Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚОШКЕ КЕМЕҢГЕРҰЛЫ


Қошке Кемеңгерұлы (Хошмұхамед, ҚошмұхамбетКемеңгеров) (1896-1937) – «Алаш» ұлт азаттық қоғалыс кезеңінің көрнекті қайраткері

Өмірбаяны

Қ. Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде /1/ сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің жерінде дүниеге келді. Ата-бабасы мұнда Баянауылдың Сарытауынан қоныс аударған болатын. Соңғы табылған дерек көздері бұл жөнінде мынадай мағлұмат береді: «Шорман би» Омбыға барғанда тамақ ішетін, намаз оқитын жерім жоқ» деп, баласы Мұса оқыған Кадет корпусының тап қарсаңынан, Ертістің сол жақ бетінен 250 сомға жер сатып алып, сол жерге 1849 жылы сенімді ағайыны Кемеңгер Атанұлына (Қошкенің атасы), өзіне арнайы үй салдырады. Онымен бірге қызметшілері тұратын үйлер, малдарын қамайтын қора-қопсылар салынады» /2/. Бұл үйлердің қазір жұрты ғана қалған. Ал, Кемеңгердің бейіті ата қонысы – Сарытауда.

Кемеңгер Дүйсенбай, Дүйсебай есімді екі ұл сүйген. Дүйсенбайдың перзенттерінің аты: Досмағанбет, Тәшмағанбет, Нұрмағанбет, Есмағанбет, Мақыш. Ал Дүйсебайдан: Бекмағанбет, Жармағанбет, Құлмағанбет, Қошмұханбет (Қошке), Өсербай атты бес ұл, Нұржәмила, Сәнипа, Ханипа есімді үш қыз тарайды.

Дүйсебайдың Қошмұханбеті есейе келе қалам ұстағанда, жазғандарына “Қошке Кемеңгерұлы” деп қол қойды. Ата атын қадірлеу – қазаққа етене тән дәстүр. Сондықтан ғасыр басында «ұлы» деген қосымша бүгінде замандастарымыз арыла алмай жүрген орыстың  «ов» жалғауының орнында қолданылған.

Сонымен қатар бір мағлұм жайт: Дүйсебайдың Әлдия (Нұржәмила) атты қызы әйгілі Алаш қайраткері Отыншы Әлжанұлына тұрмысқа шыққан.

Діндар Дүйсебай ерте жастан хақ жолына түсіп, бойдақ күнінде-ақ Меккеге барып келіп, қажы атанады. Осы қасиетті Меккеге барарда ол Атығайдың беделді мырзасы Қартабаймен сапарлас болады. Жас Дүйсебайды Қартабай қатты ұнатып, елге келгенде оған Жәмила есімді қызын өз қолымен ұзатады.

Сонымен Қошке көзі ашық, ауқатты, берекелі отбасында туып, жан-жақты тәрбие алды.

Мұсылмандық парыздың ең негізгісі – баланы оқыту екенін жақсы түсінген Дүйсебай ұл-қызын түгел молда, мұғалімге беріп, хат танытады. Тек арабшамен ғана шектеліп қалмай, орыс тілін де үйретеді.

Қошке Қисықтағы қаржаста Белгібай молданың алдынан оқып, арабша тіл сындырғаннан кейін әкесі оны Омбы приход школына береді (Бұл кезде мұсылманша оқу орны – мектеп, медресе, орысша оқу орны – школа, училище аталған). Алғаш христиан дініне тарту үшін ашылған приход школдары мұсылмандардың ниетін аңғарғаннан кейін (олар балаларын бермегеннен соң), басқа діндегілерді «Құдай заңы» (Божий Закон) сабағынан босатқан-ды. Жас Қошке осы школдан орыс тілін, басқа да пәндердің негіздерін үйреніп шығады.

Мұнан кейін әкесі Қошкені Омбы ветеринарлық-фельдшерлік школға түсіреді. Арнаулы оқу орны болғандықтан мұнда Қ. Кемеңгерұлы зоотехника, медицина негіздері бойынша сабақ алады. Аталған школдың 2-класын 1913 жылы бітіргенде, Омбы ауылшаруашылық училищесіне түсуге аңсары ауады. Өйткені бұл оқу орнында білім анағұрлым терең әрі жүйелі жүретін. Оның үстіне мұнда қазақ шәкірттері де салыстырмалы түрде көп еді.

Кемеңгерұлы Қошмұхамбет 1913 жылы 1 тамызда Омбы ауыл шаруашылығы училищесінің ауыл шаруашылығы бөліміне түсуге талапкерлер қатарында 34-ші боп құжатын тапсырады /3/. Омбы архивінде сақталған хаттамаларда Қошкенің бұрын бітірген оқу орындары, ата-анасының жағдайы, т.б. жөнінде мәліметтер тіркелген /4/. 

Жағрапия, арифметика, орыс тілі пәндерінен емтихан тапсырған Қошке сынақ қорытындысынан кейін училищеге қабылданады. Аталған білім ордасына 1913 жылы онымен бірге Әбдірахымұлы Ахмет, Қазыбекұлы Смағұл, Саматұлы Мұхтар сынды шәкірттер де түседі. Сейфоллаұлы Сәкен құжатын тапсырғанымен, сынаққа келмейді. Бұлардың бір жыл бұрын училищеге Байжанұлы Сүлембек, Айбасұлы Бірмұхамед, Шорманұлы Асфандияр секілді қазақ балалары қабылданған екен. Сәл кейінірек (1916 жылы) бұл оқуға Смағұл Садуақасұлы түседі.

