Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

РЫСҚҰЛБЕКОВ ҚАЙРАТ НОҒАЙБАЙҰЛЫ


Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлы (13 наурыз 1966 – 21 мамыр 1988) – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің белсенді қатысушысы, Халық Қаһарманы. 

Еліміздің тәуелсіздігі жолында ерлікпен қаза тапқан  Қайрат Рысқұлбековтың есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталып, Ұлы даланың ұлы тұлғасы ретінде тарихтан лайықты орнын алады.

Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің  озбырлығына қарсы 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Соның ең соңғысы – тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне де биыл 33 жыл толғалы отыр. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады. Өйткені Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында айтып өткеніндей, біз осы тәуелсіздік күніне оңайлықпен жеткен жоқпыз. Елбасының пікірінше, «біздің халқымыз тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын да қызықты тағдыр кешті. Ол, негізінен, тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті» [1].

Желтоқсан көтерілісінің негізгі себептері мен маңызын айқындау алдында оның басты қаһармандарының бірі Қайрат Рысқұлбековтың өмір жолына тоқтала кеткеніміз жөн болар.

Өмірбаяны

Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында  малшы отбасында дүниеге келді. Қайрат 1973-1981 жылдары Шу ауданындағы Төле би ауылында орналасқан С. Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып, сегіз жылдық білім алды.  Мектепте сабақты жақсы оқып, сыныптан сыныпқа емтихансыз көшіп отырды. Ол өзінің білімге деген құштарлығына қоса, ұдайы інісі Талғатқа да көмектесіп отырды. Сыныптастарының еске алуынша, Қайрат мектептің іс-шараларының өтуіне басшылық жасай отырып, сол кездің өзінде көшбасшылық қасиеттерін көрсете білді. Мектеп комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Оған қоса, інісін өзімен бірге ала жүріп, бокс секциясына да қатысты.

Бірліктегі бұрынғы Киров атыңдағы (қазіргі Қ. Рысқұлбеков атындағы) орта мектепті 1983 жылы он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек товарлы-сүт фермасында жұмыс істеді. Амур өлкесі Белогор қаласыңда 1984-1986 жылдары әскери міндетін абыроймен өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретіңде бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға келіп, тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматы сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті. Ол институтта да өзінің көшбасшылық қабілетін таныта білді.

Енді Қайрат Рысқұлбековты мектеп қабырғасында білім-тәрбие алып жүрген кезінен жақсы білген адамдардың ол туралы айтқан пікірлеріне назар аударып көрейік. Қайрат өзінің бойындағы жақсы қасиеттерімен сонау балалық шағынан көзге түскендігі туралы ауыл ақсақалы Абай Смаилов былай деген еді: «Біз Көктерек» совхозының Көлтабан бөлімшесіне 1977 жылы көшіп келген едік. Қайраттың  ата-анасы бізбен көрші тұратын. Бала-шағалары көп еді. Анасы Дәметкен сауыншы болатын да, әкесі Ноғайбай бақташылық жұмыстар атқарды. Менің кіші қызым Раушанкүлмен жастары шамалас болғандықтан ба, Қайрат біздің үйге жиі келіп тұратын. Сол кезде-ақ басқа балалар кір-қожалақ болып жүргенде, не бәрі он жастағы Қайрат мұнтаздай таза да әдемі, сүйкімді қалпынан таймайтын. Басқа балаларға қарағанда бөлек жаралғанын сонда-ақ байқаған болатынмын. Сонымен қатар балғын жастығына қарамастан, үлкен адамдарша байыпты сөйлей алатындығына қызығатынбыз» [2, 6-б.].

Қайратты Төле би ауылындағы С. Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқытқан ұстазы Александра Михайловна Поласкалина ол туралы былай дейді: «Қайрат өте тәртіпті, үлгілі оқушы еді. Өзім оны өте жақсы көретінмін. Оны мектептегі комсомол ұйымының хатшылығына ұсынған мен болатынмын. Қаралы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қайрат ұсталыпты деген хабарды естігенде, оның «бұзық әрекеттерге барғанына» менің  жүрегім сенген жоқ. Қайраттың ақ екендігін талай рет айттым да…». Ал енді Қайраттың сыныптас құрбысы Сәлима Исаеваның пікіріне құлақ салып көрейік: «Біз оқитын мектеп-интернат Мойынқұм мен Шу ауданы малшыларының балаларына арналған еді. Сол кезде бірге оқыған сыныптас достарымның ішінде Қайрат ерекше дараланатын. Мен келгенде ол 3-сыныптың командирі екен. Алғашында байқағаным, Қайрат бұзықтау бала болып көрінді. Жүре келе ол бұзық емес, келеңсіз жайларға шыдамай жаны күйзелсе, бар ойын кімге болса да, ашық та батыл айта салатын жан екендігін көрсетті. Өжет те қайсар болатын… Қайрат адам баласына, әсіресе жапа шегіп, зәбір көргендерге жаны ашып, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Сондай-ақ Қайрат замандастарымен хат жазысып тұрғанды да ұнататын. Тіптен Кореяның, Германияның, Моңғолияның пионерлерінен жиі-жиі-жиі хат алып тұратын. Қайрат 1-сыныптан бастап бірге оқыған Гүләйім Құттыбековамен жарыса өлең жазатын да екеулеп талқылайтын. Қайрат болса өз шығармаларын көбінесе көпшілікке көрсетуге ұялатын. Гүләйім керісінше жазған өлеңдерін түрлі жиындарда да, жайшылықта да оқып беретін».

