша ғылыми-зерттеу институттарының Ресей ассоциациясының төралқа мүшелігіне кіргендігімен түсіндіруге болады.

С. Асфендиаров шығыстану саласындағы бұл қос ғылыми және білім беру мекемелеріндегі әкімшілік-басқарушы жұмысын педагогикалық қызметпен бірге қатар алып жүрді. Ол осы институттардың студенттері мен аспиранттарына КСРО түркітілдес халықтарының тарихы бойынша дәріс оқып, 2-ші Мәскеу мемлекеттік университетінің педагогикалық факультетінде Шығыс тарихы бойынша сабақ береді. 1927 ж. аяғында осы факультеттің қоғамтану кафедрасы ғылыми кеңесінің шешімімен оған профессор атағы беріледі. С. Асфендиаров бұл жоғары ғылыми атаққа қазақтардың арасынан алғашқы болып қол жеткізгендігін айта кеткен жөн [57]. 

Екі шығыстану орталығының басшысы, КСРО Орталық Атқару Комитетінің жанындағы Бүкілодақтық шығыстану ғылыми ассоциацияның, Коммунистік академияның жанындағы Шығыс халықтарының әдебиетін және ұлт мәселесін зерттеу бойынша комиссиялардың мүшесі ретінде профессор С. Асфендиаров өткен ғасырдың 20-жылдарының аяғында Мәскеуде кеңестік шығыстанудың негізін қалаған алдыңғы қатарлы ғалым-тарихшылардың қатарына кірді. Ұзақ уақыт бойы С. Асфендиаров ислам тарихын зерттеу ісімен айналысып, кеңестік тарихнамада алғашқылардың бірі марксистік ғылымның негіздері тұрғысынан Араб түбегіндегі исламның шығу себептерін талдауға алады. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың басты қорытындыларын ол өзінің «Материалы к изучению Востока. Часть первая. Причины возникновения ислама» атты тұңғыш ғылыми еңбегінде көпшіліктің назарына ұсынды [58]. Екі жылдан кейін, оның бұл монографиялық еңбегі Ташкент пен Самарқантта латын қарпінің негізіндегі өзбек тілінде 3 мың таралыммен қайта басылып шықты [59]. 1930 ж. ислам тарихының мәселелеріне арналып шыққан «Атеист» журналының арнайы санында С. Асфендиаровтың «Ислам және көшпелі шаруашылық» атты көлемді мақаласы жарық көріп, онда ол исламның шығуына қатысты өз ойлары мен көзқарастарын тереңдете түсірді [60].

Бұл уақытта Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орнын құруға бағытталған ауқымды даярлық жұмыстары жүріп жатты. Үш жыл бойы Қазақ АКСР-ның басшылығы Орталықтың алдында жоғары білікті маман кадрларды даярлайтын өз орталығын ашу қажеттілігін негіздеумен болды. Тек 1928 ж. көктемінде ғана Қазақ АКСР Ағарту халкомының орынбасары Д. Авксентьевскийдің күш салуымен және Т. Рысқұловтың тікелей қолдауымен РКФСР үкіметі Алматыда Қазақ мемлекеттік университетін құру туралы қаулы шығарды. Осы ЖОО-ның тұңғыш ректоры қызметіне ресейлік ғылыми-академиялық ортада бедел жинақтап үлгерген С. Асфендиаров шақырылды [61]. 1928 ж. 19 қазанда Мәскеу шығыстану институты басқармасының КСРО Орталық Атқару Комитетінің хатшысы А. Енукидзенің атына жолдаған хатын дәлел ретінде келтіруге болады. Онда белді ғалым-ұстаздар Институтта орын алған барлық игі бастамалар мен оң өзгерістер С. Асфендиаровтың қауырт қызметінің нәтижесі екенін атап өтіп, оны директорлық қызметте қалдыруды бірауыздан өтінді [62]. 