Омбы шаһарына оқуға ұмтылған Қошке өз замандастарымен қазақ жастарының қатарын көбейтті деуге негіз бар. Сонымен қатар, бұл толқын алаш жастарының бір жерге ұйысып, топтасуына мұрындық болған тәрізді. Бұл ойды Омбыда 1915 жылы “Бірлік” атты қазақ жастары ұйымының құрылып, оның «Балапан» қолжазбалық журнал редакторы Қ. Кемеңгерұлы болғаны айғақтай түседі. /5/. Қазір «Бірлікке» қатысты деректер жарық көре бастағанымен, «Балапан» журналына қатысты мәлімет әлі жоқ.

Жалпы Омбы – қазақ зиялыларын білім-іліммен қанаттандырып, оларды жатсынбаған қала. Мұнда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында саясат және руханият әлеміне Алаш ағартушыларының екі толқыны қанат қақты. Осы Омбы қаласында шығарылатын «Дала уалаяты» газетінің ресми бағыты патша және патшалық үкімет жарлықтарын халыққа насихаттау болғанымен, іс жүзінде қазақ халқының ағартушылық бағытында жұмыс жасады. Патшаның ұлт саясатын, келімсектерді қоныстандыру саясатын сынаған «Омич», «Сибирский Вестник», «Жизнь Алтая»  газеттері Омбының төл басылымдары еді (олармен Ә. Бөкейхан тікелей байланыста болған).

Сөйте тұра Омбының қазақ сынды ұлттарға қырын қараған сәттері болғанын да естен шығармау керек. Қошкенің өзі «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде: «Омбының маңайында отырып қазақтар анда-санда біреуі болмаса орыс школына бала бермегені Омбыда бұратанашыл қызметкердің жоққа тәндігін көрсетеді»,- деп жазды /6/. 

Училищеде оқып жүргенде Қ. Кемеңгерұлы оқыған қазақтармен таныс болған. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» 1915 жылы шыққан бірнеше өлеңдері оның есімін халыққа танымал етті.

Омбы ауыл шаруашылығы училищесіне қатысты деректердің бірінде Қ. Кемеңгерұлы, С. Қазыбекұлы және өзге 5 тәжірибеден өтуші училище тәлімгерлері 1917 жылы 25 тамызда Ақмола облыстық Көші-қон басқармасының есеп-санақ бөлімі өткізген халық санағында көмек көрсеткені жазылады. /7/.

Қазақ зиялыларының бір де біреуінің ойы 1917 жылғы қос төңкеріске тамызық болмағандығы қандай рас болса, сол саяси сапырылыстарға толы жылдары қазақ жеріне солтүстіктен соққан ызғарға зиялылардың барлығы дерлік бой алдырмағандығы сондай шындық. Алаш қауымы 1910 жылдардан бері қарай оянуға қам жасаса, арада 7-8 жыл өте сала «ұлт мәселесін толық шештік» деуге ешкімнің жүрегі дауаламас еді.

Қошмұхамбет Кемеңгерұлы 1917 жылы сәуірде Дінше Әділұлын ертіп, Ақмола облыстық қазақ комитеті атынан (яғни Омбыдан) Ақмола қаласына келіп, уездік қазақ комитетін ашады. Оның төрағасы болып Сәкен Сейфоллаұлы тағайындалады. Қазақ комитетін құрушылар Ақмола шаһарында бірде медреседе, бірде қала басқармасының үйінде жиналып, аласапыран заманның қиындығынан халықты қалай аман сақтап қалу жолын ақылдасады.

Ақмолада Қошкенің қайда аялдағанын біз Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» «Дінше Әділұлы, Қошмұхамбет Кемеңгерұлы, Бірмұхамбет Айбасұлы, мен – бір бөлмеде жаттық»,- деген жолдан да /8/ аңғарамыз.

Қошке Ақмолада Сәкен ұйытқы болған «Жас қазақ» ұйымының жұмысына да қатысады. Алайда облыстық қазақ комитеті мен уездік қазақ комитеті арасында кейбір мәселелер бойынша туындаған келіспеушіліктен және «Жас қазақ» басшылығы Алаш Ордадан бойын аулақ ұстау шешімінен соң 1917 жылы тамызда Қошке Ақмоладан Омбыға аттанады.

Сол жылдың күз, қыс айларында Қ. Кемеңгерұлы Омбыда Ақмола облыстық Алаш партиясының комитетін ашуға қатысады. Сөйтіп, өзі сол комитеттің мүшесі болады /9/. Арада ұзақ уақыт өтпей облыстың бес уезінде Алаш комитеті ашылады. Өкінішке орай, мәліметтің жоқтығынан біз Қошкенің қай уездегі комитетті ашуға қатысқанын айта алмаймыз.

Жас тұрғысынан жиырмадан енді асқан Қошке күрестен де, ізденістен де шет қалмады. Омбыға таяу жердегі Ертістің сол жағасындағы Қаржас аулында змандас жастармен бас қосып, келешек істердің жоспарын құрды. Бұлар 1915-16 жылдары Қаржаста жасырын жиналатын болса, енді ашық мәжіліс құрды.

