Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Институт ардагерлері


БЕКМАХАНОВ Ермұхан Бекмаханұлы


(15.02. 1915 Павлодар у. Баянауыл ауд. Төре а. – 6.05.1966, Алматы) – ғалым-тарихшы, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, ҚазКСР ҒА корр.-мүшесі. 1925-31 ж. Баянауыл мектебінде, 1931-33 ж. Семейдегі жұмысшы ф-тінде білім алады. 1933-37 ж. бастапқыда Тамбов пед. ин-тында оқып, кейіннен Воронеж пед. ин-тының тарих ф-тін бітіргеннен кейін РСФСР Халық ағарту комиссариаты арнайы жолдамамен Қазақстанға жібереді. 1937-39 ж. Халық ағарту комиссариаты жанындағы пед. ғыл.-зерттеу ин-тында ғыл. қызметкер, кейін директордың орынбасары, 1940-41 ж. Қазақстанның КП(б) ОК шешімімен Москвада ВКП(б) ОК жанындағы Жоғары партия мектебінде оқиды. 1941-42 ж. Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты мектеп басқармасының бастығы, ҚКП(б) ОК лекторы, сонымен қатар Алматы ЖОО-да пед. қызметтермен қатар КСРО ҒА-ның Қазақ филиалында ғыл-зерттеу жұмыстарын жүргізді. «Қазақ КСР тарихының» бірінші басылымын жазуға қатысады. 1943 ж. 28 мамырда «Освободительное движение К. Касымова в 20-40-х гг. ХІХ в.» тақырыбында канд. дисс. қорғады. 1946 ж. ҚазКСР ҒА Тарих, археол. және этногр. ин-тында аға ғыл. қызметкер, көп ұзамай директордың орынбасары болды. 1947 ж. бастап өз өмірінің соңына дейін, арада біраз жылдар үзіліспен, С.М. Киров атынд. Қазақ мемл. ун-тінде Қазақ КСР тарихы кафедрасын меңгерушісі, тарих ф-ті жанындағы аспирантураның жетекшісі болды. 1946 ж. КСРО ҒА Тарих ин-тының Ғыл. кеңесінде «XIX ғ. 20-40-шы жылдарындағы Қазақстан» тақырыбында докт.-лық дисс. қорғап, 1948 ж. докт. бекітіледі және проф. атағын алады. 1962 ж. ҚазКСР ҒА корр. мүшесі болып сайланды. Кеңестік кезеңдегі алғашқы кәсіби қазақ тарихшыларының бірі болған Б.Е: еңбектерінің ғыл. аясы өте ауқымдылығымен, зерттеген тақырыптары сан қырлылығымен ерекшеленеді. Б. негізінен Қазақстанның Ұлы Октябрь рев-сына д. және кеңес дәуірі кезеңінің көптеген мәселелерін зерттеген. Ғалымның ғыл. зерттеулерінің басты бағыттары: Қазақстанның 18-19 ғ. тарихы; Қазақ КСР тарихы оқулықтар мен оқу кұралдары, пед. мәселелері; өзі өмір сүрген замана талабына сай маркстік-лениндік дүниетанымды нығайтуға бағытталған, халықтың тарихи санасын көтеруге қызмет ететін, еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беруге арналған ғыл. публицистикалық шығарм. Б. алғашқылардың бірі болып 20 ғ. 40-шы ж. соңы – 50-ші ж. қазақ зиялыларына жасалған сталиндік репрессияға ұшырады. 1947 ж. докт. дисс-сының негізінде «19 ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы Қазақстан» атты моногр. жариялады. Еңбектің тақырыбы, ұсынған тұжырымдамасы тұрғысынан туған қызу айтыстарға тарихшылар ғана емес, қоғамдық ғылымдардың түрлі саласының өкілдері: экон-тер, заңгерлер, журналистер, әдебиеттанушылар да белсене араласады. Б-тың еңбегін бағалауда кейбір солақай сыншылар ғыл. талдау жүргізудің орнына оның авторына буржуазияшыл-ұлтшыл, феодалдық қоғамды дәріптеуші деп саяси айып тақты. Акад-тер