Қайратты орта мектепте оқытқан келесі бір ұстазы Ажар Әбжапарқызы Кененбаеваның айтуынша: «Қайрат бұл мектепте 9 және 10-сыптарда оқыды. Сол екі жылда Қайраттың мінезі салмақты, әр нәрсеге байыппен қарайтынын байқап едім. Гитарада ойнайтын, өлең де шығаратын. Суретті де жақсы салатын. Дос-құрбыларының арасында сыйлы, беделді болды. Өзіне тапсырылған қоғамдық жұмыстарды дер кезінде орындайтын. Мереке күндеріне орай шығарылатын газеттерді әсемдеп, сурет салып, өз өлеңдерін қоса жариялайтын. Спортпен шұғылдануды ұнататын… Шіркін, Қайрат егер тірі болғанда, қазақтың аяулы азаматы болып өсер еді» [2, 8-9-бб.].

Ауылдағы құрбысы Айнаш Омарованың айтуынша, Қайрат ішімдікке жоламайтын. Ол ойын-сауық кештерінен кейін қыздарды жеңіл-желпі ішіп алған жігіттерден қорғай жүріп, олардың барлығын дерлік үйді-үйлеріне жеткізіп салатын. Көп балалы ана Маржангүл Келімжанова да Қайрат туралы өз пікірін білдіре отырып, былай деген екен: «Қайрат Киров атындағы орта мектепте  егіз ұл-қызым Асқар және Гауһармен бірге оқып еді. Біздің үйге жиі келіп тұратын және өте кішіпейіл, бауырмал болатын. Мені ылғи «мама» деп атайтын. Отбасымызға соңғы рет 1986 жылғы 10 желтоқсанда келіп, Асқарды әскерге шығарып салды. Көп ұзамай-ақ, жаңа жылда Қайратты ұстап алып кетті деп естідік те таң қалдық… Оны түрмеден шығарып салу үшін ақша жинадық. Жолдастары жиналған ақшаны Алматыға апарып, Қайратқа жолыға алмай, анасы Дәметкенге табыстаған. Бірақ одан нәтиже шықпады. Жас боздақтың өміріне араша бола алмағанымыздың өкініші есіме түссе, осы күнге дейін өзегім өртенеді» [2, 10-11-бб.].

1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Қазақстанның бас тізгіні қайдағы біреуге тапсырылуына бейбіт наразылық білдірген жастарға қосылып, Қайрат алаңға шығып, шеруге қатысты. Жастардың шеруі бейбіт түрде басталып, мемлекетке немесе үкіметке қарсы ұрандар айтылған жоқ. Алайда шеру бірте-бірте көтеріліс сипатына айналып, оның қозғаушы күші ретінде студенттер мен жұмысшы жастар әрекет жасады. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін оның қатысушылары жаппай қуғын-сүргінге ұшырады.

Митингтің  бір қалыпты, тәртіппен өтіп жатқанына қарамастан, үкімет басшыларының бұйрығымен жетіп келген жендеттер қарулы күш қолданып, құр қол жиналған жеткіншіктерді аяусыз ұрып-соғып, алаңды қып-қызыл қанға бояды. Ит қосып, өрт сөндіргіш машиналармен су шашып, жығылған, мертіккен жандарды қала сыртына әкетіп жатты. Қазақ қыздарын шашынан сүйреп, айуандықпен тепкілеп, кейбіреулерін, тіпті, қаныпезерлікпен көк мұзға отырғызуға дейін барды. Міне, осындай озбырлыққа шыдамаған, ана қауымын пір тұтып сыйлап өскен ер-намысты жігіттер қыздарға араша түсіп «бұзық» атанды.  Араша түскендердің бел ортасында жүргеңдердің бірі Қайрат еді.  Сонымен қатар желтоқсан айының сол бір аязды күндері алаңға жиналғандарға Қайрат Рысқұлбеков: «Жігіттер, үш күнге шыдайық, үш күнге шыдасақ, бізді Біріккен Ұлттар Ұйымы таниды» – деп үндеу тастайды [2, 11-б.].

Осы себептерден екені анық, Қайрат сол кездегі билік тарапының назарына алынып, оған «алаңда халық жасақшысы С. А. Савицкийді ұрып  өлтірді» деген  жалған айып тағылды. Ол мұндай қылмысты істемегенін дәлелдеп баққанмен, қызыл жағалы жендеттер оның жауабына сенбей, ақыры кісі өлтіруші қылмыскер етіп шығарды. Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы                 Е. Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков – ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы М.С.Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы А.А.Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды [2, 4-б.].

  Кейіннен Қ. Рысқұлбеков ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылдың 21 ақпанындағы шешімімен толықтай ақталды. Алматы қаласындағы Қ. Рысқұлбеков өзі оқыған Сәулет-құрылыс Академиясы тұрған көшеге оның есімі берілген. Тараз қаласында оның есімімен аталатын демалыс бағы бар. Оның орталығындағы алаңда                             Қ. Рысқұлбековке ескерткіш орнатылған. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында да оның есімімен бір көше аталды. ҚР Тұңғыш Президентінің 1996 жылғы  9 желтоқсандағы  Жарлығымен Желтоқсан көтерілісіне қатысып, құрбан болған боздақ Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, ата – анасына «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі тапсырылды.

Енді Қайрат Рысқұлбеков қатысқан Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдарына келсек, бұл қорғалыстың шығу-өрбу негіздері кеңестік жүйенің шала дүмбезділігінде, оның империялық, тоталитарлық, казармалық табиғатында жатқанына көзіміз жетіп отыр.

Белгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, өткен 20-ғасыр Қазақ елі үшін тым ауыр кезең болды. Осыдан 102 жыл бұрын, яғни 1017 жылғы 12 желтоқсанда Алаш автономиясын құру ісін қолға алған  Алашорда үкіметі өмірге келді. Алаш қозғалысы нақты бағдарламалық негізге сүйенген саяси қозғалыс болатын. Ұлт жадында терең із қалдыруы да оның осы қырыннан туындайтын болса керек. Бір сөзбен айтқанда, Алаш қозғалысы, Кеңестік даму жолына балама ретінде қазақ өмірін заман сұранысына лайық қайта түлету бағдарламасын ұсынған болатын. Ал Алаш саяси қоғалысын күшпен жойған Кеңестік биліктің қазақ қоғамының өмірін жаңа сұраныстарға сәйкес бейімдеуге арналған түбегейлі бағдарламасы болған емес.