Қаржастағы бас қосулардың нәтижесінде ұйымның «Жас азамат» газетінің ұйымдастырылуы болып, бұл баспа 1918-1919 жылдары ел бірлігінің жұмысын жүргізуде Алаш Ордаға елеулі қолдау жасады.

Алаш зиялылары келешек ұлт тәуелсіздігі үшін халықты ағарту жұмысын одан әрі өрістеуді жөн деп тапты. Бұл – бірден бір жол еді.

Қошке Кемеңгерұлы 1918 жылдың аяғында ауыл шаруашылығы училищесін бітіреді. Ақмола облыстық (Омбы) халық ағарту бөлімінің саны аз ұлттар ісі жөніндегі бөлімшесінде нұсқаушы болып 1919 жылы қызметке алынады /10/. Омбыда жас алашшылдар құрған «Жас азамат» ұйымының алқасына кіреді. Осы ұйымның Қызылжар қаласында шығып тұрған үні – «Жас азамат» газетіне редактор болады. «Қазақ», «Сарыарқа», «Абай» сынды ұлттық басылымдардың ізбасары іспеттес «Жас азамат» бетінде алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған мақалалар нөмір құрғатпай шығып тұрды. Бұл газет большевиктердің имансыз әрекеттерін елге жария қылды. Сондай-ақ қиын кезде жастарды ауызбірлікке шақырды.

Қошке сол 1919 жылы Омбы политехника институтына оқуға түседі /11/. Мұнда ол бірінші курсты ғана оқиды. Қошке 1920 жылы Ақмола облысына (орталығы – Омбы) қарайтын Петропавл (Қызылжар) уезіне мұғалімдікке шақырылады. Ол редактор болған қазақтың тұңғыш жастар газеті  «Жас азамат» 1918-1919 жылдары дәл осы қалада басылып тұрған еді.

Қайраткер Қызылжарда жаңадан құрылған аты заманына сай «Қызыл мұғалімдер курсында» оқытушы ретінде дәріс оқи бастайды. Бұл шақта мұнда Мағжан да сабақ берген. Осы оқуды тәмамдаған, кейін Омбыдағы қазақ педучилищесінің директоры болған марқұм Жүнісбек Жанғонақов естелігінде: «Курста 200 мұғалім оқыды. Қошмұхамбет жаратылыс пәнінен сабақ берді. Ол кісі әдебиет мәселесімен де шұғылданып жүретін еді. Қайсы уақытта өзінің жазған әңгіме, пьесаларын қолжазбасынан оқитын»,- деп жазады /12/.

Қызылжар қаласында Қошкенің драматургтік қабілеті де ұштала түсті. Осыған дейін  «Әулие тәуіп» секілді пьесасын сахналатып үлгерген Қ. Кемеңгерұлы енді бұл саладағы шығармаларының тақырыбын кеңейтті. Оның қаламынан 1919-1920 жылы «Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» атты қос пьеса дүниеге келді. Бұл екеуі де Қызылжардағы қалалық бақтың сахнасында қойылды. Ж. Жанғонақов 1916 жыл оқиғасы туралы «Қасқырлар мен қойлар» пьесасында өзі – урядник рөлін, ал кейін жазушы болған Сәбит Мұқанов – болыстың шабарманы рөлін ойнағанын жазады.

Қазақстан республикасының Сібір ревкомындағы өкілеттігі 1920 жылы 7 желтоқсанда Сібір ауыл шаруашылық және өндіріс институтының басшылығына Қошмұхамбет Кемеңгерұлы мен Мұратбек Сейітұлын институттың ветеринария факультетінің медицина бөліміне курстан тыс қабылдауын өтініп, № 121-інші арнайы хат жолдайды.

Қ. Кемеңгерұлы 8 желтоқсанда институтқа қабылдауды сұрап, өз атынан өтініш жазады. Сөйтіп ол «Қ. Кемеңгерұлы – институттың ветеринария факультетіндегі медицина бөлімінің І курс студенті» делінген  № 93 куәлікті 1921 жылдың 5 қаңтарында қолына алады.

Қошке оқып жүрген жылдары аталған институттың аты «Батыс Сібір мемлекеттік медицина институты» болып өзгереді. Бұл жылдары ата-анасы мен өзінің қайда тұрып жатқаны жөнінде Қошке: «Әке-шешем Омбы уезі, Теке болысы, Қисық жайлауындағы № 9 ауылда тұрады. Менің қазіргі мекен жайым: Омбы қаласы, 2-линия, 68-үй»,- деп жазады /13/.

Институт сауалнамасына қайтарған жауабында 1923 жылы Қошке “Бостандық туы” газетінің қызметкері болғанын айтады. Дерек көздері “Бостандық туы” – Омбыда шығып тұрған «Кедей сөзі» газеті жабылғаннан кейін, 1921 жылы 19 наурыздан бастап жарық көргеніне куәлік береді. Бұл газеттің Омбыда 5-6 саны ғана шыққан /14/. Ақмола облысының 1921 жылдың ортасында Қазақстанға қосылғаннан кейін газет Қызылжарда басылып, Қошке газеттің тілшісі есебінде жұмыс жасады.

