Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЕЛЕНГЕН ЕҢБЕК


2023 жылдың желтоқсанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры, тарих ғылымы докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның аясында жүргізген зерттеулері үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. 2023 жылы комиссия Тарих және этнология институтының қатысуымен 33 томдық «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдарын» дайындап, басып шығарды. Биылғы жылы қуғын-сүргінге қатысты мұрағаттық құжаттар жинағының тағы 19 томы жарық көрді. Мемлекеттік комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін елордада ғалымдардан, ғылыми қызметкерлерден және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен тұратын жұмыс топтарының қызметіне жетекшілік ететін Арнайы офис құрылды. Жоба аясында 57 ғалым 11 бағыт бойынша жұмыс істеді. Алдағы уақытта осы деректер негізінде көркем шығармалар мен фильмдер пайда болуы мүмкін. Айта кету керек бұған дейін аталған комиссия құрамында болған Институт қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин арнайы алғыс хат жолдаған.