1928 ж. қазанда Қазақстанға қызметке ауысқан С. Асфендиаров 1937 ж. тамызына дейін республикада жоғары оқу орындарының және ғылыми-академиялық мекемелердің желісін құруға бағытталған ауқымды жұмысқа жетекшілік жүргізеді. Осы он жылдың ішінде С. Асфендиаровтың қауырт ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің арқасында Қазақстанда педагогикалық, мал дәрігерлік, медициналық жоғары оқу орындар, көз ауруларын емдеу, бала мен ананы қорғау, тері мен жыныс, өкпе ауруларының, ұлттық мәдениетті зерттеу ғылыми институттары бой көтерді. С. Асфендиаров ҚазМУ-дың тұңғыш ректоры болумен қатар, оның құрамында ашылған тарихи-географиялық факультеттің алғашқы деканы және «Тарих» кафедрасының алғашқы меңгерушісі болып қана қоймай, студенттер үшін қазақ және орыс тілдерінде алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарды жазды [63].

С. Асфендиаровтың тұсында университетке Мәскеу, Ленинград, Киев және Ташкент қалаларынан 50-ге тарта жоғары білікті мамандар қызметке алынды. С. Асфендиаровтың беделінің арқасында ҚазМУ-дың қажеттіліктеріне бұрынғы Верный гимназиясының оқу ғимараттары мен жатақханалары, кітапханасы бөлініп, ғылыми қызметкерлер орналасатын тұрғын үйлер салынды. С. Асфендиаровтың ерік танытуының нәтижесінде ҚазМУ-дың жанынан жоғары оқу орындарына маман даярлайтын жұмысшы факультеті, педагогикалық техникум, жексенбілік университет, 9-жылдық тәжірибелі-үлгілі мектеп пен педагогикалық курстар, ұйымдастырылып, халыққа қызмет етті. С. Асфендиаровтың бастама көтеруімен 1928–1931 жж. ҚазМУ-дың жанынан кітап қоры 150 томға жеткен республикадағы ең ірі әрі бай ғылыми кітапхана, мұражай және студенттік асхана ашылды [64].

1932 ж. жауапты қызметкерлер тобының құрамында КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасын құру бойынша жұмысына жетекшілік жүргізеді. Академиктер А. Самойлович (төраға), Б. Келлер, Э. Брицке, профессор И. Барышников (ғылыми хатшы) және М. Төлеповтермен бірге база Ғылыми кеңесінің алғашқы құрамына кіреді. Жоғарыда есімі аталған ғалымдардың қажырлы еңбегінің арқасында қысқа уақыт ішінде Қазақстандық база республиканың ірі ғылыми орталығына айналды. Оның құрамында геофизикалық, тарихи-әдебиет, құм-шөл, биологиялық секторлар жұмыс жасап, ботаникалық бақ пен химиялық лабораториялар ашылды, 1936 ж. бастап жергілікті ұлт өкілдері арасынан білікті ғылыми кадрларды даярлайтын аспирантура іске қосылды [65] Егер базаның алғашқы төрағалары академиктер А. Самойлович пен А. Архангельский Қазақстанның мүддесін Ленинградта қорғаумен айналысып, Қазақстанға сирек келгендігін ескеретін болсақ, жергілікті жерде базаға тікелей жетекшілікті профессор С. Асфендиаров жүргізгендігі айқын болады. Сондай-ақ бұл тұжырымға А. Архангельскийдің базаны басқаруға С. Асфендиаровтың атына берген сенімхаты да дәлел бола алады [66]. 1936 ж. С. Асфендиаров КСРО Ғылым академиясы Төралқасының мәжілісінде Қазақстандық базаның қызметі туралы есептік баяндама жасап, оның (ісшара) қорытындысында оны бұрынғысынша екі бірдей қаражат көзінен – одақтық және жергілікті бюджеттен қаржыландыруды жалғастыруға және қаржының көлемін арттыру жөнінде шешім қабылданады [67].