Қ. Кемеңгерұлының жеке өмірінде 1923 жылдың көктемінде үлкен оқиға болады: ол Қызылжарлық Атығай ішіндегі Ақкиіктен тарайтын Мұхамеджанның қызы Зурамен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Қошке бұл қосағымен профессор Зарницынның жетекшілігімен Қызылжар жерінде халыққа ем-дом көрсетіп жүргенде танысады. Бұл кезде Қошке студент-практикант еді. Өкінішке қарай, 1924 жылы наурызда Зура дүниеден озады. Осынау трагедия Қошкені есеңгіретіп тастайды. Қайғы еңсесін басқан ол қатты науқастанып қалады /15/.

Қ. Кемеңгерұлы үшінші курсты тәмамдағаннан кейін 1924 жылдың 21 тамызында Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысуға өтініш білдіреді. Институт басшылығы бұл өтінішті төртінші курстың емтихандарын тапсырғаннан кейін, яғни сол жылдың 3 қыркүйегінде қанағаттандырады. Қошке осы жылы медицинаға қатысты 21 пәннен емтихан тапсырған.

Қайраткер 1924 жылы Түркістан республикасының орталығы Ташкентке көшеді. Жеке ісінде бір телеграмманың көшірмесі тіркелген екен. Онда: «Ташкент «Ақ жол» газеті редакциясына, Қ. Кемеңгерұлына. Ол ІV курстың дәрісін түгел тыңдады. Омбы. Омбы көшесі, 26-үй. Соколова»- делінген  /16/. Бұл деректен Қошкенің Ташкентте «Ақ жол» төңірегіне тұрақтағаны байқалады.

Зиялылардың көбісі 20-жылдары негізінен Ташкентке орнықты. Мұндағы саясат райы салыстырмалы түрде Орынбордан тәуір еді. Түркістанда өкімет басындағылардың ескі оқығандарға ықыласы бөлек болды. Х. Досмұхамедұлының жетекшілігімен 1922 жылдың желтоқсанында жұмыс жасай бастаған «Талап» қауымы ұлтжанды саясаткерлер көмектеспесе өмір сүруі қиын еді. Бұл шақта алаш арыстары Түркістандағы баспасөз, оқу-ағарту салаларында қызмет жасайтын. Осындағы «Ақ жол» газеті бетінде жаңа дәуірде ұлт пен елді қалай аман сақтап қалуға болатындығы жөнінде мақалалар жиі жазылып, қайраткерлер мен қаламгерлер Орталық пен Республика арасындағы қатынастың проблемасын күлбүлтелетпей ашық айтатын /17/.

Қ. Кемеңгерұлы бір кездері Түркістан басшысы Т. Рысқұлұлы көтерген этникалық, ұлттық, діндік тұтастық (Түркістан конфедерациясы) мәселесінің болашағына сенді. Ол ерте ме, кеш пе, туған өлкесі – қазақтың Сібір алқабының да, Орынбор, Астрахан секілді сырт қалып отырған жерлерімен қоса Қазақ республикасының да Түркістанға ұйысуына үмітті болды.

Қошке отбасының Ташкентте қалай тұрғанын анасынан естіген қайраткердің қызы былай сипаттайды: «Әкеміз Ташкентке келе салысымен, осындағы ақын-жазушылармен, өнерпаздармен қоян-қолтық араласып кетіпті. Өз қаржысына үй де салдырып алыпты. Ол кісі ісмер көрінеді: құрал-сайманды, үй ішіне керек нәрселерді өзі жасайды екен. Университеттің рабфагында, әскери училищеде сабақ беріпті. Ташкентке аялдаған алаш арыстарының барлығы дерлік біздің үйге соғады екен. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы «Қарағым, Қошке»  деп аялай сөйлепті. Қалап алған мамандығы дәрігер болғандықтан, әкеміздің талайларға шарапаты тиіпті. Мысалы, ол ақын Исаның (Байзақұлы) ауруға шалдыққан бас құйқасын жазған. Дәл осындай көмек Шәкен Елеуішұлына да көрсетілген» /18/.

Қ. Кемеңгерұлы осында орныға бастаған Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Оның Әлихан, Ахмет, Міржақыптармен Омбыдан басталған таныстығы, рухани туыстығы енді тіпті жандана түсті. Бұл кезде Ахмет пен Міржақып – Орынборда, ал Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі «Күншығыс» баспасының қазақ секциясында қызметте еді. Ташкентте Қошке сондай-ақ Халел Досмұхамедұлымен, Мұхтар Әуезұлымен, Мағжан Жұмабайұлымен, Жүсіпбек Аймауытұлымен, Абдолла Байтасұлымен, Даниял Ысқақұлымен араласып тұрды. Қошкенің Түркістанға ат басын бұрған кезі әйгілі «Алқа» бағдарламасының /19/ оқығандар ортасында кеңінен талқыланған шағына тұспа-тұс келді. Аталған бағдарлама Қошкенің қаламгерлік, әдебиетшілік мұратымен үндесіп жатты. «Көркем әдебиет туралы» атты 1926 жылы жарық көрген мақаласында Қошке «Алқа» мұратын таратыңқырап, жүйелеп айтқаны мәлім /20/. 