Орталық биліктің, М. Қойгелдиевтің ойынша, қазақ қоғамын басқару жөніндегі күрделі іске даярлықсыз кіріскендігін көп ұзамай-ақ өмірдің өзі көрсетіп берді.  1929-1932 жылдары Қазақстанда кеңестік реформалық шараларға – күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыруға қарсы жүздеген қарулы көтеріліске алып келген. Міне сол Алаш қозғалысына тән белгілерді Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдарынан да байқауға болады. 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматыдағы орталық  алаңда және бүкіл ел көлемінде болып өткен қанды қақтығыстар мен толқулар Кеңес үкіметі мен қазақ халқы арасындағы өзара сенімсіздіктің  жетпіс жылға жуық мерзімнен кейін де сол күйінде қалғандығының нақты айғағы болып табылады [3].

1985 жылдың соңы – 1986 жылдың басында-ақ Қазақстанда және Мәскеуде республика басшылығына және сол кезде жасы 75-ке таяп қалған Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Д. А. Қонаевтың атына тікелей сын айту жиіледі. Барлығы да жоғары биліктің ауысуы қажет екенін түсінді, оның үстіне, бұл жайында Мәскеудегі билеушілер де айтатын болды. Алайда халық бұның демократиялық жолмен іске асуын күткендіктен, ары қарайғы оқиғаларды жұртшылық биліктің өзі жариялаған ұстанымдарды бұзғаны деп бағалады.

    Профессор Б. Ғ. Аяғанның және басқа да зерттеушілердің пікірінше, басқарушы органдарда мемлекетті басқарудың үлкен, бірақ ескірген тәжірибесімен жұмыс істейтін аға ұрпақ өкілдері басым болып тұрған жағдайда, орталықта да, республикаларда да батыл, шығармашыл жаңа идеялар бере алатын, болашағынан үміт күттіретін жастардың тапшылығы сезілді. 1980 жылдардың басында Н.Ә.Назарбаевтың үлкен саясатқа келуі, оның 1984 жылы, 44 жасында Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуы мемлекеттік басқару саласында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті.Бірақ 1986 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қазақ КСР-інің жаңа басшылығы туралы мәселе көтерілгенде, Орталық Желтоқсан қасіретіне әкеліп соққан қате шешім қабылдады. [4, 122-б.].

    Алматыға 1986 жылдың 15-желтоқсанның КОКП ОК бөлімінің меңгерушісі Георгий Петрович Разумовский мен Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбин келді. Қазақстан Компартиясы ОК Пленумында, желтоқсанның 16-сында КОКП ОК Саяси бюросының Г. В. Колбинді Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы етіп ұсыну туралы шешімі жария етілді. Қазақстанның жоғары партия басшылығы ешқандай талқылаусыз «иә» деп дауыс берді де, барлық партиялық нормалар мен жарғылар бұзыла отырып, Қазақстанмен еш байланысы жоқ, жергілікті жағдайларды мүлдем білмейтін, тіпті жергілікті партия ұйымдарының ешбірінде есепте тұрмаған, Қазақстанда тіркелмеген бөтен адам республиканың басшысы болып сайланды. Бұны қазақ халқы қорлау деп бағалап, жаппай қарсылық танытты.

  Г. В. Колбиннің тағайындалуы туралы директивалық шешімді республиканың ұлттық ерекшеліктерін кезекті рет елемеу, Қазақстан халқын сыйламау деп қарап, қазақ жастарының  қатты наразылығын, қарсылығын туғызып, олардың Алматыда ашық көтерілуіне әкеп соқты. Одан өзге, Г. В. Колбиннің Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы болып тағайындалуы орталық тарапынан іске асатын дәстүрлі әкімдік-әмірлік әдістер мен 1985 жылы жарияланған қайта құру ұстанымдары арасындағы қарама-қайшылықты ашып көрсетті.

  Жоғарыда айтылғандай, 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде Алматының жастары республика мүдделерінің аяққа тапталуына қарсылық білдіру үшін көшелерге шықты, олардың ішінде Алматы Сәулет-құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков те болған еді. Бұл институттың студенттері митинг туралы мәліметті радиодан естіген болатын.  Бұған қоса, оларға демонстрация өтіп жатқан алаңда милиционерлер қазақ қыздарын  ұрып-соғып жатыр денген хабар жетті. Ректор мен деканның митингіге баруға қатаң тиым салғанына қарамастан, құрамына Қайрат та қосылған бір топ студенттер демонстрацияға барып қатысты. Жоғарыда айтылғандай, шеру бейбіт болды: мемлекетке немесе үкіметке қарсы ешқандай ұрандар болған жоқ, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын ғана іске асырды.

Шерушілердің алдына шығып, Қазақстан КП ОК Пленумы шешімінің мән-жайын түсіндірудің орнына, республика басшылығы жастармен сөйлесуден бас тартты. Шерудің кең етек алып кетуінен қорыққан Г. В. Колбин және республикалық басшылық Мәскеудің, КОКП Орталық Комитетінің көмегіне жүгінді. Нәтижесінде, КСРО Ішкі Істер министрлігі елдің әр өңірлерінен ішкі әскердің арнаулы бөлімдерін Алматыға аттандырды. Жастардың қарсылығы әскер күректерінің, ізшіл иттердің, өрт сөндіру машиналарының күшімен басып-жаншылды [4, 122-б.].

Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерінен көптеген студенттер мен жұмысшы жастар зардап шекті. Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Самат Жылмағамбетов: «Біз алаңда тұрғанбыз. Белсенді жастар алға шығып сөйлеп, жиын бейбіт өтіп жатқан. Бірақ солдаттардың біреуі тып-тыныш тұрған бір қызды басынан ұрып құлатты. Төбелес содан басталды. Жігіттер үстін қан жапқан қызды қолдарына көтеріп, алып кетті. Олар мұнда адам өлтіріп жатқанын айтып, айғайлады. Ашуға булыққан топты тоқтату үшін, солдаттар өрт сөндіретін машиналардан адамдарға қарай суық су атқылады. Қашудан басқа амалымыз қалмады. Сол кезде бір топ қыз алаңды қоршап алды. Бір қатарға тізіліп тұра қалып: «Қашып бара жатқандарың не?! Сендер жігітсіңдер ме, кімсіңдер?» – деп айғайлады. Біздер қарусыз едік. Жігіттер алаңдағы мрамор тақташаларды суырып алып, сындырып, солдаттарға қарсы жүрді. Өрт сөндіретін машиналардан құбыршектерді жұлды. Солдаттар өздері күректермен ұрып құлатқан, қан-жоса жараланған, мұздай суға малшынған қыздар мен жігіттерді сүйреп, машиналарға тоғытты. Содан кейін стадионға апарып түсіріп, жерге қаз-қатар сұлатып тастады. Кейін білсек, олардың кейбіреулерін солдаттар қаланың сыртына апарып, шешіндіріп, сол жерде жалаңаш күйлерінде қалдырған екен», – деп еске алады [4, 123-б.].

Билік басындағылар өнеркәсіптік кәсіпорындардың орыстілді жұмысшыларынан құралған жасақтарды темір сойылдармен қаруландырып, шеруге шыққан қазақ жастарына қарай айдап салып, ұлтаралық араздықты қасақана өршітті. Кейбір деректер бойынша,               17-18 желтоқсан күндеріндегі қайғылы оқиғалар барысында бірнеше адам қаза тауып,  200-ден астам жас ауруханаға түскен, 1700-ден асатын адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Жастардың шеруін басып жаншу үшін, айтқанымыздай, солдаттар күректер, үйретілген иттер пайдаланып, жастарды мұздай сумен атқылап, темір сойылдармен ұрып, кейбіреулерін қала сыртына шығарып, шешіндіріп, тастап кеткен. Жастар шеруінің осындай қатыгездікпен басып-жаншылғаны туралы хабар күллі Қазақстан аумағына тарап, республиканың көптеген қалаларында өткен осындай шерулерді де биліктегілер басып тастады.

Дегенмен, өз әрекеттерінің дұрыс екендігіне сенімді жастар дүлей күшке бетпе-бет келіп отырып, одан қаймыққан жоқ еді. Қайрат Рысқұловтың берген жауабында: «Алаңда біз «қазақтар жасасын!» деген ұран тастап, ән салдық. Алаңда ұзақ болған жоқпыз. Көшеде жүріп тағы да ән салдық». Қайраттың курстас серігі Көпесбай Ертай: «Жазушылар үйіне таяп келгенде сағат 14.00 шамасы еді. Осы жерде барлығымыз: «Ілияс, Сәкен!», – деп айқайладық… Сонда Қ.Рысқұлбеков даусын көтеріп: «Олжас! Бізге тілек айт!», – деді. Тек бір автобус аялдамасы тұсынан өте бергенімізде орта жастағы қазақ әйелі: «Балаларым менің, сендердікі дұрыс. Қазақ елінің намысы бар екендігін көрсеттіңдер. Рахмет! Тек қана қан төгілмесін!», – дейді [3]. 

Желтоқсан оқиғасынан кейін қудалау басталды: шеруге қатысқандардың екеуіне ең жоғары жаза – өлім жазасына үкім шығарылды, 99 адам әртүрлі мерзімдерге сотталды (біраз уақыттан кейін олардың ішінен 46 адам ғана ақталып шыққан). Қоғамда шиеленіскен жағдай орнады. Орын алған оқиғалардан кейін партия органдары «ұлтшылдар» мен «желтоқсаншыларды» анықтап, табу үшін дабыра науқан жүргізді. Студенттердің арасында тұтқындау басталды. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі құрған Комиссияның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын зерттеуге берген бағасы бойынша, сол кезде ұсталғандардың саны 8500-ге жеткен [5].

Желтоқсан оқиғаларына қатысқандардың арасынан 787 жас – БЛКЖО қатарынан, 52 адам – Компартия қатарынан, 271 студент оқу орындарынан шығарылып, 1138 адам комсомолдық жаза алып, жүздеген адам жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметтерінен қуылды. Өлім жазасына кесілген екі адамның бірі Сәулет-құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков еді. Ақын Мұхтар Шахановтың естеліктері бойынша, Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасы жария етілген соң, бүкіл дүние жүзінде оған рақымшылық беруді талап еткен қуатты толқу басталған: «Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасына үкім шығарылғаны туралы шетелде баспасөз бетіне көптеген материал шықты. 1987 жылдың шілдесінде Венгрияда Қ. Рысқұлбековке рақымшылық беру жөнінде А. А. Громыконың атына жазылған өтініш хат жарияланды. Бұл хатқа барлығы 41 адам, оның ішінде белгілі жазушылар: Я. Киси, А. Ражек,                Г. Демский, Г. Конрад және басқа да мәдениет қайраткерлері қол қойған. Оны қорғап дауыс берген Чехословакияның 77 қоғам қайраткерінің қатарында бұрынғы сыртқы істер министрі Х. Хачек те болған. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, поляктардың «Бостандық пен бейбітшілік одағы» М. С. Горбачевке хат жолдап, онда Қ. Рысқұлбековке шығарылған үкімнің әділеттілігіне күмән келтіріп, істі қайта қарауды талап еткен» [4, 124-б.].