С. Асфендиаровтың өмірінің соңғы кезеңі оның ғылыми-шығармашылық қызметіндегі ең табысты жылдарына айналды. 1935-1936 жж. оның «История Казахстана (с древнейших времен)» және «Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане» атты іргелі ғылыми еңбектері орыс және қазақ тілдерінде жарияланды [68]. Сонымен қатар, оның редакторлығымен Қазақстан тарихына қатысты құнды тарихи және жазба деректерінен үзінділер енген «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» атты құжаттар мен материалдар жинағының [69] екі томдығы жарық көрді. Оны құрастыруға профессорлар А. Кунте мен С. Томсинский, сондай-ақ Орта Азияның тарихын жетік білген Қ. Қожықов өз үлестерін қосты. Өткен ғасырдың 30-жылдары мерзімді баспасөз беттерінде С. Асфендиаровтың Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналып жазылған ғылыми және публицистикалық мақалалары да тұрақты түрде жарық көріп отырды [70]. 

1937-1938 жж. сталиндік қызыл қырғын С. Асфендиаровты да, оның жанұясын да айналып өтпеді. 1938 ж. 25 ақпанда ол атылып, қазіргі Жаңалықта жерленді. Оның өмірлік серігі, Рабиға Сералықызы «халық жауының жұбайы» ретінде 10 жылға сотталып, Ақмоладағы Отан сатқындары әйелдерінің лагеріне айдалды. Санжар мен Рабиғаның қыздары – Әлия мен Адаляттың тағдырлары тәлкекке түсіп, өмірдің бар ауыртпалығына төзді. Олар анасы Рабиғамен тек 1954 ж. ғана қайта көрісті. Рабиға Асфендиарова 1958 ж. 2 сәуірде Түркістан әскери округы Әскери трибуналының шешімімен толық ақталып, өзінің жұбайы Санжардың ақталуын көретін бақытты күнге бірнеше ай жете алмай, ауыр науқастан көз жұмды.

С. Асфендиаровтың есімімен Қазақстандағы ғылымның, мәдениеттің, оқу-ағарту саласының, жоғары білім берудің толықтай бір даму кезеңі байланысты. Оның еңбегі арқасында елімізде жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер, кітапханалар, мектептер ашылып, Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған кешенді зерттеу еңбектері, көлемді ғылыми мақалалар жарық көріп, қазақ халқының бай рухани мұрасы жинақталды. С. Асфендиаров тек қана дарынды ғалым, қабілетті ұйымдастырушы ғана болып қоймай, өз халқының патриоты болғанын айта кеткен жөн. 1931–1933 жж. қазақ жерін сұрапыл ашаршылық жайлаған уақытта С. Асфендиаров Қазақ АКСР-ның денсаулық сақтау халық комиссариатына басшылық жүргізіп, кең тараған індеттер мен жұқпалы ауруларға қарсы күресті ұйымдастырды. Оның тарихи еңбегі мен ерлігінің арқасында ұлттың генофонды сақталынып, мыңдаған адамдардың өмірлері құтқарылды.

1889 ж. С. Асфендиаровтың 100 жылдық мерейтойына орайластырып өткізілген ғылыми конференцияда, қайраткердің өмірі мен бай ғылыми-тарихи мұрасын жүйелі әрі кешенді түрде зерттеу ісін қолға алғашқылардың бірі болып алған академик Р.Б. Сүлейменов өз баяндамасын келесідей сөздермен аяқтаған болатын: «оның қайтыс болғанына жарты ғасыр, ал туғанына жүз жыл толып отырған уақытта ғалымның, революционердің, мемлекеттік қайраткердің ұлылығы, оның шығыстану мәселелерін зерттеуге қосқан қомақты үлесі нақты әрі айқын көріп отыр. Көптеген тарихи мәселелердің қазіргі түсінігі оның зерттеулеріне арқа сүйейтіні анық және біз бұл туралы ұмытпауымыз абзал» [71]. 