Қ. Кемеңгерұлы ғұмырының Ташкент кезеңі оның шығармашылығын шабыттандырды. Ол Омбыда бастаған «Қазақ тарихынан» зерттеуін аяқтап, шығыс халықтары баспасына тапсырады. Аталған баспадан 1925 жылы қаламгердің «Бұрынғы езілген ұлттар» атты ғылыми еңбегі және “Қазақша-орысша тілмашы» жарық көреді. Сөздікті құрастыруға Қ. Кемеңгерұлының жетекшілігімен Байқасқалұлы, Баймақанұлы, Дәулетбекұлы, Темірбекұлы, Сәрсенбайұлы қатынасқан. Қошке осы Ташкентте жүріп 2 кітаптан тұратын қазақ тілінде «Еуропалықтарға арналған оқу құралын” жазды. Оның біріншісі 1928 жылы Ташкентте, екіншісі 1929 жылы Қызылордада басылды.

С.Садуақасұлы 1918-1919 жылдары: “Жас, келешегі бар Кемеңгерұлының прозасы болашаққа үміттендіреді» деп жазған болатын /21/. Шындығында да, Қошке қаламынан Ташкент жылдарында “Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын», «Момынтай», «Ерлік жүректе», «Қазақ әйелдері», «Жетім қыз», «Дүрия», «Назиха» тәрізді тумысы ерекше әңгімелер туындады. Суреткер Қ. Кемеңгерұлы әріптесі Мұхтар Әуезұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы секілді прозада ұлттық нақышты сақтай отырып, көркем бейнелеудің биігіне ұмтылды.

Сондай-ақ ветеринария, медицина саласына маманданған қайраткер жаратылыстану және ауылшаруашылық ғылымына қатысты мақалалар жазып, «Химия» оқулығын аударды /22/.

Қазақстан астанасы 1925 жылы Ақмешітке көшті де, шойын жолдың бойындағы бұл қазақы елді мекен Қызылорда деген жаңа атау алды. Осында 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры Қ. Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Оы қойылым драматургке игі әсер етіп, 1926 жылы «Парашылдар», 1927 жылы «Ескі оқу», 1930 жылы «Күнәсіз күйгендер» атты пьесалар жазып, көрерменге ұсынды. Талантты сыншы С. Садуақасұлы Қошкенің драматургиясы хақында: «Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрлым танысырақ»,- деп жазды /23/.

Қошке Кемеңгерұлы Ташкентте шебер журналист ретінде де қабілет-қарымын аңғартты. Ол Омбыдан келісімен «Ақ жол» газетінде қызмет жасады, сондай-ақ ғылыми-танымдық «Сана» журналының бірер санына редакторлық етті. «Ақ жол» тілшілерінің 1925 жылы өткен тұңғыш жиынын ұйымдастыруға атсалысты. Әлеумет, шаруашылық, ғылым-білім хақында алуан-алуан мақала жазды. Әдебиет жөніндегі айтыста сындарлы пікір білдірді.

Журналистік, ағартушылық қызметтен қолы босағанда замандастары туралы жазбақ болған романына материал жинады. ҰҚК архивінен табылып отырған, 1925 жылы 16 наурызда Д.Әділұлына жазған хатында ол: «Сен өміріңде талай тарихты бастан кешірген жансың ғой. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Өмір жолыңмен танысқым келеді. Кішкене уақытыңды бөл. Есеп беру кезеңі туды. Мен қазақ зиялылары жөнінде роман жазуға отырдым»дейді /24/.

Ташкентте Қошке мен Гүлсімнің Зәйра, Нарманбет, Сәуле есімді үш перзенті дүниеге келді. Қайраткер осы қала тарихында тек қаламгер ретінде ғана емес, ағартушы-педагог ретінде де қалды. Ол 1926 жылы Орта Азия университеті мен Түркістан әскери училищесінде дәріс оқыды.

«Қошке Омбы мединститутынан САГУ-дың медицина факультетіне ауысуға тілек білдірген жоқ па еді? Бұл жағы не болды» деген сұрақ туындайды. Біз қараған мұрағат құжаттарынан Қ. Д. Кемеңгеровтің жеке ісі САГУ-дың медицина факультетіне 1926/1927 оқу жылында тіркелгенімен /25/, белгісіз себептен алынғанын аңғарамыз. Біздіңше, филологияға аңсары ауған Қошке мұны өз еркімен жасаған.

Қошке САГУ-дың рабфагында, даярлық бөлімінде, шығыстану факультетінде, кеңестік шаруашылық пен хұқық факультетінде, педагогика факультетінде қазақ тілінен дәріс оқыған.

Университетте екі жыл қызмет жасағаннан кейін Қ. Кемеңгерұлы шындап ғылым жолына ден қойғысы келді. Бұл орайда ол түріктануды таңдады. Қошке Шығыстану факультетінің түріктану кафедрасына аспирант болып 1928 жылы 23 қазанда қабылданды. Аталған факультеттің аспирантурасында Қ.Кемеңгерұлымен қатар Мұхтар Әуезұлының да оқығанын архив деректері растайды. Бұл екі дарынды азаматқа А. Э. Шмидт, М. Ф. Гаврилов, А. Б. Дубсон сынды ориенталистер тәлімгерлік жасады.