М. Қозыбаев пен К. Нұрпейіс: «мұндай айыптар Е. Бекмахановтың қуғын-сүргінге ұшырауына, «халық жауы» атанып, түрмеге отыруына ту бастағы негіз болғандығын ащы болса да әділет үшін айтпауға болмайды», деп тұжырымдайды. Пікір айтушылардың кейбіреулері әуел бастан-ақ оны Кенесары Қасымов бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оның авторына буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси айып тақты. Сонымен, 1948 ж. Б-тың моногр. арналған екі мәжіліс өткізілді. 28 ақпанда Москвада КСРО ҒА Тарих ин-тында акад.-хатшысы Б.Д. Грековтың басшылығымен өткен 1-ші мәжіліске кеңестік белгілі тарихшылар Н М. Дружинин, С.В. Бахрушин, М.П. Вяткин, А.П. Кучкин, С. В. Юшков және т.б. қатынасады. Онда Алматыдан арнайы келген тарих ғыл. канд. X.Г. Айдарова ұзақ сөз сөйледі. Мәжілісте оқылған тарих ғыл. канд. Т.Ж. Шойынбаев пен М.Б. Ақынжановтың жазбаша пікірлері оқылды. Пікірде кітапта Кенесары мен оның төңірегіндегі сұлтандардың қызметі… феод.-монарх. ұлтшылдықтың көрінісі, көтерілістің бұқаралық сипаты болмағандығын айта келіп, мынадай тұжырым жасалды: «Кенесарының қозғалысын бұқаралық, ұлт-азаттық, прогресшіл қозғалыс деп бағалаған кітап авторы «іс жүзінде буржуазияшыл «тұтас ағым» теориясының шырмауында калып отыр», сондықтан да «кітапта қазақ еңбекшілерінің көптеген ғасырлар бойы феодалдарға, хандарға, сұлтандарға, байларға, билерге қарсы жүргізген күресі көрсетілмеді». Дегенмен белгілі ғалымдар А.П. Кучкин, Н.М. Дружинин, С.В. Бахрушин, М.П. Вяткин, т.б. қазақстандық Шойынбаев, Ақынжанов және Айдаровалардың пікірлеріне негізінен қарсы шықты және Б-тың моногр., кейбір кемшіліктеріне қарамастан, іргелі еңбек деп бағалайды. Сондай-ақ олар «буржуазияшыл-ұлтшылдық тұжырымдаманы уағыздаушы, маркстік-лениндік позициядан ауытқушы» деген ұстанымда айыптың еңбекті ғыл. тұрғыдан талдауға қатысы жоқ субъективті әрекет екендігін көрсетеді. Бірақ айтыс мұнымен тоқтамады. 1948 ж. шілдеде ҚазКСР ҒА осыған байланысты бес күнге созылған пікір-таласы ұйымдастырылып, 14-17 және 19 шілдеде ҒА Тарих, археол. және этногр. ин-тында өткізілген жиынның стенограммасы машинкаға басылған 552 беттік үлкен қолжазба томды құраған. Қорытындысында пікір-таласқа қатысқандар тарапынан үш түрлі пікір айтылып, үш түрлі қорытынды жасалды. Айтыс өрши түсті де, ендігі жерде кітапты талдаудан гөрі оның авторына саяси айыптар тағу күшейеді. 1950 ж. желтоқсанда Орт. «Правда» газетінде Шойынбаев, Айдарова және Якуниндердің «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» мақаласында кітап пен оның авторы тағы да қатты сынға алынды. Осыдан кейін Б. ун-ттегі жұмысынан қуылып, 1951 ж. партия қатарынан шығарылды. Бастапқыда Алматы обл. Нарынқол ауд-ғы мектепте, аз уақыттан соң Жамбыл обл. Шу ауд. Новотройцк с. мектепке тарих пәнінен мұғалім болып жүрген жерінен 1952 ж. 5 қыркүйекте тұтқындалды. Екі айға жуық тергеу жүргізіліп, 3 қарашада № 699 іс бойынша Б. айыптау қорытындысында оған антикеңестік қызметі үшін айып тағылып, саяси құрылысқа карсылығын өзінің ғыл. қызметін пайдаланғандығы, 1942-52 ж. антикеңестік жұмыс жүргізгендігі, «ғылыми» жұмыстарында Қазақстанның Ресейге қосылуының маңызын бурж.