Еңбегі

Қазақтың алғашқы жоғары білімді әскери дәрігерінің бірі ретінде ХХ ғасырдың басындағы шоқтығы биік ұлт зиялыларының қатарына кірді. 1917–1919 жж. Бұқара мен Түркістанда, 1931-1933 жж. Қазақстандағы ашаршылық кезінде кәсіби дәрігер ретінде індеттерге қарсы күресті ұйымдастырып, ұлттың текқорын сақтауға атсалысты. Медициналық оқу орындарын және курстарды ашу арқылы жергілікті ұлт өкілдерінен дәрігер кадрларды даярлауға күш салды. 1924 ж. Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік межелеуі кезінде қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру жолында еңбек етіп, оның аяқталуынан кейін Қазақ АКСР-нің Орта Азиядағы мүддесін білдірумен айналысты. 1925–1928 жж. БОАК төралқасының мүшесі, БОАК төралқасы хатшысының орынбасары, ұлттар бөлімінің меңгерушісі, КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Ұлттар кеңесінің хатшысы, 1926 ж. «Рысқұлов кеңесін» ұйымдастырушылардың бірі ретінде КСРО мен Ресейдегі ұлттық-мемлекеттік құрылыс ісіне белсене араласты. Мәскеудегі ірі шығыстану орталықтарын басшысы қызметінде кеңестік шығыстану мен исламтанудың іргетасын қалауға қатысты. Қазақстандағы тұңғыш салалық ЖОО-ды – педагогикалық және медициналық институттарды ұйымдастырып, олардың тұңғыш ректоры болды. 1930-жж. Қазақстанда құрылған алғашқы ғылыми мекемелер мен орталықтардың ұйымдастырушысы, КСРО ҒА Қазақстан базасының (филиалының) алғашқы басшыларының бірі. Көрнекті тарихшы, Қазақстан тарихына қатысты алғашқы ғылыми еңбектердің, 100-ше жуық ғылыми және публицистикалық сипаттағы авторы, «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» атты 2-томдық алғашқы ғылыми жинақтың бас редакторы. 1935 ж. «С. Джафаров» бүркеншік атпен тарихи повестті жарыққа шығарды.

Ұлықталуы

С. Асфендиаровтың 1958 ж. ақталуы, оның өмірі мен қызметін зерттеуге түрткі болды. Қайраткердің есімін қайтаруға академик Р.Б. Сүлейменов үлкен күш салып, оның қызметі мен ғылыми мұрасына бірнеше ғылыми еңбек арнады. 1978 ж. 10 қаңтарда Д.А. Қонаевтың төрағалымен өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының мәжілісінде Санжар Асфендиаровтың есімін ұлықтау мақсатында оның есімін Алматы көшелерінің біріне беру, ол өмір сүрген үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнату және республиканың педагогикалық жоғары оқу орындарының бірінде оның атындағы шәкіртақы тағайындау туралы шешім қабылданды. С. Асфендиаровтың 2014 ж. 125-жылдық мерейтойын тойлау аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша академик Х.М. Әбжанов және санжартанушы А.Ә. Жүнісбаев ғалым мен қайраткердің 4 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды. С. Асфендиаровтың есімі Алматы және Қызылорда көшелеріне, өзі негізін қалаған Қазақ ұлттық медициналық университетке берілді. С. Асфендиаровтың құрметіне ҚазҰМУ-дың бас оқу ғимаратында мүсін қойылып, ондағы медицина тарихы музейінде арнайы бұрыш пен стенд ашылған. 

Әдебиеттер және деректер тізімі:

  1. Санкт-Петербург Императорлық әскери-медициналық академияның студенті С. Асфендиаровтың жеке ісіндегі туу туралы куәлік // РМӘТА (Ресейдің мемлекеттік әскери-тарихи архиві). – 316-қ. – 67 т. – 9-іс. – 18-п.
  2. Сол хатта Нұралы хан оның ұлы Пірәлі Маңғыстау түрікмендерінің, ал Әділ сұлтанның ұлы Ағым сұлтан Хиуаға хан болып сайланғандығы туралы мәлімдейді // РИССА (Ресей империясының сыртқы саясат архиві). – 122-қ. – 122/2-т. – 19-іс. – 184–189-пп.
  3. Жүнісбаев А. Сүйік Әлі және Асфендиар сұлтандар (Санжар Асфендиаровтың аталары туралы) // Қазақстан мұрағаттары. – 2012. – № 1. – 17 б.
  4. Орынбор шекаралық комиссияның кеңесшілері И. Бикмаевтың, П. Ваневтің және К. Каминскийдің мінездемелері (31 мамыр – 1 маусым 1848 ж.), сондай-ақ арнайы істер шенеунігі В. Лазаревскийдің мәлімдеме хаттары (26 қаңтар 1850 ж.) // ҚР ОМА (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві). – И-4-қ. – 1-т. – 2500-іс. – 2–4 пп.; 2512-іс. – 88-п.
  5. ҚР ОМА. –И-4-қ. – 1-т. – 2983-іс. – 14, 31, 76–94 пп.
  6. Сейітжафар Асфендиаров 1845 жылы Кіші Орданың Батыс бөлігінде (қазіргі Батыс Қазақстан облысы) туып, 1928 ж. Ташкентте жерленді.
  7. ҚР ОМА. – И-4-қ. – 1-т. – 3074-іс. – 4–4 а.п., 6–6 а.п.
  8. ҚР ОМА. – И-4-қ. – 1-т. – 3776-іс. – 278–278 а.п.
  9. ӨР ОМА (Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві). – И-17-қ. – 1-т. – 52-іс. – 4, 8 пп.
  10. Жүнісбаев А. Санжар Асфендиаров: өмірі мен қызметі (1889-1938 жж.). Т. 1: (1889-1918 жж.). – Алматы: Елтаным баспасы, 2014. – 151–154 бб. 
  11. Түркістан аймағы қазақ-қырғызының жалпы жиналысы // Бірлік туы. – 1917. – 20 тамыз.
  12. Жүнісбаев А. Санжар Асфендиаровтың ағалары мен әпкелерінің өмірі туралы // «Қоғам және дәуір». – 2011. – № 1. – 115–125 бб.
  13. ӨР ПАА (Өзбекстан Республикасы Президенті Аппаратының архиві). – 53-қ. – 65-т. – 77-іс. – 119 п.
  14. РМӘТА. – 316-қ. – 67-т. – 9-іс. – 14–14 а.п.
  15. РМӘТА. – 316-қ. – 67-т. – 9-іс. – 4–6 пп.
  16. РМӘТА. – 316-қ. – 67-т. – 9-іс. – 3; 69-т. – 150-іс. – 3 а.п. – 592–592 а.п.
  17. РМӘТА. – 546-қ. – 2-т. – 4279-іс – 64 п.
  18. Жүнісбаев А.Ә. Санжар Асфендиаров – әскери дәрігер // Қоғам және дәуір. – 2011. – № 4. – 128 б.
  19. Кокебаева Г.К. Германия – Россия – СССР: политика, война и плен. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – С. 37.
  20. Сулейменов Р.Б. С.Д. Асфендиаров и становление советской исторической науки в Казахстане // Великий Октябрь и социально-экономический прогресс Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1987. – С. 158.
  21. ӨР ОМА. – И-762-қ. – 1-т. – 30-іс. – 101 а.п.
  22. ӨР ПАА. – 58-қ. – 65-т. – 77-іс. – 119 а.п.
  23. Ходжаев Ф. К истории революции в Бухаре. – Ташкент: Узбекское госиздательство, 1926. – С. 13–31
  24. Победа Октябрьской революции в Узбекистане. Сб. документов. В 2-х т. – Ташкент: Издательство АН Узбекской ССР, 1963. – Т. 1. – С. 173–174.