Аталған факультетте мынандай пәндер жүрген: Түркістан және онымен шектесетін елдердің экономикалық географиясы, Қазақ халқының тарихы, Ағылшын тілі, Өзбек тілі, Өзбекше құжаттарды оқу, Қазақ тілі, Түркімен тілі, Қазақ халық ауыз әдебиеті ескерткіштерін оқу, Татар тілі, Орхон жазуларының тілі, Ұйғыр тілі, Мұсылмандық Шығыстың тарихы, Араб тілі, Парсы тілі, Түрікстан этнографиясы, Мұсылман заңдары, Исламтану, Шығыс каллиграфиясы, Ежелгі Шығыс тарихы, Тіл біліміне кіріспе, Саяси экономика /26/.

Нағыз ғылым ашық, жүйелі пікірсайыстан соң барып қана туады. Осы ретте Қошке Юдахин, Поливанов, Шмидт тәрізді тәлімгерлерімен қазақ тілінің күрделі мәселелері жөнінде айтысып қалып отырғанын байқаймыз. Архив деректеріне қарағанда, 1929 жылы мамыр айында болған орфографияға арналған конференцияда жаңа орфография мен термин жасау принциптері жөнінде Е. Омаров, Қ. Жұбанов, Қ. Кемеңгерұлы орнықты пікір білдіріп, еуропалық ғалымдармен айтысқан /27/.

Қошке осы Ташкентте жүріп, қазақ тілі білімінің проблемалары жөнінде бірқатар зерттеу жазды. САГУ-да оқыған Даниял Ысқақовтың айтқанына зер салсақ, ол: «1927 жылы Ташкенттегі Казпедвузға С. Садуақасұлы директор болып келгенде, осы оқу орнына Қошкені мұғалім етіп алды»,- дейді /28/.

1926 жылы 29 қазанда ашылған Казпедвуз – кейінгі Абай атындағы ҚазПИ-дің, бүгінгі ҚазҰПУ-дың тұңғыш атауы. Оның іргетасы 1918 жылы 20 қарашада ашылған 6 айлық қазақ мұғалімдері курсынан басталады. Ол 1919 жылы 1 маусымда Қазақ педагогикалық училищесі, 1920 жылы 1 қыркүйекте Қазақ халық ағарту институты (Киринпрос) болып қайта құрылды. Әрі қарай – Казпедвуз, бұдан кейін – ҚазПИ.

Қ. Кемеңгерұлы ғылыми еңбегінің қатарына Г. В. Архангельскийдің құрастыруымен 1927 жылы орыс тілінде жарық көрген «Қазақ тілінің грамматикасы» да кіреді. Қошкенің редакциялауымен шыққан осы зерттеудің алғысөзінде құрастырушы: «Настоящий труд представляет записки лекций по казахскому языку, читанные тов. Кеменгеровым – преподавателем казахского языка на б.Туркестанских Курсах Востоковедения РККА в 1924-1925 гг.», деп жазып /29/, ұстазына үлкен алғысын білдіреді. Ал, баспагер тарапынан жазылған сөзде А. Байтұрсынұлының бұл еңбекті жоғары бағалағаны айтылады.

Қошке Кемеңгерұлы 1924-30 жылдары тек Ташкентте ғана жұмыс жасамады. Орайы келгенде Орынбор, Қызылорда, Семей, Шымкент қалаларында түрлі іссапармен болып, бұл шаһарлардағы қаламгерлермен байланыс жасап тұрды. Мұрағатта сақталған жазбаларында ол: «Жазғы демалыстарымда елге барып, қымыз ішіп демалатын әдетім бар»,- жазды /30/.

«Кемеңгердің Қошкесі Ташкенттен қияндағы Омбыға шығарда ата-бабасының мәңгі қонысы болған Баянның Сарытауын басып өтетін, ұлы қонысқа тағзым ететін»,- дейді көнекөз қариялар (1994 жылы ғылыми іссапарда жазып алған едік).

Қ. Кемеңгерұлы 1930 жылы 13 қазанда «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жалған айыппен нақақтан абақтыға жабылып, кешікпей Ташкенттен Алматы абақтысына айдалды.

Алматы түрмесінде Қошке Кемеңгерұлы 2 жылдай уақыт отырды. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мұрағатында сақталған бір арызында ол: «Міне, 10 ай болды нақақтан түрмеде отырғаныма. Маған қылмыс кодексінің 58 бабының ІІ–7 тармағындағы айыптар жалған тағылуда… Біле-білсеңіздер, менің құрт ауруым тіпті қозып кетті. Тексерген медкомиссия осындай қорытынды жасап отыр. Тым болмаса қолхат беріп емделуге рұқсат етіңіздерші»,- деп жазады /31/. Арыздың жазылған уақыты – 17 шілде, 1931 жыл.

Әрине, Қошке емделе алмайды. Ол Алматы түрмесінде 1932 жылдың сәуір айының соңына дейін отырады. 20 сәуірде үштіктің шешімімен 58-баптың 10,11-тармағы бойынша, яғни «Отанын сатты» деген айыппен ұсталған мезгілін қоса есептегенде 5 жылға бас бостандығынан айрылып, Украинаның Валуйки қаласына жер аударады.