Нәтижесінде КСРО  Жоғарғы Советі Президиумының 1988 жылғы  28 сәуірдегі Қаулысымен Қ. Рысқұлбековке кешірім жасалып, өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Алайда бұл  хабар, М. Шахановтың журналист Б. Исабаевқа берген сұхбатында айтылғандай,  Қайратты қуанта алған жоқ. Өйткені 20 жыл қапаста отыру, оған атылумен бірдей болды. Міне мынау оның анасына, туған-туысқандарына түрмеден жазған хаты бұған толық дәлел: «…Өздеріңізге әбден белгілі, яғни мен…жазықсыздан-жазықсыз, адам тұрмақ тышқан мұрнын да қанатпай сорлағанымды, темір торға торланғанымды, одан қала берді, түйменің көзіндей тесікке түйедей жала жабумен қамалып, ақыры ату жазасын алғанымды білесіздр.

Иә, мен сіздерден еш жасыраймын, мен 18.12.86 жылы алаңға бардым…Тек қана, ол жерге барған себебім, бар мақсатым, біріншіден, ол жерде не болып, не істеп, не қойып жатқанын өз басым, өз көзіммен көру болды. Екіншіден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып өлтіріп жатыр дегенді елден естіген соң өз басым қолымды жайып, «құл болмасаң, пұл бол» деп отыруға еркектік ар-намысым жетпеді. Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз – еркек емеспін, құдайға шүкір, кеудемде нағыз ерге лайық «намыс» баршылық. Оның үстіне, «қыздың жолы жіңішке» деген. Менің түсінігімше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың – хайуандардың еркегі де мүйіз болмаса тұяқ көтермейді. Ал біз бәріміз аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз…Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен әйел затына ер болып, өз қол ұшымды беруге барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бар көмегімді бергенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін еш өкінбеймін, керісінше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ та бір құдай өзі куә адам баласын өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзі, сормаңдай менің қолымнан келмейді. Еш уақытта, ешқашанда. Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін, бір милицияны ұрып-соққаным рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман-есен, зыр жүгіріп жүр. Өз қолымнан жасаған бір теріс қылық, бар қылмысым осы ғана. Ал маған «жығылғанға жұдырық» деп, зұлымдықпен мойныма ілген «адам өлімі» менің ісім емес.  Мұның бәрін ию-қиюын келістіріп, көпе-көрнеу жала, жалғандықпен мен сорлының мойнына жүз қайтара орап ілген «ұялмайтын бес гектардай беттері мен талмайтын жақ берген», албасты атқан тергеукшілер мен әбжалан жалақорлардың ісі. Мен өте-мөте жақсы білемін және сеземін…

Міне, өздеріңіз естігендей, «ату жазасын» 20 жылға ауыстырды. Бұл, әрине, біреуге қуаныш, біреуге жұбаныш, ал біреуге азап, мен бұл үшін қуанғаным жоқ. Өйткені, асыл анашым!… Бұл тас зынданда жазықсыздан-жазықсыз еш отырғым келмейді. 11 ай ішінде әбден қайғы-қасіреттен жүйке тамырым жұқарды, әбден шаршадым. Сол себептен жазықсыздан-жазықсыз өз-өзімді 20 жыл бойы қинағым келмейді. Және сіздерді де қинап  азаптағым келмейді…Ардақты анашым! Аяғыңызға жығылайын! Ақ сүтіңізді ақтай алмай, көз жұмып бара жатқаным үшін сорлы балаңызды кешірерсіз…

Ерте ме, кеш пе, нағыз адам өлтіруші қылмыскер әлі-ақ табылады. Бұл ақиқат, жүрегім сезеді.

Менің өліміме тек жалақорлар мен тергеуші, соттарды кінәлаңдар!… Қош бол жарық дүние! Бар бақытымды «о дүниедеден табармын. Сағынышты сәлеммен балаңыз Қайрат!» [6, 50-52 бб.].

Ресми жорамал бойынша, Қ. Рысқұлбеков 1988 жылғы 21 мамырда өзін-өзі өлтірген делінді. Бұған негізгізгі дәлел ретінде оның жоғарыдағы өлім алдындағы хаты келтірілген. Ал М. Шахановтың үғымынша, бұл хат ату жазасын  20 жылға ауыстырған үкімді естіген кезде ыза үстінде жазылған. Сол себептен осы хаттан кейін оның өлімі ұйымдастырылды деуге толық негіз бар дейді ақын ағамыз [6,  52-б.].

1987 жылдың шілдесінде КОКП Орталық Комитеті сталинизм рухында «Қазақстан республикалық партия ұйымының еңбекшілердің интернационалдық және патриоттық тәрбиесі бойынша жұмысы туралы» бұрыс қаулы қабылдап, онда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген сипаттама берген. КСРО халық депутаттарының 1989 жылғы маусымның 6-сында өткен I съезінде сөз сөйлеп, Мұхтар Шаханов ол оқиғаларға қатысты әділетті зерттеу жүргізуді және КОКП басшылығының шешімін қайта қарауды талап етті. Кейін ғана, КСРО тарайтын кезеңде КОКП Орталық Комитеті өзінің шешімін өзгертіп, бұрынғы қаулының мазмұнына мүлдем қарама-қайшы: «…Қазақ жастары шеруінің ұлтшылдық сипаты болған жоқ: бұл олардың азаматтық және саяси ұстанымын еркін білдіре алатын құқы болған», – деген үкім шығарды. Сөйтіп, әділеттілік 1990 жылдың мамырында ғана орнады.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары шетелдік сарапшылардың әртүрлі бағалауын туғызды. Біреулерінің пікірінше, ол оқиғалар мұсылман ұлттық күштерінің «ағаға құрмет» ұстанымына негізделген этносаралық күресінің көрінісі болса, екіншілерінің пікірі бойынша, ол жас азаматтардың одақтас республиканың құқықтарын Мәскеудің аяққа басып отырғанына қарсы шығуы болған. [4, 125-б.]. 