-ұлтшылдық тұрғыдан түсіндіргендігі, өзінің ұлтшылдық тұжырымдамасын негіздеуде реакцияшыл ақындардың және алашордашылардың деректерін пайдаланғандығы, антикеңестік үгіт жүргізгендігі үшін РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-ші бабының 10-бөлімінің екінші тармағына сәйкес айып тағылады. Соның негізінде 1952 ж. 2 желтоқсанда ҚазКСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Б. 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, Гулаг лагерьлерінің біріне айдалды. Сол жақтан тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде және акад., қоғам қайраткері А.М. Панкратова секілді тұлғалардың араласуымен оның ісі: қайта қаралып, 1954 ж. 16 ақпанда «қылмысты ісі» тоқтатылып, өзі ақталып шығады. Дегенмен басқа түскен қиындықтар жалғасын табады: жұмыссыздық, кешегі «халық жауына» күдіктене қараушылық оның жүйкесін жұқартып, денсаулығына әсер етті. Соған қарамастан, қайсар талант өзі ұсталып кеткенге дейін бастаған «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты іргелі еңбегін аяқтайды. Оның 1957 ж. жарық көруіне тағы да А.М. Панкратова зор көмек керсетеді. Араға жылдар салып барып Б. өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы беделін қалпына келтіреді. Ун-ттегі өзі негізін қалаған кафедра меңгерушілігіне қайта тағайындалып, 1962 ж. ҚазКСР ҒА корр. мүшелігіне сайланды. ҚазМУ тарих факультеті Ғыл. кеңесінің төрағасы, ҚазКСР Жоғары және орта арнайы білім мин-гінің «Қоғамдық ғылымдар» жинағының жауапты ред. болды. Өмірінің соқпақты кезеңдеріне қарамастан Б. өнімді еңбек етіп, мазмұны терең іргелі ғыл. еңбектерімен қатар, орта мектеп үшін оқулық, оқу құралдары мен хрестоматиялар құрастырып, ғылымды білікті мамандар даярлаумен тығыз ұштастыра алған ғалым. Б-тың жетекшілігімен 20 канд. дисс. қорғалды. Оның еңбегі мемл. тарапынан жоғары бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен және медальдармен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған. Ғалым әрі педагог әкелік парызын да жоғары қойған тұлға. Әке жолын жалғастырған қызы Н. Бекмаханова тарих ғыл. докт., проф., өзге үшеуі ғыл. канд., оның шаңырағының түтінін түтеткен зайыбы Х.А. Бекмаханова да филол. ғыл. канд., Қазақ пед. ин-тында ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарды.

Шығ.: Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. – А-Ата, 1947; Алматы, 1992; 1994 (қаз.); Присоединение Казахстана к России. – М., 1957; История Казахской ССР: Учеб. для 7-8-х, 9-10 кл. средн. шк. – Алматы; Очерки истории Казахстана, ХІХ в. – А-Ата, 1967; 1988; Собр. научн. трудов. В 8 т. – Павлодар, 2005.

Әдеб.: Казахстан в 20-40 годы ХІХ века: Стенограмма дискуссии по книге, июль, 1948. – Алматы, 2000; Мажитов С. Историк Е. Бекмаханов. – Астана, 2005; Қозыбаев М., Нұрпейіс К. Тағдыры күрделі қайсар талант // Кеңес Нұрпейіс. Шығ. жин. – Алматы, 2015.

З. Төленова, А. Қали