  25. Жүнісбаев А.Ә. Санжар Асфендиаров және Ташкент мұсылман жұмысшы депутаттар кеңесі // Мир Большого Алтая. – 2016. – № 2. – 227–240 бб.
  26. Махаева А.Ш. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (XVIII ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың бас кезі). – Алматы: Ценные бумаги, 2007. – 299–302 бб.
  27. ӨР ПАА. – 58-қ. – 65-т. – 77-іс. – 120 п.
  28. Наша газета. – 1917 г. – № 110. – 5 сентября.
  29. Шокай М. Избранные труды: в 2-х т. / Сост. и автор предисловия К.Л. Есмагамбетов – Алматы: Арыс, 2016. – Т. 2. – С. 392–393.
  30. Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұлов: қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 51–69 бб.
  31. ӨР ПАА. – 58-қ. – 65-т. – 77-іс. – 120 п. 
  32. Қоңыратбаев О.М., Жүнісбаев А.Ә. Мұсылман Бюросы – егемендік идеясының жаршысы (1919-1920 жылдар). – Алматы: ИП «Уатханов» баспасы, 2011. – 108 б.
  33. ӨР ОМА. – Р-17-қ. – 1-т. – 1105-іс. – 17 а.п.
  34. ӨР ОМА. – Р-17-қ. – 1-т. – 52-іс. – 23 а.п.
  35. ӨР ОМА. – Р-29-қ. – 3-т. – 1615-іс. – 110–123 пп.
  36. Бюллетень VI Съезда Коммунистической партии Туркестана. – 1921. – № 7. – С. 26.
  37. ӨРОМА. – Р-17-қ. – 1-т. – 45-іс. – 472–473 пп.
  38. Давлет-Юсупов М.Х. Союз «Кошчи» и его роль в укреплении Советской власти в Туркестане (1919–1924 гг.). – Ташкент: Госиздат УзССР, 1953. – С. 18.
  39. ӨР ОМА. – Р-17-қ. – 1-т. – 59-іс. – 192 п; Р-25-қ. – 1-т. – 407-іс. – 45 а.п.
  40. РФМА. – Р-1318-қ. – 1-т. – 5-іс. – 137 п.
  41. Собрание узаконений и распоряжений правительства за 1921 г. – М., 1944. – Ст. 486 (С. 803–809).
  42. РФМА. – Р-1318-қ. – 1-т. – 162-іс. – 453 п.
  43. РФМА. – Р-1318-қ. – 1-т. – 162-іс. – 453 п.
  44. РӘСТМА. 62-қ. – 1-т. – 20-іс. – 50 п.
  45. Жүнісбаев А.Ә. Ұлттық-мемлекеттік межелеу барысында Санжар Асфендиаровтың қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру жолындағы қызметі // Қазақстан мұрағаттары. – 2013. – № 3. – 39–50 бб.
  46. ӨР ОМА. – Р-17-қ. – 1-т. – 372-іс. – 5 п.
  47. ӨР ОМА. Р-87-қ. – 1-т. – 3-іс. – 1 п.
  48. ҚР ПА (Қазақстан Республикасы Президенті архиві). – 141-қ. – 1-т. – 12-іс. – 2 п.
  49. Жүнісбаев А.Ә. Санжар Асфендиаров – Қазақ АКСР-нің Орта Азиядағы өкілетті өкілі (1924-1925 жж.) // Тарих тағлымы. – 2014. – № 1. – 11–16 бб.
  50. Жүнісбаев А.Ә. Санжар Асфендиаров – РКФСР БОАК төралқасы жанындағы ұлттар бөлімінің меңгерушісі (1925-1927 жж.) // Қазақстан мұрағаттары. – 2014. – № 1. – 59–60 бб.
  51. На приеме у Сталина. Тетради (журналы) записей лиц, принятых И.В. Сталиным (1924-1953 гг.). Справ. / Науч. ред. А.А. Чернобаев. – М., 2008. – С. 761.
  52. Стенографический отчет первого пленума Всесоюзного Центрального Комитета нового тюркского алфавита, заседавшего в Баку от 3-го до 7-го июня 1927 г. – М.: Издание ВЦК НТА, 1927. – С. 168.
  53. Асфендиаров С. Борьба за новый алфавит – борьба за новую культуру // Советская степь. – 1930. – № 103 (1885). – 13 мая.