Г. В. Колбиннің интернационализмді күшейтетіні және қазақ тілін үйренудің қажеттігі жайындағы даурықпа мәлімдесі тұрғылықты ұлт өкілдерінің білім алуына және жоғары лауазымдарда қызмет істеуіне тосқауыл қоюға, өне бойы «ұлтшылдарды», «сыбайлас жемқорларды» іздеуге ұласты.

Сөйтіп, 1986 жылдың желтоқсаны және содан кейін республикада орын алған оқиғалар қоғамдық өмірді барлық жақтарынан демократияландырудың қайта құрушылық идеясының жай ғана мағлұмдама екенін, яғни кеңестік жүйенің озбырлығы әлі де жойылмағанын, басқарудың басып-жаншу және қудалау-жазалау әдістері бұрынғы күйінде қалғанын көрсетті.

1986 жылдың желтоқсаны, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бағалауы бойынша, Қазақстанның тәуелсіздік пен егемендік алуының бастамасы болды, қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты дәрежеде өскенін көрсетті. Басқарып тұрған жүйенің алдындағы қорқынышты еңсеріп, нақ осы жастар ұлттық абыройды басып-жаншып, елемеуге болмайтынын халықтың атынан ашық мәлімдеді. Сол күндердің оқиғаларына талдау жасай отырып, Н. Ә. Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай сыр шертеді: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы  халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан анық мәлімдеді» [7, 34-б.].

Қазақ жастарының желтоқсандағы шеруі бүкіл ел аумағында КСРО-ның құлауына бастау болған ұлттық-демократиялық шерулердің, қозғалыстардың қатарында бірінші болып тұрды. Алматы оқиғасынан кейін 1980-1990 жылдар шектерінде Тбилиси, Баку, Вильнюсте және елдің басқа да қалаларында кеңестік саяси жүйенің тарауын жеделдеткен оқиғалар орын алды.

1986 жылғы желтоқсанның тарихи маңызын 2006 жылдың соңына қарай Желтоқсан оқиғаларының 20 жылдығына арналған, тәуелсіздіктің алғашқы жаршысы іспетті «Тәуелсіздік таңы» мемориалының ашылуы айқындап берді. 1986 жылдың желтоқсанында орын алған оқиға кездейсоқ емес-тін. Желтоқсан оқиғаларының терең себептерін жете түсіну үшін, Елбасы айтқан: «Алматы 1986 жылдың желтоқсанында ұлт мәселесін шешудің социалистік ілімінің күйрегенін дәлелдеді», – деген қорытынды сөзі маңызды [4, 126-б.]. Бұл ілімнің маңызы неде болды? Білетініміздей, бұл ілім әлеуметтік-таптық бастаудың ұлттық бастаудан басым екені туралы тезистің негізінде құрылған. Ұлт мәселесін «түбегейлі» шешу тәсілі нақ осындай көзқарастан көрінді. Алайда XX ғасырдың шындықтары басқаша болып  шықты. Ұлттық ерекшеліктерді елемеу, ұлттық сезімдер мен ұлттық сана-сезімді басып-жаншудың көп жылдарға созылған саясаты, шын мәнінде, елдегі жағдайды ушықтырып келді. КСРО-ның ұлттық-федерациялық құрылысында істердің ресми жариялануы мен нақты жағдайы арасындағы айырмашылық ұлт мәселесін шешуді тығырыққа әкеліп тіреді. Осыған сүйене отырып айтсақ, таптық бастаудың ұлттық бастаудан басым тұруына негізделген кез келген ілімнің күйрейтіні анық екеніне көзіміз жетуде.

КСРО-да 1980 жылдардың екінші жартысында орын алған оқиғалар ұлтаралық, этномәдени мәселенің ұлт мәселесінің дәстүрлі кеңестік ілімі аясында тым осал екенін және жеткілікті дәрежеде ойластырылмағанын көрсетті. Алайда режим өзін-өзі сақтау мақсатында бұрынғыша «халықтар мен мәдениеттердің ұлттық көптүрлілігін тегістеумен» болды, ал бұл, ақырында, кеңестік құрылыстың бұзылуына келтірді.

Желтоқсан оқиғаларының негізінде бірқатар тарихи, әлеуметтік, экономикалық себептер жатыр. Отарлық үстемдік дәуірімен салыстыра айтсақ, ол, негізінен, КСРО-да әкімдік-әмірлік әдістермен республикалардың ішкі мәселелері шешімдерінің елеулі бөлігін Орталық реттеп отырған кезде, еш өзгеріссіз жалғаса берген-ді. Бірінші басшының ауысуы – ол Конституцияда мағлұмдалған негізгі қағидалардың жүйелі түрде еленбеуін тоқтатуға келтірген өзгеше құрылғы іспетті.

Жастардың шерулері тұрғылықты халықтың ұлттық мүдделері мен құқықтарының жылдар бойы көзге ілінбеуіне, Қазақстан аумағына басқа халықтардың жаппай күшпен көшірілуі салдарынан қазақтардың өз Отанында этностық азшылыққа айналуы орын алып, қоғамдық өмірде ұлттық мәдениет пен тіл мәртебесінің төмендегеніне қарсы көрсеткен наразылығы болған-ды. Г. В. Колбиннің мемлекет басшысы лауазымына тағайындалуына қарсылық таныту орыс адамына қарсы шығу емес-тін, Орталықтың кезекті қолшоқпарына, уақытша қызметшісіне деген қарсылық болды.

Шеру бейбіт және саяси сипатта басталды, бірақ мемлекеттік құрылысты құлатуға үндеу мүлдем болған жоқ. Орталық пен республиканың партиялық-бюрократтық құрылымдары тарапынан бұл әрекет жастардың шектен шыққан ұлтшыл бөлігінің ұйымдастырған бүлігі ретінде түсіндірілді [4, 125-б.]. 