КСРО-ның Бас прокурорына 1940 жылдың сәуірінде жазған арызында (бұл кезде Кемеңгерұлы отбасы «отағасы тірі жүр» деп ойлаған) Гүлсім Кемеңгеркеліні: «Абақтыда екі жыл отырған соң, 1932-1934 жыл аралығында Валуйки қаласында әкімшілік айдауда болды. Бұл кезде ол «Москва-Донбасс» темір жол құрылысында санитарлық дәрігер қызметін атқарды»,- деп жазады /32/ (арызда Гүлсім тергеу орындарынан Қошкемен жүздесуге рұқсат беруін өтінеді).

Мұрағат деректері Қошкенің темір жол құрылысында дәрігерлікке дейін экономист қызметін атқарғанына да куәләндырады. Дәл осы жол құрылысында 1932-1933 жылдары С. Садуақасұлы инженер болып қызмет жасаған еді. Сондай-ақ Валуйки, Воронеж бағытында Х. Досмұхамедұлы,    Ж. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, С. Қадырбайұлы, К. Тоқтыбайұлы, Ж. Ақбайұлы, Е. Омарұлы, Ж. Күдеріұлы, М. Мырзаұлы сынды азаматтар жер аударылған болатын. Міне, осы кісілер амалын тауып, жүздесіп тұрды деуге негіз бар.

Қошке Кемеңгерұлы Валуйкиде мерзімін 1935 жылы толық аяқтады. Заң бойынша енді ол елге қайтуға ерікті еді. Бірақ айлалы НКВД саяси тұтқындарды елден жырақ ұстауды қалады. Сол себепті Қ. Кемеңгерұлына толық ерік бермей, қаламгерді Омбының Шарбақкөліне қоныстануға рұқсат етті.

Саясат құқайынан қаймыққан Қошке Шарбақкөл аудандық денсаулық сақтау бөліміндегі қарапайым нұсқаушылық болды. Сөйтіп, ол халыққа ем-дом жасай бастады. Оның жеңіл қолы талайға шипа болды. Басы ауырып, балтыры сыздағандар күн-түн демей ақкөңіл, адал азаматтың есігін қағады екен.

Дәрігерлік күйбең тіршіліктен қолы қалт еткенде үш құлынын ойнатып, ал түн тылсымында қағаз бен қаламды серік қылған көрінеді. Зәйра Қошкеқызының естелігіне қарағанда, әкесі 1937 жылдың ортасында сонау Ташкенттен бастап жазған замандастары туралы романды аяқтаған, енді соны Алматы баспаларына жеткізудің жолын қарастырған. Өкінішке қарай, кітап қолжазбасы сол күйінде НКВД қармағына түскен.

Қанқұйлы қуғын-сүргін машинасы Шарбақкөлдегі дәрігер Қошкені тауып, 1937 жылдың 7 тамызында қайта ұсталды. НКВД қызметкерлері бұл жолы Қошке үйінің астын үстіне келтіріп ақтарып-шашып, бар жазған мұрасын тәркілеп, әйелін, бала-шағасын жылатып, өзін Омбы қаласына қарай жөнелтілді.

Қ. Кемеңгерұлынан нендей заттар алынғаны жөніндегі құжат бүгінде Ресей Федерациясы Омбы облыстық федеральдық қауіпсіздік қызметі мұрағатында сақтаулы тұр. Қаламгердің мына жазбалары тәркіленіпті:

1. «Қазақ тіліндегі жазбалар – 2 бума.

2. Қазақ, орыс тіліндегі қалта дәптер – 1

3. Тысы қара қалың дәптер – 1

4. Қазақ тілінде жазған кітаптың қолжазбасы – 1

5. Қазақ тіліндегі газеттер.

6. Сырты қоңыр қалың дәптер – 1».

Тамыздың басында тұтқындалған Қошке Омбы қаласындағы НКВД абақтысында 3 ай азапты күндерді өткізді. Осы мерзімде жүргізілген тергеу ісі Қ. Кемеңгерұлымен бірге ұсталған 82 қазақ азаматының қай-қайсысына да ауыр тиді. Бұларға, омбылық зерттеуші Вениамин Самосудов айтқандай, «Қазақстанның саяси және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловпен байланыс жасағансыңдар. Ал, Рысқұлов пен бірқатар кеңес және партия қызметкерлері бұрынғы Алаш Орда мүшелерін біріктірмек болған» деп айып тағылған /33/.

Кешікпей осы 82 адамның 62-сі ату жазасына кесілген.

Нақты Қ. Кемеңгерұлы тағдырына келсек, ол 1937 жылы 16 қарашада УНКВД үштігінің шешімімен, аталған мекеменің 3-бөлімінің № 7396 тергеу ісінің қорытындысына сәйкес, «Сібірде кеңес өкіметіне қарсы диверсиялық бас көтерулерді ұйымдастырмақ болған ұлтшыл ұйымға жетекшілік етті» деген айыппен, тағылған кінәларды мойындамағанына қарамай, ату жазасына кесілген. /34/. Үкім 17 қарашада бекітіліп, 21 қарашада орындалды.

Қ. Кемеңгерұлын 1957 жылы 17 тамызда Сібір әскери округының әскери трибуналы ресми түрде ақтады. Соңында қалған жары Гүлсім, перзенттері – Зайра, Нарманбет, Сәуле тоталитаризмнің неше түрлі азабын көріп, қиындықта жетілген еді.