  54. РФМА. – Р-3316-қ. – 13-т. – 6-іс. – 230 а.п.
  55. РФМА. – Р-3316-қ. – 21-т. – 55-іс. – 1 п.
  56. РҒАА (Ресей Ғылым академиясының архиві). – 355-қ. – 1-т. – 60-іс. – 37 п.
  57. Сулейменов Р.Б. С.Д. Асфендиаров и становление советской исторической науки в Казахстане / Великий Октябрь и социально-экономический прогресс Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1987. – С. 161.
  58. Асфендиаров С.Д. Материалы к изучению Востока. Часть первая. Причины возникновения ислама. – Самарканд-Ташкент: Узбекское государственное издательство, 1928. – 70 с.
  59. Асфендиаров С.Д. Ислам зухурының себеблерi. – Самарқант-Ташкент: Өзнәшр, 1930. – 66 б.
  60. Асфендиаров С. Ислам и кочевое хозяйство // Атеист. – 1930. – № 58. – С. 3–18.
  61. ҚР ПА. – 141-қ. – 1-т. – 2243-іс. – 35 п.
  62. РФМА. – Р-3316-қ. – 21-т. – 55-іс. – 1–1 а.п.
  63. Асфендиаров С. Шығыстағы ұлттық төңкерісшіл қозғалыстың тарихы. – Алматы: Қазақстан баспасы, 1931. – 25 б.; Соныкі. История национально-революционных движений на Востоке (задание 1-е). – Алма-Ата: Казгосиздат, 1932. – 24 с.
  64. Жүнісбаев А.Ә. Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы және Санжар Асфендиаровтың ректорлық қызметі (1928-1931 жж.) / Асфендиаров С. Шығармалар жинағы / Құраст. Әбжанов Х.М., Жүнісбаев А.Ә. – Алматы: « Ел-шежіре», 2014. – Т. 4. – 306–335 бб.
  65. Сулейменов Р.Б. Из истории развития науки в Казахстане (1933-1940 гг.) / В кн.: Вопросы истории социалистического и коммунистического строительства в Казахстане. – Алма-Ата: Издательство АН КазССР, 1961. – С. 142.
  66. РҒАА. – 188-қ. – 2-т. – 147-іс. – 10 п.
  67. ҚР ПА. 141-қ., 1-т. – 10620-іс. – 62–77 пп.
  68. Асфендиаров С.Д. История Казахстана (с древнейших времен). Том первый. – Алма-Ата – Москва: Казкрайиздат, 1935. – 262 с.; Соныкі. Қазақ тарихының очеркісі. Бірінші бөлім. – Алматы: Қазақстан баспасы, 1935. – 91 б.; Соныкі. Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане. – Алма-Ата-Москва: Казахстанское краевое издательство, 1936. – 149 с.; Соныкі. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі. Тарихи очерк. – Алматы: Қазақстан баспасы, 1936.
  69. Прошлое Казакстана в источниках и материалах. Сборник І (V в. до н.э. – XVIII в. н.э.). Под редакцией проф. С.Д. Асфендиарова и проф. П.А. Кунте. – Алма-Ата – Москва: Казкрайиздат, 1935. – 299 с.
  70. Жүнісбаев А.Ә. Саңлақ ғалымның мұрасы: Санжар Асфендиаровтың шығармалар жинағы туралы // «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы. – № 4. – 2015.
  71. Сулейменов Р.Б. Видный деятель социалистического строительства в Средней Азии и Казахстане, ученый востоковед // Санжар Джафарович Асфендиаров. (Сб. научных статей). Составлен из материалов научной конференции, посвященной 100-летию со дня рождения С.Д. Асфендиарова (Алма-Ата, октябрь 1989 г.). – Алма-Аата: КазПИ им. Абая, 1990. – С. 26.

Жүнісбаев А.Ә., т.ғ.к., Шілдебай С.Қ., т.ғ.к.