          1986 жылғы желтоқсаннан кейінгі кезең Қазақстанда мемлекеттің тоталитарлық және қуғындау әрекеттерінің күшеюімен есте қалды. Г. В. Колбиннің интернационализмді күшейтетіні және қазақ тілін үйренудің қажеттігі жайындағы даурықпа, көпірме мәлімдемелерімен қатар, бір мезгілде «Желтоқсан оқиғаларын ұйымдастырушы» деген айыппен ұлттың зиялы қауымын жаңадан жазалау басталды. «Басқаша ойлайтындарды» қудалау, «ұлтшылдар» мен «сыбайлас жемқорларды» іздестіру күшейді. Академиктер      Ө. Жолдасбеков пен Н. Нәдіров, ғалым антрополог О. Ысмағұлов қудалауға түсті. Алдында айтылғандай, жоғары оқу орындарына және жұмысқа қабылдау ұлттық белгі бойынша проценттік квоталар арқылы жүзеге асырылып, іс жүзінде қалаларда даусыз азшылық құрайтын тұрғылықты халық өкілдерінің білім алып, жоғары лауазымдарға орналасуына тосқауыл қойылды [8, 33-34-бб.].

Республикамызда етек жайған қудалау-жазалау науқаны барысында қарсылықтарды ұйымдастырушыларды және кең құпия ұйымды іздеп табуға баса назар аударылды. Республика басшылығы алдын ала сақтану ниетімен ашық комсомол, кәсіподақ жиналыстарын өткізіп, оларда Желтоқсан оқиғаларына қатысқандарды оқудан да, жұмыстан да шығару туралы табанды ұсыныстар айтты.

Тексеру-тергеу және сот отырыстары іс жүргізу нормаларын өрескел бұза отырып өтіп жатты, билік басындағылар зиялы қауым өкілдеріне қатысты сталинизмнен кейінгі уақытта жазалау мен қудалаудың бұрын-соңды болмаған түрлерін қолданды.

Партиялық аппарат тергеу және сот органдарына қысым жасап, оларды айыптау үкімдерін шығаруға мәжбүрледі. Қарсылық әрекеттерін басып-жаншу кезінде тәртіп қорғау күштері заңды белінен басып, ұсталғандарды ұрып-соғу, қыста қала сыртына жартылай жалаңаш күйде шығару, прокурордың рұқсатынсыз тергеу абақтыларына қамау, бірнеше күн уақытша тергеу абақтыларына жабу сияқты сорақы әрекеттерге барды. Шеруге қатысқандарды таратқан кезде олар сойылдарды, күректерді, із кескіш иттерді пайдаланды. Қорғансыз жастарды басып-жаншуға Ішкі істер министрлігі мен  Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның күштері – сол кезде КСРО-да бар тоталитарлық машинаның барша жазалау аппараты жұмылдырылды.

            Ұлт мәселесінің шешілмеуі, сондай-ақ шынайы ұлттық мемлекеттіліктің болмауы әкімдік-әмірлік бюрократия мен бірпартиялық жүйенің заңсыздықтары үшін қолайлы жағдай туғызды: ол кезде істердің нақты жай-күйі интернационализмнің жария етілген ұстанымына мүлдем сай болмады, әрі Орталықтың республикаларға «ағалық қамқорлығына» ауыстырылды. Сөйтіп, ашықтық пен қайта құрудың жария етілген қағидалары 1986 жылы Алматыда сынақтан өтті. Бұл Кеңес Одағындағы «демократияландырудың» алғашқы ащы тәжірибесі болды. Шетелдік бақылаушылардың бейнелеп айтуынша, уақыт өте келе Кеңес Одағының күйреуіне келтірген осы тектес қарсылықтар Орталық Азияда емес, Прибалтика мен Украинада, Татарстанда орын алуға тиіс еді [4, 126-б.].

Белгілі  ғалым  тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың пікірінше, Желтоқсан қозғалысы еліміздің ұлт-азаттық тарихында ерекше орын алады,  Қайрат Рысқұлбеков сияқты қазақтың шынайы әділеттілік пен бостандыққа ұмтылыс жасаған жас буыны қатысып, өздері азаттық жолында құрбаны болған бұл қозғалыс – демонстрация, манифестация бейбіт диалог түрінде өрбіп, соңғы сәтте – көтеріліске ұласты, басқаруға сай қарулы күштің иесі мен билеуші жүйе қаражүзділіктердің әдісімен ешбір кінәсі  жоқ жастардың қанын жосадай ағызды, сондықтан қоғалысты «Желтоқсан 1986 – көтерілісі» деп атауға әбден болады. Академик ағамыздың ұйғаруынша, осы көтеріліске қатысқан жас ұрпақ – жаңаруды, жаңғыртуды  армандаған күрескер ұрпақ орыс халқына қарсы болған жоқ, өз халқына деген сүйіспеншілігін, ұлттық арын, бостандығын қорғады, оны күн тәртібіне қойып, Одақтың шеберінде демократиялық жолмен шешуге шақырды. Міне, осылай бұл қозғалыс КСРО көлемінде басталды да, сол Одақтың құлап, ыдырап, Қазақстанның егемендігімен аяқталды [8, 33-34-бб.]. Соның нәтижесінде тарлан тарих үшін қас-қағым ғана сәт, ал барша қазақстандықтар үшін ғасырға бергісіз небәрі 27 жыл ішінде еліміз қуаты күшті, беделі зор, болашағы жарқын мемлекетке айналды.

Әлемдік сарапшылар  біздің елдегі – тұрақтылық, экономикадағы – үздіксіз өсу, сыртқы саясаттағы – сенімді әріптестік, өз ішіміздегі әлеуметтік қамқорлыққа негізделген дамуымыздың даңғыл жолын өзге елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсынуда. Бұл, Елбасы айтқандай, бүкіл халқымыздың ортақ табысы, бірігіп қол жеткізген жетістігі.