Гүлсім Жәмиқызы 1959-1964 жылдары М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, С. Мұқанов, Ә. Марғұлан тұлғаларының қолдауымен 1965 жылы әрең дегенде күйеуінің «Алтын сақина» атты кітабын жарыққа шығарады. Сол күрестің нәтижесінде жазушыларға арнап салынған үйден шағын пәтер алып, білімге ұмтылған ұрпағы үшін жағдай жасады.

Еңбегі

Қошке Кемеңгерұлы 1915-1930 жылдары қазақ әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, тарих және жаратылыстану ғылымдарына айрықша үлес қосты. Ұлт-азаттық күреске қатысты. Патша үкіметі тұсында қазақтың «Бірлік» тұңғыш жастар ұйымына мүшесі, «Балапан» журналыныңа редакторы болды. Алаш Орданың Ақмола облыстық комитетін құруға 1917 жылы атсалысты. Жас алашшылардың «Жас азамат» газетінің редакторы ретінде 1918-1919 жылдары қызмет атқарды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі 1924-1930 жылдары түрлі оқу орындарында жұмыс істеп, ғылыммен шұғылданды. Қ. Кемеңгерұлының сан қырлы қызметін 30-жылдары басталған кеңестік саяси репрессия науқаны үзді.

Ұлықталуы

Қошке Кемеңгерұлының қайраткерлігі мен жазушылық қырына алғаш қалам тартқан Р. Рустембекова болды. Бұдан кейін түрлі бағыттарда өз зерттеулерін                    Д. Қамзабекұлы, М. Мұсағитов, И. Құрманғалиев, Ғ. Ордаева, О. Жұбаева, А. Шормақова

және т.б. жүргізді. Алаш қайраткерлерінің мұрасы 1995 жылдан бастап бірнеше рет толықтырулар арқылы басылып шықты. Д. Қамзабекұлы, О. Жұбаева басшылығымен «Алаш» басылымында үш томдық жарық көрді.

Тәуелсіз Қазақстанда Қ. Кемеңгерұлы аты орта мектепке, даңғыл-көшелерге берілген. Ардақты есімі мен еңбегі энциклопедияларға, анықтамалықтарға енген.

Әдебиеттер және деректертізімі:

  1. Омбы облыстық мемлекеттік архиві. 14-қор, 2-тізім, 332-іс, 11-бет.
  2. Нұралытегі Қ. Садуақас Шорманов. «Дауа» газеті, 1993 жыл, № 2.
  3. ООМА, 65-қор, 1-тізім, 36-іс, 65-бет.
  4. ООМА, 65-қор, 1-тізім, 36-іс, 96-бет.
  5. ООМА, 14-қор, 2-тізім, 332-іс, 19-20 беттер.
  6. Кемеңгерұлы Қ. Қазақ тарихынан. Мәскеу, 1924.
  7. ООМА, 65-қор, 1-тізім, 70-іс, 7-бума, 145-бет.
  8. Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. Алматы, 1960, 61-б.
  9. Бұл да сонда, 241-б.
  10. ООМА, 14-қор, 2-тізім, 332-іс, 19-бет
  11. Бұл да сонда, 30-б.
  12. Нарманбет Қошкеұлының жеке архивінен алынды.
  13. ООМА, 14-қор, 2-тізім, 332-іс, 6-бет.
  14. «Бостандық туы» газеті, 1925 жыл, 21 наурыз.
  15. ООМА, 14-қор, 2-тізім, 332-іс, 27-бет.
  16. Бұл да сонда, 29-б.
  17. Қамзабекұлы Д. Руханият. Алматы: Білім, 1997.- 272 б.
  18. Нарманбет Қошкеұлының естелігі (20.11.1994).
  19. «Алқа» бағдарламасы. ҰҚК архиві, № 78754-іс, 7-том.
  20. «Еңбекші қазақ» газеті, 1926 жыл, 1 желтоқсан.
  21. Садвокасов С. Киргизская литература // Трудовая Сибирь, 1919, № 1.
  22. Лебедев П. Химия. Жеті жылдық мектептің 5-ші, 6-шы жылдарында оқылатын кітап. Аударушы Кемеңгерұлы. – Қызылорда: Қазақстан баспасы, 1929. -228 б.
  23. Садуақасұлы С. Алғашқы тәжірибелер // Еңбекші қазақ, 1926 жыл, 29 қаңтар.
  24. ҰҚК архиві, № 78754-іс, 7-том.
  25. Ташкент мемлекеттік университетінің архиві, 53-іс, 9-бет.
  26. Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, 368-қор, 13-тізім, 3-іс, 16-26-беттер.
  27. ҰҚК архиві, № 78754-іс, 7-том, Ә.Байділдаұлының (2.ХІ.1929) жауабынан
  28. Бұл да сонда. Д.Ысқақұлының жауабы. 25.Х.1937.
  29. Грамматика казахского языка. Сост.: Г.В.Архангельский. Ташкент, Казгоиздат. № 2 типография, 1927 г.
  30. ҰҚК архиві, № 190456-іс, 3-т., 43-б.
  31. Бұл да сонда.
  32. РФ Омбы облыстық федералдық қауіпсіздік қызметі архиві, № 7396-іс, 191-бет.
  33. Самосудов В. Жазықсыз жазаланғандар // Халық конгресі. “Омский вестник” газетінен алып басқан. 1994 жыл, 14 желтоқсан.
  34. Дерек РФ ООФҚК архиві қорынан алынды.