  Ендеше еліміздің тәуелсіздігі жолындағы халқымыздың ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық күресінің, соның құрамдас бөлігі болып табылатын Қайрат Рысқұлбеков сияқты ұлтжанды, шынайы патриот жастар құрбаны болған Желтоқсан көтерілісінің тарихтан алар орны ерекше.

Еңбегі

Кейіннен Қ. Рысқұлбеков ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылдың 21 ақпанындағы шешімімен толықтай ақталды. Қайрат Рысқұлбековтың қасіретті ерлігі Қазақстанның ғана емес, одан тысқары тұратын да жұртшылықты қатты қобалжытты. Алматыдағы көтерілістен кейін  1980-1990-шы жылдардар тоғысында, кеңестік саяси жүйенің күйруін жеделдеткен Тбилиси, Баку, Вильнюсте және басқа да қалаларда ұлт-азаттық қозғалыстар орын алды.

Қайрат Рысқұлбековтың алаңдағы батыл іс-қимылын сипаттай отырып,  оның  Желтоқсан көтерілісінің қатардағы қатысушысы емес, белсенді ұйымдастырушыларының, рухани жетекшілерінің бірі ретінде болғанын мойындауымыз керек. Бұған оның: «Жігіттер үш күнге шыдайық. Үш күн ішінде біздің дауысымыз Біріккен Ұлттар Ұйымына жетеді» деп демонстрацияға қатысушыларды шыдамдыққа шақырғанының өзі нақты айғақ болады.

Ал Қайраттың лидерлік қасиеттері мектепте оқып жүрген кезінен-ақ байқалған еді.   Ол комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады, оған қоса мектептің қабырға газетін шығаруды да қолына алып, оның беттеріне өзінің мақалалары мен бірге жиі-жиі өлеңдерін де жариялап отырады. Оның лидерлік қасиеттері мен ұйымдастырушылық қабілеті институтта оқыған кезінде де жалғасын тапты. Ол институттың кәсіподақ ұйымының мүшелігіне сайланып, дружинник міндеттерін атқарды. Курстастарымен тығыз достық қатынаста болып, әрбір сенбі сайын студенттердің кездесу кештерінде өзінің жаңа өлеңдерін оқитын.  

Оның еңбек жолы 1981-1983 жылдары  басталып, он жылдық мектепті бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек товарлы-сүт фермасында жұмыс істейді. 1984-1986 жылдары Амур өлкесі Белогор қаласыңда әскери міндетін абыроймен атқарып, әскери-саяси қызметтердің үздігі ретіңде бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталып, сержант әскери атағын алады. 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға келіп, тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматы сәулет-құрылыс институтына келіп, сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түседі. Қайраттың қыршын жасы мезгілсіз қиылып кетпегенде, ол өзі армандаған жоғары біліміне қолын жеткізіп, сүйікті елінің «кірпіші болып, амалын тауып қаланушы» еді. 

Ұлықтауы

ҚР Тұңғыш Президентінің 1996 жылғы  9 желтоқсандағы  Жарлығымен Желтоқсан көтерілісіне қатысып, құрбан болған боздақ Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, ата-анасына «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі тапсырылды.

Оның есімімен өзі оқыған Бірліктегі орта мектеп, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының көшелері аталған. Қазақстанның бірнеше оқу орындары да Қайраттың есімен аталады. Тараз қаласында Қайрат Рысқұлбеков атында парк ашылып, онда оған үлкен ескерткіш орнатылған. Сондай ескерткіш батырға Семей қаласында да қойылған. Бұған қоса Семейде №33 орта мектепке Қайрат Рысқұлбековтың есімі беріліп, онда оның музейі ашылып, «Жас Қайрат» деген балалар ұйымы жұмыс істейді.

Алматыдағы Қазақстан Компартисы Орталық комитеті ғимаратының қарама-қарсы жағынан Республика алаңының нақ орталығында Қайрат Рысқұлбеков белсенді қатысушы болған Желтоқсан көтерілісін ұлықтауға аналған Мемориалдық тақтаның ашылуына 1990 жылғы 17 желтоқсанда 20 мыңнан артық адам қатысты.

Желтоқсан қозғалысының 20-жылдығы қарсаңында оның құрметіне арналып, 2006 жылы Алматыда «Тәуелсіздік таңы» («Рассвет свободы») мемориалы қойылды, оның ашылу рәсіміне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев қатысты.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы, 1996.
  2. Уақтегі М. Қайрат және желтоқсан көтерілісі. – Алматы, 2001. – 32 б.

3. Қойгелдиев М. Алаш және Желтоқсан: идея, мақсат, ерлік сабақтастығы. «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің (1986) тарихи және халықаралық маңызы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Астана, 25 қазан 2016 жыл.

4. Аяган Б.Г., Абжанов Х.М. и др. Современная история Казахстана. Учебник. –  Алматы, 2010.

5. Қазақ ССР жоғарғы Советі Президиумының Алматы қаласында 1986  жылғы 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссияның тұжырымдары мен ұсыныстары. «Алматы, 1986. Желтоқсан». – Алматы: 2011. Т- 1. – 464 б.

6. Исабаев Б. «Тарих қиянатты кешірмейді». ССРО Жоғарғы Советінің мүшесі, ССРО халық депутаты, белгілі ақын Мұхтар Шахановпен сұхбат. «Алматы, 1986. Желтоқсан». – Алматы: 2011. Т- 1. 464 б.

7. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. –  – Алматы: Өнер, 1986. 272 б.

8.Қозыбаев М. «1986. Желтоқсан: Дақпырт және шындық». «Алматы, 1986. Желтоқсан». – Алматы: 2011. Т- 2. – 376 б.

  Авторы: Әмінов Т.М., т.ғ.к.